«Қазақстан Ұлттық Олимпиада комитетінің Бас хатшысы Андрей Крюков ақпан айында өтетін XXIV Қыс...
ЖЫЛҚЫТАНУШЫ ҒАЛЫМДАР ЖЕТІСПЕЙДІ
– Намыс пен тектіліктің, ұлттық сана мен сұлулықтың өлшеміне айналған жылқы түлігін тәуелсіз Қазақстанның бренді ретінде сақтауымыз керек дейді жылқытанушы ғалымдар. Сіздің жылқы шаруашылығын зерттеп, оқулық жазғаныңызды білеміз, жоғарыдағы ұсынысқа қатысты ойыңызды білсек?
– Тегіміз – түркі, түлігіміз – жылқы деп өскен қазақ үшін жылқының орны ерекше. Жылқымінезді қазақтың бренді жылқы болуы заңды. Әрине, ол үшін жылқы шаруашылығына мемлекеттік деңгейде қолдау қажет. Жылқытанушылар қатарын көбейту керек. Бүгінгі жылқытанушы ғалымдар жанына жастарды тартуы тиіс. Біз де бұл салаға осылай келгенбіз. Бірде «Рахат» асылтұқымды жылқы зауытына академик Игор Нечаев іссапармен келді. Зауыттағы асылтұқымды бәйге жылқыларын аса білгір жылқытанушы академикке көрсеттік. Іс-шара аяқталғаннан кейін ат қораларды аралады. Сол кезде шаруашылықта жұмыс істеп жүрген жас мамандарға – бізге: «Бұл жетістікпен тоқтап қалмаңдар, қазақ жылқысын, ат спортын ғылыми жетілдірулерің үшін ғылыммен ұштастырыңдар», – деп кеңес берді. Содан жылқы шаруашылығын зерттеумен айналыса бастадым.
«Жылқы шаруашылығы» пәнінен сабақ берген ұстазым, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты, доцент Гүлнар Сәдуақасқызы мені шақырып алып: «Саған кеңесші болайын, сен мемлекеттік тілде «Ат спорты» атты оқулық жазсаң қалай болады?» – деп ұсыныс жасады. Сол кісінің кеңесінен соң оқулық дүниеге келді. Қазіргі таңда еліміздің аграрлық саладағы барлық жоғары оқу орындарының студенттері осы оқулықпен білімін жетілдіріп жатыр.
– Отандық жылқы шаруашылығының бүгінгі жетістігі мен кемшілігі туралы не айтасыз?
– Жылқы шаруашылығын зерттеуші ғалымдар отандық жылқыларды жетілдіруде қырықтан аса патенттің иегері атанды. 1998 жылы жабы типті қазақ жылқысын таза тұқымды мал өсіру әдісімен іріктеп жетілдіру нәтижесінде ет-сүт бағытындағы «Мұғалжар» жылқы тұқымы шығарылды. Авторлары: Ю.Барминцев, И.Нечаев, Н.Кикебаев, С.Рзабаев, А.Жұмағұл, Г.Бегімбетова және т.б. Сонымен қатар өткен жылдың 21 наурызында қазақ жылқы тұқымын сұрыптауға Қазақ және Ресей елдерінің жылқытанушы ғалымдары бірлесіп, «Способ отбора казахских лошадей жабе для селекционного процесса» атты патент алды. Авторлары: А.Әкімбеков, Д.Баймұқанов, Қ.Исхан, Ю.Юлдашбаев, В.Демин. Қазақ жылқы тұқымдары ішінен көптеген зауыттық аталық іздер шығарылды. Олар: Құлан, Арал, Есполайторы, Есполайжирен, Амандықторы, Үстірткөк пен Қайнарбайкөк, Крепыш, Гром, Самоцвет, Памир, Браслет, Задорно, Хитрец, Ласково, Байкал, Меймана, Неона, Форт, Зонтик, Зов, Асем, Палуанторы, Бау, Бекзат. Бұл – жылқы шаруашылығының бүгінгі жетістігі.
Кемшіліктерге тоқталсам, жылқы шаруашылығы саласын зерттеп-зерделейтін ғалым аз, жоқтың қасы. Қазақстанда тұратын халық 18 миллион болса, жылқытанушы ғалымдар саны отыздан ғана асады, пайызға шаққанда нөлге тең. Жылқыны ғылыми тұрғыда кешенді бағалаудан (бонитировка) өткізіп, жылқы тұқымдарының дамуы мен жетілуін бағалап, мемлекеттік тұқым мал кітабына (МТМК) тіркейтін ғалым мен зоотехник мамандар жетіспейді. Республикалық деңгейдегі жалғыз «Алматы» ипподромы бар. Оның жекеменшік иелігіне өткені дұрыс болмады. Себебі, ипподром Кеңес Одағы кезінде барлық талапқа сәйкес салынған еді. Аталған ипподромда қол жеткізген ат шабыс нәтижесінің қорытындысы әлемдік деңгейдегі рекордқа сәйкес келеді. Алайда ипподром қанша жыл қараусыз қалды. Республикалық Алматы ипподромы – жылқы мәдениетінің орталығы, қала жұртшылығы демалатын орын, ең бастысы таза текті жылқыларды сынайтын, бағалайтын, жетілдіретін әлемдік деңгейге жеткізетін орын. Міне, мұны да мемлекеттік тұрғыдан қарамағаны кемшілік деп ойлаймын.
