Айгүл Кемелбаева. Сапарғали Бегалин анималистика жанрында

Фото: автордан

ӘДЕБИЕТ
105

Қазақстан Республикасының Ұлттық академиялық кітапханасында 19 қарашада көрнекті жазушы, ақын, тарихшы, этнограф, аудармашы Сапарғали Бегалиннің туғанына 130 жыл толуына арналған «Қазыналы қаламгер» атты әдеби жиын өтті.

Жас өрендер көрермен ғана емес, өнерпаз болып ат салысқан әдеби-музыкалық кешті Қазақ радиосының жетекші редакторы, ақпарат саласының үздігі Жанболат Шәкім жүргізді.

Сапарғали Ысқақұлы Бегалин қазақ әдебиетінде алғашқы қарлығаштар қатарынан ойып орын алған, адал өмір жолымен, азаматтық ар-ожданымен, шығармашылық асыл мұрасымен ұлтқа қас үлгі болар шұғылалы шынайы тұлғалар шоқжұлдызынан екені талассыз.

Қазақ балалар әдебиетінің негізін қалаған жазушының анималистика (латынша «animat» хайуанат) жанрында этнографиялық сипатта «Саятшы әңгімелері» деп аталатын циклдік туындылары ерекше көркем. «Жабын саятшы» атты повесін (әңгіме атауымен берілсе де көлемі, сипаты, құрылымы повестің жүгін көтеріп тұр) екінші мәрте оқығанда құсбегілік энциклопедиясы деп қабылдадым.

Қазақ халқының ежелден жалғасқан ата кәсібі, төл өнері саятшылық, құс салу дәстүрі. Повестің бас кейіпкері Жабын атты қыр қазағы. Жабын образы жанды шыққаны автор оның протопипін анық білген, көзімен көріп, құлағымен сөзін естіген кісінің құнды әңгімесін құнттап жазып алып, құсбегінің есімін, рухын өлтірмей сақтап қалушы рөлін атқарған. Жазушылықтың түп негізінде қазақ сүйсінсе «өшкені жанып, өлгені тірілді» деп бағалайтын қасиетті іс жатыр. Повесте көзге көрінбейтін, бірақ авторға осы дүниені баяндап берген қосалқы автор бейнесі бар. Ол ауылы күншілік жер алыс тұратын Жабынды елге аңыз болып кеткен құсбегілік қасиеті үшін іздеп тауып, этнографиялық зердесі терең әңгімесін естіген құймақұлақ Ғазиз Нұрпейісов деген қарт мұғалім болса, ауызша баянды әдеби өңдеп, хатқа түсіруші Сапарғали Бегалин. Үлкен әдебиетте бұл қалыпты әрі игі құбылыс саналады, сондай-ақ өткен дәуірлердің атрибуттарын іздейтін археолог қазбасына, алтын шыққан жерді ерінбей белден қазатын кеншіге, күмістен түйін түйетін ұстаға да ұқсап кетеді. Мұның астарында ұлттық қазынаны жоғалтпай, елдік рухын өлтірмей, эпикалық сарынын сақтап, шығармашылық отын сөндірмей кейінгілерге тасымалдау жатыр.

Төл сөзге тән белгілердің бәрі сақталған, ауыз әдебиетіне тән, бірақ жазба әдебиетінен еш кем соқпайтын ағыл-тегіл әңгімешілдік, шежірешілдік, тыңдаушысын баурайтын құйма құлақ зеректік, бәрі де шынайы детальдарға құрылған. Дала академигі дейтұғын ақсақалдар институты ескі қазақта аз болмаған, ендеше оқымаған Жабын қарт сондай айтары бар, аузы дуалы жан. Оқиғалар шеруі XX ғасырдың бас шенінде, 1910-1921 жылдар аралығында орын алған. Шығармада реализм күшті, жанама болса да айқын кейіпкер Мәди Бәпұлының (1980-1921) жанды бейнесі бар. Рухы биік «Қаракесек» атты әнімен қазақ халқының өнерінде жарық жұлдыз болып қалған ардақты ақын, әнші-композитор Мәди Бәпиұлы зорлық-зомбылыққа қарсы кісілік әділдігі мен қайтпас қайсарлығы үшін бір туғанына жақпаған тектінің өзі болатын.

