Мұхамет Тілеубай. Өлең болып көп парақта қалғанмын

Фотосурет автордың жеке мұрағатынан

ӘДЕБИЕТ
1752

Мұхамет Тілеубай 2000 жылы дүниеге келген. Қазіргі уақытта Көкшетау қаласындағы Ақмола облыстық Әдебиет және өнер музейінде ғылыми қызметкер болып жұмыс істейді.  

***

Тұрлауы жоқ дүниеге таңырқап,

Мен сезімнің көлдеріне барғанмын.

Қара түннің тыныштығын тағы ұрлап,

Көк сияны жылатуға қамдандым.

 

Сезім менің көз жасымды қабылдап,

Шерім шығып, өз күйіме жандандым.

Содан бері жүректе от жалындап,

Өлең болып көп парақта қалғанмын.

 

«Даналықтан түйген ой»

 

«Ата сөзі тербеткен бесігімді,

Ата сөзін өмірде тыңдап өлем».

(«Дала данышпаны» М. Мақатаев, «Қазақ әдебиеті», 13 тамыз. 1965 ж).

 

Жөргегімнен көрген күндер жиі түсер есіме.

Бағаламай алғандаймын кейбір сәтті кешіге.

Қатпар-қатпар әжім басқан маңдайларын, келбетін,

Қара шалдар отыратын шежіре айта, шешіле.

 

Кейін сол бір шақтың орнын басты өзгеше несібе.

Менде ілескен кезім еді оқу-білім көшіне.

Міне сол кез, алғаш ата жырларымен қауыштым,

«Абай» дейтін алтын кенді бастап кеттім тесіле.

 

Жете алмадым, содан бері түбіне оның, қорына.

Өлең мен жыр, ән мен күйге, ғаһлия толыға.

Әр сөйлемде бір терең ой, шын ұлылық жататын,

Ғылым демей, не дейді оны? Келдім бүгін соны ұға.

 

Ғылым таппай мақтанбадым, менде орын таппадым.

Дәрменімнің келгенін ше бес асылды жақтадым.

Бірақ, бірақ бес қашық іс қалмай менің соңымнан,

Өлтіргендей күндерімді, уақытымды таптадым.

 

Асыл сөздің киесі ме, өлең болды таласым.

Бөтен сөзбен былғамадым, бірақ оның арасын.

Тоғжанға айтқан ғашық әннің аяулы үні еліткендей,

Желсіз түннің, жарық айдың менде ұқтым бағасын.

 

Ақылы барға иман парыз, оған үлгі ұлы Абай.

Сондықтан да келген жоқ ба, биігінен құламай.

Біз де алайда, жан құмардан артық болып, тән құмар,

Нұрлы ақылмен сездірмедік жүзімізден шын арай.

 

Осылайша ой түйдірді Абай жыры, ар сөзі.

Тұлғасынан көрініпті адамдықтың әр кезі.

Қапы еткен қалың елін, қайран жұртын, қазағын,

Биіктерге жетеледі, ұлт рухының нәр көзі.

 

Жөргегімнен көрген күндер, жиі түсер есіме.

Бағаламай алғандаймын кейбір сәтті кешіге.

Ата ақылын тыңдап өстім, өтсем бір күн өмірден,

Ата сөзін, өсиеттеп кетсем деймін көшіме.

 

 ***

 

О, Өлең!

Кел маған, бүгін менде керемет түн,

Сен келмей, керексізді керек еттім.

Білесіңбе, сенің жоқ кездеріңде,

Түнегін, тұңғиықтың түнеп өттім.

 

Ех, Өлең!

Салушы едің, ақтарып сырдың бәрін,

Тәуелді еді, тек саған құрғыр жаным.

Көбейді зар, ұлғайды іштің дерті,

Көтере алмай, жүдеулі бұл күн тәнім.

 

Кел, Өлең!

Жолыңды аштым, тағы да сарнашы бір,

Қаламыма, қайғы-мұң жармасып жүр.

Қадірлі едім, қазірде сыйқым қашты,

Жабырқаулы жанрға, алмасып жыр.

 

Беу, Өлең!

Көрсетпеуші ең, сен маған сараңдықты,

Сені таңдап, тастаған ем балаңдықты.

Бірақ, неге пендеден таба адмадым,

Сенен көрген, сол таза адалдықты.

 

Өлең, Өлең!

Сен менен алыстама!

Келген едім, мен саған ар ұстана.

Мені жақсы түсінетін, сен ғанасың,

Көрген жоқсың, сырларымнан қағыс қала,

(Сондықтан өлең менен, алыстама!!!)

 

   ***

 

Бала күнгі арман қайда, мен қайда?

Адастықба біз жолдан?

Дала гүлді ақтан қайда, сен қайда?

Алдымызда күз болған.

 

Еш залалсыз қиял қайда, ой қайда?

Үміт сынды көрінген.

Дәл сол кездей қиялдауға болмайма?

Қазір сондай жерінгем.

