«Мейірім: шығармашылық және мейірімділік баспалдақтары» атты балалар фестивалі өтеді

МУЗЕЙ
1992

2021 жылдың 17-18 маусым күндері сағ. 10.00-де ҚР Ұлттық музейінде Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында «Мейірім: шығармашылық және мейірімділік баспалдақтары» атты балалар шығармашылығының ІІІ инклюзивті музейлік фестивалі өтеді.

Питер Брейгель. Балалар ойыны

Фестивальдің құрылтайшысы әрі ұйымдастырушысы – Қазақстан Республикасының Ұлттық музейі. Фестивальдің демеушілері – «Nur Otan» партиясының Нұр-Сұлтан қалалық филиалы, «Дар» қайырымдылық қоғамдық қоры.

Фестиваль мақсаты – ерекше білім алуды қажет ететін балалардың шығармашылық әлеуетін арттыру, олардың дарындылығы мен мәдени ерекшелігін дамыта отырып, инклюзивті қоғамда тәуелсіз өмір сүруіне ықпал ету.

Іс-шара дамытушы шеберлік сабақтар үлгісінде өтіп, 7-18 жас аралығындағы ерекше білім алуды қажет ететін 60 бала қатысады.

Фестиваль бағдарламасында «Менің елім – менің Қазақстаным» тақырыбындағы «Шеберлер ғаламшары» музейлік үйірмесінің қатысушыларының шығармашылық жұмыстарының көрмесі және «Киізден сурет: киіз басу», «Сазтерапия», «Тұмар жасау» және «Ермексаздан пейзаж» тақырыбындағы 4 шеберлік сағат болады.

Шеберлік сабақтарда балалар киізден түрлі-түсті картиналар, әдемі тұмарлар, ермексаздан табиғат көріністерін, сондай-ақ, балалар қолөнер шеберлерімен бірге көзе ұршығында (гончарный круг) жұмыс істеп, өздерінің саз құмыраларын жасай алады.

«Сазтерапия» шеберлік сағатын көзеші шебер Азамат Ысқақов пен №65 мектеп-гимназиясының тәрбиешісі Әсел Қайсанова, «Ермексаздан пейзаж» шеберлік сағатын «Қасиетті жол» оңалту орталығының әдіскерлері жүргізеді. Ал «Nur Оtаn» партиясының «Jas Оtan» жастар қанатының және «Adal Volenteer Club» мүшелері фестивальде еріктілер болып жұмыс істейді.

Іс-шарада балалар ақыны Дина Ораз арнайы фестивальге жазған «Мейірім ордасы» өлеңін оқыса, фестивальдің музыкалық бағдарламасында республикалық және халықаралық музыкалық байқаулардың лауреаты, №65 мектеп-гимназиясының оқушысы Валерия Хан және республикалық, қалалық байқаулардың қатысушысы, №1 арнайы мектеп-интернатының оқушысы Данил Платицин ән орындайды. Сондай-ақ, фестивальдің әр қатысушысына арнайы сыйлық сертификаты табысталады.

Фестивальдің бірлескен ұйымдастырушылары: Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің «Шарапат» әлеуметтік қызмет көрсету орталығы, «Солнечный мир», «Spina Bifida», «Особые праздники» қоғамдық қорлары, «Қасиетті жол» және «Erekshe balalar» оңалту орталықтары, «Nasledie» қоғамдық бірлестігі, «Өмірге сен» қоғамдық қайырымдылық қоры және Нұр-Сұлтан қаласының «Мүгедек балалар қоғамы» қоғамдық бірлестігі. 

madeniportal.kz

Шоу-бизнес

Атақты продюсер Баян Мақсатқызы сұхбат барысында өмірінде өткен қиын кезеңдерімен бөлісті, деп хабар...

Жаңалықтар

Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ Ұлттық музыкал...