Жетпіс жыл өмір сүрген бір пенде, бар ғұмырын күнәмен өткізеді. Өмірінің соңғы сәтінде қатты науқаст...
Ақын Қанипа Бұғыбаеваның күнделігі
Фотосурет ашық дереккөзден алынып ЖИ арқылы өңделген
***
Жылдардағы басқосқан съездерде, жыл қорытындысында мақтауларын естідім. Менің кемшілігім – сенгіштігім, ғашық болғыштығым, әсіресе жақсы адамдармен сырласуға ғашықтығым. Неге екенін білмеймін, әлдекімді күтіп елеңдеп, елегізіп жүремін, мені біреулер сағынып, мен біреулерді сағынып жүргендей күй кешемін. Түндерде ұйықтаған болып жатқанмен, сонау өткен балалық жаққа, Обломовқа ұқсап, саяхат жасап, анамды, даламды, бір кездегі бала кезімді елестетіп өмір сүріп жатамын.
Қазір өзіме ұнайтын жас ақындардан Танакөз, Оңайгүл Тұржанова, Жанат Әскербекқызы, Тыныштықбек, Маралтай, Жарас Сәрсек, Роза Сейілханова, жазушы қыздар Айгүл Кемелбаева, Гүлзат Шойбекова. Ал сазгерліктен өз қызым Ләззат Қарашева, әншілерден Бибігүл Төлегенова, Роза Рымбаева, Әлібек Дінішов ұнайды. Мен екі дәуірді бастан кешіппін: бірі – бодандық, бірі – егемендік. Осындай елімнің тәуелсіздігін өз көзіммен көргеніме бақыттымын. Мен үшін бейбіт өмірде жарық дүниені жарық таңдай жаныңмен көріп, аман-сау жүруден асқан бақыт жоқ.
Өзім жетпеген өнерлеріме олар жетіп жүргендей. Ұлым Талап – домбырашы, қазақтың Құрманғазы атындағы консерваториясын бітірген. Қыздарым Ләззат – сырнайшы, сазгер, әнші, ұстаз. Ләзиза да қыздар пед-институтын бітіріп, Шоқан Уәлиханов мектебінде музыкадан дәріс береді, сырнайшы. Немерелерім бар. Айдана, Әлия, Ғалымжан, Нәзира атты. Үш баламнан.
Туған жерім – Талдықорған облысы, Ақсу ауданы, Ақын Сара ауылы. Ілияс Жансүгіров, ақын Сара, Қуат Терлікбаевтар дүниеге келген жер. Кішкентай ғана Көкжайдақ деген ауыл кейін Киров колхозы болды, одан өзгеріп Ақын Сара ауылы болды. Мен туған анама қарызбын. Сол қарызымды өтеп кеткім келеді...
Кемшілігім... Жалыққышпын. Мұңшылмын. Қызбамын... Көрсеқызармын. Аузым көп күйсе де, ғашық болғышпын. Мүмкін, ол менің мамандығым шығар... Ғашық болмасам, өлең жаза алмаймын... Жасымды ойлағым келмейді. Атаққұмар емеспін. Адамды адам, адам болғаны үшін сүюі керек қой. Рушыл емеспін. Ұлтшылмын... Жақсы мағынада. Еріншекпін... Ұмытшақпын. Сенгішпін.
Дүниеқорлықты жек көремін. Сұлулықты, білуді, құпияны білгім кеп тұрады. Алданғышпын... Кешегі жазған өлеңім бүгін ұнамай қалады. Тез өзгеремін... Табиғатты ұнатамын. Аспан әлемін аңдып көп қараймын... Атымды Әлия әжем қойыпты. Көршінің Қатипа деген бір жастағы қызына ұйқастырып қойыпты. Мен туғанда үйде туған ғой шешем. Доп-домалақ доптай боп туыппын. «Көтек, бұл не?» деп әйелдер шошып қалып, әрең шешіп, жарып алыпты. Кіндігіме оралып қалыппын. Шар ете түсіппін. Әйтеуір қыз бала екенімді көріп, кіндігімді Несіпбала деген (соғыстан күйеуі қайтпай қалған) әйел кесіпті. Өкпелесе, ренжісе, бірдеңеге үндемей қалады екен. Әкем мені «тура кіндік шешесі үндемей қалатыны» дейтін. Әжем мені 6 жасқа келгенше бағыпты, өзі бауырым Балташпен бірге Ақсуға ағып кетті. Ұстағанмен тірілмеді, сөйтсе, аузын бекіткен кезі екен, аузын жауып алыпты, су кірмепті. Ыстықта суға шомылған немересін ұстаймын дегенде, тасыған су толқыны ағызып кеткен, ол үлкен әңгіме...
Шешем еңбек армиясында жүрген әкемнің соңынан Томскі қаласына 3 рет барыпты. Мені алғаш енесіне 6 айлық кезімде қалдырып кетіпті. Сөйтсе, маған бөлек шәйнекке тамақ, сорпа жасап әжем береді екен. Менен үш жас үлкен Балташ бауырым: «Осы қызға ғана бересің, маған неге бермейсің?» деп жыласа, «Ал, ендеше, мұны апарып жардан лақтырып тастайын», – деп жүре бергенде: «Апатай-ай, жәй айтамын, ағамен тәтем келгенде не айтамын оларға?» – деп жалынады екен, «тастамашы суға», – деп. Сол бауырым ғой, 1939 жылғы болатын. Олар суға ағып кеткенде мен 6-да екенмін.
Бақшасы бос тұрмасын деп, мені 6 жасымда мектепке беріпті. Күмісжан Жақсыбаева деген әдемі тәтей сабақ бергені әлі есімде... Ол бейнебір менің көз алдымда ауада қалқып, ұшып жүрген ақ көбелектей еді, әдемі, әппақ еді. Мені үйге дейін әкеп тастайтын. Жалпы, менің өмірбаяныма өлең жолдарым да жатады. Қайсыбірін айтайын?..
