Нұрғали Ораз. Клоун (әңгіме)

Фото: ашық дереккөз

ӘДЕБИЕТ
35

Осы біздің Үсен көкемнің сондай бір қызық әдеті бар. Алғаш танысып, қол алысып тұрған кісіге сүзіле қарап, сәл-пәл бөгелі-і-іп қалады. Оның бұл көзқарасында: «Сіз кімсіз? Қандай жансыз?..» деген сұрақтан гөрі, «Мен туралы бұрын-соңды ештеңе естіген жоқ па едіңіз? Шынымен-ақ білмейсіз бе?..» деген сауал су бетіндегі қалтқыдай қалқиды.

Рас-ау, алыстағы да, жақындағы да кісілердің Үсекең жайлы бір ауыз күлкілі сөз, иә болмаса, қызықты хикая естімеуі мүмкін емес. Себебі ол мейман болып барған, той-томалаққа қатысқан жерлерде көпке дейін ұмытылмай, ауыздан-ауызға көшіп, ақыр соңында біздің ауылды іздеп табатын оқиғалар көп-ақ.

Ақиқатын айтсақ, Алла тағаланың өзі Үсекеңді көрген жұрт күле жүрсін деп әдейі жарата салғандай. Торлама қауын секілді сопақ бас, тайқы маңдай, үкі көз, пісте мұрын, салпы ерін, ой, тоба-ай, Үсен көкемізге жан-жақтан әкеліп, жапсыра салған «адам анатомиясының» қалдықтары секілді.

Жүрісі де біртүрлі қызық. Құдды бір, өкшесіне «пружина» қадап алғандай, селтең-селтең етіп басады аяғын. Ал кеудесі, Әтіркүл жеңгеміз айтқандай, «тойдан тойып қайтқанда қайқиып кететіні» болмаса, жай күндері әкпішпен су тасып жүргендей иіліп, екі иығы сөлбірейіп кетеді.

Әйткенмен Үсекеңнің осы бір олпы-солпы түріне қарсылық білдіріп, көрік беріп тұратын жалғыз мүшесі – ыржиып күлген кезде түп-түгел көрінетін отыз тісі. Құдды бір, қатар-қатар қаланған қаладағы үйлер секілді әппақ. Бүп-бүтін. Еріксіз езу тартасыз.

***

Әнеугүні, Адырбайдың қыз ұзату тойында Үсен көкеміз тойға жиналған жұртты тағы да бір күлкіге қарық қылғаны бар емес пе.

Құдалар жағы бай, қуатты, өсіп-өнген жандар екен. Өздері де, үстеріне киген киімдері де әп-әдемі, жарасымды. Әсіресе бірінен бірі өткен сұлу құдашаларды айтсаңызшы, еріндері қып-қызыл, піскен шие секілді уылжып тұр. Жүздері аппақ. Көздері мөп-мөлдір. Ой, несін айтасыз, Адырбай көкемнің тойының сәнін келтіріп, гүлдей құлпырып отырған құдашалардан көз ала алмай қалған жігіттердің есебі жоқ.

Той ортасына таман әбден қызып алған Үсен көкеміз ыржиып, аппақ тістерін түгел көрсетіп, әлгі құдашалардың бірін биге шақырмай ма. Би болғанда да, кәдімгі «Көк жигули» әнінің ырғағымен құтырып, алқынып-жұлқына жөнелетін жынды би ғой.

Үсен көкеміз екі қолын қайшылап, жалаңаяқ шоқ басып жүргендей секектеп ортаға шыққанда әлгі құдашаның көзі бақырайып, мынау өзі адам ба, жын ба дегендей шошып қалады. Әйтсе де әдеп сақтап, көкемізге күле қарап, билей жөнеледі.

Бірақ Үсен көкеміз бір бимен тоқтай қойса жақсы-ау! Көзі күлімдеп, бұрала басып өз орнына енді жайғаса берген құдашаның қолынан тартып, ортаға қарай тағы да сүйрей жөнеледі.

Сөйтіп…

Бір емес, екі емес, үшінші рет биге шақырғанда әбден өзімсініп, шектен шыға бастаған Үсен көкеміз салпиған ернін құдашаның құлағына тақап:

– Құдаша, бір порти-и-ия! –дейді үкі көзімен қора жақты ымдап. – Бір портия?!.

– Не-е-е!

Қасы-көзі қиылған томпақ құдашаның өңі өзгеріп сала береді. Шамасы, «бір портия­ның» қандай «портия» екенін жақсы білетін болса керек. Алайда оның өңі мен даусындағы өзгерісті қапелімде аңғара қоймаған Үсен көкеміз үкі көзін аударып-төңкеріп, сопақ басын бұлғаңдатып:

– Құдаша, бір порт… – деп қайталай бергенде күтпеген жерден сарт ете түскен шапалақ оң жақ бетін оңдырмай осып өтеді.

