Қарамекен, Байөлкеде қазақ әдебиеті мен мәдениетінің, тарихының отын маздатып, жоғын жоқтап жүрген...
Айсұлу Орынбасар. Соңғы аялдама (Әңгіме)
Фотосуретті автор ұсынған
Айсұлу Орынбасар – 2005 жылы Алматы қаласында дүниеге келген. Қазақ ұлттық университеті Филология факультетінің 4-курс студенті. «Уақыттан адасқандар», «Аяқталмаған диалог» әңгімелерінің авторы.
Әр кез ұйқысынан көзін әрең ашатын Үміт бүгін анасының маңдайдан сүйген ыстық лебінен бірден оянды. Бүгін әдеттегіден көңілді. Шашының ұйпа-тұйпасын жинамастан, аяғына тәпішкесін іле салып, терезеге жақындады. Пердені бір жағына қарай ысыра бергенде, күннің бүгін шайдай ашық екенін байқады. Ас бөлмеде әкесін жұмысқа шығарып салып отырған шешесіне сөредегі өзіне ғана тиесілі шынаяқты алып бере бергені сол еді, шыныаяқ ұстағышынан қиылып, жерге түсті. Шала ұйқысын одан әрмен ашқандай болды. Шешесінің құйып берген сүт қосылған шайын ішіп отырып, көмейіне бірдеңе сұғылғандай болды. Қабағы шытыла, екі саусағын ұртына салып, көзге көрінбес инені алып шықты. Бос кеседе ине қайдан адасып жүргенін түсінбей, аң-таң болып қала берді. Оған мән беріп жататын уақыты жоқ. Таңғы асын тез ішті де, оқуына шығып кетті. Көшесінің басына жетті ме, жоқ па – әйтеуір метроға кіретін картасын алмағаны есіне түсіп, артқа қайтпақ болды. Үйіне қарай жүгіріп барып, қайта шыға беріп еді:
– Қызым, үйден шыға тұрып, айналып қайта кіргенде, айнаға қарау керек, – деп шешесі тоқтатты.
– Мам, асығып тұрмын, қайдағы айна, – деп бұрыла беріп еді.
– Айнаға қарай салшы. Екінші мәрте кіргенде міндетті түрде қарау керек. Жаман ырым, қызым, – деген сөзін соңына шейін тыңдамастан кете барды.
А. қаласында метро бекеттері санаулы-ақ. Қаланың басты Көкбай көшесімен ғана жүреді. Үміт Ж. бекетінен кірді де, сөмкесін шешіп, қолына ұстады. Бүгін әдеттегіден адам көп сияқты. Сөмкесінен картасын алып, жолақысын төледі де, телефонына көз жүгіртті. Желі кірген бойда үзіліп кеткен екен. Шыққанынша ұстай қоймас анық. Сөмкесіндегі кітаптарының арасына салып қойды.
Адам расымен көп екен. Вагон күтіп, бір-бірімен иық тіресіп тұрғандардың бар ойы – сыйысып, діттеген жерлеріне жетіп алу. Үмітке де қалып қалуға болмайды. Әр минуты есептеулі. Шиқылдатып, пипылдатып метро поезды да келіп тоқтады. Іштен шығар жұртты күтпестен, жұрт ішке ұмтылды. Үмітке есік аузындағы бір бұрыш бұйырыпты. Әдетте құлаққабын тастамайтын, бүгін ән тыңдап жол қысқарта алмасына қынжылды.
Оң бағытта келе жатқан вагон кенет тоқтады да қалды. Т. бекетіне шейін әлі бірталай аялдама бар-тын. Вагон сыртында жарық жоқ. Шамасы, жер асты жолының қақ ортасына тоқтаған сыңайлы. Бірі жұмысына, бірі оқуына асығып тұрған жұрт у-шу бола кетті. Бірде жарық өшті. Бірде қайта жанды. Бірде қайта өшті. Жұрт дауысы сап тыйылды. Үміт өз демі мен жүрегінің соғысынан басқа ештеңені сезіп тұрған жоқ. Бірде арасына үш секундтай салып шыққан тықыл естілді. Тық... тық... тық... Туфли дыбысына келіңкіремейді. Өкшесі бар аяқкиім ауыр кісіні әрең көтеріп келе жатқандай. Өкше дауысымен қоса Үміттің жүрегі де өз дүңкілін тоқтатар емес. Керісінше, дыбыс жақындай түскен сайын жүрегі аузына тығылып, құлағын бітеп соғып тұрғандай сезіледі.
