Жандос Жүсіпбек. Өңімдегі іс – бітпейтін бір ойды ему...

Фото: автордан

ӘДЕБИЕТ
38

ГАРГАНТЮА

«Терезеден ешқайда қарап тұрмын»

Е.Жүніс

– Кімсіз, аға?

– Кім керек? –

қос балдырған

ойындарын тастай сап, тосты алдымнан.

– Бұрын тұрғам осы үйде, – дей салыппын,

Адыра қап әр сөзім жоспар қылған.

 

– Сағынышым басуға келдім, шырақ, –

Рұқсатымды аулаға ендім сұрап...

Аузы аңқиып қарсы алды тастанды пеш,

Өңешінен жетімек жел қыңсылап.

 

Тапал үйдің тозыпты-ау оңбай реңі,

Нұрсыз көздей тұнжырап төнді әйнегі.

Теріс қарап түксиді қабырғалар

(әлде бұлар әуелден сондай ма еді?)

 

Бұл ауланың мен білген көз ашқалы

Өз өмірі бар еді, өз аспаны,

Бала кезде барлығы басқаша еді,

Басқа еді ғой дәурен де о жастағы.

 

Аула, сарай, ауыз үй, төргі үйдегі

Елестеттім балалық сол бейнені:

Бала Жандос елесі жүр әр тұста,

Жылап тұрған сыртынан көрмей мені...

 

Кетпегендей өткен күн жоққа айналып,

Бара жатты жанымды оттай қарып...

– Кімсіз, аға? Кім керек? – деді кенет,

Бала Жандос елесі тоқтай қалып.

 

Маған қарап безеріп тұрған ұлға

Дегенімше «о, тоба, шын ба бұл да?» -

Ғайып болды ол,

Бәрі де жоқ боп кетті,

Қол созуға әрекет қылғанымда.

 

Жалғағандай сол кезде мұңды мұңға,

Қалған болдым қасірет құлдығында.

Оқшау өскен жетім тал жайқалып тұр,

Орны да жоқ сол үйдің шындығында.

 

Қос балдырған және жоқ...

Не бұл?

Демде

«өліп қалған» уақытқа шегінгем бе?

...Еш себеппен ешқайда қарап тұрып:

– Кімсіз, аға? Кім керек? – дедім мен де...

 

БАСЫҢДАҒЫ БАСЫМДАҒЫ

Түсімдегі іс – дәл өзің сыңайлы өлу,

Өңімдегі іс – бітпейтін бір ойды ему.

Жоғыңды ойлау болса егер қандай ауыр,

Сондай жеңіл жылай беру.

 

Жақының не, жатың не – әрқайсы улы,

Білгіштерден безініп даңдайсулы,

қашып келдім.

Қабірің қандай тыныш –

Үнсіздігім сондай шулы.

 

Сезгендей ме ең, хәлімді білгендей ме ең? –

«Қажытты ма, – дегендей, – мұң мен күйбең?» –

Қиыласың...

Көктасың қандай салқын –

Сондай жылы күлген бейнең.

 

Сонадайдан осында жол шалып кеп,

Орақ айға қараймын томсарып тек.

Орақ айың, жаным-ау, неткен жалғыз...

Жалғыз айлар маңыңда соншалық көп.

 

Тағы босап отырмын басыңа кеп,

Тағы, бәлкім, отырсың қасыма кеп.

Бұлт сіркіреп, жұбатып, басып әлек:

«Жылай берме, жасыма» деп.

 

Жалған басу айтатын сол ғана ма?

«Аяушының» көбісі оңбаған, ә?

Мен оларды ешқашан жеңе алмаймын –

Оған алаң болма, мама.

 

Пақыр ем ғой мен бұрын сәл байлаусыз,

Енді өмірге қарайтын жандай қамсыз

болып барам...

Кейде өмір қандай мәнді –

Кейде ұлың сондай мәнсіз...

 

Түсім неге жарамды жаңартады,

Өңім неге санамды қабартады?

Өңсіз Түс пен түссіз Өң...

Осылардан

бас сауғалар басқа, өзі, не бар тағы?

 

Жасанды бір сөз көрген «бақ» ұғымын,

Кімге айтарын білмейді шағым ұлың...

Өзектегі өксік пен өкінішке

Ат қоя алмай қайтам ба тағы бүгін?

 

Қош, күңкілі бітпейді ғапылдардың...

...Бір соғармын зарыққа шатылған күн.