– Өй! – дегенінше болмай, сол жақ бетіне тиген тағы бір шапалақ тіпті есінен тандырып жібере жаздайды.

Масқара-а-а! Үсен көкеміз тырқырап қаша жөнеледі.

***

Осы оқиғадан соң Үсекеңнің ойына өз басынан өткен талай-талай қызық-шыжықтар қайта оралып, електен өтіп, сана-сезімінде бір үлкен өзгеріс пайда болады. Арада тұп-тура екі ай өткенде тағы бір құрдасының ұлы үйленетін болып, алдын ала мәслихатқа жиналған жұрт та: «Әй, осы сен, тыныш жүрші. Арақ ішсең іш, бірақ ақылыңды ішпеші. Жас емессің ғой. Ойланатын кезің келді! Ел-жұртқа күлкі бола бергеннен не ұтасың?!.» – деп қатаң ескерту жасайды.

Сол кезде Үсен көкеміз өте бір салмақты кейіппен:

– Болды енді, өзім де ойланып жүрмін! –деп алқа-қотан отырған топқа ашықтан-ашық уәде бергендей болады.

Сөйтіп…

Бұл тойға ол ерекше дайындалады. Түс ауа сақал-мұртын қырып, шашын тарап, терезенің алдындағы төрт бұрышты айнаға қайта-қайта қарап, бет-әлпетін ретке келтіреді. Үлкені тоғызыншыда, одан кейінгісі жетінші сыныпта оқитын екі қызы зыр жүгіріп, әкесінің біркиер кәстөм-шалбарын, ақ көйлегін өтектеп әкеледі. Шифоньердің төменгі жағындағы сөреден су жаңа туфлиін алып береді.

Үсен көкеміз судай жаңа киімін үстіне киіп, айна алдына келгенде, өзінің мүлде өзгеріп, зиялы қауым өкілдерінен айнымай қалғанын көреді.

– Папа, галстук тақсаңыз, тіпті тамаша болар еді! – дейді осы сәтте үлкен қызы жымия қарап.

– А-а… оны қайттік енді?

– Өткен жылы мен сіздің туған күніңізге галстук сыйлап ем ғой!

Соны айтты да, қызы дүкеннен алынғалы бері орауы жазылмаған жап-жаңа галстукты әкеліп, әкесінің мойнына таға қойды.

О-о, міне, міне!.. Галстук дегеніңіз, сән үшін ғана тағылмайды-ау, сірә! Біле білсеңіз, мойынға үлкен жауапкершілік те жүктейтін тәрізді. Себебі ол – мәдениеттіліктің, мемлекеттік тәртіптің рәмізі.

Үсен көкеміз айнаға ары-бері қарап, өз келбетінің ғана емес, бүкіл бітім-болмысының өзгеріп сала бергеніне таңданғандай болады. Иә-ә…

Ақ көйлекке әп-әдемі үйлесе кеткен сарғыш түсті галстук мойнын ептеп қысатын да секілді. Бірақ мұның да өзіндік мәні, мағынасы, керек десеңіз, заңдылығы бар. Себебі ол сізге ешқашан шексіз еркіндік берілмейтінін, әрдайым өзіңізді өзіңіз тізгіндеп ұстауға тиіс екендігіңізді еске салып тұрады.

Міне, осындай-осындай ойлардан соң Үсен көкеміз галстуктың «қысымына» көніп қана қоймай, оны іштей қоғамдық тәртіптің көгені ретінде қабылдау керек екенін толық түсінгендей болады.

***

Әрине, той әдеттегідей сән-салтанатымен басталды. Тамада жігіт ә дегеннен-ақ көпшілікті күлдіріп, ұршықша иіріп әкетті. Қаладан арнайы келген әнші, бишілер кезек-кезегімен ортаға шығып, әуелете ән шырқап, мың бұрала билеп жатты.

Тамада жігіт жер-көкке сыйғызбай мақтап, ел-жұртқа үлгі етіп сөз берген құдалар да, қонақтар да қызыл тілдің майын тамызып, небір жақсы тілектердің тиегін ағытты. Әрбір тілектен соң стақандар сыңғырлап, тойда отырғандардың көңілі шалқып, дауыстары саңқылдап шыға бастады.

Бұл тойда енді, ерекше сабыр сақтап, басы артық сөз бен қимылға ерік бермей, сап-сау отырған жалғыз Үсен көкеміз ғана сияқты.

