Мариус фон МАЙЕНБУРГ. Құбыжық

ТЕАТР
1722

(Аударған Әлібек БАЙБОЛ)


ҚАТЫНАСУШЫЛАР:

Летте ‒ құбыжық.

Фанни ‒ оның әйелі.

Шефлер ‒ Леттенің бастығы.

Карлманн ‒ Леттенің көмекшісі.

Фанни ‒ ауқатты сары кідір әйел.

Карлманн ‒ оның ұлы.

Шефлер ‒ хирург.

Фанни ‒ оның көмекшісі.




Үш Фанниды да жалғыз актриса сомдайды. Дәл осы нәрсе екі Шефлер мен қос Карлманнға да қатысты. Негізі, сахнада төрт артист болады. Леттені құжыбық етіп гримдеудің қажеті жоқ, ол кәдуілгі адам ретінде жүре береді. Актерлердің бет-жүзі отадан кейін де өзгермейді.

Шефлер. «Excelsior» ‒ қонақүйдің ең ғажабы. Бұл ‒ керемет жер. Терезелері оңтүстікке қарата ашылатын, Альпі тауы көрінетін бөлмені таңдасаңыз. Таңертең бассейнде бірнеше айналым жүзсеңіз, еш салмақ қоспайсыз. Тамақтары да тамаша. Ал, қызметшілері сондай елгезек, елік ұқсап елеңдеп тұрады екен. Осыдан көресіз, тіпті үйге де қайтқыңыз келмей қалады.

Летте. Ол Швейцария туралы айтып тұр ма?

Карлманн. Иә.

Летте. Сіз де барасыз ба?

Карлманн. Мен бе? Иә, барам. Олар үстелімнің үстіне кітапшаны да қойыпты.

Летте. Оның маған арналмағанына сенімдісіз бе?

Карлманн. Сенімдімін, міне, атым жазулы!

Летте. Демек, сізге салған. Ал, маған жоқ. Поштадан сұрау керек екен.

Карлманн. Алаңдаудың еш қажеті жоқ.

Летте. Неліктен? Менің көлігіммен барсақ қалай?

Карлманн. Мен ұшақпен...

Летте. Ұшасыз ба? Оған ақшаңыз жете ме?

Карлманн. Бәрі ұйымдастырушылар есебінен.

Летте. Тіпті, ұшақта ма?

Карлманн. Әрине. Және әуежайдан да күтіп алады.

Летте. Бұл қалай, сонда? Мен діңкелеп көлікпен жетеді екем, ал сіз ұшақпен...

Карлманн. Олар маған бүкіл құжатты екі апта бұрын жолдаған.

Летте. Екі апта дейді? Ал, мен ештеңе алғам жоқ.

Карлманн. М-м-м.

Летте. Сізге конгресстің не қажеті бар?

Карлманн. Шынымды айтсам...

Летте. Сіз маған көмектестіңіз, әрине. Атақ-даңққа бөленіп, тамыр-таныс тапқыңыз келеді...

Карлманн. Жоқ, шынымды айтсам...

Летте. Егер залда отырып бұрыннан білетін нәрсені тыңдасаңыз, онда бүйтіп шығындалудың керегі не?

Карлманн. Қателесесіз, Летте.

Летте. Неге?

Карлманн. Мен залда отырмаймын. Сахнаға шығып, баяндама оқимын.

Летте. Сіз бе?

Карлманн. Иә.

Летте. Жо-жоқ, сіз дұрыс түсінбедіңіз. Сахнаға мен шығам...

Карлманн. Жоқ.

Летте. Және баяндама жасаймын.

Карлманн. Жоқ.

Летте. Бір жағынан бұл қисынды да! Себебі, *штекер [*электр құрылғысы] және сақтандырғыш қалқаншасын өзім ойлап таптым. Менің арқамда Шефлер патент алды. Сондықтан да, 2СК туралы мен баяндап берем. Бұл жобаның жетекшісі ‒ мен ғой, ал сіз ‒ көмекшімсіз. Мендегі құзіреттілік сізде жоқ екенін ұмытпаңыз. Сол себепті, мен баяндама оқығанда, сіз тып-тыныш отырып тыңдайсыз.

Карлманн. Жоқ.

Летте. Сізді ренжіткім келмейді, Карлманн. Мына жағдайға есіңіз кете қуанып жүрсіз, бірақ мұнда бір гәп бар. Қиялыңыз ұшқыр екенін білем. Алайда, бұның анық-қанығын білуіміз керек. Әйтпесе, менің орныма конгресске ұшып кетсеңіз, елге ‒ күлкі, дұшпанға ‒ таба боламыз.

Карлманн. Бастықтың не айтқанын өз құлағыңызбен естідіңіз.

Летте. Жоқ, бұл...

Карлманн. Онымен өзіңіз тілдесіңіз... бәрін реттеген ‒ сол.

Летте. Шефлер?

Карлманн. Иә.

Летте. Мүмкін емес. Шефлер, бұл жобаны басқарғанымнан хабардар. Және сіздің үлкен тетіктің кіші бұрандасы екеніңізді де біледі. Мұндай тапсырманы басқа-басқа, бірақ сіздей мұндарға тапсырмас еді. Қолыңызда диплом да жоқ қой. Жә, ол бұлай істеуі мүмкін емес.

Карлманн. Бірақ, істеді!

Летте. Сөйтіпті.

Карлманн. Иә.

Летте. Сіз оған не айттыңыз?

Карлманн. Ештеңе.

Летте. Мені жамандап, жала жаптыңыз.

Карлманн. Ондайға жол жоқ. Жоба басқарғаныңызды, ал менің алып механизмдегі бұранда ғана екенімді біледі.

Летте. Олай болса неге...

Карлманн. Бастама иесі ‒ өзі!

Летте. Менің орныма сізді неге таңдап алғанын да айтқан шығар...

Карлманн. Ол бір нәрсені меңзеді.

Летте. Нені?

Карлманн. Өзінен сұраңыз.

Летте. Нені деймін?

Карлманн. О, жағын айта алман.

Летте. «Ол бір нәрсені меңзеді». Мұнда бір гәп бар.

Карлманн. Мүмкін...

Летте. Маған неге айтпадыңыз?

Карлманн. Сізді ерекше құрметтеймін, еңбегіңізге де тәнтімін және...

Летте. Сонымен?

Карлманн. Ренжітпек ойым жоқ еді.

Летте. Бірге жүреміз, зертханада қатар жұмыс істейміз, бутербродты да бөлісіп жейміз және бір термостан су ішеміз, ал сіз мені ренжіткіңіз келмейді екен.

Карлманн. Мен қалай істеудің...

Летте. Сізден көңілім қалды. Екеуміз сөйлесуіміз керек, Шефлер мырза!

Шефлер. Тыңдап тұрмын, жеміс-жидек аршып жатыр ем.

Летте. Конгресске неге Карлманн бару керек?

Шефлер. Сіз емес пе? Ұқтым, ұқтым. Карлманн, бір минутқа соға кетесіз бе? Бетпе-бет сөйлесуіміз керек. (Леттеге.) Жеміс-жидекке қалайсыз? Бәрін түсінем ғой, бірақ сіз нені күттіңіз?

Летте. Нені күттім?

Шефлер. Иә.

Летте. Мына пысықай емес, конгресске мен барып, штекерды арнайы таныстырғым келді.

Шефлер. О, жақта не тындырасыз?

Летте. Оп-оңай. Сізге бірнеше слайд, кесте, анимация ұсынам. Мұны бұрыннан көрдім, не істеу керектігін де білем.

Шефлер. Қайдағы бір конгресс пен қарбалас тірлік. Мақұл, бұл бізге не үшін керек деп ойлайсыз? 

Летте. Елдер ерекше табысты жұмыс істеп жатқанымызды көріп, еңбек нәтижесін бағалау үшін.

Шефлер. Сатып алу үшін деңіз.

Летте. Иә, қаласаңыз, сатып ала аласыз.

Шефлер. Сатып алды, сатып алды, сатып алды, «қаласаңыз» дегенді айтушы болмаңыз.

Летте. Содан?

Шефлер. Сатып алды.

Летте. Иә, әлбетте.

Шефлер. Сізге штекерды сатуға тура келер еді.

Летте. Онсыз да саудалаймын ғой.

Шефлер. Рас айтасыз ба?

Летте. Не бопты?

Шефлер. Сіз түсінуіңіз керек...

Летте. Нені?

Шефлер. Сіз түсінуіңіз керек...

Летте. Нені түсінуім керек?

Шефлер. Бұл мүмкін емес дүние.

Летте. А? Неге?

Шефлер. Түсінбей тұрмысыз?

Летте. Иә. Нені?

Шефлер. Ешкім айтқан жоқ па?

Летте. Не жайлы?

Шефлер. Бұл іске қайта айналып соғам деген үш ұйықтасам түсіме кірмепті.

Летте. Қандай іс?

Шефлер. Айтпасқа болмас.

Летте. Нені?

Шефлер. Бұрындары бастықтың қабылдау бөлмесінде үнемі өз адамдары – хатшысы, я басқасы бар деп ойлайтынмын. Телефон қоңырауына жауап беретін, поштаны алатын және бәрін реттестіріп отыратын кісі. Егер басшы болсам, басқаның бәрін жұмыс істетіп қойып, ең маңызды нәрсеге ғана назар аударам дейтінмін. Ал, қазір сіздің жаныңызда отырмын.

Летте. Сізді түсінбедім-ау!

Шефлер. Бәлкім, ең маңызды нәрсе ‒ осы, шығар.

Летте. А-а-а?

Шефлер. Мұнша адам ішінен сіз ғана ұсқынсыз екеніңізді ескертуге тиіспін.

Летте. Ұсқынсыз?

Шефлер. Бұл туралы ешкім айтпап па еді?

Летте. Жоқ.

Шефлер. Бірақ, әйеліңіз бар емес пе?!

Летте. Тоқтаңыз, мен түсінбедім...

Шефлер. Өшіретін құрылғыңыз бізге сәйкес келмейді. Әзілді көтере аласыз ба? Жоқ? Жарайды, түсінем. Мынандай түріңізбен сізден ешкім ештеңе сатып алмайды.

Летте. Қандай түріммен?

Шефлер. Жеміс-жидекке қалайсыз? Жоқ?

Летте. Түр-түсіме не бопты?

Шефлер. Анаңыздың көзі тірі ме?

Летте. Не қатысы бар?

Шефлер. Мүмкін ол сізге мұның қалай болғанын түсіндірер.

Летте. Ол кісі ештеңе түсіндірмейді.

Шефлер. Әйтпесе, әйеліңіз. Өйткені, ол сізді таңдады. Онымен сөйлесіңіз, ал мен үйге қайтайын. Мына мәнсіз әңгімеден шаршадым. Тек мұндай беттің қажеті жоқ.

Летте. Қандай бет?

Фанни. Не айтқысы келгенін түсінбедім.

Летте. Шынымен де, түсінбедің бе?

Фанни. Жоқ.

Летте. Маған қара.

Фанни. Қарап тұрмын.

Летте. Қайда?

