XIX ғасырдың басындағы халықтың қоғами және рухани өмірінде дәстүрлі музыка өнері одан әрі жалғасын...
Күйші Оразбек Сәрсенұлының балаларға өсиетнамасы
Қызылқұм күй мектебінің көрнекті өкілі, даңқты күйші Оразбек Сәрсенұлы аз ғана ғұмыр кешсе де, қазақ жұртына қалдырған рухани мұрасы мол. Күйшінің кенже қызы Күлайна Оразбекқызы марқұмның соңында қалған мұраларын жинап, елге ұсынуда барынша еңбектеніп жүр. Атақты күйшінің қайтыс болар алдында жазып қалдырған өсиеті – тек өз балаларына ғана емес, жаңа өмірге қадам басқан барша қазақ баласы үшін де берері мол, айтары көп бағдаршам спетті. Мәдениет порталы ұжымы марқұмның өсиетнамасын толығымен жариялауды жөн көрді.
ОРЫНБЕККЕ АРНАЙМЫН
Шырын шәрбат, шекер-бал, бауыр етімнен жаралған балапан балаларым:
Орынбек, Шахзада, Мейірбек, Күлзайна, Жандарбек, Батпа, Нұрсұлу, Тұрлыбек және Күләйнә, шырақтарым!
Мен сары кесел деген сырқатпен қатты ауырып, Жетісай больницасында жатырмын. Жазылып кетем деп те айта алмаймын, жазылмай кетемін деп те айта алмаймын. Әйтеуір, жаратушының өзі біледі. Жерден шымалай шымшығандай болып өсірген төрелерім, сендердің алдарыңда қалбаңдап тірі жүргенімде сендерге берер тәрбием, айтар өсиетім көп еді. Бәріңді де қатарыңнан кем қылмай, артық етіп өсіріп, ұлдарымды ұяға, қыздарымды құтты жерге қолымнан қондырсам, ешқандай арман бола қоймас еді. Алла деп аңырап жатырмын. Жаратушы жанның хақ құлымына салып рақым етсе, жазылып кетуім де мүмкін, кім біледі?! Әлі ешкімнің алдына ешкім шыққан жоқ қой.
Дегенде демнің таусылуы осыған байланысты болса, оған да ешқандай амал жоқ. Ажалға о заман, бұ заманда ара тұрған ешкім болмаған. Егер де осы дерттен олай-бұлай болып кетсем, Орынбекжан шырағым, менің орнымды басасың. «Он бесте отау иесі» деген біздің қазақ. Шүкір, 15 емес 18-ге келдің. Оң қолың қайсы, сол қолың қайсы, танып қалдың. Аз да болса әкеңнің бірталай өсиет сөздерін есіттің. Мен әкем Сәрсеннен он жасымда қалғанмын. «Олай бол, бұлай бол» деген әке сөзін естіп, мәнісін білмедім. Әкем дүниеден өтердің алдында 1933-1934 жылдары ашаршылық болған. Аталық мейірімін салып отырып, ақыл айтуға үлгірмеді. Біздерді қайтіп асыраймын деп, Қызылқұмның құлазыған елсіз жерінде екі қақпанды иығына салып арқалап, киік ұстаған. Аң етімен бізді асырап, 1935 жылы елде тойыншылық болғанда, қазіргі Шымқорған мал совхозының арғы жағында Алтықұдық деген жер бар.
Сол Алтықұдыққа түсіп өлді. Ал, енді сен олай емес, қазір 10-шы класты бітірейін деп отырсың. Үстіңде киім бүтін. Тамағың тоқ. Электрі жарқыраған ақ тамың бар. Тұрмысың да болса біреуден ілгері, біреуден кейін, жаман емес. Дүниеден армансыз өткен пенде жоқ. Біз де соның біріміз. Қанекей, сендердің балаларыңды оң тіземе отырғызып, төбесінен иіскесем ғой, шіркін. Бәрің үлкенді-кішілі мені қаумалап отырғандарыңда аталық мейірімімді сендерге салып, ақылымды айтып отырсам, ай жарылқап, күн туар еді.
