Шәкәрім Құдайбердіұлы: ...«еріксіз жемтік шоқыдым», «ар кетіп, айла жамылдым»

ӘДЕБИЕТ
916

Шәкәрім Құдайбердіұлы қазіргі Шығыс Қазақстан облысы, Абай ауданындағы, Шыңғыстау бөктерінде 1858 жылы, 11 шілде күні дүниеге келеді. Шәкәрімнің әкесі Құдайберді ерте қайтыс болады. Бұл кезде Шәкәрім Құдайбердіұлы жеті жаста еді. Алпауыт атасы Құнанбайдың тәрбиесіне алынған Шәкәрім жетімдік тауқыметін тартпаса да, әке қазасы жаны нәзік, көкірегі сезімді балаға оңай соқпағанға ұқсайды. Сол түста тебіренген балауса жүректен алғаш жоқтау, жыр өлең де көздің жасымен бірге кұйылады. Бірақ казақта екі ауыз өлеңді кім шығармайды? Жас баланың жаңағы талабы өмір күйбеңінің күлді-көмешіне алданып қалып қояр ма еді, қайтер еді, егер Шәкәрім Құнанбайдағы ерке тотай қалпынан тез ауысып, Абай тәрбиесіне көшпесе.

«Мұтылғанның өмірі» атты автобиографиялық өлеңінде Шәкәрім Құдайбердіұлы бес жасында ауыл молласынан сабақ ала бастағанын жазады. Әйтеуір, төрт-бес жыл көлемінде қара танып шықса керек. Бұдан кейін еш мектеп оқуынан өтпесе де, былайғы өмірі де өнер-білім қуған жастың өсу жолын аңғартады. Домбыра тарту, гармоньда ойнау, қаршыға, бүркіт баулып, саятшылық, жасау, сурет салу, өлең жазу, ғылымға құмарлану, қалтасындағы сағатының механизміне дейін ақтарып-төңкеріп отырып, тоқтап қалса, өзі жүргізіп алатын мініскерлікке төселу, киімді өзінше тігіп киінуі — міне, бұның, бәрі сегіз қырлы, бір сырлы адамның қолынан ғана келетін іс. Бір сайлау мерзімі болыс та болып көреді. Артынша ол «еріксіз жемтік шоқыдым», «ар кетіп, айла жамылдым» деп опынады, ұлық болуды дәреже көріп, лоқығанына өкінеді, сусаған ғылымнан жырақтағанына налиды.

Бірақ Шәкәрім өзін мінегенде кейінгі жасқа сабақ болсын дейді. Мұны ұмытпауымыз керек. Әйтпесе ел жұмысына араласу оған өз тұсындағы коғамның тамырын басып, сырқатын анықтап алуына көмектесті. Творчествосынан да мүлде қол үзіп кетпеген. Ұстазы Абайдың тапсырмасы бойынша, шежіремен айналысады, жиырма бесінде «Қазақтың түп атасы» деген еңбек туғызады, өлеңін де жаза береді, «ғылымнан едім жалаңаш» десе де, қырық жасқа дейін ол орыс, түрік, араб, парсы тілін үйреніп, «философ-ойшыл жазғанын сынауға» бет бұрады.

Шәкәрім Құдайбердіұлы — өз бетімен білім алып өскен адам. Әрине, жетекшісі Абай болған. Дүниеге көзқарасы да Абай ықпалымен қалыптасқан. Абайдың ақыңдыққа мүлде ден қойған шағы 1886-89 жылдар шамасы екені мәлім. Бұл кезде ұлы ақын қырықтың үстіне шықса, шәкірті Шәкәрім де оған серік боларлық жасқа келді. Жиырманы орталап тастады. Сондықтан Шәкәрім өткен Абай мектеп-университетінің программасында қандай «пәндер» оқылғанын алдымен оның мұғалімі ұстанған әдебиеттен білеміз. Мұхтар Әуезов зерттеуі бойынша, Абай «Орыстың белгілі жазушыларынан: Пушкин, Лермонтов, Толстой, Салтыков-Щедрин, Некрасов: сыншыл-ойшыл демократтардан: Белинский, Герцен, Байрон, философ білгіштерден: Спенсер, Спиноза, Льюис, Дарвин, Дрепер сияқты талайларды оқыған». (Шығармалар, 12 томдық. — 286-бет).

