Марлен Ғилымхан. Пышақтың жүзіндей кітап – құстардай тізілген ойлар

ӘДЕБИЕТ
1338
Белгілі ақын Аманқос Ершуовтың шығармашылығына арналған 
қаламгерлер арасында «Ақ бұлттар, қара бұлттар, ала бұлттар» атты республикалық эссе байқауына
Марлен ҒилымханАманқос Ершуов поэтикасы хақында...


«Қол басындай жүрекпен...»  


Өзі көрген дәуірдің шындығын жеріне жеткізе жазған қабырғалы қаламгер Аманқос Ершуовтың шығармашылық әлеміне сапар шегуге бел байладық. «Тағы да бұлт жайлы» өлеңімен әдеби ортаға танылған ақынның болмыс-бітімі, мінезі, адалдығы һәм жалғыздығы жырларында жасырынып тұрғандай. Мына бес күн жалғанда атақ-даңққа қолын бір сілтеп, әдеби потенциалын барынша жоғары деңгейде көрсете білген қадау тұлға туындылары оқыған сайын тұңғиығына тарта береді. 
Қаламды бала күнінен серік қылған оның кейіпкерлері – өзінің замандастары. «Қазақстан милиарды», «Ұрпақ сыры» өлеңдерінен соны байқаймыз. Ал, ақын жаны болса, теңізге ғашық. Ол теңізбен жиі сырласады. 
«Көк теңіздің жағасын мекен етем,
Онсыз менің жүруім бекер екен. 
Көкіректе толқыған көп ойларды, 
Көп толқынға тоқтаусыз жетелетем» дейді бір өлеңінде. Бұл өлең 1978 жылы Алматы қаласындағы «Жалын» баспасынан шыққан «Шырқау» атты кітабына енген. Оның ғұмырды теңізге теңегені
«Жартастарға соғылып күнде жаным, 
Жалғыз талға ілініп аман қалам» деген жолдарынан анық аңғарылады. Теңізді, жалпы жағалауды ұнататынын басқа да жырларынан байқауға болады. Соның бірі – «Қозғалыс». 
«Көргің келсе теңізді жағаға бар,
Жағаға бар, шуласын шағалалар.
Шайқақтаған тағдырың сынға түсіп, 
Жай таппаған кезіңмен бағаланар» дейді шабытты шақтарда. 
Анығында кез-келген қаламгердің өзіне ғана тән лирикалық кейіпкері болады. Бірі қыпша белді қыз жайлы жаза түссе, бірі қала тақырыбында ерекше толғанады. Бірін дала, ауыл суреттері қатты әсерлендіреді. Ал Аманқос шайырдың лирикалық кейіпкері – теңіз. Иә, кәдімгі көк теңіз. 
Жырлардан көркемдегіш-бейнелеуіш тәсілдерді көптеп кездестіретінімізді тілге тиек етейік. Мәселен, «Ақбөбек» өлеңінде аллитерацияны пайдаланады: 
«Байғұстар заманынан оза шыға,
Басынан көрмесе де сөз асыра,
Боздаған ботасы өлген боз інгендей,
Боздақтар бордай тозды Бозашыда.» Мұндай ерекшелік «Таң» өлеңінде де ұшырасады. 
Аманқос Ершуов кейде сенімнің өрге жетелейтінін алға тартады. Кейде ізгілік туралы ой толғайды. Кейде «Жүрекпен кеудемдегі қол басындай, 
Кей кезде кетемін мен симай жерге» деп таңдай қақтырады. Талай кітапты оқыдық. Әлі де оқимыз ғой. Бірақ, осы күнге дейін «қол басындай жүрек» деген тіркесті кездестірген емеспін. Қаламгерлердің көбіне жүрек көлемін «жұдырықтай» деп сипаттайтыны кәміл... Ал бұл ақын «қол басындай» деп жазыпты. Қол басы дегеніміз – жұдырық. Сөзді керек жерде дұрыс қолдана білетін қаламгерлер ғана осылайша ұтымды тіркестер тудыратын шығар.


Өлең әсер сыйлауы тиіс...