Отандық жылқы тұқымдарын дамытуға мемлекеттік көмектің төмендігі, мысалы, субсидия (дотация) басқа мал түлігіне қарағанда өте төмен мөлшерде берілетіндігі қынжылтады. Шетелден әкелінген таза текті жылқы тұқымдарын (ағылшын, араб, ақалтеке) елімізде өсіріп, көбейтіп, дамытып, оларды ұлттық ат спорты ойындарына қосып, жетістікке жетіп жатыр. Айтпағым, біздің атбегілеріміз шетелден әкелінген жылқыларды еліміздің табиғатына бейімдеп, халықтық асылдандырудан (селекциядан) өткізіп, «қол тума» бәйге жылқыларын шығарып отыр. Олар ұлттық ат спортының бір түрі – бәйгеде үлкен жетістікке, оң нәтижеге қол жеткізіп жатыр. Мысалы, республикалық 51 шақырымдық «Алтын тұлпар» атты ат бәйгенің екі дүркін жеңімпазы Самал да «қол тума» жылқы. Міне, осы сияқты «қол тума» жылқыларды дамытуға мемлекет тарапынан көмек қажет. Жалғыз «Құлан» бағдарламасының жылқы шаруашылығын дамытуға септігі тиіп жатыр. Соның арқасында жылқы шаруашылықтарындағы жылқы басы артып келеді.
– Жалпы, елімізде қанша жылқы тұқымы кездеседі, соның ішінде қай түрін көбейткен тиімді деп ойлайсыз?
– Дүниежүзінде 250-ге тарта жылқы тұқымы мен тұқымдық топ бар. Қазақстанның кең байтақ даласында жылқының жоғары өнімді 17 тұқымы өсіріледі. Олардың ішінде республикамыздың өзінде шығарылған отандық төрт жылқы тұқымы салт мінілетін-жегілетін қостанай және ет-сүт бағытындағы қазақтың жабы, көшім, мұғалжар жылқы тұқымдары өсіріледі. Өнімді бағытта қазақтың жабы, көшім, мұғалжар жылқыларын көбейткен дұрыс. Ал ат спорты бағытында зауыттық тұқымдарды – мініс (таза қанды салт міністі, араб, ақалтеке), салт мінілетін-жегілетін қостанай жылқы тұқымы, адай тұқымдық тұрпатын және халық селекциясы арқылы шығып жатқан «қол тума» бәйге жылқыларын көбейткен тиімді деп ойлаймын.
– Жастардың жылқытану саласына, атбегілікке қызығушылығын арттыру үшін қандай мәселені қолға алған жөн?
– Жылқы шаруашылығы салаларының негізгі даму бағыттарын, тұқымдары мен типтерін, сырт тұлғасы мен конституциясын, өнімдерінің негізгі түрлері мен көрсеткіштерін, ұдайы өсіру әдістерін және селекциялық – асылдандыру жұмыстарын, жылқыларды өсіру технологиясын, Отанымыз бен шет елдердегі жылқы шаруашылығынан алынатын өнімдерді және тұқымдарын насихаттау арқылы жастардың қызығушылығын арттыруға болады. Насихаттауды fаcebook, instagram және т.б. әлеуметтік желілер арқылы жүргізген тиімдірек. Қазір «Қазақ атбегілері», «Атбегілер», «Шығыс атбегілері» және т.б. топтарға WhatsApp желісінен көптеген жас тіркелген. Демек, жастардың жылқыға қызығушылығы артып келеді.
– Ұлттық сусынымыз – қымызға шетел тарапынан да сұраныс жоғары. Өзіміздің ішкі нарықты толық қамтамасыз етуге жылқы зауыттарының қауқары жетіп тұр ма?
– Бие сүтінің сапалысы сүтті жылқы тұқымдары өсірілетін географиялық аймаққа, ондағы жайылым жағдайы сияқты факторларға байланысты. Енді бір ерекшелігі – биелерді 8 ай саууға болады, сонда бие басынан 1500-2000 литрге дейін сүт алынады. Қазақы жылқы басқа жылқыларға қарағанда, өзіне тән ерекшелігімен құнды. Өйткені жылқының бұл тұқымы жыл бойы жайылымда тебіндеп жайылуға бейімделген және ірілігімен, сүттілігімен бағаланады. Биелері тәулігіне орташа есеппен 10-15 литр, ал ең үздіктері құлынының емген сүтімен есептегенде, 21 литрге дейін сүт береді. Демек, ұлттық сусынымыз – қымыздың ішкі нарықты толық қамтамасыз етуге қауқары жетіп тұр.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан Эльмира ЖАҚСЫБАЙҚЫЗЫ
www.aikyn.kz