Мемлекет басшысы Қазақстан мен Ресей арасындағы аймақаралық форумға қатысуды жоспарлап отыр деген бо...
«Ақша жеу»: Жорабаева отшашуға миллиардтап қаржы жұмсағандарды сөгіп тастады.
Қазақ эстрадасының жұлдызы Алтынай Жорабаева пандемия кезінде елордада өткен отшашуға қатысты бар ойын ақтарды. Өнер иесі мұндай шараға миллиардтап қаржы жұмсағанша, ол ақшаны бүгінде індетпен жанын сала күресіп жатқан дәрігерлерге беру керектігін айтып қалды деп жазады.KAZ.NUR.KZ.
Алтынай Жорабаева отшашуды не себепті ұйымдастырғанын түсіндірген билік өкілдеріне шүйлікті.
Көпбалалы әнші Instagram желісінде азулы жазба жариялап, бұл даулы жағдайға қатысты пікір білдірді. "Мынау не мазақ ?! Ақталғандарының түрі ме? 1-сыныптың баласына айтып отырғандай. Сол дәрігерлерге шын жандарың ашыса, осы кеткен миллиардтарды премия ретінде беретін едіңдер ғой ! Осыған ақша бөлгенсіп, сол жерден ақша жеу ғой, негізі. Өз басым отшашу дегеннен кішкентайымнан қорқамын. Кәдімгі бір соғыс болып жатқандай естіледі ғой, Алла сақтасын. Жорабай атам соғысқа барған кездерін, қаншама бомбадан Алла сақтап, аман қалғанын айтып беретін. Содан соғыс туралы киноларды көріп, атамның айтып бергені көз алдыма елестеп, сондай қорқыныш қалып қалған. Студент кезімде, 31 желтоқсан күні , кешке құдашам алаңға барайықшы деп. Қорқамын деп айтуға ұялдым . Сол қорқынышымды мүмкін жеңетін шығармын деп , тәуекел деп алаңға бардық . Құдайдың құдыреті , біреудің қолыңдағы атып жатқанының ұшқыны менің шашыма тиіп, шашым өртене бастады. Әйтеуір қолыммен сабалап, Алла сақтап өшірдік. Бәрібір , салют жаман ырым деп ойлаймын" , - деп жазды өнер иесі.
Айта кетейік, бұған дейін отшашуға қатысты Димаш Құдайберген де өз пікірін білдірген болатын. Ғажайып дауыс иесі де халық қиын жағдайға тап болғанда елорда күнін дәл осылай тойлауды артық санаған.
"Отшашу ненің құрметіне ұйымдастырылды? Біздің коронавирус жұқтыру бойынша бірінші орынға шыққанымыз үшін бе? Астанада отшашу ұйымдастырып жатқанда, адамдар оттегі баллондарын таба алмауда! Осылай жалғастыра беріңіздер, келесі жылы тойлайтын адам да қалмайды...", - дейді Димаш Instagram парақшасындағы жазбасында.