Әділқайыр ЖАНТАСОВ: Нағыз суретші әрдайым еңбекқор келеді

БЕЙНЕЛЕУ ӨНЕРІ
6392

«Мен сурет саламын. Бірақ, нағыз суретші бола алдым ба?» Атырауға танымал суретші Әділқайыр ЖАНТАСОВ осы сауалды өзіне жиі қояды. Дәл осындай философиялық мәні бар мәңгілік сұрақтар Жантасовтың картиналарынан да көрініс табады...

КӨЗҚАРАСТАР ҚАЛАЙ ӨЗГЕРДІ

Өнертанушылар оның жұмыстарына жанрлық анықтама беруге қиналады – қиялға құрылған туындылары қалыптасқан «ұстанымдардан» алшақ тұрады. 2015 жылы аймақаралық суретшілер байқауында қазақ күйлерін картинаға түсірген идеясы үшін «Үздік жаңалық» номинациясын иеленген болатын. Атап айтсақ, бұл Құрманғазының «Адай», «Сарыарқа» және «Ақсақ киік» күйлері, Нұрғиса Тілендиевтің «Махамбет» күйі, Секен Тұрысбековтың «Көңіл толқыны» күйі. Мұндай жұмысты Қазақстанда әлі бірде-бір суретші жасамаған екен.

- Әділқайыр аға, шынымен де, өзіңіз ойлағандай суретші бола алдыңыз ба? Өзіңіз ойлаған деңгейге жеттіңіз бе?

Дұрыс сұрақ. Әр адам өзіне «мен кіммін?» деп сұрақ қойып, өзіне бір жауапкершілікпен қарауы керек. Соның ішінде өнердегі адамдар да. Мысалы мен осыдан жиырма жыл бұрын жеке көрмемді жасамаймын деп шештім. Бұған алғашқы шетелге шыққан сапарым әсер етті. Сол сапарда мен шетелдік суретшілермен сөйлесіп, оларға өзімнің атақ-дәрежемді таныстырған кезде олар маған былай деді: «Бізге сіздің атақ-дәрежеңіздің көп қажеттілігі жоқ, сіз жұмыстарыңызды көрсетіңіз, біз сіздің қандай деңгейдегі суретші екеніңізді содан білеміз» деді. Міне, содан бастап көзқарасым өзгеріп, жеке көрме жасауды доғарып, атақ-дәрежеге көңіл бөлуді қойдым. Қазір тек шығармашылық жұмыспен айналысып, балаларға сурет салуды үйретіп жүрмін.

Тағы бір қызығы, сұхбаттасушымыздың қолөнершілік қасиеті де бар екен. Ол бүтін жиде ағашынан домбыра жасапты.

Қолөнерге қалай келдіңіз?

Менің әкем ағаш шебері болған. Қанмен жалғасса керек...  Бұл домбыраның ерекшелігі - бұл бүтін ағаштан ойып тұрып жасалған. Енді ер тоқым мен қамшы жасап жатырмын. 

- Өзіңіз домбырада ойнайсыз ба?

- Жоқ (күлді). Аздап шертетінім бар.

«ҚАЗЫЛЫҚ ТА ЕТПЕЙТІН БОЛДЫМ»

- Визиттік карточкаңызға «Өнерде әділ, өмірде қайыр» деп жазып қойыпсыз. Бұл сіздің өмірлік ұстанымыңыз деп білеміз. Сіз кезінде Қазақстан суретшілер одағының Атырау облыстық филиалын басқардыңыз. Көптеген түрлі деңгейдегі суретшілер байқауларына сізді қазылар алқасы мүшесі етіп тағайындады. Осындай кездерде сізге «көмек сұраған» ұсыныстар болған жоқ па?

1998 жылы ауылыма көрме жасадым. Танымал бард ақыны, жерлес інім Табыл Досымов маған арнап бір өлең шығарған кезде «Өнерде - әділ, өмірде – қайыр» деп жазып берген еді. Жалпы, менің өнердегі ұстанымым сондай, таза жүруге тырысам. Кез келген шақырған жерге барғанда да ұялмай бара алам. Неге десең, менің өмірге де, өнерге де көзқарасым таза. Ал жалпы қазылар алқасының мүшесі болған кезде ондай ұсыныстар болды. Бастапқыда жай ғана ұсыныстар болса, соңғы кездері күшейіп кетті.

- Жалпы пара ұсынған кездер болды ма?

- Міндетті түрде ол қай кезде де болды. Соңғы жылдары байқауларда қазылық етуден бас тартамын.

- Сіздің соңғы жұмысыңыз әлеуметтік желіде даулы пікірлер тудырды...

Бұл түрлі сауал туғызатын картина. Суретшінің мақсаты да сондай. Мен ерекше композиция құру арқылы адамдарға ой салуды көздедім. Бұл өмірдегі тірлік жайлы философиялық картина. Атын уақытша «Төрт мезгіл» деп қоя салдым. Мен шығармама Пабло Пикассоның «Герника» және Карл Бруллевтың «Помпейдің соңғы күні» картинасының фрагменттерін салып, көп мағына беруге тырыстым. Сосын осының бәрін бақылап тұрған Сальвадор Далидың көзін салдым... Бұл жерде астарлы ой жатыр. Бұл жалпы тіршіліктің болмысы жайлы ой салу, ойландыру мақсатында салынған картина.


- Сальвадор Далиды көп мысал келтіресіз. Ол сіз үшін кім?

- Ол мен үшін өзі өмір сүрген кезеңде үлкен бір мәдениетті қалыптастырып кеткен ұлы тұлға.

- Сіз жұмыстарыңыздың бәсін қалай бағалайсыз?

- 20 жылдан асты, шығармашылық жұмыстарымның бірде-бірін сатқан жоқпын, бәрін бір жерге жинап жатырмын. Тапсырыспен жазылған картиналарды ғана сатамын. Қазір бүкіл жиған-терген 100-ден астам картинам бар. Арманым - жұмыстарымды тұтастай бір музейге тапсыру немесе бір қолдаушы тауып, музейге сыйға беру.

- Атырау облыстық Шаймардан Сариев атындағы өнер музейінің жұмысына көңілім толмайды, қарным ашады дедіңіз.

Мен Қазақстанның барлық мұражайларында болып жүрмін, көпшілігінің жағдайы бір деңгейде. Даму стратегиясы жоқ, көрермен аз. Ұсынысым - Қазақстанда бір жоғары деңгейдегі үлкен музей салыну керек. Мемлекет қаржыландыруды қолға алып, музейлердің суретшілер еңбектерін сатып алуға мүмкіндігі болу керек. Бізде қазір мұндай жұмыстардан гөрі пиар басым. Мысалы облыс әкімі келгелі қанша ақын-жазушының шығармашылық кеші өтті. Қанша ақша кетіп жатыр, ал одан қоғам қандай пайда көрді?

...Қоштасарда Жантасов: «Өнер жалықтырмайды, жалықтыратын – күнделікті күйбің» деді. Расымен де солай ғой.

Айнұр САПАРОВА

Видео: Ғани САҒЫНДЫҚОВ, Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ

azh.kz

Шоу-бизнес

Атақты продюсер Баян Мақсатқызы сұхбат барысында өмірінде өткен қиын кезеңдерімен бөлісті, деп хабар...

Жаңалықтар

Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ Ұлттық музыкал...