Ғалым Жайлыбай. Кеңістікте үзілген үн адасқақ...

Фото: ашық дереккөз

ӘДЕБИЕТ
236

Құралайдың көзі

Өмірін де,
өзін де,
дүбір тосқан…
дүрмекпен.
…Құралайдың көзінде –
Тұнып қалған бір көктем.
 
Бетін төсеп самалға,
Жаутаң қағып қарады.
Жарқ-жұрқ еткен жанарда
Ғұмыр кетіп барады.
 
Жанымыздың жарасы
Шеменге өтіп барады.
…Көзімнің ақ-қарасы,
Өлең кетіп барады.
 
Шер күйімді шертер ем,
Құралайым, келдің бе?
…Шалғын басын ертемен
Шық шайғанын көрдің бе?..
 
Қыр басынан танымай,
Ғажайыптан құр қалсақ…
Жанарыңа, жаным-ай,
Әлем сыйып тұрған шақ.
 
Көңіліңде көктем жүр,
Көкжиекке түнеген.
Көзіңдегі мөп-мөлдір
Жалғыз тамшы 
– Ұлы өлең…
 
Селт етпесе сезімің,
Көне болар көңілің.
…Құралайдың көзінің
Ішінде өтті-ау өмірім.
 

Он екінші үй

«Тастағым», қош бол енді, Тастағым-ай,
Тізілді кірпігіме жас жамырай…
Жәркен жырау
 
Ақын тұрды Алматы «Тастағында»,
Бас қамын да ойламай,
басқаны да.
Әйнегінен үйінің ай сығалап,
Өз жұлдызы жанатын аспанында.
 
Қаламымен тайпалтып қара өлеңді,
Бауырына басатын бар әлемді.
Тастақтағы бес қабат,
он екінші үй,
Жетімсіреп қарайды маған енді.
 
Сол бір күндер шықпайды бүгін де естен,
Жыр оқысаң, жылғалар күбірлескен.
Тас маңдайда тағдырдың жазуы бар
Жәркен жырау осы үйде ғұмыр кешкен.
 
Жұмысы жоқ ешкіммен,
түк таласы,
қабырғасы теп-тегіс,
мықты ағашы.
Меңірейіп тұр енді мең-зең болып,
Менің Жәркен ағамның құтханасы.
 
Түнерер де,
селт етер бір түңілсе,
Тастақтағы тал, терек бүртігінше.
Алатауға қарайтын таң атқанда,
Жайыртауды көретін кірпік ілсе.
 
Жырларына ақтарған сыр жасырмай,
Сағыныштың бір күні – 
бір ғасырдай.
Көшіп келген көктемдей көңілі бар,
Босып келген Боғданың Құлжасындай.
 
Қайда Жайыр,
шыңдағы қайда мұнар?
Жылап аққан жылға да сайға құлар.
Сылти басып жүретін сол маңайда
Айбыны бар,
соңында Айдары бар.
 
Қайран ақын қиялы көкті кешіп,
Тебіспеген пендемен
тепкілесіп…
Жиырма бір жыл орныққан ордасынан
Жылай-жылай бір күнде кетті көшіп.
 
Сен не дейсің,
самал жел, жайлап ескен,
Күн де көшкен аспаннан,
Ай да көшкен.
Жиырма бір жыл орныққан ордасынан
Жәркен жырау білдің бе,
қайда көшкен?
 
Жұлдызға орнын Ай бермес,
өтті, мейлі,
Кейбірінің кеудесі көк тірейді.
Айбыны мен Айдарын қолтықтап ап,
Құрсағы кең «Кеңсайға» кетті дейді…
 
Тағдырының таңбасы шырайында,
Аман болсын, 
Жайыр тау, ылайымда.
Жәркен жайлы бір хабар айтып қалар,
Ахметбек Алмастан сұрайын да.
 
Замандар-ай,
ақынды қырқып, атып,
Бір жылатып қоймадың,
бір құлатып.
…Он екінші үй алдында «Тастақтағы»
Темекімді отырмын бұрқыратып.
 
Жасанды интеллект
 
Бұл жаз да өтті,
күн келер күнге ілесіп,
ашылмаған алдыңда мың бір есік.
Өмір деген өткінші жаңбырдай-ақ,
Бір күн өсер көңілің,
бір күн өшіп.
 
