«Астана Опера» директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ғалым Ахмедьяров елорда...
«Ақтастағы Ахико» қойылымы көзімізге жас үйірді
Рухани мәдениет қазынасына жататын асыл мұраның бірі театр екені мәлім. Әдебиет пен өнерді ұштастырған театрдың атқаратын эстетикалық, этикалық орасан зор қызметімен ештеңе де теңесе алмайды. Тәрбиелік, тәлімдік ұлағаты мол осы бір бекзада өнердің ұлт тарихын жандандырып, халықтың рухани жаңғыруы жолында атқаратын қызметі өте зор.
Отандық ауыл шаруашылық білім мен ғылымының қара шаңырағы, 90 жылдық терең тарихы бар Қазақ ұлттық аграрлық университетінде студенттерді ғылым мен біліммен сусындата отырып, өнермен, әдебиетпен тәрбиелеу жақсы жолға қойылған.
Біздің университеттегі студенттердің 90 проценттен астамы – ауыл жастары. Біздің міндетіміз – ауыл-ауылдардан келген студенттерімізге заманауи білім беріп қана қоймай, олардың Ел мен Жердің қасиетін бағалайтын, ұлт болашағына сеніммен қарайтын, Ұлы Даламыздың ұлағатын бойына сіңірген, рухани жаңғыруға бет бұрған зиялы ұрпақ қалыптастыру.
Туған тамырынан нәр алған осы жастардың легіне біз дұрыс бағыттағы білім мен тәрбие бере алсақ, олар келешекте біздің ұлттық әлеуетіміздің негізгі көрсеткіші болатыны даусыз. Сондықтан ауылда туып, ата-баба салтынан ажырамай, дәстүрімізді дәріптеп, құндылықтарымызды бойына сіңіріп өскен ұрпақтың болашағын қамтамасыз ету елдік мақсат болып қала бермек.
Сырт көзге қарағанда, мұндағы жастар өнер мен әдебиеттен алыста жүргендей көрінуі мүмкін. Бірақ бізде де дарынды жастар баршылық. Университет жанындағы «Рухани жаңғыру» орталығы аясында қызмет атқаратын О.Сүлейменов атындағы әлеуметтік-гуманитарлық білім беру және тәрбие институтында құрылған Бикен Римова атындағы «Әдеп» клубы, «Достық» студенттік ассамблеясы, Студенттік театр, «Гүлбану» би ансамблі, тағы да басқа өнерге тәрбиелейтін шығармашылық орталықтар баршылық.
Ұлтымыздың аграрлық сала мамандарының ұстаханасы саналатын университетіміздің оқытушылары мен студенттері театр қойылымдарын тамашалауды игі дәстүрге айналдырған. Осы орайда студенттермен бірге тамашалаған Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында сахналанған «Ақтастағы Ахико» қойылымы жайлы аз-кем ой-пікір білдіре кеткенді жөн көрдім.
Жас драматург Мәдина Омарова сценарийін жазған, талантты режиссер әрі аталған театрдың басшысы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Асхат Маемиров сахналаған «Ақтастағы Ахико» қойылымы көңіл толқытып, көзімізге жас үйірді. Бұл спектакльде кешегі өткен зұлмат тарихымыз санамызда қайыра жаңғырып, қысылтаяң шақтарда талай ұлт өкілдерін бауырына басқан қазақтың төзімділігі мен кеңпейілдігі айрықша көрініс тапқан. Шымылдық ашылған соң қойылымның бас кейіпкері Ахикомен бірге біз де КарЛАГ-қа тап болдық.
Киелі сахнада орын алған саяси қуғын-сүргін құрбандарының тағдыры тарихи шындықтың қасіретті парақтарын тағы бір мәрте ақтарғандай әсер қалдырды. Ұлты жапон Ахико Тэцуро тағдыры арқылы күллі Алаш арыстарының қасіретін, тарихымыздағы ақтаңдақ кезеңнің бейнетті беттеріне бойлаймыз. КарЛАГ тұтқынына айналған Ахикомен қатар Ахмет, Мағжан, Сәкендей арыстарымыздың да азапқа толы қасіретін көрдік, сездік, түйсіндік.
Арыстарымыздың қиындық пен қинауға толы тауқыметті күндері театр тілімен жас ұрпақтың көкірегіне тектілік рухын қайта жаққандай әсер қалдырады. Режиссердің Алаш рухын бүгінгі көрерменге көрсетудегі идеясы жүзеге асқандай. Кейіпкерлер көрген азаптың ауырлығын көзіңмен көріп қана қоймай, тұла бойыңмен сезінесің. Әсіресе, түрмедегілердің Қасен ақсақалмен қауышу сәті және Ахметтің өлең кітабын Ахикоға аманаттайтын сәті тым әсерлі. Асхат Маемиров актерлік құрамға кіл мықтыларды жинапты. Ахиконы Дулыға Ақмолда жоғарғы деңгейде сомдады. Актер отбасы, Отан, жар, ана алдындағы махаббатты шынайы бейнелеп сахнада сөз ғана емес, ойды қалай жеткізудің үлгісін көрсетті.
