Жағалбайлы жотасы – тарихтың куәсі

Фотосурет автордан. Күйші Шәміл Әбілтай пен автор

ТАРИХ
111

Жағалбай деген ел болар,
Жағалтай деген көл болар,
Жағалтайдың жағасы
Жасыл да байтақ ну болар.

Ақтамберді Сарыұлы.

«Ай, заман-ай». «Бес ғасыр жырлайды». 58-бет.

Тарбағатайдың тау-тасы мен сай-саласына зер сала қараған адам бұл өлкенің әр қырқасы мен жотасында көне тарихтың табы жатқанын аңғарады. Кей жерде ол – ескі қорым, кей жерде – тасқа қашалған таңба, енді бір тұста ғасырлар өтсе де өзгермей жеткен жер атауы болып алдыңнан шығады. Сол атаулардың астарына үңілген сайын, осы даланың үстінен өткен қилы заман, ел тағдыры сынға түскен алмағайып кезеңдер қайта тірілгендей болады.

Тарбағатай жерін жоңғар басқыншыларынан азат ету жолында талай қанды шайқас өткені тарихтан белгілі. «Шаған шайқасы», «Шорға», «Қалбатау» ұрыстарынан кейін соғыс қимылдары «Базар-Баспан», «Майлы шат», «Бөгенбай шат» секілді жерлерге ауысып, одан әрі Аягөз бен Үржар өңіріне қарай ойысады. Ұзаққа созылған бұл арпалыс ақырында жоңғарлардың шығысқа қарай ығыстырылып, тарихи сахнадан кетуімен аяқталды.

Сол қанды жорықтардың ізі қалған өңірдің қақ ортасында, Ақсуат жерінде Жағалбайлы жотасы жатыр.

Қазақ пен жоңғар арасындағы ғасырларға созылған текетірестің бетбұрыс кезеңін тарихшылар Ұлытаудағы Бұланты-Білеуті өзендері бойында өткен әйгілі шайқаспен байланыстырады. Одан кейінгі шешуші ұрыстардың бірі – Аңырақай шайқасы. Осы жеңістер қазақ қолының рухын көтеріп, азаттық күрестің жаңа кезеңіне жол ашты. Ұлытау мен Сарыарқадан басталған жорық бағыты бірте-бірте Шыңғыстау, Тарбағатай, Алтайға қарай жалғасты.

Бұл соғыстың тарихына тереңірек үңілген сайын бір нәрсе анық байқалады: жоңғарға қарсы күрес бір рудың немесе бір ғана жүздің соғысы болған жоқ. Ел мен жердің тағдыры сынға түскенде Үш жүздің азаматтары ортақ жауға қарсы бір тудың астына жиналды. Бүгін көне қорымдардан кездесетін сан алуан ру таңбалары сол ұлы бірліктің үнсіз куәсіндей.

Сол ортақ қолдың ішінде Жағалбайлы сарбаздарының да болғанын тарихи-танымдық және шежірелік деректер аңғартады. Жоңғарға қарсы азаттық күресте аты аталатын ірі тұлғалардың бірі – Тайлақ батыр. Баянғали Құлтаевтың «Қазақстан тарихы» порталында жарияланған «Тайлақ батыр» атты мақаласында ол Кіші жүз сарбаздарының қолбасшысы, ел азаттығы жолында қол бастаған белгілі батырлардың бірі ретінде сипатталады. Ал Қуанышбай Ормановтың 2020 жылғы 18 мамырда «Әдебиет порталында» жарық көрген «Қазақтың бас батырларының бірі – Тайлақ батыр» атты мақаласында Тайлақтың Әбілқайыр ханмен үзеңгілес жүріп, 1726 жылға дейін Жағалбайлы қолын басқарғаны, кейін Бұланты-Білеуті мен Аңырақай шайқастарына дейінгі жорықтарға қатысқаны баяндалады. Сол мақалада ауызша тарихи деректерге сүйене отырып, Әбілқайыр ханның тапсырмасымен Тайлақ бастаған қазақ жасақтарының жоңғарларды Ертістің арғы бетіне дейін қуғаны жөнінде де айтылады. Кейін Тайлақ бастаған Кіші жүз қолының бір бөлігі Тарбағатай маңында қалып, олардың отырған жерін жергілікті жұрт «Жағалбайлы жотасы» деп атаған деген шежірелік нұсқа келтіріледі. Әрине, бұл әңгіменің нақты тарихи хронологиясын архивтік деректермен салыстыра зерттеу – алдағы уақыттың міндеті. Бірақ оның Жағалбайлы жотасының атауына қатысты ел ішінде сақталған өзге нұсқалармен бір арнада тоғысатыны назар аудармай қоймайды.

