Ұстаз ғибраты: өрелі өмір, өлеңмен өрілген өнеге

Фото: madeniportal.kz

ӘДЕБИЕТ
603

Қазір не көп отбасылық кітап көп. Түрлі атаумен жарық көріп жатқан сондай еңбектерді бүгінде әр үйдің сөресінен кездестіруге болады. Әйтсе де, солардың бәрі бірдей оқырман жүрегіне жол таба ала ма? Жас ұрпаққа берер тәлімі қандай?

2023 жылы «Kokterek Print» баспасынан жарық көрген «Ғибрат» атты естелік кітабы сирек кездесетін, шынайылығы мен рухани салмағы қатар өрілген туындылардың бірі. Бұл еңбек – бір ғана әулеттің өмірбаяны емес, тұтас бір ұрпақтың тыныс-тіршілігі мен рухани дүниетанымын бейнелейтін құнды шежіре. Авторлары – ғұмыр бойы ұрпақ тәрбиесіне тер төгіп, ауыл мектебінде адал еңбек еткен ұлағатты ұстаздар: Қазақ КСР халық ағарту ісінің үздігі, Қостанай облысы Жангелдин ауданының Құрметті азаматы Есқали Байбосынұлы мен Тиышкүл Бақжүнісқызы.

Қос ардагердің 60 жылдан астам уақыт бір шаңырақ астында ғұмыр кешіп келе жатқаны өз алдына өнеге. Жинақтағы естеліктер мен жырлардан тек ұстаздық жол ғана емес, өмірлік парасат пен адамгершілік үлгісі анық көрінеді. Олардың өмірде жолыққан жақсы адамдар жайлы сағынышқа толы естеліктері адалдық пен еңбекқорлықты ту еткен тұлғалардың айқын бейнесін көрсетеді. Кітапта аға буын ұстаздар қауымына деген шынайы әріптестік құрмет, ізгі ниет анық байқалады. Сол себепті бұл еңбек екі ұстаздың ғана емес, барша аға буын өкілдерінің рухани аманатын арқалаған, тағылым мен тәлімге толы дүние. Әсіресе Тиышкүл Бақжүнісқызының өмір жолынан бастау алған жырлары оқырманын бейжай қалдырмайды. Оның: «Өткен өмірді аңсап, ата-анам мен жалғыз бауырымды сағынғаннан туған шумақтар мен бүтін бір шаңырақтың күйрей жаздап барып, «Әу, пірім» деп жұрнақ-жұрындары болса да, аман қалғаны жүрегімді қатты сыздатып, көкірекке өксік, көзге жас әкелген естеліктер осы жазбамның негізін құрайды», деген тебіренісі өмірдің ащы шындығымен біте қайнасқан, жүрек сөзі.

Ауыл мектебінде ұзақ жылдар бойы ұстаздық еткен Тиышкүл апайдың ақындық қырын осы жинақтың ең бір айрықша тұсы деуге болады. Оның өлеңдерінен шынайылық, шымырлық, адам жанын баурайтын тереңдік анық сезіледі. Көрнекті ақын Ғафу Қайырбековтің: «Ұстаз болу жүректің ақындығы» деген сөзі бекер емес шығар. Тиышкүл Бақжүнісқызының жүрегінен төгілген жырлар – жеке отбасының ғана емес, тұтас ұрпақтың тағдырын, мұратын, адамдық биігін танытатын рухани қазына.

Олай болса, ұстазымыздың жүректен төгілген «тағдырлы тармақтарына» тоқталсақ, артық болмас. Шығармаларға зер сала отырып, автордың шын жүректен төгілген сырлары, отбасы мен елге деген адалдық, перзенттік парыз, ата-анаға деген құрмет шынайы әрі әсерлі түрде көрініс тапқанын байқаймыз. 

Өлеңдер тақырыптық тұрғыдан кең ауқымды қамтиды. «Әкеме», «Анама», «Ағама» деген жырлардан ата-ананың қадірін терең сезінген, оларды өмірлік жолындағы бағдаршамдай көрген перзенттің сағынышы мен ризашылығы айқын байқалады:

«Сен бар кезде бәрі болды тұз-түгел,

Қызығар да, талай адам үздігер...», – деген жолдарда әкеге деген үлкен құрмет пен алғыс тереңде жатыр.

Автордың балаларына, немерелеріне, келіндеріне арнаған жырларында да ерекше сүйіспеншілік, үміт пен тілектің нұры бар. Әр бала мен немеренің есімі аталып, мінез-құлқы, орны бөлекше сипатталады. Бұл – тек поэзиялық тәсіл ғана емес, шынайы өмірлік бақылаудан, ата-ана жүрегінен шыққан пәк тілектен туған жолдар.

«Қос ботам көз алдымда, міне бүгін,

Шүкір етем барына тірегімнің», деген шумақта баланың барына шүкіршілік ету, олардан үміт күту – қазақы дүниетанымның айнасы іспетті.

«Өмірлік жолдасыма», «Елу жыл өте шықты қас-қағымда» сынды отбасылық, өмірлік тақырыптарды қозғайтын өлеңде Тиышкүл Бақжүнісқызы қосағының қадірін біліп, бірге өткізген жарты ғасырлық ғұмырын тебіреніспен еске алады. Бұл өлеңдер өмірдің қадірін, бірлік пен татулықтың мәнін терең түсіндіріп тұр.

