«ҚАЗАҚИЯ СИНДРОМЫ» яки «АМАНТАЙДЫҢ АЙТҚАНДАРЫ»

ашық дереккөзден алынған

ЭССЕ
506

(сыни-эссе)

Бұл тақырыптағы Амантай, елдің бәрі таныйтын көшедегі «Аттандап» жүретін Амантай қажы емес.

Кәдімгі қаламгер Амантай, Амантай Тойшыбайұлы. Әлеуметтік желі арқылы оқырман қауымға кең танылып, сол оқырмандарының бірі, Ақтау қаласының тұрғыны өзі мүлде танымайтын Жібек Маштайқызы есімді әдемі келіншек кітабының баспадан шығуына қаржылық көмек көрсеткен яки жолы болған жазушы десек болады.

Өзім де осы аты-жөні ғана таныс азаматтың бір қанша туындыларын «Абай-кз» порталы және «Әдеби порталдан» оқып, өзіндік жазу ұстанымы мен оқшау ойларына назарым ауып жүрген-ді. Жуықта Астана қаласында өткен белгілі түрколог ғалым ағамыз Қаржаубай Сартқожаұлының қырық күндік асында кезігіп, екі кітабын өз қолынан сыйға алған едім.

Бір кітабының атауы «Өмір сүр» деп аталыпты, сөз мағынасы саған өмір сүруді тілегені әрі өмірден түңілме деп құлшындырғаны сияқты. Шұғыл оқып шығуға ниет еттім, өйткені қаншама бас қатырып, оқып-тоқып, жазып-сызып, айтысып-тартысып жүргеніміздің өзі, тоқ етері ӨМІР СҮРУ емес пе?!

Иә, Амантай кітаптағы алған тақырыбына сай, ана-мына артық сөзсіз тіке «ТІРІ ЖҮР! деді ӨМІР маған» деп бастапты. Тірі жүрудің, алғы шарты ретінде «Өмір сүру ғажап қой!» дейді, неге деген көкейге келетін сұраққа «Бұл сенің өмірің ғой, басқа ешкімдікі емес қой!» деп, шегелейді.

Содан адамның бәрі атауының өзін жақсы көретін МАХАББАТ-ты айтып, «Біреу сені жанындай сүйеді ғой!» «Сен де біреуді сүйші!» деп, Абай Хакімнің «Махаббатсыз өмір бос» деген өсиетін өте қарапайым етіп саған ұсынады.

Одан, жанның бәрі тілейтін БАҚЫТ-ты айтып, бақыт деген, махаббатпен жететін бүкіл адамның АРМАНЫ дейді. Ал, ол АРМАН-ға ЖҮРЕК пен АҚЫЛДЫ тең ұстап жетесің, деп баяғыдан бері талай ғұлама жазып кеткен мәңгілік мұраттың өте қысқа формуласын бедерлепті.

Ал, керемет өмір сүрудің қағидасын айтқан екен, енді не, Амантайдың айтқанымен бәрі түсініп, дүние құлпырып кете ме, дейсіз ғой. Иә, бұл қаламгердің айтқанын адамзат ежелден бері айтып келеді, Абай Хакім де, Шәкәрім де, Мәшһүр Жүсіп те айшықтап отырып айтып кеткен, содан болып қазақ қауымынның ақылы кіріп, қазір ғаламат ұлтқа айналды ма, деген сұрқай сұрақ көлеңдемей қоймайтыны заңды.

Шынында, бүкіл адам баласы абзал ақыл-кеңеске зәру, сөйте тұра күнделікті ас-ауқат секілді рухани азықты біз көбінде ұмытып кетеміз. Мына кітапты оқып отырып, әрбір сәтте есте жүруге тиісті көп нәрсені біз ескерусіз қалдырғанымызды байқадым.

