Тұрысбек Сәукетаев (Тауфих Шеғири). Өлгендер қайтып келеді

ӘДЕБИЕТ
9373

ӨЛГЕНДЕР ҚАЙТЫП КЕЛЕДІ

(Мен – жындымын – 2)

Әжуа аралас мұңлы роман-фэнтези

Бірінші бөлім

Қырық қат көк

Бұлтсыз жаңбыр

– Уһ, шірке-е-ен, өлген деген қандай жақсы!!!

Әне- әне, көріп тұрмын, сіздің екі көзіңіз стаканның аузындай дөңгеленіп, шекеңізден бір-ақ шықты; басыңызды үсті-үстіне шайқап-шайқап жібердіңіз: «О, тоба, жындыға не дауа, сөзін қарашы!» дедіңіз. Мәйлі ғой, дей беріңіз. Өйткені сіз өліп көрген жоқсыз, сондықтан білмейсіз. Ал, мен өліп көрдім. Өлгенде қандай, осыдан екі-ақ секунд бұрын тіл тартпай тырапай астым. Полиция лейтенантының жамбасында салақтаған тапаншаны білдірмей суырып алдым да, самайыма тіреп тұрып, әкемнің ішпей келген күні ылғи ұйықтарда ұзақ-ұзақ күбірлейтін дұғасы қалай тіліме оратыла кеткенін білмеймін, «Лә-илаһа-ил-аллаһ, Мұхаммәд расул Аллаһ» деп шүріппені басып қалдым. Басым қақ айрылардай солқ еткенін білем, ары қарай ғажап түстей. Мен жаратылғаннан бері денемнің тар қыспағында қамалған жаным, түрмеден қашқан тұтқындай, оқ тескен саңлаудан бұлқынып, буырқанып бостандыққа шықты. Жып-жылы ауадай шымырлап жайылып, сол бойда көзге көрінбес сағымға айналдым. Жо-жоқ, сағым да, елес те емеспін. Мен мүлдем жоқпын. Бірақ бармын, өйткені ойлай алам, өйткені сезіне алам: көзім жоқ – көре алам, мұрыным жоқ – иіскей алам. Денем желі шыққан резина ойыншықтай былқ-сылқ етіп жерге жантая құлады әне. Басым қақ айрылып, қақпағы төңкеріліп қалды. Жоғары-төмен шапшыған қан жіпшелері ауаны шимайлап жатыр дірдек қағып.

«Сұмдық-ай, сұмдық!» У-шу шыңғырған дауыс, алайған көз, қорқыныштан қисайған жүздер. Бастарына қоқырайтып көк қалпақ, үстеріне шолақ жең жейде-шалбар киген екі еркек апыл-ғұпыл жүгіріп кеп, мәйітті ақ кебінге орап, зембілмен машинаға тиеді. «Жедел жәрдем» мен полиция машинасы іркес-тіркес сырғи жөнелді. Бағанадан бері не болғанын білмей бір шетте жалтақ-жалтақ қарап, анда-санда шәу-шәу үріп, шоқиып отырған менің сары күшігім – Геля орынынан лып тұрып, машиналардың соңынан салды. Сүркілдей жүгіріп, машинаның о жағынан бір, бұ жағынан бір шығады. «Не болды, қайда барасың, ием-ау!» дегендей, жерге отыра кетіп, тұмсығын көкке соза ұлып-ұлып алады. Бүлкектеп қайта жүгіреді. Үреді, ұлиды. Екі бүйірін солқ-солқ тартып өксіп, жылап барады.

Қан төгілген жерде ошарылған жұрт тарар емес. Бірі жағасын ұстап, бірі аузын алақанымен басып, не дерін білмей есеңгіреп тұр. Бәрінің көзі – анда-санда басын шайқап қойып, темекіні үсті-үстіне будақтатқан Өмірзақта.

– Омқа, қасыңыздағы бірге жатқан досыңыз ғой, бұл кісіге не болды?

– Не болғанын көрмей тұрсың ба? – Өмірзақ теке көзі алайып, темекінің тұқылын әуелете шертіп жіберді. – Өлді. Капут!

– Бірдеңеге ренжіді ме дегеніміз ғой?

– Өмірге ренжіді!

– Бәріміз де жетісіп жүргеміз жоқ. Сонша не басына зор туды екен?

– Е, не дерің бар ма. Жынды ғой ол, жынды. Қайдағы бірдеңелерді сандырақтай беретін. Мен ондайларды түсінбеймін, әкіри!

– Ой, бейшара-ай! Обал болды ғой. Жынды болса да, ешкімге зәбірі жоқ біреу еді…

Шалбарының балағы қызыласығын шолт қиып шолтиған қызыл бет жігіт гүж етіп, иегіндегі бес тал қылын саумалады:

– Бұл – һарам өлім! Шариат бойынша, Аллаһтың ісіне қарсы шығып, өзіне қол салған мұнафиһқа жаназа оқып, ортақ зиратқа қоюға болмайды-дүр!..

Мен көктен бәрін көріп, бәрін естіп тұрмын. Еріксіз жымидым.

– Ей, ағайын, мен өлген жоқпын! Тірімін! – деп айғайладым. Төбелеріне төніп келіп айғай салдым: – Міне, мен мұндамын. Тірімін!

Бірақ ешкім естіген жоқ.

Осы адамдар өлімнен неге сонша шошиды екен? Оның несі қорқынышты? Өліп көрмеген соң солай ойлайды ғой, мүбәдә. Әйтпесе, міне, қандай рахат. Бар азаптан құтыласың. Не ішем, не кием демейсің, ертеңгі күнім не болады деп уайымдамайсың. Байлық, бақ, атақ-мансап… ештеңе керек емес. Боқ домалатқан сасық қоңыздай күйкі тірліктен бойың азат. Ештеңе, ештеңе де керек емес. Тек жақсы ой, жақсы ниетке берілсең, бар жоқтың орыны толып, көңілің тоғаяды.

Көзге көрінбес сағымға не ауаның бір бөлшегіне айналдым ба, көкте еркін самғап жүрмін. Қырық қат көктен ары – Барзақ әлеміне өтпес бұрын әйелім мен балаларымды соңғы рет бір көріп кеткім келді. Өздерін қатты сағыныппын.

Нені көргім келсе, соны сол сәтінде көре қоям; қайда барғым келсе, сол сәтінде сонда бара қалам. Міне, Жәнияны көрдім. Гагарин мен Абайдағы «Военторгтің» алдында тұр. Өзі секілді жадау киімді бес-алты әйел жасанды жайма базар жасап алған. Шақырайған күннен қашып, әрқайсысы әр тұсқа шашырай саялапты.

Жәния қарағаштың көлеңкесінде тұр. Екі қолын кеудесіне айқастырып, іштей мінәжат етіп, біреу бірдеңемді алса екен дегендей жалынышпен арлы-берлі өткендерге жаутаң-жаутаң қарайды. Көптен көрмеп едім, әбден жүдепті. Иықтары қушиып, үстіндегі күн жеп жауырын тұсы сетіней бастаған қоңыр шыт көйлек салбырап тұр. Шынтағына дейін жалаңаш білектері тарамысы шығып шидиген қап-қара. Шалқайта тараған қалың қара-бұйра шашының ағы көбейген. Беті, мойыны да қылқиып күнге күйген. Қарлығаштың қанатындай серпілген ұзын, имек қастарының арасына қатпарланып қос әжім түсіпті. Тек шарасы мөлтілдеп тұнжырай қарайтын үлкен, томпақ қоңырқай көздері ғана бұрынғыдай сабырлы, тұнық. Тұңғиығында айықпас бір мұң шөгіпті. Аяп кеттім. Құшақтап бауырыма басқым келді. «Құдай-ай, қандай ит едім! Сая бола алмадым-ау саған. Сүйеу болмадым!..» Өксіп-өксіп жібердім. Жәния басын шалқайтып жоғары қарады. Әлде-неге таңырқағандай. Жүзі жадырап, өз-өзінен жымип қойды. Мені ойлады. «Бейшара қайда жүр екен? Азып-тозып қиналып жүрген шығар-ау» деді. Білінер-білінбес күрсініп алды да, басын төмен салды.

Жаймасы – өлместің күні. Үйге тегін келетін «Егемен Қазақстанның» айқара бетінде ел алады-ау деген далбасамен ұсақ-түйек бірдеңелер жатыр: бес тал сникерс, екі-екіден «Прима», «Мальбора», сіріңке, сағыз, жарты дорбадай шекілдеуік, алманың қағы… Үйде қысы-жазы науа сияқты ұзын ағаш жәшіктерді қатар-қатар қойып, жусай, пияз өсіретін. Екі бума жусай, екі бума пияздің көк өскіні… Ары өткен-бері өткенге жаутаңдай қарап:

– Алыңыздар, алыңыздар!.. Алыңызшы, апай, арзанға берем!.. – дейді жалынышты үнмен мойынын бұрып бірдеңе алардай қарайлаған мосқал әйелге.

Ағаш-ағаштың түбін саялаған әйелдер кенет жау тигендей алдарындағы заттарын шала-шарпы жинай сала жан-жаққа тырым-тырақай қаша жөнелді. Бірі етегіне шалынып омақаса құлаған бойда ұшып тұрып, бірі шашылған заттарына қарамай қуыс-қалтарысқа сіңіп жоғалды. Анандайда қолтығына қара папка қыстырған аға сержант ентелей басып келеді екен. Картузын шекелете киген, сидам бойлы қараторы жігіт. Сұқсаусағын төбесінен асыра шошайтып ауада сілкіледі:

– Вы смотрите у меня! Никуда вам от меня недеться… Тұра тұрыңдар, бәлем! Бәрібір қашып құтыла алмайсыңдар!

Жәния табжылған жоқ. Өңі қуқыл тартып, иегі сәл дірілдегендей, орнында тұра берді. Аға сержант жанына келді. Жымдасқан жұп-жұқа ерінін бір жағына қисайтып, жымия қарады:

– Осы жерде сіз ғана адал жұмыс жасайсыз, апай. Давайте, таксаңызды әкеліңіз.

– Айналайын-ай, бүгін ештеңе сатқам жоқ. Ертең берейінші?

– Жоқ, болмайды! – Сержант кілт түсін суытып, басын шайқады. – Заңсыз сауда жасап отырып, еще положенный кішкентай тиын-тебеннен қашасыздар. Менің үстімнен қарап отырған адамдар бар, соларға есеп беруім керек. Давайте, сөзді қойыңыз!

Жәния қолы қалтырап, әмиянінің түбін тырналап, күміс, жез тиыннан екі жүз теңге санап берді.

– Қағаз жоқ па?

– Көріп тұрсыз ғой, бары осы, айналайын.

Менің үлкен ұлымнан сәл ғана ересек бала. Қандай бұзылған. Іші қап-қара, обыр, жесем, алсам деп жалмаңдап тұр. «Әй, аясаңшы!» деймін айғайлап. «Бұл заңсыз жұмыс істесе, сен неге заңсыз ақша аласың!» деймін ақырып. «Адам баласы емес пе, жетіскеннен өстіп жүр ғой деп пе ең, неге түсінбейсің?» деймін. Бірақ менің сөзімді естіп жатқан ешкім жоқ. Ыза буып қатігез немені қақ маңдайдан шарқ еткізіп бір-ақ тепкім-ақ келеді. Амал не, дәл төбесінде төніп тұрсам да, өйтуге қауқар қайда. Өйткені менде тебетін аяқ, ұратын қол жоқ қой. Бүкіл денем жерде қалды емес пе. «Әттең-ай, әттең!» деп құр кіжінемін.

Жәния тұрған жерінде жүрелеп отыра кетті. Тізесін етегімен жауып, бір қолымен жағын таянды. Әлдебір алыс нүктеге кірпік қақпай қадалып, ұзақ отырды. Содан соң әмияндағы жез бақырларды алақанына төгіп санады да, төмен қарап күрсінді. Ойын оқып тұрмын: «Жүз алпыс төрт-ақ теңге. Неге жетеді? Картоп жоқ, сәбіз де бітті. Жарты качан капуста бар, жартысын кеше балаларға қуырып берген. Күнде шөп жеген ас бола ма. Бүгін жұмыртқа алып, жусаймен қуырып берсем деп еді. Тағы да дүкеннен қарызға ала ма? Өткенде бес күннің ішінде қайтарасың деген. Бүгін алтыншы күн… Әлде жолдың арғы бетіндегі «Нұр – Сара» дүкенінен жаздырып алса ма? Айдың ақыры, пәтерақыны да төлеу керек. Әйтпесе, өткендегідей светті қиып тастайды… Кімнен қарыз сұраймын? Зейнеп пен Ольга өсімге береді, он процентке…» «Жәния-ау, Жәния, менде жеті мың сегіз жүз отыз алты теңге бар болатын. Жастығымның тысына тығып қойғам. Тез соны ал. «Жомарт» базарына барсаң, Өмірзақ деген күзетші бар, сол тауып береді!» дедім шыр-пырым шығып айғайлап. Қалай шыңғырсам да, қалай шырылдасам да бәрібір ол естімеді. Қап-ай, бала-шағама берем деп тапқанымды тиындап жинап жүруші едім, сонымды әкеп бермегенімді қарашы. Өткенде Қошқарбекке бермек боп іздеп келгенімде, ол тентек қасындағы балалардың көзінше мені әкем деуге намыстанып, көрмегенсіп қашып кеткен жоқ па. Соған көңілім бұзылып, Геляны мойынынан құшақтап, баладан сен артықсың деп жылап, шат-шәлекейім шығып кетіп қалғанмын. Сонда үйге кіріп, беріп кетсем ғой!.. Өлгеніме бірінші рет өкіндім. Ең болмаса, ақшаны берген соң өлмегенімді қарашы-ай деп өкіндім.

Аллаға «Жәнияның саудасын жүргізе гөрші!» деп білген дұғамды мың қайталап жалбарындым. Өткен-кеткенге «Мына әйелдің затын алыңдаршы, аяңдаршы бейшараны!» деймін жалынышпен. Тілегімді де, дұғамды да үсті-үстіне сыбырлап дамылсыз қайталай бердім, қайталай бердім… Ура! Тілегім қабыл болды! Есім шығып айғайлап жібердім. Аяғым болса, төбем көкке тақ етіп тиердей секіріп-секіріп кетер едім.

Әне-әне, бір әйел бері бұрылды. Қасында баласы бар. Иә, сәт, баласы: «Мамуля, ананы әпер, мынаны әпер» деп қиғылық салса екен деп тұрмын. Қап, баласы түскір былжырап қалған қанағатшыл кернау бірдеңе екен. Шешесі: «Не аласың?» деп еді, быртиған сұқсаусағын сникерске созды. «Жан балам-ау, ақ боташым-ау, әдемі қолыңды ана сағызға, ана балдай тәтті алманың қағына, ана домалақ құртқа… тағы-тағы соза түсші!» деп тақ төбесінен тақылдап шырыл қақтым… Е, попты, бұ да боса, Құдайдың бергені дә. Әйел бір сникерс, бір стакан шекілдеуік алды. Сондағы Жәниянің түрін көрсең! Жүзіндегі мұңлы көлеңке бірден серпіліп, дымқыл шүберекпен шаңын сүрткен айнадай жарқ ете қалды.

Құдайға да, адамға да қанша жалбарынсам да, ары қарай сауда жүрмеді. Қас қарайды. Жәния заттарын жиып базардан қайтты.

Жәния қоларбасын сүйреп жерде келеді. Мен төбесінде үйіріліп, көкте қалықтап келемін. Біздің қазекең еліктегіш, жарамсақтанудан алдына жан салмайтын халық қой. Салық мекемесі кешіріммен қарасын дей ме, әлде ана кісіге шынайы махаббат, әйтеуір, бүкіл елдегідей, бүкіл жердегідей, бұл қалада да дүкен, мейрамхана, ойынхана, дәріхана, дәрет… кешірім өтінем, бас сұғатын үңгір біткеннің бәрі «Нұр»-дан басталады. Жәния «Нұр – Санат» дүкенінің жанына кеп сәл тұрды да, қарсы беттегі «Нұр – Нұр» дүкеніне бұрылды. Жасқана кірді. Айгүл инабатты келіншек екен. Сап-сары жүзі сары майдай еріп, майысып амандасты.

– Апай, амансыз ба. Бүгін – айдың сегізі. Білесіз ғой?..

– Білем… ұятты боп тұрмын!

– Жарайды, көп соза бермеңіз… Түсінесіз ғой, хозяйкамыз да бір тықақтап қалған пәле.

– Түсінем, түсінем, айналайын!

«Алла-ай, дүниеде небір ізгілікті ғазиз жандар бар-ау. Қандай мейірімді адам еді десеңші мына Айгүл деген!» Бітік көз сары келіншекті өңезденген безеу бетінен шөп еткізіп сүйіп алғым кеп елжіреп, еміреніп тұрмын.

Жәния, өзінің бағана армандағанындай, жиырма тал жұмыртқа алды. Сәл ойланып тұрып жарты килі «Докторский», үш жүз грамм «Зелец» колбасасын өлшеткізді. Айгүл калькулятордың түймесін көз ілеспес жылдамдықпен басып-басып жіберіп:

– Екі мың төрт жүз, – деді. Жәния ойша есептеп қойған. Екі жүзді артық ұрып тұр. Үндеген жоқ. Дәптерге қол қойды да, рахметін үсті-үстіне жаудырып шыға берді. Жәнияны әлгінде көрген бойда бір орта бойлы, дембелше сары еркек босаға жақта айналшықтап тұрған, сол ілесе шықты. Қатарласа беріп:

– Вы, барышня, вижу нищенствуете, – деді көктен түскен қайырымды әулиедей өзіне аса сенімді маңғаз үнмен. – Я никогда не мог смотреть равнодушно на чужие страдания. Поэтому позвольте мне предложить вам руку помощи. Я довольно состоятельный человек: бывший военный, афганец. Пенсия хорошая. Холостой. Несколько дней я за тобой наблюдаю…

«Дәмесін қарарай гөр мына саржағал иттің! Ой, әкең!.. Ой, шешең!.. шымкентше де, семейше де боқтықтың жетпіс жеті атасын зводымен жіберсем де, қазақшаға көңілім онша көншімей, орысша мать-перематты аузымнан «Калашниковтің» оғындай боратып, таз неменің төбесінде шыр-шыр қақтым. Сыпайы сөзіне шабыма шоқ басқандай тулап жүрсем, сый табағын артына сақтапты. Мә, безгелдек, арақ сасыған аузын арандай ашып, турасына көшті:

– Честно говоря, ты баба, мне нравишься!

– За то, ты, хам, противен мне! Пошел вон, подлец! – Жәния кеудесінен серпе итеріп кеп жібергенде, анау тайып барып арыққа шалқасынан тырапай асты. «Шоқ-шоқ, бәлем, сол керек саған!» Өмірімде әйеліме риза болғаным осы шығар. «Ой, қасқырым-ай!» дедім айызым қанып. Екі жұмыртқа жерге шарқ ете түсіп, жарылып қалды. Жәния оған қараған жоқ. Қол-аяғы селкілдеп ашуға булығып тұр. Еріні кемсеңдеп қыстыға өксіді: « Құдайым-ай, басқаң аздай, бұл не жазаң? Иттің итақайына дейін қорлап бітті-ау!» Мені ойлады. «Неге қудым екен сені. Қалқайып қасымда жүрсең де ес едің ғой, байғұсым!» деді тұншыға сыбырлап. Елжіреп мүлдем езіліп қалдым. Бұршақтай ыстық жас ыршып-ыршып кетті. Жәния жоғары қарады. Жып-жылы тамшылар себезгілеп тұр. Бұлт жоқ, ап-ашық күнде бұл неғылған жаңбыр? Таң-тамаша боп, бетіндегі тамшыны жеңімен сүртті.

Ол – жерде аяңдай басып, мен – көкте қалықтап, екеуміз үйге келдік. Балаларымды көптен көріп тұрғаным осы. Әжептәуір есейіп қапты. Егіз ұл мен қыз сегізіншіде оқып жүр. Фатих өскен сайын өзіме ұқсап келеді. Менің жоғары кластағы суретімнен аусайшы. Кекіл шашы дудырап, мұрыны қоңқайып, қабақ астынан тұнжырай қарайды. Ернінің үсті қарайып, қап-қалың ұлпа қыл тебіндей бастапты. Айша шешесіне ұқсаған. Шаралы, томпақ көз, иығына түскен сарғыш шашы тарақ батпас бұйра. Мінезі де ұстамды. Қошқарбегіме екі дүние – бір қадам, құлағына наушник киіп ап, жын буған бақсыдай көзін жұмып, басын шұлғып теріс қарап отыр.

Жәния киімін ауыстырып, қолы-басын жуып, ас қамына кіріскен. Фатих жасқана басып жанына келді. Қипақтап желкесін қасыды:

– Мама, кластағы бір бала ескі «Айфонын» сатам дейді. Өте арзанға.

Жәния күрсінді. «Е, балам-ай, «Айфон» сенің не теңің, жанымызды баға алмай жүріп!» Үндеген жоқ. Естімеген кісідей жұмысын істеп тұра берді. Фатих басы салбырап теріс айналды. Шешесімен қоса бүкіл жоқшылыққа деген ренішін желкесімен айтып барады.

Айша кітабын жауып, орнынан тұрды. Мұрынын делдитіп тартып-тартып қойды:

– Мама, не істеп жатырсың? Тәтті иіс шығады ғой! Қарыным ашып кетті… Бүгін класта басым айналып, құлап қала жаздадым!..

– Қазір, жаным. Жусай қосып, жұмыртқа қуырып жатырмын. Колбаса да әкелдім. Бұйыртса, бір тоятын болдыңдар.

– Ура-а!

Балаларымның түрін көріп, сөзін естіп, мүлдем күйзелдім: «Құлындарым-ай, тамақтан тарығып, үстерің тозып әбден жүдепсіңдер-ау! Ақымақ басым-ай, неге өлдім екен? Неге жүре тұрмадым? Сендерді неге ойламадым? Сәл де болса септігім тимес пе еді. Қазір тірі болғанымда, ең болмаса жүгіріп барып жастығымның тысына тығып қойған әлгі жеті мың сегіз жүз отыз алты теңгемді әкеп берер едім ғой!..» Табадағы қуырылып жатқан тамақтың үстіне түсердей екі қолын кеудесіне басып секеңдеген қызымды маңдайынан иіскемек боп еңкейе бердім де жылап жібердім. Айша селк етіп, тұрған орнынан шегініп кетті:

– Мама, төбеден су ағып тұр!

Жәния шошынып жоғары қарады:

– Қайдағы су, ештеңе жоқ!

– Ендеше мынау не?

Айша бетінен төмен қарай ағып бара жатқан тамшыларды алақан сыртымен сүртті.

– Ой, Алла, бүгін бір қызық күн болды ғой? – деді Жәния өзімен-өзі сөйлескендей күбірлеп. – Менің де бетіме қарадан-қарап бағана жылы тамшылар тамды. Папаларың есіме орала береді…

– Папам менің де күні бойы есімнен шықпай қойды!

– Сағынып жүрген шығар…

Тамақ піскенше балалар тықыршып бітті. Музыканың ырғағымен басы былғақтап бақсы боп отырған Қошқарбек наушнигін шешіп тастады. Жусай мен қуырылған колбасаның иісіне елтіп, танауын тартқыштап қояды. Шыдамсызданып екі ұл кезек-кезек есіктен жылтыңдайды:

– Мама, қашан болады?

– Мама, қарын ашып кетті.

– Қазір, қазір, жандарым. Сәл шыдаңдар…

«Уһ, жеттік пе, Құдай-ау,» дегендей, ішектері шұрқырап, ортадағы шойын сковородкаға жабыл, кедей, жабыл деп лап қойғандары сол, есік жұлқа ашылып, бірінші қабаттағы Маша өкіріп-бақырып кіріп келді:

– О, боже, какое горе! Как могло прозойти такое? Господи, господи… А, ты, дура, почему не плачешь? Нет, ты посмотри на нее, сидит и спокойно хавает?!.

Жәния үрпиіп ұшып тұрды:

– Что случилось, Маша?

– Ба-а, спрашивает еще! Ты чо, телик не смотришь, что ли? Только что показывали. Умер Толян!.. Мәссаған, сұрағының түрін! Сен немене, телик қарамайсың ба? Жаңа ғана көрсетті. Толян өліп қапты.

– У нас телик давно сломан. Какой Толян? Телигіміз баяғыда бұзылып қалған.Толянің кім?

– Кто-кто? Твой муж! Как там его зовешь… и…как это? Тауфих! Ой, каким был мужиком? Добрый, хороший… Последний раз он мне дал даже сто баксов… О, боже, что делать? Каким хорошеньким, миленьким был он… Кім дейді ғой? Байың сенің. Қалай деуші ең…әлгі, ә? Тауфих! Ой, жігіттің төресі еді-ау. Қайырымды, мырза… Соңғы рет маған тіпті жүз бакс бере салған… құдайым-ай, қандай асыл азамат еді…

– Ты чо, Маша?.. Как умер? Не деп тұрсың, Маша?.. Өлгені несі? – Жәниянің көзі алайып, шарасынан шығып кетті. Шошына шегініп барып, арқасымен қабырғаға тірелді.

– Папа! – Айша шешесімен қосыла ышқынып айғайлап жіберді. Ұшып-ұшып тұрған екі ұл шала шайнаған тамақтары ұрттарында бұлтиып, бірі қолына – шанышқы, екіншісі қасықты қысқан күйі селтиіп тұрып қалды.

– Кто убил? Кім өлтіріпті? – деді Жәния үрейлі дауысы сыбырлай шығып.

– Никто не убил. Сам застрелился!.. Ой, горе мое… Ешкім өлтірген жоқ. Өзі атылып өліпті… Ой, сұмдық-ай!..

– Жо-жоқ, сенбеймін… Өтірік, өтірік… – Жәния арқасымен қабырғаны сызған күйі сырғып барып еденге сылқ ете түсті.