Бұл жаз да өтті,
аман ба, қатын-балаң,
Отың өшіп қалмасын лапылдаған.
…Жасанды интеллекті жетпей тұрып,
Жасанды адам жанымда жапырлаған.
 
Жақсылардың кез қайда 
тосар хатын,
келер дейсің бәйгеден қашанғы атың.
Жар сала ма жасанып жарияға,
Жасанды интеллекті – 
жасанды ақын?
 
Нысанаға ала ма уақыт-мерген,
Шайыр едім бақ қонған,
бақыт көрген.
…Құлынынан құланы жазбай танып,
Тұнығынан тұманы татып көрген.
 
Есенинге ес шығып, 
Қасым арбап,
қас-қағымда кетіпті ғасыр аунап.
Уақыт деген – түйелі көш-керуен,
Ай-күніңді жүретін тасымалдап.
 
Бұл жаз да өтті, 
құстарды көрем көлден,
Көңіліңе кім қарар көнергенмен.
…Жасанды интеллекті заманында
өлең еді қайтейін жедел келген.
…Бұл жаз да өтті…
 

Садақбайдың қамшысы

Оралхан Бөкейдің «Қамшыгер» әңгімесін 
қайта оқыдым.
 
Қанжылаған қараша үйдің көзі 
жасқа толып тұр,
Түйетастың аңғарынан аңызақ 
жел соғып тұр.
Тау мүлгіген,
сонау көктің күмбезінде ай безген,
Зытып бара жатқан Айды жақсылыққа жолықтыр!
Құла дүзді құрсаулаған сұр бұлттан да құт қонған,
Қамшыгерді қара түнде қандай 
тағдыр күтті алдан?
Керегеде салбыраған он екі өрім,
бұзау тіс – 
Қамшысының өрімінен қан ба, әлде
                                                              сүт тамған…
 
Үзік-үзік қара түстен қойсадағы таң атпай,
Өмір-өзен ағып жатты,
алды-артыңа қаратпай…
Қан тамып тұр,
қамшысының өрімінің ұшынан –
Сандырақтап шоршып түсті,
көзін ашқан Садақбай.
Ақиқатын сол аңыздың бітті ме екен 
аршып ел,
Түс жорытсаң, көргеніңіз әшейін 
бір тамшы – дер.
Сонау жылы Машырақтан таң атқанда сарғайып – 
Қайтпас сапар шеккен екен 
Садақбайдай қамшыгер.
 
Қу тірліктің кеспегенмен тасты басқан 
нақ ізін,
Тағдырының көрер пенде,
қаңтары мен тамызын.
Түйетасқа арқа сүйеп,
малдас құрған Ор-ағаң –
түн баласы шертер кейде 
Алтай жақтың аңызын.
 
Ойлар,
ойлар, оңашада жан-жүйемді жаншыма,
ғұмыр деген он екі өрім ұшындағы тамшы ма?
…Сонау көктің күмбезінде Ай адасқан
 сәттерде –
Қарап қоям төрде ілінген тобылғы сап қамшыма.
 

Мандолина

= Баллада =
 
Өзі тентек болғанмен,
                            әні естілеу,
дар-дар еткен дауысы көмескілеу…
Сыдық аға бір әнді сызылтатын
Мандолина қолында сәл ескілеу.
 
Ол ән салса,
жаныңа жаз қонғандай,
төрт шегінен үзілген саздар қандай?
Бетпақ жонға сол үнмен айдын толып
Аққу ұшып,
әп сәтте қаз қонғандай.
 
Қысырақтың белдерден үйірі асып,
қиялымның киігі жиі қашып…
Мандолина қайдан жүр  қу далада
отырамын қалқайып,
миым ашып…
 
Түнде жүрген бағытын Айдан алған,
ноқат іздеп таппайсың айналаңнан.
Италия аспабын құла дүзде –
бұл ағамыз, білмедім,
қайдан алған?
 
Кеңістікте үзілген үн адасқақ,
түмен ойды Арқаның түні аластап…
Төрткүл әлем тіл қатқан төрт шегінен
Сызылтқанда Сыдекең  мынау аспап.
 
Көкөрімбіз,
көркембіз,
көңілі айна,
желпіп өтсе Бетпақтың желі майда.
 
Жылқылы ауыл аспанын жындандырып
Басады-ай бір, «Жетіарал – жерім-айға»:
 
«Ана тау мен мына тау төтелейін-ай,
түйе басын маған бер жетелейін-ай.
Жетіарал – жерім-ай,
Сауық-сайран елім-ай.
 
