(Аударған Әлібек БАЙБОЛ)ҚАТЫНАСУШЫЛАР:Летте ‒ құбыжық.Фанни ‒ оның әйелі.Шефлер ‒ Лет...
Хорхе Луис Борхес. Бәрі болғансың - ешкім де емессің!
(новелла)
Оның өз қарабасы ешкім де емес. Тіпті дәуіріміздің ең жаман деген портреттерінде де кездеспейтін бет-жүзі мен толассыз, бей-берекет, бір-біріне байланыспайтын сөздерінің артында салқындық пен басқа адамдарға кірмейтін түстер жатты. Алғашында ол жұрттың бәрі де өзі сияқты деп ойлаған. Алайда осы бір бос нәрселер туралы сырласу әрекетінен соң-ақ танысы сөзінен жаңылыса бастаған. Сол сол-ақ екен ол басқалардан ерекшеленуге болмайтынын мәңгілікке санасына құйып алды. Ол рухани сауығуды іздемекші болған. Замандасының айтуынша болмашы латынша, одан да аз мөлшерде грекше үйреніпті. Сәл кейінірек ол "мақсатыма адами ғұрыптың қарапайым қағидасын орындасам ғана жетем" деп түйеді. Маусымның ұзақ күнінде Анна Хэтуэйдің құшағынан сая табады.
Жиырмадан асқан шағында Лондонға келеді. Өзінің ешкім емесін жасыру мақсатында ол өзін әлдекім етіп көрсетуге де машықтанып алған-ды. Лондонда оған өзі о баста сол үшін жаратылған кәсіп - актер кәсібі тап келді; сахнаға шығып, онсыз да көргенін қабылдауға әзір отырған тобырдың алдында басқа біреуді кейіптеуі керек тұғын. Шынында да, жұрт оны өзінен басқа адам ретінде қабылдамақты. Мүмкін тіршіліктегі алғашқы рақаты болар, гистриондық еңбек оған теңдесі жоқ қуаныш сыйлайды. Алайда оның да шегі бар тұғын. Сахнадан ең соңғы мүрде - кейіпкерлер алына бастады. Тағы да баянсыздықтың кермек дәмін сезінген. Бұрынғыдай Феррекс, яки Темірлан бола алмайтын. Бұл - тағы да "ешкім емес". Іші пысқаннан басқа кейіпкерлер мен басқа қорқынышты тарихтар ойластырды. Оның денесі Лондон шарапханаларында дене атқаруға тиісті шаруалармен айналысып жатқанда - жан дүниесі жеңілісті білмес Цезарьдің, бозторғайларды қорғаған Джульеттаның, адам аяғы баспас жерлерде албастылармен сырласқан Макбеттің кейпінде еді. Олар керемет тағдырдың иесі тұғын. Барлық ақиқат образдарды түгендеп шыққан мысыр Протейінше сансыз адамның кейпінде болып үлгерген мұндай пенде әлемде санаулы ғана! Кейде әлдебір сюжеттердің тасасынан өзінің нақты бейнесін енді ешкім әшкерелей алмайды, деген нық сенімі де қылаң беретін. Мәселен, Ричард кейпінде - сансыз рөл сомдайтын актер есебінде көрінсе, Яго кейпіне еніп, "бұл - менің өзім емес" дегенді оп-оңай айта алатын. Өмірдің, түстің және қойылымның ұқсастығы соңынан айтулы адамға айналған оның шабытына түрткі болды.
Ол осынау түс-ғұмырдың соңында жиырма жыл салпақтады. Алайда әлдебір таңсәрісінде өңкей семсерден өлетін корольдар, сондай-ақ аяқ астынан кездесіп ажырасатын, керемет сөздер айтып көз жұматын бақытсыз ғашықтар болудың азабынан жүрегі айнығанын сезді. Сол күні-ақ театрын сатып жіберген. Бір аптадан соң бала күнінің өзендері ағып, ағашы жайқалған туған қаласынан бір-ақ шықты. Осыдан бастап ол бұл кереметтерді өнер періштесінің аялауындағы мифтік емеуріндер әшекейлеріне де, латындық адам аттарына да айырбастай алмайтын. Алайда бұл жерде де әлдекім болу керек еді. Сөйтіп, өнерден қол үзген, болмашы дәулеті бар, песиелермен, айналымнан түскен пайыздық үлестермен ғана әуре кәсіпкер болып шыға келді. Осынау жағдайында ол бізге әдеби құндылық пен пафостың барша іздері қасақана алынып тасталған белгілі де жадағай өсиетін қалдырды. Лондондық достары оның оқшауланған тұрағына келіп тұрды. Ол достарының алдында баяғы ақын рөлін ойнап беретін-ді.
Тарихтың тағы да бір айтары бар. Ажалының алдында, яки өлгеннен соң ол Құдайдың алдында болып: "қателіктен бірнеше адамның кейпінде болыппын. Енді өзім - өзім болсам деймін" депті. Дауылдар арасынан Жаратушы былайша пәрмен түсіріпті: "Менің өзім де - өзім емеспін; Шекспирім менің, сен жазған шығармалардай етіп, мен де бұл дүниені ойдан шығарғам. Менің түстерімнің бір елесі - өзімнен аумай қалған өзіңсің! Оның мазмұны "бәрі болғансың - бірақ ешкім де емессің" дегенге саяды".