Жағалбайлы тарихының тағы бір тарауы Жағалбайлы Сары батырдың тағдырымен сабақтасады. Шежірелік желіде оның тегі Жағалбайлы – Малатау – Тілеуберлі – Әлменбет – Сары (Толыбай-Сары) болып таратылады. Ел ішінде сақталған әңгімелерге қарағанда, Сары батыр жоңғарға қарсы шайқастардың бірінде ерлік көрсетіп, ауыр жараланады. Жарақаты жорықты жалғастыруға мұрша бермеген батырды Керейдің Шеруші елі қамқорлығына алады. Ел қорғап жүріп жараланған ердің жарасын таңып, бағып-күтіп, қолдан келген емін жасайды. Жалғыздық көрмесін, жанында сүйенер жары болсын деген ниетпен оны үйлендіріп, шаңырақ көтеруіне ұйытқы болады. Алайда шайқаста алған ауыр жарақаты толық жазылмайды. Атақонысын аңсаған Сары батыр елге қайтуды ойлағанымен, денсаулығы алыс жолға шығуға мүмкіндік бермейді. Ақыры жарақаты асқынып, дүниеден өтеді. Артында жары мен бесіктен белі шықпаған ұлы қалады. Батыр дүниеден өткеннен кейін көп ұзамай аласапыран басталып, сол өңірдегі ел түп қопарыла Өр Алтай асып көшеді. Жесір қалған ана да кішкентай ұлын бауырына басып, осы көшке ілеседі. Кезінде Сары батырдың жарасын таңып, шаңырақ көтеруіне ұйытқы болған елмен ендігі жерде оның жары мен баласының да тағдыры сабақтасады. «Жас өсіп, жарлы байыр» дегендей, көшке ілескен сол бала ержетіп, одан ұрпақ тарайды. Әке атын да, ру атын да ұмытпаған әулет өзін Жағалбайлы деп танып өседі. Кейін Сарыдан тараған ұрпақ Алтай мен Қобда өңіріне орнығып, өсіп-өніп, бір қауым елге айналады. Бүгінгі Моңғолиядағы Жағалбайлылардың бір үлкен тармағы өз шежіресін осы Сары батырдан таратады. Бұл тарихи-шежірелік желі Жүкей Шәңкішбайұлының «Altyn Qala» газетінің 2025 жылғы 12 тамыздағы №28-1 санында жарияланған «Моңғолиядағы Жағалбайлылар» атты мақаласында да баяндалған. Осы тұрғыдан қарағанда, Жағалбайлы тарихының бір сілемі Ұлытау мен Тарбағатайдағы азаттық жорықтарымен сабақтасса, енді бір ұшы Алтай асып, Қобдаға дейін созылып жатыр. Сол аралықта бір батырдың тағдыры тұтас бір әулеттің тарихына ұласқан. 

«Батыр бабалар жолымен» атты тарихи-танымдық экспедицияның ұйымдастырылып келе жатқанына биыл тоғыз жыл толды. Мен бұл экспедицияға 2021 жылдан бері үзбей қатысып келемін. «Бұланты–Білеуті» мемориалының меңгерушісі Медеу Қайрақтыұлы Бейсеновтің шақыруымен Ұлытау өңіріне бірнеше мәрте жолым түсті. Биыл «Батыр бабалар жолымен» экспедициясының құрамында 1-7 маусым аралығында Ұлытау жеріндегі «Бұланты-Білеуті шайқасы – 1727» тарихи-танымдық сапарына, ал 1–7 шілде аралығында «Абыралы, Шыңғыстау, Шұбартау» экспедициясына қатыстым. Алдыңғы экспедицияларда көрген қорымдардың бәрін тізбелеп жатпай-ақ, осы екі сапарда ерекше көңіл аудартқан жайттарға тоқталғым келеді.

