Қоғамдық процестер ауысып, құндылықтар өзгерген 90-жылдарда әдеби өмірдің де қалыптасқан жүйесі баст...
Жеңіс Қанен. Махаббат түні
(Дастан)
Шет-шексіз табиғаттың жасыл бағы,
Не заман қара перде жасырғалы.
Жарқылдап ақ білегің, айдай жүзің,
Ілескен өзің едің қасымдағы.
Сай-қырқа, адыр-жота жақындағы,
Жым-жырттық құшағында жатыр бәрі.
Елітіп сол суретке ақын жаным,
Келеді көк өзенім тасыңғалы.
Ер жігіт не тілесін артық мүлде,
Өзіңдей ару қызбен тартып бірге.
Жапырып көк шалғынды із қалдырса,
Сәбидей маужыраған барқыт түнде.
Кең дала, көркем жазық, алан- ашық,
Құшағын алдымыздан самал ашып,
Желпиді кекіліңе маза бермей,
Кетердей әлдеқайда ала қашып.
Биікте тулағандай туым бүгін,
Сиырып қара түннің шымылдығын;
Жарық етіп шыға келген хор қызындай,
Тартады жанарымды сұлулығың.
Кездесу қандай бақыт түн жамыла,
Жан күйім келіп бүгін тұр бабына.
Пәк, ізгі ойларымды өлеңімің,
Түсіріп алсам, шіркін, ырғағына!
Қалған-ды бізді ұзатып ауыл артта,
Бас идік киелі, ұлы шаңыраққа.
Келеміз, Тәңіртау тұр алдымызда,
Ұқсаған батыр баба – аруаққа.
Құшағын алдымыздан бейне ашардай,
Тұрғандай сағынштан шөл баса алмай.
Таласып тарлан түнмен ақ сәлдесі,
Отырған құран оқып молда атамдай!
Алдына ол отырғызып екеуімізді,
Ежелгі баба салтын өтеп ізгі;
Қол жайып, дұға қылып, бата беріп,
Қярдай осы қазір некемізді.
Ап-айқын бұйра әжімі маған аппақ,
Тұлғасын көк жүзіне созады асқақ.
Арылған ақша бұлттан әсем құздар,
Жалама жартасын тұр жалаңаштап.
Жұлдызбен талпынғандай тілдесем деп,
Ақ таңда ойы бардай бірге сөнбек.
Солдаттай күзеттегі отыр мығым,
Паналап бауырына түн мекендеп.
Құз-шыңдар қатар-қатар азулардай,
Немесе кереге боп жазылғандай...
Қысамын құшағыма, еркем, сені,
Көркінен табиғаттың көзімді алмай.
Көк аспан, мөлдір аспан – тұнық айна,
Көз жетпес көк иірім шымырайды, ә?
Ұялып қаратқандай күйген бетін,
Кешегі ғайып болған сынық Ай да.
Тағатсыз таң күткендей бар айнала,
Жамылған түн көрпесін баян дала.
Жеріген желігінен Қызылөзен,
Әуенін естіртеді баяу ғана.
Алғандай бар құпя сырды біліп,
Ақ қайың жапырағы мың құбылып;
Тұтасқан көк аспанның жиегімен,
Жоталар иректері тұр білініп.
Еркесі, жаз сұлудың балдырғаны –
Аяққа оралады шалғындары.
Төселген гүлді, әсем жібек кілем,
Бетке алып келе жаттық көк жылғаны.
Жасыл бақ - күлкі бағы, ойын бағы,
Махаббат қоңырауы соғылғалы;
Тұлпардай тұла бойда қан ойнақтап,
Алмасқан қызу, жалын бойындағы...
Ерінмен ерін келіп табысқанда,
Сезіледі балқығандай қамыс-тал да.
Көңілдің мастығынан айыққанша,
Жеткенін кім сезеді алыс таңға.
Тағаты жеткен кезде шегіне де,
Бір-бірін ұнатқан жас емірене.
Риза пшінменен сүйіскенде,
Төңірек төрт дүние көріне ме?!
Ауылын алстатқан бізден күдік,
Келеміз елге таныс ізбен жүріп.
Ойыма оралады мың толқын боп,
Айналған аты аңызға қыз бен жігіт.