Фанни. Көзіңе.

Летте. Жоқ.

Фанни. Иә.

Летте. Сен тек сол көзіме қарап тұрсың.

Фанни. Солай ма екен?

Летте. Бетіме қара.

Фанни. Былай ма?

Летте. Жоқ, көзге емес.

Фанни. А, былай ма?

Летте. Жоқ. Бетіме. Екі көзге. Бұрын-соңды бұлай істемеп ең.

Фанни. Қалай?

Летте. Әркез сол көзіме қарап тұрдың. Неліктен?

Фанни. Білмеймін...

Летте. Неге екенін айт.

Фанни. Мен сені сүйем.

Летте. Қуаныштымын, бірақ неге бетіме қарамайсың?

Фанни. Болды, жетер.

Летте. Бүгін тұңғыш рет бетімде гәп барын білдім. Бірақ, ішің сезді ғой, иә?

Фанни. Летте.

Летте. Сезді.

Фанни. Бұл жайлы көп ойлай бергім келмейді.

Летте. Не жайлы?

Фанни. Алғаш танысқанымызда, бір жағдай болды...

Летте. Қандай?

Фанни. Қытығыма тиетін.

Летте. Қытығыма?

Фанни. Иә.

Летте. Менің бетім бе?

Фанни. Иә, бірақ кейін...

Летте. Өйткені, тек сол көзіме қарауды үйрендің.

Фанни. Мүмкін. Бұл туралы ойламаппын да.

Летте. Бірақ, тіксінген, ашуланған кезің әлі есімде.

Фанни. Бұл ұмытылмайды ғой.

Летте. Қайсысы?

Фанни. Сүйіктім...

Летте. Қайсысы деймін?

Фанни. О, жағынан хабардарсың деп ойладым. Бұған асқан сабырлықпен қарағаныңа әркез таңғалам.

Летте. Неге?

Фанни. Теңдесі жоқ ұсқынсыз, құбыжық екеніңе.

Летте. О!

Фанни. Көңіліңе қаяу түсіру ойымда жоқ.

Летте. Ұсқынсыз. Құбыжық.

Фанни. Мұны айтқым келмеген. Себебі, сен ‒ керемет адамсың.

Летте. Мені құбыжық деп ойлайсың ба?

Фанни. Адам ретінде тамашасың...

Летте. Бірақ...

Фанни. Бірақ, сен ұсқынсызсың.

Летте. Мұны басқаша келтірсе болмас па?

Фанни. Жоқ.

Летте. Мені құбыжық деп есептейсің!

Фанни. Мәселе онда емес қой.

Летте. Сонда неде?

Фанни. Құбыжық екеніңде. Бұл ‒ бұлтартпас шындық. Сені көрген адам басқаша ойлауы да мүмкін емес.

Летте. Ешкім айтпаса, мен қайдан білем?!

Фанни. Айдай анық нәрсе ғой.

Летте. Мақұл делік. Көріксіз екенмін. Бірақ, сол үшін Швейцарияға кіргізбей қою... күлкілі нәрсе ғой. (Пауза.) Әлде күлкілі емес пе?

Фанни. Енді...

Летте. Содан?

Фанни. Оларды түсінем. Штекерды өзім таныстырам дегенде, шыны керек таңғалғам. Батыл шешім екен дестік.

Летте. Батыл?

Фанни. Саған сондай мүмкіндік бергеніне. Штекер көпшілік көңілінен шығатынына сенім мол.

Летте. Қам жеме. Десек те, олар баяндама жасауыма түбегейлі қарсы. 

Фанни. Мәселе штекерда емес. Ұсқынсыз боп тұрсың. Онымен оңдырып ештеңе сата алмассың.

Летте. Ұсқынсыз.

Фанни. Иә.

Летте. Сонымен бітті де.

Фанни. Иә.

Летте. Осыған дейін қалай шыдағансың?! Сұмдық нәрсе ғой.

Фанни. Сен ‒ керемет жансың.

Летте. Келбет-кескінді есепке алмағанда.

Фанни. Үйленіп, үй болғанға шейін байқамаппын да. Ал, енді елемеске лажым жоқ.

Летте. Өйткені, маған көңіл бөлмейсің.

Фанни. Ал, қалғанында мін жоқ. Мәселен, сенің даусың.

Летте. Демек, бізде дыбыстық байланыс қана ма?

Фанни. Ол да мүмкін.

Летте. Көріксіз екеніме қарамастан мені сүйесің.

Фанни. Иә.

Летте. Бұл ымыраласуға ұқсайды.

Фанни. Тек сырттай ғана. Ал, махаббатым одан әлдеқайда биік. 

Летте. Мысалы, сен ажарсыз адамға ұқсамайсың. Керісінше, керімсің, сұлусың. 

Фанни. Иә, сүйіктім. Бірақ, расында да солай ғой.

Летте. Қос көзіңе қарап тұрмын. Арада оптикалық байланыс орнауда.

Фанни. Сен үшін қуаныштымын.

Летте. Бірақ, бұл байланысты екіжақты деп айта алмаймын.

Фанни. Әлбетте.

Летте. Жаман екен.

Фанни. Сені түсінем, бірақ мен...

Летте. Менен бас тарта алмайсыз. Себебі, беттану маманысыз.

Фанни. Маман. Сіздікіндей жағдайды әлі кезіктірмедім.

Летте. Қандай жағдайды?

Фанни. Қай жерінен бастау керектігі де түсініксіз ғой.

Летте. Соншалықты қиын ба?

Шефлер. Мен мүсінші сияқтымын. Ол әуелі тасқа қарап, оның әлеуетін зерттейді де мінсіз қалып дайындайды. Мен тура сондай нәрсені адам бетімен істеймін. Алайда, сіздің...

Летте. Немене?

Шефлер. Ешбір әлеует жоқ. Ұртыңды ұнамды, жарамсыз мұрныңды жақсы қылам, бәрін үйлесімді етем дей алман. Немесе тұмсығының тұрқы тәуірлеу, ерекше ерін тауып берем, имегін алып тастаймын деуге де дәтім бармас. Алайда, сіздің жағдайыңызда бұлай істей алмаймыз. Бет-жүзіңізді басынан бастап қалпына келтіру керек.

Летте. Түсінікті. Ал, мынаны... істей аласыз ба?

Шефлер. Ондайды әлі жасап көрмеппін.

Летте. Тәуекелге барғыңыз келмей ме?

Шефлер. Негізі, мұнда да қайырлы нәрсе бар. Алайда, қазіргі қалпыңыздан ештеңе қалмайтынын ескертуге тиіспін.

Летте. (Фанниге.) Не дейсің?

Фанни. Маған бола ота жасаудың қажеті жоқ. Маған осы күйіңде де ұнайсың.

Летте. Көріксіз екенімді біле тұра, бұлай қалуым екіталай.

Шефлер. Кез келген жағдайда сақтандыруға сене аласыз.

Фанни. Егер бұл сені бақытты етсе, әрине.

Летте. Ал, қазіргі түрімнен түк қалмаса ше?

Фанни. Бұған да көндік.

Летте. Онда мен келісем.

Шефлер (Леттеге қағазды ұсынады). Өз бетімнен толық бас тартам деп қол қойыңыз.

Летте күмәнданады.

Летте. Бірақ...

Шефлер. Не?

Летте. Сонда, менің түр-түсім қандай болмақ?

Шефлер. О, жағын айта алман. Егер қабақтағы әжімдерді сылып алып тастар болсам, суретке түсіріп, нені және неге өзгерткенімді көрсетер ем, ал сіздің жағдайыңызда шешімді ота барысында қабылдап отырам. Маған сенуге тиіссіз.

Летте. Түсінікті.

Фанни. Оған сенуге болатын сияқты.

Летте. Егер өз бетімнен толығымен бас тартсам... орнына не алатынымды білгім келеді. Әйтпесе, сіз ота барысында кенеттен шешім қабылдап, соңында бетсіз қалмасыма кім кепіл?!

Шефлер. Жо-жоқ, бұлау болуы мүмкін емес. Ал, егер... (Иығын қиқаң еткізеді.)

Летте. Бәрі қазіргіден жақсы дегіңіз келе ме?

Шефлер. Шынымды айтсам...

Летте. Мінеки, қол қойдым. (Қағазға қол қояды.)

Шефлер. Олай болса, мына үстелге жайғасыңыз.

Летте. Айнаға қарап алсам бола ма?

Шефлер. Не үшін?

Летте. Мен оны енді ешқашан көрмеймін деп ойладым.

Шефлер. Ота алдында осындай күмәнді ойлардан арылған абзал.

Летте. Иә, келісем.

Шефлер. Маған сеніңізші, мұнда кісі қызығарлық ештеңе қалған жоқ.

Фанни. Кездескенше!

Летте. Кейін әйелім мені тани ма?

Шефлер. Жоқ.

Летте. Жарайды.

Летте мен Фанни қоштасып, бір-бірін сүйеді. Летте үстелге жатады.

Летте. Ал, кесе беріңіз.

Шефлер. Укол дайын ба? (Фанни оған шприц береді.) Қазір аздап ауыруы мүмкін. (Леттеге укол салады.) Жағымды нәрсе туралы сөйлесейік.

Летте. Ойға ештеңе оралар емес.

Фанни. Қалай танысқанымыз туралы.

Летте. Иә. Жақсы. Шашың дудырап, капотың ашылып жүрді, қолдан келер шаруа дедім, өзіме-өзім. Алайда, ештеңе өндіре алмадым. Тұманда жүргендей күй кештім. Басы-көзім май-май болды. Ваннаға жүріңіз дедің. Сөйтіп, айнадан кір-қожалақ, ұсқынсыз түріммен қатар, сенің де сүп-сүйкімді бетіңді көрдім.

Шеффер. Әлі есіңізді білесіз бе?

Летте. Білмеймін.

Шефер. Әуелі, мұрыннан бастайық. Бұл ‒ бірден көзге түсетін жер. (Леттенің мұрнын сындырады.) Скальпель! (Фанни оған скальпельді береді.) Мұндағы сұйықтықты сорып алыңыз. Ал, әзірге қырында тұрған шеміршекке кірісе берейін. Тура ма?

Фанни. Иә, алдыңғыға қарағанда тәуірлеу.

Шефлер. Имплантантты осы жерге.

Фанни. Қазір, қазір.

Шефлер. Мына жерге де. (Фанни оған имплантты ұсынады.) Сүйек балауызы! (Фанни оған сүйек балауызын береді.) Мына жерді ұстай тұрыңыз, ана бір қатпарға шейін жетіп алайын. (Фанни оған көмектеседі.) Сұйықтықты сорып алыңыз. (Фанни сұйықтықты сорып алады.) Ауыз қуысын босатыңыз, шырышты қабық арқылы өтеміз. (Фанни оғанкөмектеседі.) Электр пышағы! (Фанни оған электр пышағын береді. Шефлер кесе бастайды.) Қосылмай жатыр. (Шефлер қара терге түседі.) Жоғары жылдамдықты бұрғы! (Фанни оған бұрғыны береді. Шефлер бұрғылауға кіріседі.)