Негізінде жазушы атауын «Жабын құсбегі» деп қойса тіпті дөп болар ма еді. Сапарғали Бегалиннің «Көксегеннің көргендері» атты прозалық кітабында жаратылыстану сырлары анық берілген, ел мен жерге перзенттік сүйіспеншілігі, ғылымға жақындығы, айнала табиғатты ұлықтауы оқырманды шынайылығымен баурайды.Шығармада сол уақыттың лексикасы сақталғандықтан тілі өте мағыналы. Құсбегілік кәсіптің қыр-сырын керемет аша білген.

Жазушы қолтаңбасы үшін суреткерліктен асқан мұрат жоқ. Повесте Сапарғали Бегалиннің суреткерлік болмысы боямасыз табиғи қалпында көрінген. Жабайы құстарға байланысты зоологиялық нақты деректер, жер-су атаулары гидроним, топонимдер, шежірелік және тарихи деректер, өткен ғасырдағы Қарқалалы уезіндегі қазақ тұрмысы микроскоппен қарағандай анық. Үлкен тарихи өзгерістер алдында тұрған замана тынысы, атқа мінер ел азаматтарының бейнесі деректі де шынайы. Ат сыны, қыран құстар туралы қазақ танымы, қаршыға мен тұйғынның айырмашылығы өте қызықты оқылады. Аты аталмаса да Ақан серінің рухы аспандайды. Арғын Қаракесек ішінде Жарылғап руынан шыққан Балта ақын Тасыбайұлының "Көк жендет" атты әні қалай шыққаны туралы деректе ескі дәстүрдің көркемдігі жете білініп қояды. Руы Уақ Ұзақ деген кісі топты қаз жабылып қанатымен сабалап өлтірген қаршығасына арнап жоқтау жыр жаздыру мақсатымен туу алыстан ат арылтып Балта ақынды алдырғаны ұлттық дәстүрге лайық астындағы атын, қолындағы құсын кісіден кем көрмейтін ұлттық өр мінезді қоса танытады. 

Жабын шал құдай қосқан қосағы кемпірін шын құрметтеп, тату-тәтті өмір кешкен отбасында берекелі тіршілік еткен қыр қазағы, жасынан жақсы сөзге лақ етіп түсе қалатын, олжасын бере салатын аңқылдақ мінезі бар. Сонымен қатар кедей болса да жаны жомарт, уәдеге берік, мәрттігі айқын Қарман, бай-бағылан Тотай болыстың  қытымыр қажы әкесі, Мәди ақын бейнелері биік прозаның белгісіне сызат түсірмейді. Артық-ауыс құрғақ сөз мұнда жоқ. Қоянды, Кіпитан жәрмеңкесінде театр өнерінің алғашқы белгілері ұшқындап жатқаны сал-серілік құрған Мәди қасына ерткен жолдасы, Жүніс қажының інісі Нөке туралы үзіндіде тұнып тұр. Жабын «Шіркін, Нөке буынсыз ойыншы еді» деп тамсанады. Қазіргі тілмен айтса, ол цирк өнерін көрсеткен.

Қаршығаны қалай баулу, қыран құстар туралы биологиялық ғылыми деректермен қатар қаз-үйрек сияқты момын су құстарының былайғы жұрт біле бермейтін жаратылыс ерекшеліктерін, Арқаға құс келгенде жайнайтын табиғат көрінісін автор құйылта суреттеуі ғажап! Құс салудың аңшылық құмарлығын жазушы Жабын құсбегі арқылы шебер бейнелеген. Қолға үйретілген жыртқыш құспен қаз-үйрек ілдіру қазаққа тән салт.

