Қозыбай Құрман. Достар, мен өзгергемін!

Фтосурет автордың жеке мұрағатынан

ӘДЕБИЕТ
114

***

Күй төгілді тағы да тамылжулы, бір нашты,
Мың тұлпары көңілдің дүбір қосып қырды асты.
Пернелерде мың бұлбұл тартқан сайын дүр етті,
Ұлылығын бұл күйдің өз тілінде жыр етті.
Бірде алқып сүйеді ол өле кеудеңді от-дүр жалындай,
Бірде аңқып сөйлейді баяғының шалындай.
Күбір болып тамады еріндерге кезерген,
(Боз жусандай бұп-бұйра сөздің нілін сезем мен.)
Көзесіне құйғандай түннің сарқып гүл шығын,
Сіздің қырда жарғандай бұлттар тамшы-бүршігін,
Қондырғандай айдынға өңшең асыл сазды ылғап,
Шақырардай сол маңға қос қанатын қаз бұлғап.
Сұлу бола алар ма шайыр жазған жыр өстіп,
Шешендердің аузынан төгілер ме гүл өстіп?
Саған, дүние, салмаймын мұндай шақта көз ұшын,
Сеннен көңілім қалады бір-ақ ауыз сөз үшін.
Хрустальдің сыңғыры секілденіп өлі, өшкін
Тұрған үнге тамсанар музыкант та емеспін.
Елітем ерке дауысқа қос пернеде наз айтқан,
Тыныштығын көңілдің соған бола азайтқам...
Келді бәрін дүниенің күймен ғана гүл еткім,
Күйден ғана жаралған өзі мынау жүректің...

***

Желтоқсан –
Қардың айы,
Ардың айы!
Бетінде айғыздалып қалды ма айып?
Мереке өтер деймін...
Сен қаласың –
Ал неден сәл қуанып, сәл мұңайып

Сол күннен сол бір ауыр нотаны алсам,
Сол күнді кеудеме енді қотара алсам,
Қиналам,
Азаптанам,
Езілемін –
Бұтағын бір бәйтерек отап алса.

Оңай ма?
Ой да ащы ойлағанға,
(Ойламай бір сәтке де тойламаңдар.)
Арналсын шанақта күй сол бір зарға,
Қариды ән – өзегіңе бойлағанда ал.

 

Ық болмай неге ерте емен, шынар?..
Қазақта бойлатпайтын терең шыдам
Бары – рас.
Сонда алғадай...
Қайратты жас,
«Құрбандық еркек тоқты» деген шығар.

Деген шығар...
Қайнаған өлең шығар,
Морт көңіл, ойлашы енді, неден сынар?!
Қазақта алынбаған көп есе бар,
Қазақта бөлінбеген көп енші бар...

Кеудеме көшіп алған табыттай бір,
Сырыңды көп ұғамын,
Көп ұқпаймын.
Ісім жоқ болам кейде құдды саған,
Жүресің кейде тұтас болып қайғым.

...

Желтоқсан –
Жазығың жоқ.
Жарық айым!
Адамға бәрі бақ та, бәрі де уайым.
Келесің қара түнде...
Үкі тағып,
Мен сені қалай енді танымайын.

Айкөркем...

Жанардан бір тамшы да жас таба алмай,
Аспан құрғақ жылайды басқа жандай.
Пәкене тартам содан – кіші адамдай,
Мұңдасқым келді сенімен жасты адамдай.

Жасты адам болсам кәні,
Қайда дәтім,
Сол оққа алғадай кім байланатын?!
Жылаған көзі іскенше қоғам – көнпіс,
Жылаудан ерте шаршап қойған «ақын».

Жалқы сөз,
Жалқы сезім,
Жалқы күнә
Болмасты – қасіреттің артығы да
дәл бұдан!
Ой, дүние, оңаша өксір,
Біздегі әлсіздіктің салты бұл да.

Сол құс па
Түс ішінде ұшқан зәуге,
Ұшқаны болды неге дұшпанға әуре.
Өлтірді оны қармап қандай тырнақ,
Өлтірді оны атып іштар кеуде.

Бейкүнә,
Шырын ғұмыр.
Шырғалаң-ай,
Бұл қаңтар – өзін-өзі тұлдаған ай.
Кеудемді кескілейді сол бір бейне,
Бір қарап...
өте шыққан бір қарамай.

Шерлі Отан...
Шерден ұзақ кім жүргендей,
Ұятың бір күн келіп, бір күн келмей,
Сен жүрсің – бейіт басында кейде түнеп,
Мен жүрмін енді ештеңе білгім келмей.

***

Мен оның атын атап айға ұшпағам,
Жүректей жүрем, әйтеу, қайғы ұстаған.
Ол болып өзімді өртеп от жүргесін,
Сөйлейді мені сүйеп байғұс қалам.
Байғұс – ол. Мендей, сірә, қақ бөлінген,
Не пайда таңдай татқан тәтті өмірден.
Басталған қасіретің түтінге ұқсап,
Топырағыңа қош айтқан сол сәтте бірден.
Шеруенде қыр жыласа, шерменде емей
Қайткені;
Жусан түсер, ерменге де ой.
Қалбаңдап жүрген сені ерте кеткен,
Дүниені не дерсің «керуен» демей.
Ұмытқан секілденіп ауыл атын,
Ұмытқан сол даланы, дауыл атын.
Тәрізді тағы ұмытқан ата бейітін,
Жүрегі содан шымшып ауыратын.
Мен – бір жан ештеңесіз, есті ұмытқан,
Тәбәрік таба алмаған ескі жұрттан.
Тамызбаса екен деп ешкім ұрттап,
Бір сарығын іздеген кешкі бұлттан.
Мүмкін, онда келер ме жердің иісі,
Шаруа төккен ашы бір тердің иісі.
Отырамын ұзақ-ты. Ештеңе жоқ.
«Жат орданың» елестеп енді мүйісі.
Неміз қалды, етпекпіз нені кеңес?
Мазалайды-ау осы ойлар сені де – кеш!
Ол менің – туған жерім болған бірақ,
Ол менің – неге туған жерім емес...