Фанни. Бет сүйектері ассимметриялы. Қастары да.

Шефлер бұрғылайды.

Шефлер. Былай қалай? Әдемі ме?

Фанни. Сол жағын да.

Шефлер бұрғылайды.

Шефлер. Енді ше?

Фанни (басын изейді). Иә.

Шефлер. Бекітіңіз. (Фанни бекітеді.) Жіп! (Фанни оған ине мен жіпті береді. Шефлер тіге бастайды.) Саусақпен басып тұрыңыз. (Фанни саусақпен басады, ал Шефлер түйін түйеді.) Болды, басы-көзін орай беріңіз, мен қолымды жуып келейін. (Фанни Леттенің басын орайды. Бетін маскамен жабады.)

Фанни. Өз-өзіңе кел, бой жаз, әйтпесе күні бойы ұйықтадың.

Летте оянады, отырады.

Летте. Кім? Мен бе?

Фанни. Әрине, сен. Енді кім?

Летте. Сен менімен сөйлесіп тұрғаныңа соңына шейін сенімсіз болдым.

Фанни. Хал-ахуалың қалай?

Летте. Аса жақсы емес. Бетім жансызданып тұр.

Фанни. Уақытша қатырып қойдық. Ауырып тұрған жоқ па?

Летте. Жоқ. Бірақ, ауырсыну бар.

Фанни. Сұйықтау ғып сорпа дайындағам. Түтік арқылы ішсең.

Летте. Негізі, ауырғаны дұрыс па?

Фанни. Білмедім, бетіме ота жасалмаған.

Летте. Сен секілді құбыжық, ұсқынсыз болмағам.

Летте. Әрине, сен ‒ өңдісің ғой. Сонымен? Әлі де көріксізбін бе?

Фанни. Білмеймін.

Летте. Аса сенімсіздеу айттың.

Фанни. Енді, не дейін?

Летте. Мені есіркеудің еш қажеті жоқ.

Фанни. Сені аяғалы тұрған мен жоқпын, сенің...

Летте. Не? Мұрным ба?

Фанни. Ештеңе көрінбейді.

Летте. Маған қарашы.

Фанни. Ештеңе көрінбейді.

Летте. Өйткені, мен ‒ құбыжықпын.

Фанни. Жоқ, өйткені бетің ‒ таңулы.

Летте. Айна керек.

Фанни. Сабыр ет. Беттен көп нәрсені талап етпе.

Летте. Онсыз да өмірбақи талап етпегем. Енді, тек шындықты ғана білгім келеді.

Фанни. Бұлай істеме.

Летте айна алдына кеп, арқасына залға қаратып, маскасын шешеді.

Летте. О! О, Жаратқан!

Фанни. Не болды?

Летте. Бұл сұмдық қой.

Фанни. Басқа дүние күтіп пе ең?

Летте. Көргің келе ме?

Фанни. Жоқ.

Летте. Құбыжық! Айуан!

Шефлер. Алғашында бәрі шошиды. (Қайтадан Летте бетін таңады.)

Летте. Иә? Сізбен де сондай болып па еді?

Шефлер. Менімен бе?

Летте. Сіз де осындай нәрсені...

Шефлер. Мен бе? Ондай ой қалайша келді?

Летте. Не сезіп отырғанымды қайдан білесіз?

Шефлер. Мен ‒ маманмын ғой.

Летте. Өзімді жайсыз сезініп тұрмын.

Шефлер. Әуелгіде, адамдар бетті емес, тек тыртықты ғана көреді.

Летте. Мені құбыжық еттіңіз.

Шефлер. Сіз онсыз да...

Летте. Түрім адам шошырлықтай. Ауырсыну бар.

Шефлер. Қалыпты жағдай.

Летте. Дұрыс нәрсе емес! Бетім күйіп барады, көзім жасаурай береді, қылдай тартылып, ісініп тұр, сөйлеуге де ыңғайсыз екен.

Шефлер. Ал, сіз үндемеңіз. Зертханаға барып, штекерге қайта кірісіңіз.

Карлманн. Ортамызға оралғаныңызға қуаныштымыз!

Летте. Хм.

Карлманн. Сізге қатысты қайғылы жағдайды естіп, естен тана жаздадым.

Летте. Қайғылы жағдай дейді?

Карлманн. Менің түсінігімде, бұл ‒ адамды өлімге итермелеу деген сөз.

Летте. Итермелеу жағын білмедім, ал өлім дегеніңіз артықтау.

Карлманн. Келіспеуіңіз де мүмкін, бірақ бұндай адамдарды тізіп қойып, атып тастар ем.

Шефлер. Карлманн.

Карлманн. Жай ғана атып тастар ем.

Летте. Нақты кімді?

Карлманн. Жауаптыларды.

Летте. Бұл ‒ ғылым докторы дәрежесіндегі, әрі заманауи жаңа құралдары бар хирург еді ғой.

Карлманн. Мамандық маңызды емес, маған десеңіз Рим Папасы болсын. Еш ойланбастан, тарс-тарс ету керек, сонымен сөз тамам.

Летте. Мен оған өзім бардым ғой.

Карлманн. Немене?

Летте. Және өз еркіммен қол қойдым.

Карлманн. Бетіңізді талқандауға рұқсат бердіңіз бе?

Летте. Мен сізді түсінбедім.

Карлманн. Енді... қайғылы жағдай... қызу жүргізуші, жолдағы жолақ...

Шефлер (Карлманнға). Есінде ештеңе қалмаған шығар. Сасқалақтап қалған болар.

Летте (таңулы басын көрсетіп). Сонда, бұл қайғылы жағдай ма?

Карлманн. Олай емес пе?

Летте. Сізге оны кім айтты?

Фанни. Шындықты білу маңызды емес шығар деп ойладым.

Летте. Неге? Ұялып тұрмысың?

Фанни. Жоқ.

Летте. А, демек, мен ұялуым керек пе?

Фанни. Сені күлкі қылғанын қаламадым.

Летте. Оның несі күлкілі?

Фанни. Білмедім, дәке-бинт.

Летте. Сол да күлкілі боп па?

Фанни. Расында да, күлкілі көрінеді.

Летте. Сол үшін көлік апатына ұшырағанымды қаладың ғой.

Фанни. Жоқ...

Летте. Апат атауымен жоқ. Тек көріксіз бетім ғана болды.

Фанни. Ашуланба, мен жақсы болса екен деп ойладым.

Летте. Кешір. Ауырсынып, бетімді көлік басып кеткендей күй кешіп тұрмын.

Шефлер. Қорықпаңыз.

Летте. Неге?

Шефлер. Білмедім, бірақ мен дәрігер болған соң солай деуге мәжбүрмін.

Летте. Дәкені шешіп, астында не бар екенін көрсек.

Шефлер. Мақұл.

Летте. Тамаша. Онда бастайық.

Шефлер. Қазір.

Летте. Дәл қазір ме?

Шефлер. Иә, дәл қазір.

Летте. Бір нәрсені күтіп тұрмыз ба?

Шефлер. Жоқ.

Летте. Онда мынаны шешсеңіз.

Шефлер. Мен...

Летте. Қорқып тұрсыз.

Шефлер. Мен бе?

Летте. Қарасаңызшы, қолыңыз да дірілдеп тұр ғой.

Шефлер. Кәдімгі діріл. Әркезде боп тұрады.

Летте. Бетім кедір-бұдыр емес пе екен?

Шефлер. Болжамауға кеңес берер ем.

Летте. Қорқып тұрсыз.

Шефлер. Қорқып тұрған мен емес, сіз шығар.

Летте. Қобалжитындай-ақ жөнім бар. Сіздің емес, менің бет-жүзімді талқандады ғой.

Шефлер. Сондықтан да, мен қорықпаймын.

Летте. Дәкені шешіңіз.

Шефлер. Ал, сіз дайынбысыз?

Летте. Не нәрсеге?

Шефлер. Білмеймін ғой, әлі көргем жоқ.

Летте. Көрсеңізші, енді.

Шефлер. Одан кейін: «Басқаша елестетіп ем. Мынау солға, анау оңға, құлақ ортаға ойысыпты, мұрын арырақ тұр», ‒ деп налымаңыз.

Летте. Қысыр сөзді доғарып, масканы шешіңіз.

Шефлер масканы шешеді.

Шефлер. О!

Летте. Не болды?

Шефлер. Мұндайды күтпеп ем.

Летте. Қап, әттең, шаруам бітті.

Шефлер. Керісінше. Сіз ‒ сұлудың сұлуысыз, бет біткеннің төресісіз. (Оған айнаны ұсынады.)

Летте. О! Мынау мен бе?

Фанни. Дәл өзі ме?

Шефлер. Өзім де аса сенімді емеспін. (Қағаздарды ақтарып.)

Фанни. Бұл ‒ менің күйеуім бе?

Летте. Білмедім, мен оны танымаймын.

Фанни. Ал, мен танысқым кеп тұр.

Шефлер. Тамаша нәтиже.

Фанни. Ұстап көрсем бола ма?

Шефлер. Әрине.

Фанни. Бәрі осы күйінде қала ма?

Шефлер. Бірнеше жыл ғана сақталар. Бұндай шедевр де көзден бұл-бұл ұшатыны өкінішті-ақ.

Фанни. Оған әлі уақыт бар. Летте? Мені таныдың ба?

Летте. Сені, иә, ал өзімді жоқ. Көптің көз құртына айналғалы тұрмын.

Фанни. Жақсы емес пе?!

Летте. Жақсы ғой, әлбетте. Бірақ, бұл мен бе, мен емес пе, түсінбей тұрғаным.

Фанни. Кім, онда?

Летте. Сен маған басқаша қарап тұрсың.

Фанни. Қалай, сонда?

Летте. Тек сол көзіме ғана емес.

Фанни. Демек, өсу бар.

Летте. Білмеймін, білмеймін, сенің қарағаның ұнайтын.

Фанни. Ал, енді, бетіңе қарап тұрмын.

Летте. Менікі ғой, енді.

Фанни. Көзің де, сөзің де, даусың да сол қалпы. Тек...

Шефлер. Даусыма тиіспеді.

Фанни. Меніңше, аз-маз өзгерген секілді.

Летте. Мына адаммен не істемексің?

Фанни. Үйіне алып барам.

Летте. О, жағын айтқансың.

Фанни. Сонан соң төсекке тартам.

Летте. Мынауың жаңалық екен. Бірден бе? Мен одан қызғанам ғой.

Фанни. Әуелі, маған үйренісіп алғың кеп тұр ма?

Летте. Жоқ, керісінше шығар.

Фанни. Жоқ, сен маған ұнап тұрсың.

Летте. Мен бе? Бұл мен екеніме сенімдімісің?

Фанни (Леттенің аузын нұсқап). Қатты ма? Сүйсе бола ма?

Летте. Бөтен еркекті. (Фанни оны өбеді.) Қалай-қалай сүйесің, өзі?

Фанни. Қалай?

Летте. Біртүрлі.

Фанни. Жаман ба?

Летте. Жоға да.

Екеуі қайта сүйіседі.

