БасыЖұматай ЖақыпбаевДоңғалақтар...2017 жылы "Дара жол" хабарына түстім. Қызым Айкүн екеум...
Семейді селт еткізген оқиғалар (детектив әңгімелер)
Күнделікті қылмыстық ақпарат қазанының құлағын ұстап отырғандықтан, соларға кей сәт ой көзімен қарап, сезім елегінен өткізгенде бір нәрсеге таң қаласың. Белгілі бір уақыт қылмыс деген қара дию ашық теңіздің адуын, алып толқынындай дес бермей жиілеп кетсе, бір сәт жынынан айырылған бурадай басылып саябырси қалады. Айталық 2002 жылы қала бойынша 25 қасақана кісі өлтіру фактісі орын алса 2003 жылдың 8-айы ішінде аталмыш қылмыстың 46-сы орын алды. Соның ішінде кісі өлтіру оқиғасы тамыз айында жиілегені байқалады. Мұның себебін бәз біреулер Марс планетасының осы айда Жерге тақап келуімен байланыстырады . Өйткені адамдардың шектен тыс қатігездікке ұрынуы, ежелгі наным бойынша , Марс-соғыс құдайы болғандықтан соның әсерінен туындаған ырықсыз ықпалға байланысты деген ойды айтады. Бұл тек ұғымдық қиял гипотезасы болса да, осы жүзеге асқан қылмыс себептерін саралай келіп, пайымдағанымыз жалпы әр жылдары жүзеге асқан қылмыстардың көбі тосыннан туындап, адам өліміне ұласқан әрекеттер.Тіпті кейде оқиға себептеріне жете үңілгенде, осы кісі өліміне әкелетіндей жағдайлар емес екенін байқаймыз. Жаға жыртысса да, жанжалдасқанда қолдарын қанға малмай-ақ ,оқиғаны бейбіт жағдайда шешу әбден мүмкін-ді. Өкініштісі- олай болмай, барлығы балтаның күші, пышақтың ұшы арқылы жүзеге асуда. Оқырмандар үшін әр жылдары жүзеге асқан ерекше қатігездігімен әйдіктелген оқиғалар топтамасын ұсынбақпыз. Ой түйінін өздері жасар. Біздікі тек, «қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған» қазақи дала өмірін, ата дәстүрді аңсай, ел ертеңі жастарды осындай жаман әдеттерден сақтандыру ретіндегі «тал қармауымыз» деп түсінерсіздер…
1996 жылдың ақпан айының соңғы күндері
Күн ұясына қонған мезетте азамат «В» қаланың сол жағалауында орналасқан жайма базарлардың біріне барып, бір шөлмек арақ алады да бөліп ішер бөтелкелес серік іздей бастайды. «Құланның қасынуына мылтықтың басуы» дөп келгендей оған құлқыны кеберсіп жүрген белгілі мекен тұрағы жоқ «Ә» деген әйел жолыға кетеді. Әрі-бері әңгімеден соң екеуі жігіттің Стройтель көшесіндегі үйіне қарай аяңдайды. Сорлы әйел өзін ажал жетектеп бара жатқанын қайдан білсін? Ол жігіттің ішімдікті шектен тыс көп ішкен мезетте ақылынан адасып, кісі етінен қуырдақ қуыратынынынан бейхабар болатын. Көңіл көтеру үшін көлденен көк аттының соңынан ілесіп жүре берді. Үйге кіре көк мойын шөлмекті көмекейге бөле қотарған соң түрі әлем-тапырық өзгерген «В» әйелді төсекке алып ұрып қылғындыра бастайды. Қарулы қол қойсын ба келіншек үзіліп жүре берді. Көзіне қан толған қанышер мұнымен де қанағат тұтпай, келіншектің