Дулат Исабековтің Мұқағали туралы естеліктері

Фотосуреттер ашық дереккөзден

ӘДЕБИЕТ
68
«Иә, жақсыға бәрі жақын болады-дағы. Қазір Мұқағали жайлы оның қасында жүрмеген, сөйлеспеген адамдар да бірге жүріп, бірге тұрғандай естелік айтқыш болып кетті. Ал мен «Мұқағалиды жақсы білемін» деп айта аламын. Өйткені «Жұлдыз» журналында екі жылдай бірге жұмыс істедік. Бір кабинетте отырдық…
Бір күні бас редактор Тахауи Ахтанов: «Мұқағали Мақатаевты жұмысқа шақырамын», – деді.
Тахаңның бұл сөзіне біраз адам қарсы пікір білдірді:
– Таха, ол – ақын ғой! Жұмыс істемейді. Бірақ... өзіңіз көріңіз…
Ол Мұқағалидың керемет ақын екенін, поэзия бөлімін жақсартатынын айтып, жұмысқа қабылдады.
Жұрттың айтқаны расқа шықты. Мұқаң жұмысқа көңілі түссе келеді, көңілі түспесе келмейді. Поэзия бөлімінің жұмысы тоқтады да қалды. Ахтановтың шырылдап жүргені. Бірақ Мұқағали Тахаң қызметінен кеткенше жұмыс істеді. Т.Ахтанов қызметтен кеткен күні Мұқаңды да жұмыстан босатып жіберді.
Жұмыстан босатқан – Шерхан Мұртаза. Шер-ағаң Мұқағали Мақатаевты жұмыстан босату жайлы бұйрықты ауызша айтып, терімші қыз көзін жас жуып қағазға түсіріп отырды.
Шер-ағаң, мінезді кісі ғой, оның үстіне жұмыс жайына келгенде аса жауапты да талапшыл адам:
– Неменеге жылайсыңдар? – деді өзінің күркіреген даусымен. – Не, Мұқағали болмаса «Жұлдыз» қараң қалады дейсіңдер ме? Незаменимых нет!
Одан кейін Асқар Сүлейменовке тиісе бастады. Ол да – еш бұйрыққа бағынбай, еркін жүретін жан еді ғой. Асекең оның бұйрығын күтпей-ақ арыз жазып кетіп қалды.
Тиісетінін білдім де, мен де сөйттім. Төлен Әбдіков «Жалын» журналында бас редактордың орынбасары еді. Бас редактор – Тұманбай Молдағалиев. Проза бөлімі меңгерушісінің орны бос тұр екен, сонда ауысып кеттім.
Ол күнделікті тұрмыстың жайы ғой…
Ал Мұқағали қандай адам еді? Қандай қызметкер еді? Қатар жүргенде өзін өзі қалай ұстаушы еді? Жайшылықта қалай еді?
Ол – ҰЛЫ АҚЫН.
Қалған майда-шүйде әңгімелер – адам мінезіне қосымша қызық детальдар-дағы...
Кейде сәл «қызыңқырап» келіп:
– Я – великий поэт! – деп қоймайтын.
Сол кезде Қуандық Шаңғытбаев:
– Ты – великий алқаш! – деп әдейі қитығына тиіп, «қайтер екен» деп қалжыңдап, күлетін.
Үлкен кабинетте бәріміз бірге отырамыз. Ол кезде «Жұлдыздың» беделі өте күшті еді, 200 мыңдай тиражбен тарайды. Мұхтар Әуезов пен Сәбит Мұқановтан басқасының бәрі тірі. Олар роман жазса, 5-6 нөмерге бір-ақ жарияланады. Жастарға орын жоқ десек те болады.
Біз жұмысқа сағат онда кірісеміз, Мұқаң он екілерде шаң бере бастайды. Тып-тыныш жұмыс істеп жатсақ, Мұқағали кіріп келіп, берекемізді алатын:
– Әй, жұмысты тоқтатыңдар! Мен жаңадан өлең жазып келдім, өлең оқимын!
– Қойшы-ей өлеңіңді! Біз журналдың алдағы санымен арпалысып отырмыз ғой, сәл шыда, түскі астың кезінде оқисың, – деп шу ете қалады жұрт.
Бәрібір біраздан кейін өлеңін оқиды. Содан кейін: «Қалай екен?» – деп пікір сұрайды. Асқар Сүлейменов: «Ну и что? Мұндай өлең қазақта толып жатыр», – деп әдейі ашуына тиеді.
– Өй, воробей, сен өлеңді түсінбейсің, – деп кейиді Мұқаң.
– Түсініп қайтем, – дейді Асекең. – Қазір адам поэзиямен емес, прозамен ойланады. Ал сен әлі күнге шейін өлеңмен жүрсің. Өлең жазу – жұмыссыздықтың белгісі, – деп қасақана қыжыртады.