1961 жылы Жамбыл облысына мәдени-ағарту училищесіне бара жатқанда, Алматыға аялдап, Мұхтар Әуезовті көрдім – Опера және балет театрында табытта жатқан сәтін, қара құрым жұртпен бірге. «Бір қолымда таяғым, бір қолымда домбырам, кезіп келем көшені, айтатындай мен бір ән» деп өлең жазғам. Ұлы жазушымен қоштастым. Баян класына түстім. «Гүлдерайым», «Маңмаңгер», «Алқоңыр» әндерін айттым. Мені бөлгенде слухымды байқап (еврей кісі) баянға алды. Бірақ «баян сатып ал» деді, жатақхана жоқ екен. Сүлеев деген үлкен кісі, оқу ісінің меңгерушісі, мені училищеге жақын бір үйге орналастырды. Бұл Әтина Жәкетова деген («Әйелдер» журналының редакторы) апайдың туысы болып келеді екен. Сырғаш деген үй иесі сұлу жас әйел өте мейірімді адам екен. Кейін мені өзі Ұзынағашқа іздеп келді.
Балаларды жұмысқа алып кеткенде, мен үйге барып ақша, киім-кешегімді алып келейін деп ауылыма келсем, олар мені: «Әкең сені біреу өлтіріп кетеді, керегі жоқ, бармайсың», – деп жібермей қойды. Аудандық мәдениет үйінің жанынан құрылған көшпелі автоклубта 10 жылдай істедім, көзі тірі Хабиев, Әлімқұл Жамбыловтармен бірге. Одан соң аудандық өлкетану музейінде 7–8 жыл істедім, аудандық балалар кітапханасында көп жыл істедім. 1962 ж. майда Қазақ ССР Жоғарғы Советінің грамотасымен наградталдым. 1993 жылы Абайдың 150 жылдығына арналған түрік поэзиясының халықаралық II фестивалінің жеңімпазы атандым. 1996 жылы Жамбылдың 150 жылдығына орай қазақстандық өнер, әдебиет делегаттарымен бірге Санкт-Петербургке бардым. Сондай-ақ Абай, Жамбыл, Мұхтар, Қаныш, Бақтыбайға арналған мүшәйраларда жүлделі орындарға ие болдым. Абайдың туған күнінде Семейдегі 150 жылдық ұлы тойына қатыстым. «Жаңа ғасыр жарнамасы – 2001» байқауы бойынша Қазақстан Республикасының рәміздерін насихаттауға арналған мүшәйрада бірінші дәрежелі орынды иеленіп, Құл-Мұхаммед қол қойған дипломмен, сыйға компьютер алдым.
Шығ... (Тұңғыш кітап – 1963. Екінші дәптер – 65. «Ақ сүт», «Қара торғай», «Ару ана», «Ана жыры», «Жыр және жүрек», «Қыз дәурен», «Көк белестер», «Менің даусым», «Гүлдер көзін ашқанда», «Домбыра дәурен», «Қоңыр жел», «Шұғылалы шақ», «Қоштасқым келмейді», «Құс жолы». Қазір «Жазушы» баспасында «Аққу әні» атты 20 баспа табақ өлең, поэмалардан құралған қолжазбам жатыр... 1980 ж. «Чудесный сад», «Весенний дождь» атты орысша шыққан қазақтың ақын қыздарының өлеңдерімен бірге өлеңдерім жарық көрген. Кей-кейде мақаласын да жазып қоятыным бар. Шыққаны, шықпағаны бар, олардың.
Кітап оқығанды ұнатамын... Халық әндерін айтқанды жақсы көремін, дем алып қаламын. Тынысым кеңіп қалады. Өз қолыммен бірдеңе тіккенді де ұнатамын, уақыт болғанда. Әкемді Қожанасыр деп те атайтын ауылы, сол кісіге ұқсастығым да бар-ау деймін...
Әкемнің аты – Әбдірахман, шаруа, қол еңбегімен бізді асырап бақты, 1983 жылы 78 жасында қайтыс болды. Шешем Нұрғайша Сенбіқызы 1959 жылы асқазаннан, 49 жасында кетті. Менің аяғымның жазылғанын көре алмай кетті. Көп жылайтын мені ойлап, оңашада, аяп... Мен де жұлдыздарға қарап, жусанның түбінде отырып (шешем өлгеннен кейін), айға қарап: «Құдай-ау, менің не жазығым бар еді? Неге менің аяғымды жазбайсың? Жұрттың қызы секілді мен де жігіттермен билеп, күйеуге тиетін күн болар ма екен?» – дейтінмін. Сол сөзімді Құдай естіген болар, тілегіме жеттім ғой... (әзіл)
Өйткені 10-шыны бітірмей жатып қыздардың бәрі күйеуге тиіп кететін, соларды мақтап, әкем: «Әне, пәленшенің қызы күйеуге тиіпті. Сені ешкім алмайды», – дегені жаныма бататын. Күйеуге тию деген ерлік екен деп ойлағанмын онда. Содан ғой, үйсіз, күйсіз, жұмыссыз қиын күндерді бастан кешсем де, үйге, ауылға бармай, балаларымды өзім ғана қарап, бағып, балапан басқан торғайдай Ұзынағашты шыр айналып, үйден үйге көшіп, пәтер жалдап жүрсем де, ешкімге мұң шақпай тірлік еткенім. Сонда да бөпемді орап қойып, ол ұйықтағанда тығып қойған дәптеріме көңіл күнделігіндей ғып өлеңдер жазып жүрдім. Жағдай тілемей, курортқа бармай, жаман қағазға, сынық қарындашпен, ақ шайдың қағазына «Қанипа лирика жазады» деп Базарбектің әзілдегені сол ғой. Әзілі болса да, сөзінің жаны бар. Ақ сарайға, құстың сүтінен басқасы бар жерде отырсам, кім біледі, қандай боларымды.
1964 жылы Қанағатқа қосылғамын, өзінің мінезі бар. Мәдениет саласында халық театрында көп жыл режиссерлік етті, ҚазПИ-дың тарих факультетін менімен қатар бітірді. Айлап сыртқа шығып, гастрольге кететін. Мен өзім жалғыз балаларға қарап, сүттің кезегінде тұратынмын. Кетсем, кереуеттің аяғына қызымды байлап, алдына ойыншықтар, печенье қоятынмын. Бір қызымды әкем 2 айлығында болмай сұрап алды, оның да аты Ләзиза болатын. «Үй жоқ, Талап жаңадан жүріп жүрген... Е асырап берсін, сосын өзім алам ғой» деп ойлап, өгей шешеңе алданыш болсын деп алған. Сөйтсем, 5 айлығында көз тиіп шетінеп кетіпті. Олар маған хабар бермей қойыпты, ренжиді деп. Кейін білдім. Шешемнің қасына қойыпты (ішіне, зираттың).
