(новелла)Аударған Б. ҚожабековаБұл әңгіменің басты кейіпкерін Осино Хандзабуро деп атайды. Өкінішке...
Жыр керуенінің керуенбасы
Фотосурет ашық дереккөзден
Өнердің киелі соқпағында иық тіресе жүріп, бірге есейген, қазақтың жыр өнерін төрткүл дүниеге танытуда өзіндік қолтаңбасын қалдырған аяулы досым, ҚР «Парасат», ІІІ дәрежелі «Барыс» ордендерінің кавалері, жырау, ғалым, ұстаз Алмас Алматовтың 70 жасқа толуы – тек оның отбасының ғана емес, тұтас қазақ мәдениетінің мерейлі белесі. Бұл – бір адамның ғұмыр жасы емес, ұлттық өнерге адал қызметтің, табанды ізденістің, руханият жолындағы жанкешті еңбектің нәтижелі қорытындысы.
Алмас Алматовтың тұлға болып қалыптасу жолы – тек жеке таланттың жемісі емес, рухани тамыры тереңге кеткен тәрбиенің, ортаның және қоғам ықпалының нәтижесі деуге толық негіз бар. Оның өмірлік ұстанымдары мен өнердегі бағытына ең алдымен ата-бабамыздың ар ілімін ұстанған, сопылық жолды берік тұтынған әкесі – Нұрмахан Алматұлы айрықша әсер етті. Әкесінің имандылыққа, сабыр мен парасатқа негізделген тәрбиесі Алмастың бойына кішіпейілділік пен терең ойшылдық дарытты. Бала Алмастың: «Әке, осы жұрт неге бізді әулие дейді?» – деген аңғал сұрағына әкесінің: «Ай, балам-ай, бізді әулие деп жүрген осы халықтың өзінен ұлық әулие жоқ қой», – деп жауап беруі көп жайды аңғартады.
Бұл сөз – сопылық танымның терең мәйегі. Нұрмахан әкеміз баласының санасына ең алдымен кішіпейілділік пен халыққа деген құрметті сіңірді. Ол «әулиелік» атақта емес, елдің ықыласы мен пейілінде екенін ұқтырды. Халықты ұлықтау – өзіңді төмен ұстау, даңққа мастанбау, аманатқа адал болу деген сөз. Шығыс даналығында «Мәуелі ағаш биік болмайды» деген мәтел бар, осы тәрбиені көріп өскен Алмас Алматов кейін ел алдында биік тұрса да, өзін халықтан жоғары қойған емес. Керісінше, өнерді халықтың қазынасы, жырды елдің аманаты деп білді. Әке жауабындағы бір ауыз сөз оның бүкіл өмірлік ұстанымына айналды, ол ұстаным: атақ қуалау емес, халыққа қызмет ету болатын.
Сопылық дүниетанымдағы рух тазалығы, адамға қызмет ету, өнерді аманат деп түсіну қағидалары оның шығармашылық болмысына өзек болды. Сонымен қатар, өскен ортасы, қазақы дәстүр мен жыршылық мектеп, ел ішіндегі өнерпаздар мен зиялы қауым ықпалы да Алмастың тұлға болып қалыптасуына зор әсер етті. Ол жырды жай орындаушы емес, зерттеуші, зерделеуші ретінде танып, ұлттық мұраны жаңғыртуға саналы түрде еңбек етті. Бұл – қоғам сұранысын жүрекпен сезінген азаматтың ісі.
Бүгінгі таңда менің құрдасым әрі досым Алекең Алматов – тек жыршы немесе ұстаз ғана емес, руханияттың жанашыры, ұлттық өнердің жоқшысы, елдік мұратты ту еткен тұлға. Оның мерейтойы – жеке адамның қуанышы емес, тұтас елдің, өнерсүйер қауымның мерекесі деп отырғаным да сол. Өйткені ол – халық аманатын арқалап жүрген азамат. Алмастың өмір жолы – әке тәрбиесінің, ортаның өнегесінің және табанды еңбектің үйлескен үлгісі. Сондықтан оның мерейтойы – руханиятқа қызмет еткен еңбектің салтанаты, елдің тойы деп айтуға толық негіз бар.
Алғашқы дидарласу: «Лорд» конференциясы
Біздің өнер сахнасына қатар шығып, үзеңгілес болғанымызға қырық жылға жуық уақыт өтіпті. Алғашқы айтулы кездесуіміз 1986 жылы Алматыдағы Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясы қабырғасында өткен халықаралық «Лорд» конференциясында басталды.