Енді Шәкәрім Құдайбердіұлы өз тарапынан ізденіп оқыған ғылыми қайнарларға келсек, бұл туралы 1911 жылы Орынбор қаласында басылып шыққан «Түрік, қырғыз, қазақ һәм хандар шежіресі кітабында ол былай деп жазады: «Окыған кітаптарымның мұсылманшасы: тәбри — тарихи ғұмуми, тарихи ғұсмани, тарих антшар аласлам, Нәжип Ғасымбектің түрік тарихы, Әбу Алғазы Баһадур ханның язған шәжірәи түрік және һәр түрлі кітаптардан алынған сөздер; Орысша кітаптардан окығаным: Радловтың ұйғыр туралы, Аристовтың түркі нәсілі туралы, дүниедегі һәр түрлі жұрттың шежірелерінен орысшаға көшірілген сөздері. Оның ішіндегі түріктің ең ескі заманындағы шежіре кітаптары Құтадқу білік, Қошу чидам деген кітаптардың сөзі. Және араб-парсы-рум-европа жазушыларының сөзі» (2-бет).

Шәкәрім Құдайбердіұлы кітаптарды оқығанда адам және әлем сырын білмек үшін оқиды. Жан не? Дін не? Барша ғалам қалай жаралған? Міне, осы сұрақтарға жауап іздейді. Және соның бәрін ол «ноқтасыз оймен тексердім» дейді. Осы оймен Меккеге барғанын да айтады. Стамбұл кітапханасында он үш күн отырады. Бұл — 1905-1906 жылдар шамасы.

Шәкәрім Құдайбердіұлы дінмен жұлдызы жараса бермегенін дәл осы арада айтуымыз керек. Рас, құдайға сенген. Бірак «талай дінді тексердім, ешбірі миға сыйған жоқ» дейтін де Шәкәрім. Тегінде, ол дүниеге көзқарасы жағынан деизмге ойысатындай. Өйткені «әлемде жоғалған ешбір зат жоқ, түрленеді ойла, шырақ» деп ешбір косу, алусыз материалистік ой қозғайтын да Шәкәрім Құдайбердіұлы ғой.

Шәкәрім Құдайбердіұлы өз халқы алдындағы үлкен еңбегінің бірі — ұлы орыс халқымен туыстасу, достасу, оның ұлы мәдениетін игеру жолындағы Абай дәстүріне әрқашан берік болғандығы. «Орыс қой енді атамыз, жаксылық сонан татамыз» деген пікірден ол айнымаған. Орыс мәдениетін сөзбен ғана емес, ісімен де насихаттаған ол 1908 жылы А.С.Пушкиннің «Дубровский», «Боран» шығармаларын өлең түрінде аударады. Прозалық шығарманың поэтикалық шығармаға айналуы дүние жүзі әдебиетінде сирек ұшырасатын құбылыс екенін де айта кетуіміз керек. Шәкәрім Құдайбердіұлы бұл арада халқының басым бөлігінің хат танымайтындығын ескеріп, жаттауға қолайлы өлең формасына әдейі жүгінген. Әсіресе, Лев Толстой уағыздаған әділет, ар жолы қазақ ақынының көкейіне қона кетеді. Ол ұлы жазушының шығармаларын аударады, оған хат жазып, ақыл-кеңес сұрайды.

Осы Толстой ілімінің әсері ме, әлде не, 1908 жылы Шәкәрім Құдайбердіұлы сахарада сирек кездесетін мінез көрсетіп, елсізге шығады, өзі «саят қора» деп атаған үйде жападан-жалғыз, семьясыз тұрады. Сонда да ол халқынан рухани бөлектенген жоқ, қажыдан қайтқандағы атасы Құнанбай құсап шымылдық құрып, жарық дүниені тәрк етпейді, өлеңін жазып, әлем оқиғаларына үн қосып отырады.

