Қазытуғанның қарға түсті жырлары

Көрнекі фотосурет ашық дерккөзден алынды.

ӘДЕБИЕТ
247
 

17 ғасырдың екінші жартысында өмір сүрген Қазытуған жыраудың қалмаққа қарсы жырлары 2009 жылы 20 мамырда Махачқаладағы «Лотос» баспасында басылған «Йыр иеси мен эдим» кітабынан алынды. АЮКЕДЕЙ ХАНДАРДЫ АЮДАЙЫН АҚЫРТЫП "Діни үкім айтатын қазы болсын!" деген ниетпен Сүйініш әке ұлының атын Қазытуған қойған екен. Жырау кей жерде өзін Қазытуыл деп те атайды.

 
Қарғадай Сүйіншұлы
 
Қазытуыл өзі айтар:
Қазы, жалдан зат алмай,
Қалмақтардан қаша алмай,
Қалды-ау менің ноғайым.
Орақшыдан күлте алып,
Орға барып ұрынып,
Орал тауға сүрініп,
Өлді-ау менің ноғайым.
Ана Еділді алдырып,
Арғымағын талдырып,
Ата менен анаға
«Аһ-оу!» салып құстырып,
Азды-ау менің ноғайым.
Жетісаным ел іздеп,
Жембойлығым Жем іздеп,
Жетіскүлім — Көп халқым,
Әрбіріне ем іздеп,
Тозды-ау менің ноғайым.
Бірі кетті Қырымға,
Бірі кетті Ұрымға,
Батыр елдің баласы,
Біз де кетіп барамыз,
Биік таудың қырына.
Ақ Жайықты жандырып,
Ана Еділді сөндіріп,
Ақ Қобанға ақыр ноғай барды деп,
Аласасын тепкілеп,
Алжасады ноғайым.
Ақырысы бір күнде,
Ақ Қобанға жиылып,
Асқар тауға сиынып,
Ақ шатырын құрғызып,
Аяқтанды-ау ноғайым.
Қабағынан бөрік киген,
Қабартымен дос болып.
Шекесінен бөрік киген,
Шеркештермен дос болып,
Шекеленді ноғайым.
Ақырысы бір күнде,
Аюкедей хандарды
Аюдайын ақыртып,
Аждаһадай ысқыртып,
Ана Еділді еркін жайлар ноғайым.
____________________
* Ор — Ор өзені. Ақтөбе, Орынбор облыстарының жерімен ағады.
* Ұрым — Румын жері. Ноғайлардың үлкен тобы 1620 жылы қазіргі Молдованың Босаға(Буджак) аймағына барып, Днестр өзені мен Прут өзенін теңіз аузындағы есіктің екі жағына қойып Босаға Ордасын құрды. Бұл орда табаны күректей 187 жыл өмір сүрді.
* Аласа — жабы жылқы.
 
ЕНДІ АЛМАҒАН НЕ ҚАЛДЫ?
 
