Долы да долы, долы күн,Жұртымның неге жолы мұң?Билiктен бастап бәрiнiң,Жалтақтық басқан көңiлiн.Бiз...
Әдеби Ақтөбе
Фотосуре автордан
Биыл Ақтөбе облысы әкімшілігі және облыстық Мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы халықаралық «Әдебиет. Рух. Қоғам» атты республикалық әдеби форумды алтыншы мәрте өткізді. Айтулы жиында облыс әкімі Асхат Шахаров мырза жүлдегерлерге әр тұлғаның аты ойылып жазылған хрусталь статуэткамен қоса миллион теңгеден табыстап, 11 номинация бойынша грант тапсырды. Облыс әкімі Асхат Берлешұлына осы мәжілісті жүргізген Қазақстан Жазушылар Одағының төрағасы Мереке Құлкенов Ақтөбе өңірінен шыққан ірі ақын-жазушылардың таңдамалы шығармаларын халықаралық деңгейге шығарар қуаты мол ағылшын тіліне аударту мәселесін облыс қолдаса деген ой тастады. Форумға ТҮРКСОЙ Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет, Қазақстан Жазушылар Одағының бірінші хатшысы Қасымхан Бегманов, қазылар алқасы мүшелері Әлия Бөпежанова, Кәдірбек Құныпияұлы, Ғалым Қалибек, Қазақстан Жазушылар Одағының Астана филиалы басшысы Бауыржан Бабажанұлы қатысты. Қазылар алқасында жергілікті ақындар Бауыржан Құрманқұлов, Гүлімай Әбішқызы сияқты белгілі ақындар бар.
.jpeg)
Әдеби форумда қазақтың бекзат ақыны Қуандық Шаңғытбаевтың 100 жылдығы және әйгілі сатирик ақын Үмбетбай Уайдиннің туғанына 90 жыл толуына арналған қос конференция мазмұнды өтті. Мұның тұлғатануға берері мол екенін екі күнде айқын білдім. Қазақ сөз өнеріне үлкен үлес қосқан айтулы тұлғалар рухы жаңғырды. Биыл Ойыл ауданында туған жазушы-журналист Табыл Құлыястың туғанына 90 жыл толады.
Ақ-адал суреткер Қуандық Шаңғытбаев «Жырлаймын туған жерді мен, / Бөлмеймін о жақ, бұ жаққа; / Сыйлаймын тұтас елді мен, / Айырмай орыс, қазаққа» деп ұлт болып ұйысудың ғана емес, мемлекет болып зораюдың қағидасын жырға қосты.
Ақтөбе – әдебиет пен өнер мекені, берісі Асан Қайғы, Мөңке биден алса небір аруақты тұлғалар туған жер. Қазіргі ұрпақтары соны артық туған ұлдарын ардақтау арқылы танытуы заңды. Аруақ сыйлау біздің халықтың дүниетаным негізі. Аруақ пен топырақ ажырамас ұғымдар, оның астарында туған жерді сүю, ел мен жерді жанкештілікпен қорғау, өткен тарих, деректі есімдерді қастер тұту, ең түбінде халықтың өзін-өзі аман сақтау түйсігі жатыр. Соны арғы ата-бабалар анық білген. Қазақтыққа шығу, азаттықты сүю, қазақтық ежелден осы далада басталған.
Космостық энергетика бұл топырақтан айқын білінеді. Дарын иелерінен, тектілік қасиеттен көрініс табады. Мынау кірпияз әлем тек жақсыны мойындайды. Қазақ халқының өнер мәртебесін жарық дүниеге танытып қана қоймай, ана тілдің әсем әуезіне, қазақ әніне ынтызар етіп қойған Димаш Құдайберген осы елдің баласы.