Сонда 4 баланы дүниеге шырылдатып әкелдім. Ал дүниеге келмей кеткендері – 7–8. Не керек, «Қалай асыраймыз, өзің өлең жазасың. Алғызып таста», – деген Қанағаттың сөзіне ерегесіп, жанымнан жан, қанымнан қан алғыздым ғой ол кезде. Сондай (жасырын саясатта) болды ғой... Әйтпесе сығанның балалары да жүр ғой жайнап. Қазір көктем өтіп кеткен соң бәрі кеш, өкінемін. Бір білгенім – ешкімге бала беруге, бала алғызуға қарсымын...
Бірін айтамын деп, бәрін айтып кеттім ғой. Кешіріңдер мені. Шыңғыстың Көктөбедегі кездесуі есіме түсіп отыр.
Мен қалай Қанипа болдым? Менің екінші ұлы әкем – Әбу ағай және Ләзиза апам. Екеуі мені өз баласы ғып, тілімді, қылығымды қызықтап, жыр оқып, ән салып, әбден мен ұжмаққа енгендей күй кештім. Бұл сәбилік, таза құрсақтағы күйдей алаңсыз күн кешкен күндерім еді... Сол кезде менің аты-жөнім өзгеріп кетті, аяқ астынан. Әбу аға айтты: «Қазақта Әбдірахманова Тұрсынхан деген ұлы ақын бар. Сен екінші Әбдірахманова болма», – деді. Сонан соң мен өз әкем Қожанасыр әкемнің атынан ауысып, оның әкесі Бұғыбайдың атына ауысып кеттім... Бірақ менің шын атым алғашқы туу туралы тіркемеде Әбдірахманова Ханифа болған... Өз көзіммен көргемін... Ол үлкен қағаз болған... Оны құртқан осы Ұзынағашта тұрған Толғанбаев Тәңірбергеннің тұсында әкем келіп, менің атымды кітабыма байланысты, қаламақыға байланысты өзгертіп жіберген... Қысқа сөз... Құлағыма азан шақырып қойған аты, есімім – менің нағыз атым, есімім Ханифа (екінші есімі Қанипа). Екінші есімін Абай – Ибраһим деген сияқты, шынында әрбір адам, әрбір әлем.
Жарық дүние қас қағымын кім білген,
Жылатып ап уақытша күлдірген.
Өмірде өлмес өлең жазып өзіме
Өз атымды қайтара алмай жүрмін мен...
Менің ойымша, өлең деген – жүрек-сезім күнделігі. Ол – ақынның жеке жан сыры, табиғаты, ой-түйсігі, айналасынан алған әсері, таңдануы, күйініш-сүйініші, адамға деген махаббат-шуағы, жан құштарлығы-өрті, мәңгілік айықпас мінез дерті секілді. «Мен сені сүйемін, сүйгендігім үшін ақы бер» демейді ғой ешбір ғашық, сол секілді өлеңді бақытты болуым үшін, немесе ауқатты-бай өмір сүруім үшін сүйген жоқпын. Поэзия маған қандай өмір, қандай тағдыр сыйласа да ризамын. Өйткені өлең өз анамның қанынан-ақ, сүтінен дарыған маған – табиғат сыйы ма деп ойлаймын.
28/III–198...
***
Ән! Ән – құдіретін, күй құдіретін, оның тілмен айтып жетпес қасиет-сиқырын, тамыр-тамырыңды қуалаған қаныңа қосылып, тұла бойыңды шымырлатып, қиялмен, арман қанатына отырып алып өмір сүресің... Тіршіліктің таусылмас ұсақ күйбеңінен арылып, бірауық мөлдір-таза күй кешіп, құсқа айналып, көгілдір шексіз аспан әлемінде қалықтап жүргендей боласың. Ән өмір сүргізеді, махаббатқа шақырады. Әнді тыңдау үшін де әншінің немесе әнді шығарған композитордың жүрегімен тыңдау керек, үндесіп соғуы керек жүрегің...
Меніңше, ән-жырды, күйді сүймегендер немесе бір ән салмаған адам шамы жоқ үй секілді болып көрінеді. Ән қараңғы көңілге жарық-сәуле құяды, дүниедегі барлық жамандықтан жирендіруге шақырады, үндейді. Ән-бесігі адам жүрегін нәрестеге айналдырып, тербетеді, аялайды, жұбатады. Әннің бір артықшылығы сол. Ән қартаймайды. Өзіңмен бірге өмір сүреді. Жас кезгі әніңді естігенде, сол өткен жас шағың, анаң-әкең, құрбы-достарың, гүл-көбелекті қуалаған сәби шағың қайтадан жаңғырып, кино лентасындай елестеп өтеді. Сол өткен жастық шағыңның куәсі, жоғалған асылыңды тапқандай, өз-өзіңнен қуанып, бір әсем де нәзік, арайлы сезімге бөленіп, іштей әнге алғысыңды айтып, анаңа мұң шаққандай мұң шағасың, өткен күнмен бүгініңді, ертеңіңді көзбен көргендей болжап, болашаққа, көрмеген-білмеген әлемге жол шегесің... Ән салған адамның көкірегі мен үшін «сыр сандық» секілді болып көрінеді, ән айтқан кезде сыр-сәуле болып жан-жағын жап-жарық ғып жіберетіндей... Ән – адамға бақыт, жастық, өмір сыйлайды. Жақсы әннің, жырдың әсерін айтып жеткізе алмаймын. Ол үшін ән болып өмір сүруің қажет...
28/III–1988 ж.
