Ив Кляйн. Антропометрия №105. 1960 жылҚазіргі қазақ әдебиеті ХХ ғасырдың екінші жартысында модернизм...
Айгүл Кемелбаева. «Құз басындағы аңшының зары»
Фотосурет: yvision.kz
Инсценировка
(2018 жылы классик жазушы Шыңғыс Айтматовтың 90 жылдық мерейтойы құрметіне «Астана Опера» театрында сахналанды)
Студия. Төрде үстел, үстелдің екі басында қос кресло қойылған. Екі адам жайғасып, әңгіме-дүкен құрып отыр.Бір бүйірде оператор жігіт оларды таспаға түсіріп жатыр.
Шыңғыс Айтматов. Иә, туған жер, атамекен әр адамның тағдырын құрайды. Туған жерден алғаныңды тегіс көңіл сүзгісінен өткізіп, бал жинаған арадай жүрегіңе құя білуің керек.
Мұхтар Шаханов. Жұрт мойындаған азамат болсаң да кіндік қаның тамған топырағың жалқы. Сол жалқыны жан-тәніңмен сүю арқылы жалпыға, қалың елге құшағыңды ашасың. Шіке, Сіз мені туып-өскен аулыңыз Шекерге шақырдыңыз. Манастың ата-қонысы Талас даласының түпкіріндегі Шекер ауылы табиғаты төгілген, қырғыз жерінің ғажайып өлкесі екен.
Шыңғыс Айтматов. Әкем Мәскеуде қызыл профессура институтында оқып, анам екеуі төрт баламен жатақханада тұрып жатқан. 1937 жылы саяси науқан басталғанда әкем өзінің халық жауы деп ұсталып кетерін алдын-ала жүрегі сезгендей, аласапыран шақта отбасын өз ауылына жіберуі қандай көрегендік болған. Мәскеуде қалғанымызда, немесе Фрунзеге барғанымызда алдымызда не күтіп тұрғанын кім біледі. Біз Шекерде, әкемнің қарындасы Қарақыз апам мен Досалы жездемнің екі бөлмелі үйінде бірге тұрып жаттық. Жездем мәрт, пейілі кең, тумысынан аңшы еді. Ауылдың қалыптасқан салт-санасы, адамшылық қалыбы, ішкі мәдениеті «Халық жауының балалары» деген түртпекке ұшыратпады.
Мұхтар Шаханов. Жарықтық Ысқақ нағашым жол бойында жатқан тасты көрсе, ерінбей атынан түсіп, басқа жұрт сүрінбесін деп аулаққа лақтырып тастайтын. Көктемде Бадам өзені тасып, ауылдың қақ ортасында тұрған жалғыз көпірді ағызып әкететін. Ауыл екіге жарылып, аз уақытта бір-бірімен қатыса алмай кәріп болып қалатын. Нағашым көпірді өзі сала бастаған соң өзге жұрт көмекке келетін мәрт кісі еді. Дерт меңдеп жатқанда мені шақырып алып: «Қарағым, ақын болам деп талпынып жүрсің. Ақындық текті өнер, ұстана білгеннің ғана бағы ашылады. Сөз құдіреті тек тазалықты қалайды. Көз алдаған дүниенің жылтырағына қызығып, жаңылыс бассаң, сөздің киесі ұрады, аузыңның дуасы қашады» деп өсиет айтты.
Шыңғыс Айтматов. Туған елінің атын ер шығаруы заңды. Туған жерді сүю – өмір бақи өз жеріңде байланып қалу емес. Ақпайтын көл сияқты өз-өзімізбен тұйықталып қалсақ, әлемдік даму мен өркениеттен құр қалар едік
Мұхтар Шаханов. Шіке, қарындасыңыз Роза айтып еді, Шыңғыс әдебиет саласында Лениндік сыйлықты алғанда апам емханада жатты, аяғы күп болып ісіп кеткен. Апам Шыңғыстың мойнынан құшақтап, ұзақ өксіп жылады, бұл қуаныштың көз жасы еді деп. Апам баласының зор абыройға ие болғанын ширек ғасырлық азапты ғұмырының қарымы қайтқандай, Төреқұл рухының жеңісі ретінде қабылдады! Сол уақыт үшін бұл жеңіс тек қырғыз халқының мерейін өсірген жоқ, күллі Орта Азия мен Қазақстан халықтары үшін зор мақтаныш болды.