Алдыңғы даналар өз заманына сай айтып кеткен сол ақыл-кеңестерді бүгінгі күнге дөп келтіріп айтуды ата-аналар да, қаламгерлер де, педагоктартар да ескермейді екенбіз. Расында, жазушы Амантай ешқандай айтылмаған сөзді Айдан әкеп отырған жоқ, сол бұрынғы рухани құндылықтарды дәл қазіргі қажетіңізге сай етіп өз сөзімен өте қарапайым да қызықты етіп айта білген, бар-жоғы сол ғана! Сондықтан да, оны әлеуметтік желідегі қалың қауымның жабырлай қабылдағаны содан.

Сонымен, кітаптың мәтініндегі әр тақырып әләуләйлап сізді алға жетелей жөнеледі. «ӨМІР ӨЗ ЖЕМІСІН БЕРЕДІ!» дегенді оқығанда күйбең тірліктен көңіліңіз қалып, қу ағашқа қарап отырғандай қалде болсаңыз, осы сөз ілезде көз алдыңызға жеміс толы алма ағашын елестетеді, мәтіндегі мына жақсы лепестен кейін-ақ болдырамын, суарамын, жасаймын, шыдаймын... деп, құлшынып шыға келесіз.

Келесі де «ҚЫСҚА ӨМІРДІ ҰЗАРТУДЫҢ ЖАЛҒЫЗ ЖОЛЫ» дейді, мынандай хабар беріп тұрған мәтінді кім аттап кете алады, әркімнің көкейіндегі ең маңызды мақсаты ғой. Сөйтсек, ол да сонша ақыл жетпестей нәрсе емес екен, қиян-қиыр жолдан үйіңізді сағынып келе жатырсыз, шөлдедіңіз шаршадыңыз, табан тесілген, қарын аш... ауыл әлі алыс, бірақ, өз отбасыңызға жету жолында аянатын не бар, өмір деген осы, қиындығы болғанмен ең қызығы отбасыңа жету емес пе! Әлде, сен әлемде даңқыңды шығару үшін Эверст шыңына шығып бара жатқандай қандай бір биік мақсат жолындасың, ал оған жету қандай ғажап деші!

Енді, осы қияпат сапарда өзіңе сенім беретін, күш-қуат сыйлайтын не бар, дейсің ғой. Амантай үш нәрсені атапты: «Сені үнемі бақылап тұратын үш нәрсе: Бірі ғайыптан бақылайтын Алла Тағала, ішіңнен бақылайтын өз ар-ұжданың, сыртыңнан бақылайтын айналаңдағы әртүрі адамдар». Қазіргі, тілмен айтсақ мұнан асқан мотивация бар ма?!

«Ең ауыр да қиын сапар жалғыз жүру. Дегенмен, бұл сені күшті етіп, шыңдай түседі» дейді. Сөйтіп, өмір атты ұзақ сапарда тек алға жүруге осылайша шақыра береді. Мәтіндегі төрт жол өлең іспеті яки афоризмге ұқсас егіз сөйлемдер мен бірін-бірі құптайтын жұп-жұмыр абзацтар біздің әр қадам, әр күн, жасқа сай әр өмір белесі, қызмет-тұрмысқа сәйкес сан-алуан сұрақтарға сарт еткен жауаптарды бере береді. Бейне, қазақтың киіз үйінің төрінде отырып жөн сілтейтін дана қарияның данышпан ақылы сынды, басыңды иізеп оқи түсесің, мұны бұрын неғып байқамағам дегендей өз ақылыңа өзің де үңіле бастайсың. Осылайша, «Тірі жүр, деді Өмір маған...» деген бөлім, сізді бір өмірді сүріп өткендей алдарқата аяқталады.

«СҮЙЕМІН деп МАХАББАТ МЕНІ ҚҰШАҒЫНА АЛДЫ» деген екінші бөлімде әр кез бізді қинап жүретін сауалдарға оп-оңай шешім айтады. «Әйелді түсінудің қажеті жоқ, оларды шамаңша сүйіспеншілікке бөле, жақсы көр.... Сонда, әйелің көзіңе өте көрікті де ақылды болып көрінеді... Әлгі, түсінбестік деп жүрген нәрсе басқаша болып, әйелдер қауымы тіпті, өзін өзі түсінбейтінін білесің де, өзіңе өзің күлесің...»