 

Қулығы жоқ мінез қайда, ар қайда?

Адалдықты бастаған.

Бозбалалық үнім қайда, бүкпесі жоқ сыр қайда?

Арбап мені тастаған.

 

Қазірлері есейдімбе, бұлар мені тастады,

Сізде солай болды ма?

Балалығым ерте тастап қашқаны,

Маған оңай болды ма?

 

P.S. Мынандай бір сөз бар еді:

«Заман солай болды да».

 

   ***

 

«БЕС САЛАМ»

(сағыныш)

 

Бес салам, бес асуым, бес белесім,

Өзіңнен тапқан бабам жер төресін.

Менде ер жеттім киелі топырағыңда,

Сағынышпен жыр етем(ін) шерлене шын.

 

Төңірек тау мен тасың таныс маған.

Көркемдігің еш жерден қалыспаған.

Төр жайлауың, тұнық көл, қойнауларың,

Қандай әсем, басыңнан бақ ұшпаған.

 

Жалғыз ағаш: Арасан, Баруун салаам*,

Жасыл кілем, кең жайлау — сағым далам.

Ақсайменен, Қарашым, Төлеңгітім,

Бұйырған басыма үлкен бағым маған.

 

Жалғыш ағаш: тауларың, биік шыңың,

Саған барсам арылар күйік, мұңым.

Тұнығыңнан жұтсам ғой қанып ішіп,

"Жалғыз ағаш — жерұйық" — сүйікті ұғым.

 

Хүйтэн салаа* – бал күнімнің куәсі едің

Қасиетің басқаша, сірә сенің.

Көз алдымда әр тасың, бар өңірің,

Саған деген сағыныштың, сұрашы емін.

 

Кейде ұйқымда шынайы түсімдесің,

Мүмкін емес сені ойлап күрсінбесім.

Орның бөлек мен үшін бар өлкеден,

Басқалар, бұл аңсауды білсінбе шын?

 

Қалада қалғанымен жеңбей маған,

Ешбір үй жайлы болмас сендей маған.

Сағынды алты қанат ақ орданы,

Жолы түсіп ауылына келмей балаң.

 

Үерт* — көп ауылдың мекені едің,

Тауыңа, сай-салаңа еркеледім.

Шабандоз боп жеріңде бәйге шапқан,

Балалығым аяқталды-ау ерте менің.

 

Төсіңде талай қызық, салдық ойран,

Сыбаға алып қайтушы ек, барып тойдан.

Келем(ін) аңсап, бір күні құшағыңы аш,

Ескі дос бар өзіңде қалып қойған.

 

Нүсгэн* — тұйық сайым, бұл басқадан,

Ат жалын тартып міне құрдас маған.

Меніңде мұңдарым көп саған айтар,

Сенде қалмай сол кезде сыр аш маған.

 

Сағынбасам дәл бұлай, келмес өлең.

Тұйықтықты алғам-ау, менде сенен,

Үн қат маған желіңмен, суларыңмен,

Қуат алып, мен бәрімен теңдесер ем.

 

Бес салам, бес өзенім, көркем едің,

Тай мініп, жағаңда өскен еркең едім.

Шетте жүрген ұлыңның қабыл алшы,

Сағыныштан өрілген, өртті өлеңін.

 

(*Моңғолша жер аттары: Баруун салаа-Оң сай, Хүйтэн салаа-Суық сай, Үерт-Тасқынды, Нүсгэн-Жалаңаш).

 

 «Күз»

 

Бүгін сенбі, соңғы күні тамыздың,

Сездің бе әлде, сенде гүлім сән үздің.

Аққайыңнан түсер әлсіз жапырақ,

Төселеді табанына бар іздің.

 

Бүгін жаздың соңғы күні, енді күз,

«Сағыныштың айы», - дейтін белгіміз.

Жанарларға мұң сыйлайтын мезгілден,

Сұрамайық, жүрек жазар емді біз.

 

Енді күздің, бір көреміз сүрлеуін,

Тоқтатады өнім біткен гүлдеуін.

Мұқаң айтқан «Күрең күздің» реңін,

Орынды ғой жерді жапқан мұң деуім.

 

Күзге ұқсайды, әлде алдайма мендегі үн?

Тыңдадың ба, зейін салып сенде бір?

Домбырамның құлақ күйін келтірсем,

Сезім жайлы шығарады перне жыр.

 

«Неге мұңлы?», - сұрауың бұл нешінші?

«Бақытсызсың», - десе елдер десінші.

Көңілді әуен ойнар едім, алайда,

Күзгі баққа сай келмейді, кешірші.

 

   ***

 

Қыс келді Астанаға мен келгенде,

Ақ мамыққа оранып көшелері.

Жан жылуын салқын қыс меңдеткенде,

Жалған сезім жаныма төселеді.

 

Қысқа ұқсаған біздегі қаталдықта,

Сезімдерін өшірген өз қолымен.

Бірақ, бізде бар еді адалдықта,

Кезіге алмай келеді өз жолымен.

