Атадан балаға, ұрпақтан-ұрпаққа мирас болып келе жатқан сезімге толы, айшықты да сұлу өрілген сөздер...
Оразбек Сәрсенұлының туғанына 100 жыл: «Оңтүстік ән-күй, терме мектебі»
Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында «Дәстүрлі музыкалық өнер» кафедрасының ұйымдастыруымен оңтүстік өңірдің музыкалық мұрасын зерттеу, жинақтау және Оразбек Сәрсенұлының туғанына 100 толуына орай дөңгелек үстел өтті. Жазушы-драматург, ҚР мемлекеттік сыйлықтың иегері Дулат Исабеков сөз сөйлеп, ұйымдастырушыларға алғыс білдірді. ҚР еңбек сіңірген қайраткері Ермұрат Үсенов пікір білдірді. Осы жиында оңтүстік өңірдің өнері жайлы Жақып Спатаев мағлұмат берді.
Қазақтың дәстүрлі өнері - өңірлік, аймақтық болып бөлінетіні бәріңізге белгілі. Біз сөз еткелі отырған оңтүстік өңірінде ән-терме, күй орындау стилдік ерекшелігі бар мектеп деп айтуға толық негіз бар. Мәселен, Майлықожа, Құлыншақ, Мәделі, Молда Мұса, Қызыл жыршы, Шәді ақын, Ергөбек сынды ақын жыршы жыраулар үлгісін бізге жеткізген Өсер жыршы, Құлжабай ақын, Ысқақ Құлыншақұлы, Көпбай Омаров, Көпбай Әлімбетов, Молда Мұса Жұманазаров, Қайыпназар Әйтпенов, Құтбай Дүрбаев ақын жыршылар болса, бұлардан бізге жеткізуші Сәбит Оразбаев, Камал Ендібаев, Ергеш Жұмабаев, Оразқожа Бекахметов, Мұхтар Өтебаев, Ташман Шекеров,халық әндерін жеткізуші Райымқұл Темірбаев Сапаралы Серікбаев Ілесбек Аманов атай берсек өте көп өнерпаздар болғандығы жайлы мағлұмат жинадық.
Кім қай мақаммен орындап кімнің үлгісін алғандығы жайлы бізде мағлұмат бар. «Терме сазы», «Нартай сазы», «Оңтүстік 100 термесі», «Оңтүстік 100 әні», «Оңтүстік 100 күйі», «Сырлы сырнай мұрасы», «Оңтүстік ән әуендері» атты еңбектерде біршама қамтып отырмыз.
Күй өнерін Әлшекей, Сүгір, Ақбала күйші, Әйкен, Оразбек Сәрсенов, Ақбала күйші шәкірті Шағдар Ақылбеков, Рахат күйші, Әйкен күйші, Қабыл, Дабыл күйшілер күйлерін бізге жеткізушілер Құтбай Дүрбаев, Қайыпназар Әйтпенов болса, одан бері Бөрі Иса, Аралбай Қожабаев, Марат Анашов,Батырхан Рыспанбетов т.б өнерпаздар арқылы бізге жетіп отыр. Бұл өңірдің терме жыр сарындары қобыз үнімен үндесіп байыппен салмақты орындалып, сұқ саусақпен іліп шертіліп орындалады. Біз осы өңірден жинақтаған халық әндерімізде, күйлерімізде осы сарынмен үндесіп тұрғандай.
2009 жылы осы өңірдің өнер жанашырларымен, ғалымдарымен, ақсақалдарымен кеңесе келе осы аймақ мектебін қалыптастыруда «Оңтүстік ән күй терме мектебі» деп тұтас жинақтауға келіскен болатынбыз. Біз осы атау дұрыс деп ойлаймыз. Осылай аталып алған соң, Қызылқұм мен Мырзашөл аумағы, Отырар мен Түркістан аймағы, Қаратау өңірі, Қазығұрт, Келес өзенін жағалай төрт аймаққа ішінара бөліп, мақам саздарын анықтаймыз. Осы өңірлерден шыққан ақын-жыршы, әнші-күйші өнерпаздар жайлы мағлұмат қолымызда жеткілікті. Осы жұмысты атқару Шымкент саз колледжінің ұстаздарына жүктелген болатын.
Қызылқұмда үлкен өнер орталығы болғандығына сол өңірден шыққан ақын, жыршы, күйшілер дәлел бола алады. Молда Мұса Қайыпназар ақын бастаған Ақбала күйші, Оразбек күйші, Шағдар күйші сияқты өте көп дарынды өнерпаздар шыққан. Ендігі бір аймақ Қаратау өңірі. Бұл жерде де өзіндік орындау үлгісі бар Әлшекей, Сүгір, Төлеген, Жабпас Қаламбаев, Генрал Асқаров т.б. ақын - Құлыншақ Құлжабай Көпбай ақын үлгісі. Ендігі бір аймақ Қазығұрт, Келес өзені жағалай әншілік орындаушылық дәстүрі бар. Бұл өңірден Қазанғап ақын, Төлеш ақын, Көлбай ақын, Өмірсерік ақын, Тасболат әнші-жыршы, Райымқұл Темірбаев сынды орындаушыларының саз үлгілері қолымызда бар. Түркістан мен Отырарда Қызыл жырау, Майлықожа, Молда Мұса ақын болса, Нартай Бекежановты да қосуға негіз бар. Себебі - кезінде Шиелі мен Жаңақорған Түркістан уәлиятына қараған кездер болып, орталығы Түркістан болған. Сол себепті де Нартай саздары оңтүстік өңіріндегі жыр сарындарымен үндес. Нартай осы өңірді аралап өнер көрсеткен және Нартайдың көп әндері осы өңірден табылғанын бәріңіз білесіздер.
Нартай үлгісін шәкірті Құтбай Дұрбаев пен Көпбай Омаров бізге жеткізген. Осы біз Сыр өңірі деп атаймыз, Сырдың басында Қызылқұм, Мырзашөл өңірінен бастау алатындығын ескеру керек. Бұл өңірде төрт жүз мыңға тарта халық бар. Біз осы өңірдің мақам саздарын, ән әуендерін, күйлерін Өзбекстан республикасы Ташкент қаласындағы алпысыншы жылдардан бастап осы оңтүстіктің аймағындағы өнер саңлақтарын «Замандас», «Дидар» бағдарламаларына шақырылып таспаға түсірілгенін білеміз. Бұл таспалар сол бағдарлама архивінде жатқандығын білдік. Ендігі мақсат сол архивтен керекті мағлұматтарды алуымыз қажет.
Жақып Спатаев
Мәдениет порталы