Шырағым Орынбекжан, мен осы сөздерді күн сайын емес, сағат сайын нашарлап бара жатқан соң жазып, саған өсиет етіп қалдырмақшы болдым. Бірақ, не пайда?! Қам сүт емген пендеміз де, осы сөздерді сәл уақыт өткізіп алып жазып отырмын. Ақыл бұрынғыдай толық болмай қалды. Бас айналып, көз бұлдырай береді. Далаға шығып келудің өзі де әжептеуір күш болып қалды. Ең болмаса сені қолыммен үйлендіріп, немеремді алдыма алып еркелетіп, былдырлаған тілдерін өз құлағыммен естісем, бірде «ата, конфет бер», бірде «нан бер» деп артымнан еріп жүрсе, жарылмаған жүрек орнында тұрар ма еді?..
Нәресте сәбилердің тілдері не деген шырын десеңші.
Есіңде ме, сені алдыма алып «ИЖ-49» мотоциклімен түскен сурет? Сонда сен Тұрлыбектің жасында едің. Шәкен Күләйнадай. Бұл 1954 жылдары. Осы жылдары құмда Байсақал деген жерде 7 жылдық мектепке директор болып істеп, көшіп барғанымызда сен ойнап жүріп бір тасбақаны көріп, үйге жүгіріп келіп:
– Көке, ана жерде кішкентай машина жүр, – деп мені тасбақаға сүйреп барғаның естен шыға ма?!
Шахзаданың да қылықтары былдырықтап жас кезінде сөйлегенде суды «мөөө» деп сұрайтындығы, Мейірбек, Күлзайнаның түн жарымында «күлше» деп жылайтындары қазір құлағыма бір келсе деп жатырмын.
Қазіргі сөзге түсінуге жарап қалған шырақтарым; Орынбек, Шахзада, Мейірбек, Күлзайна сендерге айтарым, ананың айтқан ақылын бұлжытпай орындау керек. Сендерді қызыл-шақалақ күндеріңнен бастап шекелеріңе күн тигізбей, құлақтарыңнан тартқандай болып өсірген ата есейгенде жаман болып, қатарыңнан кем болсын дей ме. Әрине, жақсы адамдардың сөздерін тыңдап, қылығын үйрен. Жаман адамдардың қылығынан жирен. Келешегі бар жақсы іске ұмтыл. Келешегі жоқ нәрсені қызық көрме. Сендерге айтар өсиетімнің ең алды, денсаулық. Денсаулықты сақтай білу керек. Қайбір іс арманына әке-шешеңнен де бұрын жеткеретін нәрсе – осы денсаулық. Әке менен шешенің ақ сүт, борышын ақтайтын да денсаулық. Ауырып, жарамсыз халде болсаң, өзіңнің ең жақын адамдарың да жырақтай бастайды. Дүниенің төрт бұрышын шарқ ұрып аралататын да денсаулық.
Адам өте албырт қой. Басы аурырып, балтыры сыздамаса саулық қадірін білмейді. Міне, көрдің бе, мен өзім де басыма қауіпті ауру төнгенде ғана біліп отырмын.
Екінші айтар өсиет – көрінген нәрсеге қызығып, арзымайтын нәрсеге ұмтыла бермеңдер. Мұның арты абыройсыз іске соқтырады. Қайбір іс кездессе де ұстамдылық керек. Жан-жақты байқау керек.
Денсаулықты сақтаудың мынандай шарттары бар. Асыра тойып ас жемеу керек. Көлденең іс кездесіп өте ысынып, иә болмаса өте салқындату дұрыс емес. Асты артық ішу де жарамсыз іс. Айта берсек, өте көп. Тағы да бір насихат, өз қатарларыңның істе, оқуда алды болып жүрген жағдайда көреалмаушылық жасап, бірге жүрген жолдастарыңның өзі астыртын дұшпандық жасауы мүмкін. Мұны да есте сақта. Өз қатарларыңның алды болып жүру, басқаларға қызғаныш тудырады.
