— Жақында ғана өткен Түркі әлемі әдебиетінің Махмұд Қашқари атындағы халықаралық бәйгеcінде то...
«Бай болуды үйретем...»
Фото: автордан
MADENIPORTAL.KZ ұжымы назарларыңызға аға буын мен қазіргі ұрпақ өкілдерінің арасындағы түсініспеушілікті, құндылықтардың өзгеруі тақырыбын қозғайтын әңгіме-фельетон ұсынады.
«Қазақстан» қонақ үйінің кіре берісіндегі дәмханада отырғанына қателеспесе қырық минуттан асып кетті. Жан-жағына алақ-жұлақ қарап, өзі әлгінде телефонмен сөйлескен адамды іздеп отыр. «Дұрыс уақытта келдім бе өзі?» деп іштей күмәнданып, сағатына да қайта-қайта қарады. Қаланы дұрыс білмейтін болған соң, кеше көзге көрініп тұрған қонақ үйдің біреуіне келіп орналасқан. Бүгін осында маңызды кездесу.
Енді байқады. Жан-жағындағы адамдар сүйретпе тәпішкемен, жеңіл жаздық киіммен жүр. Мына бір шикі сары әйел тіпті сөмкесіне күшік салып алыпты. Қамыстан тоқылған жағажай дорбасына ұқсайтын сөмкеден құйқа жүнін қуыршақтай етіп қыстырып қойған күшік тілін салақтатып бұған қарайды. Арынғазы ауылда қадірі жоқ канден күшіктің бұл жақта қымбат қонақ үйде жүретінін көріп қайран қалды.
Жанындағы орындықтарда бір-екі адам планшет, ноутбуктарын ашып қойып бірнәрсе жазып отырғаны болмаса, былайынша жұрттың бәрі жайбырақат. Мына бір бойжеткен келте көйлегінің көлбең-көлбең етіп дәл алдынан өтті де, көрші орындыққа жайғасып жатыр. Оның жанына келген арудың етегі көлдей болғанымен, кеудесі көрмеге қойылған алмадай ашық тұр екен. Арынғазы біреудің қап толы қазынасын шашып алған адамдай қысылып, сасқанынан төбедегі аспалы шамдарды алғаш көргендей аспанға қарай назарын бұрып әкетті. «Жас болған соң, жаз болған соң солай киінеді де, жұртта нем бар?» деді ішінен. Өзінің киімі де келісіп тұрмағанын жаңа ұқты. Алпыс жылдық мерейтойына арнап алған костюм-шалбарын киіп, галстугын қылқына тағып алған. Тіпті, «Жайсаң ауылының құрметті азаматы» деген төсбелгісін де жарқырата тағуды ұмытпапты. Арынғазы өз аяғындағы тұмсығы төрт бұрышты қара туфлиге көзі түсіп, тіпті ұялып кетті. «Тапа-тал түсте, құда қарсы алатын адамдай киініп шыққанымды қарашы, а? Бөлмеме барып жеңілдеу киініп шығайын…» деп қозғала бергені сол еді біреудің «Саламатсыз ба, көке!» деген даусы тоқтатты. Басын көтеріп қараса көзілдірік таққан жас жігіт қарама-қарсы креслоға отырып жатыр екен.
- Уәликім салам, шырағым.
- Ареке, сізбен телефон арқылы сөйлескен жігіт мен болам. Есімім - Самғат Саламат, - деп жігіт көзілдірігін шешті. Оны шешкенде қарыс маңдай, қара торы жігіттің бетіндегі қоңқақ мұрны ерекше үлкен көрінеді екен. Ақ кеудеше, ақ шалбары өзіне жап-жақсы жарасқанымен, мына мұрын осы тұрпаты үшін тым тұрпайы, оғаштау тәрізді. Ақсақал осыны ойлап орындығына қайта жайғасты да:
- Аа, шырағым. Бағанадан өзіңді күтіп отырмын. Атың Самғат па, Саламат па?
- Инфобизнесте бәрі «Санчо» дейді мені. Сіз Самғат дей беріңіз.
- Аа, дұрыс айналайын.
Арынғазы әрмен қарай не айтудың ретін таппай абдырап отырған. Даяшы қыз келіп мәзір ұсынып үнсіздікті керек кезде үзіп жіберді.
