"Ол кезде күн жарық еді..."(Жаңа кітаптан үзінділер)ӨТЕЖАН АҒАӨтежан НұрғалиевҒажап ақын е...
Нұрболат Әлменов. Көпен ағаны көргенім...
(Естелік)
Халықаралық көрме (EXPO) өткізген жылдың қыркүйегі. Астана іргесіндегі Ақкөл қаласында кітапханашылардың республикалық форумы өтіп жатыр. Күз болса да күн жарқырап, табиғат мүлгіп тұр. Форумға келгендер әр жерде топтасып, қауқылдасып жатырмыз. Ақын Серік Тұрғынбек, алаштанушы Тұрсын Жұртбай да осында жүр екен. Сатирик Көпен аға болса, жаймен қасымызға кеп, орындыққа жайғасты. Жақындап хал-жағдайын сұрадық. Қалтасынан темекісін алып асықпай тұтатты. Терең тыныстап, іштегі түтінді бұрқ еткізіп сыртқа шығарды. Әңгіме тыңдағымыз кеп аузын бағып тұрғанда өзі бастап ала жөнелді.
– 1977 жыл. "Ара" журналында қызмет істеймін. Бауыржан Момышұлынан бас редактор сұхбат алуды тапсырды. Өзі алдын-ала келісіп қойыпты Бәукеңмен. Баратын мезгілден бір күн бұрын батырдың үйінің маңайын торуылдап келдім. Тез тауып алайын, ертең кешікпейін деген ойым ғой. Содан ертесіне бардым. Тура сағат 10-да деп келісілген екен. Кешігуге болмайды, ерте барсаң тағы бәле екен ол кісіге. Тұп-тура онда есігін қақтым. Әйел адам ашты есікті. Қабағы салқын, жөндеп амандасқан да жоқ. Келген шаруамды айтып едім, төр жақты иегімен нұсқап жөн сілтеді. Үй іші дауыл соғып өткендей...
Төргі бөлмеге кірсем креслода шалқасынан түсіп, төбеге тесіле қарап ағамыз жатыр екен темекіні бұрқыратып. Ауызда сүйем қарыстай мүштік. Көк түтін. Жалма-жан амандасып, қолын алдым. Жөнімді айтуға келтірмеді, өзі де сұрамады. Қарсы тұрған орындықты көрсетті. Орындыққа отырдым. Ағамыз қозғалатын емес. Бірдеңе деуге тағы болмайды. Үнсіздікті өзі бұзды.
– Қатын! – деді. Есік ашқан әйел келіп кірді. Менің қасымда шкаф тұр екен. Сұқ саусағымен соны көрсетті. Жеңгей ішінен бір бөтелке қызыл шарап алып шықты. Екі фужерге теңдей құйды. Бәукең "алып қой" дегендей ишарат қылды. Ол кісіден бұрын қол созуға ұялдым. Қанша ішсе мен де сонша ішейін дедім. Ағам басына бір-ақ көтерді. Мен де тауысып қойдым сыбағамды. Отырмын, әлі сөйлескен жоқпыз. Бір кезде Бәукең әлгі шкафты маған нұсқады. Ұшып тұрып ашып қарасам дәл жаңағыдай шараптың тағы бір бөтелкесі тұр екен. Құйдым екеумізге. Ол кісі жартылай ішті, мен де сөйттім. Сәлден соң шарап бойды ала бастады ма, еркінсіп, батылдық пайда болды. "Сізден интервью алғалы келдім» дедім. Бақырайып қарады да:
- Дурак! - деді. Есімді жиып алдым.
- Арақ ішіп алып Момышұлынан интервью алған кімді көрдің? Встать! Жоғалт көзіңді! - деп, қуып шықты.
Кейін тағы бір айналып соғу керек еді. Бармадым. Өкінемін әлі.