басын кесіп тастайды. Құтырған иттей қауырт қимылдаған «В» мәйіттің он жақ омырауын сылып алып, табаға қуырып, қуырдақ жасап жейді. Кісі етін жеуге дәніккен қылмыскер тойып алған соң мәйіттің қалған денесін кейін керек болар деп ойлады ма ауладағы моншаның іргесінен қазылған шұңқырға тастап, үстінен 6 шелек су құйып қатырып тастайды. Одан соң қылмыскер қылмыстың ізін жасыру үшін төсектегі төсенішті тығып, еденнің қанын кетіріп, қабырғаға шашыраған қан дақтарын жуып-шайған. Көңілі орныққан соң таң ата өзі ем алып жүрген жүйке ауырулары емханасына тайып тұрады. Кісі қаны жіберсін бе, келесі түні ауруханада түңгі кезекшіліктегі медбике палаталарды аралап жүргенде ұйқысырап, сандырақтап жатқан қылмыскердің айтқандарын естіп қалады да, күдіктеніп, естігенін кезекші дәргермен бөліседі. Ол дереу Семей облыстық МТКБ кезекші бөліміне хабарлайды. Басқарма бастығы Маратқали Нүкенов осы істің анық-қанығын нақтылауды МТК қылмысты іздеу басқармасы 3-ші бөлімнің бастығы майор Марат Демеуовқа міндеттейді. «Жолдасың соқыр болса бір көзіңді қыс»-дегендей Марат сырқаттың бөлмесіне келіп, әр түрлі кәсіби әдістермен суыртпақтап сыр тартады. Қылмыскер заты жынды болса да болған оқиға туралы қойылған сұрақтарға бұлталақтап тура жауаптан жалтарып бағады. «Сезікті секірер» демекші өз кінәсін жасырам деп отырған қырмыскер тәжірибелі із кесуші құрған торға қалай топ ете түскенін сезбей қалады. Марат бірден темірді қызып тұрғанда құрышқа айландыру ниетінде Ауезов МТКБ арнайы тергеу тобымен бірге күдіктінің үйін мұқият тексеруден өткізіп еден сызатында қалған қан дақтарын, үй ішінен шыққан басқа да қылмысқа қатысты айғақ заттарды күдіктінің көзіне шұқып отырып көрсетіп, қанышердің бұртаруына дәрмен қалтырмай мойындатады. Ол амалсыз мәйітті көмген жерін көрсетуге мәжбүр болады. Кеңес дәуірінде дүкендерде толып тұратын мұздатылған текше балықтар секілді мұз құрсауына оранған мәйіт екі сағаттай ломдап отырып қазып алынады. Кісі етінен қуырдақ жасаған қылмыскер заң алдында тиісті жазасын алды.
1996 жылдың сәуір айының басы
14 наурыз күні В.В.Лукачук деген әйел жайма базарда күндегі әдеті бойынша сауда жасап тұрған кезде ескі танысы В.В. Савченконы кездестіріп қалып ел көшіп келгендей елпеңдейді. Үйіне қонаққа шақырады. Кешкісін ол қасына өзінің Н.В.Гитис деген танысымен бірге Лукачукка «құдайы қонаққа» келеді. Оларды ерлі –зайыпты Лукачуктар құшақ жая қарсы алады. Онсыз да ашшы суды «атасының асындай» көріп жындануға әзір жүретін адамдарға өздеріне сай қонақ келсе, той қылмаса не қылсын? Қызып алған соң қарап отырсың ба? Олар енді алты айлық қызы Анжеликаны көтере сала түнделетіп тағы бір таныстары Б. Брыловтың үйіне келеді. Дастарханда басқа тамақ болмаса да, 2 литр