***
Адам бойындағы ең бір жаман қасиет – жағымпаздық па деймін. Бір күнгі пайдасы үшін «Жантықтай» болып кететіндерден не дос шықпайды, не қас шықпайды. Ол адамға деген сенімің кетеді. Жаман, арам адамды көргенде, өмір сұрықсызданып, ауа жұта алмай қалғандай тұншығып, кеңдікке шығуға асығып, тезірек қасынан кетуге асығамын. Ал жаны адал, шыншыл, не болса да бетіңе айтатын, шын сөйлесетін, «маскісіз», пердесіз сырласатын адамды қанша көрсем де, қанша бірге жүрсем де, жалықпаймын. Іздеп барғым келіп, ынтығамын. Шіркін! Мынау өмір сондай сирек жақсы адамдарымен ғана сұлу әрі ыстық екен-ау! Өз көзқарасы жоқ, кім не айтса, ыңғайына жығыла кететін «күнбағар» жандардың барына да, жоғына да алаңдамаймын.
Еңсемді бір зіл батпан басып тұрады да қояды. Көздері бар – көрмейтін, құлағы бар – таскерең, жан жүрегі безге айналған пысық-есеп достарды көргенде, ойпырмай, адамдардың бәрі саудагер болып кеткен бе деп ойлаймын. Кімге ісі түссе, соған жағынады, кімнен қорықса, соған бағынады. Адамның көлеңке жағын көбірек көрген сайын өмір сүру ауырлай береді екен. Аққуды қараға бояғанмен қара болмайтыны секілді, адал-пәк жандардың жүзінен бір жылылық, шуақ, иман ұйып тұрады. Басқаларға бақыт тілейтін, қолынан келсе, шарапатын шашып жүретін жандармен ғана өмір өрісін кеңейтіп, Күн шашатындай болады. Ешкімді де көргім келмейді... Әйтеуір біреуді іздеймін, сағынамын, күтемін. Ол кім? Білмеймін. Елегізумен кешім батып, таңдарым атуда... Шөлдеймін. Ол не шөл? Бәлкім, өмірге, әділетке, адамдардың шексіз дария-көңіл махаббатына шөлдеймін бе екен?..
***
Менің сүйгім келеді... Ұлы табиғатқа айналып, адамзаттың бәрін жарылқағым келеді... Жан сезімімді гүл етіп өсіріп, күміс жыр жаңбырымды шашу ғып шашқым келеді... Кімге не керек, кім неге мұқтаж – бәрін тауып бергім келеді. Әттең! Осы сезіміме сәйкес, осы махаббатыма сай жауап бере алатын адамдарды көрсем деп армандаймын.
Салды мені махаббатым азапқа,
Қалды көңіл, тап болдым да мазаққа.
Жанымды өз жанындай түсінетін дос іздеймін, адал дос іздеймін, ол қайда? Әркім өз көкіректерінің буына семіріп, өзді-өзін пір санаған, өзін-өзі зор санаған жерден дос-көңіл күтуге бола ма? Бір күндік қызметін, барлығын-байлығын басынан аумас бақ санаған кісіден не күтемін? Өз басынан жақсылығы аспаған, ұсақ қулықтың құлы болғандарды бір-екі сөзінен-ақ танимын... «Бас-басына би болған өңшең қиқым», – деп ұлы ақын Абай қалай дәл айтқан. Адам мінезі қай кезде де, қай қоғамда да өмір сүрсе де, әртүрлі жетістігін, кемшілігін, өз дертін, өз құбылыс-табиғатын сақтап қалады екен ғой. Қай кезде өмір сүрсе де, адам ет пен сүйектен, ақыл-естен, сезімнен құралады ғой. Сол себептен адам қашан да адам қалпын сақтап қалса ғой...
***
Бір ойды бір ой қозғайды... Әсіресе ұйқыға кетерде немесе таңға жақын оянып келе жатқанда, шала ояу кезде, әртүрлі елестер, суреттер, өткен өмір тізбектері, таныс адамдардың, қимас ыстық сәттерің көз алдыңа келіп, кеудеңді бір жылы сағыныштарың ағысына толтырып кететін кездер жиі кездеседі... Оралмайтын күндер, оралмайтын достар, бәрі-бәрі сананың саңлауынан сусып өтіп жатқандай болады. Әсіресе жас кезде қадір-қасиетін білмеген жайсаң жақсы ағалардың бейнесі көз алдыңнан кетер ме?
Сезімнің басып сыр-пернелерін,
Төзімнің ашып бір перделерін.
Жақсы ағалар! Сендерді жерге қимай,
Жүрегіме мәңгілік жерлегемін.
Олар кімдер? Менің туған анамды көрген, «мынау кішкентай жарымжан қызыма көз қырыңды сала жүр» деп табыстаған сөзінің бір ауыз аманатына адал жауап беріп, өз әлінше менің басыма ақ күн тілеп өткен Құдаш Мұқашев еді... «Жақсылардан шарапат» деп халқымыз бекер айтпағандай. Оның «сен ақынсың», «жаз», «жаза бер», «сен мықтысың» деген сөзінен қуат алып, өрге қарай, өлең өріне («сөз дертіне» душар болып) жас қанатымды қаққаным есімнен шықпайды. Ол жиналып қалған бір топ өлеңдерімді оқып, үстін сызып, «мынауың нашар» деп немесе «керемет» деп қуанып отырған сәттерін, бейнесін ұмытуым мүмкін емес. Ол сыр-сыр еткізіп өлеңімнің жолдарын сызғанда, жотам шымырлап, жас жүрегім дір-дір етіп, енді өлең жазбастай болушы едім... Бірақ мені тағы бір күш сүйреп әкелетін – оның алдына. Сөйтсем, ол менің өлеңге деген құштарлығымды оятып жүр екен ғой... Оны кейін өзі де еске алып, кей қылығымды күліп сөз етіп отыратын еді...
28/III–1988.
***
Асығамын... Қайда асығамын? Өзім де білмеймін. Өмірім бекер өтіп бара жатқандай, уақыт поездей жүксіз, бос өтіп бара жатқандай... Көп істеріме үлгермей, өмірім бостан-бос далақтаумен өтіп барады... Әйтеуір бір арнаға түсіп алған тірліктің баяу ағысынан бөлініп кете алмай, көп керуенге ілесіп, ілбіп келемін. Ішім удай ашиды... Жылағым келеді, біресе айқайлап ән салғым келеді, әйтеуір қоршаған тыныштықтың ұйқысынан оянғым келеді... Ояу жүріп-ақ ұйықтап жүрген сияқтымын... Өз өміріме риза емеспін, қарным ашады. Көңілімнен ел көшкендей құлазимын... Мен өмірімді қайтадан бастасам, өткен өкініштерімді, өткен қателіктерімді қайталамай, өз орнымды тауып, бұдан гөрі дұрыстау, саналы да мағыналы өмір сүрер едім. Босқа өткен уақытымды еңбекпен, оқумен, білуге, білім бағының ішіне енуге, сол баққа өзімнің де ой гүлiмді өсіруге жұмсар едім... Осының бәрінен кеш қалғаным қинайды...