Ел ішінде «Қалмақ қырылған» деген атпен белгілі орындардағы қазақ қосындары жатқан қорымдардың бәрінен дерлік Үш жүз құрамындағы әртүрлі қазақ руларының таңбаларын кездестірдік. Таста қалған сол белгілердің өзінен-ақ қазақ хандығының ел болып қалуына себеп болған береке-бірлік пен ынтымақтың ізін көруге болады.

Ғасырлар бойы жел мен жауынға шыдап, күнге күйіп жатқан қара тастардың бетінде әр рудың таңбасы қатар тұруының өзі көп жайды аңғартады. Ол заманда жауға қарсы аттанған адам алдымен өзінің руын емес, елдің тұтастығын ойлағанын осындай үнсіз белгілер де дәлелдейтіндей.

Экспедиция құрамына Үш жүздің азаматтарының іріктеліп қатысуында да үлкен мән бар. Бұл – экспедиция жетекшісі, ЕҰУ профессоры, тарихшы Қанат Әлібекұлы Еңсеновтің тереңнен ойластырған ұйымдастыру шараларының бірі. Ұрпақ сабақтастығы үзілмесін деген мақсатпен әр сапарға екі студенттен қатыстырылып, олардың тарихи орындарды өз көздерімен көруіне, далалық зерттеудің тәжірибесін жинауына мүмкіндік жасалып келеді. Қорымдарды аралаған кезде экспедиция мүшелерінің әрқайсысы тас бетінен өз руының таңбасын іздейді. Таныс таңба көрсе, суретке түсіреді, қасына тұрып өзі де естелікке фотоға түсіп, қуанышын өзгелермен бөліседі. Сырт көзге бұл қарапайым нәрсе болып көрінуі мүмкін. Бірақ бірнеше ғасыр бұрын баба қолымен тасқа қашалған таңбаны бүгін оның ұрпағының танып тұрған сәтінде өткен заман мен қазіргі күннің арасы кенет жақындай түседі. Сол сәтте тас та тіл қататындай, тарихтың өзі алдыңда тұрғандай әсер аласың. Міне, осы тарихи орындардың бәрі «Жағалбайлы жотасының» да ортақ тарихын тереңірек түсінуге мүмкіндік беретін деректер.

Ұлытау сапарының соңғы күні – 7 маусымда «Қалмақ қырылған» қорымына келдік. Сол бір қанды шайқастың үнсіз куәсіндей, жауды қырған бабалардың өздері де шейіт болып, осы жерде мәңгілікке дамылдап жатыр. Медеу Қайрақтыұлы осы өлкеге орнатылған жеті тастың алғашқысы тұрған жерді көрсетті. Топырағы қызғылт тартады. Қараған адамға бір сәт аққан қанды елестетеді. Қарғалы, Сөре және Жоса өзендерінің жағасы – алғашқы айқастар өткен жерлердің бірі. Үлкен қорымда Үш жүздің де белгілері бар. Осындай жерде «бауырластар моласы» деген сөздің мағынасын басқаша сезінесің. Бауырластар моласы деген осы шығар. Ұлытаудан басталған ұлт жеңісінің жолы мені «Жағалбайлы» жотасының тарихына одан әрі үңіліп, ізденуге жетеледі. Одан кейінгі экспедицияда Қоңыр әулие үңгірінің айналасын қоршаған «Шаған шайқасы» батырларының қорымдарын, Бақанас өзені бойындағы «Көпбейіт» қорымдарын араладық. Абай ауданы жерінде де мұндай көне орындар аз емес.

Гүлзат Сәлемқызы Тәңірберген «Ұлылар мекеніндегі тарихи жерлер» атты еңбегінде: «Тау баурайындағы жазық төбелердің арасында төбешіктің бас жағында түрлі белгі-таңбалармен көмкерілген бірнеше рудың өкілдері жерленген қорымдар бар», – деп жазады. Гүлзат Сәлемқызы Тәңірберген. «Ұлылар мекеніндегі тарихи жерлер». 30-бет. 