Шәкәрім Құдайбердіұлы 1917 жылғы революция таңын жарқын үмітпен қуана қарсы алды. Оған куә — «Бостандық туы жарқырап», «Бостандық таңы атты» деген революцияға арнаған жырлары. Кейде адасып, дос қайсы, дұшпан қайсы екенін айыра алмай қалған кездері де болады. 1918 жылдың басында ол алашордашылардың шақыруымен Семейге келеді. Жолшыбай «Семейді қызыл алғанын» естіп барады. Бұл 1918 жылдың ақпаны. Алашордашылар Шәкәрімді сыртынан сот етіп сайлаған екен, ойында еш нәрсе жоқ ақын көне салады. Бірақ көп ұзамай, сол 1918 жылғы маусымда, Семейді ақтар кайта басып алады. «Оған тағы құл болдык, сатылған малмен пұл болдық» деп, ақтардан көңілі қалған акын еліне оралады. Сол жылғы күзде ол тағы да Семейдің құм көшесін таптайды. Осында Орынбордан қашқан Алашорда «үкіметі» көшіп келіп, өз беделін өсірудің бір амалы есебінде акынды калаға шақыртқан екен. Бұл жолы Шәкәрімнің «Алашорда бір бөлек, қауымның ойы өзгерек екеніне әбден көзі жетеді де, ескілікті қайта жаңғыртқысы келгендерге наразылық білдіріп, еліне тартып отырады. Ол ауылда жүріп те ақтардың салған ойранының куәсі болады. «Қалаға қызыл орнығып, әділет атты жол шығып, айтылған боран өтті тез» деп қуана қорытады.

Кейін Шәкәрім Құдайбердіұлы осы бір аласапыран кезінде аз уақыт болса да адасуы оның былайғы тағдырына ауыр тиді. Ол революционер бола алған жоқ. Ағартушы, демократ өресінде қалып қойды. Сөйтсе де қарт ақын революцияны жарқын жырымен қарсы алды. Алашордадан тез қол үзді. Совет өкіметінің орнауын әділет жолының жеңісі деп білді. Осының бәрі объективті, әділ бағасын алуы тиіс еді. Бірақ оны жеке адамға табынушылықтың қырсығы істетпеді.

Шәкәрім Құдайбердіұлы тағы да өзінің «саят кора» аталатын жырақтағы мекеніне кетсе де, дұшпандары оған тыныштық бермеді. Молдалар Шәкәрімді «дін бұзар» деп айыптады. Бай-жуандар «алжыды» деп лақап таратты. Ауылдың белсеңдісі ескішіл деп өсектеді.

1931 жыл. Күздің сұрғылт күні. Осының алдында ғана бандымен байланысы бар деген кінәмен ұсталған жерінен босанып, ақталып шыққан, бұл кезде жетпістің үшеуіне келген Шәкәрім Кұдайбердиев аудан орталығына бет алады. Сол кезде мылтық даусы гүрс ете түседі. Қаперінде ештеңе жоқ қарт иығынан оқ тиіп, аттан құлайды. Бір замат көзін ашса, ОГПУ қызметкері Қарасартов жанына ерткен Халитов деген милиционері бар, қасында тұр екен. Шәкәрім Құдайбердіұлы олардан аудан орталығындағы ауруханаға жеткізуді өтінеді. Жауап орнына мылтық тағы да шаңқ ете қалады. Мылтық түтіні тарқағанда, Шәкәрім Құдайбердіұлы бұл дүниеде жоқ еді

Уикипедия

author

Шәкәрім Құдайбердіұлы

АҚЫН

Жаңалықтар

2024 жылдың 10 айының қорытындысы бойынша елорда аумағында 4100-ден астам интернет-алаяқтық дерегі т...

Спорт

Футболдан Қазақстан ұлттық құрамасының экс-ойыншысы Ұлан Қонысбаев Euro-football.ru сайтына берген с...