Шыңғыс Айтматов. Анам Нағима Хамзақызы жас, көрікті болатын, әкемізді өлімге қия алмай, 21 жыл өткенде «Өлгеннен соң ақталды» деген ресми анықтама келгенше жамандыққа көңілі сенбеді.
Мұхтар Шаханов. Баяғыда Сырдария тасып, бір байдың мал-жанын, дүние-мүлкін ағыс жалмапты. Ақсақал малту біледі, әупіріммен тірі қалып, «Иә, құдай ақырымды бере ғөр!» деп жалбарыныпты. Жағада бір жігіт шалдың сөзіне күліп, «Сізде не ақыр қалды?» дейді. Шебер құдай біраз жылдан кейін әлгі тоқмейіл жігітті, үй іші аштықтан қырылып, тіленші болған байғұсты ақсақалдың үйіне айдап келтірмей ме! Шал астан соң: «Мына жеңгең жесір отыр екен. Екі жарты бір бүтін болып бас құрадық, біраз малымыз бар, бар дәулетім мынау екі-үш тентек. Құдайдан ақырын бер деп сұрағаным сол еді. Тілегім орындалды, Аллама мың да бір разымын» депті.
Шыңғыс Айтматов. Тірі адам қателесуі заңды, бірақ тәубе қылу сол қатені жуып кетеді. Қырғыз халқы «Манастан» айрылып қалудың аз алдында тұрғанда қазақ халқының ұлы перзенті, жалпақ әлем мойындаған жазушы Мұхтар Әуезовтың ұлы эпосты қорғап қалған тарихи сөзінің арқасында «қара тізімге» ілікпей аман қалғанын ұмытпас. Өзіммен бірге сапарға ала шығатын екі ұлттық қазынам бар. Олар «Манас» пен Мұхтар Әуезов, «Абай жолы» романы.
Мұхтар Шаханов. Саяқбай Қаралаевты көре алмай қалғаным. Көрнекті режиссерлер Төлеміш Өкеев, Болот Шамшиев, Мелис Убукеевтердің деректі фильмдерінен «Манасты» қалай құбылтып орындағанын сан рет тамашаладым. Ақындық, айтқыштық қуатына тәнті болғаным соншалық, тебіреніп көзіме жас алдым.
Шыңғыс Айтматов. Саяқбай бірде халық клубқа сыймаған соң «Манасты» ашық алаңда айтпақшы болып, кенет құйып кеткен нөсердің астында, жаңбырмен жарыса жыр төкті. Ел тыпыр етпей тыңдаған. 1959 жылы жыршымен кездесуде Саяқбайдың сөзін өзге ұлт өкілдеріне аударып беріп отырғанда естігенім. Ол бала кезінде қой бағып жүріп, терек түбінде ұйықтап қалады. Қолында жарқыраған найзасы бар арғымақ мінген зор адам шауып келіп: «Мұнан былай сен Манас жырын айтасың. Кәне, аш аузыңды!» деп аузыма зәрін шаптырып жіберді» – деді. Көпшілік ішінде әйелдер отыр, ұялғаннан мұны «Аузыма түкірді» деп аудардым. Аян түстен соң оған «Манас» қонған ғой. Бельгияда бір кездесуде сол оқиғаны өзгертпей баяндап бердім. Бір француз жазушысы: «Мұны неге бүгіп жүрсіз? Ең керемет жері осы емес пе?!» деп таң-тамаша қалды.
Мұхтар Шаханов. Аруақ қонған деген сол.
Шыңғыс Айтматов. Қазақ пен қырғыздың айдарлы ақындары: Сүйінбай мен Қатағанның, Жамбыл мен Тоқтағұлдың, Тоғолоқ Молдо мен Үмбетәлінің, Кенен мен Алымқұлдың қоян-қолтық араласуы бүкіл елдің ауызбірлігіне, ұйытқысына дәнекер болған ғой.