Арынғазы Жайсаң ауылындағы мәдениет үйінде 35 жыл еңбек етіп, құрметті демалысқа шыққан адам. Алайда, мемлекеттің толып жатқан жұмысы мен іс-шараларынан қол үзген соң, үйде қарап жатуды жөн көрмей, өзінше кәсіп бастағысы келді. Өмір бойы кабинеттен шықпаған басы не саудаға, не мал бағуға ебі жоқ екенін енді білді. Сөйтіп жүргенде әйелі телефоннан біреудің «Бизнес бастауға бағыт» деген бейнесабақтарын көрсете бастады. «Қаржылық сауат», «Инвистицияны қайдан табамыз?», «Өз салаңды анықтауға идеялар» деген сияқты небір пайдалы тақырыптар бойынша сөйлейді. Басында « жап-жас болып данышпансуын қарашы» деп мән бермеп еді. Бара-бара бейтаныс баланың айтқан сөздері ақылға қона бастағандай болды. Тіпті, дәл осы Арынғазыға арнап сөйлеп жатқандай, жанды жерін дөп басады. «Өмір бойы өкіметке жұмыс істеп, енді бір зейнетақыға қарап отырсың ба?», «Астыңда жөнді көлік жоқ, үйің қырық жылғы ремонтпен әлі тұр ма?», «Тапқаның той-томалаққа шашудан артылмай ма?», «Балаларыңа мұра ретінде не қалдырасың?», «Қазіргі заманда ақшаң болса ғана сыйлысың!», «Бала-шағаңа кредитке той жасап, соның қарызын әлі күнге дейін жауып келесің бе?» деп басталатын бейнежазбалардың соңы «Егер бейшара халіңнен арылып, бизнес бастап, байығың келсе маған кел, бәрін өзім үйретем» деп бітетін. Адам бір көргенде сынайды, екінші көргенде ұнайды дегендей, қайта-қайта алдынан шыға берген соң, сөзінің жаны бардай көрінді. Ақыры, жиған-тергенін қалтасына салып, бизнес-тренер, коуч, ментор, қаржы тренері Самғат Саламаттың консультациясына келіп отырған жайы бар.
- Көке, бизнес жайлы сәл кейінірек. Әуелі мынаны айтыңызшы. Арманыңыз қандай?
- Ее, арман деген көп қой. Басқасын білмеймін. Бастысы - ел аман, жұрт тыныш болып, балаларым мен немерелерімнің дені сау болса болды. Отбасымыздың береке-бірлігі бірінші орында.
Қоңқақ мұрын жігіт мырс етіп күлді.
- Ақсақал, сіздікі арман емес бата болып кетті ғой. Бизнес жасағысы келетін адамның армандары нақты-нақты болуы керек. Мысалы, бір жылдың ішінде Тайота Камри автакөлігін аламын. Бес жылдың ішінде ауылда екі азық-түлік дүкенін ашамын. Келесі күзге дейін кемінде бір шет елді аралаймын…Міне, осы сияқты конкретно айта аласыз ба?
- Бұйырса деп айт, айналайын. Бәле-жала, көлденең кесапаттан сақтасын дейік. Оның бәрі бола жатар, Құдай амандығын берсе...
Жігіт екі қасын керіп басын шайқады.
- Жақсы, бүгінгі консультация оңай болайын деп тұрмаған сияқты. Ештеңе етпейді. Осы әңгімеден соң өміріңіз 100% өзгереді. Миыңыздағы қалыптасып қалған керексіз түсініктерден арыласыз. Менімен бір сеанстан соң қаржылай ағыныңыз ашылып, байып кетесіз. Көр де тұрыңыз. Талай қарызға батқан, бір айлыққа қарап отырған адамдар, менен кеңес алып көтеріліп кетті. Білімнен ақша аямаған адам ғана жетістікке жетеді. Алдымен, төлем жасап жіберейік. Сізге ватсаптан жазған номерге бес жүз мың аудара салыңыз…
Арынғазы қолдары қалтырай қимылдап, телефонын түртпектеп жатыр. Шамасы банк қосымшасына номерді тере алмай жатқан болу керек. Біраз бөгеліп барып, ақшаны салғанын айтты.
Ақшаның құдіреті ме кім білсін, келгеннен аузын еріне ашып, мұрнының астынан міңгірлеп отырған жігіт самбырлап сөйлеп кетті:
«Сіз өзіңіз үшін өмір сүруді білмейсіз, бір жұмысқа отыз бес жыл бойы барып келу деген не деген «комфорт зона»? Сізге өзгеру керек. Өзімшілдеу болу керек. Ағайын-туыс, бала-шағаны жарылқамай қоя тұру керек. Денсаулықты қарату керек, жоғыңызды түгендеу керек, барғыңыз келген жерге барып, киігіз келгенді алу керек, оның бәрін былай ысырып қойғанда ең бірінші балалық шақтың травмасымен күресу керек» - деп бөсіп отыр.
- Айтыңызшы көке, әке-шешеңізбен қарым-қатынасыңыз қандай болып еді?
- Ойбай-ау, баяғыда сүйегі қурап кеткен менің әке-шешемде нең бар? Бизнес туралы айтсаңшы маған, - деді Арынғазы қанша сыпайы болайын десе де шыдамай шытынап.