спирт ештенені жоқтатпайды. Бір бұрышта қарны аш жылай-жылай сілесі қатып, бала жатыр. Спиртке тойып алып, әуелете ән салған шешесінің балада шаруасы шамалы. Олар түн ортасы ауа тіске басар ештеңе қалмаған соң көшеге шығады да қаңғып жүрген итті ұстап алып, оны сойып қуырдақ қуырып жейді. Сонан соң удай мас әйел қаннен-қаперсіз ұйқыға кетеді. Таңертен басы мыңғы-дыңғы болып оянған әйел бөлмеден баласын таппай байбаламға басады. «Балам жоқ! Біреулер ұрлап кетті»… Ол салып ұрып Затон аудандық мемлекеттік тергеу комитетінің кезекші боліміне арызданады. Кезекші шұғыл түрде милиция, мемлекеттік тергеу комитеті қызметкерлерін аяғынан тік тұрғызады. Дабыл жариялайды. Себебі бүлдіршін жоқ. Арнайы топ құрылып барлық құқық органдарын осы жөнінде құлақтандырады. Қаланың шығар бағыттары жабылып, кезекшілік ұйымдастырылады. Барлық шатыр, жертөле, бала қолды болған мекеннің маңайына ішкі әскерді пайдалана отырып толықтай тексеру жүргізіледі. Бірақ осының бәрі далаға зая кеткен бос әурешілік болып шығады. Өйткені, бала жоғалар сәтке дейінгі ана әрекетіне сараптама жасаған тергеушілер иссалмас ана әрекетін түсінгенде түңіле бас шайқайды…. Сөйтсе санасын арақ улаған әйел баласының жылаған дауысын естігісі келмей қызып отырған сәтте «ертеңге дейін сен алып кет»-деп Н. Гитиске өзі табыс еткен көрінеді. Ала-қотаң, араққа бөгіп отырғандар арасында расында да баланың жай-күйінің келісті болмайтының пайымдаған аналарға қарағанда ақылы түзік Гитис баланы бауырына баса өзімен бірге алып кетеді. Алайда, ертесінде баласының артынан іздеп келер Лукачукті тоса- тоса сарғайған әйел екі күннен соң Лукачуктің үйіне өзі келеді де, баланы анасына табыс етеді. Дүниедегі бар мейірім ананың аялы алақанынан тарайды дейміз. Ал ана мейірімін көрмеген баланың болашақтағы тағдырыне болмақ? Арақтың әлегімен сәбиінің қайда қалғаның ұмытқан В. Лукачукке не дерсің.
1996 жылдың шілде айының ортасы
Жаздың жадыраған ақ таңы атып тіршілік тынысы кеңейе түскен мезгіл. Семей-Новошульба трассасы бойымен ағылған көлік қарасы да мол. Сол көліктердің бірінің жүргізушісі жол шетінде әдемілеп оралған доп секілді бұйымды көзі шалып, не екенін білмек ниетте тоқтап, орамды ашқан мезетте көзі атыздай болып, шалқасынан түседі. Орам ішінде жаз қыздың қаны кеуіп үлгермеген басы жатқанды. Жүргізушіден хабар түсісімен оқиға болған жерге мемлекеттік тергеу комитеті басқармасыңың жедел тергеу тобы аттанады. Оларға қылмысты ашу басқармасының жеке тұлғаларға қатысты ауыр қылмысты ашу бөлімінің қызметкерлері тайлы-таяғы қалмай ілеседі. Олар келе «бас» жол жиегіне қайдан пайда болуы мүмкін деген сұраққа жауап іздеп, оқиға орнынан алыс емес Михайлченко ауылын адақтауға кіріседі. Мақсат, денесінен бөлініп, жеке оралып, жол