Фанни. Сен үшін әлем төңкерілгендей боп тұрған шығар, иә?

Летте. Жоқ. Тек терім созылып тұр демесең.

Шефлер. Қалған жері ше? Ауырсыну бар ма?

Летте. Жоқ, тек жібін алу керек.

Шефлер. Мүмкін. Қайғылы жағдайдан кейін өзгеріп кеттіңіз.

Летте. Иә, соңғы кезде бұл туралы жиі-жиі айтылып жүр.

Карлманн. Жаңадан адам келген бе?

Летте. Армысыз, Карлманн?! Бұл мен ғой.

Карлманн. Біз таныс па едік?

Шефлер. Бұл ‒ Летте ғой. Жақсылап тынығып келіпті.

Карлманн. Жоқ ол емес.

Шефлер. Сол, сол.

Карлманн. Сізді көлік апатына ұшырады деп жүрсем...

Летте. Маған да бетімді мәшіне басып кеткендей сезіледі.

Шефлер. Ешбір тыртық жоқ.

Летте. Құлағымның артында біреуі бар. Ал, қалғаны шаш ішінде жасырулы.

Карлманн. Енді, осылай қала бере ме?

Летте. Егер оқыс оқиға боп қалмаса, онда, иә.

Карлманн. Өте ұсқынсыз едіңіз ғой.

Шефлер. Бүгінде ештеңеге сенуге болмайды. (Леттеге.) Мынаны айтайын деп ем ғой... терезесі оңтүстікке, Альпі тауына қарата ашылатын нөмірді таңдаңыз.

Карлманн. Рақмет, ол туралы айтқансыз.

Шефлер. Сізге ме?

Карлманн. Иә, бәрі брондалған.

Шефлер. Мен сізбен емес, Леттемен сөйлесіп тұрмын ғой.

Карлманн. Леттемен?

Шефлер. Әлде сіз оның да сапарына алаңдайтын болғансыз ба?

Карлманн. Жо-жоқ, нөмір мен үшін брондалған.

Шефлер. Сіз үшін?

Карлманн. Әрине.

Шефлер. Швейцарияға жайша барасыз ба?

Карлманн. Тұсаукесерге...

Шефлер. Қандай тұсаукесер?

Карлманн. 2СК штекер жалғағышының. Мен сонда баяндама жасаймын.

Шефлер. Сіз бе, баяндама жасайтын? Бірінші рет естуім.

Карлманн. Өз аузыңызбен айтып едіңіз ғой...

Шефлер. Онда не істемекшісіз?! Бар болғаны көмекші ғанасыз.

Карлманн. Әлбетте. Бірақ, бұл ‒ ерекше кез, сатылымды күшейту үшін...

Шефлер. Сатылымды күшейту дейді. Не деп сандырақтап тұрсыз? Штекерды ойлап тапқан ‒ Летте. Соның арқасында біз патент алдық. Демек, баяндаманы да Летте жасауға тиіс. Бұндай ой қайдан келді? (Леттеге.) Сіздің орныңызда болсам, терезесі оңтүстікке қаратылған және балконы бар бөлмені таңдар ем.

Карлманн. Яғни, мен бір нәрсені түсінбей қалдым.

Шефлер. Сіздікі дұрыс. Ал, енді екеумізді жеке қалдыруыңызды сұраймын. Әлде істейтін ісіңіз жоқ па? (Леттеге.) Қиялшыл екен!

Летте. Патенттелген 2СК модульдік штекер жалғағышының тоқ өткізер жағында тек резеңкелі розеткалар ғана салынған. Лакталған жезден жасалған төзімді іргелер біржақты және екіжақты кабель кірісі бар тарату құрылғыларының шкафтарында, тақталарында орнатылады. Күшті никельмен қапталған бұрандалы фитингтер электромагниттік өрістерден, ылғалдан, шаң-тозаңнан, механикалық кернеуден қорғайды және өткізу қабілеттілігі жоғары кабельдердің жұмысын жеңілдетеді. Барлығы он алты контактілерді орталық не тікбұрышты фланецті монтаждау, жерге қосу, қауіпсіз электр тізбегін орнату үшін пайдалануға болады. Патенттелген модульдік конструкцияға сәйкес, дәнекерлеу я сығу арқылы жалғанатын 2СК штекерлік қосқышты оқшаулағыш гильзаға алмастыруға болады. Бұл штекер мен розеткаларды біріктіріп пайдалануға мүмкіндік береді. Онда тоқтың күшіне байланысты ұзындығы қырық сантиметрлік кабельдер қолданылуға тиіс.

Фанни. Рас айтып тұрмысыз? Қырық сантиметрлік?

Шефлер. Таныстыруға рұқсат еткейсіздер! Летте ‒ әзірлеу бөлімінің жетекшісі, ал Фанни ‒ «Нуклеарктика» компаниялар тобының басшысы.

Летте. Өте қуаныштымын.

Фанни. Таңғалдым. Әсіресе, штекер мен ұяшықтарды қоса қолдану жағына қызығып отырмын.

Карлманн. Анашым.

Фанни. Е, иә, бұл ‒ Карлманн ғой, менің бұзық балам.

Шефлер. Бұзық? Неге бұзық?

Фанни. Сіз оған анықтап қарасаңызшы.

Карлманн. Қаталдау анам бар. Сондықтан, елдер мені қызтеке деп ойлайды.

Шефлер. А, солай екен ғой, түсінікті.

Летте. Жасыңыз үлкен деп жүрсем.

Фанни. Неге? Гәзеттерде мені жамандаған мақалалар жарық көрді ме?

Летте. Жоқ, бірақ...

Фанни. Мен қаншадамын деп ойлайсыз?

Летте. Білмедім, әйтеуір, өз ұлыңыздан жас көрінесіз.

Карлманн. Өйткені, бір қасапшы құлағының артындағы терісін үнемі тартып отырады. Ол жетпіс үште.

Фанни. Енді не? (Леттеге.) Сондай сүйкімдісіз. Сіздің қырық сантиметрлік штекеріңізбен өз бөлмемде танысқым келеді.

Карлманн. Анам техникаға қырсыз.

Фанни. Ал, Карлманн өзінің жоғары технологиясына тым сенімді.

Карлманн. (Фанниге.) Әлі ешкім шағымданған жоқ. (Леттеге.) Бізді кешіргейсіз. Бірақ, ешқандай штекер керек емес.

Фанни. Саған керек емес шығар, бірақ маған ауадай қажет. Мен штекер жалғағыштарын жақсы көрем.

Карлманн. Анам ресми түрде концерн басшысы болғанымен де...

Фанни. Бла-бла-бла, білем, білем... (Леттеге.) Негізі, бәрін басқаратын ‒ сол, әйтпесе есінеуден қолым босар емес. Ой, қарғыс атқыр көліктер-ай. Капотқа отырған аққұба қызды көрсе болды, әкесінің есі кететін. Неткен талғамсыздық.

Карлманн. Сондықтан, ол сағатына екі жүз шақырым жылдамдықпен ағашқа соғылып, өзін де, аққұба қызды да, капотты да талқандауды жөн көрген.

Фанни. Мұны еске түсіре берудің қажеті жоқ, ауыр тақырып.

Карлманн. Ғажап штекер ойлап таптыңыз, бірақ ультракүлгін сәуле шығаратын құрылғымыз берік орныққан, әрі қосылуды қажет етпейді.

Фанни. Енді не істейін? Осының бірнешеуін көлігімізге орнатып алайық та. Артынша, барға тартайық, кейін штекер мәселесін де шешерміз.

Карлманн. Тек жаман ойламаңыз. Оның бұрыннан бергі әдеті ғой.

Летте. Менде елге көрсететін көрнекілік жоқ. Мүмкін сізде бар шығар?..

Шефлер. Бос сөз, ол әркез қол астыңызда.

Летте. Қателескенімді түсінем, бірақ менде 2СК жоқ.

Шефлер. Алаңдамаңыз.

Летте. Қалай сонда?

Шефлер. Бұнда біз кітапшалар туралы айтып отырған жоқпыз...

Летте. Сонда не туралы?

Шефлер. Адамның қажеттілігі жөнінде.

Летте. Адамның қажеттілігі?

Шефлер. Иә, сіз оны қанағаттандыруыңыз керек.

Летте. Мен бе?

Шефлер. Әрине, компания атынан.

Летте. Неге мен?

Шефлер. Ол маған көңіл аудармайды.

Летте. Ал, әйелім ше?

Шефлер. Әйеліңізге не бопты?

Летте. Үйімде әйелім бар ғой.

Шефлер. Бәрімізде бар. Оның мұнда емес, үйде екеніне қуаныңыз.

Летте. Бірақ, мен осындамын ғой.

Шефлер. Сізде тәжірибе аздау.

Летте. Дұрыс айтасыз.

Шефлер. Жетістікке жеткіңіз келе ме?

Летте. Келеді.

Шефлер. Онда созбақтамаңыз. Өсудің амалын жасаңыз.

Летте. Оһо!

Шефлер. Біз үшін, 2СК штекер жалғағышы үшін істеңізші.

Летте. Ей, ол кемпір ғой.

Шефлер. Еш мән бермеңіз, жас көрінеді.

Летте. Бет-жүзі жас көрінгенімен де, басқа жері...

Шефлер. Беттен бөлек, басқаның да күтіміне көңіл бөлетін ұқсайды.

Летте. Беттен бөлек?

Шефлер. Адамдар қымбат фасад жасап, ал кейін үйдің ішін әрлеуге ақша үнемдейді деп ойламаймын. Сонда, сізге қызық емес пе?

Летте. Онымен не боп жүр, өзі? Бұндай жағдай бірінші рет басымнан өтіп отыр...

Шефлер. Иістенген ет секілді боп жүрдіңіз.

Летте. Мен бе?

Шефлер. Бар пәле артта қалды. Мүмкіндікті мүлт жібермеңіз.

Летте. Қалай?

Фанни. Құлағымның артын қасып беріңіз.

Летте. Мына жерді ме?

Фанни. Жаңбыр жауатын секілді.

Карлманн. Ол құбылмалы ауа райына сезімтал келеді. Себебі, тыртықтың орны қақсай бастайды.

Фанни. Мәселе онда емес. Әр ота сайын терімнің сезімтал аумақтары пайда болады. Көрсетейін бе?

Летте. Ұлыңыз ше?

Фанни. Карлманн ба? Ол ара-тұра ғана қарап тұрады.

Карлманн. Иә. Өзінің мінсіз екеніне қашанға шейін сенер екен. Дәрігерге барған соң әуселесі белгілі болар.

Фанни. Бұл ‒ қызғаныш. Ол сізді ұнатып қалды. Бірақ, келбет-кеспірі аса керемет емес.

Карлманн. Бала кезден бері қарайтын әдетім бар.

Фанни. Ол кедергі келтіре ме?

Летте. Білмедім, менде тәжірибе аздау ғой.

Фанни. Өзіңізді емін-еркін ұстаңыз. Тән мен тән тілдесу керек.

Летте. Әркез әйелім туралы ойлаймын да.

