БАУЫРЖАН МОМЫШҰЛЫНЫҢ «ҰШҚАН ҰЯ» КІТАБЫ ТАЛҚЫЛАНДЫ

КІТАПХАНА
6102

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ғылыми кітапханасында «Бір ел – бір кітап» акциясы бойынша жыл кітабы – Бауыржан Момышұлының «Ұшқан ұя» повесі бойынша оқырман конференциясы өткізілді. 

Оқу мәдениетін дамытуға, жастарға патриоттық және адамгершілік тәрбие беру мақсатымен ұйымдастырылған конференцияға Сенат депутаты Динара Нөкетаева мен жазушы, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Сәуле Досжан қатысты.

Бауыржан Момышұлының "Ұшқан ұя" повесі - халқымыздың XX ғасырдың басындағы этнографиялық энциклопедиясы іспетті аса құнды, қазақ руханиятының қазынасы. Мемлекеттік сыйлыққа 1976 жылы ие болған кітапта ұлтымыздың салт-санасы, дәстүрі, ұлттық келбеті өте шынайы суреттеледі. Он алтыншы жылдың дүрбелеңі мен күштеп ұжымдастыру кезіндегі тартыстар батыл айтылып, Кеңес өкіметі қалыптасуының алғашқы жылдары кеңінен қамтылған. 

Бүгінгі ерлік пен өрліктің, ұранды да қыранды елдің айбатына айдар, қайратына қанат болған біртуар ұлы –Бауыржан Момышұлы туралы ғылыми кітапхана директоры, ауған соғысының ардагері Б.Ә.Оразалиев конференцияны ашты. Шарамыздың құрметті қонақтары әжесінің тәрбиесімен өскен «намыс пен ұят бәрінен жоғары» деген өзінің нақыл сөзін ұстанған батыр Бауыржанның тек әскери дарындылығын ғана емес, шығармашылық еңбектерін, жастық шағындағы қызықты оқиғаларын жастарға әңгімеледі.

Жұрт назарына ұйымдастырылған конференцияға Батырдың қайсарлығын, қарапайымдылығын және даналығын бейнелейтін «Бауыржан Момышұлының ұшқан ұясы» атты бейнеролик көрсетіліп,  шығармашылығы туралы «Рух пен намыс төресі» атты кітап көрмесі қойылды. Филология факультетінің студенттері Бауыржанның бала кезі туралы көріністер қойып, «Туған жер» әнін домбырамен шырқады. Конференцияға қатысушылар № 48 мектеп-лицей оқушылары, Қырғызстан Республикасының магистранттары, студенттер қонақтарға Бауыржанның шығармалығы бойынша сұрақтар қойып, қонақтарымыздың мазмұнды жауаптарын алды.

Нар тұлғалы Бауыржанның қайсар істерін өзіне үлгі тұтатын жандарға «Ұшқан ұя» повесімен танысу пайдалы болмақ. Ғасырдың жүгін арқалаған азаматтың қайсар келбеті ерліктің шамшырағындай шуағын шашып, жүрегіміздің дүрсілінде, көңіліміздің лүпілінде, санамыздың төрінде, шабытымыздың көлінде, айбынымыздың асқарында, сөзіміздің астарында, ерліктің дастаныңда мәңгілік тартылыс күшіндей сезіліп тұрары хақ.



Алмат Қараман , кітапхана қызметкері


author

Сәуле Досжанова

ЖАЗУШЫ

Шоу-бизнес

Атақты продюсер Баян Мақсатқызы сұхбат барысында өмірінде өткен қиын кезеңдерімен бөлісті, деп хабар...

Жаңалықтар

Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ Ұлттық музыкал...