КҮЙ – ТӘҢІРДІҢ КҮБІРІБүгін «Алатау» дәстүрлі өнер театрында Қазақстанның еңбек сің...
Қызылқұмның күмбірлі күйлері
Еліміздің оңтүстік өңірінің музыкалық мұрасы зерттелу, жинақталу жағынан кенжелеу қалып келе жатқандығы ақиқат. Жиделі – Байсын деген атпен белгілі осынау байтақ өлкенің күйшілік, жыршылық-термешілік, әншілік өнері осы күнге дейін зерттеу нысанасынан тыс қалып қойған деуге болады. Әсіресе, Қызылқұм аймағында тамыры тереңнен тартатын ғажайып күйшілік-домбырашылық дәстүр қалыптасқан. Қызылқұм - Әмудария мен Сырдарияның ортасындағы шөлейт алқапта орналасқан, қазіргі Өзбекстан, Қазақстан, Түркменстан мемлекеттерінің аумағына ортақ өлке. Белгілі дыбыс режиссері, қазақтың ән мен күйі, жыр мен термесінің жанашыры Мақсат Мұхитденов: «Оңтүстік күйлері, әсіресе Қызылқұм даласын мекендеген қалың жұрттың ән-күйі, іргелес Мырзашөл, Тамды, Жызақ топырағында өніп-өскен жұрттың өнері – өз мақамы, өз сазы қалыптасқан дариялы бір қазына» деп жазған еді («Байсын қалай «басмашылар» күйіне айналды» / «Қазақ әдебиеті» газеті. 13.06.2019 ж.).
Шынында осы аймақтың күйлері өзіндік ерекше сазымен, орындаушылық мәнерімен, күйлерінің құрылымдық ерекшелігімен дараланып тұрған бөлек сарындағы туындылар. Қызылқұм күйлерінің басқа өлке күйлерінен басты айырмашылықтарының бірі – қазақтың күй мәдениетіндегі шертпе және төкпе деп жіктелетін үлкен екі бағытта дамыған күйлердің ортақ орындаушылық әдіс-тәсілдері қатар кездеседі. Шертпе және төкпе күйлердің өзіне тән құрылымы, орындаушылық әдіс-амалдары бар. Бұл жөнінде алғаш салмақты пікір білдірген күйші, өнер зерттеушісі, жазушы Таласбек Әсемқұлов: «Қазақ күй өнерінде зерттеушілердің назарынан тыс қалып келген бір үлкен құбылыс бар. Ол – шертпе күй деп аталатын Арқаның нақысты күйі мен төкпе күй деп аталатын батыстың болат күйінің қақтығысқан жерінде пайда болған, ұлы мектептің де ерекшеліктерін бойына сіңірген Сыр бойының дәстүрі. Әлбетте, бұл дәстүр, бұл мектеп – шертпе күй мен төкпе күйдің механикалық қосындысы емес, көне замандардан тамыр тартқан аралық дәстүр. Таза, қоспасыз күй үлгілерімен жұмыс істейтін зерттеушілердің бұл күй мектебі туралы пікір айта алмауы осыдан болса керек». Бұл жерде Таласбек Әсемқұловтың «Сыр бойы дәстүрі» деп отырғаны Жиделі – Байсын, Қызылқұм дәстүрі. Себебі ол бұл қорытындыға Оразбек Сәрсенұлының күйлерін тыңдағаннан кейін келгені белгілі.Қызылқұм аймағында қалыптасқан күйшілік дәстүрдің ең көрнекті тұлғаларының бірі – Ақбала Жанғабылұлы. Ақбала күйлері біздің заманымызға толық жетті деп айта алмаймыз. Осы өңірде өмір сүрген күйшілерден Шолақ, Еспан деген күйшілердің есімдері кейбір деректерде кездеседі. Бірақ мәліметтер мардымсыз, жоқтың қасы деуге болады. Ақбала күйшінің ізін жалғастырған шәкірттерінің көбісі екінші дүниежүзілік соғыстан қайтпай қалған деген сөз бар. Ақбаланың көзін көріп, күй мұрасын кейінгілерге жеткізген жиені – Шағдар Ақылбеков. Ақбала қартайып, науқас меңдеген шағында қызы Шәргүлдің үйінде болады. Сол кездегі 5-6 жас шамасындағы жиені Шағдар Ақбаланың төсекте шалқасынан жатып тартқан күйлерін киіз үйдің шаңырағына шығып тыңдап, сол жерде ұйықтап қалады екен. Ол кезде Шағдар тым жас болған. Күйлердің сарындары еміс-еміс есінде қалады. Дей тұрғанмен де Ақбала күйлерін Шағдар Ақылбеков кейінге жеткізу жолында өлшеусіз еңбек етті. Өзінің жанынан шығарған тамаша күйлері де бар.