Фанни. Бұлай болмас. Бүкіл ынта-ықылас менде...

Летте. Ол үйде отырып ап, мені уайымдайды.

Фанни. Қоңырау шалып, жанымда екенін айтыңыз.

Летте. Әйелім мұндайды кешірмес.

Фанни. Онда түсіндіру керек. Мынандай сұлу жігіттің өмірбақи бір әйелге ғана бұйыруы дұрыс емес қой.

Летте. Дұрыс емес?

Фанни. Кез келген қыз-келіншек жүзіңізге қарап-ақ соны түсінер.

Карлманн. Және әр еркек.

Летте. Бетімнің не қатысы бар?

Фанни. Адал неке сенімге емес, ұсынысқа құрылу керек. Ал, сіз ұсыныстан кенде емес секілдісіз.

Летте. Әйеліме осыны түсіндірейін бе?

Фанни. Түсінбейтін несі бар екен?

Екеуі сүйіседі.

Летте. Түсінбейтін несі бар?

Фанни. Әзілдеп тұрсың ба?

Летте. Өмір бойы желіккен қатынның жекеменшігі бола алмаймын.

Фанни. Көп іштің бе?

Летте. Бұл ‒ ұсыныс мәселесі, ал ол менде аспандап тұр. Әр баяндамадан соң бөлме алдында жиырма бес қыз-келіншек тізіліп тұрады.

Фанни. Неге?

Летте. Қолтаңба алу үшін да.

Фанни. Онда оңды-солды тарат.

Летте. Көбі көкейкесті мәселені бетпе-бет шешуді көздейді.

Фанни. Содан?

Летте. Менің штекеріммен жақынырақ танысқысы келеді.

Фанни. Ал, сен ше?

Летте. Ара-тұра.

Фанни. Ара-тұра?

Летте. Мәселен, «Нуклеарктика» басшысы... Егер сен үшін бұл проблема болса, демек ол проблема.

Фанни. Кімге?

Летте. Мен үшін.

Фанни. Сен үшін бе?

Летте. Менде проблема туындаса, түбі сенде де болады деген сөз.

Фанни. Қызық екен. Егер әлгі басшы проблемаға айналса, онда ертелі-кеш...

Летте. Дәл солай.

Фанни. Демек, сабыр сақтауым керек екен ғой. Өйткені, менде де...

Летте. Иә, иә. «Сабыр түбі ‒ сары алтын».

Фанни. Оның менен қай жері артық?

Летте. Жетпіс үш жылдық... тәжірибесі бар.

Фанни. Мумияға әуейі екеніңді білмеппін.

Летте. Тек мүлтіксіз бальзамдалғанын ғана. Онымен әңгіме-дүкен құруға болады.

Фанни Леттенің басынан сипап, қолы құлағының артына барып тоқтайды.

Фанни. Ал, бұл не?

Летте. Не?

Фанни. Құлағыңыздың артындағы.

Летте. Тыртық көрініп тұрған жоқ па?

Фанни. Мұнда бір гәп барын біліп ем. Табиғат осынша әділетсіз болуы мүмкін емес.

Летте. Болғанда қандай.

Фанни. Яғни?

Летте. Мен құбыжық ем ғой.

Фанни. Сізге қарап өйтіп айтпас ем. Бейбақ-ау. Қатты қиналған боларсыз.

Летте. Мен емес, әйелім азап шекті.

Фанни. Тыртықты сүйсем бола ма?

Летте. Әрине. (Фанни оны сүйеді.) О!

Фанни. Ұнады ма?

Летте. Соншалықты сезімтал екенімді білмеппін ғой.

Фанни. Қызық екен, иә?

Летте. Екеумізді көп нәрсе ортақтастырады.

Фанни. Расында да қызу, масаң екенсің.

Летте. Мүмкін. Есесіне, ұсынысым ‒ ұтымды.

Фанни. Жиырма бес?

Летте. Шамамен.

Фанни. Енді, не істесем екен?

Летте. Саған ба? Әңгіме мен туралы боп тұр ғой.

Фанни. Егер келіспесем ше?

Летте. Қалай сонда?

Фанни. Орта жолдан тастап кетсем!

Летте. Сен? Мені?

Фанни. Кетіп қалам.

Летте. Қайда?

Фанни. Бір жерге. Жалғыз өзің жиырма бес келіншекпен қаласың.

Летте. Жиырма бес келіншекпен жалғыз қалмаймын.

Фанни. Ол да дұрыс.

Летте. Жалғыз қалатын ‒ сен. Ұзақ уақыт бойы ешкімді жолықтырмассың. Қалайда, мендей хас сұлуды таппайсың.

Фанни. Демек, мен жиырма алтыншысы болам.

Летте. Сен ‒ алғашқысың, ал артыңда бірнешеуі бар.

Фанни. Қолтаңбадан дәмелімін. Ала алам ба?

Летте. Мені баз қалпымда көріп жүрсің. Мысалы, ұйықтаған кезде. Түнімен көз алмай қарасаң да ерік ‒ өзіңде.

Фанни. Ал, сен екіншіден енші алуға барғанда қолтаңбаңа қарап жатам.

Летте. Жарайды.

Фанни. Немесе үшіншіге.

Летте. Расында да, жақсы ой екен.

Фанни. Немесе төртінші я бесіншіге.

Летте. Хм.

Фанни. Немесе алтыншыға.

Летте. Иә, иә.

Фанни. Немесе жетіншіге.

Летте. Түсіндім.

Фанни. Немесе сегізіншіге.

Летте. Жетер.

Фанни. Немесе тоғызыншыға.

Летте. Немесе оныншыға, жақсы, жақсы.

Фанни. Немесе он біріншіге.

Летте. Немесе он екіншіге, он үшіншіге, он төртіншіге, он бесіншіге. Мен түсіндім.

Фанни. Он алтыншыға, он жетіншіге.

Летте. Саннан жаңылмайды екенсің.

Фанни. Он сегізінші, он тоғызыншыға.

Летте. Он үшіншіге, он алтыншыға, он екіншіге...

Фанни. Жиырмасыншыға, жиырма біріншіге, жиырма екіншіге.

Летте. Ашуланудың қажеті жоқ.

Фанни. Жиырма үшіншіге, жиырма төртіншіге немесе жиырма бесіншіге. Кезекті бір баяндамаңнан соң басың ауып, қайда баратыныңды кім білсін?! Олар көп екен ғой: бір, екі, үш, төрт, бес... бес, жиырма бес!

Шефлер. Бір ұсынысым бар еді.

Летте. Тек ұзақ емес, онсыз да уақытым аз.

Шефлер. Әрине. Сіз ‒ менің ұлы бағымсыз.

Летте. Білем.

Шефлер. Адам бет сүйегін қалпына келтіру әдісім мені әйгілі етіп, көптің көңілінен шықты.

Летте. Сізді ме, әйгілі еткен? Мені ме десем.

Шефлер. Кімді?

Летте. Атақ-даңқ сізге тиесілі ме?

Шефлер. Әрине! Енді, кімге?

Летте. Бірақ, елдер сіздің емес, менің бетім туралы айтып жүр ғой.

Шефлер. Дауласқым кеп тұр жоқ...

Летте. Тағы не айтасыз?

Шефлер. Маған жаңа техника жөнінде баяндама жасау туралы көптеген ұсыныс түсіп жатыр. Соған менімен бірге еріп барсаңыз.

Летте. Мен бе?

Шефлер. Демонстрациялық материал ретінде.

Летте. Мен материал емеспін.

Шефлер. Ұсыныс ұнамады ма?

Летте. Отаға дейін я кейін деп слайдтағы суреттерді көрсете салмайсыз ба?

Шефлер. Жоқ. Сіз ғылыми ортаға менің отам өміріңізді қалай өзгерткендігі туралы айтып берсеңіз. Жақсы жағына, әрине.

Летте. Жақсы жағына.

Шефлер. Әрине.

Летте. Бірақ, менде уақыт жоқ.

Шефлер. Ақыңызды жемеймін, ақшаңызды төлеймін.

Летте. Келістік.

Шефлер. Сіз де атақты боласыз.

Летте. Онсыз да атақтымын. 2СК модульді штекер жалғағышының патент иегерімін.

Шефлер. Ал, ханымдар мен мырзалар, мінеки, Леттенің өзі де ‒ ортамызда. Бет-жүзіне анықтап қараңыздар. Оның қаншалықты айқын, әрі қырлы екенін көресіздер. Қазір сіздерге сұрақ қоямын. Бірақ, оған шынайы жауап берсеңіздер. Мінсіз бет бола ма? Оған ұқсау үшін құрбандыққа баруға дайынбысыз? Сол жолда бүкіл жиған-тергеніңізді сарп ете аласыз ба? Мен сіздерге ашығын айтайын, бұл мүмкін нәрсе екен. Және тамаша таңдау, керемет мүмкіндік ұсынам. Ота жасатып, басқа адамға айналыңыз. Алайда, ең алдымен менің өнерім Летте мырзаның өміріне қаншалықты әсер еткенін тыңдаңыздар. Летте мырза, хал-ахуалыңыз қалай?

Летте. Жақсы.

Шефлер. Жаңа әдіс аясында менің басшылығыммен жасалған отаға дейінгі жағдайыңыз қалай еді?

Летте. Қалай еді?

Шефлер. Иә.

Летте. Хм. Жаман емес.

Шефлер. А, солай ма екен? Сіз өте ұсқынсыз болмап па едіңіз? Қазір ғана көпшілікпен бірге слайдтарды көрдік қой...

Летте. Бұл жерде астамшылық та бар. Артық айтқан жер де жоқ емес.

Шефлер. Жалпы, хал-ахуалыңыз жақсы ма?

Летте. Иә. Міне, қазір ғана банкке жол түсіп, қомақты қаржыны шешіп алдым. Сонан соң түстенуге барам. Бірақ, кіммен екені белгісіз. Ниеті барлар хабарлассын, бір нәрсе ойластырармыз.

Шефлер. Оңды тілек екен.

Летте. Шын ба? Мен ешкімді үгіттегем жоқ.

Карлманн. Сіз де оған ғашықсыз ба?

Фанни. Мен ‒ оның әйелімін.

Карлманн. Қайғыңызға ортақпын.

Фанни. Бүйтіп көлгірсіп, көңіл айтудың қажеті жоқ.

Карлманн. Мұндай еркін еркектің әйелі болу қиын шығар, иә?

Фанни. Сіз кімсіз бұлай сөйлейтіндей, а?

Карлманн. Мен – Карлманнмын, оның көмекшісі. Біз 2СК құрылғысын бірге жасағанбыз.

Фанни. Карлманн. Әрине, әрине. Рождество кешінде көйлегіме глинтвейн төгіп жібергенсіз.

Карлманн. Есімде емес, қызу болғам ғой.

Фанни. Сонда өте көңілді жүрдіңіз.

Карлманн. Сөзге еріп отырсыз ба?

Фанни. Нені меңзедіңіз?

Карлманн. Сіз де кезекке тұрып, ол өз бөлмесіне алып барады деп үміттеніп тұрмысыз?