Сенен қалай біртіндеп алыстасам,

Саған солай біртіндеп жақындармын,

өстіп жүріп.

 

ТҮС. ЗОМБИЛЭНД

«Түс қыла гөр, құдайым...»

Махамбет

...«Қалған болса, қалай да табамыз» деп,

келеді олар жаны сау адам іздеп...

 

– Жаныңды бер, жа-ның-ды-ы, бол құлым-м... – деп,

Маған таяй түседі ол күбірлеп.

– Жақындама! Кет! Құры!.. – шыр-шыр етем,

Ұстағаным – қу кітап,

қол дірілдеп...

 

Қорғар деген қаруым – қолда Құран...

Керісінше күш алып ол да бұдан,

Үймелейді «әскері»

қаптай түсіп

оң жағынан, о, сұмдық, сол жағынан...

 

Жан-жағымды жаңылам бақылаудан,

қамай түсіп ұсқынсыз кәпір алуан:

ойық шүйде,

тесік төс,

көр аңғалақ –

тірі өліктер... аяусыз зақым алған.

 

Өлік керек болған соң өлікке де,

Төніп келе жатады, төніп келе,

құбыжықтар тұс-тұстан теңселеңдеп,

езуінен у аққан көбіктене...

 

Құрып әбден әрі амал, әрі шыдам:

– Құтқара гөр, Тәңір! – деп жанұшырам.

Тітіреніп тұрады қараңғы аспан

зомбилердің үрейлі дабысынан.

 

«Ақырғы түн осы түн болмаса-ды...»

дегізбестен қиямет қанқасабы,

Дәрмені жоқ сорлыға

жауыздықпен

бір кез бәрі жалма-жан жармасады...

 

Қан-жоса боп таланған кезде-ақ өліп...

...Қайта оянам,

аяққа лезде қонып,

жанарсыз көз, жарты бас, қуыс кеуде –

бұрынғыдан бітімім өзге болып.

 

Жалп еткелі кеудеден сүле-шырақ,

енді рухсыз қаңғудың үлесі қап,

қу сүлдемді сүйретіп, ілгері ілбіп,

тірі өліктер тобына ілесіп ап:

 

«Қалған болса, қалай да табамыз» деп,

Баратамыз ділі сау адам іздеп...

 

...ДЕПТІ БІР ТІЛШІ

«Быз экономикасын осырып жатырмызь»

(шенеунік баяндамасынан)

Мінберден шошайған саусақтан

тапанша көргендей шошынып,

Санасын тұрмысы қаусатқан,

Күлімжік ез етіп бос үміт;

 

Ұлығың орысділ, қазақбет

қағазбен сөйлесе жосылып,

дүрк етіп қол соқтық «ғажап!» деп,

мүңк етсе аузынан «осырып».

 

«Сатқын» боп, біресе «сабаз» боп,

Әр кезде қағида-шарты ауысып,

«Демос» пен «кратос» араз боп,

Арада аңырдық аңқаусып.

 

Лақаппен қыздырып шекені,

Шын сөзге тұрса да шамаң кеп,

«Нанымнан айырсам көкені,

Нанымнан айырылып қалам» деп,

күнелткен бейкүнә арам боп,

нәлет бұл біздің жүріске!

 

ТӘУІШ*

Тәуіш-ау,

Тағдырыммен жолдас мекен,

Сірә да сенсіз рухым болмас бекем!

Тек, қалмақ кемпірінің есімімен

аталып кеткенің ғой...

Сол рас па екен?!

 

Шын ба екен?

Кім біліпті, шын да шығар?

Індетсем, құпияң ғой бұл да ашылар.

Сыр саусам, көнекөздер қой деп пе еді

Жадында жұмық жылдар жылғасы бар?!

 

Тап басып әңгіменің мәлім, оңын,

Тарқатар жан қалды ма бәрін оның?

Тарихын кім тәпсірлеп берер енді,

Тәуіштің ұстатқандай кәрі қолын?

 

Ойлантты сол бір кемпір жұртыма жат,

Толғантты сол бір кемпір жұртыма жат,

Өйткені мен де кемпір баласы едім

(әрине, оның бірақ ұлты қазақ).

 

...Даладан қала жаққа көшкен тұрғын

елесін қармайды әлі өшкен күннің.

Дөңбекшіп аунайды әлі түн баласы,

Ауылын сағынғанда қос кемпірдің...

