Марат Отаралиевтің баласы Мұхтар Отаралиевтің мақаласыҚазіргі қазақ философиясын зерттеушілер де ата...
Шәмелхан Мәлімбай. Самғайды көңілімнен ән еркелеп...
Фотосурет автордың жеке мұрғатынан
Шәмелхан Мәлімбай – Өр Алтай өңірінен келген ақын. Өлеңдері де Алтайдың асқар таулары сынды өңшең өр серпіген арқар жонды саңғал жырлар, ақесплі шіркін деп айтуға болатын ілкінді, лепелі маржан назымдар... Ақдаланың төсінде, асау Күртінің көбесінде. Сұлу Қанастың жарқалы жайлауында балалық ғұмыры өткен Шәмелхан шарасыз шағаданды шайыр.
Ертіске емеруін
Сұлуым Ертіс, есен бе,
Суыңның құрытты қаншасын!?
Аптығып үркті кеселден,
Алтайдың бір түп аршасы...
Сен де бір қашқан аңшыдан,
Бөкендей босып желгенім!?
Ішейін, шөлім қансын деп,
Алтайдан ағып келгенім...
Ертісім, ерен ақтаңгер,
Күй-жайын елдің қозғашы.
Жеті атам басы жатқан жер,
Абақтың аққан көз жасы.
Тыныш па, Алтай тауым да,
Туған ел аман жатыр ма!?
Торғайға ауған ауылда,
Алыстап жүрген «батырға»...
Желдің де жағы талады-ау,
Алтай мен Арқа арада.
Құлпырып, гүлдеп жағалау,
Нұр тұнған қайран далада!?
Барасың қайда ағындым,
Мен қайда жүрмін ойлатар...
Шешемнің шайын сағындым,
Сағаңнан алып қайнатар...
Досыма...
Ақдалада – ақ шаңдақ,
Тарихым қалған ақтаңдақ.
Ай аунаған қапталда,
Жұртым да жатыр мақпалда.
Тілің неге күрмеулі,
Ақтарылар ағынан?!
Бетегесі бүрмелі,
Бұйырғыны бүргені,
Жусанына жыр сіңген,
Түйе жайып жүрсің бе,
Ақдаланың бетіне?
Ақын досым – аяным,
Сағынышым сен менің.
Ор көзің мен баяғы,
Жырларыңа шөлдедім!
Қайспаған белдері,
Қара нарым шөлдегі.
Қайшы өркеш қара інген,
Қайығы еді-ау жердегі...
Қарақаты пісетін,
Біз шығатын белдегі.
Екеуіміз ішетін,
Шұбатына шөлдедім.
Кеңсірігімді жарғаның,
Кер дүние кермегі!
Беу, Ақдала – шаңырағым,
Сынбайтұғын шөлмегім!
Ермен жуа сіміртті,
Изені мен сарысы.
Қоңыр дөңнің ымырты,
Жұлдыз жауған ғарышым.
Боталарым боз тірсек,
Бота көзді сыңғыр Түн.
Болды ма екен қос кіндік,
Құлқын қуған бір жұрттың.
Ортасында ес білдік,
Шын екен деп өмір де,
Амал қанша кеш білдік,
Алтын қырлы өңірде.
Түйелі тау, иелі,
Ақдаланы шилейтін.
Боздағанда киелі үн,
Жер танабын илейтін.
Жапырылса өркеші,
Бураң қайдан қорғамақ?!
Ақдаланың өр төсі,
Боран ұрса жорғалап...
Өзен қалса қу маңай,
Қаңсып арна жар қалар.
Екеуімізден шудадай,
Шұбатылып жыр қалар.
Екі көзім шаршады-ау,
Ирегі көп жол қарап.
Арқа тұтар барша жан,
Ақын едік – сол ғана-ақ!
Аман-есен жүр ме екен,
Үйіңдегі боз інген...
Босағаңда боталдар,
Жел үрлеген жез іргең?!
Өресіне жабысып,
Сықпа құртын кемірген.
Ен жайлауда табысып,
Есен болсын кең іргем.
Бәлекті жетпесін,
Ала таңнан тебінген...
Заманға алып кетпесін,
Бесігінен безінген.
Ақын досым, жыр сіңген,
Қара қосты айналып,
Атан қомдап жүрсің бе,
Жіпсіз жүрек байланып?!
Шұбат шайқап шелектеп,
Қолда қаламұшыңда.
Тікенекті тірлік електеп,
Қандай заман: ұшынған...
Өлең тозып кетпесін,
Тораңғыдай бүрсіиген...
Сағындым
Амансың ба, жиенім,
Бала жүрек бауырым.
Сарығусыным киелі,
Сағындырды-ау жауыны.
Қаймана жұрт нағашы,
Мекендеген бауырын?!
Ертіс ерке сағасы –
Сағым жуып сауырын.