– Оу, Үсеке, бүгін сізге не болған?! Кәне, кәне, бір «стөпкі» тартып жібермейсіз бе? –деп қолқалаған кісілерге ол аппақ тістерін түгел көрсете ыржиып қарап:

– Әй, мен бұны қойғанмын! Білесіңдер ғой, маған жақпайды, – деп жауап қатады.

Үсекеңнің бұл сөзін түсінгендер, «апыр-ай, ә, бұған да ес кірейін деген екен» деп таңырқап, тосылып қалса, ал енді, байыбына бара қоймағандар: «Қойшы-ей, қай-қайдағыны айтпай!» деп өңмеңдеп қыштай түседі. Ондайда Үсен көкеміз:

– Айттым, бітті, – дейді қабағын түйіп.

– Оу-у, бір «стөпкіде» тұрған не бар?!

Жо-жоқ, серттің аты – серт. Ол өзінің бір «стөпкімен» тоқтай қоймасын біледі.

Үсекең кей сәттерде іштей толқып, тебіреніп: «Апыр-ай, сап-сау адамның қадірін білмей жүр екенбіз-ау, – дейді. –Қарашы, мынау қызылшадан жасалған салат қандай дәмді. Ішіне майдалап-майдалап жаңғақ қосыпты… Ал анау зәйтүн, бұршақ, жұқалап туралған қызанақ, қияр, қып-қызыл алма, құсайын жүзім қандай, ә, аузыңа салсаң ери жөнеледі ғой».

Ол бұрынғыдай қызу болса, мұның бірінің де дәмін білмес еді.

Әйткенмен той көрігі қызған сайын, жұрт­тың у-шуы үдеп, артық-ауыс сөз, қарқ-қарқ күлкі көбейе бастады. Біреу тіпті даусын көтеріп, айналасында отырғандарды сықпырта боқтап та алды.

«Е-еһ, – деді Үсен көкеміз торығып. –Тойдың сәні ішу деп, ақымақ боп жүр екенбіз дә!.. Мыналардыкі не енді?!. Осыдан кейін-ақ, талай күн ойға-қырға шауып жүріп жасаған тойдың берекесі бола ма!..»

Ол енді, көптің көзіне түспей, ақырын ғана сытылып шығып, ың-шыңсыз үйіне қайтып кетуді ойлап, жан-жағына қарай бастады. Әтіркүл жеңгеміз оңайлықпен көзге көріне қоятын жерде емес екен.

«Ол көбіне-көп қазан-ошақтың басында жүруші еді ғой салпақтап. Қой… өзім кете берейін, – деп ойлады Үсекең. – Қатын аман болса, үйді тауып келер…»

Бір қызығы, Үсен көкеміздің оң жағындағылар да, сол жағындағылар да әуелгі иық түйістірген қалыптарынан айнымай, сығылысып отыр екен. Оның үстіне бұлар жайғасқан үстел биік дуалға жапсарласа қойылғандықтан, орталарындағы бір адам шығып кету үшін бір жағы түгел түрегеліп, жол беруге тиіс.

Үсекең іштей өкініп: «Қап-әй, ә! Кішкене шеткерірек отырмағанымды қарашы!» деп, жан-жағындағылардың биге шығуын немесе сөзге шақырылуын күтіп қалды. Мұндайда қас қылғандай, кедергі де көбейіп кететіні бар емес пе. Әуелгі келген үш-төрт толқынға тас қамалдай төтеп беріп, алдындағы стақанның аузын алақанымен жауып, «айттым бітті, ішпеймін» деп отырған Үсен көкемізден көңілі қалғандар енді оның жанындағыларды қолқалауға көшіп, қайта-қайта стақан соғыстырып, бір-біріне денсаулық тілеумен болып жатыр.

Кей сәттерде бұның да көңілі жібіп, жұтқыншағы бүлк ете қалғандай болса, мойнындағы галстук кеңірдегінен қысып: «Әй, әй, серттен тайма, мәдениетті бол!» деп ескерту жасайтын тәрізді.

Шындығында, сап-сау адамға той біткенше сабыр сақтап отырудың өзі азап екенін ол бүгін ұқты. Уақыт ұзаған сайын шыдамы да, төзімі де таусыла бастады. Осы күнгі бай-қуат­ты жұрт секілді ұлының үйлену тойын қалада, хан сарайындай сән-салтанатқа малынған тойханалардың бірінде өткізбей, алақандай аулаға тығып қойған Тәшкенбайға ренжіді іштей. «Мұнысы несі, түгі жоқ адам сияқты…

Бар байлықты осындайда шашпағанда, енді қашан шашады?..»