Бірде жарық қайта жанды. Жан-жағына алақ-жұлақ қараған Үміт вагон ішіндегі тең жарты жұрттың ізім-қайым жоқ болып кеткендігін түсінді. Қалай? Қайда? Қашан?
Кенет поезд жүре жөнелді. А. аялдамасына енді жеткен екен. Бұл аялдамадан да түсе қойған ешкім болған жоқ. Бәрі үнсіз. Бірде жүргізуші микрофоны арқылы:
– Соңғы аялдама! Бәріңіз вагон ішін босатуларыңызды сұраймыз, – дегені сол еді, есікке ұмтылған Үмітті:
– Сен отыра бер. Әлі жеткен жоқсың, – деп басын төмен түсіріп, жүзін жасырған кісі ішке еніп кетті. Артынша жұрт вагон ішін тағы толтыра түсті.
– Мыналардың иісінің жаманын-ай. Бәрі бірден қайдан шыққан? – деді ішінен, қолындағы орамалымен мұрнын жауып. – Соңғы аялдама деді емес пе жаңа? Мыналар қайда бара жатыр? Ж. бекетіне шейін тез жетіп алсам болғаны, бастысы. Оқуымнан кешігетін болдым-ау, қап, – деп, түрінен өкініштің лебі бірден көріне.
Ж. бекетіне жете бере вагон ішіндегі жарық қайта сөнді. Алайда көлік өз қозғалысын тоқтатқан жоқ. Керісінше, жылдамдықты үдейе түскендей. Үміт артына бұрыла бере басын көтергені сол еді... Вагон ішіндегі қалың жұрттың көздері қып-қызыл шамдай жанып тұр. Бәрінің үстінде қара шапан. Қалай мән бермеген? Қалай байқамаған? Түсіңдер дегенде қалайша түсіп қалмаған?
Үміттің шыңғырып дауыс шығаруға да демі жетпей қалғандай. Сол қалпында сілейіп тұр. Айналасын қоршаған қалың жұрт не күлмейді, не қимылдамайды. Бәрінің жанары бір Үмітте. Үміттің жанары бәрінде. Жүрегі аузына келіп түсті. Мұрнына жетіп тұрған дем де үзілді. Үміт тұрған жерде сылқ құлағаны сол еді, қалың жұрттың өкшесінен алғашқы аялдамада естіген дыбыспен сәйкес екендігін ұқты. Өзінің де шамы өшті.
Неше уақыт өткені белгісіз, Үміт көзін ашты. Вагон ішінде ешкім жоқ. Тіпті жүргізуші де. Есігін де ашық қалдырыпты. Үміт түсі мен өңінің арасында жатқан-жатпағанын аңғара алмай, сыртқа шықты. Метро іші сол баяғысынша. Сағатына қарап еді, оқуына бес минут бар екен. Осы тұрған жерінде жүгіре жөнелсе, ары кетсе бес минут кешігермін деп ойлағаны сол еді, бекет есігіне жете бере:
– Сіз мұнда қайдан жүрсіз? Сізге кім рұқсат берді? Сіз қай деңгейденсіз? – деп сұрақтың астына ала кетті.
Метро қызметкерлерінің киім формасы өзгеріп кеткен бе немене? Жылтыратып не киіп алған? Пласмасса ма? Синтетика ма? Әйел ме, ер ме өзі? О, тоба, адам айыра алмайтын заманға жетіппіз ғой.
– Ағай, кешіріңіз, мен ұйықтап қалыппын ішінде, сабағыма бара берейінші.
– Сіз не деп тұрсыз? Ұйықтаған нес? Ескі нысанда ұйықтаған нес? – деп сәл кідіріп қалды да, – Үміт, жасыңыз жиырмада, алайда мұнда жүруге болмайтынын білмейсіз бе? Ауаңыз қайда? Суыңыз қайда? Қанша уақытқа жеткілікті қорыңыз бар дәл қазір? – деп, түрінде бір қыл, бір секпіл жоқ адам әлі де сұрақ астына алып тұр.