– Мама! – Айша шешесін құшақтай құлады. Демі үзіліп үсті-үстіне шыңғыра өксіді.

Маша сасқалақтап арлы-берлі зыр жүгіріп жүр.

– Нашатырь, нашатырь бар ма? – деді состиған екі балаға айғайлап. Олар білмейміз дегендей иығын қиқаң еткізді. Стаканмен суық су әкеп бетіне шашып кеп жіберді. Селт етпеген соң, екі бетін алақанымен кезек-кезек шапалақтады. Сонда ғана Жәния көзін өлеусірей ашты. «Қайда жатырмын, не болды» дегендей, айналасына аңыра қарап сәл отырды да, есін жиып, тұла бойы солқыдай өксіп дауыс сала жылады. Машаның құшақтағанына бой бермей, екі жұдырығымен басын түйгіштеді:

– Жаным-ай, шынымен айрылғаным ба? Сорлап қалдым ғой, сорлап!.. Енді қайтейін-ай? – Бәріне мен кінәлімін. Неге қудым екен сені? Мен болмасам, мұндай күйге ұшырамас едің. Сковородкамен басыңа ұрып қуып шықтым емес пе! Мен өлтірдім, мен! Қандай қатігез едім!.. Құдайдың сорлатып қойғаны да осы ит мінезімнің кесірі шығар… Кешірші, жаным… қадырыңды білмеппін-ау!..

– Папам-ай, папам!.. Папочка! – Бір бұрышта бетін басып Айша ол өкіріп жатыр. Фатих тұқырайып, жас шықпаса да көзін сығымдады. Қошқарбек шкафқа иығын сүйеген күйі басы салбырап, томсырайып тұр.

Азан-қазан айғайдан бүкіл подьезд дүрлікті. Бақырайған көздер есіктен жарыса сығалады алақ-жұлақ. Жаны жұмсақ тілеулес көршілер үй ішіндегілерді кезек-кезек құшақтап, бірі қосыла жылап, бірі жұбатып абыр-сабыр болды да кетті.

Екі бүйірін таянып, екі жағына кезек теңселе солқылдап аңыраған Жәния кенет дауысын кілт тиды. Көзі шыныланып орнынан ұшып тұрды. Жұбатудың орнына өзі қосыла жылап пора-порасы шыққын Машаны кеудесінен итеріп жіберді. Солығын баса алмай өксігенмен, сұс жиып суыған жанарында жылт еткен жас жоқ. Домбығып талаураған жүзін жоғары көтерді. Төбесінде ыстық жасымды төгі, егіліп тұрған маған қарағандай.

– Ты – подлый трус! Сен сужүрек сүмелексің! – деді «Мысық пен Леопольдтегі» Тышқанның сөзін қайталап. – Ал, өлдің – не бітірдің? Ең болмаса, Құдайдың жіберген ақ өлімі емес, өзіңді өзің өлтірдің! Ауырған-сырқаған жоқсың, өмірдің қиындығынан қорықтың. Міне, өлдің де қалдың. Бәрінен құтылдың. Саған рахат. Ал біз ше? Бізді кім ойлайды, кім аяйды? Мына балаларыңды кім асырайды, кім әке боп басынан сипайды? Соны ойладың ба? Көріп жүрген азабымыз аздай, ұлардай шулатып қойдың! Сен өзіңді ғана ойлайтын эгоиссің. Мен сені жеккөремін, жеккөремін! – деп көктамыры шодырайып тас түйілген ап-арық, қап-қара қос жұдырығымен үстелдің бетін періп-періп жіберді…

Тәбәриш шайтанекең

Етжүрегім болмаса да, бәрін сезіп-түйсінемін ғой. Жәнияның мына сөзі қатты батып кетті жаныма. Бекер-ақ өлген екенмін. Тірі жүрсем, тіпті пайдам тимеген күннің өзін де, бүйтіп жылатып, қайғы-қасірет шектірмес едім ғой. Қап, ақымақ басым-ай, атаңа нәлет, қай шайтан азғырды екен мені?!!

– Мен! Ха-ха-ха!!!

Кенет саңқ етіп күлген дарақы дауыстан көк күмбезі көк шыныдай шытынап сынып түсердей жаңғырды. Апалақтап жан-жағыма қарағам. Қарсы алдыма құбыжық елес құбыла билеп тұра қалды. Шайтан! Екі ұртында екі тісі сойдиған, текебас. Иегінде жалғыз тал ұзын қыл желбірейді. Екі сирағы доңыздікіндей айыр тұяқ. Баяғы заманнан бері ертегілерден таныс, мультфильмдерден көре-көре көз үйренген кәдімгі өзіміздің тәбәриш шайтанекең. Шайтан болғанда да, мынау бір шайтанның падишасы болу керек: екі мүйізінің арасына шошайтып алтын тәж киіпті; қолына асатаяқ ұстаған.

– Мен! Мен! Ха-ха-ха!

Сақылдай күлгенде, «Адай» күйін тартқан домбыраның ішегіндей денесі дірілдеп көрінбей кетті.

– Ой, әкеңді, ой, шешеңді!.. Матюка-мать!.. – деп бар білетін боқтығымды «Калашниковтің» оғындай боратып, тап бердім. Қаһарым соншалық қатты болса керек, шайтанекеңе де жан керек, жалт бұрылып қаша жөнелді. Қуып келем, қашып келеді. Қашқан сайын бір шайтан екеу болып, екеуі – төртеу, төртеуі он алты… болып балалап, көбейе түсті. Қарабайдың тоғайдың жапырағынан көп қара-ала, көк-ала қылқұйрығын қайырған Қодардай, қаптаған шайтанды алдыма сап, дүркіретіп қуып келемін. Айыр тұяқтардың арасынан от шашырап, көк аспанның төсінде «Құсжолындай» жұлдыз борады. Қалың тұяқтың дүбірі мен «ха-халаған» күлкінің хорынан күн күркіреді.

Сәлден соң үйлері сан түрлі геометриялық фигуралардай ауаны қым-қиғаш қиып, суық жылтыраған әйнек қала көрінді. Дүркіреп, қиқулаған күйі қалың шайтан зәулім ақ сарайға жете бере жым-жылас сіңіп жоқ болды да кетті. Мен де жеттім-ау арсы-күрсі өкшелеп. Сәл дыбысқа сыңғырлап күмбір қаққан алтын күмбез. Қалың шайтан зым-зия, тіпті жаңағы миллион айғыр арқырағандай көк аспанды жаңғыртқан жабайы күлкілерінің сыбыры да жоқ. Аңырып тұрып қалдым. Егер аузым болса, жұдырық кіріп кетердей аңқайып ашылып қалар еді.

Бір шетінен бір шеті әзер көрінердей айлапат зал. Күмбез астында алтын шұғыла саулаған шаңырақтай-шаңырақтай хрусталь шамдалдар. Төрдегі алтын жақтаулы креслода шалқалап тәмпіш танау бір адам отыр. Қалмақ бет, қарашығы ойнақшыған, қисық ауыз. Әлдекімге ұқсайтын сияқты, бірақ кім екені қапелімде есіме түсе қоймады. Төрдің қарсы алдында сатылай көтеріліп, қатар-қатар тізілген біркелкі үстелдер. Үстел басы бір-бір адам. Әрқайсының алдында ноутбук, микрофон, түймелері самсаған панель, бір түймесін бассаң-қызыл, екіншісін бассаң, жасыл жанады. Өңкей бір күйлі ер, әйел. Қымбат киінген. Өңірлеріне көк тулы төсбелгі таққан. Шетінен маңғаз, мығым. Егде тартса да, әжімсіз жүздері жылтырап жылмиып тұр. Сыздана қарап, қабақтарын сырбаздана көтереді. Ой, Алла, біздің елде де осындай тойынған, күтімді, өз өміріне бек риза алаңсыз жандар бар екен-ау деп таңырқадым. «Әй, мынандай алтынмен апталған қасиетті храмға тегін адам кіре ме, бұлар періште шығар нұқыл!» деп ойлағам.

Қап, жақсы ойымның бұзылып кеткенін қарашы. Екінші қатардағы кең иықты сарының тасасына бұғынған біреу екі жұдырығына шекесін тіреп қалғып кетіпті. Орта тұстағы бұжыр бет мұрынын шұқып отыр. Бұғағы салбыраған жуан қара смартфоннан жалаңаш әйелдердің суретіне есі шыға қадалып, аузы аңқайған күйі жымың-жымың қағады… «Е, бұлар-дағы пәндә екен ғой!» дедім күрсініп.

Төрдегі кісі тәмпіш танауының ұшында мінбелеген көзілдіріктің үстінен залды бір шолып өтіп, алдындағы планшетке қарады. Қабағына сұс жия жөткірініп алды:

– Мырзалар мен ханымдыр, енді ең басты мәселеге көшейік. Үкімет маған бензиннің бағасын сегіз теңгеге көтеру жөнінде ұсыныс жасап отыр. Мұның, әрине, амалдың жоқтығынан жасалып отырған шарасыз қадам екенін өздеріңіз бек әйбәт білесіздер. Бензиннің бағасы өссе, барлық зат қымбаттайды, елдің әл-ауқаты нашарлайды. Мен халықтың, әсіресе, әлеуметтік тұрмысы төмен топтардың жағдайын ескере келіп, бензин бағасын қымбаттатуды бес теңгеден асырмауды, мүмкіндігі болса, тіпті одан да төмендетуді жөн деп есептеймін… – Зал дүр сілкініп сатырлата қол соққанда, хрусталь люстралар сыңғыр-сыңғыр қағып, шайқала жөнелді. – Жә, жә, рахмат, рахмат, мырзалар! – деп ризашылықпен бас изеп, хошаметшілерді әзер тоқтатқан соң, сөзін сабақтады. – Осы ұсынысымды сіздердің талқыларыңызға салмақпын. Қазір бүкіл дүниежүзі экономикалық кризисті бастан кешуде. Сол күйзелістің салқыны бізді де шарпып отыр. Ақылға салып, байыппен ортақ түйінге келерміз деп ойлаймын. Кәне, қандай пікірлеріңіз бар?

Сөздің ләмінен-ақ залда отырғандардың көбі алдарындағы калькуляторға жармасқан. Жиырма сегіз жанармай бекеті бар жылтыр сары бес теңгені мың-миллион литрлерге көбейтіп жібергенде, лап қызарып, мас болғандай былқ-сылқ есеңгіреп отырып қалды. Жеті мұнай мұнарасының егесі керіліп, жуан қарынын сипалап, борылдата кекіріп қойды. Миллиондары мен миллиардтарын шетел банкісінде сақтаған озық ойлы бекзаттар қолдарын желкесіне айқастыра, шалқалай ойланып жымың-жымың қақты…

Орта тұста отырған, үстелден иығы ғана асатын, өзінен сақалы үлкен, қауғабас қортық елден бұрын микрофонға жармасты. Міңгірлек дауысын көтере, бір сөзінің аяғымен екінші сөзінің басын қосып, әуездендіре толқытып лекіте сөйлейді екен:

– Өз басым ешқандай алып-қосарым жоқ. Бұл – даналық шешім! Халыққа деген нағыз қамқорлық деп білем. Әлемдік қауымдастықтың ажырамас бөлшегі боп отырғандықтан, ондағы жақсы-жаман өзгерістердің бізге де әсер етуі – табиғи құбылыс. Одан қалай қашып құтыласың? Бұл жағдайда сіздің ұсынысыңыз – ең дұрыс шешім. Үкімет барлық мүмкіндікті шотқа қағып, бензин бағасының өсу мөлшері сегіз теңге екенін нақтылап отырғанда, сіз бес теңгеден асырмау керек деп шектеу қойдыңыз. Халық қамын ойлау деген осы емес пе? Осыдан артық қандай қамқорлық болады! Мен Сіздің ұсынысыңызға толық қосыламын. Һәм әріптестерімді түгелдей қолдауға шақырамын!

Қостаған дауыстар жан-жақтан жарыса гуледі:

– Дұрыс-дұрыс… Жөн сөз-ақ!

– Қолдаймыз. Бәріміздің пікіріміз осы!

– Талқылаудың қажеті жоқ. Бірден дауысқа салайық!..

Ең алдағы үстел басында отырған нығыз денелі, сұйқылтым, күлгін шашын шалқайта қайырған қызыл шырайлы кісі микрафонды қаламымен ұрғылап, дауыс көтерді:

– Мен қарсымын! Әлемдік кризис дейсіңдер, ондай әкетіп бара жатқан ештеңе де жоқ. Тіпті бола қалған күннің өзінде де, оның бізге тигізер тәсірі шамалы. Бұл жәй біздегі әлдекімдердің миындағы кризис! Ширма. Алпауыттардың байыған үстіне байый түссек деген айла-шарғысы. Басқа ештеңе емес. Халықтың жартысынан астамы – шықпа, жаным, шықпамен әзер отырған сіңірі шыққан кедей. Бұдан ары таршылыққа ұшыраса, қалай күнелтпек? Бір тиын да өсіруге болмайды. Бензин өссе, инфляция бірден шарықтап аспанға шығады. Қайта бағаны арзандату керек. Оның жолдары бар ма? Әбден бар. Біз – әлемдегі мұнай өндіру жөнінен алтыншы елміз. Совет үкіметі тұсында отыз миллион тонна мұнай шығарушы едік, қазіргі мөлшер тоқсан миллионнан асып түседі. Сол кезде үш мұнай өңдеу заводы бар еді, әлі сол үшеу. Ескірген, тозған. Жылына екі рет көктемгі және күзгі егіс науқаны кезінде жөндеуге тоқтатады. Мұның аты не? Оны өздеріңіз жақсы білесіздер. Неге қосымша заводтар салып, өз мұнайымызды өзіміз неге өңдемейміз? Және күндіз-түні дария боп сарқыраған мұнай қайда кетіп жатыр? Кімнің қалтасына құйылып жатыр? Халық неге соның игілігін көрмейді? Біреулер неге шексіз байый береді, жұтқан ауасы, ішкен суы – у, күндіз-түні тыртаңдап қан-сорпасы шыққан бейнет иесі неге шексіз кедейлене береді? Сіздер оларға осы ит тірлікті көпсінгендей, қайыршылықтың құй батпағына одан ары батыра түскілеріңіз келеді. Мен – ғажайыптарға онша сене қоймайтын реалист адаммын. Бірақ біздегі бензин бағасының ақылға сыймас арифметикалық прогрессиямен өсуыне таң-тамаша қаламын. Әлемдік биржада мұнай құны өссе де, біздегі бензин бағасы өседі, мұнай құны төмендесе де – өседі, бір орында тұрса да – өседі. Шарықтай береді. Экономиканың заңына да, ақыл-парасатқа да бағынбайтын бұл неғылған керемет? Сіздер осы хақында ойланып көрдіңіздер ме? Егер бұған бас ауыртқыларыңыз келмесе, тығырықтан шығудың төте жолын айтайын. Осы залдың өзінде қаншама олигархтарымыз отыр, әрқайсының шетел банкінде жамбасы сарғайып жатқан миллиардтаған ақшасы бар. Басқадан инвестиция сұрап қайыршыланып құлағымызға дейін қарызға батқанша, солар неге азаматтық танытып, ел экономикасына ақшаларын салмайды? Ақшаны қандай жолмен тапқандарын ұмытты ма? Неге бізде ақ-қараны анықтайтын заң жоқ?..

– Секе! Ау, Секе! – қызыл от жыпылықтаған микрофонға төр иесі ауыз тосты. – Сабыр, сабыр, Серке Абдуллаевич!.. Ескі патефонның құлағын бұрай бергеннен ештеңе шықпайды. Сіз менің екі жыл бұрынғы сөзімді қайталап отырсыз. Легализация туралы заң жарияладық, жалпыға бірдей кешірім жасалады, шеттегі ұрлаған-жырлаған қаржыларыңды елге әкеліп, өндіріске салыңдар дедік. Бірақ селт еткен біреу болды ма?

– Әрине, селт етпейді. Өзіңізден, туыс-туғандарыңыздан бастау керек еді. Сонда үлгі болар еді. Әйтпесе, жартыкеш, жалған ұранға кім иланбақ?.. Иә, тағы да айтпағым, бізде «Ұлттық қор» деген бар. Оның егесі халық па, әлде жеке біреу ме, шынайы кім екенін ешкім түптеп білмейді. Болашақ ұрпақтың несібесі, солар үшін керек дейміз. Шынымен ұрпақ үшін болса, олардың ата-анасының қамын неге ойламаймыз? Ертеңгі ұрпақ бүгінгі буынның бауырынан өсіп-өнбей ме? Аш-жалаңаш, ауыру-сырқау ата-анадан қандай бала туады? Әлжуаз, ауырушаң, шала есті, кемтар сәбилер ертең қайбір азамат боп жарытады? Сондықтан ұрпақ қамына жанымыз ауырса, «Ұлттық қордың» игілігін бірінші кезекте бүгінгі адамдар көруге тиісті…

Одан арғы сөзді айғай-шу басып кетті. Төр иесінің қабақ қимылын хұсни хаттай оқыған залдағылар жан-жақтан кеу-кеулеп қоя берді:

– Эй, кончай! Доғар сөзді. Сандырағыңды естімейміз!

– Қып-қызыл жала! Жетістікті көре алмайтын жаудың сөзі бұл!

– Төраға мырза, микрофонын өшіріп тастаңыз…

– Қашанғы тыңдай береміз! Бойлай айтатыны осы. Оппозицияның рупоры!

Танауы таңырайған бір тапал сары ұшып тұрып, көшенің бандиті секілді, екі ұртына екі саусағын тығып, құлақ тұндыра ысқырып-ысқырып жіберді. Басына қоқырайтып жирен парик киген, шықшыты шодырайған жылтыр бетінен шыбын тайып құлағандай, дембелше қара қатын төпілиін шешіп, табанымен үстел бетін үсті-үстіне ұрды:

– Тоқтат! Тоқтат!..

– Жарайды, тыңдамайтын құлаққа сөз шығындамайын! – Серке Абдуллин папкасын қолтығына қысты да, залдан жеделдете басып шығып кетті. Соңынан бір әйел мен екі еркек қосыла ерді.

«Түу, құтылдық па, әйтеуір» дегендей, төр иесі терісі кеңіп, креслоға нығыздана шалқалады.

– Міне, ханымдар мен мырзалар, «қырық кісі бір жақ, қыңыр кісі бір жақ» деген осы! Қашанда бүйректен сирақ шығарып, шырық бұзады да отырады. Оны тыңдасаң, бізде оңған бір нәрсе жоқ, бәрі құрыған, бәрі бүлінген, шіріп, былығып біткен… Шынымен де солай ма? Өздеріңіз айтыңыздаршы құдайшылығын?

– Жоқ, ойбай, олай емес!

– «Банда четырёх» деген осы! Қарасы өшсін бұлардың!

Барлығы орнынан атып тұрып, бір дауыспен қосыла айғай салғанда, алтын күмбез күңірене жаңғырып, хрусталь шамдалдардың кейбір лампасы тарс етіп жарылып кетті. Жаңағы сары парикті қара қатын төпілиін ұстаған күйі қолын үсті-үстіне жоғары сермеді:

– Төраға мырза, сіз ондайларды көңіліңізге алмаңызшы, тегі. Көре алмайтын дұшмандар не демейді? Мен, өз басым, оның сөзін ешқашан тыңдаған емеспін. Бір құлағымнан кірсе, екінші құлағымнан шығып кетеді. Ызыңдаған жел секілді, ешбір әсер етпейді. Мысық тілеу, ниеті бұзық адамға ғана дүниедегінің бәрі жаман боп көрінеді. Олар үшін жылт еткен жақсы ештеңе жоқ. Әйтпесе біздегі атқарылған жасампаздық істер қаншама! Ұлан-ғайыр жетістіктерге жеттік. Көкірегі көрбілте болмаса, соны неге көрмейді? Аз жылдың ішінде Шығыс Азия барысындай прогрестің биік шыңына бір-ақ қарғыдық. Артта қалған үшінші дүние елдері қатарынан әлемнің ең озық отыз мемлекетінің қатарына қосылып отырмыз. Мұның бәрі біздегі дана басшықтың арқасы екенін бүгінде әлем мойындайды…

Төр иесі «қара пұшығым-ай, айта түсші осыныңды!» дегендей жаны сүйсініп, ақ торғын қолорамалымен көзінің қиығын сүртіп қойды. Залдағылардың бәрі бірімен бірі жарыса микрофонға жармасты. Сөйлеп жатқанның сөзін бітіртпей, екіншісі бір бүйірден киіп кетеді.

– Дұрыс айтасыз, Балқия Айтқалиевна! – Дауысы микрофонды жарардай шиқан бет сары гүж ете түсіп еді, төпілиін төбесіне көтерген қара қатын сөзінің бар тәттісі әлі таңдайында тұрғандай бір жұтынып ап, ежірейе қарады:

– Тоқтай тұршы-ей, сөзді бөлмей…

– Ылғи сіз сөйлей бересіз бе, біз де бірдеңе айтайық та?..

– Осы сендерде мәдениет қайда? Кісіні ауыздан қағып…

Екеуі тәжікелесіп тұрғанда, үшінші микрофон саңқылдап қоя берді:

– Алдымда сөйлеген әріптесімнің сөзіне толық қосыламын. Айдай әлем танып отырған біздің жетістіктерімізді дұшпан ғана көре алмайды. Басқаны былай қойғанда, Орталық Азияда біздің алдымызға түсер кім бар? Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстандағы елдің тұрмыс жағдайы қандай? Жетісіп, жырғап тұрса, бізге қаңғып кеп там соғып, көше сыпырып жүре ме? Осыны неге ойламаймыз, достар? Бізден бақытты кім бар, айтыңыздаршы?..

– Ойбай-ау, оны қойшы, мынаны айтсаңшы! – деді біреу тамағын жырта шыңғырып. – Он жылда осындай әсем қала тұрғызған ел адамзат тарихында болып па екен? Құдайшылығын айтайықшы, достар, сәулет өнерінің бүкіл даналық үлгісі бір бойында тоғысқан осындай ғажап шаһар жер бетінде бар ма екен? Оң жағыма қарасам – Токио, сол жағыма қарасам – Париж, соңыма бұрылсам, Римде… жүргендей боламын. Шынында да, бізге келген саяхатшылар «Әлемнің Тоғызыншы кереметі» деп атаса, атағандай емес пе! Ал осынау ғажайып қаланың Бас архитекторы кім?

Бәрі дүркірей орнынан тұрып, бір сәтте, бір кісідей сұқсаусақтарын төр иесіне қарай созды:

– Сіз! Сіз! Сіз!

Ары қарай біріне бірі дес бермей жарыса сөйледі. Бесінші… он сегізінші… қырық алтыншы… тоқсан үшінші… Сөйлеп жатыр, сөйлеп жатыр…

– … Біз ТМД елдері арасында бірінші боп ОБСЕ-ге төрағалық жасау құрметіне ие болдық! Бұл деген біздің нағыз демократиялық ел екенімізді әлемнің мойындауы емес пе!..

– … Тіпті Рим Папасы Иоан Павел Үшіншінің өзі біздің елге келіп басын иген жоқ па. Бүкіл Еуразия кеңістігінде бізден басқа қай елдің топырағына ондай әулиенің қасиетті табаны тиіп еді? Жамандық атаулыны киелі кресімен аластап, елімізге ақ батасын берді!..

– … Алпыс бес елдің арасынан жеңіп шығып, әлемдік ЭКСПО көрмесін өткіздік!..

– … Біздің еліміз әлемдегі бірден-бір келісім Алаңына айналып отыр. Сондықтан халықаралық форумдар мен саммиттер ай сайын бізде ғана өтеді!..

– … Астана Күнінде бір қазанға бір тонна екі жүз килограмм ет асып, Гиннестің рекордтар кітабына ендік!..

– Халқымыздың әл-ауқаты күн санап артып келеді. Жан басына шаққанда орташа табыс Қырғызстаннан жеті, Өзбекстаннан он бір, Тәжікстандағыдан он төрт есе көп!..

– … Біздегі ең төменгі айлық қазір бес жүз мың теңгеге жетті!..

– … Біз деген! Біз деген! Біз деген!..

Бір қарасам, төрдегі тәмпіш танау екі иығы селкілдеп жылап отыр екен. Көзін сүрте-сүрте, қолындағы ақ торғын орамалы жасқа шылқып күлгін тартып кетті.

– Уау! – Есім шыққаннан айғайлап жібердім. – Құдайым-ау, осындай бақытты елде тұрғанымды қалай білмегенмін! Қап-ай, неге ғана өле қалдым екенә ә, неге? Қайтсін-ай енді, күндіз күлкі, түнде ұйқы көрмей жүріп мына кісілер ұжмақ жасапты ғой, жүдә! Соны көретін мына біз сорлыда көз помапты да! Көз емес үңірейген жараның орыны екен… Жо-жоқ, өлсем де мейлі, бұл пейіштен бәрібір кетпеймін!

Небір жан тебірентер сиқырлы сөздердің күмбірі сыңғыр қаққан алтын күмбездің астында шамдалдардың шуағына шомылып тұра бергім келді. Жан рахатынан бір сәт мүлгіп кеткендеймін.

Төр иесі микрофонды қаламсабымен тықылдатып, жұртты тынышталуға шақырды:

– Кәне, ханымдар мен мырзалар, мәселені талқылап болсақ, дауысқа салайық!

Төрдегі табло жарқ-жұрқ жанды. Жаңағы шығып кеткен төртеуден басқасы, жүз пайыз дауыс берді. Бір-бірінің қолын қысып, арқадан қағып гу-гу.

– Бензиннің бұл өскеніне де тәуба дейік!

– Қанша рет талпынып өткізе алмап едік, ақыры сәті түсті.

– Бүгін бір тойлайтын болдық! Ха-ха!..

