Абыл Досымов: Әкем қазақ даласына «қазақи бард» өнерін алып келді

ӘДЕБИЕТ
1357

Ұлы әнші біздің үнсіздігімізді жырлайды.  Қазақ халқының үнсіздігін жырлаған,  қара түнге намысын қайраған, мұң ішіп алысты маңайлатқан, шектеулі ғана сапар шеккен бір жан бар. «Кім туралы, әрі не туралы айтып отыр» деп түсінбей отырсыз ба? Бұл сөздер – өнер көктемі Табылды Досымов пен ұлы бард өнері жайлы сөздер. Өзі жырлағандай, Табылды Досымов – «Жыр мұхитында желбіреп желкені желмен, Тоқайластырған елжіреп ертеңін елмен». Осы ерекше жанның өнері мен өзі том-том кітап болып жырланса да, артық болмас. Ақын, қазақтың тұңғыш толыққанды барды Табылдының ұлы Абыл Аяшпен өлмес өнер жайлы әңгімелескен болатынбыз. Мархабат!

– Шығармашылығыңызда қандай жаңалықтар болып жатыр?

–  Менің шығармашылығым әкемнің өнерімен, әкемнің әндерімен, әкемнің шығармашылығымен тікелей байланысты. Олай дейтін себебім – киелі өнерге жетелеген әкемнің әндері болатын. Артында қалған мұрасы, әндері, өлеңдері әлі күнге дейін шырақ сынды жетелеп келе жатыр. Білетіндеріңіздей, жалпы мақсатым – әкемнің өнерін қазақ даласына жеткізу. Қазақ даласына әкем алып келген бард өнерін кеңінен насихаттау. Қазақ эстрадасында, қазақ ән өнерінде осындай жанрдың бар екенін баршаға таныстыру, өшірмеу. Мысалы, Қытайда, Ресейде, Моңғолияда Табылды Досымовқа арнап кеш өткіздік. Алда Түркия елінен шақырту алдық. Түрік бауырларымызға барып қазақтың бард өнерін насихаттау жоспарымызда бар.

–  Бір сұхбатыңызда «Әкемнің жарияланбаған әндері де, өлеңдері де көп. Оларды әзір жариялаудың уақыты келмеген сияқты. Біздің қоғам оларды қабылдай алмайтындай көрінеді» деген екенсіз. Сол әндер қашан шығады, шыққандары бар ма?

–  Әкемнің жарияланбаған әндерін биыл шығарып, үлкен жұмыс бітірдік. Атырау облысының қолдауымен ән-жинақ шықты. Оның ішінде әкемнің бұрын жарияланбаған 10 шақты әні, 1 күйі, 2 термесі бар. Әкемнің ән өнеріне арналған барлық шығармаларын енгізіп, нотаға түсірттік. Бір бетінде нотасы болса, бір бетінде әннің сөзі жазылды. Заманауи флекшкаға салып тыңдауға да болады. QR арқылы сайттан тыңдауға болады. Жалпы барлық жағынан халыққа ыңғайлы болатындай альбом жасап шықтық десек болады. Алдағы қыркүйек айында Атырау қаласында тұсауы кесіледі деп жоспарлап отырмыз. Әкеміздің бар мұрасын осы жинаққа енгіздік. Айта кетейін, бұл жинақты шығаруымызға себеп болған бір дүние – әкеміздің әндерінің дұрыс орындалмауы, жанрды бұзып басқа жанрға салып орындауы, әуенннің өзгеруі, сөздердің өзгеруі. Болашаққа әндер түпнұсқада жетсін деген мақсатта осы жинақты шығардық.

–  Әкеңіздің сізге ең қатты әсер еткен әні?