Ешқандай құрғақ ақыл айтып тұрған жоқ. «Өмірдің кейбір нәрселерін түсіну емес, сезіну керек екен.... Махаббат та соның бірі». «Ер адамның шынайы күші мен қуаты оның жанында отырған әйелдің күлімсіреуінен көрінеді», «Не болса да нартәуекел үйлен, жақсы әйел жолықса жұлдызың жарқырайды, жаман әйел кездессе жарасып өмір сүруді үйренесің». Міне, осындай сан-тарау қысқа ойлар толқындары осы бөлімде жалғасып, өзіңді де ойшылдыққа шақырып өз басыңнан өткен махаббат хикаясын да нақты бір пайымдап парасаттанып қаласың.

Үшінші бөлім «Кел, деп Бақыт маған жымиды...» деп аталыпты. Бақытқа анықтама берілмейді, тағы да тосын пікір алдыңнан шығады: «Барлық адам Жастық шақты көргенімен, бақыттылар ғана Қарттыққа жетеді...». «Жанашыр адамдарыңмен бөліскенде ғана көбейетін жалғыз нәрсе бар, ол БАҚЫТ». «БАҚЫТ деген мәуелі ағшты өз бақшаңда ғана егіп көктетесің, басқаның бақшасында емес!».

БАҚЫТ ТУРАЛЫ ӘПСАНА «Үш ағайынды шұңқырда жатқан бақытты көреді. Үлкені одан көп ақша сұрап алып, қуанып жайына кетеді, Ортаншысы, сұлу қыз сұрап оған да әп-сәтте қолы жетіп ол да жайраңдап жайына жөнеледі. Кішісі, шұңқырға үңілгенде Бақыт одан не қажет екенін сұрайды. Кішісі болса, Бақыт сенің өзіңе не қажет алдымен соны орындайын, дейді. Сонда, Бақыт мені осы шұңқырдан шығаршы, деп өтініпті де, кішісі Бақытты шұңқырдан шығарып алып, өмір бойы Бақытпен бірге болыпты дейді». Қараңыз, бақыт дегеніміз біреуді бақытты ету екенін қандай әдемі естен кетпестей етіп айтқан, деші!

Төртінші бөлімде «СҮЙКІМДІ БОЛ! деді, ЖҮРЕК маған үлпілдеп» Иә, сүйкімді болған адам, бәріне сүйікті де бола алатыны анық қой, өте ұтымды тақырып. Тағы да дәл тақырыптағыдай, қалай сүйкімді болуды бірден алдыңа тартады. «Жүректегі ең тамаша сенім, ешкімнен ештеңе күтпеу. Бұл сенім саған өз күшіңе сенуге, біреуге міндетсімеуге шақырады» дейді.

Дәл солай, өзін өзі жетілдірген, өзгеге ісімен үлгі болған кім болса да басқаға жағымды, сүйкімді көрінетіні белгілі ғой. «Басқалар өзіңді бағаламай жүрсе, оған қамықпа, өйткені өз бағаңды өзіңнен басқа кім біледі яки біреу сенің бағаңды білмегенен құның түспейтіні белгілі ғой...» Иә, көп адам өзін басқаның бағаламағаны үшін басы ауырып, жүрегі сыздайтыны өз қатесі екенін осылайша тамаша қисынмен түсіндіреді. Жүрегіңізге осы сөздің өзі шипа, өз жүрегіңізді өзіңіз ауыртпаңыз, оны аялаңыз!

Келесі бөлім «ШЕШІМ ЖАСА! деп, АҚЫЛ менің қолымды қысты...» деп, енді жүрек қалауы, көңіл ауанын бағындырған адамның сара ақылға жүгінуі керек екеніне қадам жасайды.