 

Мен батылсыз болдымба, мүмкін олда?

Жүрегіме сақтадым көп сезімді,

Сен шыдамсыз болдың ғой, кеттің сонда,

Бағаламай сәл ғана, тек төзімді.

 

Айтпақшы, қыс келді ғой жыды киін,

Суық шалып кетпесін білегіңді.

Іштегі салқындықты жеңу қиын,

Жылы ұста сондықтан жүрегіңді.

 

«Көкшетау-Алматы» 

 

 Бірі аңсарым, бірі болған тұрағым.

Екеуінің алсам дегем жыр, әнін.

Біреуінің алып жүрмін берерін,

Біреуінен көп әлі де сұрарым.

Біріншісі, келген бе екен қалыса?

Екіншінің артық па дейім бағы сан.

Біреуімен табысқанмын сәл бұрын,

Екіншімен көп өтпей-ақ танысам.

Бірі алыста, бірі осы аумақта.

Біреуінен жүрмін енші алмаққа.

Біреуіне қызмет еттім аздаған,

Біреуіне өлең жаздым арнапта.

Екеуін де сүйдім, бірақ көрместен.

Олар да үнсіз, маған ылғи кел дескен.

Албырттықпен екеуін де құшпақпын,

Сосын, мәңгі ұмытпаспын енді естен.

… Бұл осылай жалғаса береді. Енді сізден сұрақ:

~ Біреу дедің, екеу дедің, кімдер бұл?

Үшеу, төртеу, бесеу бар-ау білсем дүр.

Арулардың сезімімен ойнаған,

Сері сымақ жігітсің-ау, жүрген бір.

~ Жо, жоқ олай емес. Мен сізге Алматыға жеткенше түсіндіріп берейін. Бұл қыз туралы емес…

 – “Үшеу, төртеу бар” дедіңіз, ол да анық.

Олар жайлы, жазам кейін қолға алып.

Біріншісі - ол көрікті Көкшетау,

Кеше содан жолға шыққам қомданып.

Сол қалада тұрағым мен жұмысым.

Келмеген ем, жансақтаудың күні үшін.

Аларымды алсам деймін үйреніп,

Беріп кетер, қайтарымын бір ісім.

Екіншісі ~ Алматы еді, арудай.

Келе жатқан әсемдіктен арылмай.

Тұңғыш рет танысамыз, бүгін біз,

және тұңғыш сыр айтамыз жаңылмай.

Сұрағым да, көп мұндағы аларым.

Жалғасам дейім, басқан ізін ағаның.

Аңдаса екен арманымды Алатау.

Жағып қайтсам деген жырдың алауын.

 

Медеу кеші

 

Көңілімде қуаныш, жүрегімде жыр лебі.

Ойларым да толғаныс, күлкімде бар мұң демі.

Жанарымда жалынды от, жадымда бар сан арман.

Сан арманым сендермен тағы да бір жаңарған.

Көмейімде көңілді үн, көкейімде бағыныс.

Бағзы жұрттан мекендеп келген менде сағыныш.

Сондықтанда ұқсатам тауды-тауға тамсана,

Құмарлана қараймын биіктікке жан сала.

Бұлағының сыңғыры - сәби күннен таныс үн.

Аңсарына бір жету - тау ұлының бағы шын.

 

    ***

 

Ұқсас келген бір-біріне шын жақтас.

Үш сұлулық көрдім көзбен мін таппас.

Айнакөлдің толқынына бөленіп,

Сыр алдырмай тұрушы еді Жұмбақтас.

 

Ару қала арманыма шын бақ бол.

Мендік үшін тәлейіме қымбат сол.

Кешкі әлемін көрсем деген Медеуде:

Бір сезімге жол сілтеді Жұмбақжол.

 

Беу, қара түн сырларымды тыңдатқыз.

Өлең үшін сен де, мен де бір жақпыз.

Жанарымен жанды нұрға бөлейді,

Сұлулыққа теңеу болған Жұмбақ қыз.

 

    ***

 

Жаныңды ұққан адамның керегі жоқ,

Содан сенің көңілің наз таба ма?

Менің жалғыздығымның себебі жоқ,

Тұрғыны көп, адамы аз қалада.

 

Жазам сырды, кеудеме сыймағасын.

Бақытсыздық байқалат көп алаңда.

Мені түсін, деп несін қиналасың?

Сөздері бар, сезімі жоқ адамға.

 

Бір серпіліс жасамай санада ақыр.

Құлағасын құшағын ашқандарға.

Талай келбет жұтылып бара жатыр,

Көңілі тоқ, көздері аш жандарға.

КИНО

Танымал актер Кэри-Хироюки Тагава 76 жасында дүниеден өтті, деп хабарлайды MadeniPortal.kz. Актер...

ЖАҢАЛЫҚТАР

Сот бес жасар қызды зорлады деген айып тағылған БҚО тұрғынына қатысты үкім жарияланды, деп хабарлайд...