Менің қателіктерім – аңқаулығымнан, білмегендігімнен. Оттың ыстық екенін білсе, жас бала жоламас еді ғой. Әуелі күйіп қалып, шошып, отты баспайтыны секілді, менің де әр нәрседе қателесуім сол баланың алғашқы қателігіндей болып көрінеді екен. Мен өзімді өзім соттаймын да, ақтаймын... Шыбындар, әдетте, жаман иіс шыққан жерге әуес болатыны сияқты, жаман адам жақсы, адал адамның бойынан жақсылық көрудің орнына тек жағын, кірін көргіш, тергіш келеді... Жұрт көзіне байғұс етіп, сүмірейтіп көрсеткісі келіп тұрады, сол арқылы өзіне жол ашқысы келіп, рахат табады. Бұлар – бәрібір түбінде өзінің сорлайтынын білмейді. «Біреуге ор қазсаң, кең қаз – өзіңе де керек болады» демей ме, соны білмейді... Аспан да, жер де кең – тар боп бара жатқан адамдар пейілі, адам жаны емес пе?..
***
Жастау кезімде достарым көп сияқты еді – тіпті сөйлескен, бір көрген адамның өзі шын досым сияқты көрінетін. Өмір де сондай қызық, жеңіл дем алушы ем. Біртін-біртін достарым жоғалып, тіпті көлеңкесін де таппай қалдым. Әрбір сөзі сатулы, аңдысқан көзқарас, қатынас неткен ауыр. Әлде адам жас кезінде аңғара бермей ме? Әлде жас кезімде ақымақтау болдым ба? Не болса, соған күлетін едік... Кешіріп, ұмытып кетуші ек... Енді күн өткен сайын кінәмшіл, біреудің сөзі түгіл, көзінен де сескенесің... Өзіңді-өзің қорғауға көшесің – бұл қалай?
Тауқыметін тірліктің көтере алмай,
Әлде әлсіз соға ма тозған жүрек?
***
Маған келгенде күннің көзін бұлт бүркеп қалады...
Не жазығым бар, білмеймін. Адам дүниеге келгенде бәрі бірдей болып келеді – ешкім де тонымен, атағымен бірге тумайды. Бірте-бірте өз қабілеті, еңбегіне қарай айрықтанады, еленеді. Біздің елімізде бәріне тең, еркін жол ашылған, бақытты жүріп жатыр десек те, ешқандай ондай теңдікті, әділетті көре алмай, тауым тасқа шағылады. Қашан болсын, жетім қыздың жасауындай ғып, бір жапырақ кітабымды әрең – айтыс-тартыспен, жалынып, әрең шығарамын. Бір дені дұрыс, көп-көрім, қомақты тиражымен, сыртын былғарымен тыстаған дұрыс кітап шығара алмай келемін. Көзге «ақынсың» деп мақтағанмен, елемеуге, «шөміштен қағып», есіктен сығалатумен келеді. Басқа жұрттың өлеңдері туған бала да, менікі өгей ме? Түсінбей-ақ қойдым... Не көзіме «сен ақын емессің, әуре болма» деп неге біреуі айтпайды? Шығып жатқан қалың-қалың том өлеңдерді де көріп, оқып жүрміз... Өзгелерге өкпелеп, ала қойды бөле қырыққан «көзбояушы» іс басында отырған кейбір «бақыт үлестірушілер» кімнің кітабын шығарып отырғандарын, кімге кімнің үлесін аударып, қиянат жасап отырғандарын білер ме екен? «Қазаншының өз еркі, қайдан құлақ шығарсаң да» кебі, «құрудың» тонын киіп, іштей баяғы ескі мінез, таныс тамырларын жайып жатқанын кім білмейді. Егер менің қызметім үлкен болса, менен қорықса, өздері-ақ «неңіз бар?» деп бәріне дүние есігін кең ашып қояр еді. Адам тағдырын, дарын тағдырын осы ұсақ-түйек нәрселер, мінез дерттері шешіп жатады. Біреуге күн боп, біреуге мәңгі түн орнатқысы келеді. Жігеріңді құм етеді. Бетіңе сұлу сөйлеп, сыпайы шығарып салумен-ақ өз дегендерін істеп келеді. Күресуге дәрмен жоқ. Іштей зығырданым қайнайды. Кімге айтамын? Дүниеде шағынғанды жек көрем... Көрмей-білмей отырған жоқ, қарапайым оқырмандарым бәрі де біледі... «Неге сіздікі пәлендікіндей боп шықпайды?», «Неге сіз лауреат болмайсыз?» – осы сияқты сұраққа тек айтарым: бәлкім, менің өлеңдерім татымсыздау, нашар шығар, ондай атаққа лайықсыз болармын деп жауап берумен келемін... Мен егер жаман болсам, шынымен неге мені мұндай сұрақтар мазалайды? Ондай дәреже түгіл, дұрыс бір кітабымды шығарып ала алмай жүрсем, мазақ еткені ме? Түгін ұқсам, бұйырмасын. Не сыры барын білмеймін? Маған келгенде дүниенің беті теріс қарап тұрады. Туғаннан бері көргенім – ауру, жоқтық, азап, жамаулы қоңыр тірілік... Бірақ осы тағдырыма да, мынау жарық өмір үшін, сезіммен, жан-жүрекпен қабылдайтын таза табиғатым үшін ризамын...
