Қазақстан Республикасы Президентінің атынан мерекелік даталар мен оқиғаларға байланысты салтанатты...
Музей қорындағы ақын мұралары
Ақмола облыстық Әдебиет және өнер музейінің қорында өмірден ерте кетсе де, соңында мол әдеби мұра қалдырған, мөлдір жырларымен жыр сүйер қауымның жүрегінен орын алған ақын, журналист, аудармашы, сазгер Марфуға Бектемірованың жеке заттары сақталған. Музейге Марфуға Бектемірованың жеке заттары мен кітаптарын ақынның жары, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, жазушы, ақын Есенгелді Сүйінов тапсырды.
Марфуға Бектемірова 1958 жылы 26 қыркүйекте Көкшетау облысындағы Еңбекшілдер ауданының Прогресс (ескі Макинка) ауылында дүниеге келген. Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітірген. Уәлиханов, Зеренді аудандық және облыстық «Көкшетау правдасы» газеттерінде, Қостанай облыстық радиосында тілші болған. Қостанай облыстық әкімшілігінің ішкі саясат бөлімінде қазақ тілі, ономастика, ұлт саясаты және көшіқон жөніндегі жауапты маман болып қызмет атқарған, республикалық «Ана тілі» газетінің осы обылыс бойынша меншікті тілшісі, Қазақстан Жазушылар одағы Қостанай облыстық филиалының директоры, «Есіл» қоғамдық саяси газетінің Бас редакторы болып қызмет етті. Ақын республикалық «Жігер» фестивалінің лауреаты, Абайдың 150 жылдығына арналған жыр мүшәйрасының, Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі, «Қазақмыс» корпорациясы ұйымдастырған «Отанымыздың Тәуелсіздігіне тарту» тақырыбында өткен байқаудың жүлдегері. Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінің «Мәдениет қайраткері» белгісімен, «Астанаға 10 жыл» мерекелік медалімен марапатталған. Қостанай облысы әкімінің арнайы сыйлығының лауреаты. Ақын 2013 жылы дүниеден озды.
Көкшетау көркіңе көз тоймаған,
Сен жайлы жазамын деп жүз ойланам.
Жүрсем де күнде көріп келбетіңді,
Сұлулыққа құмартам, қайран қалам,-деп жырлаған айтулы ақын табиғаты көркем қасиетті Көкшеде өмірге келіп, балалық шағы көрікті Бурабайдың баурайында өткен. Мектеп қабырғасында жүргенде ақ « Аққуым менің, қайдасың?» деген өлеңімен оқырман қауымды елеңдеткен Марфуға жасынан поэзияға ғашық болып, өлең өлкесіне ерте қадам басты. Алдымен аудандық, кейін облыстық, республикалық газеттерде назды нақыштарға, жүрек тебірентерлік сырлы лирикаға толы жырлары жарияланып, оқырмандарға танылды. Марфуға Бектемірова шығармашылығының танымал болып жарқыраған шағы еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін болды. Ақынның «Жанары жәудір дүние», «Айдыным менің», «Ғашық жүрек», «Еңлікгүл», «Менің Атлантидам», «Аққуым менің, қайдасың?» деген жыр жинақтары жарық көрді. Марфуға Бектемірованың аудармашы ақын ретінде орыстың атақты ақын қызы Анна Ахматованың өлеңдерін өте сәтті аударып, оны « Жыр жауһар» сериясымен кітап етіп шығарғанын айтпай кетуге болмас. Оның редакторлығымен Марина Цветаева, Сергей Есенин сияқты орыс ақындарымен қоса шетел ақындарының кітаптары баспадан жарық көрді. Марфуға Бектемірова өнер сүйер оқырман қауымға сазгер ретінде де танымал болды. Сазгердің 20- ға жуық әндері бар.
Марфуға Бектемірова – әйел ақын, ана ақын. Жүрегі нәзік әйел адамға ақын болу оңай емес. Аналық парызы бала тәрбисі, үй шаруасын атқара жүріп ақын қолынан қасиетті қаламын тастамады. Бұл туралы өзінің өлеңінде «Бір қолымда бөбегім, бір қолымда өлеңім» деп жырлайды.