Жан-жақтан жарыса дарылдаған күлкіден бағанағы жым-жылас жоғалып кеткен шайтанның күлкісі қайта жаңғырды. Дәл сол күлкі, қылғына қар­қылдаған, сықылықтаған, даңғойлана дарылдаған… Мың-миллион шайтан жан-жағымнан қамалап сақылдап тұрғандай, алтын сарайдан қалай атып шыққанымды білгем жоқ.

Өлгенім, жүдә, жақсы попты

Шіркін, өмірде небір ғазиз жүректі ғажайып жандар бар-ау! Тек солардың қатар жүріп қадырын біле бермейтініміз өкінішті-ақ. Тәукебайды мұншалық тілеулес, жанашыр деп кім ойлаған. Шын дос, азаматым-ақ екен. Телевизордан менің жаманат хабарымды естігенде, төбесінен жай түскендей жайрап қалды. Түнімен дөңбекшіп ұйықтаған жоқ. Аһылап-уһілеп, қайта-қайта шылым шегіп, менің сақтауға берген кейбір қолжазбаларымды арлы-берлі парақтаумен болды. Әй, туған бауыры өлсе де, дәл бүйтіп күңіреніп жаны қиналмайтын шығар-ау. Ойлап отырсам, маған әкем жасамаған жақсылықты жасапты ғой сабазың. Қаңғып жүргенімде, үйіне әкеп паналатты; ұрын баратын күйеудей әспеттеп, супермаркеттен басымнан-аяғыма дейін шыт жаңа киіндірді. Тіпті, барахолкадағы осы күзетшілікке де орналастырған сол емес пе еді!

Ал оның жанында Өмірзақ не істеді? Жаман-жақсы болса да, жарты жылдай дәмдес болдық қой. Ищәй дескен жеріміз жоқ. Кеше мен атылып өлісімен екі милиционер келіп, төсек-орынымды тексерген. Не бар, не жоғын хаттап алған соң, мыналарды бір бұрышқа жинап қойыңыз, туыстары келсе алып кетер, келмесе, қоқысқа лақтыра саларсыз деген. Омқаң заттарымды жинамас бұрын әрқайсын мұқият қарап, сүзгіден өткізді. Жастықтың тысына жасырған жеті мың сегіз жүз отыз алты теңгемді көргенде көзі жайнап кетті. Жып еткізіп шалбарының қалтасына сүңгітіп жіберді. «Әй-әй, мұның не, Омқа, қиянат қой! Бала-шағама берші!» деп шыр-пыр айғайлаған боламын. Оны естіп жатқан Омқаң жоқ. Иығына газет жауып шегеге іліп қойған ескі пенжағыма да ревизия жасап, бір пәшкі басталмаған «Кент» пен ескі «Полороид» көзілдірігімді де кәмпескелеп алды. Осының өзін әжептәуір олжа көріп, көзі күлмің-күлмің қағады. Жындының өлгені жақсы болды-ау деп отырғандай.

Ертеңінде тауық шақырмастан Тәукебай алқынып жеткен. Омқаңнан мән-жайды сұрастырды. Қабағы түйіліп, басын үсті-үстіне шайқады: «Қап-ай, обалы-ай, обалы-ай!»

– Заттары міне, алып кетсеңіз, – деп Омқаң бұрышта үюлі тұрған көрпе-жастық, киім-кешектерді көрсетті.

– Жазып жүрген қағаздары болушы еді?

– А, мынау ма? – Өмірзақ «Бухгалтерская книга» деген жемтір-жемтірі шыққан жалпақ журналды суырмадан алып берді. – Марқұм түнімен ұйықтамай бірдеңені жазатын да отыратын. Шам жарқырап ұйқы бермеді деп талай рет ренжісіп те қалатынбыз.

– Басқа жоқ па?

Өмірзақ мүдіріп иығын қақты. Тәукебай сеніңкіремей, әр жер-әр жерді тоңқаңдап өзі қарауға кірісті. Мен қолжазбаларымның бір-бір данасын қайда барсам да өзіммен бірге ала жүретінмін. Машинкаға терілген кереқарыс-кереқарыс алты папканы кереуетімнің бас жағындағы тумбаға қалап, сыртын газетпен орап қойғанмын. Тәукебай тоңқаңдап жүріп соны тауып алды.

– Оһ! – деді көзі жайнап. Кеудесіне басып, мас болғандай шайқалақтап тұр. Омқаң қабағын шытты. Білсе де айтқысы келмеген. Қағаздары сары, жұмсақ. Селёдка жегенде қол сүртуге не туалетке апарғанға жақсы деп ойлаған.

Тәукебай енді аялдаған жоқ, қағаздарды апарып машинаның жүк сандығына салды да, жүріп кетті. Айнала кептеліс. Бірінің артын бірі иіскеп құмырсқадай жылжыған ұзын-шұбақ көш. Бір жүріп, бір тұрасың. Темекіні үсті-үстіне будақтатып, ашық терезеден ыршыта түкіріп түксиген қабақ, қабарған жүздер.

Тек жер-дүниедегі жалғыз риза адам Тәукебай ғана шығар. Бір әннің басын, бір әннің аяғын әр жерден бір шалып ботқа қылып, дамылсыз ыңылдап келеді: «Қоғалы-ай… Ахау, Семей, тіл мен көмей… барында базарыңның ойна да күл… Уа, дариға, әпитөк… жан қалқа, болдым ғашық бір өзіңе… Баурында Алатаудың гүл теремін…» Арасында жалпақ беті жайылып, шегір көзі сығырайып, жымың-жымың етіп қояды.

Ғылымның айтуынша, стресс алған адам не істеп-не қойғанын білмей қалатын көрінеді. Біреу бақырып жылайды, біреу жөн-жосықсыз сықылықтап күле береді. «Е, жан досынан айрылған оңай ма. Бұл да қатты стресс алған ғой, жүдә» деп ойладым.

Тәукебай ағызған күйі салып-ұрып «Land krusor»-дің тұмсығын біздің үйге тіреді. Жәнияны көрген бойда әр қабағының астына бір-бір тонна қара бұлт ілініп, мұрынын қорс-қорс тартып құшақтай алды. Жәния өңірі жабық, ұзын жең қоңыр көйлек киіп, басына ақ жаулық тартқан екен.

– Тәуке-ау, досыңыздан айрылып қалдық қой! – деп аңырап қоя берді.

– Сабыр ет, Жәния, сабыр ет! Тағдырдың ісіне не шара? Менің де төбемнен жай түскендей болды…

Жәния көзін сығымдап жүріп шай әзірледі. Төргі үйге үстел жайып қойыпты. Дастархан жүдеу. Бауырсақтың шетінен үзіп, бір кәсе шай ішіп, бетін сипады.

– Жағдайыңды түсінем, Жәния. Тас түскен жеріне ауыр. Келімді-кетімді кісілерің болады, соған жұмсарсың. – Тәукебай он мыңдықтың онын санап үстелдің шетіне қойды. – Жетісі, қырқы… басын қарайтуы бар, бәріне өзім көмектесемін. Қысылма. Артын дұрыстап өткерейік.

Жәния бетін екі алақанымен басып жылап жіберді. Мен де қосыла сыңсыдым төбелерінен. «Қайран досым-ай, ер екенсің, азамат екенсің! Әттең, қадырыңды білмеппін-ау!»

– Рахмет, Тәуке! – деді Жәния өксігіне тұншығып. – Бұл жақсылығың бізден қайтпаса, Алладан қайтсын!

– Жетісіне қанша адам жиналады? Шамасына қарап кафеге заказ берейін.

– Жоқ, әуре болмай-ақ қой. Тауфих марқұм қызық еді ғой. Өз бетімен қиялданып жүре беретін. Ешкіммен араласқан емес. Осында бірге оқыған үш-төрт жігіт бар. Естісе солар келер. Көршілердің басын қосып үйде нәзір берермін.

– Қой, арыстай азаматқа ұят болады. Аралас-құралас жақын-жуықтың бәріне хабарлас. Көптің бата-тілегі – сауап, ағайынның басын қосып, кафеде өткізейік.

Тәукебай ақыл-кеңесін айтып кетісімен, Жәния өмірі ұстап көрмеген көп ақшаны қайда сақтарын білмей, шифоньердегі ішкиімге ораса да, балкондағы ескі етіктің ішіне тықса да… әлдекімнің сұғанақ қолы суырып алардай әр нәрседен күдіктеніп есі шықты. Келімді-кетімді кісінің қайсысының ішіне кіріп-шыққандайсың, оның үстіне баласы түскірлер де ақша көрсе, қалай деп бола ма, қорқыныштан неше түрлі қауіпті ойлап, ақыры лифчигіне салып алды да, дүкенге қарай жүгірді.

Қарыздарын өтеп, екі тор қалтаны теңселе көтеріп үйге қайтқан. Дастархан жасап, көрші-қолаңды шақырмақ. Қазанды толтырып ет асқан. Көптен бері қызылсыраған балалар ет піскенше үстіне түсе жаздады. Қашан піседі дегендей қайта-қайта есіктен сығалайды. Қонақ келетінін естігенде, екі ұлдың қабағы түйіліп кетті.

– Ой, зачем чужих кормить? Лучше самим есть! Бөтен біреуге бергенше, өзіміз жемейміз бе! – деді Қошқарбек ұртын толтыра бұрқ етіп.

– Олай деме, балам. Әкеңе деп асып жатырмыз. Құран оқытамыз. Елдің «тие берсінін» аламыз. Көптің тілегі – көл, сауап болады. Халқымыздың дәстүрі емес пе?

– Казахи – бараны, во всякую ерунду верят! Қазақ деген мал, қайдағы-жоққа сенеді!

– Әй, Қошқар, ты сам – баран! Сандырақтамай жап аузыңды!

Кешке қарай бес-алты көрші жиналды. Шегебай шал «Құлху Аллаһты» шала қайырып құран оқыды. Көппен бірге Маша да қол жайып, бетін сипаған. Шал тақуалығы ұстап, мұның қалай дегендей үдірейе қарап еді:

– Ой, ата, мне все равно. Бог – один! – деп Маша қолын сілтеді.

Балалардың да аузының дәмі кіріп, бір қаужаңдап қалды. Әсіресе Қошқарбегім көңілді. «Түу, әкемнің өлгені қандай жақсы болды, етке бір тойдым-ау!» дегендей ықылық атып диванның үстінде шалқалай қарынын сипалады. Балаларыма қарап мен де риза болдым. «Тірімде жарытып тамақ ішкізбеп едім, өлгенде бір тойғыздым-ау! Өлгенім жүдә жақсы попты да!» деп елжіредім.

Ит те жылайды

Тірі жан ішінде мен үшін ең көп қайғырған күшігім – Геля болды. Тұмсығын көкке көтеріп ұлып, қыңсылап бір сәт жағы семген жоқ. Ит те жылайды екен. Екі көзінен жас бұршақтап, бүйірі солқылдап дамылсыз өксіді. Сонау барахолкадан машинаның соңынан шыжыған асфальтта қызыл табан боп жүгіріп мәйітханаға дейін еріп келді. Мәйітхананың аңқая ашылған қисық ауыз есігінен өлік иісі аралас хлор сасиды. Екі жігіт зембілді тәлтіректей көтеріп есіктен енгізе бергенде, Геля да бұттарының арасынан сығылысып ішке ентелеген. Жігіттің бірі: «Пошла, вон!» деп қара тұмсықтан қаңқ еткізіп бір тепті. Геля лақтырған терідей, жерден кісі бойы көтеріліп барып анандайға жалп ете түсті. Қыңсылап, тұмсығынан аққан қанды тілімен кезек-кезек жалап біраз жатты. Сәлден соң ауланың бір бұрышына барып шоқайып отырды. Содан қайтып сол жерден жылжыған жоқ. Кірген-шыққандарға алақ-жұлақ қарап қыңсылайды. Ием әне шығады-міне көрінеді дәмемен күте-күте күдері үзілгенде, дауысын созып ұлып-ұлып алады. Ондайда көзінен жас ағыл-тегіл моншақтап кетеді. Тапжылған жоқ, бауырын жерге төсеп мөлиіп жатты да қойды.

Екінші күні мәйітімді іштен алып шыққанда, дүр сілкініп атып тұрған. «Уһ, шықтың-ау, әйтеур» деп қуанып кеткендей, құйрығын бұлғаңдатты. Есігі сарт жабылып, зулай жөнелген катафалктың соңынан ол да салып-ұрып сүркілдеді. Өткенде ыстық асфальтпен жүгіріп табаны қызыл-ала қан боп сыдырылып қалған. Жалап, енді қара қотырлана бастаған табаны бастырар емес. Жиектегі ағаш-ағаштың арасындағы шөптесінмен машинаның қарасынан көз жазбай жүгіріп келеді.

Катафалк құлдилағаннан-құлдилап, қала сыртына шықты. Шаңы шыққан айдау жолдан соңына шудасы желкілдеген сары атанның көшін шұбата, Боралдайдағы қалың зираттың шетіне құйғытып кеп тоқтаған. Қара жолақ домалақ «Газельдің» құйрығына міне түскен бір қора шаң сырғып барып тоңқалаң асты.

Екі жігіт ағаш табытты көтеріп жерге түсірді. Жыпырлаған қалың зират. Басына қада қағылып, төрт бұрыш тақташаға цифрлар жазылған жалаңаш төмпешіктер. Бұққан кірпідей ескілерінің үстіне тікенектеніп шөп өсіп кеткен. «Өлген қайсың барсың, кәне келіңдер» деп аузы үңірейіп, алдын-ала қазылып дайын тұрған қабірлер қаншама. Үйіндінің қасында сұлап-сұлап жатқан төрт еркек орындарынан созалаңдай тұрды. Үсті-бастары ағал-жағал, кірпіктеріне дейін шаң басқан. Екі жігіт кеп амандасты.

– Қалай, азаматтар, шаршап жатқан жоқсыңдар ма? – деді білезігінен шынтағына дейін жүн ұйысқан жуан сары қуақылана дауыс көтеріп.

– О не дегенің, қайта көбі жақсы емес пе? Өткен айда премиальный алдық! – Ұрты суалған еңкіш қара өміріне дән риза қалыппен езуі ыржия күлді.

– Жақсы ендеше, жұмыс көбейсін… – Жуан сары халатының қалтасынан алып, ортасына қалам қыстырылған қоңыр дәптерді ашты. – Мына жерге қол қой.

Олар сөзге айналып жатқанда, Геля ұрлана басып табытқа жақындай берген. Табытты иіскелеп, қыңсылап шыр айналып жүр. Жуан сары екі күннен бері иесін іздеп ізінен қалмай жүрген итке таңырқай қарап, басын шайқады:

– Ну и собачка!

Машинадағылар көп аялдаған жоқ, келген жолдарымен кері бұрылды да тайып тұрды.

Қабіршілер іске кірісті. Арқандарын сайлап табытқа қарай жүрген. Геля жақындатар емес. Шыр айнала жүгіріп, ырылдап айбат шекті.

– Ой, әкеңді,.. мынау қайтеді-ей!

– Құтырған ит шығар, қауып ап жүрмесін! Кет, жоғал!..

Қабіршілердің бірі күрегімен жасқап, екіншісі тас лақтырып, әзер дегенде қуған. Сонда да алысқа ұзамай анандай жерден үріп, абалаумен болды.

Қабір – сары керіш топырақты лахатсыз, тікшелеп қазған кісі бойы шұңқыр. Жігіттер табытты екі жағынан арқанмен саумалап түсірді. Бетін плитамен жаппастан, табыттың үстіне топырақ лақтыра бастады. Жалаңдаған төрт күрек жарыса сілтеніп, үйіндіні тұс-тұстан жапыра жөнелді. Бұрқырап ұшқан қалың шаңның тұманынан төрт құбыжық қорбаңдап шыға алмай жатқандай. Әне-міне дегенше шұңқырдың аузы жал болып үйілді. Етегін көтере қоянжондандырып шошайтты да, бас жағына қада қақты. Төртеуі үстерін қаққыштап, алқа-қотан тізерлей шөкті. Іштеріндегі панамасын баса киген, сирек сақалды құран оқып, беттерін сипасты. Содан соң күректерін иыққа асып, кіреберістегі бетон дүңгіршекке қарай беттеген.

Геля соны күтіп отырғандай, шоқиған орнынан ұшып тұрды. Басын жерге салып, бүлкектеп қабірдің жанына келді. Төмпешікті иіскелеп, шыр айнала жүгірді. Мұрынымен қорс-қорс топырақ тартып, арасында дыбыс аңдығандай құлағы тікірейе қалт тоқтай қалып, не істерін білмей аласұра қаңқ-қаңқ етіп, ұзақ қыңсылады. Келесі сәтте ақыл тапқандай, қабірдің бүйірін алдыңғы екі аяғымен бұрқыратып қаза бастады. Қопсыған топырақты үңгіп, мойнына дейін сүңгіп кетті. Құран оқығандар қырық қадам ұзаған соң, Мәңкүр-Нәнкүр келіп, лахатта тізерлетіп қойып сұрақ алады дейтін. Сол екеуі келгенше, лахатсыз тар көрде қысылған тәнімді суырып алғысы келетіндей.

Геля үңгірдің аузына ентелей қарады. «Олар сені осында көміп кетті. Білем, иісіңнен сезіп жатырмын. Ием-ау, тығылмай бері шықшы!» дегендей алдыңғы екі аяғын созып, құйрығын бұлғаңдатып қояды. Үңгірге мойынын созып, қайта-қайта қарағыштайды; тұмсығын тығып, қорс-қорс иіскелейді.

Әне шығады, міне шығады дәмемен ұзақ аңдыды. Әбден сілесі қатқан соң шоқиып отырып алып, тұмсығын көкке соза ұлыды. Екі бүйірі солықтап, қыстыға өксіді. Көзінен жас парлап, бейіт басында жоқтау айтып зарлайтындай…

Ымырт қараңғысында жым-жырт мүлгіген қабірстан күрсіне күңіренді. Жағы семген жоқ. Арасында талықсып кетіп, дауысы бәсеңдей өшіп, қайтадан қаңқ-қаңқ қыңсылап, өксігін озандай созады. Күн ұлыды, түн ұлыды. Мен де қосыла егілдім. Баларым да, әйелім де, достарым мен туыстарым да мен үшін дәл осылай қайғырмайтын шығар. «Итті де иесімен қина» дегенді бір білетін қазақ айтқан-ау! Иесіне адал беріліп, иттей шын жақсы көретін тіршілік иесі бар ма екен? Басынан сипағым келді. «Гелочка, күшігім, айналайын! Мен ешқайда кеткем жоқ, міне төбеңде бәрін көріп тұрмын!» деймін елжіреп. Геля, әлбетте, естіген жоқ, мен көргенмен ол көре алмайды.

Шілденің күні шақырайып тұр. Жер қуырған ыстық. Көлеңке-қалқаға тығылып, айналада қыбырлаған жан баласы көрінбейді. Тек Геля ғана орнынан қозғалған жоқ. Үңгір аузында ыңырсып жата берді. Шөл қысып, екі бүйірін соғып әбден әлсіреді. Бір мезет талықсып кетті. Ес жиған сәтте қайтадан қаңқылдап өкси жөнелді. Бірте-бірте үні өшкіндеп, көмейінен тұншыға ыңырсыды. Жұмылған көзінің қиығында қос тамшы мөлдірейді.

Менің шыбын жаным шығып кете жаздады. «Күшігім-ау, бүйтіп жатып өліп қаласың ғой, тұршы! Анау қарағаштың арғы жағындағы арықта су бар. Түрегел, тұршы!» деймін шырылдап. Бірақ онымнан не пайда. Өлінің тіріге көмектесе алмайтыны қандай жаман! «Өлдің, Мамай, қор болдың!» деп осындайда айтқан-ау! Бар қылған қайраным, төбесінде шыр айналып жылай бердім. Моншақтаған ыстық жасым жаңбырдай себелеп, сәл де болса сеп болар деймін.

Үшінші күні Тәукеба келді қара «Джипін» тоңқаңдатып. Тақтайшадағы цифрды оқып, іздегені осы екеніне көз жеткізген соң, езуіндегі темекіні бір-екі құныға сорды да, тұқылын иығынан асыра әулетіп шертіп жіберді. Шөгетін түйедей ауыр денесін ілгерінді-кейінді шайқай жүрелей кетіп, құран оқыды. Бетін сипай бергенде, салмағын билей алмай құйрығымен жалп етіп шоңқайып қалған. Аударылып-төңкеріліп орнынан әзер тұрып, үстін қаққыштады:

– Әй, құрдас-ай, тоғыз қабат топырақтың астында жатсаң да, аяғымнан шалып жатырсың ба? Қай қылығым жақпай қалды? – деді күлімсірей күбірлеп. Содан соң қабірді құшақтап, сүйектері арса-арса, бүйірін әзер соғып жатқан Геляға қарап басын шайқады:

– Е, бейшара-ай, шын дос, шын жанашыр сен екенсің ғой!.. Кел, сары күшігім, алып кетейін. Иең саған риза. Босқа өліп қаласың. Сендей жақсы ит маған да керек. Жүре ғой, күшігім, кел!.. – деп ұмсына беріп еді, Геля екі аяғымен үңгірдің ернеуіне жабысып, әлсіз дауысымен ырылдады.

Тәукебай ары қарай жақындауға батпады. Машинасына мінді де кетіп қалды. Біраздан соң қайта келді жүйткіп. Шіркін, Тәукебай кісі екен ғой! Екі қолында екі жуан пакет. Бес литрлік «Таssay»- дің екі құмырасы, құлаштан аса бір тізбек сардельки, грильде мейіздей боп қуырылып, терісінің майы бүртік-бүртік көпіршіген тауықтың тұтас ұшасы… Анау-мынау тойдың сыбағасындай. Тірі кезімде менің өзімнің таңдайыма тие бермейтін тағамдар. Ит түгілі өзімнің ындыным құрып ентелей түстім. Қайран Тәукеңді де пәлен-пәштуан деп күстаналайтын пенде бар ма екен мына жалғанда!

Тәукең құдағиындай құрметтеп, Геляның алдына дастархан жасады: құмыраны көлденең жатқызып, үстіңгі бетін тұмсық сыйатындай дөңгелетіп бәкімен ойды; сарделькиді кесектеп турады; тауықты буын бұрқыратып бұтарлады. Геля орынынан тұра алмады, жатқан күйі мойынын созып, судан сылпылдатып біраз ішті. Тамаққа қараған жоқ. Уысымен іліп ап басына, үстіне су шашты шылқытып. Геля бүйірін соғып жата берді. «Алдыңа ас қойдым, аяқ-қолыңды бос қойдым, енді менде қарызың жоқ» дегендей, Тәукебай сәл тұрды да, машинасына қарай жүрді. Кеткенін аңдып тұрғандай, айналадағы тырбиған қарағаш, жыңғылдардың басына қарқылдап, шықылықтап қарға-сауысқан қонақтай бастады.

Түнгі салқында су ішіп, қарға-сауысқанннан қалған сарқытпен жүрек жалғап әл жиған Геля тәлтіректеп орынынан тұрды. Шоқиып отырып тағы да ұлуға көшті. Қияқтанған айға тұмсығын созып, қарлыққан әлсіз дауыспен көкірегі қопарыла өксіді. Оған айналадағы ауылдың иттері қосылды үріп-шәуілдеп. Азан-қазан дауыстан түнгі аспан күңіреніп тұрды.

Өкси-өкси әбден өкпесі өшкен мезетте Геля үңгірге басын тығып, қос-қорс иіс тартты. Ол неге шықпайды деп ойлады. Ол осында. Ана кісілердің көміп кеткенін көзімен көрді емес пе. Ешқайда кеткен жоқ. Неше күннен бері тырп етпей аңдып жатты ғой. Жоқ, іздеп табу керек. Бар күшін жиып, алдыңғы екі аяғымен үңгірді қаза бастады бұрқыратып. Үңги берді, үңги берді. Кенет тереңнен жіңішкелеп бір иіс мұрнына жеткендей болды. Иесінің иісі! Қуанып кетті. Қапырық түнекте тұншыға қыңсылады. «Таптым, таптым сені. Ешқайда кетпе. Қазір жетем. Міне, міне таяп қалдым! Енді сенен айрылмаймын, ием-ау!..» Есі шығып, еліріп кеуек топырақты тыпырлай үңгіп, сүңги түсті.Үңгір аузында қылтиған құйрығының ұшы бір уақытта қимылсыз қалды. Бұл кезде Геляның жаны қаншама күнгі азап пен қайғыдан әбден титықтап бұрлыққан тәннен бөлініп көкке ұшып шығып еді. Еркіндікте рахаттанып самғап келеді.

– Геля-тай, күшігім! – дедім қуана айғайлап. – Бері кел, мен мұндамы-ын!

Бір-бірімізге құстай ұштық. Көрген бойда құшақтаса кеттік. Жылап жүрміз, күліп жүрміз.

– Ием-ау, неге мені тастап кеттің?

– Мені мұнда Құдай алып кетті ғой!

– Мені бірге ала кетейік деп Құдайға неге айтпадың?

– Құдай кімді алатынын ешкімнен сұрамайды.

– Қатты қиналдым, өзіңсіз өмір сүре алмайтынымды білесің ғой.

– Неге өмір сүре алмайсың? Әне, бала-шағаларым өмір сүріп жатыр ғой менсіз-ақ?

– Олар – адамдар. Адамдарды түсінбеймін.

– Түсінбегенің жақсы.

– Неге?

– Түсінсең, жек көріп кетер едің.

– Сен жақсысың ғой?

– Мен – жындымын, сондықтан жақсы көресің.

– Бәлкім олар ақылды болған соң басқаша шығар?.. Мейлі, сен жынды болсаң да бәрінен жақсысың. Көзімді ашқаннан көргенім өзіңсің, мені асырадың, бақтың. Аузыңдағы жарты жапырақ нанды бөліп бердің. Бір елі ажырасқан емеспіз. Қалай сенсіз өмір сүре алам? Тастап кетсең де, міне, бәрібір тауып алдым!

– Айналайын, күшігім, енді мәңгі бірге боламыз!