Мұқаң Асекең сөзінен түңіліп, маған бұрылып: «Саған ұнады ма?» – дейді. «Терпимо» деп жымия жауап беремін мен.
«Тахауиді қызметтен босатамыз» деген сөз дүрілдеп тұрған кез еді. Тахаңды екі күннің бірінде Орталық комитетке шақырады. Қыс. Жазушылар Одағында жаппай жөндеу жұмыстары жүріп, бас редактор, жауапты хатшы – бәріміз бір кабинетке тығылдық. Сол уақытта қырсық Асқар кіріп келіп, амандасудың орнына Тахаңа: «Немене, сіз бізге бүгін тағы да редактор боласыз ба?» – дейді. Тахаң қатты уайымдап жүрген. Түстен кейін біз «Шахта» деп атап кеткен, Одақтың қасындағы кафеде шарап ішетін болып келістік. «Біз» дегенім – 4 адам: Тахаң, Асқар, Мұқаң, мен.
Аз уақыттан соң Мұқағали «өлең оқимын» деді. Асқар тағы да қарсы болды.
Негізі, АСҚАР МҰҚАҒАЛИДЫ ӨТЕ ҚАТТЫ ЖАҚСЫ КӨРДІ. «Бесін» деген кітабындағы басты кейіпкердің аты – Мұқағали. Ол кейіпкердің науша денесінен де Мұқағалидың прототипі екені көрініп тұрады. Сол шығармадағы тағы бір кейіпкердің айтатын сөзі бар: «Осы қазақтарды жек көремін. Бәрі де бір ана Мұқағали сияқты денелі, алып тұлғалы боп келеді»…
Мұқағали өлеңін оқыды. Енді... шын, керемет өлеңдер!
Содан кейін:
– Ал... болдың ба? – деді Асқар.
– Тағы оқиын ба?
– Жоқ, осы жерден тоқташы, айналайын! Пікір айтатын хәлде емеспіз. Бұл жерде басқа мәселемен отырмыз...
– Айтпақшы, осы сен бұрын диктор болып істегенсің ғой, иә? – деді бір уақытта Сүлейменов. – Мынандай дауыспен өлең емес, информбюроның жаңалықтарын, сосын азалы хабарларды оқу керек. Сенің даусыңмен өлең оқуға болмайды!
Сосын өлеңдерін талдап-талдап, іске алғысыз қылып тастайды. Мұқағали бұған ашуланып бүй дейді:
– Осы сен шынымен өлең түсінбейсің бе, әлде маған қырсығып отырсың ба?
– Не айттым, соны естідің ғой, – дейді сөзге сараң Асқар.
Мұқағали одан бетер жынданады:
– Сен бәрібір менің өлеңімсіз өмір сүре алмайсың!
– Өміріңде тауып айтқан сөзің осы болды. Өлеңіңсіз өмір сүре алмайтыным рас, бірақ өзіңнің түк те қажетің жоқ. Сен маған нөмірі төртінші троллейбус сияқтысың. Үйге дейін мінем де, түсіп қалам. Қайтадан мінем де, жұмысқа жетемін. Мен үшін сен де бір, троллейбус та бір. Ал өлеңіңсіз, рас, өмір сүре алмаймын, – деді Асқар.
Мақтап отыр ма, жамандап отыр ма – Мұқағали не дерін білмей тұрып қалды…
* * *
Кейінірек, «Жалын» баспасында жұмыс істеп жүрген кезіміз. Мұқаң «еркелеңкіреп» келіпті. Шашы жалбырап, үстелге басын қойып ұйықтап жатыр. Біраздан кейін адамдар редакцияда әңгіме бастады. «Құсбегі болсам, Қадыр Мырзалиевті қаршыға ғып қолыма қондырып, Шәмілді тазы қып ертіп, аңға шығар едім» дейтін Мұқағалидың сөзі бар. Сол Қадырдың Мұзафар Әлімбаев сияқты мақал жазып бастаған шағы-тын. Әңгіме Мырзалиевтің шығармашылығына ауысты. Соның алдында ғана «Джунглиде маймыл, Киіз үйде Айгүл» деген өлеңі шығып, жабыла талдап шуылдап жатқанбыз.
– Осындай сөз бола ма екен? Мұнымен не айтқалы отыр? – деп біраз жігіттер Қадырдың кей өлеңін өз шамасынша сынаған болды.
Біршама уақыттан кейін Мұқағали басын көтеріп алып:
– Әй, қызталақтар! Аузым бар деп айта бермеңдер! Қалай айтсаң, олай айт, Қадыр Мырзалиев – великий поэт! – деді.
Қайтадан басын үстелге дүңк еткізді.
Ақынды ақынның тануы деген қандай жақсы...
 