Ашық аспан астында ғасырлар бойы жатқан бұл қорымдардың тастарын қына басып, таңбалары да жыл өткен сайын көмескі тартып барады. Соған қарамастан Ұлы, Орта және Кіші жүзге тән белгілер әлі де анық байқалады. Оның ішінде Шанышқылы мен Сіргелі руларының таңбаларын да көрдік. Көлемі жағынан кейбір қорымдар біз бұған дейін көрген тарихи орындардан әлдеқайда ауқымды. Әр төбеде жиыны екі жүзден астам сардар жатыр-ау деген ой келеді.

Сондай кезде Үмбетай жыраудың:

Ақшәуліге қос тігіп,
Ауыр қол жинап алғызып,
Қалмаққа ойран салғызып,
Қабанбай мен Бөгенбай
Үржар, Еміл асырдың, – деген жыр жолдары ойға оралады.

Жыраудың осы сөздері далада жүріп оқығанда мүлде басқаша естіледі. Ақшәулі, Үржар, Еміл деген атаулар көз алдыңда жатқанда, бұл жолдардың ар жағынан нақты жер, нақты жорық, нақты адам тағдыры көрінгендей болады. Жағалбайлы жотасы да сол жеңіске бастаған жорық жолдарының бойында жатқан қасиетті, құт мекеннің бірі. «Жағалбайлы» атауына қатысты Тарбағатай өңірінде ертеден айтылып келе жатқан тарихи әңгіменің бір нұсқасы да осы азаттық күреспен байланысты. Ел аузындағы әңгімеге қарағанда, Тарбағатай өлкесін жаудан тазарту үшін Қаракерей Қабанбай батыр жан-жаққа жаушы шаптырып, қол жинаған кезде Кіші жүздің Табын руынан шыққан, гүрзісін білегіне ілген Бөкенбай батыр Жағалбайлы қолын бастап келген. Соғыстың бірінде Бөкенбай батыр аңдаусызда мерт болады. Оның соңынан ерген Жағалбайлы қолының да біразы сол шайқаста қаза табады. Жау Тарбағатайдан әрі қуылып, шайқас аяқталғаннан кейін Қабанбай батыр: – Алыстан ат терлетіп, Жағалбайлы қолын бастап келіп, ерлікпен мерт болған Бөкенбай батырды еске қалдыру үшін анау көрінген тауды Жағалбайлы деп атайық, – деген екен. Бұл әңгіме «Тарбағатай» анықтамалық энциклопедиясының 80 жылдығына арналған басылымның 48-бетінде келтірілген. Абай облысы, Ақсуат ауданы, Қызылкесік ауылына барар жолдағы сол асу мен жота содан бері «Жағалбайлы» деп аталып келеді. Картада да осы атау жазулы тұр. Жер атауының бірнеше ғасыр бойы өзгермей жетуінің өзі ойландырады. Өйткені кейде халық жадында қалған топоним жазба деректен де ұзақ өмір сүреді. Осы тұрғыдан қарағанда, «Жағалбайлы» атауы бұл өңірге алыстан ат терлетіп келген Кіші жүз қосындарының, соның ішінде Жағалбайлы сарбаздарының құрметіне қойылған деуге негіз бар. Жағалбайлы – қазақ халқының Кіші жүз құрамындағы Жетіру бірлестігіне кіретін ірі рулардың бірі. Ашық дереккөздердегі анықтамалық мәліметтерде де осы дерек көрсетіледі. Бұл атау қазақ халқының көркем жадында да жақсы сақталған. «Қыз Жібек» жырындағы Төлеген – Жағалбайлы елінің перзенті. Жыр желісімен түсірілген әйгілі «Қыз Жібек» киносы арқылы да Жағалбайлы атауы қазақтың бірнеше буынына кеңінен таныс болды. Осы тұста жоғарыда сөз болған Тайлақ батырға қатысты шежірелік дерекке қайта оралмасқа болмайды. Қуанышбай Орманов келтірген ауызша тарихи нұсқада Тайлақ бастаған қазақ жасақтарының жоңғарларды Ертістің арғы бетіне дейін қуып, кейін Кіші жүз қолының бір бөлігі Тарбағатай өңірінде қалғаны айтылады. Сол жасақ қоныстанған жерді жергілікті жұрт «Жағалбайлы жотасы» деп атап кеткен деген дерек бар. Сонда бір ғана жер атауына қатысты бізге үш тарихи желі жетіп отыр. Бірі – Жағалбайлы жотасының атауын Бөкенбай батыр бастап келген қолмен байланыстыратын жергілікті әңгіме. Екіншісі – Тайлақ батыр бастаған Жағалбайлы сарбаздарының Тарбағатайдағы жорық жолына қатысты шежірелік нұсқа. Үшіншісі – Сары батырдың тағдырымен сабақтасады Үш әңгіменің баяндалуында айырмашылық бар. Бірақ түйісетін жері біреу: үшеуі де «Жағалбайлы» атауын жоңғарға қарсы азаттық күрес жылдарында Жағалбайлы сарбаздарының осы өңірге келуімен байланыстырады. Бұл мәселенің нақты тарихи хронологиясын анықтау үшін жазба деректерді, архив құжаттарын, көне карталарды, жергілікті шежірелерді өзара салыстырып зерттеу қажет. Дегенмен ел жадында сақталған әңгіме мен ғасырлар бойы өзгермеген жер атауының қатар келуі бұл тақырыпты назардан тыс қалдырмауға негіз береді.