«Сенің басқалар үшін кім екеніңе мән бермеймін. Бірақ, маған кім екеніңді көрсетуің арқылы ғана сені бағалайтынымды біл!» «Кейде, өз қолыңдағы мүмкіндікті әлде-біреуге бере салуың, өзіңе қарсы атылатын оқты күтумен бірдей екенін ұқ!» «Егер, шын ниетің болса, саған құр үміттің түк те қажеті жоқ! Өйткені, ниетің нақты өзіңнің мүмкіндігің, ал үміт болса құр қиял ғана». «Менің ойларыма сөзімен еркіндік сыйлайтын адамдар бар, бірақ әрекетімізді үнсіз тұсайтын адамдар одан да көп». «Саған шын көңіл бөлетін адамдар, сенің үнсіз кезіңде де сені ести алады». «Теріс ойдан барлық жерде теріс мәселелер етек алады, ал дұрыс ойдан кез келген мәселенің шешімі табылады».

Соңғы бөлімде, «ӘРЕКЕТ ЕТ! деп АРМАН маған сыбырлады». Әрине, адамдардың ең биік мақсаты арманында екені анық. Олай болса, тақырыпта айтып тұрғандай, арманның өзі саған әркет етуді тілеп тұр. Яғни, арман деген биік мұратқа жетудің межесі болса, оған жете алудың жалғыз амалы әрекет ете білу екені айдан анық. Бірақ, көп адам құр армандаумен өмірін өткізіп, өлім алдында арманыма жетпедім, деп өкініште қалатыны аз емес.

«Адамның өзін-өзі тануы жетістікке жетудің әрі ойлау қабілетін дамытудың кілті. Ал, өзін-өзі тану деген, өзінің артықшылығын білу, әлсіз жағын тану, жамандық жағыңды байқау, өз көңіл-күйіңінің бабын табу... Осыларды біліп қана қоймай басқарған кезде мақсаттар орындалып, жетістіктер молайып, арман биіктейді. Ал, өзің эмоцияңды тізгіндеген, бір қалыпты мінезді, жаны тыныш адамға айналасың...». «Бола ма, болмай ма, деген күмәнді таста! Тек, болады, деп кіріс, сонда өзіңді де, өзгені де жеңесің!»

Міне, орташа қалыңдықтағы кітаптың қаймағын ғана қалқып көргенде осындай рухани ұстанымдар санаға сәуле түсіреді, былайша айтқанда бұл кітап ақылдасуға, ойласуға, пікірлесуге шақыратын ерекшелігі бар құнды еңбек. Бүтіндей оқыған кезіңізде, сіз келіспейтін өзіңіз одан да тәуір білетін жайттар көптеп кезіксе онда да қуаныңыз, өйткені бұл қаламгердің мақсаты да сізді ойлануға итермелеу, ал, мүлде тосын жайлар кезіксе басқадан үйренудің артықшылығын сезіне түсесіз.

Қортынды тарауда: «ӨМІР БАЙ БОЛҒАНДЫҚТАН БІЗГЕ БӘРІН БЕРЕДІ» деп, аяқтапты. Онда, әркім рухани баюы үшін ӨМІР өзі сізге тегін үйретуге дайын деген сөз. Рас, ӨМІР өте жомарт, жайсаң! Жалқаулық пен сараңдық адамдардың өз бойында ғана....

Амантай Тойшыбайұлының екінші кітабы «АЙТЫЛМАҒАН СӨЗДЕР» деп аталыпты. Неге бұлай аталған, деген оймен оны да жедел ақтарып мәнісін іздей бастадым.

Шынында, әлі ешкім айта қоймаған «ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ХАБРИС СИНДРОМЫ» деген тақырып алғашқы бетте алдымнан шықты. Бұл біздің елде отыздан астам жылдан бері үстемдік құрып, қозғалмастай орнығып алған авторитарлық басқарудың диагнозы екен.

Ұлыбританиялық невропатолог Дэвид Оуэн ашқан «Хабрис синдромы» деген рухани дерттің атауы. Биік лауазымның мастығына ұшырап, өзін асқан дана, теңдессіз басқарушы сезінген пенденің синдромы. Ал, оның симптомдары қандай десек, ондайлар ең әуелі өзін мақтайтын, сөзін екі етпейтін жағымпаз мінезділерді маңайына топтастырады. Сөйтіп, шығаратын бүкіл шешімдерін саралап, талқылайтын ең маңызды тетіктен айырылады. Содан болып, қоғамда қателіктер молаяды, әлеуметтік жағдай бұзылады. Енді, мұны жоғарғы басқарушыға әлгі маңайындағы жағымпаздар нақты жеткізбейді, бәрі тамаша болып жатыр, айтқаныңыз түгел іске асуда деп алдарқатады.