«Зейнетке де шықтық сол құрметпенен,

Шәкірттер бас иеді шын көптеген.

Жұбымыз да қай кезде жазылмаған,

Қуаныш пен қайғы жоқ бірге өтпеген», деген жолдардан ерлі-зайыптының бір-біріне арқау, тірек бола білген жарасымды өмірі аңғарылады.

Сонымен қатар, табиғат лирикасына арналған «Көктем келді жер-дүниені құлпыртып», «Көреміз жапырақты жерден, міне» секілді жырлар поэтикалық образға толы. Бұл өлеңдер – автордың тек отбасылық ортада ғана емес, табиғатпен үндесіп, өмірдің әр маусымынан ой түйе білетінін көрсетеді.

«Көктем келді жер-дүниені құлпыртып» атты өлеңінде көктем мезгілінің келуін тек маусымдық құбылыс ретінде емес, тіршіліктің қайта тірілуі, көңілдің жаңғыруы, жан дүниенің тазарып, серпілетін кезеңі ретінде суреттеледі. Алғашқы шумақта:

«Көктем келді жер-дүниені құлпыртып,

Самал жел жүр әр бұтаны бір түртіп...», – деген жолдармен табиғаттың сәл қимылынан-ақ үлкен серпіліс туатынын нәзік штрихтармен береді.

Өлеңде көктемнің шапағаты тек табиғатқа емес, адамның ішкі жан дүниесіне де әсер ететіні анық байқалады:

«Шапағаты тиіп жатыр көктемнің,

Көңілдегі кірбіңдерді үркітіп», – деген жолдар шынайы шыққан.

Автор табиғат пен тіршілікті егіз ұғым ретінде алып, олардың бір-бірімен тығыз байланысын поэтикалық тілмен жеткізеді:

«Егіз екен табиғат пен тіршілік,

Соны ұқтырды тасқа-дағы гүл шығып».

Бұл шумақтарда философиялық тереңдікке ұмтылып, оқырманды ойға жетелеу байқалады.

Ал «Көреміз жапырақты жерден, міне» атты өлеңі – күздің табиғи көріністері арқылы адамның ішкі жан әлеміне, өмірдің өткіншілігіне, уақыттың ағысымен бірге өзгеретін көңіл күйге терең үңілетін поэтикалық шығарма.

Өлең алғашқы жолдарынан-ақ оқырманды күздің бояуымен көмкерілген көркем суретке жетелейді:

«Көреміз жапырақты жерден, міне,

Белгісі сары күздің келгендігі».

Бұл жолдарда күздің келуі сыртқы табиғи құбылыс ретінде емес, адамның жан дүниесіне әсер ететін, тыныштық пен ой салатын мезгіл ретінде көрініс табады. Сарғайған жапырақтар мен суық жел – жай табиғат көрінісі емес, өмірдің бір белесінің аяқталып, жаңа кезеңге аяқ басуының көркем метафорасы іспетті.

«Аяқ асты шашылған жапырақтар,

Жария қып жатқандай елге мұны», – деген жолдар да уақыт пен тағдырдың үнсіз, бірақ анық ескертуі секілді. Автор оны ерекше сезіммен қабылдайды.

Соңғы шумақта өмір мен жастықтың үйлеспейтіні, адамның артқа қарағанда сағынышқа берілетіні философиялық түйінмен жеткен.

«Тірі жан өткен күнін сағынады,

Құстар да кетіп барад қимастықпен».

Бұл – өлеңнің ең нәзік әрі ең шынайы тұсы. Құстарға адам қасиеті телініп, олардың да қимастықпен қоштасуы арқылы, оқырман өзінің де жастыққа, өткенге деген сағынышын сезінеді.

Жинақ соңындағы тағылымды шумақтар мен философиялық ойлар оқырманды терең ойға жетелейді. Өмірдің өткіншілігі, Алланың берген нығметін қадірлеу, артында жақсы сөз бен өнегелі ұрпақ қалдыру – жинақтың басты идеялық тірегіне айналған.

«Біреулердің байлық болса арманы,

Біреулердің ісін әулет жалғады.

Тозатұғын дүниеден артығы –

Жақсы өнеге, адал ұрпақ қалғаны», деген жолдар осы ойды түйіндеп, жинаққа терең мағыналық нүкте қояды.

Тиышкүл Бақжүнісқызының кітапқа кірген өлеңдері – оның өмірлік тәжірибесі мен рухани болмысының, адамгершілік көзқарасының көрінісі. Сезім мен сырға, тілек пен тағылымға толы бұл өлеңдер тек жақын жандарға арналса да, барша оқырманға ортақ ой, ұлттық болмыс, тәрбиелік мән береді. Шынайылық пен мейірім, өнеге мен үмітке толы осы жырлар – жас ұрпақ үшін де, аға буын үшін де құндылығы еш жоғалтпақ емес

 

Мұхарбек Жәкейұлы,

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі 

КИНО

Танымал актер Кэри-Хироюки Тагава 76 жасында дүниеден өтті, деп хабарлайды MadeniPortal.kz. Актер...

ЖАҢАЛЫҚТАР

Сот бес жасар қызды зорлады деген айып тағылған БҚО тұрғынына қатысты үкім жарияланды, деп хабарлайд...