Жаңа шыққан мода мен жаңа шыққан киімге де қызығу дұрыс емес. Асыра келте және тар киіммен ешкім мақсатқа жетпейді. Бейшараның балалары көрінген нәрсеге қызығып, тар киім киіп қызықпайды. Қайда жүрсең бір қалыпты киінген адамды ел мақтан етеді. Ел мақтан етсе, абыройың көп жерге жетеді. Басқа біреудің қылған ісін, айтқан сөзін естіп, «пәленше өйтіпті ғой, бүйтіпті ғой» деген дұрыс емес.
Еш уақытта біреуді өзіңе үлгі етпе. Қайбір істе болсаң да адал жүріп, адал тұрсаң біреу сені үлгі тұтады. Абайдың айтқан сөзі бар
Пәленшедей болу қайда деп,
Айтпа ғылым сүйсеңіз! – дейді.
Ғылым сүйіп, ілімді өте жақсы меңгерсең, ойлаған мақсатыңа толық жетесің.
Осындай ақылдың бәрін біліді екен, «Көкемнің өзі неге шегіне жетіп оқымады екен» деп ойларсың. Біз 10-класты бітірердің қарсаңында 1941 жылы Герман соғысы басталып, балапан басымен, тұрымтай тұсымен болып кетті. Соғыс бір жыл емес 5 жыл болды. Соғыс біткеннен кейін де ел көп уақыт есін жинай алмады. Мұның үстіне үйленіп, ауылдағы мұғалімгершіліктен шыға алмай қалдық қой, шырақтарым. Уақыт өткен сайын сендерді көріп қатарыңнан кем қылмай, ашықтырмайын, тарықтырмайын деп жүріп, саулықты бұзып, ендігі жағдай мынау болып отыр ғой...
Менің сендердей кезімде жол көрсетіп, ақыл айтып, тәрбие беретін адамым болмады. Әке ерте өлді. Шеше көп жылдар бойына сырқат болды. Менің қысқаша өмірім осылай өткен. Сонда да болса біреуден ілгері біреуден кейін дәулет бітіп, сендерді енді дәрежеге жеткеріп, қызығын көрем бе дегенде мына дертке кездестім.
Шырақтарым, сендерге кішкене есім бар кезінде білген, ойыма түскен ақылымды айтып қалайын деп осы қағазды алып, бетін шатпақтадым.
Тағы да бір айтатын өсйетім – ашудың арты – опық. Лажы болса қайбір іс болсын, ашу шақыру дұрыс емес. Ашу болатын жағдай болғанда да ұстамдық жасап жайбарақат сол істі шешуге болады. Ашу – адамның өмірін жою деген сөз.
Жердің шегесі шым,
Сөздің шегесі шын. Осы сөздердің де мағынасын ұғыну керек. Басыңа қатер төніп, аса қиыншылық жағдай болмаса, өмірде өтірік айтпау керек. Өмір – теңіз. Адам бір тамшы су. Әлем дүние ұзақ жасап келеді. Адам соның бойында көз ашып жұмғанға дейінгі жылт еткен ұшқынға тең. Жарық дүние мыңдаған жылдар бойы, адам 60-70 жыл ғана орташа өмір жасайды. Осы аз ғана өмірді қор қылмай, қатардан кем етпей өткеру керек.
Өтірік сөз ешуақта өрге баспайды. Ақыры анығына келеді. Өтірік, иә, біреудің сыртынан ғайбат сөз айтсаң немесе өсек айтсаң, мұның бәрі өзіңе қарсы әңгіме болып көтеріледі.Тіпті, біреуді жамандаған сөзіңді қара жердің өзі де айтып баруы мүмкін.
Онан соң адамды қатарынан кем етіп, өмірін жоятын – ішкілік. Бұл ішімдік деген нәрсені көп ішіп,иә болмаса «қанша ішкенмен мас болмаймын» деп алған бәйге жоқ. Мұның соңына көп түскен адам өз өмірін, не басқа біреудің өмірін жоюға себепші болады. Адамгершіліктен айырылады. Алған жарымен ажырасып, өз семьясын бұзуға дейін барады. «Қазіргі жағдайда, кейбір жерде ішпеуге де болмайды» дейді көпшілік. Дұрыс, солай-ақ болсын. Сонда да адам өзін өзі ұстауға болады .