Мұхтар Шаханов. Қазақтың Жетісуын жырымен тербеген Жамбыл ауылдың тоң мойын, томар бас болыс, биіне өкпелесе: «Бір бауыр қырғызыма – Шабданыма кеттім деп» деп Алатаудың күнгейін бетке ала жөнеледі екен.
Шыңғыс Айтматов. Тарих, әдетте, құжатталған фактілермен расталып отырады. Ал біздің халықтарымыздың тұрмысында болған оқиға көбіне-көп аңыз-әпсанаға айналып кетеді. Замандастары мен кейінгі ұрпақтардың оқиғаға көзқарасы да осыменен көлегейленіп тұрады. Сібірден, айдаудан қашып келген Тоқтағұлға зілденген қырғыздың бегіне Жамбыл: «Тоқтағұлдай ақын бір ғасырда бірақ туады. Енді оған қарсы бір ауыз сөз айтылса, асты тастап кетемін» дейтінін біздің шалдар аңыз қылып айтады.
Мұхтар Шаханов. Қас жақсылар бір-бірін шын сыйлап, ардақтап өтпесе мына өмірдің несі қалады?
Шыңғыс Айтматов. Адамның әр іс-қимылы түгілі, тіпті, жақсы, жаман ниеті, ойының да жаңғырығы болмай қоймайды. Өмірдің осы құпиясы адамдардың негізгі түйсігінен әлдеқайда тереңде жатыр.
Мұхтар Шаханов. «Тіршіліктің иірімі неге мұнша көп еді, / Арың өлсе, тәнің қатар өледі?! / Бір қасиет бар әлемде қаққан жұмбақ қанатын, / Артық кетсең, қатал қолмен тәубеңді еске салатын. / Әрбір оғаш қылығыңды ұмытпаған, кешпеген, / Ол – табиғат заңдылығы ғылым әлі шешпеген. / Сәл көңіліме желік енсе, қасиетті сол заңға / Қайшы келіп қалам ба деп сескенем».
Шыңғыс Айтматов. Ұлы композитор Дмитрий Дмитриевич Шостакович маған санаулы ғұмырыңның әр минутын есепке ал деп еді. Өмірге деген шексіз іңкәрлік пен жанының мөлдір тазалығы – Шостакович әлемін құрайтын басты элементтер еді. Рухани қазынасы шексіз бай, аса мейірімді, жатқа да, жақынға да жақсылық жасауға әзір тұратын, кішіпейіл де кісілігі мол таза орыс адамының бірегей бітімі болатын. Ой, дүние-ай десеңші!
Мұхтар Шаханов. Шығармашылық өнердің ең ұлы бақыты – ұлт пен ұлыс таңдамайтындығы ғой, шіркін!
Шыңғыс Айтматов. Мұқа, «Тұтас халықтардың достығы жеке адамдардың байланысынан құралады» деген сенің аузыңнан түспейтін мәтелің бар. Әдебиеттегі, кешегі жарық жұлдыздардың өзара ынтымағы қандай еді, шіркін! Бір-бірін іздеп барып, сағынып жолыққандарын көргенде көзің тоятын. «Қардошым» деп жүретін, қапсағай бойлы, қара торы Ғафур Ғұлам аға, көп үндемей, көңіліңді оқып отыратын Айбек, жүзінен күлкі арылмай, кездескен сайын, құшағын жаятын Берді Кербабаев, көкірегі тұнған шежіре Сәбит Мұқанов...
Мұхтар Шаханов. Өзбектің көрнекті жазушысы Насыр Фазыловтың Сәбең туралы «Мейірім» деген естелігі бар, Сәбеңнің мәрттігі баяндалған.
Шыңғыс Айтматов. Мұхаң туралы Сүйменқұл құшырланып: «Осы ұлы адамның қырғыз еліне жасаған азаматтығы теңдесі жоқ. Түбінде қырғыздар Мұхтар Әуезовке ескерткіш орнатуы тиіс!» дегені ойымда. Сүйменқұл Болот Шамшиевтың «Қараш асуындағы атыс» атты фильмінде Бақтығұл рөліне түсіп жүріп, екі бүйрегіне қатар суық тигізіп, дертті елегісі келмей, кинодан босаған сәтінде полотносын керіп тастап, тау бөктерлеп, Ыстықкөл жағалап, көз жауын алатын суреттер галереясын жасамады ма! Әттең, жасындай жарқылдап тұрған кезінде кеткені жанға батады.