1981 жылы «Жалын» баспанынан жарыққа шыққан «Шұғылалы шақтар» жинағындағы «Тыңдағы ерлік» атты деректі поэма өткен ғасырды көз алдыңа әкеледі. Автор бұл поэмаға тың және тыңайған жерлерді игеру жолында асқан ерлік көрсеткен Львов құрылыс институтының сырттай оқитын студенті Василий Рагузовтың өмірін өзек өткен. 
Тың игеру жылдарының басталғаны, жұмысқа жастардың жұмылдырылғаны суреттеледі. Ауа райының қолайсыздығына қарамастан еңбек еткендердің ет жақындарына деген сағынышы шумақтар арасынан ара-тұра менмұндалап қалады. Олардың тоңғандарды жылыту мақсатында баспана тұрғызғаны, мектеп салғаны жанға сәуле сыйлайды. Еңбек майданының ортасындағы бас кейіпкер Василий суықта үскен саусақтары қалтырап отырып, зайыбы Серафимаға хат жазады. Ол хатта кеудесіндегі аңсар әнін астық арқалаған составтар жеткізетінін айтады. Жанұясына қиындық қылышын сермеген сәтте осы бір жазбаның сүйеу болатынына өз-өзін амалсыз сендіреді. Рагузов ұлына да сыр ашады. 
«Балапаным, ең бастысы өмірде 
Адам болу керектігін ұмытпа!» деп нендей заман туса да, адамдық деген асыл қасиеттен аттамау керектігін өсиет етеді. Бір орыннан қозғала алмай жатқан оны – сол алмағайып шақта осы үшбу хатты Серафима оқиды-ау деген үміт шуағы жылытты. Аманқос Ершуов «Шұғылалы шақтар» деп осындай ыстық кездерді меңзейді-ау деймін... 
Л. И. Брежневтің «Василий Рагузовтың мерт болуы бәрімізді де қатты күйзелтті. Ол алғашқылардың бірі болып «Киев» совхозына келіп пророб болып жұмыс істей бастайды...» деген сөзі поэмаға эпиграф ретінде алынған. Ақынның бір ғана Василийдің тағдырына бүкіл соғыс зардабын сыйғызып жібергені, сол сәттердің салқын самалын сезіндіргені, тыңның тұңғыш көктемін аса көркем бейнелегені – оның шын мәнінде шебер қаламгер екенін айғақтайды. 
Жалпы өмірде кез-келген ақын үшін ата-әже, әке-ана, аға-қарындас тақырыптарында жырлау аса қиын. Бұл қатарға ұстаз тақырыбын да қосуға әбден болады. Ұстаз жайлы қоғамда жалпылама түсінік әлдеқашан қалыптасып үлгерген. Алайда, бұл ұғымның мән-маңызы өте тереңде жатыр. Өскелең ұрпақ, меніңше, ұстазды әріп үйретіп, бекітілген бағдарламадағы сабақтарды түсіндіретін, бұзықтық қылсаң, жөнге салатын тұлға ретінде ғана қабылдамауы қажет. Аманқос ақын ұстаз туралы пайым-пікірін Қазақ ССР-іне еңбегі сіңген мұғалім Ж. Нұрмановқа арнаған «Ақылшы» атты өлеңінде жазып қалдырыпты. Ол ұстаздар қауымының тұлғалық болмысын: 
«Класқа кіріп келе жатқынында,
Кеудеме күн кіргендей секілденем» деп ашып көрсеткендей...
Белгілі қаламгердің рухты өлеңдері де көп. «Қараойда», «Қашаған ақынның қайрауы», «Исатайдың соңғы сөзі», «Махамбеттің дегені» секілді жырлары әп-сәтте жігерлендіріп жібереді. «Қарақшы және сұлулық», «Киік. Зұлымдық. Мейірім», «Әйел қайраты», «Қателік» секілді балладалары және «Құлын туралы хикая» түпсіз ойға шомдырады. 
Ақын жаны табиғаттан ешқашан алыстамайды. Бірде 
«Жұлдыздар көлдің бетінде 
Шашылып қалған тарыдай» деп серпілтіп қояды. Бірде: 
«Комбайнның қоңыр даусы қалқып тұр,
Нанның исі сіңіп қалған ауада» дейді. Қараңызшы, керемет емес пе?!  
Өлеңнің түрі көп. Оны оқырман жақсы біледі. Кейбір өлеңдер бар, автор оқыған кезде өте әдемі көрінеді. Ал, зер салып, қағаздағы нұсқасын оқысаң, мазмұнынан ешқандай жаңалық таппайсың. Ондай өлеңдерді – мәнерлеп оқитын өлеңдер десек, қателеспейміз. Мәнерлеп оқитын өлеңдерді анда-санда тыңдауға болатын шығар, бірақ, шама келсе, оқымаған жөн. 
Мәнерлеп оқылмайтын өлеңдер бар, оларды оқу, ұғыну үшін ақынның шығармашылық ізденіс жолдарына аз-кем сапар шегу керек. Олай жасамасаңыз, қаламгердің ішкі әлемін де, өлеңдегі пәлсапаны да түсіне алмайсыз. Ал, талдап-талқылауды мүлде қажет етпейтін өлеңдер бар. Оларды тек оқисыз, әсер аласыз... Сондай өлеңнің бірі – «Қасқалдақ». Иә, Аманқостың «Қасқалдағы». Сенбесеңіз, оқып көріңіз: 
«Бұқпалап келіп Сәттіғұл,
Шүріппені тездеп басқанда-ақ,
Басынан тайып бақ шұғыл,
Құлады жерге қасқалдақ.