Фанни. Жоқ, менің өз бөлмем бар. Басқа қонақүйде.

Карлманн. Сіз секілді ару...

Фанни. Қандай ару?

Карлманн. Сіздей ажарлы! Одан кек алғыңыз келсе, әркез әзірмін.

Фанни. Рақмет. Мені оның беті ғана қызықтырады. Сіз розеткаға ұқсайды екенсіз. Ол артын ашып күлер.

Карлманн. Өзі де күлкіге қалады. Сүйекке ілінген тері ғана. Жұмысты да қойғалы қашан.

Шефлер. Үнемі біздің өнімді таныстырып жүрсе, қайдан жұмыс істесін?!

Карлманн. Өз бетін деп айтыңыз. Ол өзінің бетін ғана таныстырып жүр. Бар болғаны ‒ сол. Штекердің не екенін баяғыда-ақ ұмытқан шығар. Дәп сондай қарқынмен аспаздық рецепттерді де үйретсе болады ғой.

Шефлер. Оған бас қатырудың не қажеті бар? Ең бастысы тауар айналымы жетпіс пайызға өсіпті. Есесіне, жанымызда сіздей маман бар. 2СК-ны ары қарай жетілдірген өзіңіз емес пе, иә?

Карлманн. Ауыр өнеркәсіпке арналған 2СЛ нұсқасын әзірледім. Ол су мен май өтпейтін, қарапайым, бұрыш, доға тәріздес, сақиналы бекітпелермен я қысқышпен жабдықталуы мүмкін. Жаңа контактілер әртүрлі көлденең сымдарды пайдалануға мүмкіндік береді. Оның ішінде қысым диапазоны 35 барға* [*бар ‒ қысымға арналған өлшем бірлігі] дейін жететін пневматикалық вентильмен қатар 2СЛВ үлгісі де қолданылады.

Шефлер. Бүйтіп сандырақтаудың керегі жоқ. Өндіріске қашан қолдануға болады?

Карлманн. Дәл қазір.

Шефлер. Летте!

Летте. Не?

Шефлер. Сіз жол жүруіңіз қажет.

Летте. Қайда?

Шефлер. 2СЛ-ды Швейцарияда өтетін жаңа конгрессте таныстыруға тиіссіз.

Летте. 2СЛ емес, 2СК.

Карлманн. Алайда...

Шефлер. Карлманның жаңа штекері – 2СЛ.

Летте. Қай кезден бері Карлманнда штекер бар боп шықты?

Карлманн. Бар. Оның атауы ‒ 2СЛ, өзім ойлап таптым.

Шефлер. Сіз әлі осындасыз ба? Не қалайсыз?

Карлманн. Мына штекерды ойлап тапқан ‒ мен. Сондықтан да, конгрессте оны өзім таныстырсам деймін.

Шефлер. Сіз бе?

Карлманн. Меніңше, бұған таласуға құқым бар.

Шефлер. Оны қайдан шығардыңыз?

Карлманн. Жасаған ‒ мен, оның қасиеттерін менен артық ешкім білмейді.

Шефлер. Далбаса ғой.

Летте. Мынадай бетпен бір нәрсе сатам деп ойлай ма екен?!

Шефлер. Айып етпеңіз, Летте. (Карлманнға.) Тәжірибені араластырмай-ақ қояйық. 2СЛ-дің жарқырап шыққанын қаламайсыз ба?

Карлманн. Әрине, бірақ...

Шефлер. Көрдіңіз бе, әне! (Леттеге.) Сондықтан, шабаданыңызды жиып, «Эксельсиордегі» терезесі оңтүстікке қарата ашылатын нөмірді брондаңыз. (Карлманнға.) Түр-түсіңіз жылы секілді, алайда штекер жалғағышы ‒ күрделілеу құрылғы. Ел-жұрт зер сала қарамағаны жөн. Сол себепті, халық назарын өзімізге аударып, ал Леттенің мүбарак жүзі 2СЛ-дің өзін ұмыттырып жібереді.

Летте. Қам жемеңіз, Карлманн. Мендей бет әркімге бұйыра бермес.

Фанни. Мен де сөйтіп ойлағам, бұл нәрсе үш рет болды.

Летте. Қашан?

Фанни. Әуелі, супермаркетте, сонан соң автобуста және қазір ғана саябақта.

Летте. Саябақта?

Фанни. Орындықта отырғам. Бір кезде жаныма бөтен кісі жайғасты. Басымды көтеріп қарап ем, сен екенсің.

Летте. Мен?

Фанни. Иә. Үстіңде ‒ сужаңа пальто. Қасыңа бір әйел кеп, сені сүйіп алды.

Летте. Мен оны...

Фанни. Сонан соң мүлде басқа дауыспен әлгі әйелмен сөйлесесің. Әйел ота сәтті өткенін хабарлайды, ал бет-жүзің тура суреттегідей боп тұр.

Летте. Мен саябақта болғам жоқ.

Фанни. Түсінікті. Ол басқа адам екен. Сенен аумайды, алайда.

Летте. Менен аумайды?

Фанни. Мінеки. (Оған кітапшаны ұсынады.) Бір күнде үш рет.

Летте. Бұл не?

Фанни. Әйел қалтаңнан суырып алған зат. Доктор Шефлердің сенің суретің бар брошюрасы. Абдырап тұрғанымды байқап қалса керек, соны маған ұсынды. «Сіздің күйеуіңіз үшін», ‒ деді ол.

Летте. Бірақ, мен... мен...

Шефлер. Алаңдамаңыз. Сіздің орныңызда болсам мақтанар ем.

Летте. Мақтанар едіңіз?

Шефлер. Бәрі сізге ұқсағысы келеді.

Фанни. Күйеуімді әр бұрыштан көретінім ашуыма тиеді.

Шефлер. Неге? Ол сізге ұнамай ма?

Фанни. Төскейде малым, төсекте басым қосылған байым ғой.

Шефлер. Өміріңізде қосалқы ермек пайда болды.

Фанни. Ондай көп қой. Шатасып кеттім.

Летте. Ол шатасып кетті. Оның шатасқанын қаламаймын. (Карлманнға.) Мұнда не істеп жүрсіз?

Карлманн. Не шатағыңыз бар?

Летте. Неге болмасын, бұнда бетімді ашықтан ашық саудалап жатыр.

Шефлер. Сіздің емес. Оны ойлап тапқан ‒ мен.

Летте. Бәлкім, аз-кем түрлендірсеңіз қалай?

Шефлер. Халық бұл нәрсеге қарсы. Айтқаныңыздан қайтпайсыз.

Летте. Оған да сондай істейсіз бе?

Шефлер. Ақшасы жетсе, егер.

Летте. Бұндай мүмкін бе? Ол ‒ менің әріптесім. Елдер екеумізді айыра алмай қалады.

Шефлер. Айтпақшы, ақша жөнінде... міне, ақырғы баяндамаңыз үшін қаламақы. (Ақшаны Леттеге ұсынады. Ол санап шығады.)

Летте. Мынау аз ғой.

Шефлер. Жоқ.

Летте. Иә. Екі мың бес жүз. Мұнда бар болғаны мың екі жүз ғана.

Шефлер. Баға тұрақсыз боп тұр.

Летте. Онда, мен бірге жұмыс істеуден бас тартам.

Шефлер. Мақұл.

Летте. Немене?

Шефлер. Жақсы деймін.

Летте. Жақсы? Қаржылық жетістігіңіздің сыры менде емес пе?

Шефлер. Жо-оқ.

Летте. Жоқ?

Шефлер. Байқағаныңыздай, сіз жекелеген материал болудан қалдыңыз.

Летте. Бұл ‒ ...

Шефлер. ...ащы шындық... Басқалармен әңгіме-дүкен құрған да жағымды, әрі бағасы да арзан.

Летте. Алайда, олар түпнұсқа емес қой.

Шефлер. Сіз де. Менің атақты болғаным сонша, өзіме ыңғайлы жұмыс кестесін түзсем деймін. Әйтпесе, еркелігіңізді көтере алар емеспін.

Карлманн. Осыны доғарсақ қайтеді?! Ота алдында өзімді еркін сезіне алмай отырмын. Күте-күте күпті болдым. Өткенді бүгін-ақ өшірсек деймін.

Шефлер. (Леттеге.) Ғапу етіңіз. Менің науқасым...

Летте. Сіздің науқасыңыз – менің көмекшім. Карлманн. Оған менің бетімді көшіруге қарсымын.

Карлманн. Өнімімді сырлап-бояп, елге өзіңіздікі есебінде таныстыра берсеңіз рұқсат. Ал, өз бетіме қатысты нәрсе ‒ жеке шаруам.

Летте. Дұрыс қой, бірақ мәселе сіздің емес, менің бетім туралы боп тұр.

Карлманн. Сіз оны баяғыда-ақ жоғалтып алғансыз.

Шефлер. Мұрыннан бастайық. Бұл ‒ бірден көзге түсетін бөлшек.

Фанни. Кристиан, бұндай бет жасама.

Летте. Кристиан?

Карлманн. Бұл ‒ Кристиан емес, анашым, бұл ‒ Летте.

Летте. Кристиан деген кім?

Карлманн. Барда пианино ойнайтын жігіт қой.

Фанни. Рас па? Меніңше, ол Кристианға ұқсайтын секілді.

Летте. Керісінше, Кристиан маған ұқсайды.

Фанни. Бұл маңызды нәрсе ме?

Летте. Мен бірінші болдым.

Карлманн. Тек өткен аптада емес. Сондықтан да, ол Кристианды таңдады.

Фанни. Ең бастысы ‒ қазір қасымдасыз.

Летте. Мен де пианинода ойнай алам.

Карлманн. Киіміңізді шешсеңіз қайтеді?

Летте. Жоқ.

Фанни. Қанеки, Карлманн, мына қырсықты шешіндір. Біз саунаға кіреміз.

Карлманн. Егер сонша асығыс болсаңыз...

Летте. Тоқтаңыз, тоқтаңыз.

Фанни. Не болды?

Летте. Оған мені шешіндірсін дедіңіз бе?

Фанни. Иә. Ал енді, оның нәпсісін...

Летте. Денемді ұстағанын қаламаймын.

Карлманн. Неге? Сізге жамандық жасағам жоқ.

Летте. Анаңмен байланысым бар.

Карлманн. Содан? Ол оған кедергі келтірмейді.

Фанни. Қайта, керісінше.

Летте. Ал, маған бөгет болмақ.

Фанни. Көңіліңе жақпай ма?

Летте. Мәселе онда емес.

Фанни. Ол туралы қандай ойдасың?

Летте. Ешқандай.

Карлманн. Анашым!

Фанни. Жауап бер!

Летте. Бұл мен үшін тым гормоналды дүние.

Карлманн. Анашым! Солай болуы мүмкін бе?

Фанни (Леттеге). Өзің туралы ойың ‒ тым асқақ. Айна алдынан шықпай, мұрнына қарап тұрады. Танауы әкесінікіне келеді деп жүр.

Летте. Дұрыс айтады.