Жағалбайлы жотасының тарихындағы келесі бір қызықты желі Қаракерей Қабанбай батырдың атақты Қубас тұлпарына байланысты. Қабанбай батыр туралы жазылған дастандарда, кітаптарда Қубас аттың тарихы әртүрлі баяндалады. Сондықтан осы тарихи оқиғалар өткен елдің ішінде туып-өсіп, жергілікті шежірені жастайынан құлағына сіңіріп, кейін қағазға түсірген Қарпық Егізбай ағамыздың жазбасына жүгінгенді жөн көрдім.

Ол «Тағдыр» кітабында былай деп жазады:

«Бұл тақырыптағы әңгіме Ақсуат өңірінде, оның ішінде бидің өз ұрпақтары мекендеп отырған би Боранбайдың өз есіміндегі ауыл жұртшылығы арасында бұрыннан бар. Тұлпарды берген байдың есімі де белгілі. Ол – Боранбайға үш атадан барып қосылатын ағайынды Қонысұлы Тоқтағұл бай. Нақтылап айтсақ, Боранбайдың үшінші атасы Ажығұл мен Тоқтағұлдың үлкен әкесі Назар бір туысады. Тоқтағұл сол кезде бүкіл Наймандағы ең ірі бай болса керек. Жылқысын басқа ұрып санауға келмейтін болған соң, бір үлкен сайды өлшем ғып, сол сай толса, түгел деп есептейді екен... Ақыры би Боранбайдың сөзін екі етпей, 6 жыл жүген-құрық тимеген Қубасты Қабекеңе лайық деп тауыпты. Алты жасында Тоқтағұлдан алған Қубас тұлпар нелер ауыр жеңісті жорықтар мен қанды шайқастарда, жан алып, жан беріскен жекпе-жекте 32 жыл үздіксіз ұлы қолбасшы бабамыздың жауынгер серігі болған екен... Қабекең қайтыс болған соң, кәрілікке жасы жеткен тұлпарды Қабекең өз туыстарының айтуымен Бибабам аманатқа алады». Қарпық Егізбай. «Тағдыр». 24-бет. Мұндағы «Бибабам» – би Боранбайды халық арасында атаған құрметті есім. Сондықтан «Бибабам» деген сөзді автордың би Боранбайды өзіне меншіктеп айтуы деп түсінбеу керек. Әңгіменің жалғасы Жағалбайлы жотасына келіп тіреледі. Бір жылы күзде Жағалбайлы тауының шығыс жағындағы жазықтан Доланқараға қарай қалың жылқы айдап келе жатқанда, әбден қартайған Қубас тұлпар орнынан тұра алмай жатып қалады. Жылқышылар бұл хабарды Бибабамға жеткізеді. Сонда ол: – Аруақты ердің тақымында ұзақ жыл серігі болған қасиетті тұлпар ғой. Қалың жылқыны «Қабанбайлап» ұран салып қуып, үстінен айдаңдар. Айғайға елігіп тұрып кетер, – деген екен. Жылқышылар бидің айтқанын істейді. «Қабанбай!» деп ұран салып, қалың жылқыны үстінен дүркіретіп айдап өткенде, кәрі тұлпар кенет ұшып тұрып, үйірге ілесе жөнеледі. Бірақ ұзай алмайды. Жағалбайлының асуына көтеріле бергенде қайта жатып, сол жерде жан тапсырады. Тұлпардың басын ақ жібекке орап, тасқа шығарып қойған соң Бибабам:

Қубас бастауы және Қубас тұлпарға орнатылған ескерткіш

– Бұл асу енді Қубас деп аталатын болсын, – деген екен. Қубас асуы Қызылкесіктен шығысқа қарай 7–8 шақырым жерде орналасқан. Бұл әңгіме Қарпық Егізбайдың «Тағылым» кітабының 48-бетінде келтірілген.

Осы оқиғаға үңілген сайын, бір жота мен бір асудың бойында қаншама заманның ізі қабаттасып жатқанын сезінесің. Жағалбайлы атауы – жаугершілік заманнан қалған белгі болса, Қубас асуы – Қабанбай батырдың талай жорықта серігі болған атақты тұлпардың атын бүгінге жеткізген ескерткіш іспетті.

Жағалбайлы жотасына жолы түскен күйші Шәміл Әбілтай – Кіші жүздің Он екі ата Байұлы ішіндегі Қараман Тана руынан. Оның Жағалбайлы аты қалған жерге келіп, Қабанбай батырдың Қубас тұлпарына күй арнауының өзінде біз толық аңғарып болмаған бір тылсым сабақтастық жатқандай. Шәміл құрдасым Қабанбай батыр бабамыздың атақты тұлпарына арнап «Қубас тұлпар» күйін шығарды.

Рухани бірлік пен тарихи сабақтастық деген осы болса керек. Шәміл мұнымен шектелген жоқ. Ақсуатқа арнайы сапармен келіп, «Асыл бесік – Ақсуат» фестивалі атанған дүбірлі тойда «Қубас тұлпар» күйін ел алдында орындап берді. Киелі күй өнері Шәмілге Құрманғазыдан жалғасқан дәстүрлі мектеп арқылы жеткен. Ол сол өнерді ту етіп ұстап, өмірлік мұратына айналдыра білді. Бұған дәлел ретінде «Ақиқат» журналының 2025 жылғы наурыздағы №3 санында жарияланған осы жолдар авторының «Тарихи сананы жаңғыртар үш күй» атты монографиялық мақаласын айтуға болады. Онда Шәмілдің Абай облысына сапары барысында туған «Қубас тұлпар», «Әулие Ырғызбай», «Қазақ күресі» күйлері туралы жазылған. Бұл шығармаларды Абай облысының рухани қазынасына қосылған елеулі үлес деп бағалауға негіз бар. Ақсуат ауданының әкімі Ерсін Ескендіров те жас та болса бас, өнердің қадірін білетін азамат. Ол «Қубас тұлпар» күйінің ел ішінде кеңінен насихатталуына қолдау білдірді. 2025 жылғы 25 қазанда, Республика күні, Ақсуат аудандық Мәдениет үйінде «Қубас тұлпар» күйі алғаш рет оркестрдің орындауында жұртшылыққа ұсынылды. Күйдің осылайша үлкен сахнаға шығуына аудан әкімі де тікелей ықпал етті.

Бұл хабарды естігенде Шәміл:

– «Қубас тұлпардың» туған жері Ақсуатта оркестрмен «Қубас тұлпар» күйінің орындалғаны – ең үлкен мәртебе, жақсылыққа жоралғы бастау, – деп бағалады.