Жайықты алды, Жемді алды,
Еділді алды, Теңді алды.
Енді алмаған не қалды?
Ағалардың қолынан —
Талпынып тұрған құсты алды.
Енді алмаған не қалды?
Басқан сайын басып алды,
Қара Дуан,
Масақ деген жерді алды,
Енді алмаған не қалды?
Жегеріне бұл Манжы,
Айыр өркешті түйе алды.
Сауарына бұл Манжы,
Сайлап-сайлап бие алды,
Енді алмаған не қалды?
Шайына салар май алды,
Шайқап ішер тұз алды,
Енді алмаған не қалды?
Бүрмеленген көйлекті,
Бұрқысыған жұпарлы,
Тамағының астында —
Сары алтын түймелі,
Айға, күнге тимеген,
Әдемі бетін көрмеген,
Оң беттегі аруға,
Тие жаздап аз қалды.
Жемды алса, Жайық бар,
Жайықты алса, Еділ бар,
Еділді алса, Қобан бар,
Қобанда айырқұйрық Табан бар.
Қобанда —
Тарам-тарам тоғай бар,
Тоғай толы ноғай бар,
Бар табылар, жоқ кетер,
Есен қолға мал бітер.
Жетісаным анау деп,
Жембойлығым мынау деп,
Жетіскүлім — Көп халқым,
Қабырғамда қанат берген таяу деп,
Оны айтуға болар деп,
Ителгі құстай ителіп,
Тұрымтай құстай тұқиып,
Қаршыға құстай мен өзім,
Қанат қағып қауысып,
Алар құстай ауланып,
Боранда борап жол салдым,
Толықсып біздің еліміз,
Қобанда қоныс қонсын деп.
____________________
* Тең — Дон.
* Қара Дуан — Дубянка. Волгоград облысы жерінде ағатын өзен.
* Масақ — Машеха. Волгоград облысы жерінде ағатын өзен.
* Манжы — Қалмақ тайшысы.
* Айырқұйрық Табан — Керіш бұғазына сұғынып жатқан айырқұйрық түбек. Қазіргі уақытта Тамань деп аталады.
 
АЛАҢ ДА, АЛАҢ, АЛАҢ ЖҰРТ
 
Алаң да, Алаң, Алаң жұрт —
Ақала ордам қонған жұрт!
Атамыздың біздің Сүйініш —
Күйеу болып барған жұрт!
Анамыз біздің Бозтуған —
Келіншек болып түскен жұрт!
Қарғадай мына өзіміз —
Қазытуған батыр туған жұрт!
Кіндігімді кескен жұрт,
Кір-көгімді жуған жұрт.
Қыңыр садақ будырып,
Қалшанымды мен өзім,
Ұшқырланған болат оққа толтырып,
Арабыстан ару атқа
Ауым керіп отырып,
Елге сақтау болған жұрт!
Салқыншақ анау үш өзен,
Салулы менің ордам қонған жұрт!
Жабағылы жас тайлақ,
Жардай атан болған жұрт.
Жатып қалған бір тоқты,
Жайылып мың қой болған жұрт.
Жарлысы менен байы тең,
Жабағысы менен тайы тең,
Жары менен сайы тең,
Бұтты шоғы мұнарадай,
Боз сазаны тоқтыдай,
Бақасы қойдай маңыраған,
Балығы тайдай тулаған,
Тасбақасы атандай,
Жыланы бар бақандай,
Бұта-уығы шөккен түйе таптырмас,
Балығы жылқы жаптырмас,
Бақасы менен шаяны
Кежідегі адамға —
Түн ұйқысын таптырмас,
Енді бізден бос қалды,
Айхай, сені Еділ жұрт!
____________________
* Алаң — Елань өзені. Волгоград, Саратов облыстарының жерімен ағатын ұзын өзен. Суы ақырында Донға барып құйылады. Қазытуған жырау қазіргі Волгоград облысы жерінің тумасы.
* Бұтты шоқ — Шортан. Шортанның үлкендері адамның бұтындай болады.
Қазақ фольклорына енгізілгенде, біздің Совет бұлты астындағы құрастырушыларымыз Қазытуғанның «Енді бізден бос қалды, Айхай, сені Еділ жұрт!» деген зарлы да улы сөзін «Қайырлы болсын сіздерге, Менен қалған мынау Еділ жұрт» деп бұрмалап, Еділдің (Волганың) бүгінгі иесі болып отырған орыстарға қайырлылық, сәттілік тілеп жіберіпті.
 
Қазақшалаған: Көкбөрі Мүбарак
author

​Қазтуған Сүйінішұлы

ЖЫРАУ

ЖАҢАЛЫҚТАР

Қазақстанда медициналық диагностика мен емдеудің заманауи технологияларын енгізу арқылы балаларды ше...

ЖАҢАЛЫҚТАР

Атырауда 9 қаңтарда жоғалып кеткен 59 жастағы Талғат Назаровты іздеу жұмыстары ресми түрде аяқталды,...