Сол бір рухани жиында Сыр бойының сазды, терең тынысты жыр мектебі мен Маңғыстаудың арынды, екпінді ақпа-төкпе дәстүрі тоғысты. Бұл жай ғана ғылыми басқосу емес, қазақтың қос үлкен жыр арнасының табысқан сәті еді. Біз сол жерде танысып, өнер туралы ұзақ әңгімелестік. Жырдың табиғаты, мақамның мінезі, дәстүрдің тағдыры жайлы ой бөлістік. Содан бері арамыздағы достық пен шығармашылық үндестік үзілген емес.
Алмас – сол кездің өзінде жырды тек орындаушы емес, зерттеуші көзімен қарайтын, терең пайымдайтын тұлға болып көрінді. Оның сөз саптауы, өнерге деген жауапкершілігі, ұлттық мұраға деген жанашырлығы бірден байқалатын. Ол жырдың мақамын ғана емес, оның астарындағы философияны, тарихты қаузағанда тыңдаушысын еріксіз баурап алатын еді.
Мамандық пен мәдениет: «Қожаның төте оқуы»
Көпшілік біле бермейтін бір жайт – менің алғашқы мамандығым гидроқұрылысшы еді. Өнерге ықыласым болғанымен, кәсіби жолға біржола түсуіме батыл қадам жетіспей жүрген кез болатын. Сол тұста Қызылордада «Дәстүрлі өнер – жыр» мамандығы ашылып, жаңа буын жыршы-орындаушыларды даярлау ісі қолға алынғаны күллі аймаққа белгілі болған кездер болатын. Мен де сол Алекең дос ашқан мамандық бойынша Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің «Дәстүрлі музыкалық өнер» кафедрасының соңғы шәкірттерінің бірі болып үлгердім.
Мені осы арнаға бұрған, өнер жолына түбегейлі бет бұруыма себепкер болған – Алмас досым. Оның сенімі, қолдауы, «сенің орның – өнерде» деген бір ауыз сөзі мен үшін шешуші болды.
Бірде әзіл-шыны аралас:
– Қожеке, бұл не оқу өзі? – дегенімде,
– Бұл қожаның «төте оқуы», – деп күліп жауап бергені әлі күнге дейін жадымда.
Сол «төте оқу» менің тағдырымды өзгертті. Өнер мен мәдениетке біржола бет бұрып, Маңғыстау жыр мектебінің өкілі ретінде ғылым мен ұстаздық жолына түстім. Бүгінде профессорлық дәрежеге жетіп, шәкірт тәрбиелеп отырсам, оның бастауында Алмас досымның шынайы жанашырлығы мен адал ықыласы тұрғанын әрдайым айтып жүремін.
Достық пен дәстүр сабақтастығы
Алмас – Сыр елінің ғана емес, барша Алаштың ардақтысы. Ол жырды жанымен сүйетін, ұлттық кодты сақтауды өмірлік мұрат еткен тұлға. Оның орындауындағы жыр – жай дыбыс емес, ұлттың жаны, тарихтың үні.
Біздің достығымыз – Сыр мен Қырдың, Арал мен Каспийдің арасындағы рухани алтын көпір іспетті. Сырдың сазды мақамы мен Маңғыстаудың адуынды үні бір-бірін толықтырып, қазақ жыраулық өнерінің кең тынысын айқындап келеді. Біз талай сахнаны бірге бөлістік, талай ғылыми кеңесте қатар отырдық, талай шәкірттің тұсауын бірге кестік.
Алмас – жырау ғана емес, ұйымдастырушы, ұстаз, ғылыми жүйелеуші. Ол жыраулық өнерді сахнада ғана емес, оқу аудиториясында да орнықтырып, жүйелі мектеп қалыптастырды. Оның шәкірттері бүгінде еліміздің әр өңірінде еңбек етіп, дәстүрдің жалғастығына қызмет етіп жүр. Бұл – ұстаз еңбегінің нақты нәтижесі.
2016 жылы 60 жасқа толған мерейтойымызда Алекең досым бізге өзінің арнауын жазып келіп, мерейімді аспандатқан болатын. Қазірде шәкірттеріміз бұл арнауды мақамға салып, сахналардан орындап жүр. Бұл да – мен үшін адал досымның маған жасаған үлкен сыйы деп білемін. Сондағы Алекеңнің «Амандық жырауға» деп аталатын арнауын келтіре кетейін:
Амандық жырау – армаңыз!
Кестелі сөздің иесі,
Көмкерген сазды термемен.