Қызылқұм күй мектебінің тағы бір көрнекті өкілдерінің бірі – Оразбек Сәрсенұлы. Ол өзінің азғантай ғұмырында артында өшпестей із қалдырған, өзіндік орындаушылық шеберлігімен, ешкімге ұқсамайтын үрдісті қалыптастыра білген майталман күйші. Оразбек Сәрсенұлы 1923 жылы 17 қазанда қазіргі Түркістан облысы Арыс ауданындағы Байырқұм елді мекенінде дүниеге келген. Мектепте алғыр, өте зерек болып, тоғыз сыныпты бес жылда тәмамдап шыққан екен. Кейін Түркістандағы колледжін педагог мамандығы бойынша аяқтап, Байсақал ауылындағы мектепке мұғалім болып орналасады. Бір жылдан кейін мектеп директорлығына тағайындалады. Балалары ер жеткесін, олардың болашағына алаңдаған Оразбек сауда жағына ауысып, өмірінің соңына дейін сол салада еңбек еткен. Артында қалған ұрпақтарының және көзін көрген адамдардың айтуынша: «Оразбек Сәрсенұлы ұзын бойлы, ат жақты, жүзі мейірімді, кішпейіл, кең пейілді кісі болған. Қайда барса да қолынан домбырасын тастамапты».Оразбек әкесі Сәрсеннен он жасында жетім қалады. Бұл туралы Оразбек күйшінің балаларына арнап жазған «Орынбекке арнаймын» деген өсиетнамасында: «Мен әкем Сәрсеннен он жасымда қалғанмын. Олай бол, бұлай бол деген әке сөзін естіп, мәнісін білмедім. Әкем дүниеден өтердің алдында 1933-1934 жылдары ашаршылық болған. Аталық мейірімін сала отырып, ақыл айтудың орнына біздерді қайтіп асыраймын деп, Қызылқұмның құлазыған елсіз жерінде екі қақпанды иығына салып арқалап, киік ұстап, етімен бізді асырады. 1935 жылы елде тойыншылық болғанда, қазіргі Шымқорған мал совхозының арғы жағында Алтықұдық деген жерде қайтыс болды» деп есіне алады. Бала кезінде қайтсем де әкемнің басына белгі қоямын деген серт байлайды. Бірақ жылдар өте, бұрынғы Алтықұдық құмның астында қалады. Әке рухымен жігерленген Оразбек «Қызылқұм» атты күй шығарып, оны әкесі Сәрсенге арнап, есімін асқақтата түсті. Ал Оразбектің өмірден өткенде бесікте қалған кенже қызы Күлайна әке аманатын арқалап, Оразбектің күйшілік, ақындық мұраларын зерттеп, азаматтық келбетін сомдап, бүгінгі тыңдарманға жеткізді!