Ертеңінде Тәукебай үй-ішімді машинасына отырғызып, зират жаққа келе жатты. Жәния мен үлкен ұл-қызым артқы орындықта. Қошқарбай Тәукебайдың қатарына жайғасқан. Өмірінде джипке мінгені осы. Жүрісі қандай десеңші, әне шұқанақтың өзінен сәл бүлк етіп сырғи өте шықты. Іші сап-салқын. Салоны ақ былғарымен қапталған. Панелі жыпырлаған кнопка. Бәрі электроника… Пейіштің ішінде келе жатқандайсың. Әлем-жәлем арманға еліккен баланың қиялы сан қиырға шарықтап кетеді. Шіркін, мына Тәукебай аға менің әкем болса ғой дейді ішінен күрсінгенде ыстық демі бетін шарпып. «Папуля, бере тұршы!» деп кешке қарай машинасын сұрап алмай ма; ана Арно, Джефар, Саяттар сияқты қыздарды мінгізіп ап түнімен байгавать етпес пе еді!.. А то, менің паханым кім? Кісі ме сол да! Ит жетектеген әумесір біреу. Пахан деуге ұяласың. Енді соны әлдеқандай ғып неменеге жылайды екен. Осы мамуля да қызық, кеше ғана өзі сковородкамен басқа-көзге ұрып үйден қуып шықпап па еді! Үлкендерді түсінбеймін, шыны қайсы, өтірігі қайсы екенін ұғып болмайсың.

– Аға, ән тыңдауға бола ма? – деді іші пысқан Қошқарбай.

– Тыңдай ғой. Ана көкті бас.

– Әй, Қошқарбай, – деді Жәния зекіп. – Тойға бара жатырсың ба, әнің не сандырақтап отырған!

Зиратқа келісімен Жәния қабірді құшақтай құлады.

– Папа-оу, папатайым-ау! – деп қызым Айша да етпеттей кетті. Екеуі өкіріп қосыла зарлағанда, жел ұйтқып, айналадағы ши басы сусылдап күңіреніп кетті. Ұлдарым состиып-состиып анандай жерде тұнжырап тұр.

Жәния тізерлеген күйі екі бүйіріне кезек теңселіп, озандай өксіді:

– Жаным-ай, енді қайтейін, сақтай алмадым-ау сені. Ең болмаса мына қасыңда жатып өлген ит құрлы болмадым-ау! Көрмегенің жоқ, көп қиналдың. Алжасқан басым-ай, сүйеу болуға жарамадым ғой. Жаныңды түсінбеппін. Қайтейін-ай, қайтейін, арманда кеттің ғой, жаным!..

Шерін тарқатсын деп үнсіз тұрған Тәукебай біраздан соң басу айтып, орнынан тұрғызды. Бөтелкеден су құйып, беті-қолын шайғызды.

Тәукебай алдын-ала зират әкімшілігінен сұрастырып білген. Мұндағы көбінің аты-жөні белгісіз, іздеушісі жоқ жандар жерленетін жалпылама зират болғандықтан, жеке қабірге қоршау тұрғызуға рұхсат жоқ екен. Ең болмаса, басында белгі болсын деп, құлпытас жасатып әкелген. Қабірші төрт жігітті шақырып, жүксалғыштағы құлпытасты түсіртті. Тұғыры – кісі бойы жалпақ қызыл гранит, үстіңгі жағындағы қара мрамор тақтаға менің суретім оюланған. Жиегі алтынмен өрнектеліп, етегіндегі лавр жапырағы мен жазулар да алтынмен зерленіпті.

Жәния суреттің бетін алақанымен сыйпап, маңдайын басып үнсіз кемсеңдеді. Мен де елжіреп кетіп: «Жаным» деп жібере жаздадым да, тоқтай қалдым. Қой, құрсын, ұят емес пе, біреудің қатыны емес, өз қатыныңды қалай «жаным» дейсің! Қытығың келетіндей біртүрлі ыңғайсыз екен. «Байғұсым-ай!» дедім сосын бар аянышым мен алғысымды білдіре тұнжырап.

Тәукебай жігіттерге тапсырма беріп, ақысын төледі де:

– Ал, жүрейік, – деп Жәнияны қолтығынан демеді.

Жігіттер әрі-беріде-ақ құлпытасты орнатып қойды. Ешқайда жоқ оқшау белгі. Жоқтаушысы жоқ айналадағы қаптаған төмпешіктерге масаттана қарап, міне мені көрдіңдер ме, іздейтін досым бар, жылайтын әйелім бар дегендей қоқырайып тұрмын.Тақтадағы менің суретімді көрген Геля «ой, анау сенсің ғой, онда неғып тұрсың?» дегендей таңырқап шәу-шәу үрді.

* * *

Жәния жұма құрғатпайды. Автобуспен Боралдайдың бұрылысынан түсіп қалады да, бері қарай қара жолды шаңдатып жаяу келеді. Сол маңдағы қабіршілерге, некен-саяқ жүргендерге жеті шелпек таратады. Құлпытастың қарсы алдына тізерлеп, қағазға жазып алған құранын оқиды. Екі қолын жайып ұзақ тілек тілейді, кейбір жерінде тілі жетпей: «отче наш милосердный, прощу тебя простить все мои прогрешения, вольные или невольные…» деп орысшалап жібереді. Орнынан тұрып жаулығының ұшымен не беторамалымен мрамордың бетін сүртеді. Менің жадырап, күлімсіреп түскен суретіме қарап: «Саған жақсы шығар, маған өте жаман, кейде менің де өлгім келеді, Тәуфіш!» дейді құмыға кемсеңдеп.

Үйде үстел басында шүңкілдесіп шай ішіп отырғанымыздағыдай менімен күбір-күбір ұзақ сырласады: «Өмір деген қандай мағнасыз, түкке тұрғысыз нәрсе. Азаптан басқа көрерің жоқ. Сөйте тұрып несіне жанталасамыз? Мен өз басым неменеге сүйретіліп жүргенімді түсінбеймін. Өлімнен қорқамын ба? Өлім дәл мына өмірден қорқынышты емес шығар! Бір жағынан сенікі дұрыс. Бәрінен құтылдың!..» дейді.

Таңертең келсе, түске қарай, түсте келсе, бесін ауа екі иығы қушиып, басы салбырап шаңдақ жолмен теңселе басып ілбіп бара жатады.

Мені кім өлтірді?

Менің жаман-ат хабарымды естіген біраз таныстарым дүрлікті. Тәукебай «артын дұрыстап жөнелтейік, жетісін кафеде өткіземіз» деген соң, Жәния бар танитыны Аманғалиға хабарласып, бірге оқыған жігіт-қыздарға өзің айтарсың деген.

Аманғали – апалақтаған ақкөңіл жігіт. Жаман хабарға жаны түршігіп, кәдімгідей күйзелді. Балконға шығып, үсті-үстіне темекі тартып біраз тұрды. Ішке кіріп, шкафтан әйелінің тізесіне жағып жүрген жарты шөлмек спиртті алып, кесеге орталап құйып, сумен еселеді де, тартып жіберді. Шөмекке шөліркей қарағанмен әйелінің тыржиған быт-шыт қабағы көз алдына елестеп, қол созуға батылы бармады. Зәнталақ сезіп қоймасын деген айламен үстіне сәл су құйып, орнына қойды. Майбасқа телефон шалып еді, алмады. Шойынқұлақ – Сейітбекті төбесінен басты. Өзі де хабардар екен:

– Әкең… қиын болды, қиын болды! – деп зарлап қоя берді. Енді қайтсін, елдің бәрінен бұрын оның жақсылығын көбірек көрген сол еді. Сопроматтан талай чертежын сызып, политэкономиядан колоквиумын жазып беретін. Қабырғасы қайыспағанда ше!

– Иә, бұлай болады деп кім ойлаған. Жақсы азамат еді. Әсіресе сен үшін орыны бөлек екенін білеміз.

– Кетші-ей, сұңқылдамай. Өзін өзі аямаған адамға менің жаным ауырып тұр дейсің бе? Әкіри, отыз мың қарыз алып еді өткенде, аяқастынан өліп қалғанын қарамайсың ба!

Қарыз алғаным есіме түсіп, қатты өкіндім сол жерде. «Қап-ай, қарызымды өтеп барып өлмегенімді қарашы. Қалай ұмытып кеттім екен?»

– Астағфиралла! – деді Аманғали лоқси кекіргенде спирттің иісі кеңсірігін тіліп. – Уайымың қатты екен!

– Уайымдамағанда… Төрт айдан бері үйде отырмын, жұмыс жоқ. Басыңа тартсаң, аяғыңа жетпейді. Шым-шымдап бәрінен үнемдегің келеді. Пысықсып электресептегіштің бетіне магнит жапсырып қойып едім, кеше ұстап алып, елу мың штраф салып кетті.

– Жарайды, жағдайың қиын екен… Ертең жетісіне шақырып отыр. Қаншадан апарамыз? Бес, он?

– Көк тиыным жоқ. Айтып тұрса, ұқпайсың ғой. Отыз мыңым далаға кетті. Сол менің қосқаным!

– Тартюф! – деді Аманғали басқа сөз аузына түспей ызаланып.

– Ол не?

– Шығайбай!

– Ол кім?

– Сенсің! – Аманғали тұтқаны тастай салды. Бір курстан Алматыда жүргені төртеу ғана. Қалалық мәслихаттың депутаты болғаннан бері кеудесіне жел бітіп, кергіп сөйлейтін Дәуітбайды онша жақтырмайтын. Басқа ешкімнен қайыр болмаған соң, амалсыз телефон шалды. Бастығының бөлесінің қайынатасының жүз жетіге келген нағашысы қайтыс болып, ертең соны жерлеуге Шелекке барады екен. Реті келгенде, өзім кіріп шығармын деді.

Аманғали «Жасмин» кафесіне жалғыз келді сопайып. «Виагра» алам ба деп ұры қалтасына тығып жүрген бес мың теңгесі бар еді, газеттің қиындысына орап салып алған. Жәнияны құшақтап, көңіл айтып жатып соны қолына ұстатты.

Ауырып-сырқап қайтыс болсам, ешкім мән бере қоймас па еді бәлкім. «Атылып өліпті» дегенге едірейіп елең етпеген құлақ болмады. Баспа үйі, Жазушылар одағындағы көзтаныстарым темекі шегетін қалтарыста айғырдың боғындай үйіліп ап, күнделікті өткізетін «кіші құрылтайтың» кезектен тыс екі-үш мәжілісін маған арнады. Алғашқы күні біреу:

– Кеше «КТК»-ны көрдіңдер ме-ей? Сұмдық болды ғой, сұмдық! – деп отқа бензин шашып дүр еткізген. – Әлгі осында келіп жүретін жынды-сүрей бар еді ғой, сол атылып өліпті!

Бірі апыл-ғұпыл аузын жыбырлатып, бетін сыйпады, бірі жағасын ұстады.

– О, тоба, оған не бопты?

– Тегіннен-тегін атыла ма, бір гәп болған ғой.

– Қатыны ажарлы адам көрінеді, біреумен жүріп қойды ма екен?

– Бар пәле қатыннан шығады! Әй, Мырзан, сен байқашы, қатының жас, беті қызыл, үлбіреп тұр, қалай деп бола ма!..

– Өз қатыныңа ие боп ал, тырқылдап көп күлуі жаман кәпірдің…

– Бишараға обал болған екен дә, жүдә!

– Жанын баға алмай жүріп пистолетті қайдан алып жүр? Атылып өл деп біреу берген бе?

– Барахолкада күзетші екен. Мафияның ортасы ғой. Бір былыққа іліккен де.

– Қалай дегенмен бір қыспаққа түскен ғой, әйтпесе жан қимақ оңай ма!

Іштеріндегі мені жақынырақ білетін Мәкең – Мәлік деген кісі бағанадан бері әңгімеге араласпай тұрған. Екі ұртын жұмыртқа сиярдай шұңқырайтып, темекісінің тұқылын қызарта сорды да, ортадағы кинопленканың қаңылтыр қалбырына шертіп жіберді. Менің алты томдық романымның біріншісін оқып, үнсіз бас бармағын қайқайтқан. Бірақ бастығына шығаруға болмайды деп рецензия жазып берген.

– Әй, жігіттер, бәрін айт та бірін айт, үлкен таланттан айрылдық! – Басын шайқай күрсінді. – Жазу шеберлігі қандай еді. Нағыз планетарлық масштабтағы жазушы! Бізде ондай өредегі ешкім жоқ.

– Ой, Мәке, Әуезовтен де асырып жібердіңіз ғой тақа!

– Әуезов – өз дәуірінің өлшемі. Егер Әуезовтен асамыз, артып түсеміз деп ұмтылмасақ, қалам ұстап әуреленудің не қажеті бар? Әуезовпен бәрі бітті, толды, шалқып-тасып кемерінен төгілді деп отыра беру керек пе? Бұл ұлы Мұхаңды төмендету емес, әділ бағалау. Әдебиет әлемінің бір заңғар шыңы боп мәңгі қала бермек.

– Е, а-анау болды ғой! – Жұқалтым жалқақ сары екі иығы селкілдеп жортақтай күлді. – Мәкеңдердің дәмесі қайда жатыр. Әуезовтен асып түспек!

– Несі бар? Мен жазушылық принципті айтып тұрмын. Бұл – кредо!

– Ең болмаса, «Алаш» сыйлығын алса екен-ау!

– «Алашты» алғанға бірдеңе бітіріп тастадым деп жүрсің бе? Одақтың алдынан өтіп бара жатқан кез келген халтурщикке «мә, қоңқай» деп лақтыра салатын «Алашың» кімге дәрі!

– Одақтың алдынан сен де арлы-жүріп көрсеңші, мүмкін саған да лақтыра салар!

– Мен – халтурщик емеспін!..

– Қойыңдар, жігіттер! – Көзілдірігінің шынысы томпайған, имек мұрын, арықша кісі басалқы айтты. – Мәкеңдікі жөн сөз. Біз шын талантты бағалай білмейміз. Елемейміз, оқымаған, түк білмеген боп үндемей қоямыз, ішімізден күндейміз, орайы келсе, аяқтан шалуға шеберміз. Өз басым ол жігіттің ештеңесін оқып көргем жоқ. Тек анада Гер-ағаң марқұмның айқарма бет мақаласын оқып тәнті боп ем.

– Иә, арамыздағы жалғыз неміс – Гер-ағаң ғана бірден танып бағалады. Ал біз не істедік? Мазақ қылдық, нақұрыс-жынды дедік… шын мәнінде, оны өлтірген бізбіз. Тығырыққа тіреліп, өзін-өзі атуға мәжбүр еттік. Басқаны былай қойып, өз сорлылығымды айтсаңшы. Керемет классикалық романын оқыдым. Тамсандым, таңырқадым. Бірақ әлеуметтік өткірлігінен қорқып, баспаға ұсынуға жарамадым. Міне, біздің кісілік сиқымыз!

– Е, өлтірген өзің екенсің ғой. Бізге жаласын жаппа! – Жалқақ сары тағы да тақымнан тартып қалды есесін жібермей.

– Осы әлгі Айтматовтың «Ұшқынға» шыққан соңғы романын оқыдыңдар ма? – Көзілдірікті кісі таңдайын тақылдатып, өз сезіміне өзі мас болып, оңды-солды теңселді. – Ғажап дүние! Бұрынғы Айтматовқа мүлде ұқсамайды. Басқа деңгейге көтерілген. Шеберлік машығы да, тақырыпты қамту қарымы да тіптен жаңаша. Бірақ кейбіреулер ол роман әлгі жындыныкі екен дегенді естіп қалдым?

– Мен де естідім. Журналға романын апарған екен, мынандай кісі не жазушы еді дегендей, Боқанов оқымастан қайтарыпты. Содан соң, «мынау Айтматовтың бұрын белгісіз шығармасы, интернеттен тауып аудардым» деп алдап соққан ғой. Журналға жарқ етіп шыға келгенде, бәріміз аһ-оһ деп тамсандық.

– Кейін Боқановқа барып шынын айтқан екен, «сүмелек, не оттап тұрсың, сенің бұл сандырағыңа кім сенеді» деп, жігіттеріне сабатып, далаға лақтырып тастапты.

– Қырғыздар романның орысша нұсқасын жер-көктен іздеп, әлі таба алмай жүрген көрінеді.

– Е, Боқановқа қиын дейсің бе, қазақшадан аудартады да, оригинал осы дей салады. Бізде «өнертапқыштар» көп қой. Таңқалудан қалғанымыз қашан!

– Шықаңның шығармасы боп кетті дейсіз ғой!

– Босқа жоғалғаннан ол да жақсы. Басқа шығармалары не болады десеңші?.. О, міне, Боқановтың өзі де келді.

– Орта толсын, жігіттер. Жоғары Советтің сессиясына жиналғандай не талқылап жатырсыңдар?

– Ол жақта не талқылайтынын сіз білмесеңіз, біз қайдан білейік? Айтматовтың сіз басқан жаңа романының түпнұсқасы табылды ма екен деп жатырмыз?

– Табылмаса – табамыз. Сол да сөз болып па екен. Орысшаға аудартып қойдық.

– Сонда ол кісі қазақша жазған ба?

– Әй, пәле іздемесеңдер, қазақ боласыңдар ма! – Боқанов қолын шолтаң еткізіп бір сілтеп жүре берді…

Мен төбелерінен төніп кеп, бәрін естіп, бәрін көріп тұрмын. «Жынды болсам да, бірдеңе бітіріппін-ау. Мені де іздейтін, керек қылатын біреулер бар екен!» деп елжірей кемсеңдедім.

Мен не деген жақсы едім

Мұсылман қауымының өлген кісінің жетісін, қырқын беріп, не үшін қырық күн бойы шырақ жағып арулайтынын енді түсіндім. Адамның жаны тәннен бөлініп шыққан соң жеті күн – жеті қат көкте, қырық күн бойы қырық қат көкті айналып жүреді екен. Азды-көпті ғұмыр кешкен фәни дүниеден кіндік үзе алмай, дос-жаран, туыс-жақынды қия алмай, тіршілік әлемін тынымсыз шарлайды екен. Бұл да бір Алла-тағаланың ғайыпқа жол тартар соңғы сәтте ел-жерімен дидарлассын, қимасымен қоштассын деп пендесіне берген кеңшілік-мұрсаты болса керек.

Жетіме арнап «Шағала» кафесінде нәзір берілді. Шығынын көтеріп, бәріне бас-көз боп жүрген айналайын Тәукебайдың өзі. Елу-шақты адам жиналған. Көрші-көлем, Жәния екеуміздің бұрынғы қызметтестеріміз, жалғыз курстасым – Аманғали мен бірнеше кластастарым, тағы да мен танымайтын бөгенайы бөтен екі-үш еркек-әйел. Еркек көнетоз қоңыр кепкасын көзіне түсіріп баса киген. Екі әйелдің де үсті-бастары жүдеу. Жаулықтарын беттерінің жартысын жаба байлапты. Айналасына көз астымен имене қарағыштап қояды.

Жиынның тізгіні Тәукебайдың қолында. Бала-шағаммен бірге жеке үстелге жайғасып, Жәнияның оң жамбасын баса отырып алған. Қаба сақал жас молла көзін жұмып, екі жағына кезек теңселе, әуезді мақамын созып ұзақ хатим шығарды. Гүл арасына көміліп құшақтасқан қыз-жігіттің бақытты суреті айшықталған көгілдір күмбез Меккенің таңғы намаздағы мұнарасындай күңіреніп тұрды.

Молладан кейін сөзге Тәукебайдың өзі кірісті. Орнынан тұрып, Жәнияның оң иығынан алақанын айырмай микрофонға бір жөткірініп алды. Қабағының астына қайғының бұлтын үйіріп, көсілді-ай дейсің. Том-том китаблар жазған сабаз емес пе. Мен бір ұлы адамға арналған конференциядағы баяндаманы тыңдап тұрғандай әсерге бөлендім. Жиырма жыл бұрынғы студент кезіміздегі тату-тәтті тамаша күндерден басталған достығымыздың әр сәтін қылға тізіп, сағынышты қимас көңілмен тебірене, анда-санда Жәнияның жауырынынан сипап қойып, жарты кітап оқығандай жарты сағат сөйледі. Тәукеңнің мына сөзін естігенде, тірі болсам, төбе құйқам шымырлап кетер еді қазір.

Таласа-тармаса микрофонға ұмтылғандар ұзын-шұбақ кезекке тұрды. Сөйлеп жатыр, сөйлеп жатыр. Қырық адам талтүстен кеш батқанша сөйледі. Қайран қазекемнің сөзі-ай, қандай шексіз, қандай көл-көсір дария, сыңғырлаған күміс қоңырау дейін бе, көз арбаған лағыл не гауһар дейін бе – теңеу таба алмай қиналасың. Шын тебіреніп, елжіреп-еміренсе, сөздің небір дүриясы ақтарылады екен-ау. Неге бұрын осының бірін естімедім екен, шіркін? Әлде жақсы сөз есту үшін, сүйкімді болу үшін өлу керек пе екен? Бірінен-бірі асырып сөйледі, бірінен-бірі асырып жылады.

Өлгеннен бері осы жылауық боп кеткем бе, қалай, әр қайсысы жылаған сайын мен де қосылып сықсыңдап алам. Құдайым-ау, мен не деген жақсы едім, не деген сүйкімді едім, не деген қадырлы едім… не деген… не деген… не деген теңдесі жоқ осыншама керемет едім! Тірі күнімде сонымды неге білмедім екен десеңші. Ой, как жаль, ой, как жаль… мұндай екенімді бұрынырақ білгенімде, өлмес едім ғой!

Кенет көптен көрінбей кеткен Қара шал – Абай атам қарсы алдымда көлбеңдеп, басын шайқай жымия күбірледі: «Сенбе, досқа тұрса да қанша мақтап… Бұл қазақтың өлісінің жаманы жоқ, тірісінің жаманнан аманы жоқ!» Е, Абай атам білмесе айта ма? О кісі екі дүниянің сырын барлаған данышпан ғой. Бір сөзінде қаталық болған емес. Демек, өкінудің қажеті жоқ. Іле әлгіндегі күпірлік ойымнан кілт айнып, өлгеніме қайта қуанып кеттім.

Жәнияның өзіне ие бола алмай екі иығы селкілдеп кемсеңдегеніне, мұңая қарап тұрдым. Менің мұңайғанымды, жылағанымды көріп, кетейікші, қарамашы ол жаққа дегендей, Геля шәу-шәу етеді.

Дәл осы сәтте менің жамбасым жерге тигеніне жеті күн толып еді тұп-тура. Имам құран оқып, жұртшылық қол жайып, бар ізгі тілек-дұғасын күбірлей «Аллаһау-акпар!» деп бет сипағанда, қасиетті аят, риясыз ниеттердің алқауымен біз де жеті қат көктен жайлап көтеріле бердік. «Қош, Жәния! Қош, құлындарым, маһшар күнінде кездескенше!» дедім өксігіме тұншыға.

Енді қырық күн өткенше қырық қат көкте шарлап жүреміз. Қырық бес жыл бұйыртқан ризығын теріп жеп, қызық-шыжығын көрген фәни дүнияға басқа әлемнің биігінен қарап келемін. Азабынан әзер қашып құтылсам да, сиқырлы тылсыммен өзіне тартып тұрғандай, қазір біртүрлі қия алар емеспін. Қырық күн ішінде, Барзак әлеміне өткенше, аруақтар қалаған нәрсесін көріп, қалаған жеріне бара алады екен.

Жапырағым көшесінде көктеген

Мен өзімнің Алматымды үстінен шола сүзіп ұзақ айналдым. Талай асыл мен ардақтыны құндағында шайқаған алтын бесік. Аяулы мекенім. Мектепті жаңа бітірген жас едім, аңғал едім. Бала арманымды құс қанатына байлап алқынып жетіп ем өзіңе. Біз алғаш аяқ басқан Алматы қандай еді? Ақ қайың мен алып еменнің қанатының астында дәп бір орман кезіп жүргендейсің. Күн жарқырап тұрса да, дүркін-дүркін ақ жаңбыр бүркіп өтеді. Жапырақты қытықтап сыбдыр-сыбдыр жүгірген жел құмыр құсқа үн қосқандай. Басына бұлт байлап, такаббар бойын көкке созған Алатау… Мен пейішті көргем жоқ, мендей күнәһар пақыр оны көрмейтін де шығармын, егер шынымен пейіш деген бар болса, осындай-ақ болар-ау! Бірақ ол Алматы енді жоқ. Ол менің көкірегімде ғана сақталған көк желегі қанатын қағып желбіреп. Қазіргі көргенім мүлде басқа сурет. Алатаудың ақ сәлдесін кір шалған, қажып, қартайып сүлесоқ мүлгіп кеткендей. Көкжиектің кенеріне сыймай көлкіген қара түтін. Сорайған-сорайған әйнек үйлер белуарынан балшық кешіп малтығып тұрғандай. Бәрібір-бәрібір Алматымды еш асылға айырбастамаймын, кір-қоқысының арасынан әдемі күндерімнің елесін аршып аламын. Әр көшесінде өмірімнің қиқымы жатыр. Әне Шевченко мен Масанчидің қилысындағы қос қабатты қызғылт үй – «Нархоздың» бұрынғы бас корпусы. Физикадан ауызша емтихан. Әне қысқа жең ақ жейде киген аққұба бозбала есікті серпе ашып, сыртқа атып шықты. Жүзі алабұртып, қолындағы дірілдеген қағазға қарай береді. Өз көзіне өзі сенер емес. Ішке кіруге жүрексініп айналсоқтап тұрған сепкіл бет, сары қыз:

– Қанша? – деді.

– Бес!

– Ой, счастливчик! Құттықтаймын!.. – Шап беріп бетінен сүйіп-сүйіп алды. Бұл да сүйді.

– Қорқып тұрмын. Скажи: «ни пуха, ни пера!»

Ауылдан келген мамбет оны қайдан түсінсін, өзінше қазақша нобайлап, ойбай, құрсын, мынау қарғыс қой деп шошып кеткен.