Кенет оның басына: «Әй, мен осы айналамдағы жұртты мазаламай-ақ, арт жақтағы дуалдан асып түсе салсам қайтеді?» деген бір қызық ой келе бастады. Бұл да әуелі жас баланың ойыны сияқты көрінгенімен, бірте-бірте ес-ақылын мүлде шырмап алғаны сондай, дуал жаққа жалтақтап қарай берді.

«Иә-ә, қазір аяғымның ұшын астымдағы орындыққа тіреймін де, әуп деп, арғы бетке асып түсемін. У-ду боп, ит иесін танымай жатқан тойда менің қайда кеткенімді кім біліп, кім көріп жатыр…»

Той ортасына таман жастар жағы тарс еткізіп отшашу атты. Естен тандырардай қатты дыбыс пен жарқыраған түрлі-түсті шоқтардан біреу шошып, біреу шаттана айғайлап, қуанып жатқанда Үсекең биік дуалдан ырғыды да кетті.

О-о-уп-п!.. Ол алғашында өзін дуалдан емес, ұшақтан секіргендей сезінді. «Апыр-ай, осыншама биік пе еді?» деген бір суық ой жүрегін суылдатып өтті. Сөйткенше болған жоқ, жақында ғана қазылған дымқыл шұқанақтың ішіне сылқ ете түсті.

О тоба, бұл немене? Биік дуалдың дәл түбінен кім қазып жүр бұны? Үсен көкеміз қараңғыда қалбалақтап, есін жиған бойда сыртқа шығуға ұмтылып еді. Қырсыққанда мына шұңқырдың қабырғалары таспен қашалғандай тіп-тік, жып-жылтыр екен. Қолға ілінетін бірдеңе болсайшы…

Үсекеңнің аяқ-қолын тырбаңдатқаннан басқаға шамасы келмеді. Масқара-а-ай!.. Мұрнына сыздықтап зәктің иісі келетін сияқты. «Ә-әй, мынау нағыз зындан ғой!»

Екі кісінің бойындай терең шұңқырдың төрт қабырғасын сипалап, саусақ сиярдай тесік таппаған соң, ол еріксіз үздігіп аспанға қарады. Заңғар көктегі жұлдыздар жымың-жымың етіп, бір-біріне сыбырлап, жаңа ғана тойда отырған адамды түлен түртіп, шұңқырға түсіп кеткенін қара деп, күлетін секілді.

«Уһ!.. Енді кәйттім-м?!.»

Ол ойда-жоқта тап болған «зынданның» түбін сипалап, әлдеқандай бір қатты зат іздегендей болды. Бірақ қолына дымқыл топырақтан басқа ештеңе ілінбеді.

Сонсоң амалсыздан жоғары қарап:

– Е-е-ей, е-е-ей! –деп айғайлады.

Бірақ оның даусын есітіп, жауап қата қойған жан болмады. Жаңа ғана өзі секірген биік дуалдың ар жағындағы той-думанның у-шуы ойда жоқта «зынданға» түсіп кетіп, екі көзі жаутаңдап, көмек сұрап тұрған Үсекеңнің бұл дүниеде бар-жоғынан бейхабар.

– Оу, ортаға кім шығады?! Қане, қане, би жарыс, – деп саңқылдаған тамаданың даусы бүкіл ауылды басына көтеріп жатыр.

Амалы таусылған Үсекең арқасын қабырғаға сүйеп, шөкелеп отыра кетті.

– Өй, бәрекелде-е! Келіңіз! Кәне, кәне, бұ жеңгем қазір бидің түбін түсіреді! – дейді тамада.

Тойда отырған жұрт ду қол шапалақтап жатыр.

– Атыңыз кім?

Би жарысқа шыққан келіншектің даусы у-шудың арасынан жөнді естіле қоймады.

– Кім дейсіз?

Тамада енді, қолындағы микрофонды оның аузына тосқан секілді.

– Бибіайша!..

– О-о, Бибіайша жеңгей, кіммен жарысқыңыз келеді? Әуелгі таңдау өзіңізде.

– Білмеймін.

– Олай болса, кім бар жүрекжұтқан?!

Осы сәтте тұс-тұстан:

– Әй, сен шық! Шықсайшы!..

– Кет-ей!..

– О-оу, Секебай, не тұрыс бұл? Әшейінде телешкіге шөп артқанда қисалаңдап билеп қоймаушы ең ғой?!

– Әй, Үсен қайда?! Осындайда тайраңдап өзі-ақ ортаға шықпаушы ма еді!

– Рас-ей, қайда жүр?..

Тойдағы көпшіліктің арасынан өзін іздеп жатқан кісілердің көзі кенет «зынданға» түсіп кете ме дегендей Үсекең біртүрлі қорланып, мойнын жағасының ішіне тығып, бұға қалды.