30/III–1988
***
Әдеби ортамен аралассам, көрсем, білсем деген арман мені де астанаға тартқан. Қанша талпынсам да, жолым түспей-ақ қойды. Талай арыз бердім, талай жүгірдім, «қара тасты қамшымен ұрғандай» болдым – түк шықпады. Документ, пропискаң жоқ деп жолатпайды. Жақсы да, жаман да сыйып жатқан Алатауымның бауырына менің сыймағанымның сыры осы болды. Тірлігімде адамдардың көңіліне де, алақандай жеріне де сыймай өтер ме екем? Тірлігімде сыймай өтіп, өлгенде де сиямын деп айта алмаймын. Мен кімге не жаздым? Кімге қиянат істедім? Кімді жылаттым? Ешкімге ешқандай қылдай жамандығым жоқ бола тұра, неге мені жәбірлейді, неге менің кеудемнен итереді? Неге менің дамуыма, гүлденуіме қарсы? Неге менің бақытты, жарқын өмір сүруім біреуге шаншу болып тимек? Сонда біреудің қуанғаны біреуге қайғы болғаны ма? Бәрі де неге қуанбайды? Адамдар неге бірін-бірі қысып, тежейді? Неге күн көзін қызғанады? Адамның бәрі бірдей бір анадан туғандай, тегі бір емес пе? Көктемнің жапырақтары сияқты, иезгілі бітсе, былай да сарғайып, жел ұшырып, күні бітпей ме? Орнына тағы жаңа жапырақтар пайда болып, өсіп-өніп жатпай ма? Адамдар да табиғаттың ерекше есті жемісі емес пе? Енді сол өзі нәр алып отырған табиғатты құртып жеп, тоздырып, бір-бірін көре алмай, түтіп жегеннен не түспек? Қайта бірігіп, топтасып, достасып өмірді ұзартпай ма? Дүниені кеңітпей ме? Кеуделерін де кеңітпей ме? Дем алмай, оңаша жүріп, осы жайлы көп ойлаймын... Адамдарға қарағанымда бір өзгешелік, көптің қамын ойлайтын, өзгені ойлайтын кеңдік көргім келіп қараймын... Бірақ менің ол үмітім баланың, аңқау адамның ғана ойы сияқты болып көрінуі мүмкін... Бәріне кінәлі адамдардың қызғаныш деген дерті ме екен?
***
Адам туғанда қандай боп туды, сол қалпында өсіп-жетіліп, есейеді. Барын, нәрін береді. Сол секілді табиғат та адам секілді жаралған, туған. Ал оның жеке мүшесіне: «мұрны былай екен, жараспайды» деп алып тастаса, не болады? Аяғы тым ұзын екен деп кесіп тастаса, мүгедек болмай ма? Сол сияқты табиғаттың да табиғатын жөндеймін, толтырамын деп кемтарлыққа, жаралауға бейім ғылымнан не пайда? Ауа да, жер де, жұлдыз да, ай да, күн де, гүл де, су да – бәрі-бәрі өз болмысынан, қасиетінен айрылса, мәңгілік мүгедек болып қалмай ма?
Жоқ, теңізді жасаймын деп жасанды Қапшағай теңізін жасады, одан келер не бар? Табиғи Арал теңізі құрғап барады... Оған кім кінәлі? Әрине, адамдар, мамандар кінәлі. Табиғат ойыншық емес қой, ол – ана ғой, ананың да ашуы бар, жаны бар емес пе? Жүйкесін тоздырып, қасиетінен айырып, қасіретіне қаламыз ба деп қауіптенем...
30/III–1988 ж.
Шіркін! Маған уақыт берсе, тірліктің әйел-ана ретінде, бала-шаға қамын ойламай, бүгін не жеп, ертең не киемін деп, тірліктің, тұрмыстың ұсақ-түйек қаражат қайғысынан басым азат болса, тек қолыма қалам, алдыма ақ қағаз беріп, оңаша, у-шусыз кең далаға қазақ үйін тігіп алсам, бұлақ сылдырап ағып жатса, көк-жасыл дүние, ал қызыл гүл қаптаған шыршалы таудың бауырында қымыз, шай т.б. сусыным болса, бұлбұл сайрап, оқта-текте қырандар қалықтап, қиялымды көк әлеміне қарай шақырып, шабытыммен ғана от оранып өлең жазсам, бір күн болса да, бақытты өмір сүрдім деп ойлар едім-ау... Әттең! Қолдың қысқалығы-ай!...
31/III–1988
***
Ағаштар бүршіктеп, гүл атып келеді, көктем келеді. Наурыз айы. Менің көңілімнің көктейтін кезі қашан келеді? Көңіл көктемі бір ауыз жылы сөз бе? Әлде әдемі ән бе? Жоқ, жақсы жыр жазған күнім көктемім бе? Күн жарқырап тұрса да, неге менің көңілім бұлыңғыр-мұңды? Адам жаны әр көктеммен бірге неге жасарып, әр көктеммен бірге жастық шағына оралып отырса ғой... Көктеммен бірге үндесіп, құстарменен тілдесіп, ұшып кеткім келеді...
Құйылғандай жеріме алау көктем.
Берші маған мәңгілік адам көктем.
Әмірімді күшпенен жүргізгім кеп,
Жек көремін өзгеге қарауды өктем!..
Менің табиғатым көктеммен егіз туыс сияқты. Менің анам көктемнің күліне ғашық болды ма екен? Көктем менің көкірегімде мәңгі гүлдеп тұрғандай, күн шықса көзін ашып, гүлдейді, билейді... Кішкентай суықтан үсіп, тоңып, солып қалады, бүрісіп... Менің де табиғатым гүлге ұқсас жаралған-ау деймін... Тек мақтау, жылы сөз, аялауды ғана ұнатамын... Осы әлсіздігім үшін қайғырамын, азап тартамын, тартып та келемін. Көлеңкеде қалған гүлдей боп жылап өмір кешудемін, өкпелеп өмір кешудемін. Маған «тасты жарып өскен гүлдейсің» деуші еді бір досым. Өмірге деген құштарлық болар, бәлкім, менің тасты жарып, жарыққа талпынуым. Тастың берер нәрі, құнары аз ғой, содан болар көріксіз болып өсуім. Бойым аласа, шырыным тәтті емес, ащы, аралар алыстан төбеме ұшып келіп қонбайды... Көзге де түспеймін, елеусізбін... Жетім гүлдің серігі, мұңдасы – тек жетім жел... жетім күй... Қурап қалғым келмейді, өмір сүргім келеді...