жиегіне тасталған бастың кімдікі екенің анықтау. Араға көп уақыт салмай аталмыш бас 16 жасқа жаңа толған Катя деген осы ауыл тұрғыныныкі екені анықталады. Мұнан кейін тергеушілер осыны кім, қалай, қашан жасағанына байланысты себеп-салдарды іздеуге кіріседі. Ақыры қолға ілігер жіптің ұшы шығып, оқиға болардан бір күн бұрын Катяның бұрын сотты болған сол ауылдың өзінен 10 жас үлкен Леонид дегенімен бірге ауыл шетіне шығып бара жатқанын байқап қалғандар табылады. Адам қаны жіберсін бе ұсталған соң қандыбалақ қылмыскер қолмен жасағанын мойындауға тура келді. Текшелеп қалаған кірпіштей әр сағат, әр сәтті ой топшысынан өткізген тергеушілер қатігез қылмысқа ұласқан әрекеттің ау-жайына қанығады. Сол күні Леонид көрсе болды езуінен су ағып қарадай қызығып жүретін Катяны орманға барып қайын бұршақтарын теруге көндіреді. Балалық әуестік басым болдыма кім білсін Катя да оған ілесіп жүре береді. Жол бойы әр түрлі әңгімелер айтылады. «Қыздың көзі шөмшекте, жігіт көзі е…»-деп қазақтың қара өлеңінде жырланғандай уыздай, бүлдіршін қыздың мысы басқан еркектің бар есіл-дерті ләззат алу. Жылы-жылы сөйлеп, асыра мақтап, қыз көңіліне көпшік қоя ауылдан біршама ұзап шығады. Леонид енді қыз қанша айғайласа да көмек қолын созар ешкімнің табылмасына көзі жеткен сәтте, қызды құшақтап жыныстық қатынасқа бейімдей бастайды. Ол қыз тарапынан жасалған қарсылыққа қынбастан қимылына қимыл қосады. Еркіне берілмеген қыз жанталаса қарсыласып бағуда. Қызды қарсылықсыз қауқарлаймын деген ойы «есек дәме» болып шыққан ол енді тек қорқыту, үркіту ғана қалғанын сезе қызды қүш қолдана көк шөпке құлатады. Қарулы қағынғаннға қарсыласа шаршаған қыздың сәл босансыған сәтін пайдаланған ол ақыры өз дегеніне жетіп тынады. Бойында булқынған еректік сезімі еркінен тыс ерте ағып кетеді. Осыны сезген, ашудан сабасынан асып, ызадан жарылардай болып отырған Катя: «Еркектік күшіне ие бола алмасаң , бағанадан неменеге босқа тыраштандың мігітім!»-деп әжуалайды. Осыны естіген сәтте, әлгінде ғана небір жүрекке жылы сөздер айтып отырған жігіт қара бұлтша түнеріп қызды күректей алақанымен салып қалады. Адуынды жігіт соққысының қарымына шыдамай мұртай ұшқан қызға ол қолындағы пышағын бойлата сұғып алады. Іс насырға шауып, бағанағы жігіт бойындағы ләззат-құмарлық аяқастынан қанқұмарлық сезімдегі әрекетке ұласады. Қансырап көз жұмған Катяның денесін жасыру үшін қанышер ауылға оралады да, күрек алып келіп, мәйітті көмуге кіріседі. Көр дайын болған соң істің ізін жасыру мақсатында күрекпен кесіп қыздың басын денесінен бөлектеп алады. Не үшін екенін өзі де білмейді. Қорқаулық түйсікпен өзінің жігіттік намысына тиген қызды жазалаған түрі болар бәлкім. Басты қыздың өз киіміне орап жол жиегіне әкеп тастайды.