Оразбекті күйшілік өнерге баулыған ағасы Жүсіп екен. Ол үйдің үлкені және ән мен күйге бейім болғандықтан көбінесе серілік құрып жүріпті. Кеңес үкіметінің колхоздастыру кезінде үкіметтің заңды аңшысы болған екен. Жастау кезінде мылтықты оқтаймын деп жатып, байқамай оң қолын атып алғандықтан «Шолақ Жүсіп» атанған. Қолының кемдігі домбыра шертіп, күй шығарып, ел арасында серілік құруға кедергі болмаған деседі. Оның «Жүсіп» деген атпен қалған жалғыз туындысы Оразбек күйші арқылы жетті.Оразбектің күйлерінің ішінде шоқтығы биік туындыларының бірі – «Күлтір, Мамай» күйі. Оразбек күйшінің халық жадында сақталып келген аңыз-әңгіме желісінде шығарған күйі болса керек. Қазақ пен қалмақ шапқыншылығы кезінде Күлтір, Мамай деген екі ағайынды жігіттің ерлік істерін сипаттайды.
Күйдің шығу тарихы былайша баяндалады: «Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама» заманында Мырзашөл, Қызылқұм өңірінде Күлтір және Мамай деген ағайынды екі батыр жігіт болыпты. Қалмақтар Отырарды басып алғанда ағайынды екі батыр соңынан ерген елді Ауған жаққа өткізіп жіберіп, аман сақтап қалу үшін Шардараға жинаған. Қазіргі «Қостақы» деген жерге келгенде ағасы Мамай інісі Күлтірге: «Сен елді бастап, мына жолмен кете бер, мен жігіттеріммен артымыздан қуған жауды бөгей тұрамын» депті. Мамай сол шайқаста жігіттерімен шейіт болады, бірақ елді аман алып қалады. Содан олардың қоштасқан жері бүгінде «Қостақы» деп айтылып жүр, бірақ о бастағы аты «Қоштасу» екен. Ал Күлтірдің елді бастап әкететін жолы әлі күнге дейін «Күлтірдің жолы» деп аталады. Шардара плотинасынан басталып, Жызаққа қарай, одан әрі Ұлы Жібек жолына ұласады. ( Ысқақов Сәрсенбек. «Асылдың сынығы». – Алматы, 2005. - «Агроуниверситет» баспасы, 53 бет).Кезінде ел арасында айтылған «Күлтір, Мамай» деген жыр болыпты. Бірақ осы күні ұмыт қалған. Осы жырды күйге айналдырып тартқан – Оразбек Сәрсенұлы. Дәулеткерейдің «Көрұғлы» күйі тәрізді сүбелі шығарма. Күйді тыңдағанда ел басынан өткен ауыр оқиғаны баяндағандай әсер қалдырады. Әуені жыр сияқты төгіліп келеді. Әсіресе, шертпе қағыспен алынатын үстіңгі ішектен алынатын әуен сөйлеп тұрады. Буындар арасындағы әуендер бірнеше иірімдермен ұзақ қайырылады. Күйдің құрылымы күрделі. «Күлтір, Мамай» күйі оң бұрауда тартылады. Ал теріс бұрауда тартылатын тағы бір күй «Мамайдың жорғасы» деп аталады. Бұл күйдің аты айтып тұрғандай, жорға аттың жүрісін бейнелейді. Күйдің әуені ескілікті сарындарды еске түсіреді. Біркелкі ырғақта болғанымен, әуен алға жылжыған сайын тегеурінді аттың жүрісіндей біртіндеп үдеп отырады. Бірде жорғалап, бірде шауып отырған аттың бейнесін көз алдыңызға әкеледі.
Оразбек күйшінің тағы бір туындысы «Жетіру» деп аталады. Бұл күй ырғағы мен сазы жағынан Сүгір Әлиұлының «Ыңғай төкпе» күйімен сарындас келеді. Жеті буындық жыр тектес әуеннен құрылған. Соған қарағанда осы бір әуен ел арасында кезінде кең тараған болуы керек.Таласбек Әсемқұлов осы күй жөнінде: «Енді бір ерекше атайтын шығарма – «Жетіру» күйі. Күй Сүгірдің «Ыңғайтөкпесіне» ұқсас, тіпті соның көне нұсқасы десе де болғандай. Күйдің «Жетіру» атауы туралы төмендегідей жорамалымыз бар: бүгінде Жамбыл облысының Сарысу, Мойынқұм аудандарында, Оңтүстік Қазақстан облысының Созақ, Орталық (Қарағанды) Қазақстан облысының Жаңаарқа ауданында қоныстанып отырған Жағалбайлы, Тама рулары Кіші жүздің Жетіруына кіреді. Он сегізінші ғасырда келіп, аталған жерлерге қоныстанған аталмыш рулар өздерінің ата-тегін, шежіресін ұмытпаған. Күйдің «Ыңғайтөкпе» емес «Жетіру» атануы осыған меңзейді. Бұл күйді басқа емес, Оразбек күйшінің сақтап жеткізуі жоғарыда айтқанымыздай, оның күй шежіресіне жетік, эрудит домбырашы екенін тағы бір рет дәлелдейді» деген талдау жасайды.