Жылады жасыл жапырақ,
Жүзіне тиіп тамшы қан.
Қорқады қара топырақ,
Қан жоса қылар аңшыдан.


Ұшқанмен басқа құс күнде,
Баса алмай солық-аптығын.
Қаралы көлдің үстінде,
Қанталап барып батты күн...»  
Аманқос Ершуовтың «Қаралы сұлу» өлеңінде тоқал тақырыбын қаузағаны – үлкен әңгіменің бастауы. Ол бұл жырға қабағынан қар жауған бай бәйбішесіне жақпаған жас қыздың ішкі толғанысын сыйғызған. Жас тоқал ана атанғысы келеді. Мына өмірде бақытқа бөленіп, сәбиінің қылықтарын қызықтауды, бал сезімге батуды қалайды. Ал, жұбайы қартайған. Жөтеледі. Жай жөтел емес, түні бойы мазаны қашыратын жөтел. 
Бұл өлеңнің түпкі идея-миссиясы – адамды еркінен тыс шешім қабылдауға мәжбүрлеуден бас тарту. Ақынның «Ақбөбек» атты өлеңі де осы бағытта жазылған. «Екі көңіл арасы – жылшылық жер» демей ме дана Абай осындайда... 

Бала көңілін баураған...

Сіздер Аманқос Ершуовтың балалар ақыны екенін білесіздер ме? Білмесеңіздер, оның 1982 жылы «Жалын» баспасынан жарыққа шыққан «Жылқышының ұлы» атты кітабын оқыңыздар. Әрине, балаларға арнап жазу оңай шаруа емес. Оны балалар қабылдай алмаса, жолыңның болмағаны. Аманқос – бұл тұрғыда бағы жанған қаламгер. 
Себебі, «Жылқышының ұлын» оқып отырып, өзім балаға айналып кетуге сәл-ақ қалдым. Балалық шаққа оралғандай күй кештім. Әсіресе, маған «Автодүкен» өлеңі қатты әсер етті. Әлі есімде, бала кезімде ауылға ақын жырына арқау болған автодүкендер келетін. Олардың иесі көпшілікке киім-кешек, қарбыз-қауын сатушы еді. Бұл өлеңді оқығанда бүгінгі заман балаларының көз алдына мүлде басқа нәрсе елестеуі бек мүмкін. Бұл өлең негізі толғанған жанды жаңа әлемге, беймәлім кеңістікке сүйрейді. 
Аталған кітапта автор жылқы тақырыбында кеңінен толғанып, балаларға жылқы жайлы мағлұматтарды барынша нақты әрі дәл жеткізуге тырысқан. Жас жеткіншектерді жылқышы өмірімен таныстыруды мақсат тұтқан. 
Осы кітапқа енген «Дертке дауа құрық» аңызы да әсерлі. Аманқос ақынның баяндауынша, Атыраудың ойында, Қарақұмның бойында Әбіш деген бай ғұмыр кешіпті. Мың түйесі, үш мың қойы болыпты. Алтыны да көп екен. Өзі жауыз, сараң кісі көрінеді. Айналасындағылар одан кек алғысы кеп, тіс қайрап жүреді-міс. 
Оның Қали атты жалғыз ұлына дерт жабысыпты. Қараңғыда перінің ізін басып кеткен баланы емдете алмай қор болыпты. Тәуіп те, балгер де, бақсы да ем таппайды. Содан соң Әбіш ақ үй тіктіріп, Қалидың қол-аяғын арқандап, тастап кетеді. Ақыр соңы бұл баланы мал іздеп жүрген жылқышы құрығымен жазады. Оны бәрі әулие деп ойлайды. Алайда, жылқышы:
«Қиқу салып қиырда,
Жүру бізге бұйырған.
Шырыны асыл шөптердің,
Құрығыма жиылған» деп ағынан жарылады. Бұл аңыз оқырманды қоршаған ортаның әрбір бөлшегіне құрметпен қарауға үндейді.   
«Мынаған куә болдым барғанымда:
Көршімнің темір өсті шарбағында. 
Құдыққа лақтырып кеп жібергенде,
Шығады кит ілесіп қармағыма» деп келетін өтірік өлеңі, қызықты жұмбақтары көркем әдебиетті оқуға деген құштарлықты оятады.  
Осы бір кітаптағы «Ұйқасын тап!» бөліміне енгізілген өлеңдердің төртінші жолындағы ұйқастар жасырулы тұр. Оны оқырман ойлап табуы керек. Мәселен, 
«Күннен түскен сәуледен,
Су жылынып қалыпты.
Бүгін үлкен ауменен
Сүзіп алдық...» Осылай өлең аяқталып қалады. Ал сол өлеңнің қай сөзбен бітетінін табу оқырманның еншісінде... Мұндай жырлар бүлдіршіндерді қызықтыра түсетіні ақиқат.    
«Құланның құлағында 
Құрбақа ойнады ма?
Құланды атқан Құдабай ма,
Ұларды атқан Ұланбай ма?» деген жаңылтпашы да көңілге қонымды. 
Біздің кейіпкеріміз «Жылқышының ұлы» кітабында жылқыны жеріне жеткізе жырласа, «Ойсылқара» жинағында түйені ұлықтайды. «Ойсылқара» «Жалын» баспасынан 1990 жылдары жарық көрген.  
Айта кетейік, Аманқос Ершуов 1943 жылы 18 тамызда Атырау облысы Жылыой ауданы Ақкиізтоғай ауылында дүниеге келген. Оның жоғарыда аталған жинақтарынан басқа «Көкжиегім – болашағым», «Көктемім – келешегім», «Алтын босаға», «Пір Бекет пен жыр зекет», «Оғыланды», «Шопан баласы», «Келер күндер көкжиегі» атты кітаптары бар.
Қысқасы, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, «Құрмет белгісі» орденінің иегері Аманқос Ершуов кітаптарының қалыңдығы – пышақтың жүзіндей болғанмен, өлең-жырларындағы ой-мазмұнның салмағы ауыр... 


Марлен ҒИЛЫМХАН – 1998 жылы 4 наурызда Батыс Қазақстан облысы Орал қаласында дүниеге келген. 2015-2019 жылдар аралығында М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университеті филология факультетінде білім алған. Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі. Республикалық «Семсер», «Ұлы дала» әдеби байқауларының жүлдегер-жеңімпазы.

author

Марлен Ғилымхан

АУДАРМАШЫ

Әлем

Польшадағы Димаш Құдайбергеннің Фан-клубы алғашқы «поляк-қазақ тілашарын» шығару арқылы...

Жаңалықтар

Абай облысына қарасты Курчатов қаласының кәріз қалдығы Ертіске құйылып жатыр. Бұл туралы Павлодар об...