- Жоқ, сіз түсінбедіңіз. Адамның ақшаға деген қарым-қатынасы оның ата-анасына тікелей байланысты. Кімде кім әке-шешесіне ренішпен өмір сүрсе, оларды жиі көрмеген болса, ақшаны да әрең табады, тапса да бірден құртады. Қарызы бар адамның бәрі кезінде әке-шешесіне өзін қарыздар сезінген. Түсініп жатсыз ба?!
- Астапыралла, өзін әке-шешеге қарыз сезінбейтін адам болмайды ғой, шырағым. Нағыз бір кесапат, кеще біреу болмаса…
- Жоқ. Адам өзін ешкімнің алдында төмен сезінбеу керек. Тіпті туған ата-анаңа да қарыздармын деп құрбан рөлінде болудың қажеті жоқ. Айналада, барлық адам кредит алғыш. Себебі, бәрі де ата-анасымен дұрыс қарым-қатынас орнатпаған. Оларға деген қарыз сезімін басқа бір қарызбен жауып жатыр.
- Қой, шырағым. Мен мына әңгімеңнен еш қисын көріп тұрғам жоқ. Бұл жерден аттап кетіп, басқасын айта берші.
Ақ көйлекті қара жігіт тосылған жоқ.
- Жақсы, ата-ана тақырыбына жолағыңыз келмесе, айтыңызшы. Балаларыңызбен байланысыңыз қалай?
- Қалай болушы еді. Үш қызымды ұзаттым. Үш ұлымды үйлендірдім. Шүкір. Бәрі аяққа тұрып келе жатыр. Бір балам өз қолымда. Келін екеуі алдымды қия баспайды. Екеуі жұмыс істесін деп кемпір екеуміз немере бағып отырмыз. Бірақ олар да өсіп келеді. Шет елде оқытсақ дейміз, үй-көлігін әперсек дейміз… Оның бәрі оңай ақша емес. Пайғамбар жасына келгенде бизнес жасаймын деп желігіп отырғаным өз қамым емес. Сол ұрпағымның болашағы мені ұйықтатпай жүрген. Өзің айтпақшы, ақша болмаса қарға адым жерді баса алмайсың. Солар таршылық көрмесін деймін.
- Енді, сіз құтқарушы рөліне алмастыңыз. Үрім-бұтағыңыздың ішіп-жеуі, жұмысқа тұруы, үйлі болуы тек сізге қарап тұрғандай сезінесіз. Байып кетсеңіз бәрін асырауға шамаңыз келетіндей болып отырсыз. Ал шынында оның бәрі аяғыңызды бастырып қойған тастай алдыға жүргізбейді. Сіз ұл-қызыңызды оқыттыңыз, үлкен өмірге дайындадыңыз. Енді олардың ұсақ-түйгегін түгендеуге, балаларын өсіруге күш салуға міндетті емессіз. Өзіңізді ондай ауыр жүктен босатыңыз. Сіз Құдай емессіз ғой.
Самғат алдындағы кофені рахаттан сімірді де әрі қарай жалғады:
Арынғазы тағы да ашуға булығып, алдында отырған жігіттің қоңқақ мұрнынан қойып қалғысы келді. Бірақ ойланып қараса айтқан сөздері түйеден түскендей тұрпайы болса да, барлығы бірдей дінге теріс емес. Кейбірі тіпті ащы шындық па дерсің.
Ақсақал төс қалтасынан беторамал алды да, маңдайныан бұрқ еткен қара терін сүрте бастады.
- Ареке, артық айтты деп айыпқа бұйырмаңыз. Жұмысым сондай. Оңай жерде олжа жоқ дегендей, бай болу үшін осындай өткір тақырыптарды қайта қарастырып, құндылықтарды дұрыс таңдау керек. Ал адам үшін ең құнды нәрсе - өзі. Өзің жарымай жүрсең кімді жарылқайсың? Солай емес пе?!
Арынғазы басын изегендей ишарат жасады.
- Ендеше мен сізге уақыт берейін. Мына қағазға ешкімді араластырмай өз қалауларыңызды жазыңыз. Мейлі, телефон бола ма, балық аулауға арналған жеке қайық бола ма? Әлде кітап жазу, фотосуреттер түсіру деген сияқты арман бола ма, бәрібір. Ол тек өз жаныңыз бен тәніңіздің қалауы болсын. Мен бөгет болмай бара тұрайын...
Арғынғазы ақ қағаздың бетін қанша шимайлағанымен өзінің нақты не қалайтынын білмей, біраз отырды. «Апырай, адам шіркіннің арманы таусылмаушы еді ғой. Мен сонда ештеңге қызықпай, ештеңені көздемей өмірді құр босқа сүре бергенмін бе?!».