Ал, жағымпаздар тобы болса, әспенсіген мансапқорың билігін ұзақ уақыт баянды ету үшін, өздері де жайлы жағдайда бола беру үшін, жалған сайлаулар жүргізудің «хас шеберіне» айналады. Мұндай келеңсіз жағдай асқына келе қоғамдағы көзқарақты адамдар оны ашық сынап қауымға жария ете бастайды. Ондай әділдік сұраған күрескер адамдарды, өңкей жағымпаздардан құралған «өкімет» деп аталатын мафиялық топ күш құрылымдары арқылы қудалайды, ұстайды, соттайды, атады-асады... елде репрессия етек алады.

Қоғамдағы ашық-жасырын қарсылықтан қауіптенген әлгі мафиялық топ өз қауіпсіздіктері үшін күштік құрылымнан берік қорған жасап алады. Ақордасына адамды жолатпай аңдыйды. Осылайша, өз елінен шықса да «өкімет» деп аталған жойқын топ, ел тұрғындарынан ажырайды, елін жау санайды. Бүтін елдің мүддесінен өздерінің жеке мүдделерін үстем қойып, бүкіл елдің тірегі өздері секілді илюзияға ұшырайы.

Міне, бір мансапқордың асқынған «Хабрис синдромымен» өкімет құрамындағы үлкен топ қоса ауыра бастайды. Ақ Ордаға сап-сау барған ел азамттары да «Хабрис синдромына» ұшырағанын өзі де сезбей қалады... Осындай қоғамдық аурумен еуропалықтар қатты ауырып әрең сауыққан, енді біздің Қазақ Елі де осы дерпен сырқаттанған екен ғой, деп уайымдап отырмыз.

Айтылмаған сөздердің келесі тақырыбы тағы бір синдроммен жалғасыпты, оны «ЛИБЕРИЯ СНДРОМЫ» деп атапты. Бұл қоғамдық сырқаттың негізгі белгілері, ел халқының тәуелсіздіктің қадірін білмеуі, өз ана тілін менсінбей отаршының тілінде сөйлеуді мақтан көруі, ел байлығын жұмыла қорғай алмаудан оның игілігінен мақұрым қалуы, осындай әлеуметтік алауыздықтың кесірінен трайбалистік көзқарастың күшейіп біртұтас ұлттық сананың қалыптаспауы, құлдық санасы сауықпаудан өз ұлтының құндылықтарын аяқ асты етуі... ХІХ ғасырың бастапқы ширегінде Солтүстік Америкадан құлдықтан босаған негроидтік тайпалар баяғы ата-мекені Африкаға қайта оралады. Сөйтіп, олар өз жерінде Либерия Республикасын құрып тәуелсіздігін жариялайды. Ең өкініштісі әлгі Америкадан қайтқан репатрианттар жергілікті өз қандастарына шекесінен қарап оларға ағылшынша сөйлеп, оларды жабайы санап момын қалықты қайта құлдыққа салады, мемлекеттік тіл ретінде өз тілдерін тәрк етіп ағылшын тілін таңдайды. Міне, осындай әлеуметтік әділетсіздіктен жеменқорлық етек алып, жұмыссыздық көбейіп соңы ұзақ жыл созылған азаматтық соғысқа әкелді. Жүз мыңдаған қарапайым халық қырылады, ел экономикасы құлдырайды.

