1803 - 1917 жылдары Қазан қаласы Қазандық білім округінің орталығы болып, оған орта және төменгі Пов...
Жазушы Ғалымбек Елубайұлына арналған өлеңдер
Фотосурет ашық дереккөзден
Талантты жазушы Ғалымбек Елубай қырық жасқа толуына небәрі екі күн қалғанда, 2024 жылдың 7 қаңтарына қараған түнде өмірден өтті. Бұл суық хабар әдеби ортаға күтпеген қасірет болып тиді. Қаламының қарымы енді ғана кең ашылып, ойы толысып, сөз салмағы салмақтанып келе жатқан шақта үзілген бұл ғұмыр – жеке бір адамның ғана емес, тұтас әдеби үдерістің орны толмас өкініші.
Ғалымбек Елубай – көпке ұран тастап, дабыра қуған қаламгер емес еді. Ол әдебиетке үнсіз келді, бірақ үнсіз қалмады. Сөзі сабырлы, ойы терең, сөйлемі жинақы, ішкі әлемі мазасыз болатын. Оның прозасында артық айқай жоқ, бірақ жүректі қарып өтетін шындық бар; сырт көзге қарапайым көрінетін детальдардың өзінен адам жанының күрделі иірімдері аңғарылады. Ол адамды – тағдырымен, уақытпен, өз-өзімен беттестіре жазды.
Жазушының кенеттен өмірден өтуі оны жақсы білген әріптестерін, замандастарын, оқырманын ғана емес, сөзге жауапкершілікпен қарайтын бүкіл қауымды ойға қалдырды. Өмірдің қысқалығы, таланттың аманаты, уақыттың қатыгездігі жайлы ауыр сұрақтар алдыңнан шықты. Осындай сәтте ақын жүрегі үнсіз қала алмады. Қайғы – өлеңге айналды, сағыныш – жолға түсті, естелік – жырға көшті.
Осы топтамада ұсынылып отырған өлеңдер – қаралы хабарға берілген бір сәттік эмоция ғана емес. Бұл – қаламдасқа деген құрмет, үзілген ғұмырға тағзым, аяқталмай қалған сөзге іштей жауап. Әр өлеңде бір ғана адамның бейнесі емес, талантты жазушының тағдыры арқылы тұтас бір ұрпақтың ішкі күйі, әдебиетке деген адалдық пен өкініштің ізі бар.
Ғалымбек Елубайдың ғұмыры қысқа болды... Ол жазып үлгерген дүниелерімен де, жазып үлгермеген ойларымен де әдебиетте қалды. Ал ақындар жазған осы өлеңдер – соның тірі дәлелі. Бұл – қоштасу ғана емес, ұмытпауға берілген уәде.

Сырласу
(Ғалымбек Елубайға)
Қуаныш Дәлейұлы
Қақайға
(Ғалымбекке)
нұрдың өзі қап-қара ғой – жарату.
Жаратқанға еліктеген жалғызым,
менің түссіз – жәннатым.
Құдай деген кім десеңіз – құштарлық,
шынайылық ұстамды.
Ақ пен қара – менің егіз болмысым,
кінәлауға жарлысың.
Сен жүрген жол – өзін-өзі меңгеру,
ой ішінде сенделу.
Сенің сөзің билегенде таң алды –
биіктікті кем көру,
аласаны зор көру!
Бауыржан Қарағызұлы

Елубайдың құдығы
Азанама
Салқын
Қалам
(Тұңғыш көрдім өлгенін шын ақынның... М.М.)
Тұңғыш көрдім сынғанын хас қаламның,
Жан жабырқап, жанарды жасқа малдым.
Жазушысын көзге ілмей сыртын берген,
Түсі қандай суық еді Астанаңның.
Ол өзге еді, алтайлық сөзгер еді,
Танимыз ғой талантты, көз көреді.
Аңтарылып, Астана, түстен кейін
Өкінгеннен енді не өзгереді?
Елім деген еріңді езіп алып,
Енді несін жылайсың көзің ағып?!
Сөзі кетті шарлаумен шартарапты,
Зиратыңда томпайған өзі қалып.
Көңілімнің кеткені саған суып,
Сенде кетті сол ғажап қалам сынып.
Төріңе емес, көріңе жатқызардай,
Жатқаны жоқ еді ғой жаман сүріп.
Ел күткенде дүние — ұлы, әдемі,
Мертіккен бе қапыда құлагері.
Айып тақсам орынсыз, кеш, Астана,
Қимастығым қинауда мына мені!
Дәурен Айманбет
Ғалымбекке
Тағдырыңның талқанын,
Төгіп-шашып сен кеттің!
Қырықыңа да ілінбей,
Қызығың да білінбей.
Бостандықты Бұзып Алдың Ажалмен!
Босатпады қор қоғам,
Босатпады айналаң!
Саған енді тірі қалу мүмкін бе!!!?
Айналаңа сұрақ тастап сұрапыл,
Түсіндірдің, өлім деген тура қыл,
Асылдың да ажалға,
Асықтың ба мазарға.
Басылдың ба,
Кеткендей боп базарға.
Базар ма өлім,
Дәлелдемек болдың не?
Кету бар да келу жоқ,
Өшу бар да кешу жоқ,
Кебінделген түйінді
Енді қайтып шешу жоқ!
Мұратыңа жетің бе???
Керуен тартқан жалғанда
Атың шығар көшің жоқ!
Жақсыбек Қақан
Жазушы досым Ғалымбек Елубайұлының қазасына
Көзімізден тым ащы жастар ағып,
Өзектерді өкініш жатса қарып,
Себебі сол – құйрықты жұлдыздай боп,
Ақты мына жалғаннан хас талант!
Атақ қуып, көрген жоқ ақшаны аңдып,
Жол іздеді тап-таза, баспаған жұрт.
Тұзағына тірліктің түспейін деп,
Топыраққа айналды хас талант!
Қалдырмаған сыры көп хатқа жазып,
Өкпелі боп жүрген жоқ босқа налып...
Қара түсін өмірдің қабылдамай,
Қалды астында қабірдің хас талант!
Бай мұрасы бабаның жат саналып,
Жетектесе жұртымды басқа бағыт.
Салт-дәстүрін Алтайдың арқау етіп,
Қолына алды қаламын хас талант!
Тауларынан Алтайдың асқар, алып,
Асыл-жауһар іздеген тас та қазып...
Қазыналы туынды қалдырам деп,
Қанатынан қайырылды хас талант!
Қыдыр қонған киелі, бақ та дарып,
Алтай тауы жолындай таспаланып,
Шығармасы халқына жол тартты да,
Мәңгілікке қоштасты хас талант!
Жұрт басына төнгенде қап-қара бұлт.
Қан жылады жүрегі отқа оранып.
Көркем сөзбен көңілін жұбатам деп,
Қырық жаста қиылды хас талант!
Қабіріне Жаратқан жақса жарық,
Онда бақыт мекенін тапқаны анық.
Қара жерге сүйегін тапсырғанмен,
Кетті ме екен рухын аспан алып?!
Көшті мына жалғаннан хас талант!!!
Ғалым Қасымхан