* * *
 
Әнуар Әлімжановтың кезінде Жазушылар Одағында бар ашылды. «Қаламгер» деген. Сол бар керемет еді. Өйткені сонда бәріміздің басымыз қосылады. Ол жақтан ешкім алқаш боп шыққан жоқ. Қайта «Қаламгер» қазақ ақын-жазушыларына ішудің мәдениетін үйретті.
Түскі үзілісте Төлен екеуіміз сок ішейік деп барға бардық. Бардың бұрыш жағында, қаракөлеңкелеу жерде екі адам шахмат ойнап отыр. Қарасақ, Тоқаш Бердияров пен Мұқағали Мақатаев. Бұ кісілердің шахмат ойнай алатыны туралы өмірімізде бір ауыз сөз естімеген екеуіміз қызықтай жандарына бардық.
Үңілсек, екеуінде де король жоқ. Екеуі де бір-бірінің королін жеп қойған. Бірақ ойнап отыр.
– Корольдарыңыз жоқ қой. Қайда?
– Өй, мынау жеп қойған, – дейді Тоқаш аға.
– Онда несіне ойнап жатырсыздар? Онда мына шахматта қандай мағына бар? – дейміз ғой біз.
– Енді... осы ойынды бітіре салайық, – дейді Мұқағали.
Күлдік те, кетіп қалдық. Кейіннен ойласам, олардың негізгі мақсаты – шахмат ойнау емес, шахмат тақтасы алдында бір-бірімен қарама-қарсы отыру екен ғой.
Ақынды ақынның сыйлауы деген осы.
 
* * *
 
«Жұлдызда» жүргенімізде Мұқағали Мақатаев жайлы Сағат Әшімбаевтың мақаласы жарық көрді. Қатты сынап тастаған. Мұқаң: «Өлең түсінбейді деп айтсаң ренжиді. Анау сынаған жерлерінің бәрі – өзіме ұнайтын жолдар ғой» деп дегбірсізденіп жүргенде, Оралхан Бөкей кіріп келді. Қолында газеті бар. Оны да, кім екенін білмеймін, біреу оңдырмай сынапты. Мұқағали – кеңтерілеу адам, айтып-айтып қоя салады, кейін ұмытып кетеді, ал Оралхан ондай сынға шыдай алмай, шын күйіп-пісетін жарықтық.
– Мынаны қараңыздаршы! Мені әділетсіз сынап жатыр! – деді.
Сонда Мұқағали:
– Әй, Оралхан! Сен үлкен жазушысың! Ұсақ-түйекке мән беріп қайтесің!? Біз де отырмыз ғой. Өлген жоқпыз. Кез келген іске бұлай күйіп-пісу саған жараспайды. Сабырлы бол! Ақын-жазушы жазғанда тек «мақтасын» деп жазбайды ғой. Сыналу да керек. Керісінше, сыналғаннан кейін өзіңе өзің қамшы басасың, – деді.
Мұқағали осы сөзімен өзін де, Оралханды да жұбатып, жігерлендіріп шығарып салды.
 
* * *
 
Мұқағали Мәскеуде жүрген кезінде Андрей Вознесенскийдің үйін іздеп, тауып барыпты. Есіктің қоңырауын қақса, әйелі ашыпты да:
– Кто вы? – деген.
– Мукагали, из Казахстана.
– Ой, нет. Он очень занят. Сейчас он работает.
Мұның бәрін естісе керек, Андрейдің дауысы шыға бастаған:
– Кто это? Кто там?.
Сонда Мұқағали бірден:
– Андрюша, это я! Мукагали Макатаев, из Казахстана! – депті.
Андрей жыға танымаса да, ішке кіргізген екен. Екеуі сөйтіп таңға дейін шарап ішіп, кеңінен сырласыпты...
Ақынды ақынның түсінуі деген осы.
* * *
Мұқаң ең соңғы, ең атақты, ең мықты өлеңдерін емханада алты айдай жатқан кезінде жазды. Анау баяғы «терпимо» деген әзіл сөзімді көкейіне түртіп алған. Өлең оқып болғаннан кейін менен сұрайды: «Қалай? Терпимо ма?». «Қарлығашым, келдің бе?» деген кітабына «Әй, Дулат! Мынау терпимый кітап» деп жазып беріпті.
Сол шақ әдебиеттің керемет кезі екен. Жұрт әдебиетпен дем алып, әдебиетпен тыныстап, әдебиетпен өмір сүруші еді…
 