Фанни. Одан бұрын, ешкімге ұқсамайтын. Мұрны қалай екен?

Летте. Мұрны?

Фанни. Иә, мұрны. Қалай екен?

Летте Карлманның тұмсығына зер сала қарайды.

Летте. Кәдімгі мұрын ғой.

Карлманн. Анашым-ау, мұның артықтау!

Фанни. Көрдің бе, сенікі өзгелердікінен әулие емес. Қатардағы, қарабайыр мұрын да.

Карлманн. А-на-шым!.. (Жылайды.)

Летте. Сені ренжітіп алғым келмейді. Бірақ, мен еркектермен...

Карлманн. Түсінікті, яғни, саған ұнамай қалдым ғой, иә?

Летте. Жоға да.

Карлманн. Сенің танауыңмен таласу қайда?!

Летте. Немене? О, Карлманн, қоя ғойшы, өтінем.

Фанни. Әне, былқ-сылқ ете қалды. Неге дамымайсың, неге өспейсің?

Карлманн. Өйткені, анам ‒ қатал.

Фанни. Ұялмайсың ба? Жылап отырғаның қалай?

Карлманн. Жаным ауырып тұр.

Фанни. Иә, отадан соң күйеуіммен де дәл солай болған.

Карлманн. Ол 2СК-ны ойлап тапқанда, құбыжық екеніне қарамастан қатты таңғалғам. Сол бір кездері компанияда пешка ем ғой.

Фанни. Бірақ, сіз бірден өрледіңіз. Ал, жаңа бетпен мүлде өзге кеңістікке шығатыныңыз шындық.

Карлманн. Иә, енді мені ештеңе тоқтата алмас.

Фанни. Кейбір жеріңіз соған ұқсап барады.

Карлманн. Шын ба? Бетімді меңзеп тұрмысыз?

Фанни. Тек оны ғана емес. Мына құмарлық... қарқынға қарқын қосар гүрілдеген мотор дауысы. Сонда не істегенімді білесіздер ме?

Карлманн. Қашан?

Фанни. Күйеуімнің жаны ауырғанда.

Карлманн. Не?

Фанни. Былай істедім. (Карлманнды сүйеді.) Жеңілдедің бе?

Карлманн. Солай секілді. (Фанни оны қайта сүйеді.) Сіз оның кегін қайтарған түріңіз бе?

Фанни. Жоқ. Маған сіздің бетіңіз ұнайды. (Екеуі махаббатқа мас. Бір-бірін құшақтайды, сүйеді)

Карлманн. Сендей асыл жан әлемде жоқ қой, анашым.

Фанни. Сендей балапан да!

Летте. Ал, мен ше?

Фанни. Сен қаламадың ғой.

Летте. Жаныңда балаң тұрғанда ыңғайсызданам.

Карлманн. Менен құтылудың амалын таппай тұрсың ғой.

Фанни (Леттеге). Бұрындары сенде ондай мәселелер болмап еді.

Летте. Болмағаны қалай?

Карлманн. Ол Кристиан еді ғой, анашым, сен шатасып кеттің.

Фанни. Сонда қалай, бұл Кристиан емес пе?

Карлманн. Жоқ, бұл ‒ Летте.

Фанни. А, солай екен ғой! Кристианнан аумайды.

Карлманн. Сонда да айырмашылық бар.

Фанни. Рас па? Қай жерінде?

Карлманн. Мысалы, онда мына проблема бар.

Летте. Ал, менде жоқ. Проблема сендерде ғой.

Шефлер. Мен мәселе атаулыдан адамын, азатпын.

Летте. Қателеспе. Менсіз ештеңе шеше алмайсыздар.

Шефлер. Сіз сөйтіп ойлайсыз. Қажет деп тапсам, қуып шығам.

Летте. Ал, штекер жалғағышы ше? Сонда...

Шефлер. Сіз жұмыстан қол үзгелі қашан.

Летте. Есесіне, өнімді өзім танытып жүрмін. Ауыр өнеркәсіпте қолданылатын 2СЛ карлманндық штекер жалғағышын мізсін таныстырдым.

Шефлер. Ендігі ауыртпалық Карлманнға түспек.

Летте. Егер дәл анандай бетпен ел алдына шығам десеңіздер, онда...

Шефлер. Карлманн! Бір минутқа кіре кетіңізші! (Карлманн кіреді.) Оның түр-келбеті соншалықты сорлы ма?

Летте. Бұл... бұл ‒ бетпақ қой.

Шефлер. Бұл ‒ сіздің бетіңіз.

Летте. Дәл солай, иә, иә, менікі.

Карлманн. Енді, ол ‒ маған тиесілі.

Шефлер. Өздеріңіз шешіңіздер, мен жеміс-жидек аршимын.

Летте. Тұтынушылар маған сенеді, мені біледі. Менің бетім ‒ тұрақтылық, сапа және жетістіктің кепілі.

Шефлер. Дегенмен, соңғы кездері өзіңізде нәтиже жоқ.

Карлманн. Тұтынушылар штекерды сіз емес, мен таныстырып жатқанымды байқамай қалады.

Летте. Дап-дайын клиенттерді ұрлауды ғана білсеңізші.

Карлманн. Олар сізден кеткелі қай заман. 2СК-дан соң менің ғана құрылғыларымды таныстырумен болдыңыз. Жоғары тоқты штекер ‒ менікі.

Шефлер. Енді, қажетіңіз жоқ.

Летте. Қалайша?

Шефлер. Енді, қажетіңіз жоқ.

Летте. Оны естідім ғой.

Шефлер. Боссыз.

Летте. Мені қуып жатыр.

Шефлер. Иә.

Летте. Мені қуып жатыр.

Фанни. Сені ме? Жарқыным-ау, сен жаңа ғана 2СЛ штекер жалғағышын ойлап таптың ғой.

Летте. Мен емес, Карлманн.

Фанни. Карлманн деген сен емессің бе?!

Летте. Мен – Леттемін.

Фанни. Сонда, олар Леттені жұмыстан шығарды ма?

Летте. Иә, ол ‒ мен.

Фанни. Иә, Леттені жұмыстан шығару ‒ жоспарлы дүние еді.

Летте. Мен – Леттемін!

Фанни. Сен бе?

Летте. Иә.

Фанни. Карлманнға ұқсайсың.

Летте. Жоқ, керісінше Карлманн менен аумайды.

Фанни. Ештеңе жоқ, ел қызығарлықтай түрің бар.

Летте. Тура Карлманндікі сияқты.

Фанни. Қабағыңды қарс түйгенің әдемі жарасады.

Летте. Ал, Карлманн да солай істесе ұнай ма?

Фанни. Әрине, алтыным.

Летте. «Алтыным» дедің бе?

Фанни. Иә, алтыным дедім. Онда тұрған не бар екен?

Летте. Бұрындары айтпаушы ең.

Фанни. Кірген кезде естідің.

Летте. Сен мені Карлманнға ұқсатқаныңда.

Фанни. Ал, екеуіңді қалай ажырата алам?

Летте. Карлманнды неге «алтыным» дейсің?

Фанни. Мен оны емес, сені атадым.

Летте. Бірақ, соны да еркелеткің келді.

Фанни. Бұл аса маңызды ма?

Летте. Мән-маңызсыз дүние бар ма екен?

Фанни. Екеуің де бір-біріңнен айнымайсыңдар.

Летте. «Алтыным». Қандай жағымсыз сөз! «Алтыным».

Фанни. Саған айтып жатқам жоқ қой. Не шатағың бар?

Летте. Есің дұрыс па?!

Фанни. Айғайлама, маған. Карлманн ешқашан дауыс көтермеген.

Летте. Бірақ, сен мені сатып кеттің.

Фанни. Жоқ. Карлманн саған ұқсайды. Сондықтан да, онымен кездесіп жүрмін.

Летте. А-а-а, мен Карлманнан аумаймын ба десем.

Фанни. Еш айырмашылық көріп тұрғам жоқ.

Летте. Керемет.

Фанни. Сенші, маған сен ғана керексің.

Летте. Бірақ, мына мен... өзім болмай шықтым ғой.

Фанни. Иә, бұрындары жеңілдеу еді.

Летте. Менің не кінәм бар? Неге жұмыстан шығарып жатыр? Мен 2СК-ны ойлап тауып, патент алдым, алғашқы боп модульді жалғағышты шығардым... бірінші боп бетімді ауыстырдым... мен... мен баз-баяғы қалпымды оралтқым келеді.

Шефлер. Мүмкін емес нәрсе. (Шефлер Карлманнды отаға дайындауда.)

Летте. Неге?

Шефлер. Ота жасалып кетті ғой.

Летте. Мына қалпымда қалғым келмейді.

Шефлер. Ал, мен өз төл туындымды бұзуға қарсымын.

Летте. Ең бастысы ‒ мен ғой. Бетімдегі туындыңызбен өмір сүре алман. Ендігіде, оның еш керегі жоқ.

Шефлер. Айып етпе, көмектесе алмаймын.

Летте. Басқа кім бар?

Шефлер. Бір рет кесілгенді, екінші рет тіге алмайсың.

Летте. Әйтпесе, трансплантация жаса.

Шефлер. Қалайша? Бәлки, артын алдына, тізені маңдайға, қолтық жүнін сақал орнына әкелгіңіз келетін шығар?

Летте. Өз бетімді қайтарсам деймін.

Шефлер. Бас тартам деп қол қойдыңыз. Енді, артқа қайту жоқ.

Летте. Ол маған ауадай қажет боп тұр.

Шефлер. Көп адамда мынадай түр болса, қатты қуанар еді.

Летте. Дәл өзі. Ондайлар онсыз да көп емес пе?

Шефлер. Кімдер?

Летте. Осындай қуанышты түрі барлар.

Шефлер. Маған да нәпақа қажет.

Летте. Басқа берекелі беттерді де жасап көрсеңіз.

Шефлер. Қолдан келмеді. Барым ‒ осы. Бұрынғы түріңіз тұнған экзотика ғой.

Летте. Өтінем. Ақыңызды жемеймін.

Шефлер. Сіздің есіңіз дұрыс емес. Дәрігерге жолығыңыз.

Летте. Міне, алдымда тұрсыз ғой.

Шефлер. Мен ‒ дәрігер емеспін, мен ‒ суретшімін. Босатыңыз, мына жерді. Қазір ота жасаймын.

Летте. Кімге?

Карлманн. Өзіме.

Летте. Сізге? Келбетіңізге көңіл толады деп ойлаушы ем.

Карлманн. Қатардағы дүние ғой.

Летте. Әкеңіздің мұрны да ма? Енді, бәрі сонікі болады. (Шефлерге көрсетіп.)

Карлманн. Бұл қадамға сен үшін бара жатырмын.

Летте. Мен үшін дейді?

Карлманн. Сені жиркендіргім келмейді. Себебі, керексің, сүйіктім менің.

Летте. «Сүйіктім менің» деме. Ұнамайды.

Шефлер. Клиентім өз мұратына асықпай, рет-ретімен жетеді.

Карлманн. Анашым сізге сәлем айтты. Кешкі асқа шақырамыз.

