2023 жылдың 14 қараша күні сағ. 14.00-де Әбілхан Қастеев атындағы Қазақстан Республикасының Мемлекет...
Жеңіс Кәкенұлы. Әмбебап
Шығармашылық шырағын қазақтың кілем тоқу, киіз басу, тері өңдеу, ағаш өрнектеу секілді төл өнерінің тап ортасынан жаққан ұлының атын ата-анасы «Құттыбек» деп бекер қоймаған шығар? Құтты өлкеде туып, құтты отбасында өскен суретшінің есімі тағдырына да әсер еткен болар? Құрасбектей жалт етіп сөнген, кесек таланттың ісін әрі жалғап, әрі жетілдіріп, ілгері жылжыту да құтты жанның несібе, тәлейі шығар?
Айтулы, атақты дейтін өнер адамдардың назарына шығармасы дер кезінде ілігіп, ол кісілермен сапарлас, дәмдес болуы да Құттыбек Жақыптай суретшінің өзгеге ұқсамас, жолы болғыш тағдырынан хабар берсе керек?
***
Сыза біліп, тоқи біліп, өріп, өңдеп, илеп, тігіп, ызып, соның бәрін бір жүйеге, ортақ жүйеге бағындыру айтқанға ғана оңай. Тынбай, зейінің сарқыла, көз суырыла істелетін еңбек өз алдына, оның материалдық сұранысын қанағаттандыру, іске орайлас уақыт табу, тіршілік, тоғыз бала өсіріп, оларды тәрбиелеп, оның бүкіл мехнатын шығарма жазумен үйлестіру дейтұғын бітіп болмас бейнетін айтсаңызшы?
Ширек ғасырдан оза, ұзара созылған суретші тағдырына тиесілі желіге қатарлай ілінген еңбектеріне назарыңыз тіктелсе, әне, Құттыбек суретші кілемді тақыр қылып та түкті қылыпта тоқи алады екен. Олардың түстер үйлесімінен де бір жаңылмайды екен. Тік сызықтар мен ирек сызықтарды қиыннан қиыстырып, бояулардың қарама-қайшылығын шебер үйлестіріп, бірде солғындатып, енді бірде айшықтатып, өріп, тігіп, тоқып, бұрап, созып әкете береді екен. Тоқыған гобелен-кілемдері оның құмығыңқы жұмсақ табиғатына қарама-қайшы қалыпқа келіп, андағайлана, сонадайдан көзге ұрып тұрады екен.
Құттыбек әуелде график. Артынша әлгі сызба графиканы гобелен, кілем, тоқыма, текеметке айналдыра білетін шебер. Мүсінші, майлы бояуын кенепке емес, кепкен теріге түсіре алатын өзгеше-өңгеше кескіндемеші. Батик, түкті тоқыма, гобелен, текемет, басқұр жасай алатын, мозайка өре алатын әмбебап жан.
«Атамекен» деп атап, түкті тоқымамен жасап шыққан гобелені санаулы ғана түстердің өзара ынтымағы арқылы өмірге келген сәтті шығарма. Иректеле аққан өзен, бүктетіле орғыған киік, самғап ұшқан құс, аспан, тау өз ишарасын тауып, бір-бірімен сәтті жараса кеткен. Сызығын таңдақ-дақ жалғап, дөңгелегін үшбұрыш, ромб толықтырып, үшкір сызықтарды доғал, имек сызықтар қолдап, толыға толыса, шымыр, еш бұзылмайтын композиция құрайды.
«Бәбісек», «Аударыспақ», «Ашулы бұқа», «Күрес», «Үйір», «Жаңғырық» тәрізді монхром түстермен шешілген жұмыстары көз қуантады.
«Жаңғырық» демекші, астанада, «Назарбаев орталығында» ілінген бұл гоболенде негізгі кейіпкер болып, шығарманың тап ортадасында күн арқалаған, көшпелілердің негізгі түлігі жылқы тұр.
Гобеленде ақ пен қара түс шарпысады. Оның өршіл динамикасы байсалды тыныштықпен қоса бейнеленген. Бұл әдіс картинаға контраст сыйлап, өнбойына үздіксіз қан таратып тұр.