– Жоқ, жоқ! – деп басын шайқады.

– Прошу, скажи, скажи, а!

– Жо-жоқ!

– Ой, какой ты вредный, а? Хотя бы за меня кулачки держи!

Оны да түсінген жоқ, танымайтын біреуге жұдырығымды түйіп жындымын ба дегендей, тас жабысқан қыздың құшағынан бұлқына сытылып, дәліздегілерді қағып-соға далаға шықты. Қуанышы қойнына сияр емес. Үш емтиханнан түгел бес! «Оқуға түстім! Студентпін!» Өз-өзінен айғайлап келеді, көше бойлап жүгіріп келеді. Қайда бара жатқанын өзі де білмейді…

… Міне, ЖенПИ-дің жатақханасының алдындағы жалғыз жуан еменннің түбінде тұрмын. Жалтақ-жалтақ шалқайып үшінші қабатқа қарайымын. Үшінші курстың студентімін. Қолымда үш тал гүл. 8 март, күн ызғар. Қынама бел жасыл «москвичкамнің» жағасын тік шаншып, лактенген сүйір тұмсық төпілиімнің ұштарын бір-біріне қаққыштап, тыпыршып дірдек қағамын. Қыз күткеніме жарты сағаттан асты. Қыз дегенім – Жәния. Танысқаныма жарты ай болған.

Баяғыда Қасымбектің Читадан алып келген орыс әйелі Наташаға ауылдың барлық жігіт-желеңі бірден ғашық боп қалғанбыз. Содан, бері, басқаны білмеймін, өзім «әт-тәңа нәлет, дүние күйіп кетсе де, осыдан орыстан қатын алмасам, атым өшсін!» деп іштей бекіп серт байлағанмын. Ғайыптан Жәнияны көрдім де, ол сертімнен жалт айнып, «сенің тырнағыңның ұшына қолым тиген күні арманым жоқ, айым да сен, Жәния-ау, күнім де сен» деп тілім салақтап жүрген кез. Тез шыға қоймады деп күңкілдеуге дәт қайда. Жарты сағат түгілі жарты жыл болса да күтемін. Мазасызданып, су ішкен балапан әтештей жоғары қарап ысқырмаймын, не басқалар сияқты терезесіне қиыршық тас лақтырмаймын. Сәнді киінген, толқынды қара шашын шекесінен қақ жарып, шалқайта тараған бір сырбаз, сылқым, бекзат бейне. Тұп-тура Ар-намыс кодексінің бетінен сырғып түсе қалғандаймын. Джентльмен, фраер! Өзімнің жарты айдан бері осыншалық мәдениетті, тәрбиелі, көргенді … боп кеткеніме кейде таңғалатын боп жүрмін.

Бес қабатты ақшаңқан үй ән мен күлкі толқынында, бақыт құшағында тербеліп келе жатқан алып кеме секілді. Әр тұстан Алла Пугачева мен Роза Рымбаева жарыса, бірі «Арлекиносын», бірі «Әлияны» асқақтатып, желпінте құйқылжытады. У-шу елірген айғайдың арасынан Карел Готтың жүрек шымырлатар қоңыр-барқын қоңырау үні тұншыға сызылады.

Жатақхана алдында ашылған есікке ентелей қарап, өңкей «женпилік» бажалар қаздай тізіліп тұрмыз. Бәріміздің қолымызда – гүл. Әркім қадари -хәлінше. Құшақтап букет ұстап тұрғандар да бар. Қасымдағы шалбарының тізесі қалталанып, имиген, қушық иық, қоңқақ танау жігітсымаққа қарап күліп жібердім. «Ішіңді ұрайын, осыған қыз неге керек екен-ей!» Бетінен ауылдың кірі әлі кетпеген қарақожалақ бала. Екі тал гүлді қылғындырып ұстап алыпты. Мырс етіп, иегімді изедім:

– Мынауың не-ей?

«Е, не попты?» дегендей ожырая қарады.

– Похоронға келдің бе?

– Қалай?!.

– Екі тал гүлді өлген кісінің басына қояды!

– Ондайы бар ма еді? Біздің ауылда өлген кісіге де, тірі кісіге де гүл сыйламайды, қайдан білейін? Шөп деп бәрін малға береміз.

– Ой, колхоз! Өзің жігітсің, өзің қызға келесің. Соны да білмейсің бе? Үшеу неге алмадың?

– Ақшамды үнемдеп… міне, қалғанына бір плитка шоколад алдым, «Сказки Пушкина». Шоколадты жақсы көреді.

– Қызға тақ гүл сыйлайды: үш, бес, жеті … дегендей. Жұп санды гүлді өлікке апарады. Орыстың дәстүрі сондай.

– Орыс болмаған соң, қайдан білейік. Бірі – сен, бірі – мен, осы гүлдей жұптасып жүрейік дегенім ғой.

– Қызың қазір мынаны көрсе, жағыңнан бір тартып, не гүліңмен басыңнан бір салады.

– Ол да мен сияқты ауылдан келген, біле қояр деймісің?

– Қыз деген сұм емес пе, мұндайдың бәрін біледі.

– Енді не істеймін?

– Біреуін ғана бер.

– Аз болмай ма? Екіншісін қайтем?

– Құрбысына бер.

– Қалай, бөтен біреуге ме?.. Сосын, онда да көңілің бар екен ғой деп күдіктеніп жүрмей ме?..

… Міне, Жәния екеуміз Гагарин проспектісін бойлай созылған ұзын гүлзарда серуендеп жүрміз. Жәния жақында ғана босанған. Егіз ұл-қызымыз бар. Совет одағы кезінде егіз балаға арнап арба шығармайтын. Екі арбаны жанастыра сыммен байлап, бір адам итеруге ыңғайлап алғанбыз. Шуағын молынан төккен күн, қанатын баяу желпіген үйеңкінің саясы. Балалар қыңқылдаса, Жәния скамейкаға бір қырын отырып, екеуін кезек емізеді. Еміп болса да, таңдайын талмап, ерінін бүлк-бүлк сорып ұйықтап жатқан ұлымды қолыма алып, тамағынан құшырлана иіскеп, құндағына жатқызамын. Енді қызымды құшағыма қысамын. Ұлдан гөрі ширақ. Ақ мамасын солп-солп сорып тойып алса да ұйықтамайды. Көзі бақырайып бетіме қарайды. Ерінімді шөпілдетіп еміренсем, қызылиегін көрсетіп, ыржың етеді. Төбесіндегі ілінген сылдырмаққа қарап уілдеп, аяқ-қолын тырбаңдатады. Дүниеде сәбидің уілінен сүйкімді дыбыс бар ма екен! Дүниеде сәбидің жөргегінен жұпар иіс бар ма екен!.. Тыныштық әлдиінде уылжып ұйықтап жатқан құлыншақтарыма Жәния екеуміз елжірей қараймыз. Содан соң жымиып бір-бірімізге қараймыз. Менің Көпен деген досым әйелін жақсы көріп кеткенде: «Сені берген Құдайдан айналайын!» деп кісінеп құшақтай алады екен. Біз өйтпейміз және өйте алмаймыз. Осынау үнсіз көз қараспен бәрі айтылғандай, сөзбен айтып жеткізе алмас шексіз мейірім, алғыс, шүкіршілік… бәрі-бәрі жиегіне шымырлап қуаныш кәусары кілкіген сол көздерге сыйып кеткендей.

Братандар

Иә, иә, Алматының әр көшесі, әр пұшпағында менің жастық шағым шалықтап жүр. Көз жасым да талай тамған, өксігім де жаңғырып тұр. Қия алар емеспін. Ойбай-ау, басқасын қисаң да, Алматының гауһар моншақтай жарқыраған мына көшесін қалай қиярсың! Фур… тіфу, үйреніп қалған ауыз қисаңдауын қоймайды екен ғой, қайдағы Фурманов, кетсінші әрі қып-қызыл коммунист албасты, айналайын өзіміздің Нұрекең атындағы ше, Назарбаев даңғылы! Бұрын бәлшебек-комиссардың тозған шинеліндей сұрқай, сүреңсіз көшелердің бірі еді. Қазір қандай? Алматының кір шапанын орай буған гауһар көзді алтын кісенің нақ өзі. Айналасынан айдыны асып асқақтап тұр.

Аллам-ау, осы көшенің атын өзгертеді дегенде, жетім күшіктей шабалаңдап қарсы шыққанның бірі мен емес пе едім. Құдай жынды ғып қойған соң не шара. Әйтпесе маған не жоқ десеңші. Әй, соңғы уақытта әнеу «Дат» деген қазитке тым көп шұқшиып кетіп ем, жүдә помайды екән дә! Бар кесел содан жұқты. Ленин бапам «Религия – апиын» деп тегін гәп қымаған ғой. Мына «Датың» дәп религия екен, өзі шала миымды шайқап, нұқыл шалап қып жіберді түге.

Тылипоныма «ойбай, жетіңдер, көшенің атын ана кісінің атына өзгерткелі жатыр, одан да Алтынбектің не Заманбектің атын берсін. Талап етеміз, жинал, жұртым!» деген сәбщение келген соң, кезекшілігімді Өмірзаққа тастай сап, барахолканың аузы-мұрынынан шыққан көк автобусына жарты табанымды жабыстырып құстай ұшайын.

Екі бұтым екі жаққа талтаңдап, ентігімді баса алмай айтылған жерге едіреңдеп жетіп келсем, жол жөндеушілерден басқа бейсауыт жан адам жоқ. Не істерімді білмей ербиіп ары тұрдым, бері тұрдым. Арылдап-дарылдаған тыхника. Ұзын мойын эксковатор жынданған жирафтай арсиған тісімен асфальтті қарш-қарш шайнап қопарып жатыр. Шынжыр табан бульдозер қирандыны ізінен сыпыра күреп, Камаздің қорабына серпе лақтырады. Қос жиек тып-типыл. Жуан-жуан емендер мен терек-қайыңдарды тісі сақылдаған пилорама қырқай қырқып, баудай түсіріп барады. Жарты-ақ жыл бұрын жұнттай ғып жөндеген жол. Ой-шұңқырынан машинаның көтенішегі үзілер қотыр көшелер толып жатқанда, дұп-дұрыс жерді бүлдіріп, бұлардікі не қастандық.

Өзі бұзық қаным бұрқ етіп басыма тепті. Он жетінші жылы Кетрампорда бронепоездің төбесінде тұрып ап ұрандаған Ленин бапам секілді, жол жиегіндегі қиыршық тастың үйіндісіне қарғып шықтым да, тас түйілген жұдырығымды көкке сермеп, айғай салдым:

– Ей, вредители, кончай беспредел! Бұл не сұмдық, тоқтат кәне!

Менің аш күшіктей шәңкілдеген шәуілімді ұлы сүрен у-шудың арасынан кім естісін. Тек эксковаторшы тісі ақсия маған қарап, самайын сұқ саусағымен бұрғылады.

Көп өтпей қарсылық акциясы белсенділерінің алды да жет-ау сүрініп-қабынып. Кірден жылтыраған қоңыр плащының бір етегін беліндегі кендір жіпке қыстырып, бір етегі салбырап, шойнаңдай басқан қысық көз, сары жігіт ентелей кеп тоқтады арсы-күрсі. Төбесіне тұтқан қос көк шар көкке ұшам деп желмен жағаласа жұлқынады. Бүйіріне қызыл маркермен «НЭТ!!!» деп жазып алыпты сойдақтатып. Ентіккенде екі езуіндегі екі-екіден едірейген сарғыш қыл жапырыла құлап, желп-желп етеді.

– Немене, кетіп қалған ба бәрі нұқыл?

– Басқа ешкім келген жоқ.

– Шыли осы. Айтып алады да, өздері бұғып қалады… Тоқта, – деді қалтасынан телефонын алып. – Сәбшение келді. – Мә-ә-ә! – Аузы жұдырық кіріп кететіндей ашылып қалды. – Бекер кінәлаппын ғой. Әктібистердің бәрін палиса түнде барып үйінен ұстап әкетіпті. Бәсе десем… Осы палиса ертең соғыс боса, жаумен өстіп айқаса ма екен ей?.. Мен қорықпаймын, сары билетім бар, әкіри, маған по хой мороз!

Ол да мен секілді жынды екен. Братанымды көргендей қуанып кеттім. Қол алысып амандастық.

– Мұнда не үшін келдің? – дедім братаныма.

– Не үшін болушы еді? Балық үлестіріп жатыр ма екен? Әділдік үшін! Әйтпесе тірі адамға көше беру деген нұқыл масқара емес пе? Одан да Алтынбектің атын берсін!

Ой, Алла, жындылардың бәрі бірдей ойлайды екен ғой. Братанды тағы да құшақтап, арқасынан қақтым.

Біз шүңкілдесіп тұрғанда, тағы екі пикетчик келді бір-бірімен соқтығыса шайқала басып. Түте-түте үрпиген қауға сақалдың арасынан көздері мен мұрыннның ұшы жылтырап әзер көрінеді. Төбелеріне ызың-ызың үйірілген көк шыбыннан қолшатыр көтеріп, сасып-мүңкіп жел жағымызға тұра қалды. Бомжылар екен. Фурмановтің бас жағындағы су ақпайтын шлюзді көптен бері баспана ғып жүрсе керек. Соны бұзып тастағанға наразылық білдіре келіпті.

– Міне, аз-замат! – деді братан екеуінің қолын кезек қысып. – Елімізде демократияны қорғайтын төрт күрескер бар екен. Үш адам – коллектив. Біз – төртеуміз! Әйдә, не тұрыс!

Асай-мүсейін сайлап келген екен, мойнындағы кенеп дорбадан үшбұрышты көк жалауша алып, әрқайсымызға үлестірді. Төртеуміз дереу қол ұстасып, жалаушаларымызды желбіретіп, «НЭТ!» деп жазылған шарды төбемізге көтеріп көшені көлденең кесіп тұра қалдық. Жұдырығымызды түйе көкке бұлғап-бұлғап айғай салдық:

– Біз қарсымыз! Долой коррупция! Жасасын демократия!

Бомжының біреуі қарсы үйдің қабырғасындағы кісі бойындай қызыл жазуды көріп:

– Аттан, Амантай каже! – деп жіберді.

Алғашқыда дауысымыз шашырап бей-берекет шығып еді, братан жалау ұстаған қолын дирижер боп оңды-солды ербеңдеткен соң, жорғамыз түзеліп, бірте-бірте Америкадағы пикетке шыққан негрлердей бір ырғақпен әуендете ұрандаттық:

– Біз қарсымыз… қарсымыз! Жасасын демократия, жасасын!.. Жасасын!..

Көшедегі андағайлап жыбыр-жыбыр өрген машина пружинадай сығылып бір-бірінің құйрығын иіскей баж-баж етіп тоқтайды. Клаксонын қаңқылдатып, терезеге шапталған ауыздар қисаңдап, көздер ежіреңдеп біздің қос қапталымыздан жырыла қашып зу-зу етеді. Өкінішке орай, пикетіміз ұзаққа созылмады. Бойындағы мәңгілік қозғаушы күш – барматуханың қызуына ұранның желігі қосылды ма, еліріп алған бомжының біреуі унитаздың шұңқырындай мүңкіген аузын арандай ашып айғай салғаны:

– Аллаһ-аһбар!!!

Сол-ақ екен рация саңқылдап қоя берді:

– Террористер! Қоршаңдар! Ұстаңдар!

Әр бұтаның түбінен, әр үйдің қалқасынан топ-топ әскер сау етіп, өріп-өріп шыға келді. Айналадағы қалың ағаш қалың солдат боп қаптап келе жатқандай зәрем ұшты. Автомат асынып, каска, бронежилет құрсанған, мультфильмдегі нинзадай, кемі бес жүз омон жан-жағымыздан тап берді.

– Шухер! – деді бомжының бірі жан дауысы шыға шыңғырып. Таңертеңгі «утренникте» «Айгөлек» билеген детсадтың бүлдіршініндей қол ұстасқан төртеуіміз шошыған шілдей шар етіп төрт жаққа шашырадық. Қашқанмен құтқарсын ба, әр қайсымыздың үстімізге бір-бір мәшин көмір төге салғандай, төрт жерде төрт қара төбе үйілді де қалды.

Басқаларды білмеймін, өз басым асфальттің бұжыр бетін шексіз махаббатпен шөп еткізіп бір сүйіп алғаннан кейінгісі өлтірсең де есімде жоқ, көлкіген көк тұман. Тек миымның бір қиырында жай оғындай жарқ еткен жалғыз сәуле: «Алла-ай, біздің қарулы күштеріміз неткен айбынды еді, егер сырттан жау шабуылдай қалса, мынандай құрсанған қаһарымен бір-ақ сәтте тас-талқанын шығарады екен-ау! Әй, қандай жауыз болса да, жүрегі дауалай қоймас!» деген мерейлі сезім ғана…

Бір кезде кірпігімді қимылдатсам, қараңғы түнде, ақ бесіктің үстінде тербетіліп жатырмын. Нұқыл сәби боп кеткендеймін бе тегі, қалай өзі? Әне-міне ақ мамашым елжіреген мейірімді әуезімен: «Әлди-әлди, ақ бөпем. Ақ бесікке жат, бөпем. Құнан қойды соя ғой. Құйрығына тоя ғой!..» деп әндететіндей жүрегім лүпілдеп, көзіме жас үйірілді. «Ма-ма!» дедім күбірлей кемсеңдеп.

Әлдебір аялы алақан екі төсімді сипалады, онда көп тұрақтамай қос бүйірімді жыбыр-жыбыр түрткіледі. Қытығым кеп, тырқылдап жібере жаздадым. Аялы алақан саяхатын жалғастырып, барған сайын төмен сырғып барады. Құлдилаған қол сумаңдап келесі сәтте құйрығыма жабыса кетсін. Бойым дір етіп тіксініп қалдым. Енді болмаса, әтпішімнен шап беретіндей екі бұтымды қыса қойғамын жалма-жан.

– Ештеңе жоқ қой, әт-таңа нәлет! – деді ұртын толтырып қомпылдаған өкінішті дауыс. Шошып кеттім. Жоғы несі? Әтпішімді кесіп алған ба? Жанұшырып бақырып жібере жаздадым.

– Темекі де жоқ па? – Екінші бір шіңкілдеген дауыс өзеуреп үміт үзгісі келер емес.

– Жоқ!

– Тылипоны да жоқ па?

– Екі ғасыр бұрынғы «Nokia».

– Құрсын, қол былғап қайтеміз… Мұндай жерге бойлай қайыршылар жиналады емес пе!

Сөйтсем, қалта ақтарған қолдар екен «махаббат» массажын жасаған. «Автозак» төріне төсек сап, «әлди-әлди, бөпем-ай» деп тербетіп келеді.

Обломов ұясы

Погребтегі көктеген кәртөшкенің сабағындай ақборық, іркілдеген тергеуші аты-жөнімді сұрап, қолындағы қаламы қағаздың жарты бетіне дейін жорғалап барып тоқтады да, үстелдің шетінде бір қырын отырған маған сүзетін бұқадай бығыр мойынын бұрды:

– Пикетке өзің шықтың ба, әлде біреу үгіттеді ме?

– Өзім.

– ДВК-ның мүшесісің бе?

– Ол не? Детский волейбольный клуб што ли?

– Білмей қалғаның! – Ақборықтың осқырынғанда, делдиген кеңсірігінен «жорғатайы» ақ құрттай бір жылт етіп қайтты. – Өйтіп бұлтаққа салма!

– Өллә-біллә, шын айтам?

– Ол – ана шетте жүрген қашқынның террористік ұйымы! Оған қатысың болса, өз обалың өзіңе. Бізде бәрінің тізімі бар. Байқа, бәрібір анықтаймыз.

– Құрсын, оған мүше болғанша, «Шұғыла» партиясына кірмеймін бе!

– Оған сендейлерді алады деп кім айтты?

– Пішту, алмаса қойсын. Маған керек еді соның!

– Әй-әй, байқап сөйле! Саяси жағынан бұзылған адамсың ғой өзі? Пикетке не мақсат көздеп шықтың?

– Әділет іздеп.

– Таптың ба?

– Табамын. Тапқанша іздей беремін!

– Демек, митингке бара берем дейсің ғой?

– Бара беремін.

– Баруға заңмен тиым салынғанын білемісің.

– Мен қарсымын!

– Сен қарсы болғаннан ештеңе өзгермейді. Сен – халық емессің!

– Халық деген мен. Менің келісімімсіз ондай заңды кім шығарды?

– Депутаттар. Халық сайлаған депутаттар.

– Оларды халық сайлаған жоқ. Жоғарыдағы көке отырғыза салғандар. Қолдарын көтеріп-түсіруді ғана біледі…

– Доғар сөзді! – Ақборық жігіт жұп-жұмсақ жұдырығымен үстелдің бетін былқ еткізіп түйіп қалды. – Не сандырақтап отырғаныңды білемісің?

– Білемін. Шындықты айтып отырмын!

Ақборық салбыраған бұғағы бүлк-бүлк етіп түкірігіне шашалды:

– Сен өзі ешектің миын жегенбісің, әлде жарымеспісің сөз ұқпайтын?

– Ешектің миы тәтті болады дейді ғой, жемегеніме өкініп жүрмін, – дедім ыржиып. – Кешіріңіз, саудың сөзін жынды ұқпайды деген рас екен, жүдә! – Қалтамнан алып «сары билетімді» көрсетіп ем, «қап, бағанадан бергі босқа оттап қор болған есіл сөзім-ай» деді ме, тергеушім болбыраған аппақ беті лап қызарып, есік аузында тұрған сержантқа қолын ашулана сілтеді:

– Он екі сөткеге!

Түрмеге кіргізерде тұлабойымды түгел тінткіледі. Консерві мен сыраның қақпағын ашатын он екі басты аңшы бәкім бар еді, соған қоса белбеу мен бәтіңкемнің бауына дейін шешіп алды. Кірден жылтыраған кенеп дорбамда алтыншы романымның өзім түптеген қолжазбасы жүретін.

– Бұл не қағаз? – деді ашаң жүзді, қушық иық сержант.

– Өз жазғандарым.

– Кітап кіргізуге болмайды. Саяси бірдеңе болуы мүмкін.

Бір жақсысы, бәрін тіркейді екен. «Белбеу, екі шнур…» деп алған заттарын түгел тізіп қолхат берді.

Сонымен, хош, ауы тіземе түскен шалбардың ышқырын бір қолыммен ұстап, бауы жоқ, екі размер үлкен бәтіңкемді қорп-қорп басып казармаға кіріп барғанмын «салам, братвамды» шартабақтай мәз-мәйрам бетіме шаптап. Қырық жыл жуынбай теке сасыған бомж құшақтай алғандай болды. Тер, шуаш, темекі иісі ию-қию араласқан ащы қолаңса көзімді ұстарадай тіліп түсті. Салтанатыма сүйсінген аборигендер гу етіп хош көңілмен қарсы алды:

– Оһо, қатарымыз тағы бір қыранмен толықты!

Қаз-қатар тізілген қос қабат темір кереуеттер дәлізінің көз ұшында бұлаңытқан тұйығына тас сүйреткендей талтаңдап жеткенше, жымия, жымсия қадалған көздердің сұр жебесі оңымнан да, солымнан да осқылады. Біріне де қыңғам жоқ, хас батырдай қасқайып, салтанатты маршпен орыныма келдім де, қыран екенімді дәлелдеп, торы жерге тиген астыңғы төсекке жалп етіп қонақтай кеттім.

Үшінші күні әлгі таныс сержант қасыма келді. Езуінде жұқалап жаққан жылы күлкі бар сияқты. Үні жұмсақ:

– Заттарыңызды алып жүріңіз.

Жеке камераға жайғастырды. Екі кісілік орында жалғыз өзім. Бір қапталы қабырғаға бекіген шағын жайма үстелге қарсы қарап отырдық. Менің қолжазбамды әдемі целлофан мұқабамен қаптап алған екен, алдыма қарай жылжытты:

– Оқып шықтым.

– Шын ба? – Айран-асырым шығып, атып тұрғанымда, төбем үстіңгі сөреге тарс соғылып, көзімнің оты жарқ ете түсті.

– Шын!

– Бас киіміңді шешші! – дедім әй-шәй жоқ. Жігіт бетіме бажырая бір қарап, картузын қолына алды. – Ой, Алла, басың бар екен ғой! – Таңырқап таңдайымды тақылдаттым. Бас болғанда қандай! Нағыз Сократқа біткен бас: шалқақ, сом шұйде, қос шекесі бұлтиған кең маңдай. Қысқа шашын шекеклігінен жарып тараған. Жігіт мырс етіп күліп жіберді:

– Ой, аға, сіз де айтасыз-ау. Басы жоқ адам бола ма?

– Қайдан білейін, менттерде бас болмайды, картузды мойынның жалғасына кигізіп қояды екен дейді ғой. Өзім де солай болса, солай шығар деп ойлайтынмын.

– Түу, әбден сүмірейттіңіз ғой! Ел не демейді?

– Басы болса, неге ойланбайды, неге көрмейді, неге жүрегі селт етпейді, неге біреу айтақтап «һайт!» десе, ит сияқты тарпа бас салады?..

– Бәрі бірдей емес шығар.

– Әй, қайдам?.. Жарайды, әзіл сөз ғой. Бірақ өз құлағыма өзім сенбей тұрмын. Шынымен оқыдың ба?

– Оқығанда қандай. Екі күн бойы бас аламай оқып шықтым. Во! – Сержант езуі жайылып, басбармағын қайқайтты.

– Ой, Алла, менттің де кітап оқитыны болады екен-ау! – дедім шынымен таңғалып.

– Неге олай дейсіз? Кітап оқитын бір кісі мендей-ақ болсын!

– Онда неге мент болып жүрсің?

– Жан бағу керек қой, аға.

– Білімің бар ма?

– Философия ғылымының кандидатымын. Далада қалдық. Осының өзіне таныстықпен кірдім.