Қанша уақыт өткенін кім білсін. Бір кезде қарыс маңдай жігіт те келді.
- Иә, болашақ бизнесмен аға. Не жаздыңыз?
Арынғазы тартыншақтап қағазды өзіне тартып еді, Самғаттың қолы сумаң етіп алып үлгерді.
«Бұйырса, 80 жас мерейтойымды ауылдағы ең үлкен мейрамханада жасасам… Оған барлық құда-жекжатым түгел келсе… Күйеубалаларым жүгіріп қызмет қып, келіндерім астау-астау табақ тартса, ал балаларым шапан жауып, сый-сияпат қылса. Немере-шөберелерім ән айтып, көз қуантса. Кемпірім алтын-күмістен қолдарын көтере алмай, қуаныштан жасаураған жанарын жаулығының шетімен сүртіп жанымда отырса. Тойға келген әр адамға бір-бір тай мінгізетіндей байлығым болса… Алла амандық берсін!».
- Охо, аға! Мынауыңыз әдеби шығармадан кем емес қой. Әр қонаққа бір тай мінгізетін шамаңыз болса, расында шіріген байсыз ғой. Ондай бай адамның жас тоқалы да болуы керек. Тізімге оны да қосып қойыңыз. Әлі талай Жетпісбай, Сексенбайларды дүниеге әкелдіретін шамаңыз бар шығар?
Айтпақшы, ақша деген оған да байланысты. Бай, магнаттар неге жас әйелге үйір болады дейсіз. Себебі, жас адамның энергиясы ақша шақырады. Жеңгемді өзіңіз жазғандай алтын-күміске орап қойсаңыз, басқа не керек?! Қарсы бола қоймас. Төсекті де жаңғыртып тұру керек денсаулық барда... Мысалы мына қыздарды қараңызшы, - деп жігіт көрші орындықтағы екі қызды қулана көзімен нұсқады.
Арынғазы орнынан атып тұрды.
- Жетер!
Осы бір ауыз сөзді тістеніп айтқаны соншалық қалшылдап кетті.
Қонақ үй дәмханасында отырған жұрт түгел селк етті.
- Ей, намыссыз! Ақша-ақша деп арам қатқыр неме! Әкеңмен жасты адамға қалай сөйлеп тұрсың, жетесіз? Қайдағы тоқал? Қайдағы төсек жаңғырту? Осындай сасық ой, пасық пиғылды қайдан тапқансың жап-жас болып. Әке-шешеңе ренішіңді айт дедің, үндемедім! Балаларыңа болыспа дедің, ол да дұрыс шығар дедім. Енді келіп өмірдің ыстық-суығын бірге көрген, алтын асықтай алты баланы тауып берген, кәсіп баста деп қолдап жүрген жарымды «жаңғыртып», жас әйел керек дейтін кімсің сен? Сөзіңнің пәтуасы жоқ, қай жерде не айтуды білмейтін есерсоқ неме. Адам бай болса тоқал алу керек пе? Бала-шағаны ысырып қойып,қара басының қамын ойлап, сүйегің көмусіз айдалада өлу ме адамның мұраты? Есіңде болсын, тіріңде жан-жағыңа тіреу болмасаң, өлгенде артыңнан құран бағыштар біреу болмайды. Ойда мақсат, бойда қуат барда Құдай берген қосағыңмен балалардың қызығын көру деген арман сен үшін күлкі қылатын нәрсе ме? Сөйле! Жағың қарыспай сөйледің ғой екі сағат. Енді неге үндемейсің? Өзің үйленгенсің бе?
Самғат күбірлей жауап қатты:
- Ажырасқанмын…
- Әй, жүгірмек-ай. Балаң бар ма?
- Бұрынғы әйелімнен бір қызым бар.
- Ее, бұрынғы ма, бүгінгі ме, баланың аты бала ғой. Қарасып тұрасың ба?
Жігіт болмашы ғана басын изеді.
- Маған өткізген кәнсултацияңның ақшасын сол балаңа апар. Менің саған садағам болсын. Ары қарай сандырағыңды тыңдауға денсаулығым жетпейтін сияқты.
Арынғазы қонақ үйдің бірінші қабатында орналасқан бөлмесіне қарай еденді нығыздай басып кетіп қалды.
Самғаттың түрі өрт сөндіргендей түтігіп кеткен. Осылай сүмірейіп қанша тұрғанын білмейді. Тек ел-жұрттың тесіле қарап қалған назарын байқаған бетте, көзілдірігін киіп алып ол да дереу ғимараттан шығып кетті. Екі буынның қақтығысы немен біткені бізге беймәлім...
Автор: Айым Алтайқызы