Марфуға Бектемірованың өмірдегі жамандық пен жақсылықты, ғашықтық пен махабатты, тіл тағдыры, Еліміздің тәуелсіздігі жайлы жырлайтын жүрек тебірентер өлеңдері ел жүрегінен орын алған. 2022 жылы Астанада көрнекті ақын, аудармашы, Қазақстанның мәдениет қайраткері Марфуға Бектемірова тұрған үйге мемориалдық тақта орнатылды. Өлеңді өмірім деп еншілеп, поэзия атты өнердің көгінде шыңдалған Марфуға Бектемірова есімі еш ұмытылмайды.
Әдебиет және өнер музейі қорындағы Марфуға Бектемированың жеке заттары мен шығармалары сақтаулы.
Ақын Марфуға Бектемірованың көк велюр матасынан тігілген үш бөліктен тұратын костюмі. Бір түймелі, жеңі ұзын велюр бұралмалы жағасы бар пиджак.Жағасының бір жағында тығыз матадан жасыл түсті кестесі бар. Түсі хамелеон тәрізді өзгеріп тұрады. Астары жібек. Қос етекті. Юбкасы көк және хамелеон түстес жасыл. Костюм Польшаның «PandV» фирмасының өнімі. Бұл костюмді ақын Көкшетау қаласындағы Ш. Құсайынов атындағы қазақ драма театрында өткен өзінің 50 жылдық мерейтойына киген.
Марфуға Бектемірованың «Аққуым менің, қайдасың?» өлеңдер жинағы. Көл бетінде жүзген аққу бейнеленген көк және қызыл түсті мұқабасы бар кітап. Таралымы 2000, 80 бет.Алматы, «РИИК Азия», ЖШС «Классика»
2006. Кітапқа ақын, журналист, қоғам қайраткері Марфуға Бектемірованың (1958-2013) өлеңдері енген.
Материал: офсеттік қағаз, картон.
Марфуға Бектемірованың «Тобылғы түн» өлеңдер жинағы. Бұл жинаққа ақынның өлендері, поэмалары кірген. Алматы, «Қазығұрт» баспасы, 2011-384 б. Қатты мұқабалы кітап.
Материал: офсеттік қағаз, картон.
Марфуға Бектемірованың «Белый парус мечты» өлеңдер жинағы. Авторлық аудармасы Әбдірахман Досов. Мәскеу, «Либерея-Бибинформ» баспасы, 2007. Қатты мұқабалы кітап. Мұқабасы қызыл түсті. Кітапта туған жер, риясыз махаббат, адамдар арасындағы қарым-қатынас туралы орыс тіліне аударылған өлеңдер бар.
Материал: офсеттік қағаз, картон.
Кітап Марфуға Бектемірованың «Еңлікгүл» өлеңдер жинағы. Алматы, «Жазушы» -2001 ж. Таралымы 1000. 136 бет. Жинақ жұмсақ мұқабалы, мұқабасы көгілдір түсті, жоғарғы жағында Марфуға Бектемірова, «Еңлікгүл» деген жазу, ортасында ағаштар ұшқан құстың суреті бейнеленген. Жинаққа ақын М.Бектемірованың Көкшетау мен Қостанай табиғаты туралы өлеңдері енген.
Материал: офсеттік қағаз.
Орыс ақыны Анна Ахматова өлеңдерінің қазақ тіліндегі Марфуға Бектемірованың тұңғыш аудармасы. Қатты мұқабалы жинақ. Жиегінде Анна Ахматова деген жазу бар. Мұқабасы жасыл түсті. Ортасында ақын Анна Ахматованың бейнесі, екі шетіне орыс нақышындағы өрнектер келтірілген. Жоғарыда «Жыр жауһар» деген жазу бар.
Материал: офсеттік қағаз.
Сабитова Гүлзайра
Ақмола облысы, Көкшетау қаласы,
Әдебиет және өнер музейінің ғылымыи қызметкері