Летте. Мені? Кешкі асқа?

Карлманн Леттеге анықтап қарайды.

Карлманн. Жоқ. Олай емес секілді.

Летте. Мен де.

Карлманн. Кешкі ас орнына сұйық сорпа болғалы тұр-ау.

Шефлер. Укол дайын ба? (Фанни оған шприц ұсынады.)

Летте. Жиырма бесінші қабатқа көтерілсем деп ем.

Шефлер. Қазір аз-маз ауырады. (Карлманнға укол салады.)

Летте. Ойбай-ай, қанша уақыт шыдауым керек. Бір, екі, үш, төрт.

Шефлер. Жанға жайлы әңгіме шертейік.

Летте. Бала кезімде ғой... біразға шейін ұйықтай алмадым. Анам маған жымия қарап, бетімнен сипады. Қазір... оның орны ойсырап қалды.

Шефлер. Мұрыннан бастайық. Бұл ‒ бірден көзге түсетін жер. (Карлманнның мұрнын сындырады.)

Летте. Маған неге бүйтіп қарап тұрсыз?

Қарап тұрғам жоқ.

Шефлер. Скальпель! (Фанни оған скальпельді береді.)

Летте. Қарап тұрсыз. Менен көз алмайсыз. Доғарыңыз.

Шефлер. Мұндағы сұйықтықты сорып алыңыз.

Летте. Қайтадан сіз бе?! Көзіңізде үрей бар.

Бұл ‒ мен емес, бұл ‒ сіз.

Мен?

Шефлер. Сүйек балауызы! (Фанни оған сүйек балауызын береді.)

Летте. Ұртыңыздың бір шеті тартып тұр.

Ол сіздікі ғой.

Менікі дірілдеген соң, сіздікі де дірілдейді де.

Менікі дірілдемейді.

Дірілдейді, дірілдейді.

Шефлер. Сұйықтықты сорып алыңыз. (Фанни айтқанын орындайды.)

Летте. Міне, осылай: тик, тик.

Доғарыңыз.

Әуелі, сіз қойыңыз.

Қорқыныш маған да беріліп жатыр.

Ол ‒ сіздің үрейіңіз.

Мен қорқып тұрғам жоқ.

Қорқып тұрсыз. Өзіңізге қараңызшы, әне.

Кімге?

Өзіңізге.

Өзіңізге?

Немесе маған.

Сізге?

Иә, өзіңізге немесе маған, маңызды емес. Сіз қорқып тұрсыз.

Шефлер. Электр пышағы! (Фанни оған электр пышағын береді. Шефлер кеседі.)

Летте. Мен ‒ жігіт біткеннің төресімін.

Тұп-тура мен секілді.

Жоқ, негізі, менің түр-түсім мүлде өзгеше.

Менікі де.

Жо-жоқ. Сіз айнадағы сұлба ғанасыз. Ал, шындығында сіз жоқсыз.

Сіз де.

Шефлер. Жоғары жылдамдықты бұрғы! (Фанни оған бұрғыны береді. Шефлер бұрғылайды.)

Летте. Егер қаласам, сізді тоқпаштап тастай алам.

Онда, мен сізді келесі айнада күтем. Әзірге, неон жарығына қайта-қайта қарап, үрейленіп жүре беріңіз.

Қорқып тұрғам жоқ.

Мына биік ғимаратта не істеп жүрсіз?

Таза ауамен демалып.

Сіз қорқып тұрсыз.

Шефлер. Бекітіңіз. (Фанни бекітеді.)

Летте. Бұл ғимаратты бекер таңдаған жоқсыз. Өйткені, ол «Нуклеарктика» компаниялар тобына тиесілі. Ал, оны менің анам басқарады.

Жоқ, ол менікі... менің ашынам.

Және менікі де.

Және сіздікі де?

Шефлер. Жіп! (Фанни оған ине мен жіпті береді. Шефлер тіге бастайды.)

Летте. Сіз лифтпен жиырма бесінші қабатқа шейін көтеріліп, қоршаудан қарғып өтіп, төмен қарай секіресіз.

Шатырдан ба?

Әрине, сол үшін де лифтке отырдыңыз ғой.

Өтірік, мен тек жоғары өрлегім келеді.

Жо-жоқ, сіз төмен қарай секіруге тиіссіз.

Жоқ.

Шефлер. Саусақпен қысып тұрыңыз. (Фанни саусақпен қысып тұрады, ал Шефлер түйін түйеді.) Летте. Төмен қарай секіргенде, жолай «Нуклерктики» басшысы сізге коньяк ұсынғанын көресіз...

Жоқ...

Және өзінің бұзық баласын күтуде. О, бала біреудің меншігін өзінікі деп санап, мәңгілікке мінсіз бетті жойғысы келер.

Шефлер. Болды, дәкемен орай беріңіз, ал мен қолымды жуып келейін. (Фанни Леттенің басын дәкемен орайды. Қорғау мақсатында оның бетін маскамен жабады.)

Летте. Керегі жоқ. Қорқып тұрмын.

Мінеки, айттым ғой. Сіз қорқып тұрсыз.

Иә, үрейге ерік беріп...

Келіскеніңізге қуаныштымын.

Соған қарамастан, жағымсыз боп барасыз.

Сіз де уақыт өткен сайын...

Мен бе?

Мына сөзді қолданарда кімді меңзедіңіз?

Қай сөзді?

«Мен» деген.

Кім?

Сіз.

Мен?

Сіз оны өзіңіз де білмейсіз ғой.

Нені?

Жә-жә, жетер. Ал, келіңіз, секірелік.

Сіз секірмейсіз. Қайта, осында қаласыз.

Жоқ, сізден бұрын мына бір шетіне шығып, тербеліп тұрам.

Онда, мен сізді итерем...

Мен де сізді...

Сөйтіп, тротуарға бетпен бір-ақ шапталасыз.

Бұл бет ‒ менікі емес, сіздікі.

Өшір, үніңді. Жиырма үш, жиырма төрт, жиырма бес. Жолды бөгеме. Мен секірем.

Карлманн. Жоқ.

Летте. Сізге не керек?

Карлманн. Қазір ғана клиникадан келдім.

Летте. Керемет, ал мен төмен қарай секірмекпін.

Фанни. Тым биік қой.

Карлманн. Әуелі, бет-жүзім қандай екенін көргің келмей ме?

Летте. Онсыз да білем ғой.

Фанни. Тербелмеңіз.

Летте. Бәрінен айырылдым.

Карлманн. Бірақ, біз жаныңдамыз.

Фанни. Сені жақсы көреміз. Одан бұрын, біреудің карнизын талқандайсың.

Летте. Шефлер жұмыстан қуды. Ақшам да жоқ, өмірім де ‒ мәнсіз.

Карлманн. Сол да сөз боп па? Бізбен бірге тұр, ақшамызды жұмса.

Летте. Әйелім менен теріс айналып, ашынасымен кетті.

Фанни. Мен барда, қатыныңды қайтесің?

Карлманн. Мен де. Егер қаласаң, әрине.

Фанни (Карлманнға). Бүйтіп кім жүреді? Ананың бәрін шешсеңші. (Карлманнның маскасын шешеді.)

Летте. Маған жақсылық ойлап тұрсыз, білем. Әлде мені Кристианмен шатастырдыңыз ба? Бәлки, расында да Кристиан я Карлманн шығармын. Ендігіде, Карлманн деген кім? Әйеліммен кім жүр? Мен осында, әлде ана жақтамын ба? Кім қайда? Қайда кім?

Фанни. Бәрін қиындатудың қажеті жоқ. Бұл тек сенің ғана мәселең емес.

Летте. Дәл солай.

Фанни. Айырмашылық аса білінбеген жөн.

Карлманн маскасыз. Летте оған қарап тұрады.

Летте. О!

Фанни. Міне, осылай дұрыс болар.

Летте. Сені лифтте қалды ма десем.

Карлманн. Осындамын.

Летте. Кім?

Карлманн. Мен.

Летте. Мен?

Карлманн. Иә. Мен... Сен менен ізгісің.

Летте. Мен сені іздедім.

Карлманн. Мені?

Летте. Иә, сені.

Карлманн. Сөйтіп, таптың ба?

Летте. Солай сияқты.

Карлманн. Қуанышыңа ортақпын.

Летте. Мен де.

Карлманн. Секіргім келмеген еді.

Летте. Мен де.

Карлманн. Мен ‒ сұлумын, сымбаттымын.

Летте. Ілтипатыңа рақмет. Мен де өңдімін.

Карлманн. Рақмет. Ұялғаннан бетім қызарып барады.

Летте. Мен де.

Карлманн. Мен де.

Летте. Мен де.

Олар бір-біріне қарап тұрады.

Карлманн. Өзімді-өзім сағынып кеттім ғой.

Летте. Мен де. Өзімді көргім кеп еді.

Карлманн. Мен де. Өзімді алғаш рет көргелі бері... сол бейнем көз алдымнан кетер емес.

Летте. Мен де. Сенсіз өткізген күнім күн емес, тұнған азап.

Карлманн. Иә, өзімсіз өмір сүре алман.

Летте. Мен де өзімсіз өмір сүре алмаймын. Өзімді-өзім жоғалтқанда, өлгім келді.

Карлманн. Енді, мен өзімді ешқашан жалғыз қалдырмаспын.

Ешқандай іс-әрекет болмайды. Олар бір-біріне қарап тұрады.

Летте. Өзіме сағаттап қарауға дайынмын.

Карлманн. Мен де. Өз көзіме қарасам, әлемнің бүкіл ауыртпалығын ұмытам.

Летте. Соны өз-өзіңнен естіген қандай керемет.

Карлманн. Ұстап көрсем бола ма?

Олар бір-бірінің бетін ұстап көреді.

Летте. Иә, мен осындаймын.

Карлманн. Шашым да ‒ жұп-жұмсақ.

Летте. Терім де теп-тегіс.

Карлманн. Иісім де тамаша екен!

Летте. Менің де.

Карлманн. Менің де.

Летте. Менің де.

Карлманн. Менің де.

Летте. Менің де.

Карлманн. Менің де.

Карлманн мен Летте. Мен өзімді-өзім жақсы көрем.

Олардың беті жанаса бастайды. Екеуі сүйіседі.

Фанни. Енді, біз ‒ сұлумыз, баймыз, ауқаттымыз. Бақытты қалпымыздан танбай, алаңсыз ұйықтап алсақ. Ақырындап төсекке қарай ойысқыларың келмей ме? (Шефлер қолына кішкентай айна ұстап алған).

Шефлер. Көруге мұрша беріңдерші. Ал, олай болса, мұрыннан бастайық. Өйткені, ол ‒ бірден көзге түсетін дене мүшесі. (Өзінің мұрнын сындырады.)

Шымылдық


Әлібек БАЙБОЛ

Қылмыс

Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы Шелек ауылының қараусыз қалған ғимаратынан сәбидің денесі табылды,...

Шоу-бизнес

Танымал айтыскер ақын, қазіргі уақытта әлеуметтік желіде коуч-психолог ретінде танымал Айнұр Тұрсынб...