Елордадағы Ұлттық музейде «Шығыс күнтізбесі» атты Тайвань суретшілерінің көрмесі а...
Қазақстандық Бексұлтан Құлмырза Азия Пара ойындарында алтын медаль жеңіп алды
ҰОК
Қазақстандық парадзюдошы Бексұлтан Құлмырза Жапонияның Аичи-Нагоя қаласында өтіп жатқан Азия Пара ойындарында топ жарып, ел қоржынына алтын медаль салды, деп хабарлайды MadeniPortal.kz.
Отандасымыз J2 санатында 81 келіге дейінгі салмақ дәрежесінің финалында Оңтүстік Корея спортшысы Ким Донхунмен белдесті. Шешуші кездесуде қарсыласын иппон әдісімен жеңген Бексұлтан Құлмырза Азия Пара ойындарының чемпионы атанды.
Қазақстан Ұлттық Олимпиада комитетінің мәліметінше, осы салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен Ғалымжан Смағұлұлы да жүлдегерлер қатарынан көрінді. Ол ирандық Реза Голамиді жеңіп, қола медаль иеленді.
Әйелдер арасында Даяна Федосова J2 санатында 60 келіге дейінгі салмақта қола жүлдеге қол жеткізді. Қазақстандық спортшы үшінші орын үшін өткен белдесуде Сингапур өкілі Хунг Джоан Хуэй Синді иппон әдісімен жеңді.
Осылайша, қазақстандық парадзюдошылар ұлттық құраманың қоржынына бір алтын және екі қола медаль қосты.
Айта кетейік, қазіргі уақытта Қазақстан құрамасының еншісінде 20 медаль бар. Оның төртеуі – алтын.