Біздің халықта Жер Ана деген түсінік бар. Табиғатқа нәр берген, тіршіліктің бастау көзі – Жер Ана – қазақ үшін қастерлі ұғым. Сол таным бойынша, КарЛАГ-тан шыққан Ахиконы Жер Ана қарсы алды. Осы Жер Ананың және де Карлаг-тың кесірінен жарынан, ұлынан айырылған қазақ анасының жиынтық образын жасаған Данагүл Темірсұлтанованың шеберлігіне тәнті боласың. Болат Әбділманов, Бауыржан Қаптағай сияқты майталмандар бастаған сахнагерлердің актерлік ойыны қашан да өз биігінде.
Елімізге белгілі әртістердің Алаш арыстарын бейнелеуі жас буын үшін тарихқа зер салудың үлкен мектебі. «Ақтастағы Ахико» спектаклі еліміздегі диаспора өкілдерінің де қазақ жерінде қалайша тұрақтап қалғанының тарихына, қазақ халқының кеңпейілділігіне көз жеткізе отырып, зұлмат жылдарды көз алдыңызға әкеледі. Еуропалық үлгідегі қазақ-орыс мектебін салдырған Ақайдың Қасенін сомдаған актер Бекжан Тұрыс спектакльдің өн бойындағы сол кездегі саясаттан зәрезап болған қазақ халқының күйін дәл көрсете білген. Аузынан Алласы түспеген 93-ке келген ақсақалдың көпті көргендігі мен дуалы ауызы, театрға келген қалың жұртты тебірентпей қоймады. Қапаста қамыққан Сейфолла, Сәдуақас және тағы басқа арыстарымызға жігер берген ақсақалдың сөздері қойылым тамашалауға келген жұртқа жігер берді.
1929-1933 жылдары қолдан жасалған алапат аштықта халқымыздың 4 млн-ға жуығы қырылып қалғандығы ащы шындық. Сол кезеңдерде ауыл қазақтары тар қапаста бір үзім нанға зар болған жандарға құрт беріп, өзегін жалғатқаны қаралы тарихтың еншісінде. Бас кейіпкер Ахико да құрт қадірін сезінгендей күй кешеді. Осының бәрі қазақтың дархандығы мен парасатты екенін айқындай түседі.
Драма желісі шынайы өмірде болған оқиғаларға негізделген. «Ақтастағы Ахико» – сталиндік зұлмат жылдарында Қазақстанға қоныс аударған, айдалып, жазықсыз сотталып, лагерьлерге әкелінген мыңдаған адамдардың, түрлі ұлт өкілдерінің – қазақ пен орыстың, украин, латыш, эстон, поляк, еврей, неміс, жапон, француз бен венгрлердің тағдыры. Ахико – ХХ ғасырдағы ең ауыр кезеңде, азап лагерьлерінде отырып, өзінің адами бейнесін сақтап қалған жасампаз жандардың жиынтық бейнесі. Сталиндік қан қасап жылдары ғазиз басы азапқа түскен ұлт ұлыларынан бастап, жазықсыз сан мыңдаған адамның тұтас жүйе сындыра алмаған болаттай берік рухын, қанша қинау, зорлық-зомбылық көрсе де сөнбеген үмітін, өмір сүруге құштарлығын, жарқын болашаққа сенімін көрсетуді көксеген өнер ұжымы, сөз жоқ, мақсатына жетті. Бұл спектакльдің көрермендерге, әсіресе жастарға тәрбиелік мәні зор. Патриоттық күрескерлік іс-әрекеттерге ұмтылу бүгінгі ұрпақтың ең басты мұраты әрі ең басты мәні болып табылады. Сондықтан да қойылымды сахналауда театр ұжымы өз миссиясын абыроймен орындаған.
Театрға жиналған халық бұл қойылымды көріп, сол бір зұлмат жылдарға сапар шеккендей әсер алды. Солардың қатарында өзім де бармын. Алғашында мақалаға қалам тербеймін деген ой болмағанымен Ахметтің ғана емес, Алаш арыстарының аманатын арқалаған Ахиконы көргенде сезімге бөленбей тұра алмадым.
Тілектес ЕСПОЛОВ,
Қазақ ұлттық аграрлық университетінің ректоры, ҰҒА академигі
egemen.kz