– Қайдағы ауа, қайда су, қайдағы қор? Ауаны өзіммен тасып жүрмейтін шығармын, суды да керек қылсам сырттан ала саламын... Тоқтай тұрыңызшы, телефонымды қосып алайыншы, – деп сөмкесінен шығара бергені сол еді, әлгі адам екі қадам кері шегініп:
– Бұл не өзі? Қайдан таптыңыз? Дереу жерге тастаңыз. Қазір төтенше жағдайлар министрлігі келе жатыр, өзіңіз де қозғалмаңыз, – деп бар даусына сала жөнелді.
– Тоқтай тұрыңызшы, сіз менің атымды, жасымды қайдан білесіз? Ееее, енді түсіндім, менімен ойнап тұрсыңдар ғой, иә?
– Қайдағы ойын?! Үміт, өзіңіз жайлы ақпарат көз алдымда, шекеңізде тұр ғой.
– Қалайша?
– Солай. Алайда толық ақпараттың шықпай тұрғаны қызық екен...
– Төтенше жағдайлар қызметкерлері келгенше қозғалмаңыз, мен өзіңізден басқа жанның жоқтығына көзімді жеткізу үшін ішін бір қарап өтейін, – деді де, ұша жөнелді. Иә, кәдімгідей ұша жөнелді. Үміттің қақ алдында тұрған қыз кейіпті ер адам еш қиындықсыз метро ішін аралап ұшып жүр. Үміт сонда ғана байқапты. Ер адамның сүйегі темірден, тамырлары қызыл мен көк тоқтан, бұлшық еті синтетикадан екен. Үміттің үні өшті.
Әлгі адам метро ішін аралап жүргенде, Үміт сыртқа жүгіріп шығып, көзінің қарасы домалап, ағы ағылып түсуге сәл қалды. Аспан көк емес, күлгін түсті екен. Күн көзі көрінер емес. Аспанда қалықтаған мұншама көлік түгіл, құс көрмеген шығар. Жер бетінде жүрген мақұлықтар да адам емес сыңайлы. Бірі үш аяқты, бірі төрт қолды, бірі төрт көзді, енді бірі қос қанатты. Бәрінің де жүрісі тік. Ешқайда бұрылмайды, ешкімге қарамайды, ештеңе ойламайды. Барлығының өз миссиясы бардай.
Үміттің бұл – бір минутта аңғарып үлгергені. Айналасы шарайнасына сыймай тұрған Үміт бір кезде демала алмай жатқанын сезді. Мұрны бітеліп қалды ма дейін десе, сап-сау. Демек, ауа жоқ. Иә, ауа жоқ. Жұрттың ауаны да, суды да алақандай құтыда сақтап, тасып жүргендерін енді ұқты. Енді не істемек? Метроға қайта кірмек болды. Төбесіндегі жазу тақтайшасына көзі енді түсті. Латын қарпімен: «200 жылдық тарихы бар нысан. Кіруге рұқсат жоқ!» деген жазуды оқыды.
Метро ішіне қайта кірді. Сөмкесінен картасын алып шығып, төлем терминалына жақындата бергені сол еді, найзағай түскендей шайқалды да, бүкіл метро бекетін күл-талқан етті.
***
«13 қыркүйек күні оқуға аттанған Үміт есімді қыз ұшты-күйлі жоғалып кетті...»
– Мам, одан бері 20 жыл өтті. Көре бермеші мына бір жаңалықты.
– Қайтейін, қайтейін... – деп күңіреніп сала бергені сол еді, «дың» ете қалған телефонының үнін естіп: – Қайсысы-ей, мынау? Кредит деп қақсап, бәле болды ғой.
– Мам, картамды бере салшы, – деген ұлын шығарып салып, жайғасып отырды да:
– Ей, мынау не дейді өзі? Ү-ү-үміт дей ме? Үміттен хабар келді дей ме? – деп аңтарылып, диванға отыра кетті де, бар әл-қуатымен хабарламаны ашты:
– Мам, су берші...