Ақын, ҚР Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет Қазақ әдебиетін дамыту тұжырымдамасын жасау ба...
Айгүл Кемелбаева, жазушы. Дәстүршіл ақын
Қасымхан Бегманов
Қазіргі жаһандану үдей түскен заманда Қасымхан Бегманов «Бақыт деген – қазақ болып қалғаның» деп қадап айтуы аксиома. Өйткені әлемде адамның ақыл-ойы, сана-сезімі, рухы, бір сөзбен айтса адам болып, адамшылығын, кісілік қасиетін сақтап қалуына кедергі болатын жамандықтар, ақ пен қараның күресі үздіксіз жүріп жатыр. Өз елінің аман-саулығын, өсіп-өркендеуін ойлайтын, қуат-күші, рухы тірі болғанына ерекше ынтызар ақын-жазушы, суретшілер қауымы екені рас. Оның ішінде де әрине, таңдаулысы, сөз құдіреті құдайдан берілгендер бар.
Қасымхан Бегманов ғылыми экспедиция ұйымдастырып, қаржы көзін тауып, Мұстафа Шоқай жүрген ізбен 8 мемлекеттің жерін басты, шарқ ұрып өткенін, елдік идеяны іздеді. Соның арқасында құдайдың қалауымен жоқ жерден мына мен олжалы болдым. Менің 2014 жылы жарық көрген «Шашты» атты әңгімем осы экспедицияның жемісі болып шықты. Егер Қасымхан аға Шиеліде осынау деректерді үлкен кісілерден жазып алмаса, проза жанрында өзім сүйекті, аруақты әңгіме санайтын «Шашты» тумаған болар еді. Қасымхан ақынның «Мен аңсаймын елес болған ескімді» деген жыр жолы эпиграфқа сұранып-ақ тұр әрі мен сияқты жазушылардың шығармашылық аңсарын таныта түсері айдан анық.
Мен Қасымхан Бегманов туралы бірнеше эссе жазыппын: «Бабалар рухын аңсау» («Қазақ әдебиеті», №44. 4.11.2011; / «Сөз хикмет»); «Мұстафа Шоқай жолымен» («Сөз хикмет» атты әдеби жинақ, 2016); «Аманатқа адалдық. Қасымхан Бегмановтың «Этнографпен әңгіме» атты кітабы туралы» («Жұлдыз», №12.2017 ж. / «Папирус» жинағы. 2020); «Бақыт деген – қазақ болып қалғаның» («Салхар» атты жинақ, 2024). Сонымен қатар көп әдебиеттану мақалаларыма «Этнографпен әңгіме» атты тамаша кітаптан қиюы келсе үзінді сала береді екемін.
Қасымхан Сейітханұлы поэзиядан бөлек қоғам қайраткерлігімен дараланды. Ақынның тірлігінде елеусіз бір шал сияқты пошташы болып жүрген, шын мәнінде көкірегі тұнып тұрған рухани қазына, дала академигі Жағда Бабалықұлымен сыр-сұхбат кітабы қазақ әлемінің энциклопедиясы десе артық емес. «Қазағым, мендей ұлың көп пе сенің, / Қайыспай қасіретіңді арқалаған... »; «Артымдағы иір-қиыр жолдармен, / Мені біреу іздеп шығар түбінде» – деп ақын өзі жазғандай, халқына айтары бар әр тұлға артында іздеушісі болғанын шын қалар еді. Өз творчествосынан бір бөлек айтулы бір тұлғаны жарыққа алып шығу, оның артына қалдырған қазынасын уақыт қатпарында көміліп қалудан аршып алу елін шын сүйетін қалам иелеріне тән кесек мінез. Өйткені онда қисапсыз асыл мұра жасырынып жатады.
Қастерлеп өтем, дәстүрім, салтым, ғұрпымды,
Қазақ деп соққан, кеудемде жүрек бұлқынды.
Ділің мен тілің, айбының алға апарар,
Ардақтап, қалқам, аяла, туған халқыңды.
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, алаштың үлкен ақыны Қасымхан Бегманов «Дәстүр: кеше, бүгін, ертең» аталған 4 томдық академиялық кітапты жарыққа шығарды (2017). Бұл-дағы ұлтық дәрежеде ерен еңбек.
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығына ұсынылып отырған Қасымхан Бегмановтың «Құланиек, құба таң» атты жыр кітабы осы биік марапатқа бек лайық деп санаймын.
11.08.2026.