Қуандық Шаңғытбаев, Төлеген Айбергенов, Бәкір Тәжібаев, Ізтай Мәмбетов, Тобық Жармағамбетов, Сағи Жиенбаев, Үмбетбай Уайдин, Тахауи Ахтанов, Өтежан Нұрғалиев, Есенбай Дүйсенбайұлы, Қажығали Мұхамбетқалиев атындағы гранттар поэзия, проза, драматургия, сатира, балалар әдебиеті, аударма жанрында берілді. Биылғы жүлдегерлер Нұрлыбек Қалауов, Дидар Амантай, Индира Кереева, Гүлжайнар Қалдина, Есболат Айдабосын, Фатих Сұлтан Йылмаз, Аманжол Исламғали, Ернұр Сейдахмет, Моншақ Абдулова, Балагүл Бәкиева, Айгүл Кемелбаева. Анкаралық жас ақын Фатих Сұлтан Йылмаз Қуандық Шаңғытбаев поэзиясын түрік тіліне аударды.
Байқауға қатысушылар саны 140 болып шықты, сондықтан облыс әкімі Асхат Берлешұлы мәрттік танытып, тағы төрт авторға арнаулы сыйлық, 500 000 теңге грант берді: Мұхтар Шерім, Есенбек Жұмағали, Маржан Ершу, Назарбек Нұрмағамбетов. Қазіргі қоғамда әдебиетті қаржылай қолдау меценаттық құбылысқа жатады. Түп негізінде әдебиет мемлекеттің маңызды ісі, себебі сөз магиясы ел мен жер рухын сақтайтын, халықты дамытатын құдіретті күш. Бұл күндері Ақтөбе руханият саласында қатарынан бірнеше іс-шаралар өткізіп жатты. Соның басы-қасында ұйымдастыру істерін шебер жүргізген облыстық Мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Алтынай Юнисқызы болды. Алтынай ханыммен қатар ұйымдастыру жұмысына Өнер және халық шығармашылығы басқармасының басшысы Назимат Демешова, Өнер музейінің директоры Гүлжан Қонаева белсене ат салысты. Гүлжан Оңдасынқызы тамаша әнші екенін білдік.
Ақтөбеге 2014 жылы Тобық Жармағамбетов пен Сағи Жиенбаевтың 80 жылдық тойына, 2019 жылы «Адырна» журналы байқауының жүлдегері болып екі мәрте Мейірхан ағаның шақыруымен келген едім. Биыл үшінші келуім. Әр келген сайын Ақтөбе қаласы өркендеп, көркейіп келе жатқанына ерекше қуанамын. Тәуелсіздіктен соң туған жердің әдеби тірлігін осынау биікке жетуіне еңбек сіңірген қос ақын Мейірхан Ақдәулет, Ертай Ашықбаев.
Өтежан Нұрғалиев атындағы сыйлық маған бұйырғандықтан Өтежан аға туралы біраз сөз. Ақынды 1994 жылғы қоңыр күзде Алматыда көрдім. Ол кісі Әлия Бөпежановамен сөйлесіп, Одақ ғимараты қасында тұрмыз. Ақынның басында қалпақ, күрең барқыт пиджак киген, қолында сырты таспа баумен буылған кішкене қорап. Оның ішіне «Афина мектебі» кітабын салып алыпты, бағасы 1000 теңге деп қояды. Москвадан оқу бітіріп келген кезім, әдебиет әлемі ешкімге керексіз сияқты тоқырауға ұшыраған өлара уақыт болатын.
Светқали Нұржан «Өтежан Нұрғалиев туралы жалпы мәлімет» атты өлеңінде: «Ашып еді «Афинаның мектебін», / Басын сұқпай қойды оған да тірі жан» деп жазғаны көп сырды аңғартса керек. Өте күрделі, тұңғиық кітап. Бұл кітапты маған 2011 жылы 4 мамырда жас ақын Бауыржан Қарағызұлы берді. Өтежан ақын өмірден озғанына 4 ай өткенде «Афина мектебі» кітабын Бауыржан аманаттап бергені сөзінен білінді. Сонда 12 жылдан соң бұл кітап туралы көлемді эссе (25 бет) зерттеу жазатынымды білген жоқпын. Қазақ халқы аруақ деп бекер айтпаса керек.