Қысқасы, денім сау болсын, өмірім, бақытым қатарымнан артық тұрмысым жақсы болсын деген адам ішімдік ішпейді, шылым тартпайды.
Ендігі әңгіме туысқан, туған жайында . Бұрынғылар айтқан: құс қанатымен ұшып, құйрығымен қонады деп. Сондай-ақ
Жақсы болса туысқан
Жәннаттағы елмен тең.
Жаман болса туысқан
Қазып қойған көрмен тең (өз ойымнан).
Бірге туысқан адамның тірлікте бірін-бірі жамандауы, бұл жалғандағы ең жаман нәрсе сол. Сен жақыныңды қанша жамандағанмен ешкім де жақсы жақынын саған бермейді. Қолыңнан келсе өзіңді жамандама, жамандасаң жатқа қор боласың. Жаңылыспайтын жақ, сүрінбейтін тұяқ болмайды. Жаңылысты, жаңылды деп туысыңды көрінгенге даттай берсең, сол айтып тұрған адамыңның өзі де ішінен сені жек көріп тұрады. Осыны өте есіңе тұт.
Азынаулақ жазған осы сөздерді мен тұрмыстан, өмірден көріп айтып отырмын. Менің өз туысқан ағам бар. Егер менің аяғым сәл тайып немесе бір жағдайларда жазып, иә, шағылып қалсам, құдай берді. Жүрген жеріне айқай сап жамандап жүргені. Көп ұзамай «ағаң айтты ғой» деген сөзді естисің. Сонан соң басыңды шайқап, іштей өкінесің. Мұның арты бірі біріне алакөз болып, берекең кетеді. Мейірім шапағат жоғалады.
Жақсы ағайынды жәннаттағы елмен тең дедік. Басыңа іс түсіп, балтырың сыздаса, қасыңнан кетпей, ауыртпалығын өзіңмен бірдей көтереді. Ұрыссаң да ұстасып отырады. Үлкенді аға деп, кішіні іні деп сыйласады. Жақсы ісіңді ел ішіне мақтан етіп асырады. Жаман ісіңді шұқырға тығып жасырысады.
Біздің жақындарымыз бытырап, бір жерде болмай, қонысы шалғай болып отыр. Құдайдан соңғы жақындармыз Байырқұмда – Тәжібек, Қожтай, Байырбек –Қайырбек, Иман, Жасұзақ.
Не пайда? Мен осылай ауырып жатқанда біреуі келіп, «Қалайсың?» деп айта алмады. Монтайдағы Тұрғашбек, Бектұрсындар да келе алмады ғой. Амал нешік?
Орынбек шырағым! Жекжаттың да жанашыры бар. Көрдің бе, Әуелбек, Керімкүлдерді? Әке мен шешеден артық ыстыққа күйіп, суыққа тоңып жүр. Кейбір жекжат бар, егер қатты ауру екеніңді естісе де келмейді. Әрбірден соң ішінен «Өлген соң бір-ақ барамыз да» деп те ойлайды. Осы сөздерді жазғанда есім кейде дұрыс болады, кейде басым гуілдеп ештеңе сезбей кетеді.
Қатесін түзетіп оқырсың. Саған тағы да бір ескертіп кететін нәрсе – адам баласы 15-16 жасынан 25 жасқа дейінгі аралықта албырт, не болса соған ұрына беретін болады. Соның кесірінен өмірінде түзелмейтін қыңыр да, қисық та болуы әдет боп қалуы мүмкін. Шырағым, осыған ұрынып қалма, өзіңнен соңғы інілеріңе дұрыс тәрбиленуіне көмектес. Менің дертім күн сайын емес, сағат сайын зорайып барады.
Саған тағы бір тапсыратын өсиетім – шырағым, көшеде кездескен иә, басқа жерде оңай махаббаттың, уақытша ойнап-күлетін жолға түспе. Мұндай іс адам өмірінің орағы. Бірінші өз басыңа, өміріңе қауіпті. Екінші, перзентіңнің өсіп-өнуіне, үшінші бағыңа, төртінші дәулетіңе және адамгершілігіңе зиян. Барып тұрған қауіпті жол. Осыған мықты бол, Орынбегім. Інілерің мен қарындастарыңа да үйрет, көкеңнің осы ақылдарын. Саған көп өсиет сөздерді денсаулықтың барында, өз дауысыммен сөйлеп, магнитафонға бастырып қоям деуші едім. Соған сәл жете алмай қалдым ғой.
