Әрқилы адам тағдырының уақыт көшіндегі бедері – ырғақ. Жаралмыш сезінген, түйінген құбылыстары...
Балуан Шолақ туралы сыр шертетін кітап жарық көрді
Фото: Автордан
«Шын, анығына келгенде Шөкең көпшіл,
халықшыл ақыл иесі, кемеңгер адам еді.
Көңілі түсіп достасқан адамын тәңірдей көріп,
бас июші еді. Халықтың арасындағы өнер
иесі адамдармен төстескен дос болушы еді.
(Жабағын Мұқамғали)
Жаңа еңбектің әр бетінен осы сияқты Балуан Шолақтың көзін көрген, дәм-тұздас, үзеңгілес болған адамдардың құнды әңгімелерін оқуға болады. Кітаптың тағы бір ерекшелігі алғашқы жазылған қолжазбасы түпнұсқа күйінде сақталып, бүгінге жетуі. Қазіргі басылып шыққан 148 беттен тұратын «Балуан Шолақ туралы әңгімелер» кітабында автордың баяндауы, жазу стилі мен адамдардың сөздік қолданысы еш өзгеріссіз, қаз қалпында жарияланды. Жекелей алғанда әрбір кейіпкердің әңгімелері толықтай бір оқиға сюжетін баяндап, Шолақ өмірінің жасырын қырларын ашып, деректер беріп отырады. Осымен сабақтастықта өрбитін әңгімелердің тағы бір кейіпкері Балуан Шолақтың қызы Бәтима (Бәтен)жайында. Әке ғұмырының жалғасы, айнасындай болған Бәтен балуанның ерліктері де, ертегіге пара-пар, қызықты. «Бәтен ойын-тойда өлең айтып, ән салып та жүрді. Бәтеннің айтқан өлеңдерінде терең бір сыр болатын. Бәтен елдің жалпы өлеңін айтпай, көпке жаңа жайылып шыққан Зұлқияның өлеңін ғана айтып, сарнап, зарлайтын. Өйткен, бұл көптің өлеңі. Көпке ортақ шер, мұң болатын. Сонықтан, Бәтен соны сүйіп айтып, ішіндегі зарын тысқа шығаратын болса керек», - дейді Бәтен туралы замандасы, 85 жастағы Ажар Ахметбекованың әңгімесінде. Бұл сөйлемнен біз Бәтеннің күш иесі ғана емес, әкесіндей өнерге де жақын болғанын аңғара аламыз. Жалпы, бұл кітапты Шолақтану ғылымымен айналысушылар үшін немесе көркем туынды жазуға ниеттілер үшін табылмас фактілік қор деуге болады.
Ал, кітап авторы жайлы сөз қозғасақ, этнограф-тарихшы, өлкетанушы, аудармашы-ғалым, қарт жауынгер Қарта Қаңтарбаев 1898 жылы Ақмола облысы, Біржан сал ауданына қарасты 5-ші ауылда (Үлгі (Казгородок) ауылдық округінде туған.Алғашқы ұстаздық жолдағы еңбегі, майдан жаласындағы ерлігі, кейінгі ғылым жолындағы ізденімпаздығы – тұтастай Қарта өмірінің халқына арналғанының жарқын көрінісі еді. Аталған кітаптың құнын арттырып, өзінің «Көкшенің Мәшһүр Жүсібі – Қарта Қаңтарбайұлы» атты көлемді зерттеу мақаласын жариялаған белгілі ақын Алмас Темірбайұлы ғалым жайында: «Өмірінің соңғы 25 жылын архивте, ҚазақстанҒылым Академиясының жер-сыз сасыған подвалдарында өткізген, ғибратты ғұмыр иесі – Қарта ақсақал 79 жасында 1977 жылы Алматыда қайтыс болады. Иә, бүгінде бізге беймәлім Қарта қарияның Қазақ еліне сіңірген еңбегі ұшан-теңіз. Алматыдағы архивте отырғанымда Қ.Қаңтарбаевтың 1950-1970 жылдар аралығында жинақтаған материалдары жиі кездесті», - деп келтіреді. Оның айтуынша, осы ширек ғасыр зерттеушілік ғұмырында Қарта атамыз, ұлтымыздың хандық дәуірдегі тұлғаларынанбастап, жыраулар мен сал-серілеріміздің өміріне қатысты толағай деректер жинап кеткен. Оған қоса, тұлғалар портретін де салдырып, сақтаған. Мысалы, Әбілхан Қастеевке салдырған Біржан сал, Ақан сері, Үкілі Ыбырай, Балуан Шолақтардың суреті осы кітапта жарияланды. Бұл ретте, Алмас Темірбайдың ұсынған өзге де суреттерінің арқасында Қарта ақсақалдың және тағы басқа Көкшетаулық қарттардың бейнесі кітап беттеріне басылды.
Сондай-ақ, қолжазбаның сақталуы, оның кітап болып басылуна тоқталсақ, қолжазба ұзақ жылдар бойы танымал классик-жазушы Сәкен Жүнісовтың рухани қорында сақталып келген. Кейін қаламгер өмірден өткеннен кейін қызы Гүлмира Жүнісова, үйінде жинақталған жәдігерлерді музей қорына табыс етеді. Сол 500-ге тарта жазушы жәдігерлерінің ішінде осы қолжазба да келіп, биылғы Нұрмағанбет (Балуан Шолақ) Баймырзаұлының туғанына 160 жыл, Қазақстанның халық жазушысы Сәкен Жүнісовтың туғанына 90 жыл толуына орай, кітап болып басылып шығуда. Сонымен бірге, кітаптың басылуына жетекшілік етіп, баспаға дайындаған Ақмола облыстық Әдебиет және өнер музейі болса, жарық көруіне қаржылау қолдау көрсеткен «Көкшетау-Энерго» ЖШС бас директоры Досымхан Аралбаев екенін айта кеткен жөн.
Жуырда, Әдебиет және өнер музейінде аталмыш жаңа туындының тұсаукесері де өтті. Тұсаукесер рәсіміне Астанада тұратын Балуан Шолақтың немересі Шайдолла Шолақовпен бірге тарихшы ғалым Марат Әбсеметов, кәсіпкер Марат Нәбиев арнайы келіп қатысса, Ақмола облысы мәдениет басқармасының басшысы Айгүл Сәбитова, осы мұражай директоры Нұрбек Нұралы, ақын, өлкетанушы Алмас Темірбай жиылған қауым алдында сөз сөйлеп, салтанатты түрде жаңа кітаптың лентасын қиды. Осылайша, есімі алты Алашты жайлаған, әнші-композитор, алып күш иесі Балуан Шолақтың өмірі, шығармашылығына қатысты сиясы кепеген жаңа туынды оқырманға жол тартты.
Мұхамет ТІЛЕУБАЙ,
Әдебиет және өнер музейінің ғылым қызметкері.