«Қаныш» фильмі көрерменге жол алды

КИНО
959

2 ақпанда қазақтың белгілі ғалымы әрі біртуар геологі  Қаныш Сәтбаевтың өмір жолын баяндайтын «Қаныш» телехикаясының толықметражды нұсқасы кинотеатрға шықты.  Фильмнің желісіне 1926-1934 жылдарда елсіз Қарсақпай жерінде Қаныш Сәтбаевтың ерекше күш-жігерімен әлемдегі ең бай тау-кен инфрақұрылымының қалай ашылғаны туралы тарихи оқиғалар арқау болған.

«Қаныш аға туралы бұл фильм баяғыда жарыққа шығуы керек еді. Амал не, "ештен кеш жақсы" дегендей,  жуырда жасалып, көптен күткен көрерменнің көзайымына айналып отыр. Фильмнің бағасын көрермен айтар... Осы туындының дүниеге келгеніне қуаныштымын! Шамам келгенше көмектестім. Көрерменге ой салар, ғұмыры ұзақ туынды болсын! Қаныш ағаның тағдыры, өмір жолы, атқарған еңбегі, барлығы – халқымыз үшін әрқашанда өнеге!» – деген «Қазақтың Қанышы» кітабының авторы, қаламгер Медеу Сарсеке бастаған авторлар Қаныш Сәтбаевтың  мықты геолог ғана емес, сонымен қатар  ондаған баланы аштықтан аман алып қалғанын көрсеткен. Фильмде ХХ ғасырдың басында болған ашаршылық, қуғын-сүргін сияқты қиын кезеңнің өзінде халықтың сағы сынбай, күрескенін баяндайды.

Нәтижесінде, «Қаныш» фильмі бірнеше халықаралық марапатқа ие болып, шетелде де танымалдыққа қол жеткізді. Атап айтсақ, 2022 жылғы желтоқсан айында Буэнос-Айресте (Аргентина) өткен  Literature in Cinema  халықаралық кинофестивалінде «Үздік фильм» жүлдесін алса, биылғы қаңтарда Үндістанда өткен  Athvikvaruni International Film Festival  халықаралық кинофестивалінде үш номинация ( Best asian feature film ,  Best concept,  Best environment/nature feature film) бойынша үздік атанды.

«Фильмде арқылы халқымыздың тарихындағы ерекше тұлғалардың жолын көрсетуге тырыстық. Соларға қарап өскелең ұрпақ бой түзер деген үмітіміз де бар. Қаныш Сәтбаев 27 жасында білімі мен табандылығының арқасында сол кездегі ең ірі мыс кен орындарын ашып, кейін Қазақстанда металлогения мектебінің негізін қалады. Материалға үңіліп, ғалымның өмір тарихымен, кәсіби қызметімен танысып, оның ерік-жігеріне таңғалдым. Отбасындағы қайғыға қарамастан, халқына қызмет етіп, тер төкті, ғылыммен айналысты. Мақсатым – халқымыздың тарихында қайратты тұлғалардың болғанын көрсету», – дейді фильм және сериал режиссері  Ерлан Нұрмұхамбет.

Кинофильм «Қазақстан» ұлттық телеарнасының тапсырысы бойынша 2021 жылы  Aray Media Group студиясы түсірген алты сериялы «Қаныш. Қазына» телехикаясының негізінде жасалған. Телехикаяның шығармашылық тобы Қаныш Сәтбаевтың қызыққа толы өмірбаянымен танысып, қолда бар материалдан толықметражды көркем фильм жасауға бел буған. Онда ғалым тек кәсіби маман  емес, халқының қамын ойлайтын терең де сезімтал тұлға ретінде көрсетіледі. Сериал мен фильмді жасауға Eurasian Resources Group (ERG) мен «Қазақмыс» холдингі қаржылық қолдау көрсетті.

«Әлеуметтік және білім беру жобаларын жүйелі түрде қолдау – біздің корпоративтік жауапкершілігіміздің негізі. Білім беру бастамаларына ерекше көңіл бөлеміз. Қаныш Сәтбаев секілді  біртуар тұлғаның өмірбаяны – жас қазақстандықтарға тамаша үлгі-өнеге. Академик Сәтбаев геология ғылымының ең ірі ғалымы болды және солай болып қала береді. Бірақ оның қызығушылығы мен білім аясы кең болып, жаратылыстану ғылымдарының шеңберінен асып түсті. Фильм қалың көрерменге қазақтың біртуар ғалымының өмір жолын баяндап қана қоймай, ғылымды кеңінен насихаттауға, жастардың білім аясын кеңейтуге септігін тигізеді деп сенеміз», – деді Eurasian Resources Group (ERG) басқармасының төрағасы Серік Шахажанов.

Qazaqstan ұлттық арнасының тапсырысы бойынша түсірілген «Қаныш. Қазына» тарихи сериалы эфирде көрерменнің ыстық ықыласына бөленген. Осының ықпалының арқасында сериал толықметражды фильмге айналып, үлкен экрандарға жол тартты. Сонымен қатар 30 қаңтар мен 1 ақпанда Астана мен Алматы қалаларында өткен фильмнің жабық көрсетіліміне фильмді түсіруге атсалысқандар, шығармашылық топ, ғалымның туған-туысы, қоғам қайраткерлері, журналистер, блогерлер, демеушілер, БАҚ өкілдері және т.б. қатысты.

 «Фильмді дайындауға қатысқан барша жанға алғысымыз шексіз. Әсіресе, түсірілім тобының еңбегі зор. Қаныш Имантайұлының рухына ұқыптылықпен қарап, оның образын тереңірек түсінуге тырысқан. Атамыздың өмірі мен шығармашылығының алғашқы кезеңін бейнелеген фильмді шынайы деректерге барынша жақындатпақ болған. Бұл фильм халқына еліміздегі жер қойнауының байлығын ашқан ұлы қазақ баласы туралы тағы бір естелік болып қаларына сенімдіміз», – деді Қаныш Сәтбаевтың немерелері Әлима Жармағамбетова және Александр Третьяков.

aikyn.kz

Спорт

Қазақстандық боксшы Дулат Бекбауов 67 келіге дейінгі салмақта Азия чемпионатының жартылай финалына ш...

Жаңалықтар

«Қазпошта» АҚ басқарма төрағасы Әсел Жанасова журналистердің сұрағына жауап берді, деп х...