Біздің Қазақ Елінде осы синдром бар ма, деген сауалды автор оқырманға қалдырған сияқты. Мен оқырман ретінде, әлгі ана тілін менсінбеушіліктің Либерия Республикасындағы көрінісінің Қазақстанда басқаша екенін байқадым. Бізде шетелден оралған қандастар өз ана тілін бөтен елден мәпелеп әкеліп, оны жанының жартысына балап қорғайды. Тіпті, Қазақ Еліне тек осы тілін сақтау үшін келгенін ашық айтады. Сөйтсе, Қазақ Елінің иесі болған жергілікті қазақтардың қаншасы Қазақ тілін менсінбей шекесінен қарайды екен, әлгі өзін отарлаған Орыс тілінде сөйлеуді мақтан көреді. Дәл осыны «ҚАЗАҚИЯ СИНДРОМЫ» деп, атаса қалай болды, өзі?

Тағы бір синдром «ИВАНОВ СИНДРОМЫ» дегені тіпті, күлкілі. Алпысыншы жылдары Франциядан бір топ модельлер Мәскеуге келеді, капиталистердің қылығына қала халқы ауызын ашып таңғалса керек. Ойында ештеңе жоқ франциялық еркін адамдар мәскеуліктермен бірге суретке түскісі келеді. Бірақ, Коммунизмге қарыштап бара жатқан ізгі адамдар олармен суретке түсуді қаламайды. Содан Иванов деген бір бишара сержантқа модельермен бірге суретке түсуге жоғарыдан бұйық түседі, әлгі соры қайнаған солдат капиталист келіншектерден шошығаны сонша, фотаға көзін тас жұмып түскен екен. Міне, мұндай «Иванов синдромы» Қазақстанда басқаша көріністе екенін, баяғыдағы «Коммунизмге Орыс тілі арқылы жетеміз» деген сенімнен әлі шыға алмаған қазақтар өз Ана Тілі алдына келсе көзін тарс жұма қояды, депті автор.

«МУГАБЕ СИНДРОМЫ» Мұны оқығанда, Қытаймен шекара тиістіріп отырған біз сияқты ел қатты шошып қалуы ықтимал. Қытайдан өте алыста жатқан Африка құрлығындағы дамысы жағынан сол құрлықта екінші орында тұрған Зимбабе еліне сексенінші жылдың басында Роберт Мугабе басшылыққа келеді. Елін толық ұлттық мемлекетке айналдыру әрі тау-кен өндірісі дамыған қуатты ел болдыруды мақсат еткен. Сол үшін тілі, мәдениеті ұқсамайтын алыс жатқан Қытай Елін таңдап сол елдің бүкіл ұстанымын қабылдайды. Орта мектептерінде қытай тілін үйретіп, оның мәдениетін де насихаттайды. Мұндай ақкөңіл серіктес үшін Қытай тау-кен саласына аямай инвестиция салады. Әйтседе, нәтиже басқаша болып шығады, пайданың көбі Қытайға кетіп, Зимбабвенің үкіметінде жемқорлық күшейіп азғана топ байып, халық мүлде кедейленіп, қылмыс өршіп... инфланция өскені сонша Мугабенің 1 триллион ақшасы 1 долларға тең болады. Яғни, Мугабе мырза елін Қытайға сатып жібергенін өзі де білмейтіндей күйге түсіп тоқсаннан асқан жасында жуық жылдары дүниеден өткен екен.

«ҚАЗАҚСТАНДА ҚҰС АУЛАУ» ойыны бар ма?! Бұл да үрейлі тақырып, алыс сапардан шаршап келіп тынығып жатқан (отаршылдықтан жаңа құтылып қуанып жатқан бишара ел десе де болады) құстарды айлакер аңшы түгел қырып алу үшін, әлгі құстардың күзетшісін келіп шошытады, күзетші құс қиқулап хабар бергенде аңшы тым-тырыс жата қалады. Оянған құстар қатер болса жедел ұшып қашуға қамданбақ болып тың-тыңдаса тып-тыныш. Аңшы солайша қанша рет құстардың мазасын алады, соңында ашуланған құстар әлгі «ақымақ» күзетшісін талап, шоқып өлтіріп тастап терең ұйқыға батқанда зымиян аңшы оларды түгел қырып салады. Автор, мұнда еліміздегі ұлшыл, патриот, белсенділерді сол күзетші құсқа теңеп отырған сыңайлы. Аңқау халық осы шын жанашыр, жанкешті азаматтарын ең соңында популистер, даңғаза шуылдақтар деп, қамсыз қалған кезде, жаңа отаршылдар қамсыз қазекеңдерді «тойға айналдырып» қойып өздері «иесіз қалған қойға қол салмай ма!?» деп, ескертіп отырғандай...