Оразбек Сәрсенұлының «Қуаныш» атты күйі адам өміріндегі қуанышты сезімдерді сипаттайтын шығарма. Төкпе күй дәстүріндегі буындық құрылымды сақтайды, тіпті үлкен сағаға дейін барып қайтады. Бас буын, орта буын, кіші саға, үлкен саға толық қамтылған. Құрманғазы, Дина күйлеріне еліктеп шығарған күйі болуы керек.«Сырласу» күйі құрылымы жағынан ерекше туынды деп айтуға болады. Күйдегі қалыптасқан буындық және транспозициялық құрылым алма-кезек ауысып келіп отырады. Тіпті кульминацияда сағадағы ре нотасынан да асып, шеңберден шығып кетеді. Күйдің әуенінен жаңа заман тынысы сезіледі. Күй өнерінде бұрын-соңды қолданылмаған «тремоло» әдісін де қолданып жібереді. Бұл орындаушылық амал қазіргі күнде домбыраны кәсіби оқытуда шетел шығармаларын орындағанда ғана қолданылады. Оразбек күйші осы орындаушылық тәсілді көршілес өзбек музыкасынан алуы да ғажап емес.
Бізге Оразбек күйшінің 7 күйі жетіп отыр. Оның шығармашылығы, репертуары осы күйлермен ғана шектелген деуге болмайды. Қаншама күй мұрасы толық жазылып алынбай қалғаны өкінішті. Бұл күйлер де кезінде сәті түсіп, бір бағдарламаға түсіру аясында жазылып қалған. Оразбек күйшіні 1967 жылы Өзбекстан телевидениесінің бірінші арнасынан берілетін «Замандас» музыкалық бағдарламасына арнайы шақырып, жеті күйін таспаға жазады. Мыңдаған көрермен жаңа сарындағы күйлерді ыстық ықыласпен қабылдайды. «Замандас» бағдарламасының жүргізушісі Мырсыдық Ұстабабаев өз сөзінде: «Оразбектің күйлері мен өлеңдері тамаша. Қайсысын алсаң да сырлы мұңға, өсиетке, жер мен елге деген сағынышқа толы. Ол өмір сүруге құштар, әрбір бақытты сәтті бағалай да, қастерлей де білетін азамат-ты. Үнемі асығып жүретіні өмірден ерте өтетінін білген де болар?!» - деп айтқан екен.
Оразбек Сәрсенұлының күйшілігіне терең үңіліп, күйлеріне талдау жасап, орындаушылығына мән берген белгілі күйші Таласбек Әсемқұлов: «Теңіздің дәмі тамшыдан білінеді» деген. Осы таспадағы жеті-ақ күйден оның қандай дәрежедегі домбырашы болғанын шамалау қиын емес. Оразбектің күйшілік шеберлігі өз алдына, сондай-ақ ол күй шежіресінен мол мағлұматты эрудит домбырашы» деген екен. Оразбек күйшінің бізге жеткен жеті күйінің жай-жапсары осы. Оразбек көзі тірісінде балаларына ән айтқызып, домбыра тартқызып, өнерге баулыған екен. Күйші-сазгердің жүрген жері ән-күйге, мереке-салтанатқа толы болыпты. Ал, перзенттері әке жолын қуып, өнер саласында болмаса да домбыра тартып, ән айтады.