 

Тәуіш* – ауылымның атауы

  

МІРЖАҚЫП. МЫЛТЫҚ АЛДЫНДАҒЫ МОНОЛОГ

Саналып әр дем,

Көңілде алабұртып мұң,

Ақырғы сәтті өткертіп абақтыдағы,

Түнекпен түйреп жанымды,

қара мылтықтың

қараңғы ұңғысы қарап тұр әлі.

 

Бұл неткен ұзақ секундтар?

Мылтық ит мына

не күтіп тұр-ей арс ете қалмай?..

...Құрбандық біздің айналып, шіркін, ұйытқыға,

Арттағы ел аман қалса екен, Алла-ай!

 

Ұлт ертеңі үшін қам қылып, ойланған едім

Ұйқыда жатып дымсыз-ақ қалған...

Қайтейін сені, қазағым қайран да менің,

Немкеттілікті мінсіз атқарған?

 

Ұрпаққа мәуе берер деп сендім еккенім,

Жансебіл мына қорғар деп халықты кие.

...Ал, құйыл, құйыл соңғы рет мөлдірек менің

қарашығыма, жарық дүние!

 

Я, қош!

Кеттім бақилық тізімде ендігі,

Ертеңін елдің ұшықтап ұлы үмітпенен...

Шынжыры әзиз шындықтың үзілген күні

Мен тіріліп келем!

 

СЕКСЕНБАЙ

Бырқылынан тыным білмей құлақ бір,

Ыңыранып ілбиді алға трәктір.

Найқалады шөп тиелген тіркеме,

Соңымыздан шаң қуады шұбап құр.

 

Төрт шөпшіге төсек болған төбесі,

Тіркеменің қайық сынды жөнесі.

Шалқамыздан жаттық үнсіз.

Сексенбай

кенет: «Ғажа-ап!..» - деп саңқ етсін.

О несі?!

 

Оны естіген үлкеніміз құр жатпай:

«Ал, сайра!» - деп демеп берді қылжақтай.

Бөсті Секең:

«Мен айтпады демеңдер,

Бұл Борлыға жетер жер жоқ бұл жақта-ай!

 

Шөбі қандай! Теңдессіз ғой парқы бір!

Адам онда жаю керек мал түгіл...».

Күлді бәрі.

Қарсы отырсаң, күлмей көр.

Босқа сөйлеу –

Сексенбайдың салты бұл.

 

«Шіркін, қожа сол мекенге боп отсаң!

Әттең, - дейді, - сатып алар жоқ ақшаң.

Әкең!.. Малды қабылдайтын арзанға

суайттарды рекеттерге тонатсаң...».

 

Осы жерден үлгерместен аялдап,

Басында оның басқа әңгіме оянбақ:

Маған-дағы «тыңда, бала!» деп қойып,

Солдат шағын жөнеледі баяндап.

 

Сол емес пе бәрімізге керегі,

Сендірмесе, сендірмесін «дерегі».

Сыртқа шығып көрмегені туғалы

Ауылдастың бәріне аян себебі.

 

Біреу кенет деген раймен сөз бөлем:

«Әй, қыз-қырқын жоқ па, - дейді, - көздеген?»

Шөппен тісін шұқыған боп ойласып,

Қуың неме құбылтады лезде рең.

 

«Ә, неге жоқ? Жатқан мен бе текке үйде?

Талғамыма сай іздеймін көп кейде...

Пірзидентпен құдалассақ не істер ең?!

Айтпақшы, бір қызында бай жоқ дей ме?-

 

деп ыржыңдап аңқау аузын ашты үйдей. -

Оған еркек керек дейді басты имей,

көзіне кіл тік қарайтын...

мен құсап...

...Нанбайсың ба?

Неге күлед?

Рас дейді-ей!..»

 

Бейпіл сөзі бітті-ау десіп шамамен,

Күлкілерін тыяды кеп бәрі әрең.

Дейді ол тағы:

«Қатыным сол болса егер,

Борлы жақты түгел сатып алар ем».

 

Бырқылынан тыным білмей құлақ бір,

Ыңыранып ілбиді алға трәктір.

Сексенбайдың бос арманы секілді

төбемізден бұлт ереді шұбап кіл.

author

Жандос Жүсіпбек

АҚЫН

ЖАҢАЛЫҚТАР

Сот бес жасар қызды зорлады деген айып тағылған БҚО тұрғынына қатысты үкім жарияланды, деп хабарлайд...

ЖАҢАЛЫҚТАР

Астанада көпқабатты үйдің қасбеті құлаған сәтте өзгелерге көмек көрсетуге ұмтылып жүріп ауыр жаралан...