Енді қарағым мен олай-бұлай боп жүрсем, құры жылап-сықтай бермей, өзіңе өзің берік, мықты бол. Әркімнің ісіне бір еліктеп, желіге бермей, бірқалыпты жүр. Жақсыдан ғана үлгі ал. Қай істі баянды, тыңғылықты істе. Бір істі бастаудан бұрын соған толық қабілетің, шамаңның келетінін алдын-ала болжап ал.
Сонан соң бір мамандық істің басын ұста. Ол үшін соның оқуына түсіп, толық документін алу керек. Қашан сондай тыңғылықты, тұрақты істі меңгеріп, өзіңе-өзің келіп алғанша, осы отырған жайыңнан қозғалма. Бір жағы Сүйіндік тағаңмен де ойласып іс істе. Оқуға түсуіңе де жәрдем етеді. Мейірбек, Жандарбектердің де келешек оқуын көзде. Әуелбек пен Керімкүл апаңнан айырылма. Жақындарымыз Рахымберді, Сапар және Амангелділермен, алыстағы Қожтай, Сапарғали, Байырбек, Иман және Қайырбек, Бектұрсын, Тұрғанбек, Зиябек және Сақыбектермен сұрасып, сыйласып жүр. Ержетіп есейген соң «Әкеміз Оразбек осылай айтып, қағазға жазып кетіп еді» деп қолың тиіп, уақытың болса аралап барып келіп тұр.
Айналып кетейін төрелерім, биыл сендерді бір аралатып, ағайындармен таныстырам деп жүр едім. Не пайда, аяғы мынау болды ғой.
Бауыр еттен жаралған балапандарым:
- Орынбек
- Шаһзада
- Мейірбек
- Күлзәйнә
- Жандарбек
- Батпа-ботам
- Тұрлыбек
- Нұрсұлу
- Күлайна қарақтарым!
Сендерді бір құшақтап беттеріңнен сүймей-ақ, дүние салып кетем бе, қайдам?.. Олай-бұлай болып кетсем, сендерді өсірген адал еңбек, әкелік борышыма, ақ сүтіме ризамын. Сендер де риза болыңдар, балапандарым.
Құдай бақтарыңды ашып, қатарларыңнан кем болмаңдар.
Құдай сендердің сәл қабырғаларың қатып, буындарың бекігенде алмады ғой. Ешқайсыңның нандарыңды жеп рахатарынды көре алмадым. Құдайдан арманым осы.
Сендерден туған немерелерімді оң тіземе отырғызып, төбесінен иіскей алмадым. Солардың былдырықтаған тілін есіте алмадым.
Қайыр-қош, қарақтарым!
Қайыр-қош, жарық дүние!
Ортайжан, бұл тетрадьты жоғалтпа.
Үйде сандықта сақтаулы тұрсын!
1969 жыл. Январь-февраль айлары.
Сәрсенұлы Оразбек
Оразбек Сәрсенұлы туралы қысқаша мәлімет:
Қазақстанның оңтүстік өңіріндегі Жиделібайсын, Қызылқұм күй мектебінің көрнекті өкілі Оразбек Сәрсенұлы аз ғұмырында артында өшпестей із қалдырған, өзіндік шеберлігімен, ешкімге ұқсамайтын үрдісті қалыптастыра білген күйші, күйші-композитор. Оның таспаға түскен шығармалары жастарға үлгі-өнеге, әлі де зерттеуді, зерделеуді талап ететін күй мұрасы. Ал, Оразбек Сәрсенұлының белгісіз, таспаға түспеген күйлері қаншама! Ол туындылар да тыңдарманын табады деген үміттеміз.