Оразбек Сәрсенұлы 1969 жылы ауыр науқастан, небәрі 46 жасында өмірден өтеді. Сол жылы көктем де кеш шығады. Жетінші мамыр күні таңертең балаларын шақырып: «Домбырамды, жан серігімді беріңдерші!» - деп, өзінің «Қызылқұм» күйін қайта-қайта орындайды. Одан соң: «Осы салалы саусақтар да бір күні топырақта шіриді-ау!» –деп қатты күрсінеді. Екі күн өткен соң даңқты күйші-композитор, сезімтал ақын, жыршы-термеші дүние салады.
Күйші Түркістан облысы Мақтаарал ауданының Аязхан Қалыбеков ауылында жерленген.
Биыл, 2023 жылы, туғанына 100 жыл толып отырған, артына өшпес мұра қалдырып кеткен Оразбек күйшінің есімі күйлерімен бірге мәңгі жасай бермек.
Мұрат ӘБУҒАЗЫ,
ҚР Мәдениет қайраткері, күйші, өнер зерттеуші,
Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы,
«Дәстүрлі музыкалық өнер» кафедрасының доценті
Күй өнері - қазаққа ғана тән төлтума өнер. Жазушылардың том-том кітаптарда жазған ойын біздің қазақ үш минутқа сыйдырып, күй тілімен жеткізе білген. Ұлан-байтақ еліміздің әр өңіріне тән күй мектептері бар. Оңтүстіктің Қызылқұм өңірі - ән-жыр, күй-термеге бай өңір. Күйші, тума талант Оразбек Сәрсенұлының шығармалары ешбір мектепке ұқсамайтын, осы Қызылқұм өңірінің барлық ерекшелігін бойына жинаған бірегей шығармалар. Қазақтың ғылыми қолданыста бар жеті күй мектебінің қатарына Қызылқұм күй мектебін қосуымыз керек.
Оразбек күйшінің шығармаларын зерттеп-зерделеп жүрген Т. Жүргенов атындағы қазақ өнер академиясы дәстүрлі өнер кафедрасының доценті, күй зерттеуші Мұрат Әбуғазы балама Қызылқұм күй мектебін қалыптастыруда тек ақ жол тілеймін.
Дулат Исабеков, жазушы, драматург, Қазақстанның еңбек ері, Мемлекеттік, “Тарлан” сыйлықтарының және “Отан” орденінің иегері
Оразбек Сәрсенұлы - үлкен дарын иесі. Мен автордың үш шығармасының партитурасын жасадым. Қазақтың бес жүзге жуық күйіне партитура жазған мен үшін Оразбектің күйлері үлкен жаңалық болды. Күйлері өте күрделі. Қиыннан қиыстырып шығарған күйлері мені қайран қалдырды. Оразбек күйші қазақтың күй өнеріне тыңнан келіп қосылған, Қызылқұм өңіріне тән бояуды жоғалтпай бізге жеткізген ерекше тұлға.
Бұл кітап зерттеуді, зерделеуді әлі де көп қажет ететін еліміздің оңтүстіктігіндегі Қызылқұм күй мектебінің қалыптасуына тамшыдай болса да үлесін қосатынына сенімдімін.
Оразбек күйшінің шығармаларының көптеген жылдар бойғы зерттеушісі, ғылыми тұрғыда баға берген күйші-зерттеуші, ғалым Мұрат Әбуғазыға алғыс айтамын.
Ермұрат Үсенов, ҚҰ консерваториясының оқытушысы, республикалық композиторлар конкурсының бірнеше дүркін лауреаты, екі мәрте ГРАН ПРИ иегері, ҚР композиторлар одағының мүшесі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, профессор
2020 жылы өткен Оразбек Сәрсенұлы атындағы республикалық күйшілер байқауының куәгері болдым. Өте жоғары деңгейде өткен байқауды Оразбек күйшінің ұрпақтары ұйымдастырған екен. Конкурсқа қатысқан жас күйшілердің талабына, таланттарына сүйсіндім. Өйткені Оразбек күйшінің шығармалары Оңтүстіктің Қызылқұм өңіріне тән ерекше күрделі күйлер. Мен композитордың “Жетіру” күйін оркестрге ыңғайлап, партитура жаздым. Болашақта Оразбек күйшінің шығармалары еліміздің алдыңғы қатарлы оркестрлерінің репертуарына енетініне кәміл сенемін.