Тап осы кезде би жарысқа ортадан біреу жұлқынып шыға келді білем, ойнақы музыка жұрттың делебесін қоздырып ала жөнелді. «Зынданда» отырған Үсен көкеміз иығынан бір ауыр жүк түскендей «уһ» деп, жеңіл тыныс алды.

«Япыр-ай, қандай көңілді той!» деген ой келді оған. Мынау биік дуалдың ар жағында мүлде басқа әлем, басқаша өмір салтанат құрып жатыр. «Сол бір қызық думанды ортадан неге кеттім, япыр-ай!» деген бір өкініш өзегін өкпек желдей аралап өтті…

Арада қанша уақыт жылжығаны белгісіз, бір кезде тойдағы жұрттың алды үйлеріне қайта бастағандай болды. Біреуі болмаса, біреуі осы тұстан өтіп қалар деген үмітпен Үсекең жоғарыға қарай мойнын созып, құлақ түрді.

Қырсыққанда тойдан шыққан жұрт қараңғыда ешқайда бұрылмай, кең көшеге түсіп алып, топ-топ болып ұзап бара жатқан секілді. Олардың басына қазір: «Осы бір таяу маңда «зындан» бар-ау. Онда біреу жапа шегіп, кең дүниеге шыға алмай жабығып отыр-ау,» деген ой кіріп те шықпайды.

Ойпыр-ай, адам аяғы баспайтын жерден бұл шұңқырды кім, қандай мақсатпен қазды…

Кенет әр жерден аттап-бұттап басып, осылай қарай тәлтіректеп келе жатқан біреу­дің аяқ дыбысы естілді. Үсекең тың тыңдап, енді өзі де үн қатып шақыруға оқталғанда, әлгі аяқтың иесі қалт тоқтай қалды. Артынша шорылдатып, кіші дәретін жібере бастады…

Қапелімде шашырап кете ме дегендей Үсен көкеміз «зынданның» бір бұрышына жабыса қалды. Абырой болғанда, әлгі кісі бұл жаққа онша жақындай қоймаған секілді. «Кім білсін, тағы біраз жүргенде… ол да…» деген бір шалық ой осы сәтте кеудесін түртіп өтіп, Үсекең еріксіз езу тартты.

Сәлден соң жоғарыдағы кісі ырсылдап, шалбарының түймесін сала бастағанда:

– Е-е-ей! – деп дауыстады бұл «зынданның» ішінен. –Е-е-ей, бауырым!..

Сырттағы дыбыс сап тыйыла қалды.

– Құтқар мені, құтқа-а-ар?!.

Сырттағы кісі «ғы-ы-ық» деп, бір кекіріп алды да:

– Бұ кім-ей? – деді жан-жағына қарап.

– Е-е-ей, құтқа-а-ар!.. Бері қара-а-а!..

– О-о, әкең-ң!..

Мас болса да есін толық жоғалта қоймаған пақыр тастай қараңғы түнде жер астынан шығып жатқан дауыстан шошып, зыта жөнелді. Ұзап бара жатып:

– Шайтан ба, немене, – деп күбірлегенін Үсекең ап-анық естіді.

Осыдан кейін сырттағы дүниеден мүлде көңілі қалғандай қамығып, ойда-жоқта өзі тап болған «зынданның» түбіне құйрық басып отыра кетті. Оған енді биік дуалдың ар жағынан шығып жатқан көңілді әуен де, бір-бірімен әзілдесіп ойнап, қарқылдап күліп жүрген адамдардың даусы да мүлде жат, мүлде мейірімсіз, тасбауыр тіршілік иелерінің жын ойнағындай болып көрінді…

«Көр дегеніңіз осындай болса, тіпті де қорқынышты емес екен-ау» деп ойлады.

***

…Үсекең көзін ашқанда, жоғарыдан сүзіле қарап, жалпақ танауы пыс-пыс етіп тұрған қара сиырдың тұмсығын көрді. Айнала-төңірек ай-жай боп, аспан ашылып, күн ұясынан көтеріліп қалған екен.

Ол өзінің қайда жатқанын есіне түсіре алмай апалақтап, жан-жағына таңырқай қарады. О тоба!.. Түндегі «зындан»… Осы сәтте жоғарғы жақтан бір уыс топырақ сусып ішке түсті де, артынша: «Өк, әй, өк!» деп сиыр айдаған жас баланың даусы естілді. Үсекең көзін жұма қойды.

– Өлә-ә-ә!!!

Әлгі баланың даусы қайта естілді.

–Мынаның ішінде біреу жатыр, апа. Қарашы… қарашы!

–Не дейт, үйбай?! Былай тұр, бәлесінен аулақ!