Мұхтар Шаханов. Сүйменқұлдың қазасы кино өнерін ойсыратып кетті. Сүйменқұл Чокмаров қатты сырқаттанып, Мәскеуде ауруханада жатқанда, Сізді көңілін сұрай жиі барып тұрды, кезінде ділгір бір аппаратты табуға үлкен көмек жасады деп есіткемін. Совет Одағы тұсында әр халықтың таңдаулы өкілдері биік өнерімен танылғаны қуанышты. Қазір бұл мүмкіншілік кеміген жоқ, бірақ әдебиет коммерциялық тауар болып шыға келгеніне наразы екеніңізді білемін.
Шыңғыс Айтматов. Совет Одағы тараған соң шексіз еркіндіктің жөні осылай болады екен дегендей коммерциялық теледидардар, кинотетарлар экраны жаппай адам өлтіру, зорлау, қорлау, кітап дүкендері де мәдени көркемдіктен алыс, ату-асу, қуғын-сүргін, сексуальды манъяктар, ұят пен адамшылықтан жұрдай арсыз қаһармандар қаптаған өткір сюжетті детектив кітаптарға толып кетті.
Мұхтар Шаханов. Халық мұның тауқыметін тартпай қалмайды. Қазақ «Сынықтан басқаның бәрі жұғады» деп жамандықтан, кеселден шошынғанда айтқан.
Шыңғыс Айтматов. Бұл бассыздық, шексіз еркіндік біздің алдымыздан ұлттық салт-сананың, дәстүріміздің азып-тозуы боп кезіге ме, тарихи жадыдан айрылу боп ұшыраса ма, әйтеуір, іс-з-тозсыз кетпесі анық. Өйткені дүниеде себеп-салдарсыз еш нәрсе жоқ.
Мұхтар Шаханов. 18-ші ғасырда француз ақсүйектері қолдағы бар билік пен беттегі беделден, маңдайдағы бақтан айрылып, құлдырауға, іштей тоқырауға тап болғанда маркиз де Сад сияқты жазушылар садизм идеясын қоғамға таңды.
Шыңғыс Айтматов. 1943 жылы Жиде ауылында тұрамыз, анам ауру, ақпанда отбасымыз зор қайғыға душар болды. Соғыс зардабын айтып отырған жоқпын. Жалғыз асыраушымыз – сиырымызды колхоз қорасынан ұрлап әкетті, жеке мал қорамыз жоқ болатын. Ыза мен кек буып, ұрыларды өз қолыммен өлтіргім келіп, көршіміз тракторшы Темірбектен мылтық сұрап алдым. Егістікпен, ойлы-қырлы жерлермен тоқтамастан жүре бердім. Айнала мүлгіген тау мен жазық дала. Күн екіндіге таянды. Ескі қорым жақтан есек мінген қария жолықты. Ашудан амандаспаппын да. Ол мені өзі тоқтатты, мән-жайды білді. «Сен мені тыңда, балам. Адамды ойша да өлтіре көрме, тіпті қарғыс атқан ұрыны да. Ақылымды алсаң, үйіңе қайт. Ғұмыр бойы есіңде сақта, жауыздық жасаған адамды өмір өзі жазалайды. Оған күмән келтірме. Ал сені өмірдің өзі ризалайды. Бақыт өзіңді іздеп келеді. Оның жүрегіңе қонғанын білмей қаласың. Бүгін бір сиырыңды ұрлатсаң, ержеткен соң сенің көп сиырың, бәлки, жүз сиырың болады» деді.
Мұхтар Шаханов. Әулие кісі екен. Айтқаны айдай келген.
Шыңғыс Айтматов. Кейін ойладым, дүние жүзі бойынша көп тиражбен шығып жатқан кітаптарым менің қазіргі сиырларым емес пе екен? Әулие ақсақал соны мегзеп айтқан шығар...