Айтулы күйші 1923 жылы 17 қазанда қазіргі Түркістан облысы Арыс ауданындағы Байырқұм елді мекенінде дүниеге келген. Жастайынан алғыр, өжет, сонымен қатар, ерке болып өседі. Мектеп табалдырығын аттаған күннен бастап, өзінің білімге деген құштарлығымен, өнерге деген ерке-қайсар мінезімен, табандылығымен ерекше көзге түседі. Ол парталас достарынан оза шауып, тоғызыншы сыныпты небәрі 5 жылда тәмамдап, әріптестерінің алды болады.
Одан соң Түркістандағы педагогикалық колледжге оқуға түсіп, педагог мамандығын алып шығады. Қаршадай бала еңбек жолын Байсақал ауылындағы мектепке мұғалімдіктен бастайды. Оразбек өзінің іскерлігі мен ұйымдастырушылық қабілетінің арқасында, бір жылдан соң осы мектептің директоры болып тағайындалады. Үйленеді. Тоғыз ұл-қыздың әкесі атанады. Балаларының болашағын ойлаған әке сауда жұмысына ауысып, өмірінің соңына дейін сол салада еңбек етеді.
Оразбек Сәрсенұлы «сегіз қырлы, бір сырлы» азамат еді. 1967-68 жылдары Өзбекстан телевидениесінің бірінші арнасынан берілетін «Замандас» музыкалық бағдарламасына арнайы шақырылып, өзінің 7 күйін таспаға жаздырып үлгерді. Мыңдаған көрермен жаңа сарындағы күйлерді ыстық ықыласпен қабылдайды.
Сол күннен бастап, оның шығармалары Өзбекстан мен Қазақстанның радио желісінен үнемі беріліп тұрады. Мерекелік концерттік бағдарламлардан түспейді. «Замандас» бағдарламаның жүргізушісі Мырсыдық Ұстабабаев өз сөзінде: «Оразбектің күйлері мен өлеңдері тамаша. Қайсысын алсаң да сырлы мұңға, өсиетке, жер мен елге деген сағынышқа толы. Ол өмір сүруге құштар, әрбір бақытты сәтті бағалай да, қастерлей де білетін азамат-ты. Үнемі асығып жүретіні өмірден ерте өтетінін білген де болар», – деп айтқан еді.
Әттең...
Оразбек Сәрсенұлы ұзын бойлы, атжақты, жүзі мейірімді, кішпейіл, кең пейілді кісі болған. Қайда барса да қолынан домбырасын тастамаған. Ол көптеген шәкірт тәрбиеледі. Қаншама жасқа ұлттық өнеріміз – домбыра сазын, күй құдіретін үйретумен, насхаттаумен келді. Атақты күйші сондай-ақ жетім-жесірлерге қол ұшын беріп, көмектесуден шаршамайтын. Жас өнерпаздардың өнері оның қуанышы, ал өз балалары бақыты еді...
Оңтүстік күй мектебінің белді өкілі Оразбек Сәрсенұлы көзі тірісінде балаларына ән айтқызып, домбыра тартқызып, өнерге баулыған. Күйші-сазгердің жүрген жері ән-күйге, мереке-салтанатқа толы болған. Ал, перзенттері әке жолын қуып, өнер саласында еңбек етпесе де, домбыра тартып, ән айтады. Өмірден өз орындарын тапқан жандар.
Тағы бір айта кетері, Оразбектің аңшылық өнері. Ауыл-аймақ соғыстан ес жиып үлгермеген кезде ол бос уақытында серілік құрып, аң аулаумен де шұғылданған. Олжалы күндері атып алған қоян, қырғауыл, түлкілерін елге таратып беріп отырған.
Күй өнерінің қас шебері 1969 жылы ауыр науқастан, небәрі 46 жасында қайтыс болады. Сол жылы көктем де кеш шығады. 7 мамыр күні таңертең балаларын шақырып: «Домбырамды, жан серігімді беріңдерші?», – деп өзінің «Қызылқұм» күйін, қайта-қайта орындайды.
Одан соң: – Осы салалы саусақтар да бір күні топырақта шіриді-ау! – деп қатты күрсінеді. Бұл сөздердерге ешкім мән бермейді. Арада екі күн өткен соң даңықты күйші, сүйікті әке мына ғажайып өмірді қимай, балаларының көз алдында өмірден өтеді...