Ол енді, сырттағы әңгімені түгел естіп жатса да, үн қата қоймады.

– Құдая тоба, бұнысы несі? – деді жоғарғы жақтағы әйел.

Бұл әлгі баланың апасы болса керек. Ол да қазір төбеден қарап, үңіліп тұр-ау, шамасы.

– Тірі ме өзі? – деп қояды.

– Өлген адамға ұқсамайды, – деді бала.

– Қой әрі, сен оны қайдан білесің?..

– Ұйықтап жатқан сияқты ғой.

Осы кезде ар жақтан бір ер кісінің:

– Е-ей, неменеге үңіліп тұрсыңдар? –деген жуан даусы шықты.

– Көке-е, – деді бер жақтағы бала. – Кешегі Ержан мен Қалжан қазған әжетхананың шұңқырына түнде біреу түсіп кетіпті!

– Оп-па! Аман ба екен?!

– Білмейім…

Аяғындағы сүйретпесін тырп-тырп еткізіп, сәлден соң ол да келді. Сөйтті де, шұңқырға үңіліп:

– Өй, мынау теміржолдың арғы бетінде тұратын Үсен ғой! –деді көптен бері іздеп жүрген адамын енді тапқандай даурығып.

Оның даусын бұл да таныды. Тәшкенбайдың көршісі. Қысы-жазы есігінің алдында трактор жөндеп жататын Жақаш.

– Е-е, түндегі тойда мас боп, ес-түсін білмей қалған-ау, шамасы.

– Үйбай, бір жері майып боп жатқан жоқ па?

Бұл, сірә, Жақаштың әйелі Томашайдың даусы. Жаны ашып тұрғанын қарашы.

– Жо-о, майып болған адамға ұқсамайды. Қарашы пысылдап, рақаттанып ұйықтап жатқан жоқ па?!

– Әй, сонда да болса оятып, аяқ-қолын қозғап көрсеңдерші.

– Оған менің жалғыз өзімнің шамам келмейді. Тәшекеңді шақырайық. Балдарға айтсайшы…

– Әй, Бұлытай, сен барып, Тәшкенбай көкеңді шақырып кел.

Бала әй-шайға қарамай, жүгіре жөнелді. Топ-топ еткен аяқ дыбысы бірте-бірте ұзап барады. Осы сәтте Үсекең де өзінің тірі жан екенін сездіргісі келгендей бір ыңыранып қойды.

– Қарашы-ей, – деді Жақаш. – Галстук тағып алыпты!

Құдды бір, шақырту күтіп отырғандай-ақ, Тәшкенбай да әп-сәтте жетіп келді және жай келген жоқ, алыстан дауыстап: «Кәне, кәне?!.» деп танауы делдиіп, екі көзі атыздай боп, қорқақтап жетті. Түндегі тойда болған қонақтардың біреуі ішкіліктің кесірінен бір пәлеге ұшырап қалды ма деп үрейі ұшқан-ау, сірә.

Тәшкенбайдың соңынан тағы да біраз адам ере келіпті.

– Ойбо-о-ой, мына шұңқырды қалай байқамаған, ей?!

– Қараңғыда түсіп кеткен ғой.

– Мас боп қалған да… дені сау адам бұл жермен жүре ме?!

– Әй, – деді осы кезде жүрегі аузына тығылып, ентігіп тұрған Тәшкенбай олардың сөзін бөліп. –Анау-мынау әңгімені қойып, әуелі шұңқырдан шығарып алайық! Арыстандай азамат қой!

Осыдан соң екі жігіт дік-дік етіп шұңқырдың ішіне секіріп түсті де, екі бүктеліп жатқан Үсекеңнің қолтығынан демеп, тік тұрғызды. Ол ұялғанынан еш қарсылық білдірмей, ұйқысыраған болып әлгілердің дегеніне көне берді.

– Әй, мынаусын шешіп тастайық. Жоғарыға тартқан кезде қылқынып қалып жүрмесін, – деп жігіттердің біреуі оның мойнындағы галстугін ағытып, сыртқа қарай лақтырып жіберді.

«Қап, – деп өкінді Үсекең іштей. – Жап-жақсы дүние еді…» Әйтсе де галстук шешілген соң мойны босап, біртүрлі еркіндік алғандай көзін ашып, жан-жағына қарады.

– О-о, тірі екен! – деп қалды осы сәтте жас балалардың бірі қуанып.

Сол-ақ екен, Тәшкенбай жан-жағындағыларға қабағын шытып:

– Әй, немене, кино көргендей ентелеп тұрсыңдар?! Қане, тараңдар! – деп жекірді.

