Алатау алабында Жанғали Жүзбаев

МУЗЫКА
2447

КҮЙ – ТӘҢІРДІҢ КҮБІРІ

Бүгін «Алатау» дәстүрлі өнер театрында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақ ұлттық өнер университетінің профессоры, «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісінің иегері – Жанғали Әлімханұлы Жүзбаевтың «Алатау алабында Жанғали Жүзбаев» (Арқа мен Қаратаудың күйшілік дәстүрі) атты шертпе күй кеші болып өтті. Кешті жүргізген театр басшысы, белгілі фольклорист ғалым Берік Жүсіпов.

Ашылғанына аса көп уақыт бола қоймаған «Алатау» дәстүрлі өнер театрының биылғы репертуарлық саясаты өзгеше. «Алатау алабында» атты брендтік атау аясында Маңғыстау, Атырау, Батыс Қазақстан, Сыр өңірі, Бесқала, Оңтүстік Қазақстан, Жетісу, Арқа, Іле, Алтай, Тарбағатай өңірлерінің дәстүрлі музыкалық мұрасына арналған тармақты, топтамалық дәстүрлі ән, жыр, күй концерттерін өткізуді жоспарлауда.

«Алатаудың» мақсаты қазақ өнерінің қабырғалы түрлерін, әр аймақта қалыптасқан ән, жыр, күй мектептерін насихаттауды тең тізгін етіп ұстау. Бұл тұрғыда аталмыш концерттерді жүргізуді фольклорист ғалым Берік Жүсіпов өз қолына алып отыр. Ондағы мақсат: далалық дәстүрде қалыптасқан кәсіби орындаушы мен сауатты тыңдаушы арасындағы Дәнекерші қызметін қайта қалыпқа келтіру.

Осы жоспарлы шаралардың алғашқысы жаңа форматтағы «Алатау алабында Жанғали Жүзбаев» (Арқа мен Қаратаудың күйшілік дәстүрі) атты шертпе күй кеші сәтімен өтті.

Сахна төріне шыққан дәулескер күйші Жанғали Әлімханұлы мен фольклорист ғалым Берік Мырзалыұлы есті әңгіме мен сырлы күйдің тиегін ағытты. Әр күйдің шығу тарихы айтылып, күй орындалған кешке жиналған қауым әсерлі әңгіме мен тылсым күдің құшағында естен кетпестей әсерге бөленді.

Арқа мен Қаратаудың күйшілік мектебінің негізін салған, сол күйлерді ұрпақтан-ұрпаққа жеткізген бабаларымыздың өнер мұрасын барынша қамтуға тырысқан кеште Сүгірдің күйі «Тоғыз тараудан» басталды. Тәттімбеттің «Сарыжайлауы», Итаяқ күйшінің «Бір қосбасары», Айдостың Сембегінің «Наз қосбасары», Қыздарбектің «Сылқым қызы», Сайдалы Сары Тоқаның «Бастау қосбасары», Ахметтің Аққызының «Мұңлы қызы», Ықыластың қобыз сарынындағы күйлерінің домбырадағы орындалуында Мағауиа Хамзиннің жеткізген «Жез киігі», Бапыштың күйі «Үш Қарқара Көктөбе», Әшімтайдың күйі «Үш қоңыр қаз», Сатыпалдының күйі, Сүгірдің күйлері «Қаратау шертпесі», «Шалқыма», «Қосбасар», Төлеген Момбековтың «Салтанат» күйі, Мұхаметжанның күйі «Шертпе күй», Мұқаш Таңғұтұлының «Шалқымасы» сынды күйлер шертілді.

Әр күйдің шығу тарихы мен ерекшеліктерін тыңдарманға тәптіштей жеткізген Дәнекерші Берік Мырзалыұлы – «Қазақ халқы күй деген көнеден келе жатқан асыл мұраны сақтап қалды. Ал осынау күй өнері қоңыр үнінен айрылып, жұтатып алған жоқпыз ба? – деген сұрақ ұлттық өнерге деген жанашыр жандардың көкейінде жүргені анық. Осынау асыл қазынамызды саф күйінде сақтап, болашақ ұрпаққа аманаттап беріп кету дәстүрлі өнерімізді бойына жиып, қадау-қадау арамызда жүрген бүгінгі буын ұрпақтың парызы. Атадан жалғасып келе жатқан мұра сіздер мен біздер барда жалғаса бермек» – деп атап өтті. Жанғали Жүзбаев осы кешті ұйымдастырып отырған "Алатау" дәстүрлі өнер театрының ұжымына және театр басшысы Берік Жүсіповқа алғысын жеткізді.

Күй кешінің соңы Сүгірдің «Кертолғау» күйімен аяқталды. Кешке жиналған қөрермен осы игі жобаның жалғасын табуына тілектестік білдіріп, ризашылықпен тарасты.

madeniportal.kz

author

​Берік Жүсіпов

ӘНШІ

Шоу-бизнес

Атақты продюсер Баян Мақсатқызы сұхбат барысында өмірінде өткен қиын кезеңдерімен бөлісті, деп хабар...

Жаңалықтар

Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ Ұлттық музыкал...