Мен көріпкелдік жасап, басымды шайқадым:

– Әй, бауырым, бұл жерде де көп тұрақтатпас!

Сержант көзі жыпылықтап шошып кетті:

– Қойыңызшы, аға! Құдай сақтасын! Тіфу, тіфу!

– Білімдісің, оқисың, жаның жұмсақ. Міне, мен сияқтыларға аяушылық білдіріп отырсың… Оларға ондай адам керек емес.

– Сонда не істуім керек?

– Олардың өзі сияқты бол.

– Ол қолдан келсе… Жарайды, аға, бір жөні болар… Кітабіңіз керемет енді! Қалай қисындырып жазғансыз?

– Мен қисындырғам жоқ, өмірдің қисыны сол.

– Өмір сондай болғанмен, бәрі сондай қиыстырып жаза алмайды ғой. Бір күліп, бір жылап, өмірдің ішінде жүргендей болдым! Жалғасын жазасыз ба?

– Міне, осы отырғанда екеуміз болашақ кітаптің беттерін жазып отырған жоқпыз ба!

Жігіт мені бір әулие көріп табынып отыр.

– Сіз шығармаларыңызды қалай жазасыз, шабыт қысқанда ма, әлде машық па?

– Мен ештеңе ойламаймын, тек жаза беремін.

– Қалай?

– Абай атам анда-санда қасыма кеп, құлағыма сыбырлап тұрады. Мен тек соны жазамын.

– Қойыңызшы, ондай бола ма екен?

– Басқаны білмеймін, өзімде сондай.

Сержант сенер-сенбесін білмеді. Әзілдеп тұр ма әлде мәжінсүрей біреу ме дегендей екі ойлы кейіппен бетіме қараған. Іле дәлізден: «Сержант Дауылбаев!» деген әмірлі дауыс естіліп, орнынан апыл-ғұпыл ата жөнелді.

Жігіттің аты Ақылбек екен. Көрген жерде ілтифат білдіріп, қолдан келген көмегін жасап жүрді. Кейде «Егемен», «Казправда», «Литер» секілді газеттерді әкеп береді. «Мұндайларды оқымаймын. Маған «Дат» пен «Жас Алашты» әкеп бер» десем, «Ойбай, аға, ондайларды бізге оқымақ түгіл ұстауға болмайды!» дейді.

Таңертең бәрімізді аулаға шығарып сапқа тұрғызады да, он-жиырмадан бөліп әр жаққа жұмысқа әкетеді. Біреулер әкиматтың нұсқауымен арық аршып, көше сыпырады. Енді біреулер бастықтың дачасына барып, огородының шөбін жұлады, туалетін қазады. Мен екі күн цемент тиеп белім шойырылып тұра алмай қалғам. Ақылбек ол азаптан құтқарып, түрменің өз ішіне алып қалды. Аула сыпырам, туалет жуам, қағаз, қоқыс жиып күні бойы түртіншектеп жүремін. Үш уақыт тамақ ішемін. Маған мұндайды кім беріпті: азанда – бір қалайы күрешке қара шай, екі тілім арпа наны, бір жағым маргарин; түсте – тары ботқа, кильканың көзі ғана дөңгеленген балық сорпасы, не қасығыңмен қуып жүріп бес талын әзер ұстайтын бұршақ сорпасы; кешке – тағы да ботқа… Кейбір кепиет атқандар: «әкет жуындыны!» деп мұрынын тыржитып итеріп тастайды. Ондайда маған жақсы, сыпырып-сиырып соғып алам. Вот дорақтар ә, ботқа, бұршақ деген қайта асқазанға жеңіл, пайдалы емес пе, дәрігерлер осыларды жеу керек деп әдейі диетаға отырғызбай ма.

Бұрын қалай білмей жүргенмін, түрме дегенің курорт екен ғой әншейін! Терезесі сығырайған қара-көлеңке камерада жалғыз өзім. Шардай шермиген қарынымды сипап қойып, бор-бор кекіріп, зеңбірегімнен дар-дар залп беріп торы шиқылдаған темір кереуетте керіліп-созылып жатқаным. Аз күнде ет жиып бұлтиып, торалып алдым, бір қолыммен ұстап жүрмесем, түсіп кететін шалбарымның ышқыры енді тырсиып мықыныма әзер жетіп тұр. Кейде унитаздағы суға не тауалеттің қабырғасындағы жылтыр, қара кафельге үңілсем, Гончаров сипаттаған мещан-буржуй Обломов секілді, екі беті шиқандай күйлі біреу күлімдей қарайды.

Бір күні мещан Обломов басыммен Гончаров мырзаның алдында қып-қызыл ұятты боп қалдым, еңкейе бергенімде, зеңбірек атқыш жағым кезексіз оқыс салют бергендей дар ете түсіп, бәтіңкенің ескі ұлтанындай қалың бетімнің өзі помидордай қызарып кетті. Жан-жағыма қуыстана қарап, сипалап едім, шалбарымның арты сөгілген екен, қалтаның аузындай жыртыққа қолым сүңгіп кетті. Тігетін жіп-ине жоқ, жұмсақ мыс сым тауып алып, көктеп қойдым. Кешке сапқа тұрып асханаға барарда арт жағымдағы кетік тіс сары шиқ-шиқ күлсін:

– Құйрығыңа алтын тіс салып алғансың ба-ей?

– Бай болған соң аяймыз ба! Кейбіреудің аузына бұйырмайтын алтынды біз артымызға салып аламыз! – дедім аяғымды қойтаңдай басып.

Қырсыққанда, он екі күн орыстың ракетсындай зу етіп өте шықпасы бар ма қас-қағымда. Дәл он екі күн, нөл-нөл минут соққанда, кезекші полицей темір есікті салдыр-күлдір шалқасынан ашып:

– Арестант Шеғиров, қамақ мерзіміңіз бітті. Заттарыңызды жинап шығыңыз! – деді. Төбемнен төмен қарай мұздай су құйып жібергендей шошынып орынымнан атып тұрдым:

– Шықпаймын! – дедім тұлабойым дір-дір етіп.

– Шықпағаны несі? – Полицейдің жылтыраған бітік көзі табиғат берген мүмкіндік шегіне дейін бақырайды. – Босағанына қуанбайтын ба?

– Мен қуанбаймын! – дедім жыламсырай үнім бұзылып.

– Ауышсың ба, немене? Былжырамай шық кәне! – Полицей желкемнен шап беріп сыртқа қарай сүйреледі. Мен:

– Нэт, нэт, нинәді, нинәді! – деп, шошынып не қуанып сасқалақтағанда орысша оттай жөнелетін әдетіммен жалма-жан босағаға жармасып жатып алып едім, батальонканың қышырлы, сом табаны құйрығымнан ышқынта тепкенде, жерден бір метрдей шарықтап барып апатқа ұшыраған ұшақтай бетон дәлізді тұмсығыммен сүзе шарқ еттім. Айғай-шуды естіп бір жақтан Ақылбек жетіп келсін. Құтқарушым келгендей қуанып кеттім.

– Не болды? – деді ефрейторге алая қарап.

– Мынауың мәжүн ғой деймін. Кетпеймін дейді!

– Оныңыз қалай, аға?

Мұрынымның қанын жеңімммен сүртіп, Ақылбекке жалынышпен кемсеңдедім:

– Кеткім келмейді.

– Неге?

– Мына жер жақсы екен. Мені осында алып қалшы. Бастықтарға айтып көрші. Кез-келген жұмысты істеп жүре беремін.

– Не айтып тұрсыз? – Ақылбек түсін суытып, бірінші рет маған зекіп сөйледі. – Бұл – түрме, қылмыскерлер жазасын өтейтін жер. Кесімді мерзіміңіз бітті ме, кетуіңіз керек.

– Осы жерде қазір төбелес шығарайын, тәртіп бұзды деп қайта қамай салыңдаршы? – дедім әлі де үмітімді үзбей жаутаңдап.

– Қамау-қамамау мәселесін сот шешеді. Біз тек тәртіпті орындаймыз. Болмайды, барыңыз!

Ақылбектен де көңілім қалып, теріс айналдым. Кенеп дорбамды амалсыз мойыныма асып, танауымды қорс-қорс тарта кемсеңдеп сыртқа беттедім. Бетіне қалқан, қылыштың суреті салынған ауыр темір қақпаның алдында көзімнің жасын бір сығып алдым. Биік бетон дуалдың ішіндегі терезесі темір тор, сұрқай үй қимасымдай қалып барады. Он екі күн тамағын беріп, төсегін жайып бауырына басқан осынау үйдің жанында мен үшін Иран бағың, пейішің пішту еді. Кенеп дорбам мойынымда салаңдап ұзаған сайын соңыма жаутаң-жаутаң қараймын.

Енді тек қай жерде митингі болады екен деп құлағымды локатордай төбемде қайшылатып елеңдеумен болдым. Құдай оңдағанда, көп сарылып күткем жоқ. Шүйінші хабарды естіп, әкиматтың алдына құстай ұшып жетейін айтқан уақытта. Көпбалалы аналардың наразылық пикеті екен. Өңшең қарыны салбырап, балпаң басқан қатындар, бес бала, он бала тапқан. Ұзын-қарасы елу-шақты. Иық тірестіре сірескен полиция кордонынан өту қиямет. Анандайда дубинкаларын біле, қалың ОМОН қара ормандай қаптап тұр. Өңмеңдеп жетіп барып едім, күжірейген капитан жуан білегін шлагбаумдай көлденең созы, кеудемнен итерді:

– Саған не жоқ, көпбалалы қатын ба едің?

– Көпбалалы әкемін! – дедім ежірейіп. – Баланы қатындар күлге аунап таба ма, біз болмасақ? Жібер, қатыным он бірінші балаға буаз еді, талтаңдап жүріп түсіріп алар, аман-сауында алып қайтайын.

Бірдеңе дейім дегенше, еңкейе беріп алшайған бұттың арасынан зу ете шықтым.

Қатын деген халық еркектей емес батыл, өжет екен. Байбаламдап, у-шу айғайға басты.

– Бізге әкім шықсын!

– Өзімен ауызба-ауыз сөйлесеміз!

– Әкім! Әкім!..

– Үкіметтің уәдесі қайда, әлі бір рет пособия алғам жоқ!

– Он бір жылдан бері пәтерде жүрмін. Кезегім қашан келеді?..

Іштен бір жас бала шығып, басу айтып:

– Арыз-армандарыңызды маған беріңіздер, қарап, шешімін хабарлаймыз, –деп еді, қатындар өре тұрып, одан ары шулады:

– Сендердің жауаптарың белгілі, естімейміз сөзіңді!

– Әкім өзі қайда, толғатып отыр ма! Елден әулие ме екен, неге шықпайды?

– Өзі шықсын, әйтпесе біз кіреміз!

– Мәселеміз шешілмейінше осы арадан кетпейміз!

– Әйда, қатындар, не тұрыс, кірдік ішке!

Додыраған қара шаш, жалпылдаған ақ жаулықтың ала-шұбар нөпірі әлгі өкіл жігітті таптай-маптай лап қойды.

– Жарайсыңдар, қатындар. Осы беттеріңнен таймаңдар, алға! – деп арасында мен де қиқу сап дем беріп қоямын.

– Қайтыңдар! Доғар бассыздықты! – Есікті қамалап тұрып алған полицейлер айғайлап бері итереді, біз айғайымызды олардан асырып, еліріп ары итереміз. Қатындардың қолы жеткендері полицейлерге жармасып, жұлқылап төбелесті бастап кеп жіберді.

– Қапта, қапта, қатындар! Аянба! – деп бір қатын шыңғыра бақырып атой салды.

– Қайт кейін! Қайт! – деп полицейдің жан дауысы шықты.

– Басып кір! Қират есікті!..

– Жібермеңдер! Итер!..

У-шу, ала-топыр болды да кетті. Енді осы кезге дейін шыдамдылық танытып сіресіп тұрған ОМОН-ның сайып-қырандары андағайлап бір шеттен түре тиісті. Өңкей террорист, вахабит, моджаһидтермен атысып-шабысып машықтанған бәһадүрлер дұшманмен шайқасудың һайла-тәсілін бик әйбәт мастер білер-дүр. Екі-екіден бір-бір қатынды шап береді де, дырылдата сүйрей жөнеледі. Он бала тауып, он рет өліп көрген қатын бейбақ та оңай жау ма, өліспей жан берісетін емес. Тепкілейді, қолымен ұрады, тістейді, тырнайды, болмаса қарғап-сілеп беттеріне түкіреді…

Мен де бір шетте өзімше қайрат танытып, қатты қарсыластым. Екі жұдырығымды тас түйіп, қысық көзімді барынша ежірейтіп, тісімді шықырлатып, дірілдеп-қалшылдап ОМОН-ыңа да, полицияңа да тап-тап беремін. Қазақшаны ұқпай қалар деп орысша боқтаймын, ан-а-ау дөкейлердің атын атап небір жағымсыз сөздер айтам… Өйтпесем бола ма: «қатындардың арасында қызтекедей сен нағып жүрген немесің, кет, әйда!» деп қушиған көтенімнен бір теуіп, қуып жіберуі мүмкін ғой! О, Алла, тілегімді бере гөр!

Өзім шаптығып тисе берген соң, шыдамай кетіп, тілеуіңді бергір, екі сар­баз тап берді. Қос жұдырығымды түйіп, сүзісетін теке сияқты келсең-кел деп едірейіп тұра қалып едім, біреуі желкемнен бір періп етпетімнен түсірді. Сүйсі­ніп кеттім, «тағы да ұра түссіші, жан бауырым!» дедім сөйлеуге тілім келмей есеңгіреп бара жатып. Аяқ-қолым тыпырлап қарсылық танытып жатыр, аузым жалпылдап небір құлақ қыршитын саяси матершинаны боратып жатыр.

– Жүр, кәне, тыртыспай! – дейді екеуі анандайдағы самсаған машиналарға қарай екі жағымнан сүйрелеп.

– Жоқ, бармаймын, жіберіңдер! – деймін өтірік қарсыласқан болып. Еркелеген баладай шалқайып жатып алып едім, еркіме қояр емес. Екі жігітке сол сәт әлемдегі жақсылық жасаушы ең қамқор адамдай шексіз махаббатпен сүйсіне қарадым. Әттең, баса киген касканың әйнегі беттерін бүркеп алған, әйтпегенде кезек-кезек шөп еткізіп сүйіп алар едім-ау! Біреуі аяғымнан, біреуі қолымнан кере ұстап, ерке баласына әткеншек тепкізген папа-мама сияқты, ырғап-ырғап автозактің төріне атты да жіберді. Омыртқам опырылардай оңбай түссем де, «уһ, жеттім-ау!» деп сүйсінгеннен көзіме жас үйіріліп, өксіп жібердім. Аздан соң ақ бесікте әлдиленген ақ бөпедей, пейіштің жолында тербетіліп келе жаттым.

Сол баяғы СИЗО-ға әкелді. Көзіме оттай басылып, туған үйіме келгендей қуанып кеттім. Енді бұл жерден өлсем де кетпеуім керек. Барынша көбірек жатудың һайласын жасайын. Неше түрлі комбинацияларды сапырылыстырып шала миым компьютердей сартылдай жөнелді. Конвоймен айғайласып, жағаласып нағыз бұзақының кейпімен тергеушіге кірдік. Өткендегі ақборық жігіт тағы да алдымнан шықты.

– Тағы келдің бе? – деді түсі бұзылып.

– Тағы келдім! – Барынша қитығып қиқарлана тіл қаттым.

– Басыңа тиген жоқ па? Он бес сөткі аз болды ма?

– Аз!

– Неге?

– Мен қарсымын!

– Кімге?

– Бәріне!

Ақборық жігіт беті көгеріп айғайлап жіберді:

– Құры, жоғал, нещастный дорақ!

– Жоқ, кетпеймін! – Шошынғаннан шар ете түстім.

– Неге кетпейсің?

– Қылмыскер түрмеде отыруға тиіс! – дедім әлдебір ақылды кітаптан оқыған афоризм тіл ұшына оралып.

– О неғылған қылмыс?

Вот топас, ә! Мына сауатсыз тергеушіге заңның әліп-биін үйреткім келді:

– Қылмысы болмаса, кісіні мына жерге әкеле ме? Екіншіден, рұхсат етілмеген митингке қатысу қылмыс емес пе сіздіңше? Соны да түсінбейсіз бе? Қазақстан Респуликасының Қылмыстық кодесін жақсылап тағы бір оқыңыз! Жо-жоқ, кетпеймін. Мен қылмыс жасадым, қылмыскермін! Соттауға тиіссіздер. Сіздердікі шыли осы былық пен шылық. Кісіні алалап, бойлай тек өз адамдарыңызды ғана соттайсыздар блат алып! Мен әділдікті талап етем. Соттамасаңыздар, Жоғары сотқа дейін ғарза жазам!..

Әне ақборықтың бет-аузы он жеріне он шыбын қонғандай жыбырлап барады. Әй, бәлем, қатырдым-ау өзім де. Осыдан кейін он бес күнің не, он бес айға айдайтын шығар тұп-тура? Әлде екі жыл? Бес жыл болса, тіптен жақсы. Әлде… әлде он бес жылға, жо-жоқ, өмірбойына бір-ақ тықса ғой, ше-еркін!..

Тергеушінің жүзі түтеп түнерген сайын қиялым шарықтап қуана түстім. Бірақ қуанышым ұзаққа жеткен жоқ. Ақборық төбесіндегі шашыраған шашы сапқа тұрған солдаттай тікірейіп орнынан ұшып тұрды түкірігін шаша:

– Жоғал, кәне, оттамай! Сенің орының – түрме емес, жындыхана! Қазір кетпесең, наряд шақырып, жындыханаға айдатам!

Жындыхананы айтқанда жым болдым. Дәмін татқан жерім ғой, зәрем ұшып кетті. Күл-талқан болған арманымды ақборықтың алдында қалдырып, ләм-мим деместен томпаңдап айдауылдың алдына түстім. Артыма жалтақ-жалтақ қарағыштап, темір дарбазадан тезірек шығып кетуге асықтым.

Домалай

Ырың-жырыңмен араға жиырма-шақты күн салып жәй ғана әуестікпен су жаңа Нұрекең көшесіне барғам. Көрген бойда көзім жыпылықтап, ерінім салпиып, ашылған аузыма баланың басы сыйып кетердей аңқайды да қалды. Міне, ғажап! Өз көзіме өзім сенер емеспін. Көше емес, қала салу мәдениетіндегі адамзат ақы-ойының бүгінгі таңдағы жеткен ең даналық үлгісі дерсің. Кешегі сұрқай көріністің бірі де жоқ. Бәрі жаңа. Жол табаны жалтыраған жылт қара асфальт, кенері қызыл гранит. Сылдыр қаққан кәуср бұлақтан еңкейіп ішкің келеді, ағып жатқан «Боржоми» дерсің. Қос жиегі қанатын қағып желбіреген көк желек. Мен атын білмек түгілі кітап-телевизордан суретін де көрмеген тұқымы бөлек ағаштар. Аялап әрқайсының діңін қамыспен орап қойған. Көше-көшенің қиылысынан күтім көрмеген, су ішпей, дәрі себілмей құрттап-бит­теп жүдеп тұрған өзіміздің көк терек, үйеңкі, ақ қайыңдар «қандай бақытты едіңдер» дегендей мойындарын қылқита күрсініп қарайды. Жаяужолдың айналасы көк шыммен шымқай шегенделген. Хрущев заманынан бергі ескі үйлердің өзі кісі танымастай. Сырты ою-өрнекпен қапталып, көз қуантардай боялған. Париждің сән салонынан шыққан кемпірдей қас қағып жымың қағады.

Өз басым Қапшағайдан арыға барып көрмеген адаммын. Бірақ әлемде Мон-матр, Уолл стрит, Бульвар сенсет, Риджент стрит, Нева прспектісі сияқты жан біткеннің көзайымына айналған әйгілі көшелер бар деп естимін. Әй, қанша елестетсем де солардың қай-қайсы біздің мына Нұрекеңнің көшесінің жанында пішту болмай қалар-ау!

Сол сәттен бастап күніне бір рет 2-ші не 86-шы автобуысқа отырам да, Назарбаев авенюінің басына бір, аяғына бір шығып, арлы-берлі жүрем де қоям. Қарған сайын көзім тоймайды, тамсанып, ғажаптанып құмарым қанбайды. Құдай берген шексіз қиялдың қанатында қалықтап, біресе Бродвейді бойлай өрлеп, Оксворд стритті құлдай жүйткіп, одан 5- авенюін шарлап, енді бірде Арбаттың сұлу көркін көзіммен шөп-шөп сүйіп зулап келе жатқандай боламын. Просто кайф!

Міне, бір күнде бір көше қалай өзгерген. Өзгеру деген, өзгерту деген осы емес пе! Түк қиындығы жоқ. Осындай жолмен бүтін қаланы, тіпті бүкіл елді өзгертуге, жаңартып жайнатып жіберуге болады екен ғой! Ақымақ басым соны қалай білмегенмін? Әй, әй, жындымын ғой, жәй ғана жынды емес, нағыз дорақтың өзімін. Жә, мені қойшы, милары басына сыймай құлақ-мұрынынан шығып тұратын оппозицияның қасқалары мен қарайған халық нежөлі соны білмейді, а? Ана кісі «андай-мұндай, жәмән-жәмән… шал, кет, шал, кет!» деп бес-алтауы митингке ербиіп шығып бет-ауызы ит талағандай таяқ жеп жүргеннен не пайда?

Мен, міне, жынды болсам да, туған қаламды гүл-гүл жайнатып жіберудің төте жолын таптым! Ура! Нұрекеңе тағы бір көшенің атын беріп жіберсе қайтеді, «Назарбаев проспектісі – 2» деп!.. Тоқата, тоқта, көшең не, Алматының атын өзгерте салу керек, «Нұр шаһар», «Нұрсұлтан кент» дейсің бе. (Алматы өзгертуге болмайтындай атасының аты емес қой, бұрын орыстар «Верный» деп те атаған). Сонда чиновник біткеннің бәрі Нұр-шаһарды әлемдегі ең әдемі, ең мәдениетті… қалаға айналдырамыз деп жанын салмай ма. Сөйтіп қаламыздың барлық көшесі Назарбаев проспектісіндей жайнап шыға келеді аз уақытта!.. Қой, ойбай, не сандалып отырмын, өйтсе бүкіл қазақ осында ағылмай ма біз де бақытты өмір сүргіміз келеді деп. Онсыз да аузы-мұрынынан асып-төгіліп тау басына шығандап кеткен қаланың қай жеріне сияды? Бәрінен бұрын қаңырап қалған жеріміздің бір жағынан – қытай, бір жағынан орыс кіріп кетсе кәйтеміз? Жоқ, орталық қой, Астананың атын берген дұрыс.

Анау-мынау дейміз, осы халық депутаттары бар ғой, шынымен ел қамын жеп еңіреген едігелер-ау, бас қаланың көркеюін ойлап қаншама рет «Нұрсұлтан» деп атау жөнінде ұсыныс жасады. Оларға енді өкпе жоқ. Тек ана кісі, өлә, сондай бетмоншағы төгілген ұялшақ екен тегі, елден ұят болады деп ат-тонын алақашқан жоқ па! Демек, бұл вариант дохлый, отпадает. Оның үстіне, депутаттар айта-айта жауыр болған ұсыныс. Мен жаңа бірдеңе ойлап табуым керек. Бәрінен асып түсуім керек!

Үш күн, үш түн толғаттым. Үшінші күн таң алдында шала миым шала түйіскен токтің сымындай шатыр-шұтыр от шашыратып, басыма ғажайып бір ой сарт ете түсті.

– Ура! – деп ұшып тұрдым.

– Не болды-ей, қояншық? – Қорылдап жатқан Өмірзақ ары аунап түсіп арқасын қасынды. – Тауық боп кеттің бе таң атпай шақырып!

– Таптым! – дедім қуаныштан есім шыға.

– Нені таптың?

Әрине, мұны әзірге ешкімге тісжаруға болмайды, әсіресе Өмкең секілді биік материаның иісі мұрынына бармайтын топастарға.

– Айтпаймын! – дедім теріс қарап.

– Айтпасаң, Айтбайдың қатыны бол!..

Көңілім лепіріп жер-көкке сияр емеспін. «Ойбай-ау, өлтірдің ғой, айтсаңшы!» деп сіз тағатыңыз таусылып өліп бара жатқан шығарсыз. Жарайды, сізге ғана айтайын. Мен таптым. Тапқанда қандай! Қазақстанды тұтасымен Нұрсұлтанстан немесе Нұрсұлтанландия дей салу керек. Сонда Нұрекеңді жанындай жақсы көретін, қадырлейтін, жанын беретін, қорқатын, жарамсақтанатын… тағы-тағы тамаша кейіпкерлерді ойнайтын күллі чиновник, әкім-қара, ұры-қары, алаяқ, қорқақ, жағымпаздар… «отанымыз, еліміз Үлкен кісінің атына лайықты болсыншы тегі» деп бірімен бірі жарысып, бірінен-бірі асырып жанын салмасқа әддісі қайсы? Ұрылар ұрламаған соң, әкім-қаралар бармақ басты, көз қыстыны ұмытып, өз ісін диірмендей дөңгелеткен соң, Менделеев таблицасындағы элементтің бәрі бар, асты-үсті ағыл-тегіл байлық Нұрсұлтанландия қарыштамағанда кім қарыштайды? Аз жылда Кувейт, Эмират, Сингапур, Швейцарияларың адырам қалмаса, арғы қолыңды бері әкел!

Шірке-ен, осы ұсынысым анау жоғарыдағылардың құлағына жеткенде қандай болар екен? Қолдарын ду-шапалақтап, қуанып кететін шығар. Әлде қарсы бола ма екен? Бас тартып көрсін. «Мен – халықтың өкілімін. Нәрод прөсит, нәрод требутайть!» деп орысша өкіртіп жазамын!