Кейін «Қубас тұлпар» күйінің Алматыда да орындалып жүргенін қуана жеткізді. Шәмілдің шалғайдағы Ақсуатқа арнайы келіп, ел тарихынан күй шығарып, жергілікті руханиятқа қосқан үлесін Абай облысы көлемінде ғана емес, республика деңгейінде насихаттау керек деп ойлаймын. Шәміл жүрген жерін күй шашуға толтырып жүрген Ақжолтай күйші. Оның ерекшелігі де осында: қай өңірге барса да, сол жердің тарихына құлақ түріп, көмескі әңгімені күй тіліне айналдырып әкетеді.

Күй өнерін дамытушы Мұрат Әбеуғазы да:

– Шәміл ағамыздың бұл тақырыпқа күй шығарып, оны күй тілімен сөйлетуі – үлкен шеберлік пен терең рухтың көрінісі, – деп атап көрсетті.

Шет жайлап, қиыр қонған Ақсуат жеріндегі Жағалбайлы жотасы – қазақ елінің бірлігіне куә болған тарихи мекен. Құс қанаты талатын, құла дүз сайын даланы бізге мұра етіп қалдырған бабаларға деген ризашылық пен алғысымыз шексіз. Қубас тұлпарға күйден ескерткіш тұрғызып, сол тұлпардың тарихын домбыра тілімен қайта тірілту – кез келген күйшінің қолынан келе бермейтін дүние. Шәмілдей шынайы күйші ғана күйдің тылсымын шыңыраудан шыңға шығара алады деп тамсанасың. Шәмілдің кереметі де сол – ол ел тарихын күймен түгендеп, күймен түйіндейді.

Ұланғайыр Ұлы даланы Қабанбай рухы әлі де қорғап тұрғандай. Қорғай да берер. Шәмілдің шығарған күйлері – тақырыбы ой салатын, мазмұны мен әуені өзара жарасқан туындылар. Ақсуаттан Мақаншыға барар жолда Шәміл «Қубас тұлпар» күйін Жағалбайлы жотасындағы Қубас бастауына арнайы тоқтап орындаған екен. Ары-бері өткен жолаушылар таңырқап аялдап, күй тыңдаған. Күйшімен бірге суретке де түскен. Кіші жүздің Он екі ата Байұлының Қараман Танасынан тарайтын Шәмілдің Жағалбайлы жотасына шығып, халық аңызындағы Қубас тұлпардың мәңгілік дамылдаған жерінде күй тартуының өзінде біз аңғарып, толық түсініп болмаған бір тылсым сыр жатқандай.

Бір кезде осы далада Қубастың тұяғы дүбірлеген. Арада ғасырлар өткенде сол далада енді Қубасқа арналған күй төгіліп тұр. Өткен заман мен бүгінгі күн осылайша бір сәтке табысқандай. Қубас бастауына Асқар Жакулиндер барельеф түріндегі тұлпар бейнесін орнатқан. Бұл да – тарихи жадты сақтаудың бір көрінісі.

Жағалбайлы жотасының тарихына тереңірек үңілген сайын, бір ғана жер атауының ар жағынан бірнеше дәуірдің ізі көрінеді. Бұланты-Білеутіден басталған азаттық жорығы бар. Тайлақ батыр бастаған Жағалбайлы сарбаздары туралы шежірелік дерек бар. Сары батырдың тағдыры арқылы Алтай мен Қобдаға дейін жалғасқан ұрпақ жолы бар. Бөкенбай батыр бастап келген Жағалбайлы қолына байланысты Ақсуат өңірінде сақталған тарихи әңгіме бар. Қабанбай батыр мен Қубас тұлпарға қатысты көне хикая бар. Ал бүгін сол тарихтың бір үзігін күй тілімен қайта сөйлетіп жүрген Шәміл Әбілтайдың өнері тағы бар. Бұлардың әрқайсысын жеке қарасаң, әр дәуірде болған, бір-бірінен алыс жатқан оқиғалар тәрізді. Ал бәрін осы даланың үстіне әкеліп қойғанда, бір-біріне жалғасып жатқан тұтас шежіреге айналады. Өйткені халықтың жады тек кітап бетінде ғана сақталмайды.