***
Қу адаммен дос болғым келмейді. «Періштенің қасында шайтан ілесіп жүргендей» әсер етеді сырт көзге де. Қу адам ештеңеге жанымен, жүрегімен тебірене, толқып, беріле алмайды, ән сала алмайды, өйткені оның жан сарайы ашық емес, арамдықтың түтінімен ысталып, толып қалған, көңіл терезесі кірлеп кеткен. Тек ол жамандықты көргіш. Жүрген ізіңді аңдып, аяғыңа ілескен шөп-шаламды тергіш... Ондай адамның жанында ауа жұта алмай, тұншыққандай боламын, тезірек құтылғым кеп тұрамын... Олар бәрінен қулықтың құлынын сауғыш, тек өз пайдасына шешіп, есеппен дос болғансиды. Басыңда күн тұрса, жаныңнан шықпайды, басыңнан күн ауса, іздеп таппайсың, ондай достан жалғыздық жақсы...
31/III–1988
***
Кішкентай кезімде ауырып жатқанымда (бала кезімнің бәрі ауырумен өтті ғой) бір түс көрген едім, сол әлі күнге есімнен кетпейді. Аспандағы бұлттар тірі, кино секілді, бұлттар көшіп, айналып барады екен, оның арасынан неше түрлі түйе мінген сұлу қыз, жігіттер маған қарап, көк әлеміне сапар шегіп барады, бұлт керуені тоқтамайды – картаның бетіндегі сұлу әйелдер аспанға сапар шегіп барады, көшіп барады, дүние көшіп барады көз алдымнан, маған қимай қарайды. Сол суреттер миымның қабаттарында қалып қалған ба, жиі-жиі ойыма орала береді...
***
Бала кезімнен сурет салғанды, ән салғанды, домбыра шерткенді, іс тіккенді, кітап оқығанды жақсы көрдім. Бірде күн шығып тұрған, баяу жел соғып, көшелердің шаңын сыпырған түскі кез болатын. Жол шетінде бір сарғайған, жырым-жырым кітаптың бір бетін көрдім, парақты жел жұлмалап, ұшырып барады. Мен тез қуып жетіп, қолыма алып қарасам, өлең екен... Жазуы өшіп, сарғайған күзгі жапырақтай бір бет қағаз өлең мынау екен: «Жарқ етпес қара көңілім не қылса да, Аспанды ай менен күн жағылса да. Дүниеде сірә сендей маған жар жоқ, Саған жар менен артық табылса да», – деп басталатын Абайдың атақты ғашықтық жайлы өлеңі екенін кейін білдім... Ол кезде мен мән бермеппін. Сөйтсем, бұл өлең поэзиядағы махаббат символы екен ғой...
Шешем маған 12–13 жастарымда кітап оқығаныма қуанып, өзі онша хат танымайтын, (латынша аздап танитын, жазатын) маған көп батырлар жырын, ғашықтық жырын, «Қобыланды», «Алпамыс», «Қыз Жібек пен Төлеген», «Ер Тарғын», «Жиренше шешен» т.б. қолына түскен кітаптарды кітапханадан алып келіп оқытатын. Алғаш оқығым келмей, оқысам да өзім түсінбейтінмін. Құр судырлатып оқығаныма мақтанып, «ойлау жерден орғытып, қырлау жерден қарғытып» деп зуылдатып кетуші ем. Шешем қасымда, жұмыстан қалт еткен кезде, әсіресе «жаяу шамның» керосинмен жағатын пілтелі шамның түбінде, әсіресе түнде дөңгелек столдың шетінде отырып оқушы едім, шешем от жағып отырып немесе столға шынтағын сүйеп, әлсін-әлсін көзінің жасын сүртіп, күбірлеп, алыс-алысқа – қиял әлеміне шомылып кеткен кішкентай нәзік мұңды көздері алдындағыны көрмей, түс көргендей қиялға шомып, ойша өмір кешетінін кеш білдім... Сөйтіп жүріп, біртін-біртін өзім де кітап түсінетін, іздеп жүріп оқитын халге келдім...
Менің шешемнің жатарда айтатын мына бір сөзі құлағымда қалыпты: «О, құдай, тыныштығыңды бере гөр, ойдағы-қырдағыны пәле-жаладан қақас қыла гөр», – деуші еді. Ешуақытта ешкімге жамандық тілемейтін, боқтық, жаман сөз шықпайтын, өмірде мені шапалақпен бір ұрған емес, (ұрса да есімде жоқ.) Дүние менің шешемнің құшағынан, мейірімінен тар сияқты, менің шешемнің шуақ махаббатына ештеңе тең келмейтіндей. Қатты қиналсам, ауырсам, көз алдыма келеді, елестейді... Тіпті мен шешемді өлді екен деп ойламаймын, ол өзіммен бірге өмір сүріп жүргендей, рухы, елесі, бар қасиеті менің бойымда, менің жүрегімде бірге өмір сүргендей. Өзім өлсем, оның елесі, суреті бірге өлетін шығар. Ана болсам да, оның елесінің алдында өзімді әлі бала сезінемін, сырласамын, мұң шағамын, кей ісіме кешірім сұраймын. Ана суретінің алдында кірімнен тазарып, ана жер құшағына кіргім келеді... Өлімнің де өз өмірі болады. Таза күйімде, қадірлі күйімде көз жұмсам, арқама жер алақаны батпайтындай көрінеді...
***
Өлімнің де өз өмірі болады. Кей адамның тірлігінде өз бағасын ала алмай, істеген еңбегін көріп үлгере алмай, орта жолда көз жұмады. Оның өмірінде қолы жетпеген бақыты өлген соң жанатыны содан ба екен. Елі елеусіз қалдырмай, тірілігінде күндеген, қызғанған достарының өзі жер қойнына кірген соң, енді ол адамның тірлігі кесел келтірмейтінін білген соң, бір кездегі даттағанын ұмытып, мақтауға көшеді. Өлгеннен соң мерейі тасып, бақыты жанатындар көбінде тірілігінде еңбек еткен дарындылар тобы. Тірлікте адам бір-біріне жылы сөзді, кең өмірді қимайтыны несі екен?