***

Мұрат Шаймаранға

Сөз дейді төбесіне көтергені,
Айтпайды, жазбас та әсте бекер нені.
Сынап-күн көрінеді сырғығаны,
Уақыттың көрінеді жөтелгені.

 

Ол сосын шебердей бір тас қалаған,
Ол сосын аумай тұрсын жас баладан.
Тұп-тұнжыр тартса қоғам мезетінде,
Жап-жарық қаласа әркез аспан оған.

Алқыған,
Алып ұшқан,
Өрекпіген
Болмысы бөлек қызғылыт,
Бөлек шүлен.
Келеді сол ағаның ізін басқым,
Ізіне ізет етсем,
Не деп кірем?

Ар жайлы кеңес айтқан, мұрат жайлы,
Жаны ізгі жан сөзінен кім аттайды.
Тарауын сен үйреттің өмір-сабақ,
Жалауын ардың ертең құлатпайды –

Сол іні!
Сағынатын ұзаса елін,
Сағыныш сарығымен сыза шегін.
Атыңның өзі аңызға айналды, аға,
(Ақынның музасы – өмір,
Музасы – өлім.)

***

Әке, сен иықтысың,
Мықты адамсың,
Төзімі – тастай берік тұтқа жансың.
Шығар ең зәу биікке – үй қамдадың,
Мен шықсын деген оймен шықпағансың.

Әке, сен кең пішілген пошымдасың,
Ұстазсың өміріңмен,
Досымдасың.
Қосам деп мен жүгірдім от пен суды,
Сен білдің дос пен дұшпан қосылмасын.

Әке, сен кішік болдың, асқақ тұрдың.
Бағбаны өзің сол бір қаспақты ұлдың.
Жақсыдан жұқса деймін іздегенім,
Келмейді жаманға да тас лақтырғым.

Әке, сен ізгі жолға бөгелмедің,
Уақытты қаламас та ең шегергенін.
Жақсының артқан жүгін тәліміңмен,
Жаманның ауласына шөгермедім.

Қадірін кімге әкенің ұқтырамын,
Әкесіз мықты да емес мықтыларың.
Мен сенің тілегіңмен тік жүремін,
Мен сенің иығыңда тік тұрамын.

***

Мен неге танымадым сізді, құрбым,
Тоңазып тұрған сәті бізді гүлдің –
Өзіне тартты еріксіз
Шық ернінде
Үлгісі секілденіп үздігудің.

Бір жаққа сол бір әуен қамданғандай,
Шық кетті ұзатылып таңнан қалмай.
Із кесіп көңілімде бір жарық ой,
Күз кеші.
Тау ішінде шам жанғандай.

Сол шамды әлдилейсің өшпесе деп,
Сол сүгірет зар күйдесің көшпесе деп.
Айтасың енді кімге аңсар жайды,
Қайтасың тау қойнынан кешке еселеп.

Уақыт адымдар ма санап басып?
Әсте жоқ.
Бауырынан жарап, қашып
Барады
Бал арасы – қанаты ауыр,
Әр гүлді біткендей бір адақтасып.

Кешеден бүгін, ертең кем бе шүлен,
Жаз шықты жазған жұрттың енді есінен.
Өзендей ерке басып, таудан құлап,
Күн ойнап барады өмір – жеңгесімен.

***

Мен Одаққа кірмеймін –
Досқа күлмеймін,
Мен «отқа» кіремін,
Топқа кірмеймін –
Бір кәлләмды азат етем,
Босқа жүрмеймін.

Мен бөтен «момын» үймін,
Мұраты – қызыл жалын,
Күйі – қоңыр.
Тірлікте тегі күйбің,
Арыңмен биік өмір!

Мен – жекемін,
Сатылмаймын!
Өзіме ұқсас тағы да өз арманым.
Мен сөзімді батпаққа батырмаймын.
Өтірікке мойнымды соза алмаймын.

Алақаным жоқ еді «жетім» өскен,
Мұрат та өлген жоқ еді бекіместен!

***

Мен «ойыннан» шығамын,
Жігіттер, түсін дұрыс,
Түсін, бауыр.
Жеп-жеңіл басқызбайды –
Сезімдер ішімде ауыр.
Балдақтар майысады мен басқан сайын күнде,
Өзгелеу ісім бүгін,
Өзгелеу жайым мүлде.

Атақты алмай қойдым,
Үй берсе, бармай қойдым.
Иә, мен «ақымақпын»...
Мен тұрмын шырқауында қандай да ойдың,
(Мен кімнің мақтауына татымақпын.)

Тағы да өз амалым,
Өз ісім – өз көргенім.
Алдында Құдайымның өзгеше сөз бергемін.
Арына адал кім бар –
Досымсың кез келгенің.
Достар, мен өзгергемін!

МУЗЫКА

Қазақ елінің ұлттық құндылықтарының бірі – баланың әже-атасының бауырында өсуі. Әсіресе әже...

ЖАҢАЛЫҚТАР

Жетісу облысында құтқару жұмыстары кезінде қызметтік борышын атқару барысында ТЖД қызметкері қаза та...