ЖАМБЫЛ БӨЛЕУХАНҰЛЫ ЖҰМАНБАЙ
ЖАЗУШЫШежіреші, өлкетанушы, жазушы, Тарбағатай ауданының құрметті азаматы.
Жамбыл Бөлеуханұлы Жұманбай 1947 жылғы 1 мамырда Семей облысы, Ақсуат ауданы, Жәнтікей (бұрынғы Ерназар) ауылында дүниеге келген.
1955–1961 жылдары «Сарбұлақ» бастауыш мектебінде және Ерназар жетіжылдық мектебінде, 1962–1965 жылдары Ақсуаттағы ВЛКСМ-ның 30 жылдығы атындағы (қазіргі Кәрім Нұрбаев атындағы) орта мектепте білім алған.
Жоғары білімді. Алматы зоотехникалық-малдәрігерлік институтын бітірген. Мамандығы – ғалым-зоотехник.
Еңбек жолы туған жері – Семей облысы, Ақсуат ауданындағы «Сұлутал» совхозымен тығыз байланысты. 1965–1966 жылдары №4 фермада есепші, 1969–1971 жылдары №2 фермада зоотехник, 1971–1977 жылдары кадр бөлімінің меңгерушісі болып қызмет атқарған. 1977–1997 жылдары совхоздың кәсіподақ ұйымын басқарған.
1998–2010 жылдары «Мереке» шаруа қожалығының төрағасы болған. 2010 жылдан бері зейнеткерлік демалыста.
Еңбек қызметі барысында жылқы тұқымын асылдандыру, малды іріктеу және сұрыптау жұмыстарына қатысқан. Асыл тұқымды «Байыс» қойын аудандастыру ісіне атсалысып, ірі қара мен қойды қолдан ұрықтандыру жұмыстарын жолға қойған.
Семей облыстық ауыл шаруашылығы кәсіподағы пленумының мүшесі болған.
Жұбайы Қанымбүбі (Кәлкеш) Қаныш Сәтбаев атындағы орта мектепте бастауыш сынып мұғалімі болып еңбек еткен. Қазақ КСР-інің «Оқу ісінің үздігі», «Асыл ана» төсбелгілерінің иегері. 2010 жылдан бері зейнеткер.
Отбасында төрт ұл, екі қыз тәрбиелеп өсірген. Сегіз немересі, алты жиені және алты шөбересі бар.
Шығармашылығы
Жамбыл Жұманбайдың өнер мен әдебиетке қызығушылығы мектеп қабырғасынан басталған.
Оқушы кезінде Ақсуат ауданында А. Байқыдыров басқарған домбыра оркестрінің құрамында өнер көрсеткен. Домбырамен жеке орындаушы ретінде аудандық және облыстық байқауларға қатысып, «Алатау», «Адай» күйлерін орындағаны үшін I және II дәрежелі дипломдармен, бағалы сыйлықтармен марапатталған.
Алғашқы өлеңдері 1962–1964 жылдары мектептегі жас таланттарға арналған «Шұғыла» қолжазба журналында (редакторы Қ. Оразалин) жарық көрген.
1965–1968 жылдары аудандық «Еңбек туы» газетінде (редакторы Ф. Ибрагимов) өлеңдері тұрақты жарияланып тұрған.
«Бетбұрыс» атты бір көріністі интермедиясы ауылдық және аудандық сахналарда қойылған. Шығармалары Семей облыстық «Семей таңы», республикалық «Лениншіл жас» газеттеріне де жолданған.
Ән шығармашылығымен де айналысқан. «Айтшы, жаным», «Еске ал мені», «Ұмыттың ба?», «Сағыныш» әндерінің сөзі мен әуенін өзі жазған.
Сондай-ақ М. Нұржақыповтың «Кім кінәлі», М. Ысқақовтың «Ақсуатым», «Жәнтікей» әндеріне сөз жазған. Ұлы Абайдың «Өлсем, орным қара жер сыз болмай ма?» өлеңіне ән шығарған.
Есімі «Тарбағатай – 80» танымдық энциклопедиясына енген. 2007 жылы жарық көрген «Тарбағатай әуендері» таңдамалы жинағында «Кім кінәлі» өлеңі жарияланған.
«Барқытбел», «Киелі Көкпекті» журналдарында, «Тарбағатай», «Ертіс өңірі» газеттерінде танымдық және проблемалық мақалалары бірнеше рет жарық көрген.
Ақсуаттың Шәмшісі атанған сазгер Советжан Түсіпов туралы «Советжанның саз әлемі» атты деректі шығармасы 2021 жылы «Тарихқа толы Тарбағатай» альманахының алтыншы томында жарияланған.
Жарық көрген кітаптары:
-
2007 жыл – «Жүрек жылуы» өлеңдер жинағы.
-
2017 жыл – «Жан дауасы» естелік кітабы.
-
2023 жыл – «Ырғызбай баба және қазақ күресі».
-
2024 жыл – «Жәнтікей жақұттары», «Ұшырдың баптап ұядан», «Шүрек батыр».
-
2025 жыл – «Бір бәйтерек бір шынар» естелік кітабы.
Марапаттары мен қоғамдық қызметі
Жамбыл Жұманбай ұзақ жылғы еңбегі, шығармашылық және қоғамдық қызметі, өлке тарихын зерттеу мен ұлттық рухани мұраны насихаттауға қосқан үлесі үшін бірқатар марапаттарға ие болған.
2014 жылы «Еңбек ардагері» медалімен марапатталып, «Тарбағатай ауданының құрметті азаматы» атағына ие болған.
2015 жылы «Самбо күресінің құрметті ардагері» төсбелгісімен марапатталған.
2021 жылы Қабанбай батыр халықаралық қорының «Хан батыр Қабанбай» төсбелгісін алған.
2022 жылы «Тарбағатай ауданы мәслихатына 25 жыл» мерекелік төсбелгісімен, сондай-ақ Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының «Тіл қайраткері» жоғары дәрежелі орденімен марапатталған.
2022 жылғы 15 желтоқсанда халықаралық «Хан батыр Қабанбай Дарабоз» орденіне ие болған.
2023 жылғы 29 сәуірде «Наймандар» кітабының шежірелік деректерін құрастыруға, толықтыруға және тұсаукесерін ұйымдастыруға қатысқан. Осы еңбегіне байланысты «Ахли-Байд» ЖШС және «Шығыс және халықтық емшілік қайырымдылық академиясы» жеке қоры тарапынан «Хан батыр Қабанбай» орденімен марапатталған.
2023 жылы Ақсуат аудандық мәдениет және спорт бөлімінің ұсынуымен есімі «Қазақстанның Алтын кітабына» енгізіліп, «Алтын төсбелгі» иегері атанған.
2023 жылғы 30 маусымда «Әулие Ырғызбай Досқанаұлы атындағы мәдени-спорттық фестивальге 10 жыл» мерекелік медалімен марапатталған.
2023 жылдан Әлем халықтары жазушылар одағының мүшесі.
2025 жылы ASSYLTAS қорының «Тарбағатай тарланы» төсбелгісімен марапатталған.
Жас ұрпаққа патриоттық тәрбие беруге және Отан тарихын зерделеуге қосқан үлесі үшін ҚР Батырлар институтының ұсынуымен «Бабалар рухына тағзым» және «Бостан батыр» төсбелгілеріне ие болған.
2026 жылғы 25 маусымда Қазақстан Жазушылар одағының мүшелігіне қабылданған.
ЖасыруЖағалбай деген ел болар,Жағалтай деген көл болар,Жағалтайдың жағасыЖасыл да байтақ ну болар. Ақтамб...