Өтежан Нұрғалиевтың өз әлемі жатқан бір космос болатын. Өтежан ақын ымыраға көне бермес мінезімен шетке қағылып жүрсе де, өзінің кім екенін білген, түбі мерейі үстем боларына сенген. Ол қаймағы бұзылмаған антикалық дүниені, тірі табиғаттың әрбір құбылысын құдай санаған және ортодокс діндерге дейінгі көп құдайлылық дәуірді, грек-рим данышпандарын, көне замандар философиясын қазақ білсін деп «Афина мектебі» атты жыр кітабын жазды. Европалық өркениет кілті антикалық дәуірде жатыр. Адамзат балаң шағында ежелгі барша халықтарға тән дүниетаным үстемдік құрып тұрды. Оның қазақша атауы жоқ, орыс тілінде язычество деп аталады. Түп негізінде «язык» – «тіл» деген сөзден шыққан. Яғни, жер бетін мекендеген әрбір тайпаның тілінде кездесетін жергілікті құдайлардың есімінен туындайды. Рим империясында христиан діні күшейгенде мұны пұтқа табынушылық деп қаралап, күпір санап, көне сенім иелерін қуғынға ұшыратқаны белгілі. Кейіннен мұндай пұт құдайларды өлген құдайлар деп жариялаған. Өтежан ақын жазған мына бір шумақта есте жоқ ескі дүние – антикалық құнарлы һәм тылсым әлем сарыны, дүниетанымы таңғажайып поэтикаға толы көне гректер эстетикасына тұнып тұр:
Өткен күзден жеткен бізге,
Зер жамылған тау іші.
Түн жамылған тырналардың
Мың жарылған дауысы.
Өтежан ақынды тірісінде пір тұтқан жас ақындар болды. Соның бірі Мұратбек Оспанов. Ол өзі сүйген жырларды жатқа айтатын. Абай елінде туған ақын, өмірден озғанына жыл толған Мұратбек Оспанов «Қаламгерде» атты өлеңде Өтежан Нұрғалиевке жыр арнап, творчестволық портретін тебіреніспен суреттейді:
Қаламгер деген кафеге мынау жайғасқан едік енді кеп,
Өтежан ағам өкіріп отыр көзінен жасы мөлдіреп.
Дәл қарсымызда қамықса ақын қалайша бұған жан шыдар,
Шарадай көзден шашылып түсті тарыдай таза тамшылар.
Өлеңге құмар өрімдей жастар жырларын жаттап өскен ек,
Соғыстың салған жарасын жанға сол ақын берген кестелеп.
Дүрсілдеп жүрек дір ете түстім ұрғандай токпен денемді,
ЖЕНПИ-ге талай жеңгетай қылдық Өтеғам жазған өлеңді.
Еңселі еді екі иығына екі адам қарғып мінгендей,
Ал енді міне ашық аспанда соғысып жалғыз жүргендей...
Аяныш қылған біздерді көріп өкірді-ай дерсің қайтадан,
Ештеңе енді керек емес деп шарапты төкті шайқалған.
Қоршап алдық та мелшиіп тұрмыз меселін оның қайтармай,
Күңіренеді, күбірлеп еді, іштегі мұңын айта алмай...
Шөркедей болып шөгіп кеткендей өжет ақыным өр кеуде,
Шын інілерім, күнімді менің бермесін деді сендерге.
...Тракторменен таптап тастаған көк шықты қайта қыратқа,
Өтежен ақын көрінбей кетті, көрінбей кетті бірақ та...
Толады кеудем сұраққа!
Бұл процесс әдебиет әлемінің ажырамас стихиясы, ақын-жазушылар бір-бірін оқып-білуі, шын талантты қастер тұтуы күн сөнбейінше үзілмейтін құбылыс.
30.09. / 1.10. 2025.
Айгүл Кемелбаева, жазушы