1998 жылдың наурыз айының басы
10 наурызға қараған түні Семей қалалық ІІБ кезекші бөліміне Жамбыл атындағы көшеде орналасқан қасиетті құдай үйі Абай етігінің ұлтанының ізі қалған Тыныбай мешітінің күзетшісін белгісіздер асқан айуандықпен өлтіріп, қала халқының ораза садақасынан түскен бір жарым миллионға жуық теңгені алып кеткені туралы хабар түседі. Осы қылмысты жедел ашу үшін гарнизонның жеке құрамы дабылмен көтеріліп, ІІБ арнайы іздеу тобы жасақталып, оған басшылықты басқарма бастығы милйция полковнигі Жетпісбай Ибраев өз қолына алады. Аптадан аса уақытпен санаспай жүргізілген жедел іздеу шаралары нәтижесін бере бастады. Сол мезетте мыңға жуық мешітке келетін жамағаттар, сол аумақта орналасқан барлық жер үй тұрғындарынан сұрақ алынып, тіркеуде тұрған сотталғандар, нашақорлар, қылмыс жасауға ниетті жан ретінде қадағалаудағылардың барлығы қайта тексерістен өткізіледі. Осылардың барлығына сараптама жасалып, қортынды пікірлер бір арнаға тоғысып жатты: Ол -бұл қылмысты жасаған адамның қалайда болса, мешітке қатысы барлығы. Алғаш қылмыс болған жерге жүргізілген тексеру барысында қылмыскердің мешітте ақша барлығын білуі, оның сақталған жерін адаспай дөп басуы, темір шкафты бұзатын құралды мешіт ішінен табуы, тіпті марқұм болған мешіт күзетшісінің, егер қылмыскерді танымаса есік ашпайтыны сияқты сәйкестіктер қылмыскерді мешіт қызметшілері мен жамағаттар арасынан іздеу керектігн айғақтаған болатын. Осының бәрін зерделей келе күдік о, баста қайғыдан қан жұтқан адам кейпінде милиция қызметкерлерінің айтқандарын табан астында орындап, жылпылдап жүрген осы мешітте нәйіп имам болып істейтін азаматқа түседі. Милиция қызметкерлерінің шұғыл әрекеті барысында қасиетті мекенге қан төгіп, Алла тағаланың «жорғалаған құмырсқаға да қианат жасама» деген уағызын таптаған Алланың атын жамылған азғындар анықталды., «Мал құлағы саңырау»- демекші милиция текек күдіктенбеген екен. Жау алыстан келмей, ауыр қылмысқа барғандар , осы мешіт имамының көмекшісі 1977 жылы туған бұрын сотты болмаған, Мақаншы өңірінің тумасы Талғат және оның Нұрлан деген жолдасы болып шығады. Алғашқы тергеу барысында анықталғандай 9 наурыз күні имамның көмекшісі мешіт қызметкерлері мешіт жәшігінен жұртшылықтан ораза садақасына түскен 1 жарым миллион ақшаны санап, сеифке салған кезде араларында болады. Көп ақшаны көріп көзі тұңған ол 10 наурыз күні ақшам түсекен кезде алдын ала келісіп жасалған жоспар бойынша мешіт үйіне келеді. Талғатты таныған мешіт қарауылы ештеңеден күдіктенбестен оған есік ашады. Көкейлерін ақша тескен қараниеттілер ақшам намаздың алдында дәрет алып жатқан күзетшіге ту сыртынан келіп бірнеше рет пышақ салады. Қолдары қаңға малшынған екеу енді мешіт ішінен бел темір тауып, ақша салған сеифті бұзып, үлкен соманы қапқа салып, қылмыс болған жерден алыстайды. Жанталаса қимылдаған олар қан-қан қолдарымен қапқа салған ақшаны Кірпіш заводы көшесіндегі біреуінің үйінің қорасына көмеді.(кейін қанға шыланған бір қорап ақша табылып, тәркіленеді) Талғат ертесінде түк болмағандай киімін ауыстырып, мешіттке жұмысына келеді. Ол келген сәтте мешіт алды адамға толы, қылмысты ашуға қатысты милицияның қарбалас тіршілігі басталып кеткен көрінеді. Бұл да түк болмағандай солардың арасына кіріп, шын қайғырған адам кейпіне еніп, көзбояушылық әрекеттерге кіріседі. Қылмысты іздеу қызметкерлере басында расында да оны күдіктілер санатынан сырып тастаса да, өтіріктің құйрығы бір-ақ тұтам демекші ақыры тұтылып тынды. Алла жолында адалдыққа, ізгілікке, имандылыққа қалың жұртшылықты уағыздап жүрген адамның жоғарыдағыдай айуандыққа баруы әрине бұрын соңды болып көрмеген жайт.