«Әлі уақытым бар» дегендей, Көпен көкем тағы бір тал темекі алып тұтатты. Көпенді күнде көре бермеспіз дедім де:
– Сіз Мәлік Ғабдуллиннен оқыдыңыз ба? - деп сұрадым.
– Оқыдым. Мәлік ғажап адам еді. Қарапайым, сондай кішіпейіл. Нағыз интеллигент қой. 58 жасында озыпты өмірден. Бірақ, үлкен қария болып көрінетін.
... 69-дың қысы алапат қыс болды. Алматыда 40 градус аяз. Сібірді тіпті айтпай-ақ қой. Қорадағы мал тұрған орнында секиіп қатып қалды. Жүз жылда бір болатын қыс екен. Сол жылы топтағы курстастарымның бірі үйленді. Той жексенбі күні болды. Дүйсенбіде емтихан. Мәлік ағай алады емтиханды. Той таң атқанша жалғасты. Үйге барып келуге үлгермейді екенмін. Барсам ұйқтап қалам ба деп және қорқамын. Содан тойдан шыққан қалпымда КазГУ-ге келдім. Жаңа орынға көшпеген ол заманда, орталықта университет. Таңғы 6-да кіргізбейді. Аяз бойды алып барады. Ары-бері жүріп жылынайын деп жолмен келе жатқам. Алдымда бір кісі қарсы жолықты. Жақындап келсем Мәлік ағай екен. Амандасып өте бердім. Ол кісі бірнеше қадам ұзап барып:
– Біздің баласың ба? - деді.
– Ия, ағай, сізде оқимын.
– Таң атпай неғып жүрсің?
– Емтиханға келдім.
– Әлі ерте ғой.
Ішімнен «сіздің сабағыңызды жақсы көрем, шыдамай ерте кеп алдым" деп өтірік айта салайын ба деп тұрдым да:
– Тойдан шықтым, ағай. Үйге барсам ұйқтап қалам, – деп шынымды айттым.
Ол кісі қойын дәптерін алып шықты да, фамилиямды жазып алды. Зачеткамды сұрады. Кітапшама "5" деп қойды да:
– Бар, ұйқтай ғой, – деді. Сенер-сенбесімді білмей тұрдым да кері бұрылып бара жатқам.
– Әй, тұра тұр! Саған не үшін 5 қойдым, білесің бе? – деді.
– Жоқ, - дедім.
– Шыныңды айтқаның үшін, – деді.
Таныса да, танымаса да кез келген адаммен сыралғы танысындай сөйлесе кететін Көпен ағада жатсыну, жатырқау жоқ. Темекісін болар-болмас қана түтіндетіп қойып, көзілдірігін түсіре-түсіре мұрнының ұшына әкеп тіреді. Көкшіл көзімен айналасын бір шолып шықты да сөзін жалғады:
– Оспанхан бар ғой? Сол Ос-ағаң "Ара" журналында істеп жүргенде жұмысқа келмей қапты. Ешкімге ескертіп айтпаған. Басшылардан сұранбаған, өтініш те жазбаған, қоңырау да шалмаған. Себепсіз жұмыстан қалған ғой. Ертесіне бас редактор шақырып алып түсініктеме жаздыртыпты. Сондағы Оспанханның түсініктемесі:
«Кеше жұмысқа келе алмаған себебім – жұмысқа келе алмадым» депті. Бұлай тек Әубәкіров қана жаза алады, Ос-ағаңа ғана жарасады.
Қайран Көпен аға-ай! Сүт пісірімдей ғана уақытта қаншама дүниені ақтарып салды! «Жақсы, жігіттер, мен қозғалайын» деп кете бардыңыз. Одан соң жүздесуді жазбапты. Бірнеше жылдан соң сол кездесу естелік болып хатқа түсерін, айтылған әңгімелер соңыңызда мұра боп қаларын сіз де, біз де білмедік қой. Нұрыңыз пейіште шалқысын!
Көкшетау қаласы
Мәдениет порталы