Обшым, Нұрекеңнің ерекше қасиет қонған әулие адам екеніне баяғыда-ақ көзім жеткен. Сіз сенбесеңіз өзіңіз біліңіз, менің шәгім жоқ. Әйтпесе, о кісінің атымен аталған жердің бәрі аяқастынан бекерден-бекер гүл жайнап шыға келе ме? Оны қойшы, о кісіге жария мадақ айтып, шашбауын көтергендердің шетінен бағы жанып, тасы өрге домалай жөнелетінін айтсаңшы! Құдірет емей немене? Әне бір күшеншек жазарман шынайы сүйіспеншілікпен Құдайға теңеп роман жазып, Мемсыйлықты қалпақпен қағып алды; анау ақын әйел қазақ халқының Мұхаммед пайғамбарысыз деп өмір бойы депутат болды. Шалапаев деген жылпыңдаған жалпақ бет: Астанадағы халықаралық әуежайға Назарбаевтің атын берейік деп ұсыныс жасап, ертеңінде министрдің креслосына қонжия кетті. Институттың қатардағы мұғалімі, бақ көтерейін десе оп-оңай екен, президентті референдум арқылы-ақ мәңгілік қып сайлай салайық деп аяқастынан бастама көтеріп, онысынан ештеңе шықпаса да, үш айдан соң ректордың тағына дік ете түсті… Осыдан кейін шүбә келтіріп көр, кәнә!

Шынымды айтсам, үйсіз-күйсіз қаңғыған берекесіз иттірліктен соңғы кезде шаршай бастадым. Үйге қайтқым келеді. Балаларымды сағындым әбден. Жақсы бір қызметке орналасып, нәрмәлні ақша тапсам, нежөлі, Жәния үйге кіргізбейді? Анау ақылды азаматтар секілді мен де бір һайла тауып, ұсыныс не бастама көтеріп жіберсем деймін. Бірақ мен жарымеспін ғой, ондай ақыл оңайшылықпен қалай келе қойсын басыма. Сонда да ойлана бердім, ойлана бердім күндіз-түні. Әнеукүні Фурманның атын алып тастағанда, Құдай оңдап, басыма бір тамаша ой сарт ете қалғаны. Көшенің атын ғана жаңаламай, мазмұнын да байыта түсуіміз керек қой! Дереу игі-жақсыларға: «Нұрекеңе көше беру аз, оған сол көшеде алтыннан һайкал – ескерткіш соғу керек. Дәл Абаймен қиылсқан жердегі скверде Ленин бабамыз секілді қолын созып қасқайып тұрсын!» деп нақты ұсыныспен хат жазып, конверттің аузын тіліммен жалап жапсыра бергенде, өйбүу, сорлы басым-ай, жолың бір болмайын десе, болмайды екен ғой, интернет шу ете түсті: бір жүгірмек алдымды орап кетіпті. «Ақыл – жастан» деген осы, менің ойымды қалай дөп басқан десеңші. Бір университет, бір академия бітірсе де, жұмыс таба алмай екі жылдан бері базарда көтенішегі айналып арба сүйреп жүрген қарасирақ екен, міне, қасына «Жас-Отанның» мың қыранын ертіп: «Біз, Қазақстан жастары, Назарбаев проспектісіне Назарбаевтің алтын ескерткішін орнатуды талап етеміз!» деп мың транспорант көтеріп шерулетіп шыға келді. Жайшылықта бес кемпір пикетке шықса, елу полицей тап беруші еді, бұл жолы қырағы сақшылар қаздай тізіліп хошаметпен қол соғып тұрды.

Екі аптадан кейін әлгі қарақожалақ баланың беті аппақ боп албырап, гал­стук тағып, аудандық әкиматтан шығып келе жатқан суреті facebook-те өріп жүрді.

Бұл жолы өзіме сенімім нық. Ешкім алдымды орай қоймас, тек сізге ғана сеніп айтып отырмын, сырымды шашып, һүрмәтлі оқушым, соцсетке жариялап жүрмеңіз, онда бәрі пщик болғаны. Мұндай данышпандық ой кімнің миына қона қояр дейсің. Өйткені екінің бірі мен сияқты жынды емес қой.

Үш күн ойланып, ұсынысымды үш бетке жаздым да, үш дана ғып Мәжіліс, Сенат, «Нұр-Отанның» бас штабына факспен ұрдым да жібердім.

Өз қиялыма өзім маспын. Көз алдыма құлпырып гүл жайнаған қазақ даласы келеді: өріс толы мал, жайқалған көк-жасыл егіс, мұржасы будақтап, маторы гүрілдеген завод, фабрика; санасы, ой-пиғылы мүлдем өзгерген жандар: ұры ұрлық қылмайды, полиция, дәрігер, кеденші… пара деген сөзді естіп көрмеген, ол не зат деп, энциклопедия ақтарып не Google-ден оқып біледі, чиновниктен бастап аула сыпырушыға дейін халқым үшін қызмет етейін, мемлекетіміз ана кісінің абыройына сай болсын деп мұрынынан тік шаншылады… Бұл, әлбеттә, Нұрсұлтанландияның болашақ көрінісі.

Бір сәт оны былай қоя тұрып, үшбу ұсыныс-хатымды оқыған бойда дөкейлердің не істейтінін ойлап, кеудемнің ішінде дүбірлетіп ат шауып жүргендей, жүрегім лүпіл қақты. «Өй, мынау бір өзіміздің бала екен ғой. Үлкен кісіні, жүдә, қандай сүйеді, ә! Мұндай жігіттерді қолдау керек, барынша жағдай жасау керек!» дейтіні гәміл. Министр, депутат, компания мененджері… ең болмағанда депортамент бастығы қылатын шығар?.. Қой, ойбай, дәмесін қара, жынды деген атың бар емес пе, завсклад қойса да тәуба дерсің!.. Жоқ, ондай майда-шүйде қызметке келіспеймін. Жоғарыдағылардың қайсысы жынды емес? Жынды болмаса, министр, депутат, компания президенті… болып отырып ұрлық қыла ма? Әне, қаншасы сотталып жатыр? Осыған дейін жәй ұсыныс жасағандардың өзі қалай өсті? Оның жанында менің бастамам қандай, бәрінен асып түстім! Жоқ, помайды, министрден кем жұмысқа бармаймын өлсем де! Надоело қайыршы болу, коттеджде тұрғым келеді, Жәнияға норковый шуба әперем, балаларыма машина керек!.. Бір ойым мен бір ойым шәлкем-шалыс дауласып қызылкеңірдек. Баяғыда отырып қалған бір кәрі қыз: «Шіркін, байға шықсам ғой, – деп армандапты. – Одан бала тапсам, баламның атын Домалай қойсам. Домалай домалай-домалай бір күні суға түсіп кетсе қайтем?» деп жылайды екен. Мен де сол Домалай болдым. Әне-міне бір жақсылық жақындап қалғандай, көз алдымнан қызыл-жасыл елес көшеді.

– Өмке! – Солқ еткізіп будканың есігін теуіп кірдім.

– Не болды-ей ентігіп? – Өмкең текекөзденіп қабақ астынан сүзе қарады.

Балаларыма деп шыжымдап жиып жүрген бес мың теңгені ышқырымнан шығарып, үстелдің үстіне сарт еткізіп шиырып тастадым:

– Бір жарты мен иттің колбасасын әкелші. Бір гүжілдетейік шешеңді!..

– Байып тұрсың ғой, түге? – Әрі таңырқап, әрі ақаңның атын естігенде қуанып кеткен Өмкең қасын қарғытып, жымың ете түсті.

– Байымағанда! Бүгіннен бастап кедейлікке гудбай дейміз!

– Қой-ей, батыр, екпінің қатты ғой. Іштіңдер деп, бастықтар жұмыстан қуып жүрмей ме?

– Ұрғаным бар ма! Қорықпа, күніміз осыған қарап қалған жоқ. Ертең өзіммен бірге ала кетем!

– Қайда бармақсың?

– Ана жаққа! – дедім бес тал қылы бес жаққа шашыраған иегімді жоғарыға әуелете сермеп.

– Байқа, министр боп кетіп жүрме!

– Болсақ несі бар екен!

«Әй, қыртымбай жындым-ай!» дегендей Өмірзақ бір жымың етіп, есікке қарай беттеді.

Сол күні екеуміз түн ортасына дейін «Аулың сенің іргелі…» деп әндетіп отырдық.

Ертеңінде басым жазылған соң, қисайған бәтіңкемнің өкшесін етікшіге жөндеттіріп, креммен жылтыратып майлаттым. Иығына газет жауып, шегеге іліп қойған ескі көк пенжағымның жылтыраған жағасын сабындап жуып, қағып – сіліктім. Баяғы студент кездегідей, түнде жатқанда шалбарыма су бүркіп, матрацтың астына салып қырыс-тырысын жамбасыммен «үтіктедім». Дайындық – бес! Қызметке тағайындаймыз деп аяқастынан шақырып қалса, ерте-бастан қам жасамай бола ма?

Жақсылық дәметіп алаңдағанда, уақыты құрғыр табанына тас байлағандай жылжыса кәне. Бір күн… үш… бес… «Жә, маңызды мәселені бірден шеше салу оңай ма. Көп болып кеңеседі, ойланады, толғанады. Сап, сап, көңілім!»

Уһ, сарылтқан күн де жетті-ау! Бір апта өткенде, қара «Джип» мінген курьер жігіт көк конверт ұстатқызып, қол қойдырып әкетті. Конвертті кеудеме басып біраз тұрдым. Қуанышты хабардан жүрегім тоқтап қалардай біртүрлі қорқасоқтаймын. Сонда да батылданып конвертті аштым. Парламенттен келіпті. Құрметті Пәленшеке! Сіздің Мәжіліс пен Сенат депутаттарына жазған хатыңызды алдық. Үлкен кісіге деген құрмет-ниетіңізге, шексіз сүйіспеншілігіңізге зор алғысымызды білдіреміз. Бірақ Сіз айтқан ұсыныс әлі толғағы жетпеген мәселе. Бүкіл мемлекетті жеке адамның атымен атау әлемдік практикада жоқ. Сондықтан бұл мәселені күн тәртібіне қоя алмаймыз. Тағы да Сізге рахмат айтамыз! Деніңізге сау…

Рахмат айтпай қал! Көзім лайланып, бет-аузым жыбырлап, қисайып кетті. Бар біткені осы. Шолтаң еткен бес сөйлем! «Өй, әкеңді!.. Өй, шешеңді!..» Төбеме тас түскендей есеңгіреп қалдым. Бәрі бітті, күл-талқан. Көз алдымдағы әдемі-әдемі елестер тақтадағы жазуды су шүберекпен сүрткендей жоқ болды. «Ух, собаки… Бұлар өзгерісті қаламайды! Депутаттар лоббистер дейтіні рас. Сол жерде отырып ап белгілі бір топтардың, саяси-экономкалық кландардың мүддесін қорғайды, соларға ыңғайлап заң шығарады. «Мемлекетті жеке адамның атымен атау әлемдік практикада жоқ» дейді. «Жоқ болса, біз неге бар қылмаймыз? Әлемде бірінші боп неге бастамаймыз? Вот кертартпа балбестер, а! Жо-жоқ, бұлар өлсе де өзгермейді, өзгелерді де өзгертпейді. Елді Нұрекеңнің атымен атасақ, күллі әкім-қара, чиновник біткен сол кісінің абыройын ойлап тек Нұрсұлтанландияның өсіп-өркендеуі үшін бар жанын салмай ма. Сонда парақорлар, жемқорлар, қарақшылар несін ұрлайды, кімнен жымқырады? Бүкіл бизнес, байлығанан жұрдай болмай ма? Міне, бұлар соны ойлады. Өсіп-өркендеуге, халқымыздың бақытты болуына нұқыл қарсы. Дұшман, дұшман!!!»

Тамырлары көгеріп тастүйіліген жұдырығымды төбеме үйіріп, өзіммен-өзім еліре сөйлеп кеш батқанша будканың алдында жүрдім де қойдым. Әбден езуім көпіріп, сілем қатқанда, ішке кіріп төсегіме сылқ ете түскем. Сыртымнан айызы қанып жымың қаққан Өмірзақ:

– Ку-ку! – деді ойнақыланып. – Министр мырза, Астанаға қашан аттанатын болдың? Кәстөміңді кір басып қалды ғой!

– Кетші-ей, әкеңді!.. – деп теріс қарай аунап түстім.

Әйтсе де көп өтпей жабырқаған көңілімді жарқ еткізіп, тәңірі жарылқағыр, «Шұғыла» партиясы бір көтеріп тастады. Алматыдағы филиалына шақырып, лимонад қойып дастархан жайды. Партия қатарына қабылдады. Кеудеме значок қадап, көк билет тапсырды. Ел ду қолшапалақтап, бір әдемі қыз майысып кеп үш тал қызыл раушан сыйлағанда, сонау комсомолға өткеннен бері мұндай салтанат көрмеген басым толқып кеттім.

– Отаныма қызмет етем! – деп айғайлап жібергенде, дауысым қалтырап, көзіме жас үйірілді.

Ертеңінде Өмірзақ «базардың бастығы шақырып жатыр» деп бір пәлені сезгендей қылмың-қылмың еткенге ішім қылп ете қалды. Өткенде он екі күн түрмеге түсіп, біраз абыройсыздыққа ұшырағаннан бері, шығарып жіберейін десе, Тәукебайдан имене ме, әйтеуір жақтырмай қыржиып жүрген. Имене кірсем, қабағы жадыраңқы.

– Оу, Тәке, партияға өтіпсің ғой! – Орнынан тұрып келіп қолын берді. – Құтты болсын!

Бөлменің қапталындағы аласа үстелде дастархан да әзір екен. Коньяк ашып, бір-бір айғыр стакннан тартып жібердік.

Бастық орнына қайтадан кеп отырды.

– Тәке, сені қалай өсірсем екен? – Бір кекіріп қойып, тісін шұқылады. – Үлкендеу должность бомай тұр. Әзірге старшый күзетші бола тұрсаң қайтеді?

Менің есім шығып кетті. Бұтымның арасына қысып алып екі алақанымды ысқылай бердім:

– Мен…мен… мен ол қызметті атқара алар ма екем?

Басекең қарсылығыма қараған жоқ, сол жерде бұйрық шығарып, мөрді сарт еткізіп басты да жіберді.

Сол күннен бастап министр болғанда киетін көк костюмімді киіп алып, қисық табан ескі бәтіңкемді сықыр-сықыр еткізіп, «Жомарт» базарындағы ана будканың алдына бір барам, мына будканың алдына бір барам. Екі қолымды арқама айқастырып, қабағымды түйе, арлы-берлі қойтаңдап жүрем де қоям.

Бұрын төрдегі төсегімді тартып алып, әй-үй деп менсінбейтін Өмірзақ молла болды. Қашанда шай қайнатулы, қара нан мен иттің колбасасы тураулы.

– Оу, Тәуфеке, дастархан әзір, жүрмейсің бе? – деп жылпың қағады…

* * *

Осы оқиға есіме түсіп, өз-өзімнен тоқтай алмай ұзақ күлдім. «Ием-ау, не болды?» дегендей, Геля таңырқай қарап шәу-шәу етті.

– «Өмір деген осындай қайшылығымен қызық екен ғой!»

– «Қимай тұрсың ба?»

– «Иә.»

– «Онда неге тастап кеттің?»

– «Білмеймін. Сен ше, Геля, өкінбейсің бе?»

– «Жоқ. Өйткені қасымда сен барсың! Өмір деген мен үшін сенсің.»

Тірі кезімде 2 не 86 автобусқа мініп алып, күні бойы арлы-берлі қыдыратынымдай, Назарбаев авенюін мейірім қанып тағы да ұзақ тамашаладым да, таң нұрына көзін жуып жарқырап оянған аяулы Алматыммен қимай қоштастым.

Қара тас ағара ма?

Шыққан күннің шұғыласымен жарысып, кеңістікке сіңіп барамын. Әке-шешем бақиға озғаннан бері ат ізін салмап едім, міне, қарсы алдымнан туған жерімнің өзен-таулары, орман-көлдері құшағын жайып жамырай ұмтылды. Такаббар басын көкке тіреп шалқалаған асқақ Алтай, тастан-тасқа секіріп бұрқырап аққан асау Күршім, кенеріне сыймай шалқыған телегей Зайсан… – бәрі-бәрі таласа құшып, тербете жөнелген. Қыр басындағы әкемнің бейітін іздедім. Көл табанынан жарты шақырымдай жерде еді, су шайып кетіпті. «Сорлы көкем-ай, – дедім тұншыға өксіп. – Жер бетінде қалқайған белгің де қалмады-ау!» Әкем мұз үстінде балық аулап жүріп аязға ұрынып, қатты құлады. Есін бір жиған сәтте: «балам, алай-бұлай боп кетсем, Ақшиге апар, әкем мен ағамның жанында жатайын. Мал аяғы аттамайтындай белуардан ақ кірпіштен төрт құлақ бейіт тұрғызсаң болды» деген әр сөзін бөліп айтып. Ол өсиетін орындай алмадым. Өзі де өлмейтін уақытта өліп бейшара шал, ұйтқыған ақ боранда итөлген Ақшиге қалай сүйретем. Селсоветтен жасырынып құран оқитын Ғазиз шал «Алланың бұйыртқан жерінің бәрібір» деген соң, жота басындағы зиратқа апарып қойғам. Ол кезде ақ силикаттан мола салу мода бола бастаған, бірақ мен бойкүйездікпен ондай кірпішті Самардан тасып жүрем бе, өлген соң бәрібір емес пе деп, қолдан құйылған қам кесекпен көтере салғам. Сөйтсем бәрібір емес екен, қайран әкем осылай боларын сезген екен ғой!

Төбедегі қоңырайған қалың зираттың жартысы жоқ, тісі ақсиып тап-тап берген долы толқын жардың кенерін дамылсыз кеміріп жатыр. Әне, көзімше, жарқабақтың шетінде құлағы едірейген ескі бейіт төңкеріле опырылып, суға күрс ете түсті. Лайлана көпіршіген су шапшып-шалқып шегіне берген. Арқан тастам жерде ирелеңдеп жүгірген толқынның арасынан бір қызыл түлкі сумаң етіп суырылып шыға келгені. Алдыңғы екі аяғымен секіре малтып жағаға шықты да, дүр сілкінді. Шаңытқан тамшылар күн көзінде ойнап, қып-қызыл жүнінен қып-қызыл от шашырағандай лап-лап етті. Өзі бір ұятсыз түлкі екен, ыстық құмның үстіне аунай кетті де, «мә, міне көр» дегендей, төрт бұтын төрт жаққа керіп, күнге қыздырынды. Сол-ақ екен, ауылдың иттері шулап қоя берді. Әсіресе байлаулы төбеттер жер тырнап, шынжырын шайнап аласұрды.

Зираттың теріскей жақ етегінде ыстық күнде елтірі тымақ киіп, ұзын барқыт шапанының белін шиырлаған атлас белбеумен шымқай буған егде кісі бүкшеңдеп қара тастың бетін жуып отыр. Жақындап келсем, баяғы Ғазиз молла!

– Ассалаумалейкум, әкей!

– Әликумсәлам… Қай баласың?

– Салихтың баласымын.

– Е, жарығым, Тауфих екенсің ғой.

– Иә. Мұнда қайдан жүрсіз? Екі-үш жыл бұрын өліп қалды деп естіп едім ғой?

– Өлгендер келмейді деп кім айтты? Онда өзің неғып жүрсің?

– Е, солай екен-ау.

– «Өлді деп ат қойыпты өңшең білмес» деп Абай атаң айтқандай, Жаратқан кеудесіне жан салған тіршілік иесінің ешқайсысы із-түзсіз жоғалмайды. Тек біз фәни-жалғанда жүргендерге көрінбейміз. Сондықтан өлді деп айта береді.

– Мына тасты неге жуып отырсыз?

– Ағарсын деп.

– Қара тас жуғанмен ағара ма?

– Алланың шафхатында шек бар ма? Ағартам десе бір-ақ сәтте ғой!

– Одан сізге не пайда?

– Бұл – менің үшінші атам, Байтайлақ деген кісі. Әкесіне тілі тиген екен, қарғысқа ұшырап, қара тасқа айналыпты. Жәй жатқан жоқ, тас құрсаудан шыға алмай өкіріп жатыр. Үш ұрпақ күнәсін кешіре гөр деп Аллаға мінәжат етумен келеміз. Өзің де білесің, біздің өкіметіміз Құдай жоқ деп Құдаймен алысқан өкімет қой, мен сонда да жасырынып оқып, бес уақыт намазымды қаза қылған емеспін. Иә, балам, бұ дүниеде қылған жақсылығың да, жамандығың да ізсіз кетпейді, алдыңнан шығады, бәрінің қарымтасы бар. Әне, арыда дөңкиіп-дөңкиіп жатқан қойтастарды көрдің бе, соның бәрі бір кезде не әке-шешесін ренжітіп, не ғарип-кәсірдің көз жасына қап, қарғысқа ұшыраған міскіндер.

Сол мезетте әлгіндегі қызыл түлкі құйрығын бұлғаңдатып анандайдан қиялай өтіп бара жатыр еді, Ғазекең:

– Әй, пәтшағар, Керімгүлсің бе-ей? – деді айғай сап. – Жүрмейтін жерің жоқ-ау!

– Мұныңыз кім?

– Сен танымайсың. Қаладан бертінде келген. Жезөкше қатын. Осындағы қауын еккен қытайдың біреуі пышақтап өлтірген. Бұлаң қағып жүрісін көрмейсің бе пәтшағардың!

– Құдай түлкіге айналдырып жіберген бе?

– Жүрегінде тәуба болмаған ғой сорлының.

– Әкем қайтті екен? – дедім секемденіп.

– Сенің әкең жақсы адам ғой жарықтық.

– Намаз оқып, ораза тұтқан жоқ еді…

– Оның иманы жүрегінде. Әкеңе уайымдама. Анау қырдан ассаң, мүскіннің нағыз көкесін көресің.

Ғазекеңнің иек изеген жағына барсам, анандайдан бұрқыраған шаң көрінді. Бір қолымен үстіне топырақты бұрқ-бұрқ шашып, екінші қолымен топырақты қарбыта асап қарашығы ойнақшыған біреу отыр. Жақындауға бата алмай, құрық созымнан айғайладым:

– Ей, сен кімсің?

– Жебір-жемқормын!

– Басқа жейтін нәрсе құрып қалды ма, топырақ жегенің не?

– Ой, сендер білмейсіңдер ғой. Топырақтан тәтті нәрсе бар ма екен, шіркін!

– Адамның көзі өлгенде топыраққа ғана тояды дейтіні қайда?

– Оны қазақ мен тумай тұрып, білместікпен айтқан. Мен өлсем де тоймаймын, жей бергім келеді. Мен топырақ жегішпін!

– Сен тірі кезіңде де топырқ жедің бе?

– Жегенде қандай! Тек қана топырақ жедім. Нән әкім болып, Қытайға миллиондаған гектар жерді саттым. Ой, шіркін, тәттісін-ай!

– Ол жақта жер әлі де көп еді ғой. Мұнда неге келдің?

– Құдай шақырып алды. Жеп тауысқам жоқ, тұра тұр деп, екі жүз миллиард долларымды блат қып берсем де көнбеді. Құдаекең қызық, блат алмайды екен. «Мә, топырағыңды жей бер» деп осында отырғызып қойды.

– Сауап болған! – дедім де, ағал-сағал кейпінен жиіркеніп, теріс айналдым…

Күл астында көктеген елес

Ауылымның өзі жоқ, ескі жұрты жатыр құлазып. Жаңа ауыл жағалауды гүрс-гүрс сүзіп, ақшулан басын сілкілеп өкіріп-бақырған телегейден үркіп, қыр басына шығып кетіпті. Шолтиған шолақ, қисық көшелердің сұлбасы ғана бұралаңдайды құм арасынан. Кешегі төбесінде алабота өскен тоқал тамдардың кетиіп қабырғалары қаңқаяды. Көрден шыққан қу бастың көз ойығындай тезезелер үңірейіп-үңірейіп тұр. Балалығымның бейітін аралап келе жатқандаймын. Ол күндердің өзі өшсе де, көңілдегі мөрі өшпепті. Уақыт желі қабаттап жапқан құм арасынан бәрін аршып алдым. Сынық кірпіш, қылтиған жалғыз ағашынан-ақ әр үйді, әр ауланы тап басып танып тұрмын. Міне мынау Киров, 119 – Төреханның үйі. Ауланың кіреберісінде текшелеп жиған қи. Отын қораның қалқасына дәртесін қаңтарып, тігінен қойылған қайқыбас шана. Екі теректің діңіне қыстырылған турникке келген сайын әрқайсымыз кезек-кезек асылып тыртаңдап жатқанымыз.

Төрехан – сері. Бесінші кластан бастап шашына бреолин жағып, шекесінен жарып тарап, сәнденіп жүреді. Ай сайын бір қызға ғашық. Бәрімізден бұрын темекі тартқан да сол. Біз келсек болды, қораның артына апарып, кезекті ғашығына жазған хұсни хатын оқиды дауысы дірілдеп. Біз жырқ-жырқ күлсек: «кетіңдерші-ей, әкең!» деп қызараңдап, бұртиып қалады…

Анау дөңестегі шеткі көшеде Балабек тұрады – Бунтовский, 22. Кәмали әкей – қасы жалбырап көзіне түскен қатал кісі. Баласын көп далаға шығара бермейді. Әредік біз кепкіміз қисайып көріне қалсақ: «Өй, ойында басың қалғыр! Сиырдың боғын неге шығармағансың!» деп күрек лақтырып, Балабекті ауланың ішінде қуып жүреді. Ондайда біз бүкеңдеп қаша жөнелеміз…

Орталықтағы Октябрь көшесімен, әне Тоқашова Айтжамал ала сиырын жетелеп, племстанцияға қарай кетіп барады. Күйлеген сиыр құйрығын қайқаңдатып жетекке жүрмей тыртысса, елтірі тымағының құлағын шарт байлап алған Тоқаш шал шыбығымен сауырдан тартып кеп жібереді. Оқалақтап ата жөнелген сиыр Айтжамалды сүйрей қашып, жығып кете жаздайды:

– Ойбай, жіберме! – дейді шал ауылды басына көтере айғайлап. – Күйлемейтін уақта күйлеп қарасан келгір. Мықтап ұста! Босап кетсе, ана жаман тайынша-бұқалар артылып қояды…

Тоқаш шал тас керең, қасындағы кісіге айғайлап сөйлейді. Ел: «бұл шал қу, бір сом берем деп сыбырласаң, естіп қояды» деп күлкі қылатын. Айтжамал аласұрған сиырдың басжібіне ие бола алмай дедектеп әрі саңырау әкесінің айғайлағанына ұялып, ыстық күннің астында бой-бойы шығып терлеп келе жатады…

Әне кәнтөжин Мұзафар бір аттап, екі шегініп көшенің ортасында қисалаңдап тұр. Оқ жұлған «ортан терегінің» орнынан басбармағын қайқайтып, арылы-берлі өткен әйелдерге:

– Әй, қатындар, менен де дәм татыңдар! – деп тарқ-тарқ күледі.