Қос бірдей жетегіне баран ат ап,
(Шіркін-ай, жарасымды-ақ, ғаламат-ақ.)
Қасымнан өте шығып, көз ұшында-
Екі жас қолтықтасып бара жатады.
Жеткізген талай ақын жыр-ән етіп,
Суреттей ғайып болған бұлаң етіп;
Сыздатып жүрегімді мөлдір қайғы,
Соларды келдім дәйім қиял етіп.
Сондайда тықыршушы ем бесті кердей,
Шұбалып керуендей көш жүрердей.
Ат мініп, шоқпар алған қуғыншылар,
Дүбірін болушы едім естігендей...
Бастарын қатал тағдыр қоспай қойған,
Жанының қасіреті жасқа айналған;
Ғашықтар:
Еңлік-Кебек, Қозы-Баян,
Барлығы: Абай-Тоғжан, Естай-Хорлан...
Мезгілсіз шаттығынан ажырасып,
Баянды гүлдемеген өңін ашып.
Солардың тонна-тонна қасіреті,
Сезіледі қалатындай мені басып.
Келтіріп әзер ғана сөз ретін,
Ұрланып оңашада кезігетін;
Ынтыққан бір-біріне сол ғашықтар,
Бұл күнде болмайтындай сезілетін.
Кей кезде кеткенімде сезімге еріп,
Елігуші ем, болғандай өзім жерік.
Жататын жұмбақ күйі сол махаббат,
Оянды ой-санамда өзің келіп.
Жүруші ем өр көңілмен тасып дардай,
Сондағы шын берілген ғашықтардай.
Қадырын шын сүюдің кім біледі,
Қақпанын ғашықтықтың басып қалмай.
Сен неге жәудіредің маған қарап,
Көсілген көк жазық ғой – анау қабақ.
Тоқташы!
Құмарымды қандырайын,
От кірпік жанарымды саған қадап.
Өзіңе ту алыстан сене келген,
Мен дағы кем емеспін Төлегеннен.
Қытықтап қылықтаншы «Қызжібегім»,
Сүйейін бетіңдегі қара меңнен!
Тұрайын мойыныңа қолымды артып,
Ерісін қорғасындай бойым балқып.
От тиіп тұрған шырпы - сезімдерге,
Күйдірсін көкірегімді жалын шарпып.
Тұрайық табжылмастан таң атқанша,
Күн күліп шұғыласын таратқанша...
Сөз қалсын,
Мылқаулардай тіл байлансын,
Мастанып есімізден адасқанша!
Аққуым айдынында жүзіп ізгі,
Тербетсін махаббаттың түні бізді.
Таусылмас таудай қуат бітер, бәлкім,
Тигізсек жүзімізге жүзімізді.
Түсінем көңіл жәйін үнсіз ғана,
Түндігін түріп кетсін мұң сыздана.
Елігіп еміренген сезімдерге,
Тынып бір жатсын іштен тілсіз дала.
Кеп тұрмын арманымның асып белін,
Демеймін қиындықтан жасып көрдім.
Тамылжып тамған тұнық тамшылардан,
Қайтайын көңілімнің басып шөлін.
Ақылды ақ сезімге арбатқасын,
Махаббат киіп басқа тар ноқтасын;
Екуіміз «Құдіреттің құсы» сынды,
Бірігіп қанат қағып самғатқасын...
Түнек бұлт жетегінде түн желеме,
Бағдарын түзейді әрзер мүлде кеме.
Жас жүрек шыға береді еркін беріп,
Бір дене жылу сыйлап бір денеге...
Ойым жоқ тілегімнен жырақ қонар,
Құдірет құшағына құлатқан ар.
Бастайды өзіне тән тіршілігін,
Оянған әз бойымда клеткалар.
Жаныма нұры тамды дала – паңның,
Мейірі қандай ыстық алақанның.
Алдымда шуақ сыйлар күнім - сенсің,
Күдірге келмейді ойды жане салғым.
Кеңиді дүниенің бар тынысы,
Өртенбес өкіншпен артық ішім.
Кетеді бір өзіне баурап тартып,
Ғашықтық әлемінің тартылысы!
Сөндірмен қойған жағып жан алауын,
Бағызы сарынына салады ағын..
Тегіне тартпай, сіра, тұра ала ма,
Ұрпағы Адам ата, Хауананың?