Мұхтар Шаханов. Лев Толстой: «Әрбір сүрінгеніңді бақытсыздық деп санама. Бәлкім, сенің шын бақытың сол жерден басталар», – депті. Шіке, «Ғасырдан да ұзақ күн» атты романыңыз әлемнің әр тіліне аударылып, дүние жүзі оқырмандарын таң қалдырды. Романның аса күрделі сюжеті ойыңызда қалай оянды? «Мәңгүртизм» мен космостық құрсау идеясын, яғни жеке адам мен күллі әлемдік проблеманы қалай қабыстырдыңыз?
Шыңғыс Айтматов. Романды жазарда мәңгүрт тақырыбын үңіле зерттедім. Бала күнімізде жөн-жосықты білмейтін біреулерге: «Ей, мәңгүртсің бе, өзің?» деп жатқанды құлағымызбен талай естідік. Адамның мәңгүртке қалай айналатынын білмесек те, сүйектен өтер ауыр сөз екенін сезуші едік. Алғашқы дерек қырғыз халқының ерлік пен елдік энциклопедиясына айналған «Манас» эпосында кездеседі. Тентектігі мен шыдас бермес күшінен қорыққан қалмақтар бала Манасты мәңгүрт етпекке бел байлайды. «Баланы ұстап алалық, / Басына шіре салалық, / Үйге алып барып қиналық, / Алты ағайын қалмақтың / Аяқ басын жиналық», – дейді. Мәңгүрт пен шіренің мағынасын алпысыншы жылдарда Саяқбай Қаралаевтан сұрағаным бар. Тоталитарлық жүйе тұсында тұтас қоғамға, адамның ақыл-ой, түсінігіне идеологиялық шіре салды.
Мұхтар Шаханов. Саналы адам баласын, оның ең ғаламат байлығы – ақыл-есін бағындыру арқылы мәңгүрт - тірі өлік зомбиге айналдырып, құл қылып ұстаудың зұлмат құпиясы ерте заманнан бар сұмдық екен. Африка өзендерінде тіршілік ететін қос тісті балықтың жон арқасындағы улы қылтанақты тамаққа қосып берсе, адам денесі көгіс тартып, тіл тартпай кетеді. Өлікті зиратқа жерлеп, 4-5 күннен соң жасырын қазып әкетеді. Бақсы-балгерлер бөгде адамның құлағына шалынбаған аса күшті дуаларын оқып, жасырын ем-домдарын қолданып, өлікке жан бітіріп, тұрғызып алады. Жеті мүшесі сау, бірақ миының жартысы өлген, өз атын, тегін, туған жерін ұмытқан миғұла құрбан қара күштің иесі болып, құлдыққа басы байланып, қожайынының бұйрығын орындауға көшеді. Австралия аборигендерінде бұл сұмдық тыйылмай отырған сыңайлы. Сиқырдың күшімен қайта тірілткенде, өткенін ұмытуға мәжбүр етеді. Мұндай зомбидің ақыл-есі бүтін адамнан сырттай еш айырмасы жоқ, тек бір нүктеге мөлиіп отырады да қояды дейді. Бәрінің ар жағында садизм жатыр. Бірі Азия, бірі Африка құрлығында дүниеге келген мәңгүрттік пен зомбилық. Адамды ақыл-есінен айырудан асқан қылмыс бұл пәниде бар деп кім айта алады?
Шыңғыс Айтматов. Әр ұлттың өз дәстүрі өзін аман сақтауға себі мол.
Мұхтар Шаханов. Бұрын қазақта екі жүзден екі жүзден астам тыю заңы болған дейді. Ішіп отырған құдығыңа түкірме, жасы үлкен адамның алдын кеспе, төрде одан жоғары отырма, кемтар адамға күлме, өлімге көңіл айтқан соң басқа адамның үйіне кірме, үйде отырып ысқырма, бос бесікті тербетпе, құмырсқаның илеуін, құстың ұясын бұзба деген сияқты. Осы тыю заңдары жинақталып келіп, ұлттық ерекшелігімізді, мәдениетімізді, әдебиетімізді, тіліміз бен ділімізді, иманымызды көздің қарашығындай сақтады. Яғни, ұлттық идеологияның міндетін атқарды. Әр елдің үлкен адамгершілікке байланған ата дәстүрінің болуы қандай ғанибет!