I/IV–1988
Адамдар бір-бірін алдап, өзін-өзі бір нәрсемен, жоқтан өзгемен алдандырып өмір сүреді. Қайда барсаң да, сырты жылтыр жалғандық, ішінде дәні жоқ жаңғақ жандар... Шын жылап, шын күлу, шын сүю, шын жек көру, тазалық, жан тазалығы, бір-біріне сенісу, телегей мейірім, шуақ қайда кеткен? Заманға, уақытқа еліктеп, адамдар да тірі темірге (роботқа) айналып бара жатқандай ма, түсінбеймін... Мен адам іздеймін, дос іздеймін. Елсіз айдалада жүргендей боламын. Кімге сенемін? Кімді ойлаймын? Мынау иненің сабағындай ғана өмірде адамдар неге бір-біріне тыныс бермей, қысады екен? Біреудің қуанышынан неге біреу азап шегеді? Неге күндейді?
6/IV–1988
Халықтың сүйікті артисі, кино шебері Кененбай Қожабековпен кездесу болды. Екі аяғы, төрт мүшесі сау адам істей алмайтын іс істеуі, өмір сүруі ерлік қой... Әр сағаты, әр күнінің өзі ерлік екенін сезіндім. Қанат бітсе, жүрек болып ұшып-ақ, жүрек құсы болып қалықтап кеткелі тұр... Әттең, осындай адамдар екі ғұмыр кешсе де артық болмас еді. Рухы неткен берік, көздері неткен ойлы, қыран, қыран болғанда да қанаты сынған қыранды еске салады...
Соңғы сөз...
Өмірде әртүрлі адамдар бар... Біріншісі – тәртіпті, дұрыс, тура жолмен жүріп келеді де кетеді... Ол өлсе, ой жалған-ай, жақсы адам еді дейді... Тағы бір адам бар, оның мінез жолы шеңбер жолға симайды, біреулер: «Құрсын, өлгені жақсы болды», – деп ішінен қыбы қанады... Бірақ нағыз келбет мінезін боямасыз көрсеткен адам – осы адам... Табиғи өмір сүріп өткен, сыртқы қайшылықтармен қарсыласып, өз тазалығын сақтап қалған осы адам деп ойлаймын...
Аспан күркіреп жатыр... Менің де ішім, көкірегім күркіреп жатыр... Жан дүнием дүркіреп жатыр, не өзгеріс болады ертең, білмеймін... Осы бір боз дәптерді қызым Ләззат туған күніме сыйға тартты. «Мама, сен осы мен әкелген дәптерді өлеңмен толтырсын» деген тілекпен сыйлаймын, – деді. Мен қызымның бұл тілегіне орай өлеңдермен толтыра алмаспын. Бірақ есіме түскен кей жүрек ой, естеліктерімді түртіп қойғанды дұрыс көрдім. Менен ұзақ-ұзақ әңгіме, повестер жазатын жазушы шыға қоймайтынын іштей сезем... Өйткені ұзақ отыруға темірдей денсаулық, құрыштай қайрат-жігер, мұқалмас төзім және сөз құрылысын меңгерген хас шеберлік менде жетпейді...
Марқұм ұлы ақындар Мұқағали Мақатаевтың, Төлеген Айбергеновтың қысқа-қысқа жазылған сезім, ой күнделігінің үзінділерін «Лениншіл жастан» оқып, тіпті жаныма жақындығы сонша, өзім жазғандай әсерлендім... Япырау, кейде бір кітаптан мұндай әсер ала алмай, алтын уақытты қор етеміз-ау! Ақын жүрегінен шыққан жай қара сөздің өзі өлеңдей оқылатын ғажап, сиқырлы болатынын сездім... Күнделіктер көп қой, кейде бір жаққа барғанын, билегенін, ішкен-жегенін немесе отырғанын, тұрғанына дейін жазатындар да бар. Кейде мұндай ауырлық көркем шығармаларда да орын алып жүреді. Ондайда бір-екі беттен соң оқығың келмей, тастай саласың.
Ал мынау ақындардың кезінде көріп-біліп, ара-тұра сөйлесіп жүрген Мұқағалидың мен мұндай қыры бар екенін, жүрегінің көзі, ойының көгі, қиялының қанаты, сезімінің сыры бар екенін білмеппін... Ол өте қарапайым, жаны кең даладай аңқылдаған, ағалық көңілін ғана сезінуші едім. Тіпті біреулерге «көрдім, бірге дәмдес, сырлас болдым» десем, мақтанып тұр деп айта ма деп, көп айта бермеймін. Кім кіммен бірге жүрмейді? Ұлы адамның қасында иттің де бірге жүруі мүмкін ғой, бірақ итті сол ұлы адаммен бірге жүрген, жолдас болған деп сыйламаймыз ғой... Әркімнің, әр нәрсенің өз орны, өз атауы бар емес пе? Кейбіреулер Мұқаңның атын өз пайдасына шешіп, атағын да шығарар, бірақ шыңды шың ететін төбелер, жоталар емес қой. Қанша мойнын созғанмен, төбе төбе күйінде қала бермек, төбелер жиналып күн болмайды...
Көзі тірісінде сол Мұқағали атақ, лауазымға жетпей кетті... Көзі жұмылып, арадан кеткен соң, мемлекеттік сыйлыққа ұсынылды. (Жүгіріп жүретін өзі жоқ.) Тірі болса да, жүгіруді, айла-амалын, түлкі жолдарын білмес еді, білмей кетті... Жағынуды ар санар еді. Өзі жоқ болса да, өлеңі озып тұрды, елі-жұрты, оқушы халқының жүрегінен орын алған өлеңі бұл сыйлықты ала алмады...
Неге екенін кім білсін, одан төмен, артықтығы, тірлігі озған әлдебіреулер жолын кесіп алып кетті... Бүкіл оқырман елімен бірге мен де іштей әділеттің жоқтығына, ақын тағдырына алаңдап, жаным ашып, таңдандым... Қарапайым, қолында билігі жоқ халықтың махаббатынан қаймыққан жасанды лауреат, қолдан жасалған дарынсымақтар Мұқағалидың жанашыры, мұңын мұңдап, жоғын жоқтаушы боп шыға келді. Аруағын аттап атақ алғанын іштей білетін болуы керек, енді өз айыбын ақтағысы кеп жанталасып бағуда. Мұны әдебиетпен шұғылданбаған жай адамның білмеуі мүмкін... Бірақ көзі ашық, адал оқырмандардың көбі сезеді, біледі...