Ол кейде ат тұяғы тиген көне жолда қалады. Кейде қорым басындағы қара таста жатады. Кейде тасқа қашалған таңбаға айналады. Кейде атадан балаға жеткен әңгімеде өмір сүреді. Кейде тұлпар жан тапсырған асудың атында сақталады. Кейде күй болып қайта оралады. Жағалбайлы жотасы – сондай мекен.

Бұл даладан кезінде елінің шетін жауға бермеу үшін атқа қонған талай сарбаз өтті. Үш жүздің азаматтары бір тудың астына жиналып, ортақ жер үшін шайқасты. Бірі сол жолда шейіт болды. Бірі елге оралды. Бірі жат жерде қалып, сонда ұрпақ өрбітті.

Сондықтан Жағалбайлы жотасын бір ғана рудың тарихымен шектеп қою дұрыс болмас еді. Ол – қазақтың жоңғарға қарсы ортақ азаттық күресінің ізі қалған тарихи кеңістіктің бір бөлігі. Жағалбайлы атауының нақты қай оқиғадан кейін орныққанын анықтау үшін әлі де архивтік құжаттарды, жазба деректерді, көне карталарды, жергілікті шежірелер мен қорымдардағы таңбаларды салыстыра зерттеу қажет.

Бірақ бір нәрсе анық: бұл атау осы далаға кездейсоқ келіп қонған сөз емес. Оның ар жағында жорық бар. Елдің жады бар. Ұрпақтан ұрпаққа жалғасқан әңгіме бар. Құс қанаты талатын осынау ұланғайыр даланы бізге аманат еткен бабаларға құрмет те ең алдымен сол ізді жоғалтпай, кейінгі буынға жеткізуден басталса керек. Тарихтың бір парағы кітапта қалады. Бір парағы – қорымда. Бір парағы – тастағы таңбада. Бір парағы – шежіреде. Бір парағы – күйде. Ал кейбір парағын халық жердің өз атына жазып кетеді.

Жағалбайлы жотасы – сол тарихтың өшпей келе жатқан куәсінің бірі.

Пайдаланылған әдебиеттер

1. Қарпық Егізбаев. «Тағдыр». 2000 жыл.

2. «Қубас тұлпар» күйі. «Қазақ әдебиеті» газеті, №11, 20 наурыз 2026 жыл.

3. «Бес ғасыр жырлайды». 1991 жыл.

4. «Батыр бабалар жолымен». Хантөбе, Бұланты–Білеуті тарихи-танымдық экспедиция сапары туралы жазба. 1–7 маусым 2026 жыл.

5. «Батыр бабалар жолымен» – «Абыралы, Шыңғыстау, Шұбартау» сапары. 1–7 шілде 2026 жыл.

6. Баянғали Құлтаев. «Тайлақ батыр». «Қазақстан тарихы» порталы – E-history.kz. 10 сәуір 2015 жыл.

7. Қуанышбай Орманов. «Қазақтың бас батырларының бірі – Тайлақ батыр». «Әдебиет порталы». 18 мамыр 2020 жыл.

8. Жүкей Шәңкішбайұлы. «Моңғолиядағы Жағалбайлылар». «Altyn Qala» газеті, №28-1, 12 тамыз 2025 жыл.

 

Жамбыл ЖҰМАНБАЙ, шежіреші, өлкетанушы, жазушы. Тарбағатай ауданының құрметті азаматы.

 

Шежіреші, өлкетанушы, жазушы, Тарбағатай ауданының құрметті азаматы.

Жамбыл Бөлеуханұлы Жұманбай 1947 жылғы 1 мамырда Семей облысы, Ақсуат ауданы, Жәнтікей (бұрынғы Ерназар) ауылында дүниеге келген.

Автордың өмірбаянын дербес парақшасынан оқып алуға болады.

 

author

ЖАМБЫЛ БӨЛЕУХАНҰЛЫ ЖҰМАНБАЙ

ЖАЗУШЫ

ЖАҢАЛЫҚТАР

2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанда 3,9 мыңға жуық дәрігерлік штат орны толмаған, деп хабарл...

ЖАҢАЛЫҚТАР

Түркияда Хатидже Ялманның қаза болардан шамамен екі сағат бұрын дүкенде жүрген сәті түсірілген бейне...