Шыңғыс Айтматов. Мұха, сөзің шын, қаншама ғасырлар бойы тілі, діни нанымы басқа болғанымен, адамзат қоғамы таңдап, іріктеп, сұрыптап қалыптастырған ортақ бағыт, ортақ көзқарас жоқ деп айта аламыз ба? Құдайға шүкір, бар! Ұлттық тәрбие, ішкі мәдениет бізді тұрпайылықтан, азғындаудан сақтайды.
Мұхтар Шаханов. Қазақ халқының бірлігін бұзбай, іргесін сетінетпей, мемлекет дәрежесіне көтерілуіне үш жүздің Төле, Қаз дауысты Қазыбек, Әйтеке сынды төбе билерінің сіңірген еңбегі өте зор. Айтпақшы, Сіз Люксембургтың ең жоғары орденімен марапатталдыңыз емес пе?
Шыңғыс Айтматов. Иә. Люксембург герцогы үшін өмірдің басты ұраны – адалдық пен әділдік. Қарапайымдылығы есте қаларлық екен. Орденді маған Грандюктың өзі тапсырды. Бұл мен үшін ұмытылмас оқиға. Оқымыстылық, мәдениет, дүниені философиялық көзбен көре білушілік мұндай елдерде ел басшыларына сөзсіз қажет қасиеттер болып табылады.
Мұхтар Шаханов. Нұрсұлтан Назарбаев Сізге «Қазақстанның халық жазушысы» мәртебелі атағын берді. Ислам Каримов Өзбекстандағы ең жоғары награда «Достық» орденін өңіріңізге тақты.
Шыңғыс Айтматов. Қазақстанда жүзден астам ұлттар мен ұлыстар мекендейді. Осындай үлкен елді қоғам алмасқан өлара кезде, ұлтаралық қатынастардың шиеленіскен тұсында басқару Нұрсұлтан сияқты әлем назарына іліккен саясаткерге де оңай жүк болмағаны айқын. Екеуміз Алматыда, Мәскеуде, Брюссельде жүздесіп, талай мәрте сұхбат құрдық. Осы кездескен сәттерде Назарбаевтың рухани бай, білімдар адам екеніне көзім жетті. Әрине, ел басқаруға мұның өзі де аздық етеді. Десе де, жан дүниесі таяз адамнан үздік саясаткер шықпасы анық.
Мұхтар Шаханов. Нұрсұлтан Әбішұлы сол тоталитарлық жүйенің тәлім-тәрбиесін көріп өскен саясаткер болса да өнер десе, жайнап кететін жайдары жан. Бір республиканың Президенті екенмін деп кеудесін керіп тұрмай, үлкен тойлар мен салтанаттарда домбыраны күмбірлете шертіп, сүйікті әндерін шырқайды. Ұлттық тамырын ұлық тұтып қастерлейтін билік пен лауазым иесі мемлекеттік идеологияның бас ұстасы десе болар. Шіке, Сізді қырғыз халқы президенттікке лайық көрген, бірақ Сіз ел басқарудан бас тартқаныңызды білемін.
Шыңғыс Айтматов. Әркімнің шама-шарқына лайық өз шығар биігі бар. Тағдыр бізге қалам қуатын нәсіп етіпті. Орынымен пайдалана білсек, сөз қуаты – баға жетпес қару.
Мұхтар Шаханов. Ақын-жазушының ұлы парызы сөз құдіретімен елі мен жерінің табиғатын, рухани байлығын қорғау екені даусыз. Сөз қуатын құдай оларға соның үшін дарытқан.