1998 жылдың мамыр айының басы
Бұл жантүршігерлік қылмыс бүкіл қала халқы 9 мамыр-ұлы Жеңіс күні мерекесін тойлап жатқанда Ертіс өзенінің сол жағалауындағы жұмысшылар жатаханасының бірінде жасалды. Сот-медициналық сараптаудың қортындысына қарағанда Марат есімді ақыл-есі сап сау азамат екі бірдей адамды бастан балғамен ұрып құлатып, содан соң бейне бір мал сойған жанша оларды мүшелеп тастаған. Тіпті, қылмыстың қас-қағымда сәтте жасалғаны соншалықты, әлгілердің бірде-бірі қарсылық жасапта та үлгермеген. Біз қылмыстық іс материалдарына көз салғанымызда, оның әдеттегідей арақ ішіп алған үшеудің арасында жасалғаны белгілі болады. Кісі өлтіруші 35 жасар Марат есімді қылмыскер бұған дейін де үш рет темір тордың ар жағында жазасын өтеп келген көрінеді. 8 мамыр күні асыға күткен жалақысына қол жеткізген ол жолшыбай 2 шөлмек арақ, тіске басар тамақ алып, өзінің жатаханасына келеді. Көптен бері қалтасында көк тиын болмай, кенезесі кеуіп жүргендіктен болар бір шөлмекті әп-сәтте жайғап салады. Бірақ «Жарықтықты» жалғыз ішу жайсыз болған соң жатахана ішінен жөні түзу серік іздеп, кезікпеген соң, Семейдің бір бүйіріндегі Комсомол поселкесіндегі ескі танысы Болттың үйіне іздеп барады. «Барымен базар» демекші олар да ескі, көптен бері кезікпеген танысына қазақы «қонақжайлығыменен» зыр жүгіріп, арақ әкеліп, дастархан жасайды. Сөйтіп әңгіме қызады, шөлмектің бірінен соң бірі босап жатады. Үй иелерінің «мырзалығына» разы болған Марат енді оларды ертесін, 9 мамыр күнгі туған күнін тойлауға жатаханаға шақырады. «Іздегенгн сұраған»- дегендей екеуі бірден келіседі. Қысқасы, Комсомолдағы «жақсы» отырыс жатаханада жалғасады. О, баста жақсы тілектер айтылып, достық, сыйластық туралы тамаша тостардың тиегі ағытылады. Алайда, арақ жүрген жерде албастының да жағаласып жүретіні бесенеден белгілі ғой. Ақыры отырыстың аяғы дау-жанжалға ұласады. Түрме тәрбиесінің тегеурінді тәрбиесін көрген екеуі бастарынан сөз асырмастан екі қолға ерік береді. Стол үстінде жатқан пышақты ала жүгірген Болатты Марат қолына іліккен балғамен басынан 8 рет ұрып, сұлатып салады. Күйеуіне көмектеспек ниетте Маратқа жүгірген Майра да күйеуінің кебін киеді. Қызыл көрсе құтыратын бұқадай қан көрген соң Семей ет-консерві комбинатында бұрындар қасапшы болып істеген Марат көп ойланбастан бірінші Майраның денесін ваннаға сүйреп апарып, алдымен басын кесіп алып сонда тұрған шелекке тастайды да оның қалған мүшесін қолын-қол, бұтын-бұт етіп мүшелеп бзып, су толтырылған ваннаға тастайды. Болат та соның кейпін киеді. Екі адамның мүрдесін пышақпен кескілеп, 25 бөлікке бөлген ол екі күн бөлмесінде жатып ап арақ ішеді. Үшінші күні есеңгіреп ес жиған қылмыскер өзінің қанды әрекетінің ізін жасырудың амалын ойластыра бастайды. Бірақ ол өзінің бұл ойын жүзеге асырып үлгермеді. Семей қалалық ішкі істер басқармасының кезекші бөліміне таңғы сағат 5 кезінде келіп түскен суыт хабардан соң , осы басқарма бастығы Ж. Ибраевтың басқаруындағы жедел іздестіру тобы қылмыс болған жерге жетеді. Топ ішінде оқиға болған жерді бейнетаспаға түсіруші ретінде менде болғамды. Сол күннің сорақы суреті әлі күнге көз алдымда көлбеңдейді. Сот –медициналық орталықтың сарапшысы ванна ішінде суда жатқан адам мүшелерін тегенеге салып залға жайылған ақ жаймаға қойған сәтте, қыс кезінде ата-анамыз асарлатып соғымға мал сойып, мүшелеп бұзылған еттерді кілетке тасу картинасын көз алдыма әкелді. Ол бір шаттыққа толы шадыман сәт болса, мына көрініс өте сұмдық…. Осыдан кейін талай уақыт етке қарай алмай , тамаққа тәбетім шаппай ауырып жүрдім. Бұ кезде қандықол қылмыскер өзіне «қатер» таянғанын түйсініп, қашып кеткенді. Алайда, құрамында тәжірибелі В. Вивтюк. Ж.