–  Әр ұрпақ үшін қашанда өзінің атасынан қалған мұра құнды ғой. Дей тұрғанмен әкемнің әндерінің ішінен өзіме рух сыйлайтын, жаныма жақын бірнеше ән бар. Соның ішінде «Қыр баласы тауға қарап өспейді, қыр баласы қол созады аспанға» деп шырқалатын «Биіктік» әні. Одан кейін «Жалғыздық», «Бауыржан досқа» деген әндерін айта аламын. Лирикалық әндеріне келетін болсақ, барша қазақтың жүрегінен орын тапқан «Ұнатамын мен сені» әні. Міне осы әндерді өмірімнің әртүрлі кезеңдерінде тыңдаймын, шабыт аламын.

–  Бард өнерінің ерекшелігі неде?

–  Бард өнері Испания, Португалия елдерінен бастау алады. Португалия тілінен аударғанда «жеңіс әні» деген мағынаны білдіреді. Ал біздің даламызға қалай келді дейтін болсақ, бұл жанр бірінші Кеңес Одағына үлкен қозғалыс алып келді. Одан кейін одақтас елдерге тарай бастады. Қазақ даласында әкеміз алғаш негізін салды. Бард жанрының ерекшелігіне тоқталатын болсақ, орындаушы әнді де, сөзді де өзі жазады. Ең басты ерекшелігі – міндетті түрде гитара аспабында орындау қажет. Жалпы, біздің қазақ жұртына бұл алыс дүние емес. Өйткені, бұрыңғы жыраулық дәстүрімен сабақтасып жататындай. Мысал келтіретін болсақ, Абыл, Нұрым, Қашаған, Ақтан сынды жыраулар осы өнердің бастауында тұр. Табылды Досымов қазақ даласына «қазақи бард» өнерін алып келді. Олай дейтін себебім, оның гитара шертісінде, әуенінде, саздарында қазақи үн жатыр. Әндерінің халыққа жетіп, әр қазақтың жүрегінен орын алған себебі де – осы.

–  Сіз үшін бард өнерінің шыңына шыққан ең үздік 3 өнер иесі?

–  Мен үшін бард өнерінің шыңына шыққан – әкем. Қазақ даласына осы өнерді алып келіп, өзіндік биігіне шығара алды деп есептеймін. Екінші – алғаш гитара аспабын ұстап, алғаш әндерін орындаған, Ресей жеріне үлкен қозғалыс алып келген Виктор Цой. Одан кейін, әлемге әйгілі Высоцский.

–  Этнобардизм деген жаңа бағыт әкелемін деген едіңіз. Сол іс не болып жатыр?

–  Этнобардизм – әкемнің әндерін домбыра, қобыз секілді ұлттық аспаптарға салып, жаңаша өңдеп, шығару негізінде айтылған болатын. Бұл бағыт әлі де жоспарымызда бар. Дәл қазір бастай алмай жүрген себебіміз, бұған өте үлкен дайындық пен қомақты қаражат керек. Этнобардизм – алға қойған мақсаттарымыздың бірегейі.

–  Әкеңіздің өмірінде өкініші болды ма?

–  Әкемнен ерте қалдым, 13 жасымда. Мұны айтып отырған себебім – әкеміздің ішкі сырларын, ішкі өкінштерін маған айта алатындай жаста болдым ба, болмадым ба? Әкемнің арманы бар еді. Ол арман – үлкен шығармашылық кешін өткізу. Осы арманы орындалмай кетті, осы арманы ішкі өкініші де болып кетті деп ойлаймын. Тағы бір өкініші – өнер ордасына, өзінің студенттік шағы өткен шығармашылық қаласына қолының жетпегені.

Толығырақ https://janabastau.kz/5344/abyl-ayash-ekem-kazak-dalasyna-kazaki-bard-onerin-alyp-keldi.html осы сілтемеден оқи аласыз.

Жаңалықтар

Биыл Тәуелсіздік күніне орай қатарынан үш күн демалыс беріледі, деп хабарлайды madeniportal.kz....

Жаңалықтар

2024 жылғы 23-34 қараша күндері Астана қаласынан Қазақстан Қарулы күштері авиациясының жоспарлы ұшул...