Шыңғыс Айтматов. Қырғыз халқында сан ғасырдан келе жатқан Қожажаш мергеннің қасіреті жайында ғажайып ертегі бар. Кезінде Дайсаку Икэдаға айтып бергенмін. Әлгі мерген олжасымен бүкіл ауылын асырапты. Аңшы жігіт үйленбек болып, жабайы аңдарды бұрынғыдан да көбірек аулайды. Құндыз терісін тау қылып үйіп тастайды. Тау ешкілерін қынадай қырады. Сұр Ешкінің ізіне түскен Қожажаш адам баласының аяғы баспаған құзар шың басына қалай шыққанын өзі де аңғармай қалады. Ақыры құз басында қамалып қалған мерген өзінің шектен тыс қатігездігі мен мейірімсіздігіне лағынет айтып, тау-тасты жаңғыртып, боздаумен, зарлаумен болыпты. Қалыңдығы кешірім сұрамаққа тау кезіп, Сұр Ешкіні іздейді. Кәртайғанша тентіреп іздейді. Құндыздардың айлы түнде қыз ұзату тойына кезігеді. Сонда сорлы кемпір құндыз екеш құндыздардың қуанышындай шаттық та маған жолықпады-ау деп зар жылапты.
Мұхтар Шаханов. Қазақта суыр қыз ұзатады деп айтады. Қожажаш ертегісі – жалпы адамзаттық қасіретің жоғары сатысы. Адам баласы бір оқиғаны әр қырынан көріп, әр қилы түсінікпен ұғынады десек те, бәрінің төте жолы – трагедия арқылы қабылдау ғой.
Шыңғыс Айтматов. Бес қаланы жалғастырып жатқан Брюссель – Люксембург – Триер – Кобленц – Франкфурттың арасында автован бар. Шетелдің неше түрлі машиналары үш-үштен алты қатар болып, күндіз-түні ағылып жатады. Автованның жан-жағын жүздеген шақырымға дейін темір сыммен мұқият қоршап тастаған. Әлгі даңғыл жол тауда да, төбені де, тоғай мен көлді де кесіп өтеді. Жолдың бір жағындағы аң екінші жағына өте алмайды. Яғни табиғи тұтастық бұзылған. Осы тұйықтан шығу үшін бұлар не істеген дейсің ғой? Автованның үстінен әр он шақырым сайын жолы кесіліп қалған елік пен бұғы, қабан мен қоян, шаян мен жыланға арнап аспалы көпір салған. Міне, адамдық эгоизмді жеңудің, тірі табиғатқа жанашырлықпен қараудың, яки өркениетті түрде дамудың бір көрінісі.
Мұхтар Шаханов. «Әр мұзбалақ өз әнін айта келер, / Айта білу – ежелден байтақ өнер. / Тауға шығып тас атсаң, айқайласаң, / Жаңғырық боп дауысың қайта келер. / Жауап беріп жататын сан қылыққа, / Бір заңдылық жатыр сол жаңғырықта. / Иә, оған күмән жоқ. / Сондықтан да / Басымды ием сол ұлы жаңғырыққа». Құдай айтты дейді: «Мен адам баласына бәрін бердім, тек ниетін өзіне қалдырдым» – деп. Рас-дағы. Бар мәселе сол ниет, пейілге тіреліп жатыр. Біз рухани тазармай тұрып, ешқандай игіліке қол жеткізе алмаймыз.
Шыңғыс Айтматов. Жыл құстары қаз-үйрек-аққу қайсыбір жылы қарашада қақаған Якутияға қонып, жаппай қырғын тапқан. Ешқашан ұшар бағытынан жаңылыспайтын жыл құстары теріс ұшып, жолынан жаңылуына не себеп деп зерттесе, ауада радиацияның шектен тыс көбейіп кетіп, құстардың сезгіштік қабілетін төмендетуінен шыққан қиямет деседі. Ұшқан құс, жүгірген аңды діңкелеткен радиация екі аяқты пендені айналып өтер дейсің бе?
Мұхтар Шаханов. Жалпы жердегі биологиялық кіші байланыс бұзыла бастады. Бәйкүнә құстардың тағдыр жолынан адасуы мен киттердің өзін-өзі жағаға лақтырып өлім табуы осы ақиқатқа бастайтын сияқты.
Шыңғыс Айтматов. Табиғатта басы артық ештеңе жоқ қой.
Мұхтар Шаханов. Тұлпарын құрметтеу ата-бабамызда ежелден бар дәстүр. Еділ Римді алған соң өзінің Алтынжал деген тұлпарының ер-тұрманын, өмілдірік, құйысқанын сыпырып алып: «Жер шарында менің түркі халқыма қарсы тұрар күш жоқ. Бағыңды байламайын. Бара бер, жануарым!», – деп қоя беріпті. Алтынжал көкке ұшып кетіпті. Халық аңызына сенсек, исі түркі жұртында Атилла – Еділдей ер дүниеге келгенде, Алтынжал жерге қайтадан түседі деседі.