Исадилов, А.Ахметжанов, Ж.Хасанов тәрізді із кесушілер бар жедел топ Әуезов полиция бөлімі қызметкерлерімен бірлесе отырып, қылмыскер Маратты тығылып жатқан жерін тауып, тұзақтайды. Бұлтартпас айғақ, деректермен қылмысын мойындатады. Қылмыскер тиісті жазасын алды
2003 жылдың тамыз айының ортасы
Затон полиция бөліміне бір бойжеткеннің ата-анасы өз қыздарының бір апта көлемінде үйде жоқ екендігі туралы арызданады. Кештеу арызданғандықтарын олар қызының өз қолы өз аузына жетіп есейгендігімен және таныс –жолдастарынікіне жиі қонып қалатындықтан жамандыққа жорымағандығымен түсіндірді. Арыз тіркелген соң іздеу жұмыстары қолға алынады. Әдетте, жоғалған адамды табу жұмысындағы алғы шарт оның соңғы орнын нақтылау, көрген кісілерді табу. Осы бағытта қылмысты іздеу қызметкерлері жоғалған қыздың туған-туыс, тамыр-таныс, жора-жолдастарын адақтап шығады. Көбі мардымды жауап бермейді. Із кесушілер сұрай-сұрай келіп, қыз хабарсыз кетер күнгі картинаны нақтылайды. Ол сол күні қаладағы ашық акционерлік қоғамның бірінде қарауыл бастығы болып істейтін танысымен бірге үйден шығып, ішінде қыздың бауыры бар топпен Ертіс жағасында демалыс ұйымдастырып, көңілді отырыстың куәгері болады. Кеш қарайған мезетте ол өзінің жоғарыдағы танысымен көпшіліктен бөлініп жеке кетеді. Содан кейін оны ішкім көрдейді. Суға батқандай зым-зия, құмға сінген судай жым-жылыс. Тергеушілерге оның танысы: «Біз біраз болған соң ол үйіне кеткен, білмеймін, көрмедім»-деп сазарып отырып алады. Алайда, адам айласының қыр-сырына жете қанық полиция қызметкерлері оның бір бармағын бүгіп, өтірікті үзенгі жолдас етіп етіп отырғанын сезіп, із кескен аңшыдай оның соңына түседі. Әртүрлі тергеу, іздеу амалдарын жүзеге асырып, ақыры шым астында жатқан жауын құртай шындықты айтпасына қоймайды. Ол сол бір көңілді отырыстан бөлініп шыққан соң бойжеткенді «Мирный» аумағындағы әке-шешесінің саяжайына алып келеді. Саяжайда олар тағы бір шөлмек жеңіл шарап ішкен соң, сонда қоңып қалды. Табиғат тарту еткен ынтазарлық олардың төсекте бастарын түйістіреді. Түн тамашасына тояттаған сабаз таңғы ұйқы тамаша демекші қаперсіз қалын ұйқыға кетеді. Онымен қоса асыра ішкен ішімдік адамды өрмекшінің шым-шықырық торына шырмалған шыбындай ететіні белгілі ғой. Таң қылаң беріп келе жатқан кезде тілі аузына симай кеберсіп оянған жігіт қасында жатқан арудың оның киімдерінің қалталарын ақтарып ақша іздеп жүргендей болып көрінеді. Ашуына ерік берген ол: «Сен не? Қ….. көртышқандық жасаудасың?! Менің қалтамнан ақша қақшымақсың, ә!»-деп атып тұрып қызды төмпештей жөнеледі. Тегеурінді соққының тезіне шыдамай шалқалай құлаған қыздың үстіне түлкіге бүркіттей шүйліге кетіп, оны екі қолымен мойнынан қылғындырып өлтірген ол мәйітті саяжай ауласына жеміс-жидек егілген жерден бос ашық алаңқайды қазып көмеді де, түк болмағандай қалаға қайтып келеді. Артынан жасаған қылмысы ашылып тергеушімен бірге мәйітті көмген жерді көрсетуге келген сәтте оның туған анасы «Қаншама уақыт мәйітті басып жүргем»-деп талып қалады. Ол шімірікпеді де.