«ҚАЗАҚСТАНДА БОКАССАННЫҢ ЕЛЕСІ» кезген еді.... Алпысыншы жылдың басында Африка құрлығында Орталық Африка Республикасы деген атпен Франциядан тәуелсіздік алған ел болды. Осы елдің Ұлттық Армиясының Бас штаб басшысы болған Жан Бэдэль Бокасса ел басшысы Дэвид Дакодан төңкеріс арқылы билікті тартып алады. Оның осыдан кейінгі бірінші шарасы Франция президенті Шарль де Голльді ОАР-дың «әкесі» деп жариялайды. (Шарль де Голль бүған қатты ұялған дейді) Содан кейінгі шара ретінде ел Конституциясын өз мүддесіне сай етіп өзгерте бастайды. Ал, осы елдің Әлеуметтік-революциялық атты жалғыз париясы әлгі Бокассаның тек ел басқару құралы болған екен. Өйткені, осы пария кез келген уақытта сьезд шақырып өзіне қарсы болған министр басқадай басшылықтағы кім болса да жиналыста талқылап бас көтертпей жаншып тастайды. Осындай шарадан кейін оларды қамауға алып, соттап жіберу әдеткі көрініске айналған, одан басқа жұмбақ жағдайда өлген басшылар да аз болмаған. Бокасса босаған үкіметтік орынды түгел өзі алып, елдің негізгі министрлігін қолында ұстайды. Ал әйелі Орталық Барлау Басқармасының басшысы болуы өз қауіпсіздігін сақтағаны екені белгілі еді. Сөйте тұра, Бокасса өзінше көп векторлық саясат ұстанған болып көріну үшін СССР-ге барғанда өзін социалистік ел деп жариялаған. Францияның президенті ауысқанда жаңа басшы Жескар де Эстанға жағу үшін сіздің елдің жолын ұстаймыз, дейді. Мұнайға бай ел Ливияның президенті Кадаффимен жолыққанда өз елінің мұсылман болғанын әйгілеп үкімет мүшелерін түгел сүндетке отырғызған күлкілі-шоуы тағы бар.... Жетпісінші жылдардың ортасынада өзін елдің жалғыз иесі сезінгені сонша «Император» деп жариялап, әлгі жалғыз партиясынан да шығып, мен партиядан да жоғары тұрмын депті... Осындай қаншама «шоу-ойындармен» елін мезі етіп, өзін бағып-қағып отырған Француз президенті Жескардің де төзімі бітіп, ақыры Француз армиясының шетелдік легиондары арқылы ОАР-да саяси өзгеріс жасап, Республикалық статус әкеледі. Бокасса шетелге қашып, соңында тағыда мемлекеттік төңкеріс жасамақ болып еліне оралғанда қолға түсіп, түрмеге жабылады. Міне, орашылдықтан шыққан елдің траго-комедиясы! СССР-дің құрамынан бөлініп ТМД болған елдерде де осындай көріністер аз болмаған секілді, біздің Қазақ Елінде де....

Амантай осындай «синромдардан» кейін яғни диагноз қойғаннан кейін, елді емдеудің жолын қарасырмақ ниетпен болу керек «ҚАЗАҚСТАН ШВЕЙЦАРИЯ СИЯҚТЫ БОЛА АЛА МА?» дейді.

Әрине, орташа сауаты бар адамдардың көбі еуропада сондай бір дамысты ел бар дегенді білетін болғандықтан, бұл тақырыпты құшырлана оқитыны сөзсіз. Мен де өзімше үңілдім. Автор, ә дегеде, бұл Алаш Ардақтыларының алға қойған арманы, депті, олай болса мұны біз жүзеге асыруға борыштымыз, дегенді баса айтқан.