Шыңғыс Айтматов. Мен әнтек басқаша жорыған болар едім. Ол біздің тарихи өзіндік санамыздың ренессансымен, қайта жаңғыруымен қайта оралады. Мифологиялық Алтынжалды күте отырып, Еділ бабаны төл тарихымызға енгізіп, әдебиетте шынайы бейнесін жасап, туған халқымен қайта табыстыруымыз керек. Өйткені Еділ де, Қорқыт ата сынды бөліп-жарылмас ортақ қазынамыз. Үндістердің басты трагедиясы рулық деңгейден аса алмауында жатты. Сол себепті елдік ұғымы қалыптасып қалған әрі көк темірдің тіліне жетік құранды әулеттен жеңіліс тапты.
Мұхтар Шаханов. Иә, бұл дүниеде рухани құлдықтан өткен қорлық жоқ. Басқыншы елдің тілі мен ділін қабылдап, мәдениеті мен өнерін, салты мен дәстүрін мойындап, өз ұлтының бар бояуы, болмыс-бедерінен айрылып қалған халықтар аз ба жер бетінде? Кәнігі жау отарлап алған елін рухани құлдыққа салу үшін жерін иелену, дінін ауыстыру, тілін ұмыттыру сынды басты – басты үш түрлі амал-әрекетке барады екен. Мұның аты – тарихи жадыны өшіру деген сөз.
Шыңғыс Айтматов. Иә, бұлар – еңсені езетін қынжыларлық фактілер. Бірақ, тағы қайталаймын, барлық мәселеге де неден ұтылдық, не ұттық? деген танымдық тұрғыдан қарау керек. Орыс мәдениеті бізді күрделі процеске тартты: ассимиляциямен қатар ұлттық мәдениеттерді 20-сыншы ғасырдағы Еворпа өркениетінің негіздерін күштеп таңу арқылы байытты да. Ал дінге келетін болсақ, олар сірі жанды, тез қалпына келгіш. Дін жаратылғаннан бері адамзаттың тәрбиеші құралына айналып келеді. Дін негіздері төрт-бесеу қана. Саяси, рухани өмірдің бітпес қақтығысы кез келген ұлт пен ұлысты қалай сынға алса, олардың діни көзқарастарын да солай таразы басына қояры анық. Зерделей қарайтын болсақ, діні, ділі, тілі тұтас, бірегей елді замана желі шайқалтуы қиын.
Мұхтар Шаханов. Шіке, махаббат ше? Жарық дүние махаббатсыз тұл емес пе!
Шыңғыс Айтматов. Иә, өмірдің негізі мен асыл өзегі сүйіспеншілік.
Мұхтар Шаханов. «Дәл өзіңдей қайдан ұқсын қайғыңды ел, / Ғашық көңіл – мәңгі жасыл айдын көл. / Ғашықтықпен өткен күндер ғана өмір, / Ал қалғаны жай күндер».
Шыңғыс Айтматов. Мұқа, еске түсірдің ғой сол шақтарды.
Мұхтар Шаханов. «Әйел – біздің әзиз байлық қорымыз, / Әйел – біздің тағдырымыз, / Тағдырымыз болған соң, / Белгілі ғой, бағымыз не сорымыз».
Шыңғыс Айтматов. Қырғыздың «Шолпон» деген классикалық балеті бар еді. Біздің алдымызда олардың да Балтық бойына сапар шегіп, Ленинград балетімен бірге фильмге түсіп жатқан тұсы екен. «Шолпон» балетінде басты рөлді ойнап жүрген Бүбүсара Бейшеналиевамен сол жерде алғаш таныстым. 50-ші жылдардың соңы болатын. Сезіміміз от секілді тұтанды десем, сенбессің...
Музыка. Төрде отырған ақын мен жазушы ақырын орнынан тұрып кете бастайды. Ортаға аққудай қалқып, балерина шығады.
Айгүл КЕМЕЛБАЕВА
6-9.12.2018.