Махаббаттың қуыршақ тіліндегі мәңгілік үні
Фотосуретті автор ұсынған
Алматы Мемлекеттік Академиялық қуыршақ театрында көптен бері тоқтап қалған «Ромео мен Джульетта» спектаклі қайта көрермен назарына ұсынылды. Талай жүректен орын алған бұл театр сүйікті көрермендерін таңғалдырудан ешқашан жалыққан емес. Ғасырға жуық тарихы бар театр ұжымы балалардың назарын ұстап тұрудан бөлек, ересек көрерменнің де сұранысына ие қойылымдарды сахналап келеді. Соның бірі де бірегейі осы - «Ромео мен Джульетта». 2019 жылы алғаш рет Шекспирдің бұл таңдаулы шығармасын режиссер Дина Жұмабаева қуыршақтар тілінде сөйлеткен болатын. Қойылымды асыға күткен көрермен сүйікті спектаклімен сағыныса көрісті.
Ұлы махаббат тақырыбы баяндалатын бұл спектакльде алты артист ойнайды. Қуыршақ жүргізушілері : Кумарова Эльмира, Байырбекова Арайлым, Шоқан Құлназаров, Мақсат Камалов. Ромео роліндегі актер - Адамбаев Ұлан, Джульетта бейнесіндегі актриса - Табылдиева Бота. Театр ұжымының ортақ махаббатынан туған бұл спектакльдің көрерменге берері мол. Біз қойылымды тамашалай отырып түрлі сезімдерге бөленеміз. Қос ғашықтың ыстық сезімі бәрімізді бір демде жылытып, түсініксіз бір күйге душар етеді. Кеудеге сыймай кеткен сезімнің әсерінен шабыттанып қанат қағып ұшқың келеді.
Режиссердің бұл жұмысқа үлкен ізденіспен келгендігі қойылымның әр бөлігінен байқалып тұр. Сахнадағы сценография, таңдалынған музыкалар, кейіпкерлердің костюмдері мен қолданылған реквизиттер бәрі, бәрі өзіндік режиссерлік мағынаға ие. Біз әлемдік деңгейде танымалдылыққа ие У.Шекспирдің пьесаларын үлкен сахналардан көріп үйреніп қалғанбыз. Д.Жұмабай болса сол канондарды бұзды. Қойылымды қуыршық театрының 40-50 адамдық кіші залына шақтап сахналаған. Сахнаны безендіруге өте сақтықпен қараған режиссер театр суретшісі Юля Черновамен бірлесе жұмыс жасау арқылы өнімді нәтиже көрсеткен. Кішкентай кеңістікті ұтымды пайдаланып, сахна ортасына үлкен қара үстел орналастырған. Ол үстел үш бөлікке бөліну арқылы бірнеше сахнаны бірдей қамтиды. Бірінші бөлігі Капулеттилер сарайының кескінін көрсетсе, екінші бөлігі Джульеттаның балконын бейнелейді. Ең ерекшесі де, қызығы - үшінші бөлік. Режиссер бұл қабырғаны көлеңкелі театр элементтерін қолдану үшін пайдаланған. Сонымен қатар, бұл элементтер сахнаның екі шетінде орналастырған үлкен ақ қағаздар артында да қолданылды.
Махаббатты жырлайтын бұл қойылымда әлбетте махаббат туралы әуендердің ойнары сөзсіз. Басында айтқанымыздай Д.Жұмабай классиканы сахналауда қатып қалған қағидалармен жүре қоймайды. Бұл спектакльде де режиссер өз таңдауын еркін жасай білген. Мысалы, Waldeck - «why did we fire the gun?» , Billie Eilish - «when the party’s over» сынды әндерді пайдаланған. Сонымен қатар спектакльдің лейтмотві ретінде Инесса Галантенің орындауындағы «Ave Maria» әні қолданылып, пәк сезім мен кіршіксіз махаббатқа сай нәзік атмосфераның үздіксіз дамып отыруына септігін тигізді.