Ой болса екен, ендеше, ой болса екен-ай,
Өріп шығар қорадан қой болса екен.
 Жетіарал – жерім-ай,
Сауық-сайран елім-ай».
 
Жанарына жас тұнып,
жаны жырлап,
сорғалатқан ағаның әні мұңды-ақ,
төтелейтін тау да жоқ,
түйе де жоқ –
Мандолина…
Жетіарал…
бәрі жұмбақ.
 
Аша қоймас қабағын қайманаға,
Сол бір ауыл алыста,  айдалада.
Бетпақдала төсінде мандолинмен
Шырқап жүріп жоқ болды, қайран аға!
 
Байтағыңда мінгенің Байшұбар ат,
жазираға қанатын жайсын алап…
Сыдыкеңнің дауысын аңсайды ма,
түндігінен боз үйдің Ай сығалап.
 
«Жетіарал – жерім-ай,
Сауық-сайран елім-ай».
 
Арқадағы аман бол,
ардақ ұя,
«Жетіаралда…» арман бар, ақдариға!
Қай құрдастың басты екен бір пернесін –
жылқылы ауыл,
Бетпақ жол,
Мандолина?!.

 

Ғабеңнің қалта сағаты

Өзегі өткен күннің өлшеміндей,
Ғұмырдың бөлінбейтін бөлшегіндей…
Ғабеңнің сәнге ұстаған сол сағаты –
Серінің сертке ұстаған семсеріндей.
 
Өрілген өрімінің сан қиясы,
Ұшында қаламының арлы ұясы.
Дүние-ай,
мұңданып тұр мұражайда
әйгілі Мүсірепов «Молниясы».
 
Уақыттың кеткен ұшып қанатында,
Аңыз боп,
шабыт сыйлап сан ақынға.
Жасалған Челябінің зауытында
Ғабеңнің не сыйқыр бар сағатында?
 
Аспанның айдынында қалқып уақыт,
Біреулер үңілмесін парқына түк.
Уақытты ара-тұра қарар Ғабең,
Шынжырын сағатының жарқыратып.
 
Адамға сыйлайтындай бір күн бақыт,
Соғады сағат тілін сыртылдатып.
Салып ап алақанға үңілгенмен
тұра ма уысында, шіркін, уақыт?!
 
Дүние қарар кейде шырайланып,
Уақыттың тоқтар тұсы Құдайға анық.
Ғабеңнен жәдігер боп мұражайда –
Әлі де сағат тілі тұр айналып…

 

Алматыда, түсімде…

Алматыда,
түсімде,
қыз балтырлы қайыңдардың ішінде…
Жасыл-жасыл жапырақпен жарасып,
қайдан жүрмін адасып?..
Жалғыз аққу,
жүзеді ме,
жүзбейді,
Мына әлемнен әлденені іздейді.
Көрген шаһар талай-талай біздейді,
Жаздың соңы  күз  дейді.
Аспан,
аспан, көз жасыңды ағызба,
Бүгінгі күн шілде ме, жоқ
тамыз ба?
Көктөбеде көктем көңіл бір елік,
Алатаудың ақ шашынан шық еріп,
Қара түннің қара шашын жайдың ба,
Аққу жүзген көлшік пе әлде
айдын ба?
Айды көріп қараңғының айнасын,
Өз-өзіме деп қоямын,
Қайдасың?
Жазғандарым ғаламат бір ғазал ма,
қай қиырға тартсам екен азанда?
Жерұйықтың желмаясы желіп жүр,
Көктөбеде көктем күткен елік жыр.
Көкжиекке көңіл шіркін түнеген,
көкті түртіп оята ма бұл өлең?
Құстың үні талып жетсе таңдағы,
Жаратқанның қолында ғой қалғаны…
Жалғыз аққу,
жалғыз елік қайдан жүр,
көп жұлдыздың арасында Айман-жыр.
Түсінбедім,
күндіз емес,
түн емес,
уылжыған ұйқылы-ояу бір елес.
Қыз балтырлы қайыңдардың ішінде
Алматыда,
түсімде…
 

Қоңыраулы сағат

    = баллада =
 
Сырғи ма
сағат тілі, 
сырғанай ма?
Ілесіп «туралған ет – туған айға».
Парқына жетпеген соң күндеріңнің
Артына қайран уақыт бір қарай ма?
 