Жаулығы қоқырайған бір апай тап береді:

– Өй, қояншық қайыршы, немересіндей қыздардың көзінше айтып тұрғанын қарашы!

– Немене, қыз қатын болмай ма екен?..

– Жоғал оттамай!..

Мұзафардың суырып-салма ақындығы бар. Талайға өлең шығарған. Әсіресе Қоянбайға айтқан бір шумақ өлеңін ауылдағылар көпке дейін ауыздарынан тастамай күлетін. Қоянбай – ауылдағы жалғыз дүкеннің приказчигі. Тоқпақтай ғана бойы бар сап-сары кісі. Мінезі шақар. Ашуланғанда бет-аузы бұрқ етіп қып-қызыл боп кетеді. Әйелі Күлпәш – көмекшісі әрі еден сыпырушы. Өзінен үш есе дәу, нығыз денелі, сүйекті. Кейде, не қылығы жақпай қалғанын кім білсін, Күлпәшті дүкенді айналдыра бақыртып қуып жүреді. Күлпәш анандай дәу денесімен қарсыласпайды. Байым сабады деп, кәдімгідей сықсыңдап жылап отырады.

– Өйбү-у, шегірткенің айғырындай немені шақылдатпай төбесінен бір қоймайсың ба! – дейді ондайда байларымен төбелесіп үйренген қатындар кіжініп.

– Қойшы, – дейді Күлпәш қорс-қорс тартқан мұрынын жаулығының ұшымен сүртіп. – Ер адамға қалай қол көтересің!

– Өй, еркек болмай қалсын!..

Қоянбай барған той-томалақтың берекесі жоқ, жүз грамм ішсе, екі жүз грамм мас болады. Ел күліп:

– Қайтсін, размері сол ғой! – дейді. Айналасына ұрынып, берекені алатын болған соң, Күлпәш үн-түнсіз қолтығына қысып ала жөнеледі. Қоякең аяқ-қолы шолтаң-шолтаң тыпырлап, біресе әндетіп, біресе боқтап бақырып бара жатады.

Бір «Сельпоның» білдей қожасы болған соң, кімді көзге ілсін. Бәрінің төбесінен асқақтап қарайды. Именетін жалғыз адамы – жынды Мұзафар. Үлкен бар, кіші бар демей, көрген жерде: «Ей, қолтоқпақ!» дейді айғайлап. Жындымен жынды болатын емес, ерегессең, одан зорғысын естисің. Сондықтан «ой, жездеке-ай!» деп ыржия салатын. «Ендеше жездеңе құймайсың ба, тілі таңдайына жабысып тұр». «Сенен аяғанды ит жесін, жездеке!» Анда-санда қаңғалақтап келе қалғанда, бір жарты қызылды газетке орап ұстата қоятын. Бір күні саудасы жүрмей тұрғанда әдетінен жаңылып, қырыстанып еді, сол жерде сұңқылдап қоя берсін:

– Сенің атың – Қоянбай,

Үлкендігің қояндай.

Үстіңе Күлпәш құласа,

Қаласың ғой оянбай.

Бес баланы туғыздың

Қай жеріңмен, ой, Алла-ай?

Береріңді берсеңші

Мықыныңды таянбай.

Шығынсынып тұрмысың

Бір қызылды ұялмай?

Қолтоқпақтай бойыңмен

Қатын болып жаралсаң,

Өтер едің бай алмай!.. – деп шұбырта жөнелгенде, Қоякең:

– Ойбай, болды! –деп жартысын ұстата қойған. – Мына өлеңің осы жерде қалсын, ешкім естімесін!

Мұзафар ешкімге айтпағанмен, дүкенде тұрған бір қатын жаттап алып, елге таратып жіберіпті…

Жұматайдың әжесі Балжан – ісімер кісі. Қашан көрсең қолы істен босамайды. Осы ауылда біреу текемет басса да, алаша тоқыса да ақыл қосып қасында жүреді. Әне үйдің іргесіндегі құрақ көрпе төселген скамейка үстінде шүйке домалатып жіп иіріп отыр. Ұршықтың сабын мәсісінің қонышына жанып-жанып жіберіп, шуданы соза иіреді… Әр көше, әр бұрыштан құшағын жая шулап-шұрқырап қарасирақ балалығым маған қарай жүгіріп келеді…

Советский, 45. Ыстық жасым ыршып-ыршып кетті. Туған үйім, әке-шешемнің көзін көрген ескі там. Төбесі опырылып ортасына түсіпті. Қайырма пештің мұржасы ғана құламаған, тұмсығына кигізген темір шелек желмен сыңсып, қираған тамның басында жоқтау айтып тұр. Күл-топырақтың астынан өлген, қайта оралмас күндердің сағынышты елесі жыбыр-жыбыр тіріліп, көктеп келеді. Бар қызу, ыстық демімен аймалап құшақтай алды жан-жағымнан. Терезесі сығырайып, қысы-жазы ала-көлеңке тартып тұратын қоржын там. Едені сары балшықпен сыланған, жып-жылтыр. Кіреберіс бұрышқа бұзау байланған. Кейде су-су мұрынын шүйіріп, бұтын талтайтып, осы үйдің еркесімін, не істесем де өзім білем дегендей, астына төсеген сағдардың үстіне сыр-сыр сыздықтатып тұрады. Балық сасыған үйдің ішінде ермен, мия секілді қыр шөбінің иісімен қосылып, онысы жұпар аңқитындай тынысымыз кеңіп қалады. Бөрте ешкінің арамза туған лағының да қыс ортасындағы орыны сол. Лақ деген кемелек ширақ, тез өседі. Тоқал төбесімен дүңк-дүңк сүзіп, көзі жыпылықтап, мойыншағына қылғынған бұзауды, «ма-ма!» дегендей мө-мө деп мөңіретіп, бұрышқа тығып тастайды.

Екі бөлменің ортасы дөңкиген жеті құдық, күйелеш ауыз, сылама пешпен бөлінген. Екі жаққа қызуын тең жайып, үй іші ұядай боп тұрады. Төргі үйдің оң қапталына екі басы жып-жылтыр «болыскей» темір кереует жайғасқан. Жаңа сырмақ, алаша, торғын тысты көрпелер үстіне текшелеп жиылған. Етегіне шілтер төгіліп, әр жеріне гүлдің жапырағы қызыл-сары жіппен кестеленген үлкен көгілдір торғынмен бетін жауып қояды. Оның үстінде қатарласып ұйықтап отырған мысықтың басындай, құлағы тікірейген төрт аппақ құс жастық. Қонақ келмесе, жүк бұзылмайды. Әкем, апам үшеуміз жерде жатамыз. Жер еденге жаймалап шөп, оның үстіне балапан қамыстың матысы төселген. Қамыстың бетіне қошқар мүйіз текемет жайылған. Қозғалсаң былқылдап сықыр-сықыр етеді.

Көкем менің қабағы салбыраған, қызып алғанда болмаса, көп сөзге жоқ тұйық адам. Маған суық, бауырына басып не маңдайымнан иіскеп еркелеткен емес. Не істесем де жақпай, «өй, ынжық неме, сен қайтіп адам болар екенсің осы! Әне, қарашы елдің балаларын!..» деп бойлай ұрсып қыжыртып отырады.

Кейде түн ішінде оянып кетем. Біреу төбемнен, маңдайымнан иіскейді, арқамнан сипайды. «Түріңнен айналайын тыртиған, құлыным сол!» Әкем екен. Ау тартып тілім-тілім жарылған қабыршық қатқыл алақандар бүкіл денемді аймалай төмендеп, аяғымды сипалайды. Сұқ саусағын бәшмайларымның арасына жүгіртіп кірін уқалайды. Жаным кіріп сүйсіне түсем. Ара-арасында иіскеп: «По, жұпарын-ай!» деп еміреніп қояды. Мен өтірік ұйықтаған боп, бәшмайларымды тарбитып жата берем… Сол бір сәт елестегенде, ыстық жасыма ие бола алмай қалдым. «Сөйткен қайран әкеме не жақсылық көрсеттім!»

Біздің ауылда сыра ашытпайтын үй жоқ. Аузынан сыраның иісі сасып тұрмаған адам бейшара біреудей көрінетін. Дүкеннің сырасынан босаған ағаш күбі не темір фляга әр үйдің бұрышында қонақтай қонжиып отырады. Біздің үйде де жылы пешке арқасын сүйеп, ескі шапан, ескі көрпені қабат-қабат оранып бір «құдағи» отыратын. Анда-санда іші гүр етіп, «кекіріп» қояды. Ондайға құлағы сақ көкем: «бабына келді-е!» деп жұдырықтай жұтқыншағы жоғары-төмен жүгіріп кетеді. Шырмауықтан ашытқан бал сыра. Бөшкенің ортасындағы ағаш тығынды таңқ еткізіп ашып қалғанда, көпіршіп божығыған тәтті аралас қышқылтым иіс танау атады.

Біздің кластағы ұлдардың бәрі ішеді. Мен де ішемін. Мұғалімдер де ішетін болу керек, біз бор-бор кекіргенде, «әй, қайсың сыра ішкен?» деп ежіреймейді. Тек кейбір қыздар ғана мұрындарын тыржитады. Бөшкенің кіндігіндегі істікті суырып алсаң, сап-сары тәтті сыра атқақтай жөнеледі. Ешкім жоқта әлдебір пивнушкадан адасып келген жырық ерін кружканы толтырам да, қылғытып жіберем. Ол ұрлығымды көкем мен апам бәрібір біліп алған. Ауыз үйде дөңгелек аласа үстелдің басында үшеуміз шошайып шай ішіп отырғанда көкем:

– Апасы-ау, Тауфих-жанның сусынынан әкелсеңші! – дейді кәсенің үстінен көзін сүзіп.

– Басқа уақта ішсең болмай ма, баланың көзінше!..

– Е, бізсіз де татып жүр ғой бұл шырақ. Өзіміздің Күршімнің шырмауығы емес пе, тәйірі. Іше берсін.

– Піш, ақылының түрін!

– Балам, сыра ішсең – іш, тек арақ ішпе! – деді әкем сұқ саусағын көзіме тығып алардай тақап.

– Онда не болады? – дедім түсініңкіремей.

– Әкең секілді алқаш боласың! – деді апам қабағын шытып.

«Е, сол-ақ па? Әкемнің қай жері жаман» деп ойладым. Бірақ ештеңе дегем жоқ.

Үйдің алдында зәулім ақ терек өсіп тұратын, жел соқпай-ақ өз-өзінен жапырағы сылдыр қағып. Ортасынан опырылып, қураған түбірі ғана қалыпты. Әкем: «сен туғанда Күршімнің жоғарғы жағындағы тоғайдан әкеп кішкентай шыбықты егіп едім. Міне, өзіңмен бірге өсіп келеді!» дейтін саясын төккен бәйтерекке сүйсіне қарап.

Әкемнің мінезі қызық. Ылғи мен түсінбейтін бірдеңелерді айтатын. Оқымаса да өзінің философиясы бар. Кейде тыныш тұрмай жыбырлап теректің жапырағын жұлсам, шап беріп құлағымнан тартады.

– Ай, ауырып кетті!

– А, ауыра ма? Теректің құлағы да ауырады!

– Теректе құлақ бола ма екен?

– Неге болмасын. Теректе құлақ та, көз де, тіл де бар, өйткені оның жаны бар. Міне, құлағын жұлып алып ең, жылап тұр!

Мен көкем жынды шығар деп, құлағымның дуылдағанын ұмытып күліп жібердім:

– Қалай жылайды?

–Міне көзжасы! – Жапырақтың сабағының ұшындағы сіркедей түйілген тамшыны көрсетті. – Балам, ойлашы өзің, жәй ерігіп жұлдың да алдың. Міне, жерге тастадың, ертең қурап жоқ болады. Содан не таптың? Күніне бір жапырақтан жұлып отырсаң, не қалады? Жайқалып өсіп тұрса, сая емес пе? Көзіңе қуаныш, жаныңа тыныс емес пе?..

Көкемді тыңдасаң, айналадағы көктеп тұрған не жыбырлаған жанды нәрсенің ешқайсына тиіспеу керек. Бұтаны сындырма, жол жиегіндегі шөпті баспа, гүлді үзбе, құмырсқа-қоңызды өлтірме…

– Шөп – жердің шашы. Шашыңды жұлса ауыра ма? Міне, қалай екен? Ол да ауырады. Өйткені жаны бар. Жаны болған соң, көктеп өседі. Жұлып тастасаң, әне сарғайып өліп қалмай ма? Көгеріп, өсіп тұрған нәрсенің бәрі өз тілінде сөйлейді, күледі, қуанады, жылайды. Тек біз олардың тілін түсінбейміз. Мына терекке қарашы, самал соқса, жаның жадырап рахаттанбайсың ба, бұл да жапырақтары сылдыр қағып, сыңғыр-сыңғыр күліп-қуанады. Дауыл ұйтқыса, шошып, үрейленетініміз сияқты, ол да сыңсып-жылап у-шу болады.

Кезінде, әрине, бұған мән бергем жоқ, ақылыма сыймады, күлдім де қойдым. Бірақ әкемнен қорқып көзінше жапырақты жұлмадым, бұтаны сындырмадым, құрт-құмырсқаны баспадым. Гүлді үзейін деп, шыбықты сындырайын деп қолым созыла берсе, әкем қарап тұрғандай селк ете түсем. Сол дағды бірте-бірте қаныма сіңіп, әдетіме айналды. Сөйтіп әке сөзінен түйсігіме түскен бір түйір дәннің қалай көктегенін өзім де сезбей қалыппын. Кейін өз балаларымды да солай үйреттім. Оқумен, ғылыммен жетесіне жеткізе алмайтын тәрбиені оқымаған шалдың бір ауыз ақылымен-ақ санасына құйдым. Менің ақылды Айшам кішкентай кезінде жапырақпен, гүлмен сөйлесіп отыратын. Аулада бір бала жапырақ жұлып не бұтақты сындырса, сонымен сол жерде төбелесе кетеді. «Сен жапырақты өлтірдің, ағаш әне жылап тұр» деп өзі қосыла жылайтын…

Жаңа ауылдың шалдары

Үстірттегі жаңа ауылда жаңа адамдар тұрады екен. Бұрынғы төбесінде алабота өсіп тұратын тоқал тамдар емес, шатырлы үйлер. Көшелері де түзу. Адамдарының да сұрқы бөтен. Ылғи бір қысық көз, жылтыр бет, маймиған талтақ бұт біреулер. Әр тұстағы ашық тұрған терезелерден шың қағып, ыңырсыған музыка сыңсиды. Ауадағы күйген маймен араласқан сарымсақ иісінен жүрек айнығандай. Заводтан шыққан қуыршақтай өңкей бір қара домалақ балалар бес-оннан қақпа-қақпадан төгіліп шығып жатыр. Сөйтсем бұл қытай ауылы екен, қырдағы «Чайна-таун». Күре жолдың аузындағы биік бетон бағанға «Цын-зиян – 2» деп қытайша қып-қызыл ғып жазып қойыпты. Осыдан бес-алты жыл бұрын жерді жалға алып, рапс, соя еккен қытайлардан «Құс тұмауы» деген дерт тарап, тұрғылықты ел қырылып қалыпты. Қаңырап қалған жерді әлгі бейіт басында топырақ жеп отырған нән бастық қытайларға сатып жіберіпті.

Бұл қытайың недеген еңбекқор, өнерлі халық. Көлдің сонау жиегін жырып, суды жетелей-жетелей қырдың желкесіне шығарып, үлкен тоғанды сарқыратып ағызып қойыпты. Ауылдың іргесінен көз ұшына дейін созылған төрт құбыла төңіректің бәрі жап-жасыл теңіздей шалқиды. Текше-текше жайқалған рапс, соя, қауындық алқабы. Барқыт жолды атыздың арасынан шашырай жылжыған кең етек ши қалпақтардың төбесі бір батып, бір көрінеді.

Ауылдың шет жағында бес-алты үй қазақ бар екен. Бәрі қытаймен құда, қыз алып, қыз берген. Бір-бір сиырын, үш-төрт қой-ешкісін іргедегі арықтың жағасында жайып жүр. Бірін тұсап, бірін арқандап қойған. Сиырларының мүйізіндегі ұзын арқанның бір ұшын белдеріне байлап ап, екі шал дөңестеу тепсеңнің үстінде шынтақтай жантайыпты. Тани кеттім. Бірі біздің Дәрібай деген мұғаліміміз. Оныншы класта «Қоғамтанудан» сабақ берген. Ызақорлау кісі. Аузы бір жағына қисық. Балаларға ұрысқанда, салмалы тісі аузынан жылтың-жылтың етіп шығып кететін. Төрехан екеуміздің артымызда отыратын Теке – Темірханның әкесі жасырынып намаз оқитын діндар кісі еді. Сабақ үстінде Текенің жанына жетіп кеп: «Құдай жоқ, естіп тұрсың ба-ей, жоқ, жоқ! Әкеңе айтып бар!» дейтін указканың ұшын көзіне тығып алардай төндіріп. Алыстай бергенде Теке: «Алла, Алла, сақтай гөр өзің!.. Әкеңнің… Содан кейін ғой Құдай сенің аузыңды қисайтып қойғаны!» дейді естілер-естілмес сыбырлап.

Қызық, қазір аузы түзеліп кетіпті. Жағын көмкеріп дөңгелек сақал қойған. Қолында піл сүйегінен жонылған тасфих. Саусақ ұшымен дамылсыз санамалап, көзін жұмып, басын шұлғиды. Екі сөзінің бірі – «Иә, раббым!.. Әлхамдуллаһ!»

Қасындағы шал да таныс. Дүкенші Қамысбай. Өзгермеген, қария болайын, салуаттанайын демеген, сол бұрынғы бір көзін қысып, сығырайып қарайтын, қырмасақал қалпы. Баяғыда мойынына ақша мініп сотталатын болғанда, ауылдың шалдары «ит те болса өзіміз ғой» деп, жылу жиып алып қалған. Сонда «ит ішкірді енді ішсем, ит боп кетейін-ай!» деп мұрынынан маңқасы ағып жылағаны көз алдымда. Бірақ тәубасын талай рет бұзса да, ит болған жоқ, екі күннен кейін-ақ шарбақтың түбінде қатынын боқтап, айғайлап жатқанын көргем. Қамысбайдың жиені қытайға шығып, бес жылда, егізін араластырып, жеті бала тауыпты.

Қамысбай шақырайған күнге сығырая қарап, орнынан тұрды:

– Мына Құдайдың күні қайтеді-ей, аңқамызды кептіріп қуырып барады ғой, түге! – Арықтағы суға құйрығын тығып тұрған қазмойын бөтелкені алып, сыртын жеңімен сүртті. Дәрібайдың алдында мықтылығын көрсеткісі келгендей, қақпағын ерінімен жымқыра қысып жұлып алды. – Баяғыда Нұролла көксоққан «жигүлебскидің» қақапағын көзімен қысып-ақ тоңқ еткізетін, – деді, ондай болмасақ та біраз өнеріміз бар деген мақтанышпен. Бөтелкені аузына қазықтай қадап, жұтқыншағы жоғары-төмен зыр жүгірді. Көпіршіген сыра орталанғанда барып демін алған:

– Үһ, жаным-ай! – деді маңдайының терін алақан қырымен сыпыра сілкіп. – Анау-мынау деп оттағанмен, қытайдың сырасына жетері жоқ осы!

– Әй, жынды суға жанын сатқан қасқа-ай, қашан саған ес кірер екен!

– Сен де сырыңды білмейтіндей шалқисың-ау, Дәке! Талай стакан қағыстырған Дәрібай емессің бе. Енді кеп тасфих ұстап тақуа бола қапсың!

– Тәйт, опасыз! – Дәрібай бүгежектеп кеңк-кеңк күлді. – Қайдағыны бықсытуын… Өткен іс өтті-кетті. Қашанғы шайтан боп жүре береміз! Өзгеру керек қой. Қария жасына келдік, алды-артымызды ойламасақ бола ма?

– Мен өзгермеймін. Өлер шағымда өтірік тоңқаңдап Құдайды алдамай-ақ қойдым.

Дәрібай тыжырына қарап басын шайқады:

– Әй, ант атқан, кәпірдің шөбін жеп, арағын ішіп өзің де кәпір болуға бет алыпсың ғой!

– Кәпір, кәпір дейсің. Сол кәпірден не жамандық көрдің? Жұмыс таба алмай қаңғып, алқаш боп, қатын-баласынан айрылып азып-тозған балаң бүгін соларда жұмыс істеп адам боп жүрген жоқ па? Қаңырап құлазыған далаң міне жайқалған егін, жайнаған бау-бақша. Қашан бүйтіп жеміс-жидек жеп едің? Жер-жер дейсіңдер, қанша жыл бос жатқанда, еңкейіп бір тал шыбық еккен кімің бар?

– Иә, жарылқады. Індет жайлатып, жаныңды алды. Қаңыратып жеріңді алды. Аман қалған ұлыңды құл қылды, қызыңды қатын қылды. Жетісіп отырсың!

Бір шөлмек сыраға бір шөкім шыжғау шал қылжалақтап қалды:

– Найзаңның ұшын маған тіреп отырсың ғой, ә, қу шал? Ана жиенді бетіме салық қылғаның ба? Ол қыздың жайын өзің де білесің. Әке-шешесін зарлатып не істемеді? Бүкіл елге аты шықты. «Пөблишный дом» дей ме, сондай жерде қызмет етіп бұзылып келді ғой. Қайта, қытай да болса, бай алып көрім болған жоқ па! Әй, Дәке, қытай жаман дейміз, қытайдың да жақсысы болады екен. Бізге бір тәуірі жолығыпты. Бетіме келмейді. Бірдеңе деп былдырлап, басын шұлғып, жымиып-күліп, апта сайын «Жүн-жүні» мен сырасын жәшіктеп әкеп тастайды!

– Сөзің бар болсын! Сені құртқан құлқын ғой!

– Е, несі бар, кім де болса, сыйлағанның құлы емес пе. Мені сыйлап тұрады байғұс, шүкір соған да. Біздің қызды шынында, қытай болмаса, кім алар еді? Айтпақшы, Тастоғандағы Керімқұлды танушы ма едің?

– Білемін, не бопты?

– Білсең, соның қызы да қытайға шығыпты жақында.

– Ойбу, момын қасқа еді, сорлап отыр екен ғой!

– Сорлаған түгі жоқ, қайта қуанып той жасапты.

– Ай, Құдай алжастырды десеңші!

– Қызының жасы отыздан асыпты, бір көзінің ағы бар, беті шұбар екен. Ешкім алмай отырып қалған ғой. Құдай оңдап, бір қытай алып қашып кетіпті. Ести сала ауылдың жігіттері «бұл не сұмдық!» деп едіреңдеп, машиналысы – машинаға, аттысы атына мініп тұра шауыпты. Жұдырықтарын төбесіне шоқпардай үйіріп, гүжілдесіп, қытайдың үйін қоршап алады. «Әй, әкеңнің көрі… шешеңнің пәлен… қоңыз жейтін қара қытай, шық бері, жібер қызды, әйтпесе өлтіреміз… енегіңнен ағашқа асамыз… сөйтеміз де бүйтеміз!» деп айғай салады. Қыз сыртқа шығып: «Ей,жігіттер, ауылымыздың бір қызы еді деп намысымды жыртып келгендеріңе рахмет. Бірақ мені ешкім зорлаған жоқ, өзім келдім. Бұл байғұстың еш кінәсі жоқ, тием дедім – алам деді. Қытай да болса, маңдайыма бұйырған бай осы шығар. Отыз жыл ортаңда жүргенде, қайсың маған сөз айттың, қайсың маған қыз деп қарадың? Әйтпесе бұған сүйдім деп өліп-өшкеннен тиіп отыр дейсіңдер ме? Біреуің алам деңдерші, қазір-ақ кетіп қалайын. Кәне, қайсың аласың? Сен бе? Сен бе?..» деп тап-тап берген екен, бәрі тұра қашыпты! Қыз байғұс қайтсін енді, қашанғы қу тізесін құшақтап отыра береді?

– Е, сенікі – көппен көрген ұлы той ғой! Ішкен «Жүн-жүніңе» мәзсің. Жел азынаса – жер тозады, қыз азса – ел тозады. Тозғанның алды осы шығар! – Дәрібай орнынан созалаңдай тұрып, сиырының басжібін тартты…

Жалғасы келесі санда

"Жұлдыз" журналы

author

Тұрысбек Сәукетай

Жаңалықтар

Елордалық өрт сөндірушілер Нұра ауданы Қабанбай батыр даңғылында автобустың жануын сөндірді, деп хаб...

Жаңалықтар

Әлеуметтік желілерде қайырымдылық қор құрылтайшысының қаржысын жымдықды деп айыпталып отырған Пери...