Алматыда 13 ақпанда Mercedes жүргізушісі ер адамды қағып кетті, деп хабарлайды madeniportal.kz. Жол...
Танымал айтыскер Мөлдір Айтбайға полиция неге айыппұл салды?
Фото: Мөлдір Айтбай
Әнші Әбдіжаппар Әлқожа ән айтып тұрған сәтте полиция келіп, жоба авторына айыппұл салды, деп хабарлайды MadeniPortal.kz Alash.kz-ке сілтеме жасап.
Танымал айтыскер ақын әрі спортшы Мөлдір Айтбай желідегі парақшасында видео жариялап, Алматы қаласының Алатау аудандық полициясы өзіне әкімшілік айыппұл салғанын мәлімдеді.
Айтуынша, келеңсіз оқиға оның ұйымдастыруымен өткен «Мөлдір өлең» атты поэзиялық жоба барысында болған. Кеш ашық аспан астында, бір демалыс орнының жазғы террасасында өткен. Түнгі сағат 22:09 шамасында, Мөлдір Айтбайдың сөзінше, полиция қоғамдық тыныштық бұзылды деген себеппен келген.
Сол сәтте сахнада белгілі әнші Әбдіжаппар Әлқожа ән орындап тұрған. Кейін жоба авторы Мөлдір Айтбайға әкімшілік айыппұл рәсімделгені белгілі болды.
Поэзиялық кешке «Әліппе» оқулығының авторы Байбота Қошым-Ноғай, ақындар Аян Сейітов, Ершат Қайболдин, Гүлнұр Нұрасыл, Динара Кемелхан, Мыңжасар Атшыбаев, сондай-ақ өзге де ақындар, әншілер, жазушылар мен көрермендер қатысқан.
Оқиғадан кейін әлеуметтік желі қолданушыларының пікірі екіге жарылды. Бірі заң талаптары бәріне бірдей қолданылуы тиіс екенін айтса, енді бірі мұндай жағдайда алдымен ескерту жасау жеткілікті болар еді деген пікір білдірді.
«Ұят болды!», «Руханиятқа қиянат жасамаңыздар», «Ескерту жасап жіберуге де болатын еді», «Түнде шу шығаратын басқа орындарға назар аудармай, поэзия кешіне айыппұл салғаны түсініксіз»,- деп жазып жатыр желі қолданушылары.
Қазіргі уақытта Алматы қалалық полиция департаменті бұл жағдайға қатысты ресми түсініктеме жариялаған жоқ.