***

Сүт пісірімдей уақыттан соң, Үсекең үсті-басының шаңын қағып, беті-қолын жуып, Тәшкенбайдың үйінің төрінде шай ішіп отырды. Алғашқыда оны шұңқырдан аман-есен шығарып алғандарына шүкіршілік етіп, іштей тынып отырған бес-алты кісі ептеп бас жазып, түнгі отырыстан қалған жақана еттен кертіп жеп, көңілдене бастаған кезде:

– Әй, Үсеке, сен де бір тартып жіберсеңші.

– Бәрекелде-е, баяғыдан келе жатқан ескі дос… бір-ақ күнде… оп-оңай қойып кетем дейсің бе?!

– Кеше бір «стөпкі» тартып жібергеніңде ғой, бүйтіп… шұңқырға құлап…

– Әй, әй, кей-кейде болады ондай! Ал, кәне, Үсеке, алып қой! – деп қолқалауға көшті.

Бағанадан бері шекесі тырысып, бойы құрысып отырған Үсен көкеміз осы сәтте алдындағы стаканға қарап, бір жұтынып қойды.

– Ә-әй, жәр-райт! –деді содан соң күйген дүние күйіп кетсін дегендей қолын бір сілтеп.

***

Біздің ауыл арғы бет, бергі бет болып екіге бөлініп отырады. Ортада бүтін ауылды қарбыздай қақ жарып, бір ұшы шығысқа, бір ұшы батысқа қарай созылып жатқан теміржол.

Арғы бетте сонау Николай патша заманында бой көтерген тас бекет бар. Ол жерде күндіз-түні ағылып жататын пойыздардың жүрісін бақылайтын кезекші мен үш-төрт жол жөндейтін жұмысшы отырады.

Таңалагеуімде солардың бірі қолына фонаригі мен темір балғасын алып, шойын рельстердің түйіскен жерін тағы да бір рет тексеріп келуге шығады. Анда-санда тық-тық еткен балғаның даусына бұл маңайдағы үйлердің құлағы үйреніп кеткен.

Кенет әлгі кісі қалт тоқтай қалды. Теміржолдың бір шетінде қарауытып, мал ма, адам ба, бірдеңе ұзынынан сұлап жатқан тәрізді. Ол енді, аяғын жылдамдата басып, тез-тез жақындап барды да, демін ішіне тартып, сілейіп қалды. Түндегі пойыздардың бірі адам қағып кеткен секілді. Бейшараның басы төмен салбырап, екі аяғы жоғары көтерілген күйі жан тапсырыпты…

Ол жалма-жан төс қалтасынан рациясын суырып алып:

– Кезекші, кезекші!.. Төтенше жағдай! – деп хабарлады даусы дірілдеп.

Ар жақтан:

– Не боп қалды? –деген кезекшінің даусы естілді.

– Түнгі пойыз адам қағып кетіпті!

– Не дейт?.. Тірі ме?

– Білмейм…

– Қара!.. Жөндеп қарасайшы!

Жол жөндеуші жігіттің аяқ-қолы дірілдеп, теміржолдың жиегіндегі қиыршық тастарды шықырлата басып келіп, қолындағы фонарь жарығын әлгі бейшараның бетіне түсірді. Таныс адам сияқты. Ол енді, сәл еңкейіп, анықтап қарады. «Ал-л-да-а… байғұс-ай… Мы… мы-нау Үсен ғой!» Жол жөндеуші жігіт оны таныған кезде бұрынғыдан бетер шошып, тұла бойы тоқ ұрғандай селкілдеп кетті. Осы сәтте рациядан:

– Әй, не болды? Тірі ме?! – деген кезекшінің даусы жаңғырып шықты.

– Жо-оқ!.. Де-де-мі үзіліпті, – деді жол жөндеуші қорыққанынан кекештеніп.

– Не-е?! – деп, оның сөзін жөнді ұқпай қалған кезекші мазасызданып қайта сұрады.­ – Немене үзіліпті дейсің?!

– Бе-бер-гі беттегі Үсен… Ү-ү-се-ен!…

– Кі-ім-м?!

– Үсен өліп қапты!

Таңғы дауыс теміржол желісінің бойымен жаңғырып алысқа кетіп жатты. Оны жақын маңдағылар түгел естіді. Кезекші шұғыл түрде дабыл қақты. Сүт пісірімдей уақыттан соң оқиға орнына қиқулап жедел жәрдем машинасы және учаскелік полиция қызметкері келіп жетті.

– Қане, қай жерде? – деген полиция қызметкерінің сұрағына бір түйір валидолды тілінің астына салып, өңі боп-боз боп тұрған кезекші:

– Анау жақта… – деп қалтырап әрең жауап қатты.