Аядай ғана кеңістікте өрбитін қойылым сан түрлі эмоция мен экстримге толы. Сахнадағы жанды кейіпкерлер - Ромео мен Джульетта. Олардан бөлек Монтекки мен Капулетти әулеттерін, Меркуцио, Бенволио, Күтуші, Парис сынды т.б. кейіпкерлерді жоғарыда аты аталған қуыршақ шеберлері ойнап шықты. Спектакльде бас-аяғы алты артист бар дедік. Экстримге толы деп жазған себебіміз кішкене үстелдің үстінде аталған актерлердің бәрінің мініп күрделі би қимылдарын билеуі. Қос ғашықтың махаббатқа толы жанасуларының сол үстелдің асты мен үстінде өтуінің өзі қауіпті болуына қарамастан эстетикаға толы сахналық шешім.
Спектакльдің балетмейстері қазіргі таңда көптеген театрлармен етене жұмыс жасап келе жатқан хореограф - Анна Цой. Қойылымдағы әр қимыл мен пластикалық шешімнен балетмейстердің орасан еңбегі байқалады. Ромео мен Джульеттаның алғаш кездескен тұсы, балл сахнасы, ғашықтардың жақындасу сахналары қарапайым да нәзік қимылдардан құралып, сырлы сезімдерді пластика арқылы шертеді. Артистер мен бишінің, режиссердің етене тығыз байланыста болып ортақ мүдде үшін жасаған жұмыстары қай кезде болмасын үздік бағаға ие болмақ.
Сахнадағы актерлердің бір-бірімен қарым-қатынасы, актерлердің қуыршақтарға деген қарым-қатынасы жоғарғы деңгейде қалыптасқан. Олар бірін-бірі өте қатты түсінеді, сезінеді. Әсіресе Джульетта(актр. Б.Табылдиева) мен Күтушісінің(актр. А.Байырбекова) арасындағы байланыс сөзсіз нәзіктік пен мөлдірлікке толы болды. Джульеттаның бейнесіндегі актриса Күтушісін ойнатып тұрған актрисаға емес, оның қолындағы қуыршаққа бар зейінін салып ойнағанда барша көрерменді өзінің шынайылығына сендіреді. Тибальт(акт. Ш.Құлназаров) пен Меркуционың(акт. М.Камалов) арасындағы ерегес қуыршақтар арасында басталып, соңында актерлердің арасындағы жанды шайқасқа ұласады. Көрерменнің жан-дүниесін тебірендірген көрініс - Ромеоның Тибальтті өлтіріп, тасада жүрген тұсы болғаны сөзсіз. Оқыс оқиғадан қатты күйзелген Ромео мен Лоренцо пірәдар арасындағы диалогы, сүйіктісін қатігездікке қимаған Джульетта мен Күтуші арсындағы диалогы көрерменнің жүрегіне қанжар тыққандай әсер қалдырады. Бұл сахнаның ең ауыр тұсы - Ромеоның да, Джульеттаның да араларынан қыл өтпестей жақын тұрып, бір-біріне сағыныш мұңын жолдауында. Себебі, ортада көрінбейтін тосқауыл бар.
У.Шекспирдің ақ өлеңмен жазылған шығармасы бұл спектакльде тақпақ болып айтылмайды. Шынайы көңілдің күйін шертіп, сөзді тілден емес жүректен тудырады. Бұл таланттардың бір сахнада тоғысқан жұмысы. Шекспирге деген ұлы махаббаттың жемісі. Әлемдік сахналарды бағындырған бұл спектакль талай жүректердің төрінен орын алды. Адамды шабыттандырады, әлемді сүюге, ғашық болуға үлкен жүрек беретін, сол жүрекке бар жақсылық сыйып кететіндей есік ашатын керемет туынды.
Шұғыла Дәлібаева, Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының «Театртану» бөлімінің 2-курс студенті.