Қасым-Жомарт Тоқаев бірқатар кездесу өткізді, деп хабарлайды Ақорда. Мемлекет басшысы «Ақ...
Айгүл Кемелбаева. Кітапханалар – өркениетті қоғам айнасы
Фотосурет автордан
23 қазан күні Қазақстан Республикасының Ұлттық академиялық кітапханасында «Мәдени дипломатия: кітапханалардың патриотизм мен азаматтық бірегейлікті қалыптастырудағы рөлі» атты Республика күніне және Кітапханашылар күніне арналған Халықаралық дөңгелек үстел болып өтті. Шетелдік әріптестер онлайн түрде қатысып отырған дөңгелек үстелді Ұлттық академиялық кітапхананың басшысы Күміс Қарсақбайқызы Сейітова екі тілде жүргізіп отырды.
Адамды адам етіп, өркениетті даму жолына салған ұлы күштердің түп негізінде ең әуелі жабайы табиғатта тылсым саналған отты иемдену тұрса, адамзат нәсілі ақыл-ойы биік дәрежеге, қазіргі заманғы жоғары технологиялық даму қуатына жеткені үшін тек қана ұлы мәртебелі кітапқа қарыздар. Мұның алғашқысы Прометей жабайы адамдарға рұқсатсыз от ұрлап бергені туралы көне миф болып таңбаланса, жер бетінде кітаптың құдіреті туралы небір таңғажайып аңыздар баршылық.
Лессинг, Якоб Гримм, Михай Эминеску, Борхес, Мұрат Әуезов сынды классик ақын-жазушылар, ірі интеллектуалдар кітапханашы болып жұмыс істеген. Хорхе Луис Борхестің «Жұмақ дегеніміз кітапхана» деген қанатты сөзі айрықша құрметпен айтылса керек.
Қазіргі заманғы күллі адамзат алдында ерекше таңдау проблемасы тұр. Жер жүзінде табиғатты, бейбітшілікті сақтап қалуға, өркениеттер арасында диалог орнатуға, кісілік қасиеттерді тануға, тұрмыс-салты, дүниетанымы әрқилы халықтар бірін-бірі жатсынбауға, өзара ынтымақтастықпен қатар мәдени серіктестікке бастайтын кие кітап культі екені даусыз. Кітапханалар кез келген мемлекеттің даму үрдісін анық көрсететін елдік нышан, интеллектуальдық және рухани орталық болып табылады.
Осы орайда Күміс Қарсақбайқызы ел басшысы Қасымжомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Кітапхана – мемлекеттің, ұлттық негізгі жады. Еліміз үшін құнды тарихи деректер мен материалдардың дені кітапханада сақталады. Сондықтан кітапхана ісін дамытуға бей-жай қарауға болмайды. Кітап оқырманға қол жетімді болуы керек. Шын мәнінде, озық ойлы, ұлт болудың ең төте жолы – кітап оқу. Сондықтан кітап оқу мәдениетін қоғамда барынша орнықтыруымыз керек» деген сөзін орынды келтірді.
Қазақстан Республикасындағы Сербия Республикасының Төтенше және Өкілетті Елшісі Владимир Йовичич құттықтау сөз сөйлеп, туған отаны тарихында I дүниежүзілік соғыс кезеңінде Ұлттық кітапхана қираған қаралы мезетті еске алып, Ұлттық кітапхананы сақтаудың аса маңызды екеніне тоқталып, ол біздің болмысымызды сақтап қалуға көмектеседі деп айтты.
Қырғызстан Республикасы атынан ЮНЕСКО және ИСЕСКО істері бойынша Ұлттық комиссия атташесі Адина Сапар құттықтау сөз сөйлеп, руханиятта кітапханаларға аса үлкен миссия жүктелгеніне, өзара ынтымақтастыққа жол ашылғанына тоқталды.