Жедел жәрдем машинасынан секіріп түсіп, асығып келе жатқан бәкене бойлы, ақ халатты дәрігер:

– Тоқтаңдар, – деді оларға. – Әуелі медициналық тексеру жүргізуіміз керек!

Сөйтті де, кезекші сілтеген жаққа қарай жорғалап жүгіре жөнелді. Теміржолдың бойында сұлап жатқан Үсекең тап осы сәтте: «Ы-ы-ы!..» деп бір тосын дыбыс шығарғандай болды. Манадан бері мәйіт күзеткендей состиып тұрған жол жөндеуші жігіт шошып, шегініп кетті.

– Әй, әй, тоқта! Свидетель! – деп айғайлады оған учаскелік полиция қызметкері. – Куәгер боласың!..

Ақ халатты дәрігер еңкейіп бет-жүзіне үңілген кезде, өліп қалды деген Үсекең көзін ашып, жымиып жатты.

–Е-ей, мынау тірі ғой! –деді дәрігер бес-алты қадамдай жерде состиып тұрған жол жөндеуші жігітке қарап.

Содан соң шөкелеп отыра қалып, ұзынынан созылып жатқан Үсекеңнің қол-аяғын сипап көрді. Сөйтті де:

– Сап-сау! –деді сенімді түрде қорытынды жасап.

Дәрігердің әрбір қимылынан көз жазбай бақылап тұрған учаскелік полиция қызметкері:

– Қайдағы сап-сау?! –деп басын шайқады. –Удай мас қой!

– Ол енді, сіздің шаруаңыз! –деді дәрігер езу тартып.

***

Қызықтың көкесі сол күні түске таман басталды. Таңғы мезгілде теміржол бойының байланыс желісі арқылы тарап кеткен суық хабарды бірінен-бірі естіп, ауылдағылар шұбырып Үсеннің үйіне көңіл айтуға келе бастады.

Үй-іші сырттан «ой, бауырымдап» жылап-еңіреп кіріп жатқан жұртты қалай тоқтатарын білмей, аяқ астынан қатты састы. Жай сөзбен айтқанға сене алмай, еңкілдеп жоқтағандарын түпкі тамға кіргізіп, қорылдап ұйықтап жатқан Үсекеңнің өзін көрсетіп, әрең басты.

Сөйтіп, жылап келген жұрттың алды қарқылдап күліп, аулаға енді аяқ баса бергендер аң-таң болып, сапырылысып жатты. Бергі беттегілердің беті қайтты-ау дегенде, теміржолдан аттап-бұттап өтіп, топ-топ боп ағылып келе жатқан арғы беттегілердің қарасы көрінді.

Үсекеңнің әзірге тірі екенін, кеше болып өткен Тәшкенбайдың тойынан бүгін түнде қайтып келе жатып, рельстен аттай бере құлап қалғанын айта-айта шаршаған үй иелері оны енді қолтықтап сыртқа шығарып, ауланың қақ ортасына отырғызып қойды. Шарбақтан кіре бере отағасын таныған кісілер у-шу боп кері бұрылып, кейбіреулері тіпті жүрегін ұстап, талып қала жаздады. Ал әлгі топқа жай қосыла салған, Үсекеңді мүлде танымайтын бір-екеуі тіпті «марқұмның» өзін құшақтап, көңіл айтып үлгерді…

Е-еһ, сөйтіп, Үсен көкеміз бүкіл ауылды бір күнде у-шу қылып, әрі жылатты, әрі күлдірді. Ал ертеңіне ұйқысы қанып, бойының құрыс-тырысы жазылып, есін жиған шақта: «Әй, кеңкелес, сенен-ақ көрдік-ау көресіні!.. Бүйтіп тірі жүргенше, пойыз басып өле салғаның жақсы еді!» – деп күйінген Әтіркүл жеңгемізге: «Е-ей, қатын, өз көзіңмен көрдің ғой, менің қандай қадірлі екенімді. Бұл жұртты өстіп анда-санда күлдіріп жүретін де біреу керек. Өмірдің қызығы сонда… Пойыз жолдан сәл-пәл асып құламағанымда бар ғой, сен қазір зар еңіреп жылап отыратын едің», – депті.

Осы оқиғадан соң Үсекеңді айналадағы ел-жұрт Клоун деп атап кетті.

author

Нұрғали Ораз

ЖАҢАЛЫҚТАР

Танымал әнші Индира Елемес Руслан Өтепбайға сұхбат берді, деп хабарлады MadeniPortal.kz. Әнші күйеу...

PESTEL

АҚШ президенті Дональд Трамптың арнайы өкілі Берлинде Украина, Германия, Франция және Ұлыбритания ба...