Тобырға қайғы да ұмыт,
уайым да ұмыт,
көп тойлар көкезуді тойындырып…
Шала мас шайқап ішсін шалабын да
Қарамас күн артына мойын бұрып.
 
Өстік те берекесі бар ұяда,
ескексіз қайық салдық дарияға.
…Болатын біздің үйде ескі сағат
Атауы «Янтарь» ма,
«Заря» ма?
Уақыттан кезіміз ғой ұтылмаған,
Меніңше,
сағат тілі – бүкіл ғалам,
…Ескі үйде айна алдында тұрушы еді
Үні де әсем еді тықылдаған.
 
Қиялым сан қиырға жолығады,
Ұққаным сол тықылда – өмір әні.
Ертемен мектебіме жиналушы ем
Оятып сол сағаттың қоңырауы.
 
Сөзіне үлкендердің құлақ қойып,
Есейтті өмір талай сұрақ қойып.
Күндердің керуеніне ілескенбіз
Жатарда «будильникті» бұрап қойып.
 
Уақыттың дегеніне байландым ба,
Шығардым бататынды қайдан мұңға?
…Үйрендім қоңыраусыз оянуды,
Үйрендім шаш тарауды айна алдында.
 
Сырына жұлдыздардың қанып көктен,
Балалық мәңгі тұрар жарық деп пе ең?
Есейдік,
Үлкен ағам үйленгенде
Сағатты өз үйіне алып кеткен.
 
Сыртылы мәңгіліктің әні екен деп,
Сәбиді жұбатқанбыз қара тер боп.
Сағатқа ара-тұра қарап қойып
Жеңешем отыратын бала тербеп.
 
Өткенді өрге тартсын, өмір мейлі,
өкінбе!
өбектесең өрімдейді.
…Біреуі жас отаудың алған шығар
Сол сағат ол үйден де көрінбейді.
 
Сапарым кейде шығар күңгірт, қашық…
Аспанды аласарған сұр бұлт басып.
…Жіберді сол сағатты ұмыттырып
Сынаптай уақыт алдан сырғып,
                                                     қашып.
 
Өткенге өлшем емес дүздегі күн,
Күрсініп қалар кейде күз-көңілім.
…Ұйқыдан қоңыраулатып оятатын
Бір сағат керек боп тұр бізге бүгін.

 

Күту

Құс алдында қаз келер…
Бұқар жырау
Алыс қалған жылдар-ай,
ағысты арман,
Кезіміз жоқ ағыстан қалыс қалған.
Тарам-тарам жолдары бұл тағдырдың
Қайда бастап әкетті табысқаннан?..
 
Ғашық болған күндердің тілі де ұмыт,
Бірін ұқпай келемін,
бірін ұғып.
Менің жастық дәуренім томсырайып
Тозған тондай шегеге тұр ілініп.
 
Бұл дүние,
бұтадай бұталмаған,
қай өткірдің жүзі бар мұқалмаған.
Он екі айда жаз келер,
құс алдында –
қаз келеді – деп еді Бұқар бабам.
Көкте қырғи қаптаса,
жерде құзғын,
шеменімнің күйіне шерді еміздім.
Қонысымен қоштасқан Қазтуғандай
Қаздар қайтып келмеді көлге біздің…
 
Тұман ба еді,
күндердің алды қалың,
тағы да бір көрейін таң қылаңын.
Ауыздығын шайнайды аласұрып
жаз жіберіп,
күз мінер Арғымағым.
 
Оянайын,
тұрмасам кешігермін,
қай қиырға қос тігер қосыны елдің?
Жаз келері анық қой он екі айда
Қазы неге қонбай жүр,
осы көлдің?
 
Торықтың ба,
тұнығым,
тұсалдың ба?
Қанаттылар,
қайдасың,
ұша алдың ба?
Жаз келерін білемін он екі айда
қаз келе ме,
айтсаңшы,
құс алдында?..

 

Күйеуі өлген келіншек

Бір қарасам, ұқсайды қаралыға,
Бір қарасам, ұқсайды жаралыға.
Дүниенің қайғысы тұнып қалған
Жамалына,
жанының жанарына.
 
Ақ әлемге әуелден әні ғашық,
Басындағы баянсыз бағы қашып.
Күйеуі өлген келіншек барады әні
Жарық күнге жаутаңдап жаны жасып.
 
Ажарлы адам,
мен сізді аяп көргем,
тажал да оған талтүсте таяп келген…
Жеткізеді аңсарын қай қиырға
Өткізеді білмеймін қай өткелден?
 
