АЙБЫНДЫ БАТЫР - МӘЛІК ҒАБДУЛЛИН

Фото: ашық дереккөзден

ӘДЕБИЕТ
1925

Бүгін қазақ совет жазушысы, әдебиет зерттеушісі, қоғам қайраткері, филология ғылымдарының докторы, профессор, Совет одағының батыры Мәлік Ғабдуллиннің туған күні, деп хабарлайды MADENIPORTAL.KZ.

2025 жылы Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығына орай елімізде «Ұлы Жеңіс:Ерлікке тағзым, ұрпаққа үлгі» атты ауқымды іс-шараларұйымдастырылып, мерекелеу көзделіп отыр. Бізде осы мерейтой қарсаңында Ұлы Жеңіске үлес қосқан батыр аталарымыздың ерлігі туралы жазып өтуді парыз деп санаймыз.

Ұлы Отан соғысы – әрбір қазақ отбасының жүрегіне өшпес із қалдырған қасіретті кезең. Бұл – тек майдан даласындағы шайқастар ғана емес, сонымен бірге тылдағы ерен еңбек, қиындыққа мойымаған халықтың төзімділігі. 1941-1945 жылдар аралығындағы бұл соғыс Кеңес Одағы үшін үлкен сынақ болды. Қазақ жерінен мыңдаған азаматтар Отанды қорғауға аттанды, олардың ерлігі мен батырлығы бізге аманат болып қалды.

Өз елімізде сіңірген еңбегі жөнінде ауыз толтырып айтарлықтай даңқты батырларымыз аз емес. Өзінің ерлігімен ел есінде қалған батыр ата-апаларымыздың еңбегі әлі де жоғары бағалануда. Ал бүгінгі жұмысымда айбарлы батырымыз Мәлік Ғабдуллин жөнінде айтқым келеді. Ол 1915 ж Көкшетау обл, Зеренді ауылында дүниеге келген. «Бұл кезең қазақ үшін қасіретке толы ашаршылық кез еді. Осы ұлы жұт Мәліктің бауырларын жалмап бітті, тек өзі аман қалды», - деп көрсетеді Мәліктанушы Серік Негимов  батырдың 100 жылдығына арналған еңбегінде. Осы ретте биылғы жылдың 15 қарашасында батыр атамыздың дүниеге келгеніне 110 жыл толатынын да айтып өткіміз келеді.

Кеңес Одағының айбарлы батыры Мәлік Ғабдуллин, сұрапыл соғыс басталған уақытта майданға өз еркімен аттанған еді. Мұратбек Оспанов "Өмір жолы" деректі фильмінде "Ол жауынгерлердің рухын көтеруге бар күшін салды. Соғысқа аттанған қазақтардың көбі орысша білген жоқ. Мәлік ағамыз олардың арасында үгіт-насихат жұмыстарын жүргізді. Қазақ әскерлерінің рухын көтеріп, оларға білгенін үйретеді", - дейді. Ол майданда Панфилов атындағы 8-гвардиялық дивизияның құрамында шайқасып, жауға қарсы асқан ерлік көрсетті. 1942 жылы Новгород облысындағы Холм қаласының маңында өткен шайқастарда Мәлік өз сарбаздарына басшылық етіп, фашистердің қоршауында қалып кеткен еді. Дәл сол сәтте Мәліктің алдында үлкен екі таңдау тұрды. "Шепті бұзып өтеміз не өлеміз. Жауға берілуге болмайды." деді. Намысты, өр рухты Мәлік Ғабдуллин ақыры фашистерді талқандап, ойсырата жеңіп кетті. Сондай-ақ Мәскеу түбіндегі Бородино селосын жаудан азат ету кезінде оның батылдығы ерекше көзге түсті.

Шайқас кезінде Мәлік Ғабдуллин бастаған бөлімше жау шабуылына тойтарыс беріп, екі танкті гранатамен жойды және 12 жау сарбазын тұтқынға алды. Бұл жеңіс Кеңес әскері үшін маңызды жетістік болды. Бірақ шайқаста өзі де жараланып қалады. Алайда ауыр жарақатына қарамастан, соңына дейін күрес жүргізді.

Сөз соңында айтарымыз, атаулы соғыс миллиондаған адамның тағдырын өзгерткен, тарихта мәңгілікке қалған қасіретті кезең. Бұл соғыста халқымыз өз елінің тәуелсіздігі мен болашағы үшін аянбай күресті. Сол батырлардың қатарында Мәлік Ғабдуллиннің орны ерекше. Ол өз ерлігімен, қайсарлығымен және патриоттық рухымен жауынгерлерге үлгі бола білді. 

Автор: Сейтен Қарақат