Қыран жөңкіп жатыр ма,
Толқын жұлып жағасын?
Ашуланып аһ ұрған,
Түсіре алмай сабасын.
Алқа шыңдай ежелгі ең,
Үліңгір мен Қанасым.
Атпен бір күн кезерме ем,
Алтай Сауыр арасын.
Қанатынан құстардың,
Ән сорғалап ұшады-ау.
Төбесінен қыстаудың –
Ай қорғалап құшады-ау...
Әкең аман-есен бе,
Темекісін бұрқатып!?
Қол-аяғы суықтан
Бебеулей ме сырқаты?!
Мал бағам деп солмасын,
Кірпігіне мұз қатқан.
Керуеншідей болмасын,
Кеселі бар зіл батпан...
Ой, хой, жездем тынымсыз,
Сақпандайын «саққұлақ».
Алтайында жүр үнсіз,
Адам тасып шапқылап.
Тері ағып бұлақтап,
Кіре қуған ірі еді.
Қайран жездем жырақта;
Аузын ашса жүрегі –
көрінетін бірақ та.
Апам халін сұрайын,
Қырау шалған самайын?!
Алма бетін шырайын,
Кір шалмаған сарайын...
Қайран менің апайым
Қартайттыңдар жұлқылап,
Ошақ басы от қамын.
Жеткізем деп шырқырап.
Өмір жолы «соқпалы»,
Тұрып алған бұрқырап...
Өзегімнен өртеніп,
Заманадан дерт еміп,
Жүргенімде барушы ем,
Шетен тоқып, шер төгіп.
Шешеме айтар сөзімді
Айтайын деп алқынып,
Жүргенімде шарқ ұрып,
Таусылғанда тарығып,
Сұм жалғаннан жалығып,
Аққа жала жағылып,
Дос-дұшпаным қағынып,
Талағанда жабылып...
Көзі ғой деп шешемнің,
Сөзі ғой деп шешеннің,
Тірілтіп те жіберер
Шешем деген көсем бұл.
Еңкеймеген ешкімге,
Елшісі еді екі елдің.
Қайран менің апайым
Әкемменен, шешемнің
Маңайында жағалап.
Отырушы ек ұлар-шу,
Ағаларды аға-лап.
Барға разы – барымыз,
Қарық еді қағанақ –
Сарық еді сағанақ.
Ат тұяғын тағалап,
Қоңыр төбел қазанат...
Ағалар да ержеткен,
Жігіттікке көнді де,
Келді, ау, бірде жеңгелер,
Жан жағымнан мөлдіреп.
Оң жағымыз қызарып,
Көйлектері көлбіреп,
Үміт күткен шешем көп,
Ет жүрегі елжіреп.
Отау тікті жан-жаққа,
Желпіп кетті – жел жүрек.
Қайран менің апайым
Шешем – менің ақ құртқа,
Біздің үйден ұшқанда.
Жаратылған жат жұртқа,
Бал бақытын құшқанда.
Ойхой, дәурен, қуанып,
Ақ шудадай шұбалып,
Үзілердей ұзатып,
Әкем жалғыз аққуын,
Шешем андыз аққуын
Қимай шулап қалдық біз,
Қимай сонда батты күн...
Есіме алсам әлі күн,
Жанарыма тығылам.
Жүрегімнің жарымы,
Түскен сонда зымырап.
Қайран менің апайым
***
Танау тартып өкпелеп,
Босағада тұрғаным.
Адамдарды жек көргем,
«Неге тұр» – деп бұлданып...
Жай түскендей бір жарық,
Төрімізде бүр жарып...
Қыз ұзату – есте емен,
Қияметі өмірдің.
Содан бері еш неге ,
Келмейді көп егілгім...
Солай, өмір шет көшкен,
Құйып өткен жаңбырдай.
Махамбетше от кешкен,
Бастағы хас тағдырдай.
Мен – Алтайдай биікте едім,
Тасқа табан тілгізген.
Арапшының иттерін,
Абалатып үргізген.
Түлкі заман көк етін,
сөгіп, бөліп бүргізгем.
Қайран елім – қабырғам,
Мұнарыма мұң ілген.
Мұқағали аңыздай,
Төлегендей түңілгем.
Жәутең көзі лағылдан,
Жәннәтім - ау сағынған...
Сары Арқада есіл күз,
Сары қаймағы түгінен.
Жағасында Есілдің
Ес кеземін бүгін мен.
Ақ толқындай көсілдім,
Анда-санда бүлінгем.
Үйірінен бөлінген
Қара қасқа құлын ба ем.
Құстар қайтып барады-ау,
Қанатында ән сүзілен...
Менен сәлем айтар ма,
кіндігінен үзілген.
Көкшетаудан бұлт аунап,
Ақ жаңбырға малшынып,
Басын сілкіп Ұлытауда
Бұта бүрген тал шыбық.