Сосоң, Швейцария елінің даму құпияларын, талдап тізіп шығыпты. Бәрін баяндау мұнда міндет емес болғандықтан, солардың түйіндерін ғана сөз етеміз. Дамысты ел деп, бүкіл азаматтары түгелдей бай-ауқаты болуды айтады. Оның үш құпиясы десек, өндіріс акциялары бүкіл азаматтарға тиесілі, бұл тауар өндірісі мен оның айналымын күшейтеді, өйткені акция иесі болған ел түгел бұған мүделі. Мұндай өндірісте бәрінің жалақысы жоғары болуы заңды. Ал, бұған жетудің алғашқы жолы елде тәуекелдікпен орасан өндірістік өзгеріс жасау алғы шарт екен.

Міне, Швейцариялықтар осы керемет өзгерісті жасай білген. Мұндай жағдайда, ел азаматтары түгелдей осы өндірісті дамытуға жұмылады, күш-жігерін, бүкіл уақытын, білімін соған сарп етеді. Ал, барлық оқу орны да осы өндіріске тікелей қатысты білімді беруге құлшынады. Және, дарынды балалар мен жастар өз өндірісі үшін жан аямай оқып, жаңалықтар ашуға кіріседі. Тек, осы ғаламат қызу қозғалысқа бағыт беріп отырған үкімет мұның бәрін қолдайды, ақша аямайды. Сөйтіп, халық пен үкімет адам денесі тәрізді бүтін жүйеге айналады. Бұл айтылғандар логикаға сыйып тұр ма, әрине соның арқасында Швейцария қоғамдық, әлеуметтік жағдайын шешкен, енді болашақтағы мәселелерге назар аударып тек алға жылжыйды, деген сөз. Автордың осындай құнды пікірлерін оқыған кезде, ТОЙ жасаудан қолы тимей көзі кіртиіп жүрген біздің қазақ халқы мен ЖИНАЛЫС жасаудан жалықпайтын, қызыл сөз сапырған үкімет көз алдыға елестеп, күлеріңді де жыларыңды да білмей қаласың....

Сонымен, «АЙТЫЛМАҒАН СӨЗДЕР» атты кітаптың төрттен бір бөлігіне шолу жасадық, оның өзінде өте жоғарғы синтезбен ғана. Әйтcеде, Амантайдың бүкіл айтқанын теріп шығу мақсат етілмесе де осы кітаптың ең жанды тұсына тоқталдым.

Одан кейінгі, «МЕНІҢ СӨЗІМ» деген екінші бөлімде ел болудың негізі адамдардың ұлттық санасы толысу екеніне үңіліп, «Нағыз адамды жақсы көремін», «Жақсы адамның белгілері», «Сондай бір бақытты адамдар бар», «Бүгін сенің қалған өмірің басталуда» сынды өте қызықты сараптама, мысалдамалар көз тарып, көңілге ұялайды.

Келесі, «ОНЫҢ СӨЗІ» деген бөлімде, әрбір жеке тұлғаның жетілу жолындағы ақыл, көңіл, сезім секілді адам жанының тылсымдары сөз болады. Адамды робот сияқты тек жұмыстың құлы етуге де болмайтыны, адамда заттық қажеттіліктен де биік рухани азықтың да шарт екені.... осының бәрін қызықты мысалдама, әпсана, афоризмдермен автор өрнектей білген.

Мұндай кітаптың неше түрін жазып жатқан қаламгерлер елде аз емес шығар, ең негізі мұнда ҚУАТТЫ ҚАЗАҚ ЕЛІ болсақ дейтін жанашыр ниеттің мен мұндалап тұрғаны қуантты!

АБАЙ МАУҚАРАҰЛЫ

09-10-2024

author

​​Абай Хамза (Абай Мауқарұлы)

ҒАЛЫМ

Шоу-бизнес

Атақты продюсер Баян Мақсатқызы сұхбат барысында өмірінде өткен қиын кезеңдерімен бөлісті, деп хабар...

Жаңалықтар

Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ Ұлттық музыкал...