Америка президенті газеттен «жала жапқаны» үшін 15 миллиард доллар өтемақы талап етті. С...
Студент ересектерге велосипед тебуді үйретемін деп 39 мың доллар тапқан
Фото: Pixabay
Қытайдың Шанхай қаласында магистратурада спорттық білім беру мамандығы бойынша оқып жүрген студент велосипед тебуді үйретуді табысты кәсіпке айналдырды, деп хабарлайды MadeniPortal.kz El.kz-ке сілтеме жасап.
Екі жылдың ішінде ол ересектер мен балаларды басынан бастап оқытып, 270 мың юань (шамамен 39 мың АҚШ доллары) табыс тапқан. Оның бұл бастамасы әлеуметтік желілерде кеңінен таралып, вирустық контентке айналды.
Шанхай спорт университетінің магистранты Ли журналистерге берген сұхбатында сұраныс өзі күткеннен әлдеқайда жоғары болғанын айтты. Бастапқыда ол бұл істі досымен бірге шағын жоба ретінде бастағанымен, кейін өз бетінше жалғастырған.
Алдымен Ли әлеуметтік желілерде велосипед тебуді үйрететін қысқа видеолар жариялай бастайды. Араға екі ай салып-ақ алғашқы ақылы сабақтарға тапсырыс түсіп, клиенттер қатары көбейе түскен.
Екі жыл ішінде Ли 700-ге жуық адамға велосипед тебуді үйреткен. Олардың жасы 4 пен 68 аралығында екен. Клиенттердің басым бөлігі – 20-30 жас аралығындағы жастар, ал шамамен 70 пайызы әйелдер.
Сабақ форматы қарапайым әрі ыңғайлы. Ли оқушының үйіне жақын, кең әрі қауіпсіз алаңды таңдап, «нәтижеге кепілдік беретін пакет» ұсынады. Оның құны – 800 юань (шамамен 59 мың теңге).
Ересектер үшін әдетте ұзақтығы 1,5-2 сағаттан тұратын екі сабақ жеткілікті. Ал балаларға төзімділігіне байланысты сабақ саны көбірек қажет болғанымен, әр кездесу қысқа өтеді.
Ересек адамдардың велосипед тебуді үйренуге келу себептері де әртүрлі. Кейбірі жұмысқа қатынауды жеңілдеткісі келеді, ал енді біреулер үшін бұл – қажеттілік.
Ли өзінің табысты әдістемесін спорттық білім саласындағы кәсіби даярлығымен байланыстырады. Ол әр оқушының әлсіз тұстарын тез аңғарып, жеке қолдау тәсілін қолданады.
Сонымен қатар психологиялық тосқауылға ерекше мән береді. Көптеген адам бала кезінде құлап алған жарақаттарынан кейін велосипедке мінуден қорқып қалған. Сондықтан Ли үшін сабақ тек техника үйретумен шектелмейді – ол алдымен әңгіме арқылы сенімділік қалыптастырып, жаттығуларды біртіндеп күрделендіреді.
Ли 2026 жылдың маусым айында магистратураны тәмамдайды. Алдағы жоспары – өз әдістемесін жетілдіріп, қызмет аясын Шанхаймен шектемей, Чжэцзян мен Цзянсу провинцияларына кеңейту.