Тұп-тұнық құлағыма құйылады үн,
Келеді толқын болып шымырағым.
Біздерді қорғай көр деп киеңменен,
Ғашықтар тәңіріне сиынамын!
Лапылдап көкірегімізде от жанама,
Жұлдыздар ,
Құмарланып көп қарама!
Күнәнің батпағына батар болсақ,
Кешегөр қос пендеңді Хах Тағала!
Сүйіссін қыз бен жігіт, сүйсін жүрек,
Қызуын қыл мойынның білсін білек.
Теңіздің мөлдір, таза толқынындай,
Сезімге бөленейін сүйкімдірек.
Алма бет, қызыл ерін, қас керілген,
Аңсаған арманым ең жас кезімнен.
Басайын бауырыма, құшайыншы,
Қолымды босатпайын аш беліңнен!
Ала бер, құлын бейнем, барымды ұтып,
Жығылсам жығылайын халім бітіп.
Ұмытылып өзге дүние қала тұрсын,
Тұрғанда бақытымның балын жұтып.
Аңқыған жұпар иісі, салқын ауа,
Етейін бар күшімді сарқып ада.
Жүрегім, бәсеңдетпе дүрсіліңді,
Аяғым күшіңді жи, қалтырама!
Отты ағын, нар денемде жосыла бер,
Ақ қайың, жапырағыңмен жасыра бер!
Мен саған ризамын, меңді қарғам,
Мойныма білегіңді арт, асыла бер!
Хал бітір, қайыспайтын қабырғама,
Тамсансын табиғаттың талы ырғала.
Қоңыржай құшағыңа құлатып ап,
Ырясыз жас жанымды жалынға ора!
Жайнасын жасыл шалғын көңілді бақ,
Ағылсын тыным алмай өмір – бұлақ.
Рухын арман дүние тірілдіріп,
Сөнбесін жанған алау, сенім – қуат.
Көңілім тұрды менің аласұра,
Жол жатыр біз аяңдап баратын ә?
Қалықтап жөнелем мен тебіреністен,
Қонақтап қиял құстың қанатына.
Қарасын, мың бұралып емен күліп,
Ғажаптық әлеміне келем кіріп.
Мұнда сәл аялдадым, көңілімді-
Қуаныш сәулесіне бөлендіріп.
Пердесін бүркемесін бетіңе мұң,
Күйің боп домбырада шертілемін.
Нәзік, сүйірік саусағыңмен сорғалатып,
Шертші өзің ғұмырымның жетігенін.
Өлейін,
Отыңа, егер, жанып өлсем,
Сарпалдаң өмірімнің сәні бол сен.
Жадырар тағдырымның таңы бол сен,
Бұйырған ырысымнің дәмі бол сен!
Күркіреп көк өзен боп тасқан, көкем.
Құшағын күндей ыстық ашқан көкем.
Есте жоқ, (ұмыттым-мыс.) Ғашықтығым –
Қай күні, қай мезгілде басталды екен?
Ақын ем, толғанғанмын.
Жырды баста,
Арнағам сендей керім құрбыласқа.
Мен мәңгі ұмытпаспын, өзіңменен
Оқыған жылдарымды бір класта.
Жанымда оны ойласам сең жүреді,
Билейді бар еркімді, көндіреді.
Сол кезде-ақ ақша жүзің, алма бетің...
Жанарың қандай әсем мөлдір еді.
Сүйкімді құлағыңда діріл сырға,
Діріл сырға реңін құбұлтуда.
Бұралған тал-шыбықтай нәзік белің...
Болады оны қайтып ұмытуға.
Кептеліп көмейіме жырдың селі,
Көрмесем тұра алмаушы ем бір күн сені.
Сыздатып көкірегімді бір тәтті мұң,
Арылмай көңілімнің жүрдім шері.
Мен сені шын сағынған күндерімде,
Жыр еттім қайтқан құстар тізбегін де.
Қараушы ем сонадайдан көзімді алмай,
Сен соны сездің бе, әлде, сезбедің бе?
Қозғалып құлағыңда діріл сырға,
Діріл сырға бейнесін құбылтуда.
Қасыңа қанша таяу барсам дағы,
Айтпағам, тұрса да сөз тіл ұшында...