Иван Сергеевич Тургеневтің «Аңшының жазбалары» атты әйгілі кітабының «Льгов» атты тарауында үйректің сан алуан түрі ұялаған көлден үрке көтерілсе аспанды бұлт торлағандай құс қанаты қаптап көрсетпейтін әсерлі сурет бар. Сол жыртылып айрылған қисапсыз үйректен аңшылар мылтықпен атып алып, ескі қайықтың үсті құсқа лық толғанда оқыс қозғалыстан қайық аударылып кетеді.

Жағда Бабалықұлы мен Абдолла Тұрдыбаевтың «Қырандар» атты танымдық кітабында қаршыға тектестер туралы мәліметте «Қаршыға – өте батыл, өте жыртқыш қыран» делінген. Есенғали Раушановтың «Құстар – біздің досымыз» атты кітабында сұңқар тектес құстар туралы көл-көсір тарихи, әдеби, музыкалық, зоологиялық деректер тірі табиғатқа және ұлтқа деген асқан сағынышпен берілген.

Қазақтың ғарыш қуаты жойқын классик ақыны Ілияс Жансүгіровтың «Құлагер» атты шедевр поэмасы құдайдың құдіретімен соңғы он үш жылда неміс және ағылшын тіліне аударылып, жарық дүнияға кең тарала бастады. 1937 жылы Сапарғали аға жастыққа тығып, қолжазбасын құтқарып қалған «Құлагер», оның құдіретті шабысы әлі жарты әлемге дүбірлеп естілері сөзсіз!

Елжандылық, арлылық, даналыққа тағзым өткен ғасырда өмір сүрген небір айтулы тұлғаларды даралайды. Жақсының аты, ғалымның хаты өлмейтіні сондықтан.

Семей топырағы ядролық жарылыстар 40 жыл тынбаған полигонның эпицентрі. «Тамаша адамдар өмірі» сериясымен Мәскеуде қазақтың үш ірі тұлғасы туралы үш роман жариялаған Сәрсеке Медеу аға Сапарғали Бегалин елге бір келгенде полигонның кесірінен аласарып шөгіп кеткен Дегелең тауын көріп, бала кезде көрген биік тау жоғалды деп егіліп жылағанын айтқаны туған жердің тілмен айтқысыз трагедиясы болатын.  

Әдеби кеште Ұлттық академиялық кітапханасының ғылыми хатшысы Аслан Ғафуров кіріспе сөз сөйледі. Қаламгерлер Маржан Ершу, Алмахан Мұхаметқалиқызы, педагогика ғылымының кандидаты, доцент Бижан Игенбаева, Жұмекен Нәжімеденов мұрасы туралы іргелі еңбек авторы Марат Азбанбаев,  «Хабар 24» телеарнасының тілшісі, «Ағылшынша тіл сындыру» атты шет тілін өз бетімен үйрену кітабын қазақша жазған Ернат Мэлсұлы Сапарғали Бегалин тұлғасы туралы ой толғады.

№ 57, №59 мектеп-лицейі, 101 жәйлі мектеп және №32 мектеп-гимназияның оқушылары, ұстаздар, техникалық колледж студенттері қатысқан жиында ән-жыр айтылып, мәнерлеп өлең оқылды. Атап айтқанда, №59 мектеп-лицейінің «Сырлы саз» вокалды топ ансамблі  «Қазақстан елім» әнін, 32 мектеп-гимназиясының оқушылары Сапарғали Бегалиннің өлеңдерін, "Саржайлау" әнін Мақсат Мұратұлы, «Ахау керім» атты халық әнін Эмили Серікжанқызы, «Науысқы» күйін Дильназ Серікқазы шебер орындады. Сапарғали Бегалиннің «Бала Шоқан» атты повесінен балалар көрініс қойғаны ғанибет болды.  

 

author

Айгүл Кемелбаева

ЖАЗУШЫ

ЖАҢАЛЫҚТАР

Сот бес жасар қызды зорлады деген айып тағылған БҚО тұрғынына қатысты үкім жарияланды, деп хабарлайд...

ЖАҢАЛЫҚТАР

Астанада көпқабатты үйдің қасбеті құлаған сәтте өзгелерге көмек көрсетуге ұмтылып жүріп ауыр жаралан...