2003 жыл қыркүйектің екінші жартысы
Затон полиция бөлімінің қылмысты іздеу қызметкеріне тамыз айының ортасында Дулатов көшесінің бойындағы бір үйде кісі өлімі болды деген сыбыс жетеді. Жіті бағалай, нақ саралай келгенде аталмыш дақпыртың негізі бар тәрізді. Өйткені, осы үйдің қожайыны көптен бері ел көзіне түспеген көрінеді. Бұл үйде тұратын адамдарды зертей келе қылмысты ашу қызметкерлері мынаны анықтайды. Үй иесі кейінгі уақытта бұрын Лодочная көшесінде тұрған әйелмен көңіл қосып, екі жарты бір бүтін болып, өз үйін сатқан әйелді бұрын сотты болған ұлымен бірге кіргізіп алған екен. Сол қайғылы оқиға болатын күні 53 жастағы үй иесі әйелдің ұлымен бірге ішімдік ішіп отырып керісіп қалады. Осы жанжал кезінде жас жігіт үй иесін ұрып құлатады да, қылқындыра бастайды. Шал есенгіреп әлі келгенше қарсыласып жатқанда ит үріп, біреулердің келгенінен хабар береді. Сасқалақтаған Евгений талықсып жатқан шалды көтеріп алып, ауладағы ескі моншаның ішіне жасырады да, келген қонақтармен бір сағаттай отырып арақ ішеді. Оларды шығарып салған соң қайыра келсе, шал жантәсілім етіпті. Қара терге түскен ол үй ауласынан бір метірдей тереңдікте жер қазып, мәйітті көміп тастайды. Қылмысты іздеу қызметкерлеріні өзінің өгей әкесінің қайда екенінбілмейтінін айтып азарда да безер болады. Жігттің анасы да ауыр науқастың салдарынан қыркүйектің 10-ында көз жұмған-ды. Не болса да бар пәле осы өгей баладан келгенін топшылаған оперативтік қызметкерлер ақыры оған қылмысын мойындатады. Неге кісі қанын мойнына жүктедің, өлтірмесіңе болмады ма?-деген тергеушіге: -«Ол ұдайы менің анаммен ұрсысатын,ішіп алса болды «үйден шығыңдар, бұл менің үйім» деп мазамызды алатын. Сол күні ашудан не істеп, не қойғаныма есеп бере алмадым деп ақталған-ды.
Міне, осындай болмашы себептермен адамдарды жарық дүниемен қоштастырған қылмыстарды екшелегенде байқалатыны адамзат баласының асқан қатігездікпен айуандық танытқаны ойлантады. Жасалған қылмыстардың көбі осы тұрғылас. Кеңестік кезеңде егер бір кісі өлімі жүзеге асса ол облыстық, қала берді республикалық деңгейдегі «ЧП» болып саналатын. Қазір адам өлтіру шыбын өлтірумен деңгейлесті. Етіміз өліп алды. Қасқыр екеш қасқыр да орынсыз қас қылмайды десек, жоғарыдағы оқиғаларды неге жоруға болады?…
Елубек Оспанов,
полиция подполковнигі,
Семей қаласы