Ізгілік, пәктік еді - дос тұтқаным,
Жетелеп биіктерге ап шықты әнім.
Билеген ой-санамды тылсым бір күй,
Тұтанып кеудемдегі оттықтарым.
Көңілдің талғамына сараптатып,
Өзіңе ынтық күннің – өзі-ақ бақыт.
Сынаптай сырғанаған сол бір күндер,
Кеткендей ұясына тез-ақ батып.
Асады көлім шалқып бір кемерден,
Келемін мақсатымды жүлгелеумен.
Алып отыр өмірім өзгеше түс,
Екеуіміз сәттен бастап тілге келген.
Толқынның жағаны ұрған тынбайды үні,
Сыбырлайды сар қурайдың сынбай бүрі.
Жеткенде төзім ширап соңғы шекке,
Бырт етіп үзілердей қылдай жібі.
Жаңарды бейнесінен ғалам мүлде,
Қажетсіз үміт үзіп қарау күнге.
Көктемім, күнім күліп жетіп келіп,
Оранып шыға берді далам гүлге.
Қарасын, қызықтасын маңай тынсын,
Төгілсін жүзімізге арай тұнсын.
Тік ұшып түтініміз, қос көмейден-
Шырқалып махаббаттың әні айтылсын.
Толқынды толқын қуып кетші ұласып,
Тағы сен қылығыңмен етші ғашық!
Әзірше адыра қал, арман өзге,
Тұрғанда мейіріммен бетті басып.
Сусын болған сусаған сарығыма,
Жаз дидарлы, қарғам-ай, жаны бұла.
Сұмбылыңнан сипайын сүйінішпен,
Басып еркін өзіңді бауырыма.
Жанның сыры – таусылмас қазына бай,
Мамығына орайды мамыражай.
Бірге болсақ бір ғұмыр сен екеуіміз,
Бірімізден біріміз ажырамай.
Хасамын ақ тілектің ішудемін,
Жыртығын қиялымның бүтіндедім.
Айдай нұрлы арналды қарғам саған,
Бар арман, барлық тілек, бүкіл демім.
Өзіңмен бірге сіңдім мен түнге еніп,
Еркін қайтаді толқыным, еркін келіп.
Қасқайып алдымызда Тәңіртау тұр,
Біздерге қайтпас сенім, сертін беріп.
Бұл бір сәт, ақ сәулелер қылштасқан,
Бола ма түсінісіп , ұғыспас жан.
Бозарып боз бейнелі таң келеді,
Боз туын көтеріп ап шығыс жақтан.
Кешікпей күнде шығар, арманымыз -
Бөленер шұғылаға жан – жағымыз.
Қайтамыз бетке ұстап ауылға біз,
Түсініп көк шалғында қалғанын із.
Қайтамыз, түннің сырын құпя ұстап,
Кернеген бойымызды күш, ырыс, бақ.
Көргенде сенің әсем, әз бейнеңді,
Қанатын қағып алыс құсым ұшпақ.
Сағыныш шын күшейген кезде мүлдем,
Жиналар меруерт тамшы көзге бірден.
Болсын деп осы түннің естелігі,
Сүйейін үш қайтара көздеріңнен.
Тулайды тамырымды қаным тасып,
Сапарға алыс шығамыз анық басып.
Қол ұстасып келген ек түн қойнына,
Енді қайтып барамыз қол ұстасып.
Қол ұстасып ертеңге бір жүреміз,
Сөйлесерміз, түсініп тіл білерміз.
Өмір алға жылжыйды заңыменен,
Барлығына сәйкесіп үлгірерміз.
Мен ақиқат сөзімді айтсам егер,
Жортып кетсек, басымызға бақ қона бер.
Жүзімізді қара түн нұрға бояп,
Ізімізді табиғат ап қала бер!
Ар-намысты ту қылып, (алтын қалып.)
Күн кешеміз заманнің салтын бағып.
Сетінемей сенім – күш бойды кернеп,
Шыға береді бағыт – жол айқындалып.
Көңілімде бір ізгі ой жатты менің,
(Жанды өзіне баурайтын тәтті лебің.)
Сен қасымда сылаңдап көрінерсің,
Жарқылдап айдай жүзің, ақ білегің...
Мәдениет порталы