Алланың берген дәулеті, –
Бәйге атындай алшақтап,
Өте шықтың ойқастап,
Алпыс деген көмбеден.
Асқарға шыққан тойыңда
Арнап толғау айтайын,
Білікті ерлер құлақ сал,
Сағынып көптен көрмеген.
Әуелі Алла, жаратқан
Он сегіз мың ғаламды,
Абзалы қылып жаратты
Баршаға ұлық Адамды,
Ақтың досты – Мұхаммед,
Алла оған жеткерді
Қасиетті Құранды.
Ақ, қара деп алалап
Адамизатты бөлмеген.
Қам кесегін Қағбаның,
Қолымен қалап нәбилер,
Ғайыры діннің, мұрсалдар,
Ауазасына көнбеген.
«Лә -йллаҺа, иллоллаҺ-
Мұхаммед расул Аллаһ» – деп,
Ақырет майдан болғанша,
Ақиқат туын бермеген.
Дін мұсылман баласы,
Бір мұсылман болсын деп,
Сахабалар сарп етіп,
Дін ашып, маңдай терлеген.
Әлмісақтан бері қарай,
Алты Алаштың баласы,
Хақ жолынан басқаға,
Мойын бұрып сенбеген.
Мәдинада – Мұхаммед,
Түркістанда – Қожа Ахмет,
Маңғыстаудағы – Пір Бекет,
Үш жүз алпыс әулие,
Шырақ оты сөнбеген.
Есім, Тәуке, Жәнібек,
Әбілхайыр, Нұралы,
Абылай мен Жәңгір хан,
Ту көтеріп көлбеген.
Төле би мен Қазбек,
Алшыннан шыққан Әйтеке –
Үш жүздің алтын тұғыры,
Алқа топта сөйлеген.
Неше бір ерлер өткен жоқ,
Жау қанымен тұтығып,
Қылышы сыймай қынына,
Тұтам жерді бермеген.
Қарындастың арына,
Қылша мойнын талша үзіп,
Ел қорғаған ерлерді айт,
Ат үзбеген кермеден.
«Үш қиянның» бойында,
Жатқа кеткен кегі үшін,
Қиялай шауып, қан ұрттап,
Алдаспанын сермеген.
Солардың ерлік-баянын,
Шежіре дастан жыр қылып,
Таңдайын тесіп, жыраулар,
Нөсердей құйып селдеген.
Абыл мен Нұрым, Қашаған,
Сәттіғұл, Cүгір, Қалнияз,
Мұрат жырау кетті өтіп, –
Жүйріктер жүлде бермеген.
Боз даланың өксігін,
«Шерқаланың» шеріндей,
Боталы нардай күңірентіп,
Боздатып жырмен тербеген.
Одан бергі заманда,
Біз білер жерді байқасақ,
«Қырық нар айдап» жыраулар,
Сен құсап дәурен сүрмеген...
Ақтангер жүйрік Адайда,
Амандық жырау өзіңсің,
Сал-серідей ырғалып,
Ат тұсаған түрмемен .
Жақсы мен жайсаң ағаның,
Жанында болдың жасыңнан,
Ақылдың кені Әбіштен,
Өнеге алып өрлеген.
Қазыналы жырдың қазаны,
Қабиболла ғұлама,
«Ақберен» мылтық секілді,
Сөз зергері, зерлеген.
Қайролла жырау біз көрген,
«Қырымның қырық батырын»,
Қырық күн жырлап таусылмас,
Айтқан сайын өрлеген.
Сұңғыла күйдің сазымен,
Қара тасты балқытқан,
Рысбай күй тарқанда,
Ақбөкендей желдеген.
Нариман күйші бұл да өтті,
Қолына алса домбыра
Құрманғазы, Құлшармен,
Есір мен Есбай тіріліп,
Келгендей еді, өлмеген.
Қамбар сері кешегі,
Топырағы кеппей бұл жатыр,
Ән менен жырға тең жорға,
Ырғағын бұзып желмеген.
Тірлігінде тең жүрдің,
Бірің аға, бірің дос,
Иманы болсын саламат,
Осынша асыл ерменен.
Киелі дала Маңғыстау,
Тұлғаның тұғыр мекені,
Дарынның алтын ұясы,
Қорабасын бөлмеген.
Көне көзі – Бегей Жақсылық,
Алтын тін, арқау желідей,
Жырауда жүйрік тарлан сол,
Таусылдым деп көрмеген.
Ақ домбыра қолға алып,
Жеткізген жырау жайқаса,
Сөз қайнары тасыған
Әбі-кәусар суындай,
Жан-жүйеңді емдеген.