Ақ қайыңдар қымтанған,
Аршын төсі аршылып.
Кісінеймін қырқамда,
Көк аспанға шаншылып.
Есіл жатыр есіліп,
Еркелігі бірінді.
Өрлі-қырлы мұңлы ырғақ,
Балқадиша бұрымды,
Сөлкебайы сыңғырлап,
Шелегімен су іліп,
Ақ көйлегі құбалып.
Арғымағым сетер-ді,
Жылқы айдаса – дүркіреп,
Туған жерге жетермін,
Көк жайлауға – күркіреп!
Сары Арқада өтер Күн,
Шу жануар сілкіле!
Ат әбзелге – сайландым,
Өмір – садақ тартылған.
Жүрегіңнен айналдым,
Ағалаған артымнан!
Көгілдірім көлдегі,
Бауырымсың сен менің.
кеудемдегі өрмегім,
Шөлдедім...
Алтайға барғым келмейді
Сенбесең – сенбе, сен мейлі,
Алтайға барғым келмейді...
Үкідей ұшып барғанда,
Жүгіріп анам келмейді.
Өреге жайған құртынан,
Уыстап алып бермейді...
Қорғанын құшып жүрегім,
Көңілімнің жасы селдейді.
Асқар тау әкем аңқылдап,
Жаныма жетіп келмейді.
Талықсып жүрген маңдайым,
Мейірімге ғана шөлдейді.
Өсірген қара шаңырағым,
Көңілдің күйін тербейді.
Тауларға шықсам, тарланбоз
Бабамның тарихы кернейді.
Саусқанда ауып кеткен ғой,
Білмеймін, нені көздейді?!
Дүркіреп үріккен аң-құсы,
Санамды сұмдық тербейді.
Су алып құрбы қыздар да
Жанымда шашын өрмейді.
Баяғыдай бәрі жарқылдап,
Ән-күйін төгіп бермейді.
Аспанның аңсап кеңдігін,
Даламның мұңын термейді.
Қаңырап қалған, жабылып,
Мектебімді көргім келмейді.
Мен жоқта туған балалар
Сағынып сәлем бермейді.
Алаңдап көңілім сенбейді,
Алтайға барғым келмейді.
Жүректің қалған жартысы,
Туған жер десе сөнбейді.
Мұң-зарым болған кез мейлі,
Топырағың мамық бөздей-ді.
Қиянға ұшып кетсем де,
Сүйегім аңсап шөлдейді.
Сағыныш уын шексем де...
Алтайға барғым келмейді.
Сары құм
Мен, шеше, әлі сенің жарығыңмын,
Сенің өлмес рухыңнан: ар ұғындым.
Басылғанын қарашы зарығымның,
Сағасына келгенде –
Сары құмның.
Самғайды көңілімнен ән еркелеп,
Өмірге сен әкелдің сәл ертерек.
Шешемнің туған жері –
Сары құмның,
Тораңғысын отырмын көлеңкелеп.
Бейнең жатыр жамылып түз бөктерін,
Зарықтым мейіріңнің іздеп көлін.
Сары құмның күздегі
ақ терегі –
Көзіме елестейді сіз боп менің.
Сары құмнан жатады жыр естіліп,
Арманын ертеңін үлестіріп.
Шешеме нағашы апам
жүн естіріп,
Қай қоныста жүрді екен ілестіріп?!
Сары құмым, сайрандап
қырларыңды,
Саған арнап жазайын жырларымды.
Кіндік қаным тамған жер,
қара мекен,
Қарашы, кеткім келмей тұрғанымды...
Сары күшік
Жүргенде аңырап та, қаңырап та,
Қозыдай жетім қалғам маңырап та.
Бір аунап қайтайын деп келіп тұрмын,
Әкем мен шешем жатқан
шаңыраққа.
Самалы сағыныштың есіп мені,
Ағажан неге, неге кешіккенің!?.
Қайда кетіп қалдыңдар, қайдасыңдар,
Қарсы алды-ау... қара құлып
есіктегі.
Жеткенде қайран көңіл алып-ұшып,
Санамда сапырылды сағым ұшып.
Шәуілдеп үй маңына шыға келді,
Жоқ еді мен кеткенде:
сары күшік.
Құлаған тошала үйдің шашылғаны,
Көзіме оттай ыстық басылғаны...
Пісірген бізге тамақ шешеміздің –
қаңсыған қара қазан,
қасындағы.
Үріме сары күшік маған қарап,
Тағдырын таңдамайды адам қалап.
Шешемнің мен де сендей күшігі едім,
Өмірін олар кеткен
тәмамдап ап.
Қорқыттың қобызындай аңыратпа,
Көңілдің күйін бұлай жамыратпа!
Бір аунап жаталмастан қайтып кеттім,
Әкем мен шешем жатқан
шаңыраққа.
Астана. 2025.11.9