Орақ Жауыров, күйші, дирижер,
Халықаралық фестивальдердің лауреаты,
ҚР құрмет орденінің иегері,
ҚР оқу ісінің үздігі, Ы.Алтынсарин медалінің иегері,
ҚР-ның құрметті азаматы және Атырау облысының құрметті азаматы,
Венгрия Республикасының Bitezi rend Алтын медалінің иегері
Күй өнері – қазақ мәдениетінде ерекше орын алатын қасиетті өнер. Мырзашөл өңірінде талай күй тарландары бар. Атап айтсақ, марқұм Арал Қожабеков, Әріпжан Әміров, сонымен қатар осы өңірдің ән-күй, жыр-термелерін жинақтап жүрген күйші-композитор Бөрі Иса. Ал Оразбек Сәрсенұлы – дәстүрлі орындаушылық жанрында ерекше орны бар ірі тұлғаның бірі, өзіндік қолтаңбасы бар, дәулескер күйші. Өмірінің соңғы үжылдарын ән мен күйге бай Түркістан облысының халқы ең тығыз шоғырланған ғажайып мекен – Мырзашөл өңірінде өткізген Оразбек күйші артында жеті күй, жыр-термелер қалдырған. Әттең, небәрі 46 жыл өмір сүрген ағамыз өзімен бірге талай құнды дүниелерді алып кеткенін мойындауымыз керек. Сонда да, бізге жеткен дүниелерді өзінің ұл-қыздары насихаттап жүргені қуантады.
Біз – өнердің, оркестрдің маңайында жүрген азаматтар халық арасынан шыққан Оразбек ағамыздың шығармаларын насихаттауға қолымыздан келгенше септігін тигіземіз деп ойлаймын. Өйткені ұлттық өнер ұмытылмауы керек, қазақтың күйі ұрпақтың жадында қалғаны жөн.
Жалғасбек Бегендіков, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген артисі, Құрманғазы атындағы және «Отырар сазы» мемлекеттік академиялық оркестрлерінің дирижері, Қазақ Ұлттық консерваториясының профессоры.
Мырзашөлдің дүл-дүлі
Қазыналы Оңтүстік өңірі қашанда ән мен күйдің мекені ғой. Олай дейтінім, сонау бала кезімізде сол өнер дүл-ділдерінің шығармашылығымен сусындап өстік. Әлі есімде, Бөрібек ақын, Қайыпназар Әйтпенов, Оразбек Сәрсенұлы, Каналбай Сейілханұлы күнді – түнге, түнді – таңға жалғастырып, той-думанның сәнін келтіретін. Солардың ішінде менің есімде қалғаны Оразбек көкем еді. Онсыз той өтпейтін. Ойын-сауық кештері басталмайтын. Алтыбақан тебіліп, ақ сүйек ойналмайтын. Орекең домбыраның құлағында ойнайтын күйші, дастан-термелерді тоқтаусыз жырлайтын жыршы, суырып салма ақын болатын. Ән салғанда дауысы мың құбылып, жүзі алаулап, құлпырып тұратын. Менің Оразбек көкемнің өзі де, жаны да сұлу еді. Орайы келгенде ол кісінің бір ерекшелігін айта кетейін. Мырзашөл өңіріне Алматы мен Шымкенттен, тіпті басқа облыстардан гострольдік сапармен келген әртістердің қасынан табылатын. Олардың қасында апталап, айлап бірге жүретін. Шаршау дегенді білмейтін. Нағыз өнер үшін жаралған жан болатын. Әттең, өмірден ерте өтті. Қазір ойлап қарасам, үнемі асығумен жүріпті.
Бейсенбай Сүлейменов, Қазақстан Республикасы Президенті сыйлығының лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, публицист, жазушы.