Даңғайыр жырау Ұзақбай,
Алқалы жиын кез келсе,
«Жүйрік аттай жол алып,
Сулығын басып өрлеген».
Жойқын жырау Өсербай,
Наурызбектің шәкірті,
Додалы дуға кіргенде,
Іркілмей өтер кермеден.
Мақсат жырау Өзеннен,
Дәрия жырдың бастауы,
Тосу бермес ағыны,
Шабыты келсе терлеген.
Амандық жырау өзіңсің,
Шалдардың қалған көзісің,
Жүректің қылын шертетін,
Өрнек салып термемен.
Маңғыстау майдан далада,
Сағымнан озып сарының
Жүз жаса, досым, елменен!
Амандық жырау құт болсын!
Халық жиналған мерекең,
Шақырып дос пен жаранға.
Сүгірдің жырын тыңдаған,
Мұхиттың арғы бетінде,
Вашингтон қол соғып,
Берілген ерсің бағаң да.
Сарыарқаның төрінде,
Мұзға төсеп бауырын,
Қараша қаздай қыстаған,
Өкпе жоқ досым саған да.
«Халықтың қамын ойласаң
Қардарың соның ішінде»,
Ұранға шабар ер шығар,
Сегіз арыс Адайда?!
Алекең достың осы арнауын оқыған сайын кеудемді кернеген ризашылық сезімді сөзбен жеткізу мүмкін болмай қалады. Алпыс – асқарымда арнап әкелген осынау толғауын орындап, атымды атап, әруақ пен елдің алдында абыройымды асырғаны – мен үшін зор құрмет болды. Бұл жырды тыңдаған сайын, өз өмірімнің ғана емес, тұтас Маңғыстаудың, жыраулықтың шежіресін көргендей боламын. Әулиелердің ізі, хандардың айбыны, билердің бәтуасы, батырлардың рухы, Абыл мен Нұрым, Қашаған мен Мұрат өткен жырлы жол – бәрін бір арнаға тоғыстырып, мені сол керуеннің жалғасындай көрсеткеніне разы күйде талай көзіме жас алған кезім де болды. Ақылдың кені болған ағалар тәлімі, елдің ықыласы, қасиетті Маңғыстаудың киесі – бар жетістік-табысымның төркіні еді. Соны тап басып, терең танып, әділ бағасын берген – осы Алекең дос болатын. Жырауға ең үлкен сый – халықтың ықыласы мен ардақ сөз. Достың толғауы – мен үшін алтыннан қымбат аманат. Бұл – достықтың да, өнерге деген адалдықтың да айғағы.
Бірде қасымызда елге сыйлы, қадірлі азаматтар бар, Алмастың алты қанат ақ ордасында бас қосып отырған болатынбыз. Ортамызда Алмастың жан досы Балтабай да болды. Сол отырыста көкейімде жүрген бір ойды ортаға салғаным бар. Сонда:
– Неге біз ұлтқа тірек болған ұлы тұлғаларды тек өткен шақтан ғана іздей береміз? Неге дәл қасымызда жүрген, көз алдымызда елге қызмет етіп жүрген азаматтарымызды дер кезінде бағалап, ұлықтай алмаймыз? Алмас – тарихта есімі қалатын тұлға. Оны халық болып ұғынуымыз керек, – деген едім.
Бүгінде, міне, шүкір, сол сөздің шындыққа айналғанын көріп отырмын. Ел болып құрмет көрсетіп, мерейтойын атап өтіп жатқанымыз – соның айғағы. Бұл – тұлғаны көзі тірісінде қадірлей білетін кемел халық екеніміздің белгісі.
Жетпіс жас – даналық пен парасаттың жасы. Алмас Алматовтың бойындағы тектілік, өнерге адалдық, достыққа беріктік – әркімге үлгі болып табылады. Ол жырды байрақ етіп ұстап қана қоймай, оны ғылыммен ұштастырып, келер ұрпаққа аманат етті. Мерейлі тойының кезінде Досыма зор денсаулық, бақ-береке, шығармашылық ғұмырының ұзақ болуын тілеймін. Шәкірттері биіктен көрініп, еңбегі ел игілігіне қызмет ете берсін.
Алмас Алматовтың есімі қазақ өнерінің төрінде мәңгі асқақтап, Сыр мен Қырды жалғаған жыр керуені ешқашан үзілмесін.
Амандық Көмекұлы, Жырау, ҚР Мәдениет қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері, профессор