Қайғы қысып,
толғанның мұңға етегі,
Өзіменен арманы бір кетеді.
Үр күндерге жаным-ай,
                          үрке қарап
Тереземнің алдынан күнде өтеді.
 
Көгермейтін көңілдің хошы қандай,
Сынаққа  алған тағдыры өші бардай.
Отырады торығып той-жиында
Тобырға да, 
топқа да қосыла алмай.
 
Тұнжырайсың,
мен болсам тұншығамын,
Баяғыдай жайраңдап, жүр шырағым!
Қыздың қырық шырағы бар деуші еді
Жанып қалар жақында бір шырағың.
Түмен ойға батырса түпсіз жалған,
Осы өлеңнің астарын ұқсын қарғам!
Күйеуі өлген кенеттен келіншектей
Қорқам кейде сыбыс пен сыпсыңдардан…
 
Базарының бар шағын кие көрген,
Иығыма қалқам-ай, 
сүйенер ме ең?
…тереземнің алдынан күнде өтеді
күйеуі өлген келіншек,
күйеуі өлген.

Үзеңгі

Үзеңгі,
саған қалай ақталамыз біз енді?
Ескі жұртта елеусіз боп жатырсың
көңіліме күз енді…
 
Бір басыңнан жылдар ұшқан,
ай ұшқан,
доға бітім сәл-сәл ғана майысқан.
Жаналғышы жолыққан ба жаһанның
таралғысы болушы еді қайыстан.
 
Кімге мұның обалы?
Сен де,
Мен де жалған дүние қонағы.
Үзеңгіге аяқ салған адамның
Арқасына рух қатар қонады.
 
Солай енді, қарағым,
өткеніңнен бар ма азырақ хабарың?
Найза сілтеп,
садақ тартқан жауына
үзеңгіге тіреп бабаң табанын.
 
Ат оздырып Алаштан,
ер үстінде батырлардың бағы асқан.
Үзеңгінің талай түрін көріп ем
Күмістен де,
темірден де,
ағаштан…
 
Ескі жұртта еседі жел шерлі үнді,
Тай үйреткен күндерім-ай, 
ең нұрлы.
…Үйіндіден тауып алған үзеңгі
үйсіз қалған қариядай телмірді.
 
 
Өтер,
кетер дүниеде өлшем көп,
күн де батып бара жатты  кемсеңдеп,
үзеңгіні тығып алдым қойныма
үзеңгілес бір досыма берсем деп.

Хат

Бауырды ұмыттым ба,
дос, 
ініні,
Ешкімге хат жазбаймын осы күні,
кей-кейде жібереді торықтырып
Ұялы телефонның тосын үні.
 
Көңілден құю үшін көктемге ақпар,
Өртейтін өзегіңді өткенді ақтар!
…Жанұя амандығын сұрап бастап
«Авия» конвертпен жеткен хаттар.
 
Хат жазған ішіндегі толғап барды,
Жанының жапырағын жолдап қалды.
Жүректің дүрсілі бар әр сөзінде
Ақтарам сарғыш тартқан сол хаттарды.
 
Төбеңнен ақ жаңбырдай сорғалар күн,
Жан-жаққа бұрып кетті жолдан әркім.
Сабырың сағым болар сол хаттарда
Жанының жылуы бар жолдағанның.
 
Тұйғындай олжаңды іліп  бір көрдің бе,
Үрия дәурен кешіп үлгердің бе?
Беттері сарғыш тартқан сол хаттардай
Сарғайып кетіп барам күннен күнге.
 
Байланбай байламы жоқ бос елеске,
Хат жазсам бүгін саған кеш емес пе?
…Ұялы телефон да ұялмайды
не жауап берсем екен СМС-ке? 
 
Арайды жас аңсаған,
Қарт аңсаған,
Ақ таңнан ар сұрасаң, артар санаң.
Ұялы телефонды қоя тұрып
«Хат жаздым қалам алып, қалқам, саған…»
author

Ғалым Жайлыбай

ЖАҢАЛЫҚТАР

Танымал әнші Индира Елемес Руслан Өтепбайға сұхбат берді, деп хабарлады MadeniPortal.kz. Әнші күйеу...

PESTEL

АҚШ президенті Дональд Трамптың арнайы өкілі Берлинде Украина, Германия, Франция және Ұлыбритания ба...