Л.Н.Гумилев атындағы Евразия Ұлттық университетінің профессоры, тарих ғылымының докторы Жанна Үркінбайқызы Қыдыралина қазақ және орыс тілінде «Республика күні - мемлекеттің даму мен өркендеуіне ұмтылудың символы» атты негізгі баяндама жасап, Республика күні мемлекеттікке бастаған алғашқы қадам екеніне және елдік мұрат, тәуелсіздік тұғыры нығая түсуіне елдік рәміздердің тигізер ролін айтты.
Отансүйгіштік рухта 150-ден астам әнге мәтін жазған белгілі ақын Ерғожа Тілепбердиев Астана қаласында бұрын 18 кітапхана жұмыс істеп келсе, оған тағы 7 кітапхана қосылғанын ризашылықпен айта келе, менің негізгі жұмысым сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру, адамның жүрегін оятуда кітап оқудың берері мол деп түйіндеді.
IFLA Халықаралық кітапханалар ассоциациясының Президенті Вики Макдональд ханым Кения астанасы Найробиден құттықтау жолдады. IFLA кітапхана саласындағы ең ірі халықаралық ұйым. Әлемдік кітапханалар мен ақпарат конгресі Астанада тамыз айының соңғы күндерінде өткен болатын. Орталық Азияда тұңғыш рет өткен конгресске әлемнің 114 елінен 1700-ден астам делегат қатысып, білім біріктірудің маңызын басты тақырып етіп қарастырған болатын.
Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасының директоры Ғазиза Құдайбергенқызы Нұрғалиева кітапханашы қауымның елдік идеология және кітап мәдениетін қалыптастырудағы рөлі ерекше екенін айтты.
Ұлттық академиялық кітапханасының бас жобасы «Әдеби дәрістер» болса, 46 әдеби лекция өткізген әдебиеттанушы, сыншы Амангелді Кеңшілікұлы өнер, әдебиет, мәдениеттің қоғамға ықпалы және ірі жазушы Владимир Набоковтың әдеби дәрістер арқылы орыс әдебиетін бүкіл дүниежүзіне танытқаны туралы ой қорытты.
Москвадан Россия мемлекеттік кітапханасының директоры Вадим Валерьевич Дуда құттықтау сөз сөйледі. М.И.Рудомино атындағы Россия Мемлекеттік кітапханасының өкілі Мария Александровна Белякова тарихи жадты сақтауда кітапхананың орны ерекше екеніне екпін түсірді.
Қазақстан Республикасындағы Татарстанның Уақытша өкілінің орынбасары Ольга Константиновна Ульданова, Әзірбайжан Республикасының Ұлттық кітапханасынан Парвана Сабырқызы Курбанова, Бишкектегі Қасымалы Баялинов атындағы балалар мен жасөспірімдер кітапханасының жас кітапханашысы Атайхан Ашамаев қазақстандық әріптестерін кәсіби мерекесімен құттықтады.
Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің Ақпараттық технологиялар және кітапхана ісі кафедрасынан п.ғ.к.Гүлмира Исатайқызы Нұржанова «Жастар арасында патриоттық сана қалыптастырудағы кітапханалардың мүмкіндіктері» атты тақырыпта баяндама жасады.
Назарбаев Университеті кітапханасынан пайдаланушыларға қызмет көрсету кеңсесінің жетекшісі Жұлдыз Оразымбетова «Жоғары мәдениет – зор жауапкершілік: университеттің білім беру экожүйесіндегі академиялық кітапхананың рөлі» атты мазмұнды баяндама жасады.
Москва қаласының Россия Мемлекеттік кітапханасының арнайы жобалар бойынша директоры Игорь Анатольевич Горбатов «Деятельность Департамента специальных проектов Российской Государственной библиотеки по укреплению патриотических ценностей и сохранению исторической правды» атты баяндама жасап, елдік рухты күшейтуге кітапханалар қалайша қызмет жасап жатқанына терең тоқталды. ТМД-ның оннан астам елінен кітапханашылар қатысып отырған халықаралық жиын қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде өтті. Кітапханалар тарихи жад, ғасырлар даналығын сақтаушы күш, ұрпақтар сабақтастығын жалғаушы қасиетті мекен екені айқын.
23.10.2025.