Мұнда мәңгілік жақсылық пен үзілмес жамандық арбасады. Жауын мен шуақ, дауыл мен дамыл болып алмасады. Ат аяқтарынана нық тұрса, жылан иректеле шұбатылып жатыр. Зұлымдық әбжылан болып уын төксе, жақсылық оны салмағымен жаншып-басып, атқа айналып, әлемге шатықты арқырай кісінеп, қуана паш етеді.
Жануар тау арасын жаңғырта кісінеп, оның дауысы көрушіге борандай ұйтқи да толқи жетеді. Жаңғырық жақсылық дабысы болып гобеленнің оң жақ, жоғары бөлігінен құлдилай кіріп, сол жақ жоғары бөлігінен сытыла, сыртқа ұшқан әлдебір құстың ұшу траекторясымен, бізге де шағылып, түу алысқа, одан да әрі ауаға сіңіп кеткендей.
Суретші өмірдегі ылғи жеңіліс тауып жататын жақсылыққа «Жаңғырық» арқылы осылай жеңіс әпереді.
***
Заманның өзімен ала келген жаңалығы мен мүмкіндігін мейлінше пайдаланғаны өз алдына, жасалып болған жұмыстарын әрі қарай дизайнмен ұштастырып, жасаған бұйымдарының багет-рамаларын ерекше қылып жасау – Құттыбек өнерінің ерекше бір қыры. Елде жоқ багет істеп, оны неше түрлі формаға келтіріп, қоңырау іліп, шашақ тағу, оның жиектеріне кесте фрагменттерін жапсыру басқалардың көкейіне келмеген әдіс. (Бұл әдістің өкінішке қарай, кейде бітіп тұрған тамаша жұмысты әшекейлеймін деп отырып, гобеленді «жұтып» қоятыны да бар)
Көшпелі ата-бабаларымыздың мал сүмесімен қоректеніп, оның бүкіл мүшесін, мүйізі мен тұяғын, терісі мен жүнін, қылына дейін кәдеге асырып, тіршілік кебіне үйлестіріп, тұрмыс салтына жарастырса, Құттыбек суретші сол дәстүрді жалғап, түрленте дамытып, оны өнер жолына жұмсайды. Шикізат теріні алып, пұшпақтарынана таспамен ілмектей жөрмеп, жақтауға тартып, екі жағын да айнала көруге арналған өнер бұйымына, этнодизайнға айналдырады.
Сыртын малдың жүніне орай, оның ақ-қара, ала реңдеріне, қылшығының өсу жүйесіне қарай ешбір жерде кездеспейтін, тосын сурет шығарады (Құттыбек шығармасы алаңынан өмірге келген, бейнелеу саласындағы бұл ерекше суретті "панно" деуге де болмайды, "картина" деуге де келмейді). Терінің ішкі жағына майлы бояумен картина жазуға болатын «кенеп» міндетін жүктейді. Сыртымен туыстас, сарындас сюжеттер құрайды. «Түрік қағанаты» сериясына кіретін «Табыну», «Жекпе-жек», «Бүркітші», «Бақыт», «Отбасы», «Жеңіс» атты еңбектері осы сөзімізді қуаттап тұрады.
***
Осы күнде Қазақстанның кәсіби қолданбалы өнер саласында жүрген Құттыбек Тыныбекұлының еңбектері төрткіл дүние музейлерінде сақтаулы. Алматы, Шымкент, Ашхабат, Мәскеу қалаларында, түрлі сыпатта көрмелері өтті. Атақ-даңқ та бір басында. Толассыз насихатталды. Қисапыз марапаталды.
Құттыбектің құттай бала кезінен-ақ Құрасбектей* кемел таланттың жанында жүріп, бірге тұрып, оның жазған сызғандарын көзімен көре, көкейінен өткізсе, бозбала шағында өңкей бір мықты гобелен тоқитын, атақты шеберлермен қанаттаса жұмыс істегенінің өзі – алғашқы, эссеміз басталған кездегі сұрақты уәжімізге жауап бере, оны үстей, айқындай, адақтата, аспандата түседі.
Суретші Жеңіс КӘКЕНҰЛЫ
*Құрасбек Тыныбеков (1947-1980) – Қазақ ұлттық гобелен өнерінің негізін қалаушы, Қазақ ССР мемлекеттік сыйлығының лауреаты
madeniportal.kz