* * *
 
Бір күні сағат он бірдің кезінде есікті біреу жайлап басы сыйғанша ашты. Жалтырбас бір еврей.
– Скажите, пожалуйста, Мукагали Макатаев здесь сидит? – деді.
– Иә, осында.
– Если не трудно, как можно с ним встретиться?
Біреу жауап берді: «К обеду, возможно, он подойдет».
Біраздан кейін дәлізге шықсам, анау еврей фойеде отыр екен. Барып амандасып, жөн сұрастық. Өзін атақты «Смена» журналының әдеби қызметкерімін деп таныстырды. «Смена» – бес миллион тиражбен бес тілде шығатын аты мәшһүр журнал.
– Редактордың тапсырмасымен Мәскеуден келдім. «Қазақта Мұқағали Мақатаев деген ақын бар. Соның өлеңдерінен топтама берейік» деп мені жұмсады, – деді.
Мен қуанып кеттім.
Сөйтіп отырғанымызда ұзын қара плащының етегі делбең-делбең етіп Мұқағали жоғары қабатқа көтерілді. «Вот он, Мұқағали» дедім. Қасымызға келгенінде мен таныстырып, ол жөнін айтты.
– Александр Межиров сіздің өлеңдеріңізді аударуға келісім беріп отыр. Александр Межиров – орыстың керемет ақыны.
– На каком языке это выходит? – деді Мұқаң.
– Вы интересны, журнал «Смена» это на русском же.
– На русском?.. А я думал, это на казахском, – деді Мұқағали. Сосын: – Сіздің бас редакторыңыз осындай тапсырма берді ме? Он пьет? – деп сұрады.
– Ну, извините, что за вопрос? Он не пьет!
– Если он не пьет, тогда поэзию не поймет, – деді Мұқағали.
Мен «Аға, қойсаңызшы, сонау жер түбінен арнайы сізді ғана іздеп келіп отыр ғой» деп шырылдап жатырмын.
Байғұс еврей де ашулана бастады. Мұқаң бастырмалатып:
– Знаете, когда-нибудь, кто-нибудь, если мне поставит памятник... это будет не в Москве, а в Алмате! Не русские поставят, а казахи. Меня мои казахи читают наизусть! А мне – этого достаточно, – деді де, кетіп қалды.
«Смена» журналының әдеби қызметкері де: «Ну, в таком случое с ним разговаривать невозможно. Что за человек?» деп тайып тұрды. Сөйтіп, журналға материалы да, өлеңдері де басылмай қалды.
Жарықтық ақыры Алматыдан мәңгілік жай тапты ғой. Мұқағали үшін қазақ оқырмандары «Кеңсайға» әлі де күн құрғатпай барады…
P.S: Соңғы сөйлемдерін иегі дірілдеп, көңілі босап айтқан Дулат ағамыз күлсалғышқа темекісін тастап жіберді. Жаншымады, түтіні жоғары қарай түзу ұшып барып, әлдеқайда сіңіп кетті. Исабеков Мақатаев өлеңдерін жатқа оқып, тебірене толғағанда, еріксіз көзіме жас келді. Естеліктерін бар ынта-шынтасымен әңгімелегенде оның да жанарынан жас домалаған еді...
 
Сұхбат алған Асылан ҚУАНЫШҰЛЫ (оны төрт жылдан соң ерінбей сәл өңдеп, орысша қате-қате сөздерін жөндеп, басқа да ұсақ-түйек кемшіліктерінен арылтып, қайта теріп жариялап отырған – Сәкен СЫБАНБАЙ)
 
«Қазақ әдебиеті» газеті, 2021 жыл
author

Мұқағали Мақатаев

АҚЫН

ЖАҢАЛЫҚТАР

Танымал әнші Индира Елемес Руслан Өтепбайға сұхбат берді, деп хабарлады MadeniPortal.kz. Әнші күйеу...

PESTEL

АҚШ президенті Дональд Трамптың арнайы өкілі Берлинде Украина, Германия, Франция және Ұлыбритания ба...